Айың оңыңнан тусын!
23.11.2018
1463
0

Баянауылдық жас ақын Еламан Қабділәшімнің жүрегінде поэзияға деген ғашықтық, адалдық сезімдері ұялағаны сезіледі. Ол қазіргі кезде «басын тауға да ұрып, тасқа да ұрып» өзінің ақындық «Менін» іздеп жүрген секілді. Тынымсыз ізденіс үстіндегі ақын түбі шеберлікке де жетеді.
«…Сен тарту етші сезімді балдай,
Алдында ешкімнің төмендемейін.
Қарашы маған көзіңді алмай,
Қарашығыңнан өлең көрейін…», –
деген жолдарда өзінің сүйген қызының қарашығынан да өлең оқығысы келетін ақынның поэзияға деген ақадал көңілі, іңкәр сезімі мөлдіреп тұрғандай.
«…Жүрегімді нәзік гүлге телідім.
Мен де өтермін, түстей болып сері күн,
Қайталамай ешкімнің де өлеңін,
Қайталамай ешкімнің де өлімін…», –
дейді ол «Өлеңбаянында».
Қалай десек те, ол өлең өлкесіне өз үнімен енген жас дарын. Еламанға қызығынан гөрі қиындығы басымдау сапарда айың оңыңнан туып, өз жолыңды таба біл деген игі тілегімді білдіремін.

Арман ҚАНИ,
ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері


Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

САҒАН

Көңіл бағына алты гүл ектім,
Есіміңе басқа телемін нені?
Ұйқасы болшы жарты жүректің,
Өмірім дейтін өлеңімдегі.

Жанымды сенсіз тұсады бір мұң,
(Жаймастай болды төре-күн құшақ).
Құлазып жүрек, құсалы жүрмін,
аяқсыз қалған өлеңім құсап.

Сезімім – сенсің.
Көңіл бір сенде,
Түсімде ғана тілдесе аламын.
Өзіңсіз шалқып өмір сүрсем де,
сезімсіз қайтіп күн кеше аламын?!

Мас қылып бітті тәтті мұң деген,
Жүрегің сенің – жырдың пейіші.
Жанарыңдағы пәктігің менен
тамағыңдағы нұрдың иісі,
Аңсатты, еркем.
Сағындым сені,
Жүрегімдегі күй мәлім саған.
Періште ораған жаным – гүлшоғы,
аяла мәңгі, сыйладым саған.

Сен тарту етші сезімді балдай,
Алдында ешкімнің төмендемейін.
Қарашы маған көзіңді алмай,
Қарашығыңнан өлең көрейін.

Жаныма келші, ойға жат күдік,
Махаббатымның әні құт дерсің.
Бақыттан басым айналмақ түгіл,
жүрегім, мейлі, жарылып кетсін…

Жүзіңнен нәзік сыр көрем жүзген,
Кездестің күліп, жүр едім жасып.
Көңілім ынтық гүл менен Күзге,
Өлең мен саған жүрегім ғашық.

***

…жүрек күю үшін шын махаббат керек,
зор махаббат керек…
І.Есенберлин

Біз қалдық естелік боп шетте мүлде,
Шимайланған дәптердің беттерінде.
Маусымның мамыражай күндерімен,
Өткен шаққа елес боп кеткенің бе?

Періштелер пейіштің төріне құт,
Ертіп кете береді мені келіп.
Арайлы таң нұрының сәулесімен,
Оянам түсімде әркез сені көріп.

Жалғыздыққа сезімім жүр қамалып,
Сені іздедім жанымды жырға малып.
Жапырақтар сарғайып бара жатыр,
Сағынышты мендегі ұрлап алып.

Өкінішім өзекке жүз кептеліп,
Жүрегімді мұздатты сыз боп келіп.
Аспандағы тырналар маған «қош!» деп,
Саған «қош!» деп барады тізбектеліп.

(Саған ғана гүлдерін жинайды алап),
Жыр жалыным ішіме сыймай барад(ы).
Ұясына батырам сұлу күнді,
Шапағын саған балап, қимай қарап.

Жұлдыздарға қадаймын
жанарымды үмітпен,
Білдірер деп хабарыңды.
Кеудемде саған ғашық бір жүрек бар,
Сырлас көрген өзіне қаламымды.
Келші, асылым, құшаққа жиып тек нұр.

Жаныңнан маған деген тыйып кекті.
Сені іздеп түнгі аспанды шарлап жүр ем,
Өзің боп Ай ернімнен сүйіп кетті….
Жүрегім күйіп кетті!

***

Өзіңе сәлем жолдап ем,
Өлең жолдап ем, сол кеште.
Он алты да едім онда мен,
Сен шыққан кез ед(і) он беске.

Әлемді сүйіп қалдым мен –
көзіңе ғашық боп қалып.
Өлеңді сүйіп қалдым мен –
өзіңе ғашық боп қалып.

Сезімнен солай жеңілгем,
Ақылдан ада қалдым да.
Сүйініп тұрушы едім мен,
Қиылып тұрсаң алдымда.

Жүрекке сөйтіп сыр көшті,
Көңілді қозғап аз ғана.
Он алты түрлі мұң кешті –
он алтыдағы бозбала.

Ұнайтын үнсіз тұрғаның,
Ұнайтын сендік түс-көрік.
Айтылмай небір сырларым,
мың мәрте кетті іште өліп.

Жағама мұң кеп жармасты,
Ғашықта болсын ақыл қай?!
Жүректегі өлең алғашқы –
алғашқы махаббатымдай.

Кеудеме содан дерт еніп,
Жүректі кеткем өртеп ап.
Он бесіңдегі еркелік –
Жол-көшімдегі келте бақ.

Болмысым осы, көр енді,
Қызықтырмайды басқа арман.
Үміт қып жүріп өлеңді,
Жігіттік дәурен басталған.

Есейдім енді, ес кірді,
Алыспын аңғал кезімнен.
Сүйе алмай жүрмін ешкімді,
Он алтымдағы сезіммен.

ҮШІНШІНІҢ СӨЗІ

Кінәлі кім бұған?
Жазықты кім бұған?
Үмітім өшті де, торлады мың күмән.
Мың күнәм бар ма еді, жоқ әлде одан көп?..
Жауабын несіне сұрайсың жындыдан!

Өзім ғой айыпты, білемін, бәріне,
Қалғанмын ұшырап махаббат «кәріне».
Сол күні мен оны ең алғаш көріп ем,
Сол көктем жанымды өртейді әлі де.

Бірақ та Баяным емес тек ол менің,
Қозысы өзіңсің, жүрегін тербедің.
Мен бүгін қатыгез Қодар боп күн кешем,
Сезімге шөлдедім!

Жібек қыз! Оған тән тектілік, наз қылық.
(Санамды барады сайтандар азғырып).
Дәл мендей күй кешкен екен ғой Бекежан,
Мен оны жүріппін бекерге жазғырып.

Бақыттан едім ғой мен де бір үміткер.
Сырыңды сен менен ендігі бүгіп көр!
Мен сені шақырсам, дайын боп, бауырым,
Беліңді буынып, жеңіңді түріп кел.

Бір сұлу.
Қос ғашық.
Қызғаныш…
Қу елде
табылмас бұдан зор ішетін у ерге.
Пушкинді мерт қылған қайда әлгі тапанша,
Бері әкел, мен сені шақырам дуэльге!

***

Толқиды бойда көлдей мұң,
Жанымды жылы тербейді үн.
Жұма-ағам жазған ғазал ма ең,
әлде,
арманы ма едің Сергейдің?!

Сол Күзге тағы хат жазып,
Ынтыққан жүрек тапты азық.
Елес пе ең алған еркімді?
Тәп-тәтті.
Ерке.
Нәп-нәзік!

Кеудеңде жүрем сырың боп.
Бойыңнан ыстық білінді от.
Жүрегім кетті жұлқынып,
Ерінің кетті дірілдеп.

Мұндайда керек несіне ес?
Ақылға көнбес есім еш.
Өзіңдей болып жадырап,
Бізді аялады осы кеш…

Сен жайлы сұрап түнім бек.
Сырымды айттым, шыным деп.
Өлең боп соқсын жүрегің,
Өлеңнен биік құным жоқ!

***

Алыстан сен боп қолын бұлғайды арман,
Сондықтан жүрегіме сыр байланған.
Сол бір Күзде еркелік мұңға айналған,
өртеніп жырға айналғам.

Сол бір Күздің көңілде қалған мұңы,
Сағыныш қинайды екен армандыны.
Өзімді өзім жоғалтып алған екем,
Мен өзіңді жоғалтып алған күні.

Жанымды сол бір тәтті сәт еріткен,
Жанымды сол бір тәтті сәт еліткен.
Мен білсем, арман құны өлшенеді-ау,
Бір ғана қателікпен…

***

Арманым алдайтынын түйсінгем бе, ей?
Ардағым, жанды тербер күйсің нендей?
Өтші мәңгі ғашық боп ғазалыма,
Ажарыңа мен сенің сүйсінгендей.

Өлеңдерім – сырыма дерек шығар?
Өлеңдерім – сезімге себеп шығар?
Сені мүлде ұмытып кету үшін,
Өлең жазбай кетуім керек шығар?

Екі тағдыр бізді енді бөлек сынар,
Екеумізден есебін, кенет, сұрар.
Сені ұмытып, жыр жазбай кету үшін,
Өмір сүрмей кетуім керек шығар?

Қалсадағы басымнан бағым құлап,
Әсте, ұмыта алмаспын бәрін бірақ.
Күз келгенде ұрғылап терезеңді,
Нөсер болып төгілем жаным жылап.

Әлі талай Күз кетіп, Күз келеді,
Елемеспіз бірақ та біздер оны.
Жолықтырған өзіңмен сол Күз қайда,
Сол Күз ғана жанымның іздегені.

Сол бір Күзді ойлаймын, ол да аялы,
Ойламауға жүректің болмай әлі.
Ең соңғы жырды жаздым саған арнап,
Ең алғашқы сезіммен сол баяғы…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір