Ақбілек
16.11.2018
9792
0

Жүсіпбек Аймауытов

(Романнан үзінді)

…Алыс-жұлыс, ауыр күйік, аттың соқ­қысымен Ақбілектің сілесі қатып, аттан түсіргенде, өлген адамша сылқ ете түскен. Ақбілек есі кіріп, көзін аш­са, алты сырықтың басын бүріп, киіз жапқан, кішкене қоста, өңшең серей­ген, бырқыраған, жат киімді, жат түрлі орыстардың ішінде жатыр. Оң қолын Ақ­білектің үстіне артып, қақ қасында бетінен түгі шыққан, шашы дудыраған, істік мұрын, жирен орыс жатыр. Оның бейнеусіз аңқиған, жарық ерінді, дүр­дек аузынан шыққан демі Ақбілектің бетіне тамұқ лебіндей тиіп, денесін тітіркендірді. Өңі, түсі екенін біле ал­май, көзі алабұртып қостың ішін сипай сүзіп шықты да, түндегі оқиға есіне түскенде қайнап шыққан бұлақтың көзіндей, жасы мөлтілдеп, жылап ағып қоя берді. Саңғал киізден сығалаған аңғал шуақ Ақбілектің бетіне түсіп, жай­раңдаса да, телегей аққан жасын құрғатуға септігі болған жоқ, жанын жанышқан қараңғылық қараңғы дү­ние­ні аңсатты. Әйтсе де, жарық сәуле­ден, көзін біржола жұмбай құтыл­масына көзі жеткен соң, тым болмаса саусылдаған сары қолдың ішінен сы­тылып, даланы бір көргісі келді. Ақ­білек үстінде жатқан ашалы, ауыр қол­ды ақырын сырғытып қойды да, сыбдырсыз басын көтеріп, жетқорқақ болған ботадай, аяғын аңдап басып, сығалап қарап, жапсарды ашып, тысқа шықты.
Мұның шыққаны алдарына ер то­қым үйіп, мылтықтарды мосылап қой­ған, қатар тігілген ұлылы, кішілі, жыр­тығы, бүтіні аралас жеті қостың бірден соңғысы екен. Төрт құбыладан бірдей ерейіп-серейіп, үстіне төніп тұрған ақар-шақар тауларға, тауға біткен үйі­рім-үйірім сабалақ жүнді орманға да, тау басында қалықтап жайылып жүрген бүркітке де, тауға тырмыса жайылып жатқан құмырсқадай жылқыға да, қос­тан аулағырақ өзек қуалай шыққан шоқ-шоқ бұтаға да Ақбілектің көзі тоқтап тұра алмай, сырғанап келіп, жер ошақ басындағы қазақтың қара құма­нына, қара астауына, жыртық орыстың шөмішіне тоқтады. Жаудың қолына түскен әлде қай сорлының астауы, шөміші екен. Сорлы шөміш! Мен де се­нің сыңарың ғой дегендей, мұңдас­қандай, көзіне тағы жас алды.
Талдың тасасына түсейін деп, шеткі қостың артынан жаңа аса беріп еді, қос далдасында мылтығына сүйеніп, қақиып тұрған бір орыс жалт қарап:
– Стой! – деп ақырып қалды.
Дауыс жер астынан шыққандай, селк етіп, зәресі зәндемге кетті; жы­ғылып барып оңалды. Сүйткенше болмады, артынан бір орыс жүгіріп келіп, құшақтай көтеріп қосқа ала жөнел­ді. Ақбілектің көзі шарасынан шықты. Құшақтаған орыс аймалап қосқа алып кіргенде, тағы екі орыс бастарын көтеріп, керіліп-созылып, көздерін уқалап, Ақбілекке қарап, күле сөйлеп, шы­лым­дарын орай бастады. Алып кел­ген манағы қолын артып жатқан жирен орыс екен. Ақбілекті аш белінен жі­бермей, қысып, бетіне таман ауы­зына ұмтылып еді, Ақбілек теріс қарап, бұлқынып сүй­гізбеді. Өзге орыстар жирен орыс­ты мазақ­тағандай, қарқ-қарқ күлісті. Олар күліп жарқылдап отырғанда, төрде жатқан ұзын бой­лы, аққұба, қара мұрт орыс оянып, қырынан жатып, Ақбілекке көз сал­ды. Ол өзгелердей сөйлескен де, күлген де жоқ. Құба шыңға құлаш ұрған жез қанат бидайықтай, талмау көзін талықсыта, терең қиялға шо­мды.
Көп күліп жатқанда, біреу сазарып отырса, оның жаны жұмбақ қой. Көп мұңайып отырғанда, біреу күліп отыр­са, оның ажары да көңілді бұрмақ қой. Жұмбақ нәрсе адамды құштар қылмақ қой. Қарқылдасқан, қайғысыз, қамсыз көп орыс ортасындағы қара мұрттың лебі де Ақбілекке жұмбақ боп көрінді. Әлде өзіне бастас қылғысы кел­ді ме немесе одан бір жылы сөз күтті ме, болмаса әйелге біткен жеңсі­қой­­лық мұны да жеңді ме, әйтеуір қа­паста қапаланып, жалынарға жан таба алмай отырған Ақбілектің көзі еріксіз қара мұртқа түсті.
Қара мұрт Ақбілектің жан жарасын әл­де көзінен оқып білді ме, әлде бір бас­қа сезім кернеді ме, кім білсін жирен сүйем деп тағы кезеніп, Ақбілек сырт беріп тыжырынып еді, ашуланған адам­ша анаған ажырая қарап, бірдеме деп шорт кесті. Жирен орыс та қың­ба­ды, ежірейіп, басын сілкіп, бірдеме деп тастады. Бірақ енді қайта сүюге қызға ұмтылмады. Өзгелері үндемей шылым­дарын тартып болып, тысқа шығып кеткенде, қара мұрт Ақбілекке жылы қарап, бір күрсінді де, жирен орысқа әлгідей емес, жайраңдап, сөйлей бас­тады. Алғашқы кезде нәресте шақыр­ған­дай, алақанын қармай, мойнын бұл­­ғай, көзін тұнжырата, ернін шо­шай­та сөйлеп, жирен орыс басын шайқап бол­маған соң, иығын қысып, көзін ті­кірейте, ернін кезерте, ызбарлана сөй­леді. Арыс-ұрыс еткен иттерше бір­ін-бірі қауып алғандай болды. Кел­те-келте жауаптасып, жұдырықта­рын білесіп, қара мұрт өңі сұрланып шығып кетті. Ол кеткен соң жирен орыс та құ­шыр­ла­нып, күңкілдеп, боқтаған іспетті бол­ды да, тысқа шықты.
Өзге қостар да тұрса керек: далада шүл­дірлескен сөздер молая бастады. Кейбір орыстар Ақбілек отырған қосқа келіп: «Кзымке…», – деп мойындарын қисайта, шағыр, шегір көздерімен тесіп жібергендей Ақбілекке үңіле қарасып, ыржиысып, бірдеме десіп кетіп қалды. Ақбілек олардың бетіне тура қарай алмады, кіріп келген­де ғана немесе түрткенде ғана көзінің құйрығы түсті.
Аздан соң, шелекке қайнатқан суды орталарына қойысып, темір тостаған­дарды батырып, кепкен нандарымен қытырлатып шай ішіп отырып, мыл­жың­дап көп сөйлесті. «Алдына ас қой­саң, орыс ит мылжыңдайды да отыра­ды» деген әкесінің сөзі Ақбілектің есіне түсті. Жирен орыс манағыдай емес, Ақбілекке өліп-өшкенін қойып, беті­нен түгі шығып, әкесі өлгендей, бас тері­сі аузына түсіп кетіпті. Қасындағы біреуі Ақбілекке қаңылтыр тостағанмен шай ұсынып еді, алмады. Әлгі айтыс­қан, жанжалдасқан қара мұрт орыс қайтып көрінбеді.
Шайларын ішіп, шылымдарын тартысып болған соң, өзгелері тысқа шықты. Жирен орыс беліндегі алты ата­рын алып, құлағын қайырып, бір­демесін басып, бұрап, шыртылдатып айналдыра бастағанда, Ақбілек өзімді атып тастар ма екен деп жүрегі сеске­нейін деді. Жан шіркін көзге тағы бір елестеп өтті. Бірақ атқан жоқ, мылты­ғын қайтадан қабына салып қойды. Сөйткенше болмады, киімдері сымдай, белдерін қылмита буынған, қылышта­рын асынған екі орыс сып етіп кіріп келіп, қақиып тұра қалып, жирен орыс­қа келте-келте бірдеме айтты. Жирен орыс бір-ақ ауыз жауап қайырды да, үн-түн жоқ, киіне бастады. Киінді де, Ақбілекті қолынан тартып, тұрғызып қостан алып шықты. Ақбілек енді бір­деме қылады екен деп, жүрегі дүрсілдеп барады. Шықса – көп орыс қос маңын­да топ-топ сөйлесіп тұр. Қызды алып бұлар шыққанын көріп, өзгелері де қоз­ғалып, лек-лек болып, тал жаққа қа­рай аяндады.
Енді ажалым жетті ғой деп Ақ­білек­те зәре жоқ. Бәрі жиылып, атып, қалай өлгенімді тамаша қылғалы жүр ме? Әлде бұлардың басқа заңы бар ма? Бас­қа бірдеңе істегелі жүр ме? Уа, пірім-ай, мынаның бәрі жабылып… нетсе, не жаным қалады?.. Көп орыс талға таян­ған соң қатар тұра қалды. Үш орыс шы­ғып, анадай жазаңқайға барысып тұрған кезде, жирен орыс Ақбілекті бауырына қысып алып, аузынан құ­шыр­лана үш сүйіп, қасына екі орысты ертіп, анау үш орысқа таман барды. Алтау болды. Алтаудың бірі топқа қа­рап, бірдеңе айтты. Топтан қысқа ғана жауап естілді. Содан кейін әлгі орыс ақырып қалып еді, әлгі өзінің жирен орысы мен манағы қара мұрт біріне-бірі таянып бірдеңе десті де, аяқтарын нығарлай басып, екеуі екі жаққа қарай жөнелді, сүзісетін қошқарларша екеуі біріне-бірі қарама-қарсы тұра қалды. Сол кезде қалған төрт орыс кейін ше­гініп, біреуі қолын көтеріп, «раз, дыба, три!» деп қалуы-ақ мұң екен, алты атар­ларын қолына ұстасып тұрған екі қошқар басып-басып жіберді. Түтін бұрқ етті. Орыстар тұра ұмтылды. Ақ­бі­лек енді не болар екен деп, арт жа­ғында тұрғанда, мына жағынан қара мұрт орыс жүгіріп келіп құшақтай алды.
Өлген жирен орысты кеп өзге орыс­тар көтеріп алып кетті. Ақбілекті белі­нен құшақтап, сүйемелеп, қара мұрт қосқа әкелді. Өзіне таласып, екі орыс бірін-бірі өлтіргенін Ақбілек сонда білді. Бірақ төбелесіп өлтіріспей, алыс­тан атып өлтіріскеніне түсіне алмады.
Қара мұрт шығып кетіп еді, бір уа­қыт­та қалпағын шекесіне салған, сең­сең бас, теке көз, бұжыр сарыны алып келді. Теке көз келе-ақ Ақбілекке:
– Аман қарындасым, – деп қолын ұсынды. Қазақша сөйлегені құлағына жылы тиіп, қолын ұсына түсті де, қайта тартып алды, жеп қоятындай сүзе қара­ды. Теке көз қазақша білетін тілмаш ек­ен, Ақбілекпен сөйлесуге шақырып әкепті.
– Мына төре сені жақсы көрген. Бұл өзі үлкен төре. Қорықпайтын кісі. Сені көргенде (жүрегін түртіп), мына жері шыдамаған. Анау жігіттен сені маған бер деп сұраған, ол бермеген. Ол кішкене төре ғой. Екеуі дауласқан, шатақ шыққан. Содан «дуэлге» шығып атысқан. Өзің көрдің ғой. Бұл сен үшін өлем деген, сонда да шыдаған. Сен бұрын орысты жақсы көрмеген дала­дағы қазақтың қызысың. Сен қорықпа. Саған ешкім тимейді. Мына төре сені ешкімге бермейді. Бұл сені қатын қылады. Өзге төрелер сені бәріміз қа­тын қыламыз деп еді. Бұ кісі оған бол­ма­ды: ол жарамайды, онда бәріміз хайуан боламыз деді.
Бұл көп білетін ақылды жігіт. Бұ да өзіңдей адамның баласы. Құдай біреу, жан біреу: сен бұдан қорықпа, жақсы көр. Бұл кісі сені жақсы көреді. Сені күтеді. Саған тамақ, киім әпереді, саған жұмыс қылдырмайды. Қазақтікі қатын немене? Малай ғой. Байы ұрады, соға­ды, жұмыс қылдырады, бәрі кір болып, жаман болып жүреді. Біздікі орыс за­ко­ны жақсы: қатынды ұрмайды, (қол­тық­тағанды көрсетіп) былай ұстап жү­реді, театрға апарады, гуләит қы­лады… деп, Ақбілекті үйір қылам деп, теке көз көп сөйледі. Анда-санда қара мұрт сөз үйретіп тұрды. Ақбілек көнетөз жасыл шапанын көзіне түсіре бүркеніп, белі бәкіше бүктетіліп бас-аяғы кірпіше жиырылып, құнысып, жасы мөлдіре­ген қара көзін жыпылықтатып, қара мұртқа анда-санда көз құйрығын бір жіберіп, таңдана, үрейлене тыңдады.
Орыс сөйлеп отыр. Оның көп сөзі миы­на қонбады. Үлкен төре деп мақ­тайды. «Төре» болса қайтсін? Мұның іздегені орыстың төресі ме еді? Киім, тамақ әпереді дейді. Соларға зар болып, осылардан сұрауға келіп отырған-ау! Шаруаны қатын істемейді дейді, енді кім істемекші!
Бекболатқа тисе, Ақбілек малай болар ма еді? Өзі де істер еді, малшы қатынды да алар еді, байы ұрыспаса, ұрмаса, қатын қайда кетпейді? Қатын не істемекші?.. Мұның бірде-бірі құ­ла­ғына бармады. Жалғыз-ақ Ақбілек үшін қара мұрттың жанын қиғаны рас. Ендеше, жақсы көргені рас. Ендеше, жақсы көргендей, Ақбілек сұлу екен. Қазақ тұрсын, орыстың боздақ жігіті де Ақбілекке қызығады екен, жанын қияды екен. Әйелге бұдан артық құн бола ма? Сый бола ма? Оның үстіне Ақбілек енді көп орыстың талқысына түспейді, асыл қазынасын бір-ақ кісіге қияды. Қандай кісіге? Өзі үшін жанын қиған ер жігітке… Бірақ, ойбай-ау! Ер жігіт деп отырғаны аузы түкті кәпір ғой! Әлгі дәретсіз, сүндетсіз, түрегеп сие­тін, шошқа етін жейтін, арақ іше­тін, темекі сасыған, елді қыран жап­қан­дай қылып, қамшы, қылыш, мыл­тық ойнататын, мейірімсіз, шадыр мінез орыс осы емес пе? Шынымен сол орысты иіскегені ме? Шынымен ақ төсіне арам денені ойнақтатып, ашылмаған қауынын арам пышаққа жарғызғаны ма?
Соны ойлаған кезде ақ торғын маңдайына екі тік сызық көріне қала­ды. Апасы есіне түседі де, көзінен екі моншақ домалап кетеді… Жан апасы бұл үшін өліп кетті-ау! Тым болмаса бір ауыз тіл қатуға да мұрша­сын кел­тірме­ді-ау! Жан апасынан мәңгілік айырылып, басы қаралы, жүзі жаралы болып отырып, не бетімен бай ізде­гені? Апасын өлтіріп кеткен, өзін тартып әкелген, ауылын шапқан, талаған орыстың тұқымына не ғып өз еркімен көнгені? Ел қайда? Бұл қайда? Әкесі, ауылы не күйде? Ақбілек тура­лы олар не ойлап жатыр десейші?.. Сорлы қызымды өлтіріп тастады ма, әл­де не қылды?.. деп, әкесі не ғып жа­ны шыдап отыр екен?.. Күйеуі келмек еді, түндегі қуған, оққа ұшқан әлде сол емес пе екен? Тірі қалып, Құдай жазып, көретін күн болса, күйеуіне не бетімен жолықпақ!.. Ойпырмай! Мұндай да сорлы, мұндай да масқара болған қазақта әйел бар деймісің? Бұл қорлықты кім көрді дейсің. Осының бәріне шыдап, не ғып өлмей, тірі отыр?.. Түндегі оқ апасына тигенше, бұған тимегенін қарасайшы…
Алды-арты тұйық, қараңғылық, не бо­лары белгісіз… сонда да Ақбілек тірі, Ақбілек сұлу… Ол елден асты: қазақ тұрсын, атағын орыс естіп, іздеп келіп, алып қашты… орыс біткен бұған бола қырқысты… Кім біледі, тірі болса, үмітсіз сайтан… өз еркімен келіп отырған жоқ… Қара күшке, тағ­дырға не шара? Жамандығынан мұн­дай болған жоқ. Ақбілекті кім жазғыра алады? Малына, жанына ие болып отырған қай қазақ бар? Әзер болса, жа­зықсыз құрбан болып жатқан көп қорғансыздың, көп сорлының бірі шығар…
Ойдан ой туып, басы даң боп, шапанының етегіндегі тамған майға қадала қарап отырғанда, тым-тырыс күте қалған, қара мұрттың ыстық қолы қолына келіп тиді. Ақбілек қабағын ауыр бір қағып, «Менде не ерік бар?..» деген­дей, терең қасіретпен оның бетіне қарады. Қара мұрт тілмашына иек қағып, шығарып жіберді де, Ақбілектің қолын ептеп өзіне таман тартып, мұртын ерніне апарды. Ақбілек қарысқан жоқ.

***

…Ақбілектің жанын жынның ойнағындай ойрандап кеткен озбыр омырау, өксікті күндер орыс мінген аттардың аяғымен бірге алыстап бара жатты. Тықыр ұзаған сайын «Алла, Алла, Алла!..» деген лебіз кеудені керіп, ауыздан еріксіз ағылуда еді. Көшкен орыстың жұртында бұралқы күшіктей қаңғырып Ақбілек жалғыз қалса да, жалғыздығына өкінген жоқ. Орыстың оғынан өлгеннен де, құлазы­ған иесіз тауда тентіреп өлгенін артық көрді. Орыстардың дыбысы өшкенше: «Құтқарғаның шын ба, жасаған!» дегендей, арттарынан топырақ ша­шып, қарасы өшкен соң: «Ү-үһ!» деп демін бір алып, төңірегіне көз салды.
О кезде ызғырығы ызылдап, бойды мұздатып, сабалақ қара бұлттан тон жа­мылған күздің көзсіз қара түні ақ бас Алтайдың үстіне қара бурадай шөгіп, сай-салаға бауырын төсеп, дүние қарауытып келе жатыр еді. Көк жүзінде жайылып жатқан жұлдыз – қойларын көздеп тұратын шопан ата­сындай жау көргендей зым-зия жо­ғалыпты.
Сабалақ қара бұлттар-ау, Ақбілек­тің жанын тұншықтырған қара тұман аз болды дедіңдер ме, үстіне мұнша төн­генше, анау асқар таулардың ба­сына түнесеңдерші.
Күздің сарғыш жапырақтары-ау, кімді әлдилеп, сыбдырлап тұрсыңдар? Қалың бұтаның қайғысыз, қамсыз быт-былдықтары-ау, несіне қара түнді жаң­ғыртып тұрсыңдар? Сұлудың жүрегін жанышқан ауыр шерді сендер сейілтем дейсіңдер ме? Қанатын қаршыға күйретіп, қиқайған қостың алдында бір қолымен жер таянып, аспанға қарап отырған сұқсұрдың налыған зарын тәңірісіне жеткізем дейсіңдер ме? Бұлттар-ау, серпілсең­дерші!
Жапырақтар-ау, сыбдырлап жерге төгілгенше, шерлі сұлуға сая болсаң­дар­шы!
Ызғырық-ау, ызылдағанша жа­панда жалғыз қалған баланың әкесіне хабар берсеңші!
Ой, мейрімсіз, шіркіндер-ай! Сен­дер­дің тіліңді Алтайдың жаралы аруы білмейді ғой! Сендердің қас-қабағыңа қараймын, сендерге еркелеймін деп есіл сұлу мұндай күйге ұшырады ғой! Жел мен бұлттың алласына сенем деп сенделіп қалды ғой!..
Түн түнереді, Ақбілек үрейленеді. Төбесінен зу етіп бір топ шүрегей өтеді, Ақбілек дір етеді. Шөпті сыб­дыр­латып торғай ұшса да, тоғай ішін тартып уілдесе де, тау үкісі таңдайын қақса да, Ақбілек жан-жағынан жау қамап келе жатқандай елегізіп, қым­тырыла береді. Жатайын десе, көзіне ұй­қы келмейді. Отырайын десе, қор­қып барады. Жүрейін десе, қараңғы түнде жол таба алмай адасам ғой, әл­денеге ұрынам ғой… деп қорқады. Есіл-дерті: осы арадан кету, бірақ, түн ішінде кете алатын емес. Қазақтың қосын, қазақтың астауын, шөмішін ес көрді. Үңірейген иесіз қосқа кіруге тағы батылы бармайды.
Ақбілек қайтерін білмей, алақтап, құнысып, бүрісіп көп отырды. Түнге түн ұласқан тәрізденеді. Қос алдында жатқан астау да көрінбейді. Жасаған-ай! Таң да атар ма екен?
Бір мезгілде орман жақтан бір үрей­лі дауыс шыққан секілденді. Ақ­білек елегізи бастады. Манадан бері жалмауыздай көріп отырған үңірейген қосқа жалма-жан кіріп кетті. Ауылда қой күзетіп жүргенде қасқырлардың ұлығанын әлденеше естіген: әлгі да­уыс соған ұқсайды. Апырым-ай! Қас­қыр келе ме?.. Онда қайтем?.. Қой, келмес: қоста кісі бар деп ойлар, қор­қар: қостың айбыны бар ғой… Әлде манағылардың кетіп қалғанын олар да білді ме? Олар барда қасқырдың даусы естілмеуші еді ғой…
Қостың есігінен ептеп сығалайды. Қараңғыда бірдеңе қараң еткендей болады. Бірақ дыбыс білінбейді. Қорық­қанға қос көрінген шығар деп жориды. Өзіне қайрат бергісі келеді. Оған да болмайды: ұлыған дауыс әнтек толастап бара жатады да, тағы да естіледі. Бара-бара ұлу молаяды, тауды күңірентіп өзге дыбыстың бәрін басып кетеді. Ақбілектің қолы өзінен-өзі қостың бір сырығын суырып алады. Құлаш төс жарадай қайың сойылша. Сойылшаны қос қолдап бауырына таман қысып қояды, бір ұшы қостың сыртында. Қасқыр келсе қару қыл­мақ­шы. Ұлыған дауыстар саябырлаған тәрізденеді. Сойылшаны жерге сұла­тып салып, Ақбілек азырақ бой тоқта­тады. Бірақ онысы ұзаққа бармайды: бұлақ жақтан су сыл­дырлағандай болды…
Бұл немене?.. Адам ба? Аң ба?.. Кім болса да қатерлі. Ақбілек сойы­лына тағы жармасты. Демін ішіне тартып, сілейіп қалды.
Кешікпей қара түнге қаз қатар, дөп-дөңгелек екі көз пайда бола кетті. екеуі де қып-қызыл жайнаған от. Ақ­білек атып түрегеліп, қостың түкпіріне бұғып отыра қалды. Әйтсе де байыз таба алмады, сойылы қостың аузында қалып қойыпты. Ақырын еңбектеп, қостың аузына қолын созып, жерді сипалады. Сипалап жатып сығалап еді, екі от төртеу болды. Сөйткенше болмады, олардың артын айнала көл­денеңдеп екі қызыл көз тағы өте шық­ты. Алты от Ақбілекке алпыс оттай көрінді. Қараңғы түн қаптаған қызыл көз болды да кетті.
Оттар бір жалт етіп, бір сөніп, ел­белектеп, таянып келе жатқан тәрізді.
Ойлағаны келді ме?.. Мінекей, шөпті сыбдырлатып келіп қалды.
Әне, қараң ете түсті…
Ойбай-ай! Бір топ қасқыр!..
Енді қай жаққа барайын?..
Ал, міне қостың төңірегін сылдыр­латып, жер тіміскіп жүр…
Ой, жасаған-ай! Тауып алар ма екен?..
Ой­пырым-ай! Әне біреусі от ба­сындағы сүйекті қытырлатып кемірді.
Мынаны көріп Ақбілектің не жаны шықпай отыр десейші!.. Ақбілек үнін шығаруға мұршасы келмей, өлген кісідей отырған жерінде сіресіп қалды.
Әлден уаққытта арсалаңдаған бір аш қасқыр Ақбілек отырған қостың аузына келіп қалды. Ақбілектің жан дасуы түнді тіліп, жібергендей шыр ете түсті. Қасқыр біткен жалт беріп, көз­дері жалт етіп, тістері сақ етіп, оқшы­райып тұра қалды. Қасқырлар ырыл­дасып, күрілдесіп, бураша шабынып тұрып алды. Ақбілек қасқырлардың қарсы шабатынын білгендей, жан ұшырып, қостан атып шығып «Қараңғыда көзім жоқ…» деген бала­ша айғайды салып, ағашын сер­мей берді…
Анда-санда арс-ұрс еткен дауыс шығады. Қасқырға тие ме, қосқа тие ме, әйтеуір ағашы кейде бірдеңеге тигендей қолы сүйсініп қалады. Қас­қыр одан жаман өршеленеді. Ақбілек жан ұшыра сермейді. Қасқыр қимыл­дайды. Ақбілек сабалайды. Қасқыр абалайды. Ақбілек сабалайды. Қасқыр қамалайды. Ақбілек «Ал­лалай­ды». Қасқыр долданады. Ақбілек дөңге­лейді… Қасқыр күрілдейді, Ақбілек шырылдайды. Қасқыр қыр­қы­райды. Ақбілек шырқырайды… Сөй­тіп Ақбілек көп қасқырмен көп соғысты…
Ақбілек әбден алқынды, алас ұрды, жұлқынды, әлі құруға таянды. «Енді жығылдым ғой, енді талайды ғой, енді ауызды салды ғой, енді жеді ғой…» деген кезде, Ақбілектің аяғы астынан бірдеңе жылт ете түсті. Қасқырларға жарл берді. Манағы іңірде шай қайнатқан оттың көзі әлі сөне қойған жоқ екен. Ақбілек алас ұрып жүргенде аяғымен шашып жіберген екен. Қасқырлар отты көріп, жалт бер­ген екен. Қасқардың оттан қорқа­ты­ны Ақблектің есіне сап ете түсті. Ауылда қой кү­зеткенде қотан­ның ше­тіне жағатыны қане.
Ақбілек от басындағы тезекті, қураған шөпшекті дереу тұтатып, үрлеп жіберді. «Менің керегім жаңа болған жоқ па?» дегендей, жел де қошаметке иеленіп, жалынды лап ете түсірді. Жалын қалай шықты, солай қасқырлардың қарасы өше берді. «Өлмегенге өлі балық» деген осы да. От сөніп қалса, Ақбілектің өмірі де сөнетін еді. Отты тапқан адамның атасынан айналсаң болмас па?
«Заула отым, заула! Мазда отым, мазда! Қорқақ аңдар, тілсіз жаулар! Қаш, маңыма жолама! Күйдіремін, өртеймін!» – дегендей Ақбілек от тәңірге сүйініп, таң атқанша маз­датып, жаны аман қалды.
Қызыл көз, қасқыр жүз, қаблан азу, қара түнді Алтай аңғарынан үркіткелі қорғасын аспанға алтын айдар Күнекей сұлуын өрмелеткелі, күншығыс ұжмағы қызыл қақпасын ашқанда, Ақбілек артына алақ-алақ етіп жолға шықты. Белінде түндіктің бауы, етегі ышқырында, қолында түндегі сойылша. Кімді ұрып жығатынын кім білсін, әйтеуір ала шықты.
Аспанның күн жақ туырлығы ақшыл тартып, тау бастары алтын жалатқандай күлімдеп келеді. Таң ата жел де тынды. Бұлттар да ыдырады. Өлкеден ұшқан бозторғай тау иы­ғының деңгейінде қанаттарын қал­шитып, Күнікей сұлуды мадақтап, тау-тастан беташар сұрады. Бозторғай-ау, көрімдікті Ақбілектен сұрасайшы, Ақбілек алтын сақинасын атып тастағалы келеді ғой. Оның жүзінде нұр бар ғой. Ол көретін жарық күн бар ғой! Ұзақ түнгі топты қасқырмен арпалысқанын замат ұмытып, щоң­қайма кебісінің жез нәлісі тастан-тасқа шықылдап, қашқан киіктей қаздаңдап барады ғой!

Ақбілек а дегеннен асуға тартты. Асу­мен асып елге бара жатқан, елден малға азық-түлік алып келе жатқан орыстарды талай көрген. Осы тар асудан басқа бұл шаттан шығатын жолдың жоғын білген. Арты елсіз тау, тау толған жау: аю, қасқыр, қабан. Алды тар асу. Асу асты тағы жау: кешегілер алдынан қарсы шығып қалмасына кім кепіл. Енді Ақбілек қаздаңдамай кім қаздаңдасын. «Енді есен-аманында ел шетін көрсем-ау» – деп, ұйқы, тамақты, шаршағанды ойына алмай, көңілі алып-ұшып, ен­телей басып, ентігіп келеді.
Асуға шыға бергенде, артына бір қарады. Аяқ астында томардай томпиып қостар тұр. Анау тау жылғасындағы ағаш, анау көгал, анау сай-сала, анау өркеш-өркеш тас Ақбілектің адам­гер­шілігін аяққа таптаған, абыройын төк­кен жер. Оларға көзі түскенде күйінген, өкінген, жиренген – әйтеуір өзегін өр­те­ген бір жаман сезім пайда болды. Төр­дегі таза төсенішті былғап кеткен күшікті желкесінен ұстап, өз тезегіне өзінің тұм­сы­ғын тигізсең, қандай жеріп, қың­сылап, кейін шегінді. Артына қарағанда, Ақбілек те сол күшік тәрізді болды. Қа­ра­ғысы келмеді, теріс айналды. Асуға шық­са да, алды-артын ораған таудан ары­ла алмады, бұраңдаған қия тас, ке­дір-бұдыр соқпақ беті ашық даланы көрсетпеді.
Күн таудан найза бойы көтеріл­ген­де, Ақбілек алқынып бір кезеңге шығып еді, алды бұдырмақ дала екен. Ауылына келгендей қуанып кетті. Қанаты болса, ұшып кетер еді, әттең шіркін! Балтырла­ры солқ-солқ етіп, жіліншігі сырқырай бастады. Оған да қараған жоқ, қыбырлай берді.
Бір мезетте Ақбілек екі қолын құ­лаш­тай сермеп ылдиға түсті. Аяғының сырқырағаны әнтек басылайын деді. Шаршаған жоқ екем деп, көңіліне медеу қып еді, сөйтсе ылдиға қарай жүргеннен жеңілдеген екен: тағы бір өрге шыққанда аяғы қорғасын құйғандай ауырлап кеткен тәрізденді; сүйектері сынып бара жатқандай болды. Ақ сүйек ойнағанда ор қояндай орғып, бір қажымайтын аяғы түскірге не болды? Әбілет басып, әлдебір пәлеге бастап келе ме? Апырым-ай, тым құрыса бір ауыл, ауыл емес-ау, бір қа­зақ, қазақ емес-ау, бір мал көрінсейші. Бір мал көрінсе де, Ақбілек қатерден құтылғандай көріп келеді. Бірақ адырлар бірте-бірте бұлдырланып, белес тарт­қаны болмаса, қарайған еш нәрсе көзіне түспеді.
Бір қырдан асқанда көлденең созыл­ған сай килікті… Құдай жарылқады! Өзен, өзен! Арғы қабақта жол жатыр. Ел жақын ғой! Ақбілек күшін салып, аяғын тезірек басты. Ағыны тас домалатқан тасты сайдың тар өзені екен. Жадағайлау жеріне келіп белін, шапан, камзолын ше­шіп, көйлекшеңденіп, білегін түрініп жуынды, су ішті. Әбден шаңырқап, шар­шап қалған екен, сусыны қанып бір кенелді.
Ақбілек су жиегінде бірталай отыр­ды. «Су ағады да жатады, ағады да жа­тады, бір таусылуы жоқ: қатерді, өлімді біл­мейді. Еш нәрсені сезбейді. Мен іш­сем де, ит ішсе де бұған бәрі бір. Жақсы­ға да, жаманға да сусын болады. Құдай­дың бұ да бір құдіреті-ау! Мейірімі-ау! Оны біз білмейміз-ау!» деген ойлар кел­ді. Өмірі су көріп жүріп, мұндайды ой­ла­ған емес. Бұл ойды қалайша ойла­ға­нына өзі де таң қалды. Аяғының астын­дағы суға қарап еді, өзінің түрін көр­ді. шашы ұйпаланып қалған екен: су­мен сылап шашын жатқызды. Тара­ғысы келді. Бірақ «Кім үшін түзелем?» деген ой келді де тараған жоқ. Осы судың бойында бір қалтарыс жер болса, азыр­ақ отырып дем алайын деп жан-жағына қарап түрегелді. Аяғы ұйып қалған екен, жіліншігін үш рет қарыстырып жіберді. Ұйығаны басылған іспетті болды.
Сол жағында бір жарлауыт көрінді. Ақбілек көп ойланбай-ақ камзолын киіп, шапанын жамылып түн­діктің бауы мен сойылшасын сүйретіп солай қарай жүрді.
Адам көрмейтін жер осы ғой деп бір мүйістеу жерге келіп тоқтады. Арты жар, алды су, оң жа­ғы мүйіс, сол жағы құлаған жардың табаны. Кішкене қуыста суға қарап, екі тізесін құшақтап, бүкшиіп отырды. Күн қызып, шекесі жылынып келеді.
Мынау өзен. Өзен бойындағы ел қай­да? Күздүгүні бұл өзенде ел отырмаушы ма еді? Жиекте жол жатыр ғой… ойбай-ау, жақын жердегі ел шаттағы орыстардан босып кеткен екен ғой! Маңайды жын орнағандай қылды ғой! Мал, жанында билік қалды ма?.. Талай қыз мен сияқты соры қайнады ғой!.. Бірақ тап мендей болғаны жоқ шығар. Қостарына әкелген әйел көрінбеді ғой. Әлде өлтіріп тастап жүрді ме?.. Орыс шіркін адамды аямайды екен-ау! Құрғырдың атын атамайыншы, тағы келіп қалар. Олар неғып қайтпады? Әлде бірдеңеге ұшырады ма. Олар кім­мен соғысып жүр екен? Әлде төңіректегі қазақтармен… қой, қазақ бұлармен неғып соғыса алсын? Не қауқары бар? Әлде қазақ біткенді қырып тастап, мал­дарын, қыз-келіншектерін тартып ал­ғалы жүр ме? Онда бәрі бірдей неге кетті? Бес-алтауы барса да, мылтықтары­мен бір тайпа елді жусатпай ма? Өздері қорық­қан кісіше асығып-үсігіп, алды-артына қарамады ғой. Әлде бір күшті жауы келіп қалды ма? Олардың жауы кім? Ойбай-ау! Әлгі әкемдер «Ақтар, қызылдар» деп отыру­шы еді. Сонысы ма әлде? Қызылы да орыс па екен? Олар да қыз алып қаша ма екен? Орыс болса… Қара мұрттай-ақ бо­лар. О да мені өлтіріп кетем деді ғой. Апырым-ай, апырым-ай! Жасаған-ай! Енді қайтейін!.. деп тамсанып-тамсанып қойды.
Сылдыр-сылдыр су ағады. Суға қа­раса, Ақбілекті бұлдыр-бұлдыр ой тер­бетеді. Тербеткен сайын көздері кішірейе түседі. Ұйықтап қап, масқара боп жүр­мейін деп, сығырайып бара жатқан көз­дерін ашып алады. Сонда да болмайды: бір жағынан күннің қызуы маужыратып, бір жағынан ағын су ойын тербетіп, түні бойы ұйқы көрмей сілесі құрып, жаяу жү­ріп шаршап келген сорлы қалғып кетеді…
Ақбілек ояна келгенде, селк етіп ба­сын оқшита жұлып алды. Бөтен жерде, өзен бойында, жар түбінде жападан-жалғыз шошайып қалғанына өзінен-өзі қорқып кетті. Қара шаттан қашып келе жатқаны лезде есіне түсе қалды. Ұшып түрегелді. Күн еңкейіп, түс қаңғып ке­тіпті. Өзеннің о жақ, бұ жағына бойлап-бойлап қарады да, өткел іздеп, кебісі тыр­пылдап тағы жағалады. Әлі жүріп келеді, әлі жүріп келеді. Өткел жоқ. Сойылшасын суға бойлатып, әр жерді бір көрді, бәрі де терең тәрізді.
Әлден уақытта бір жадағайлау жерге жетті, екі жағы домалақ-домалақ қиыр­шық тас. Ағыны бұжырланып жатыр. Балағын тізеден асыра түріп, етегін жиы­ра көтеріп, кебіс-мәсісін қолтықтап, ма­мық табанын қия тасқа бұлтылдатып, судан өтті.
Жарты шақырымдай жерде бір дөңес көрінеді. Соған шығып ел көздемек.
Ол белеске шығып еді, ар жағы одан да биіктеу адырсымақ екен. Ақбілек жан-жағына барлап, жер болжады. Алғы беті ашық арты – кенере тау. Ақбілектің ауы­лы осынау кенере таудың түбінде. Шы­ғыста емес, құбыла жақта. Өйткені, артындағы таулар өз тауларына ұқса­майды, сонау бір көлденең таулармен тұтасып кетіпті. Ендеше, таудан онша алыстамай, құбыла жаққа таумен жарыса жүру керек. Ақбілек соны ойлады да, белестен асып, жадағайлау ылдимен аяңдай берді.
Адыр, адыр. Елсіз дала. Бозғыл көде. Кербетеге, тобылғылы беткей. Төбешік, обашық. Қызыл құмайт. Шөптесін шө­ңейіт. Қоңыр тышқан, ала сауысқан. Ор қоян. Бозторғай. Осыдан басқа көзге тү­сер қара-құра жоқ. Даланың көркі ел екен-ау! Елсіз дала – емсіз жарадай көрінеді. Малшы байғұстар неғып іші пыспай жүреді екен?.. Ай, қу дала, қу дала! Қу далада жалғыз жаяу бір мұңдық.
Сары далада сары уайым жамылып, Ақбілек келеді толарсағы бұлтылдап. Тыш­қан аулап күйкентай жүр, қыраным­сып шыңқылдап. Әне алыста безек қа­ғып, бір торғай тұр шырылдап. Бейне әуеге шегелеулі тұрғандай, бір орнынан тап­жылмайды, қанаттары дірілдеп. Сол тор­­ғайдың шырылдағы ащы тиді құлақ­қа.
Өзгелерден үні өзгеше, не болды екен бейбаққа? Сол торғайдың маңайында жаны ашыған арашашы жандарша, төрт-бес торғай айнала ұшып, таяу-таяу бара түсіп, ап кетуге тас қорғанды бұза алма­ған ерлерше тиіп-қашып өтіп жатыр о жаққа бір, бұ жаққа.
Бір мезгілде әлгі торғай жансыз тас­тай ағып түсті топ етіп. Ақбілек те оқ бо­йы жер кеп еді. Ол торғайдың түскен же­рі қалың шөп. Көз айырмай қарап ке­леді Ақбілек. Әлгі торғай қалың шөп­ке түсті де, қалбалаңдап, далбалаңдап, шөпке таман айналаңдап шыр-шыр етіп, безек қағып, олай-бұлай ыршыды. Бұ байғұсқа не болды? – деп жетіп келсе қасына – қалың шөпте жатыр екен білектей бір сұр жылан. Сұр жыланның найза басы қақшиған, бейне ажал, алмас көзі бозторғайға шұқшиған, айыр тілін жалаң-жалаң еткізіп, ысқырғанда өңме­нің­нен өткізіп, арбап, буып, уытын жиып, торғай сорды топылдатып, қылқ ет­келі тұр екен. Сұр жыланның атып жық­қан оқ көзінен көз айырар бозтор­ғай­да дәрмен жоқ: қалбаңдап, жалбаң­дап, оршып түсіп, тұмсығына тиер-тимес елбелектеп жүр екен. Бір «Ап!» десе біт­кені ғой жұмысы. Торғай қашан ау­зына кеп түскенше, оқты көзін қадап, айыр тілін жалақтатып жатады екен, сұм жылан.
Бозторғайды аяп кетті Ақбілек, сұр жыланды сойылшамен салды келіп қақ бас­тан. Жауыз басы астына кеп, солаң ете дүрс етті. Торғай сорлы есеңгіреп қал­­ған екен; жығылып тұрып, жер бауырлап, қырындап-қырындап барып жөндікті: шыр етіп, шыбын-шіркей боп аспанға бір-ақ ұшты. Тулап жатқан жы­ланды Ақбілек табандатып тағы екі ұрды да, жөніне жүре берді.
«Жылан торғайды арбап жейді» де­генді Ақбілек бала кезінде естіген. Мы­наны көрген соң « Құлақ естігенді көз көрет» деген осы-ау деп ойлады. «Бұ жауыздың көзінде не сиқыр бар?!» – деп ішінен таң қалды. Манадан бері уайым басып, жабығып келе жатқан кісі жүрегі қаттырақ соғып, тамырлары желпініп, шаршағанын ұмытып кетті. Торғайды ажалдан аман алып қалғанына қуанды. Жыланды өлтіргеніне ерленді. Әрі ырым көрді. Торғай бір бейбақ қой! О байғұста не зиян бар?
«Торғай, торғай атым бар,
Бір жапырақ етім бар.
Маған тиген балалар,
Ата-анаң өліп жетім қал!», –
деп қарғайтын торғай емес пе? Ешкімге жазығы жоқ қой.
Соны ойлағанда, Ақбілек «Менің кім­ге жазығым бар еді?» деп тағы ойла­ды. Өзін торғайға, өзіне қастық қыл­ған­дарды жыланға теңеді. Торғайдың, жа­уын мен өлтірдім, менің жауымды да біреу өлтіреді екен деп, бұл оқиғаны өзін­ше жақсылыққа жорыды.
Соны ойлап келе жатқанда бір дөңес­тің астынан ағараңдаған бір шошақай нәрсе қылтың ете түсті. Ақбілек сасып қалды, бұғып отыра қойды. Отырып еді, көрінбей кетті. Түрегелуге орыс бола ма деп қорқып, отыруға тағы дәті шыдамай, не екенін білгісі келіп барады. «Орыс болса бәрібір құтыла алмаспын, жан-жағым жалтаң. Не де болса көрейін», – деп, әнтек отырған соң, ептеп көтеріліп, сығалады. Шошақайдың үкі секілді бірдеңесі бұлғаңдап, өзі қимыл-қимыл етіп дөң астымен Ақбілекпен жарыса кетіп барады. Орыста мұндай нәрсе жоқ еді ғой деп ойлауы-ақ мұң екен – шошақай жуандады; бас болды; кәдімгі дуананың басы. Әнеки қолындағы асасы да шошаң етті.
– Әй, дуана! – деген сөз аузынан қалай шығып, қалай қойғанын Ақбілек өзі де білмей қалды.
Дуана аяқ астынан үріккен жыл­қыша, жарқ беріп, лоқып, әнтек, тұра қалды да, бұрылып Ақбілекке қарай жүрді. Тани кетті Ақбілек: етегін кірмен зерлеген, төбесін үкі сәндеген басында найза, ақ тақия; қолында шакіш асасы; асасының өн бойы шығыршық, көбшік, сылдырмақ; үші найза жауырын, мой­нында жұмыр тәсбісі; танауы таңқиған, омырауы аңқиған, кеңірдегі сорайған, жіліншегі сидиған, саусақтары шибиген, үркек малша оқшиған, бес тал сақалы шоқшиған, шындау етті, шың бетті, жағына пышақ жанитын, бір көргеннен танитын – Іскендір екен кәдімгі.
Іскендірің кім? Ақбілекке зияны тимес пе? Ендеше, ол аяңдап Ақбілекке жеткенще, Іскендірдің қандай адам екенін айтып көрейік.
Бұл Іскендір дуананынң бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бұл Өскемені­ніз, бұ Зайсаныңыз, бұ Семейіңіз, бұ Қарқаралыңыз – бәрін де Іскендір жа­лаң аяқ шарлаған. Ол ат арбаны да, ба­рақотты да көрген. «Бо-о-ракөт-ау, бо-о-ракөт!,,,» деп оған өлең де шығар­ған.
Іскендір де үй жоқ. Кез келген үй – оған үй. Тау, тас, сай-сала, ескі мола – бәрі де оған үй. Онда ел жоқ. Оның елі – дүйім қазақ. Онда мал да жоқ. Тұрған күйі әлгі өзіңіз көрген. Ол дүние жи­майды. Ақша берсең, кез келген ауыл­дың балаларын жарыстырады да, бәйгеге үлестіріп жібереді. Іскендр дорба салмайды: ірімшік, құртыңды алмайды. Оған қолма-қол ішетін тамақ берсең болғаны. Төрдің алдына шарт жүгініп отырады да: «Аллақ һақ!» деп бір ақырып, қылқ еткізіп қағып салып, асасын бір тіреп тұрып кетеді. Тана-моншағын, үкісін сұрасаң Іскендір бере салады. Бірақ қыз-келіншектерден өзі сұрап алады.
Іскендр өтірік айтуды, кісі алдауды білмейді, адам баласына жамандық ой­ламайды. Үлкенді – әке, аға, – деп тұ­рады. Мейлі жаңа түскен келіншек бол­сын, қатын біткенді «шеше» дейді. Еркек, әйел деп айырмайды, бала біткенді «балақайым» дейді. Кісіге өмірі қатты сөз айтпайды. Өзін ренжіткен адамға түк демейді, тек басын шайқайды.
– Дуана, міне бір қияңқы баланы қорқытыңызшы! – десе:
– Қой, балақайым жақсы, қорқытпа, қорқытпа! – деп басынан сипайды.
Іскендір әсіресе балаларды жақсы көреді. Іскендір келсе, бала біткен шұ­бырып соның соңында болады. Ит біткен шулап артында жүреді. Іскендір асасын жайқап аяңдай береді, асасынан тістеп жатса да итті ұрмайды. Балалар оқып жатса, Іскендір жетіп барып мол­дасына қол береді, балалар да қуанып дуанаға қол береді. Іскендір балаларды молдадан жалынып сұрап алып, азат қылады. Кейде қонған ауылда кешке та­ман Іскендір үй жанында жүгініп отырып, оң қолының білезігінен бір балаға ұстататды: олай-былай сілкіп, баланы жығады. Ол күрескені. Балалар қызық көріп, кезек-кезек күреседі. Бала жы­ғылып қалса: «А, балуаным, жығы­лып қалдың» деп қолын қоя береді; жығылмаса: «А, балуаным, сен жықтың» деп, басын сипайды.
Іскендір не десең, соған нанады. «Пә­ленше сені шақырыпты, қаладан көмір әкеп берсін» депті десе; «А, солай ма?» деп, салып жүріп кетеді. Қыстың қызыл шұнақ аязында Іскендір елу ша­қырым жердегі қаладан Исақай ешенге бір қап көмір әкеп берген күн­дері бол­ған. Сон­да қарды бұрқыратып, жалаң аяқ жүреді; ол өмір бойы аяғына лыпа ілген жан емес.
Іскендер мақтағанды сүйеді. «Дуана еке, порақотпен жарыстыңыз ба?» десе. «Е, әке, жарыстық қой» дейді. Ол жүй­рікпен де, жорғамен де, от арбамен де жарысқан болады. Біріне қалдым деп айт­пайды. Бар мақтанатыны – жүйрік­тігі. Кейбір көрген адамдар бәйге аты­нан қалып қойған деседі. Ауыл маңында ерегестіріп, тай, байталмен жарыстыр­ғанда, екі-үш шақырымға дейін оздыр­майды. «Дуана, неғып шаршамайсың?» десең, «Е, Құдай қуат береді де» дейді.
Іскендер бір жерде байыз тауып оты­ра алмайды. Бір үйге кірсе: «һақ!» деп бір ақырып, бетін сипап, шығып жү­ре береді.
Ол құмалақ салмайды, бал ашпайды. «Обал» деп басын бірақ шайқайды. Ол намазға да онша құнтты кісі емес. Кейде жұрт намаз оқып жатса, дәрет алмастан жалаң аяқ барып, қатарға тұра кетеді. Көбінесе оқымайды. Біраз аузы жыбыр­лап, ішінен ыңылдап бірдеңе айтып жүреді. Анда-санда «һақ!» деп күңірене ышқына бір ақырып қояды.
Іскендр көп сөйлемейді. Жауапты қысқа-қысқа қайрады. Сөйлесе кейде тақпақтап кетеді. «Дуана союға қойы­мыз жоқ еді» десе:
А, қойыңыз болмаса ойыңыз бол­ды,
Ойыңыз болса, тойыңыз болды, –
деп жыбырлатып әкетеді.
Іскендірдің қабақ шытқанын жан пенде көрген емес, қашан көрсең де жай­раң­дап, жымиып отырғаны. Іскен­дірдің неғып мұндай боп жаралғанын, оның кеудесінде не қылған жүрек, тамырында қандай қан, бойында неткен қайрат барлығын ойлайтұғын бір адам жоқ. Ел тек оны «Дуана, дуана» дейді. «Бір алуан адам» дейді. Іскендірдің өмірі жұмбақ. Қалайда Іскендір – адам. Бұл неткен адам?..
Әлгі Ақбілекке кез болған Іскенді­ріңіздің жайы осы еді. Дуана Ақбілекке жетіп келіп:
– А, балақайым, алақайым, шыра­қайым… Қайдан келесің? – деп басын сипады.
Ақбілек не дерін білмей күмілжіп, міңгірлеп қалды.
– Дуана-еке, мен… мен… Мамырбай ақсақалды… – дей берді. Орыстар алып кеткенін айтуды ұят көрді. Үндемеудің тағы да жөні жоқ; қалайда бірдеңе айту керек болды. Маңдайын сипап, көзін жыпылықтатып, төмен қарап: – Мен Мамырбай ақсақалдың баласы едім… ауылымнан адасып… ауылымды таба алмай жүрмін… – деді.
Дуана қалай, неғып адасып жүргенін сұрамады:
– Е, балақайым, адасып қалдың ба?.. Мамырбай, Мамырбай, Тәуірбай, Сауырбай… білем… білем… алып бара­йын, бағып қарайын, жолға салайын, – деп қолынан жетелей бастады. Қай­дан, неғып келе жатқанын сұрамағанға Ақбілек қуанып, еріп жүре берді. Дуана сол қолымен Ақбілекті жетелеп, оң қо­лын­дағы асасын жыбырлата тіреп қара ағаштай қатқан аяқтары қаздаңдап қатты аяңға басты. Анда-санда: «А, балақайым, а балақайым! Көзі мөлдіреп, табаны үлдіреп, қарны ашып, қаны қашып қалған екен ғой…» деп, жыбыр­латып, тақпақтап қояды. Ақбілек не дерін білмей, біресе дуананың шошаң­даған бес тал сақалына, біресе күнге күйген қошқыл омырауына қарап қояды. Түрпідей сүйек саусақтары Ақ­білектің білезігінен мықтап ұстап алып­ты, үйіне қазір алып бара қоятын­дай-ақ ентеңдей басып келеді. Ақбілек өзі шаршап, қалтаңдап әрең жүріп келе жатқан сорлы жетелеген жағына ере алмай, шешесі сүйреген жас балаша қырындай береді. Бір мезгілде Ақбілек сүрініп кетті.
– Дуана-еке, кішкене жайырақ жүр­сеңіз? – деді.
– Ә, шаршадың ба, балақайым? – деп қолын қоя беріп, жайырақ аяңдады. Әйтсе де сау аяңға дағдыланған дуана әупілдеген кеще бұқаша кеудесі куіл­деп, әудем жерге бармай-ақ Ақбілекті тағы артына тастап кетті. Дуананы сөз­бен тежегелі Ақбілек:
– Дуана-еке, ауыл алыс па? – деп сұрады. Дуана:
– А, деп тоқтай қап: – жетеміз, жете­міз, – деді.
Дуана тағы озып кетті. Ақбілек шар­шауға айналды. Бірақ шаршадым деуге ұялды. Тағы да сөзбен бөгейін деп:
– Дуана! – деп бір дауыстады. Бұл жолы Ақбілек маңайда орыстардың бар-жағын сұрады. Дуана:
– Ә, орыс па? Нән жауғырлар, бар ғой, бар ғой, – деп жыбырлатып жөнді жауап айтпады. Жауабына жарымай, Ақбілек өз ауылының қай тұста екенін сұрады. Дуана:
– Анау көрінген тұмсықтың астында болады, деп, көгерген тауды нұсқады. Ақбілек ауылына бүгін жете алмасына көзі жетті. Жақын арадағы елге қонуға әрең деп жетсе сол. Дуана жел­піл­дет­кенмен, Ақбілекке бәрі де алыс сияқты, өйткені аяғы жүруге жарамай, мүлде салдырап қалып еді. Бірталай жер жүрді. Сонда да жете алар емес. Алыста, көз ұшында, адырдың бөктерінде әлде қарауытқан мал, әлде қарауытқан томар секілді бірдеңелер көрінеді. Күн ең­кейіп, намаздігер болды. Ақбілектің қарны ашты, қажыды. Аяғын кебіс соғып, қажап тастады. Әлден уақытта жүруге мұршасы келмей, дымы құрып отыра кетті. Дуана жарты шақырымдай озып кеткен еді; дауыстаған соң, жыл­дам аяңдап жетіп келді. Ақбілек жүруге жарамайтынын білдірді.
– Ә, балақайым, көзің мөлдіреп, табаның үлдіреп… шаршап қалдың ба? А, балақайымды арқалап алайын. Кел, міне ғой! – деп, алдына келіп арқасын тосты.
Ақбілек мінерін де, мінбесін де біл­мей, именіп, аз отырды. Үлкен еркектің мойнына дардай басыман мінуді ұят көрді. Қара мұртқа қатын болғаны, оның құшақтағаны, сүйгені… балаша көтеріп жүргені дереу есіне түсті. Дінсіз орыс еркелеткен арам денесін, қасиетті дуанның арқасына артуды обал көрді. Бірақ дуана:
– Міне ғой, міне ғой деп күтіп отыр. Ел алыс, жүруге әлі жоқ. Амалсыздан орнынан тұрып, бір тамсанып, күрсінді де, екі қолын ептеп дуанның мой­нына апарды. Денесіне тигізуге өзінен-өзі жиіркенді. Мойнына қолы баруы мұң екен, шәлкес аттай адуын дуана: «Яу, пірім!» деп көтеріп түрегелді. Ақбі­лек­тің салбырап тұрған екі аяғын екі қолымен икемдеп, қысып алып, асасын Ақбілекке ұстатып бір лықытып қалды да әлуетті дуана адымдай жөнелді.
Ақбілек дуанаға аттай мініп келе жатқанына күлерін де, жыларын да білмеді. Әйтсе де көңілі жайланайын деді. Өйткені ол орыстың өңгеріп алып қашқанын да көрді ғой. Онда оның алды да, арты да – қараңғы көр еді ғой. Онда адам болам деген үміт жоқ, қорлыққа да, зорлыққа да, өлімге де, ұятқа да басын байлаған еді. Енді оның мініп келе жатқаны адам баласына қиянаты жоқ әулие – дуана. Оның келе жатқан беті – ауылы, әкесі. Әкесін көреді, құ­шақтап көріседі; апасына құран оқыта­ды; әкесін апасындай болып күтеді. Бі­рақ өзін-өзі қалай жұбатса да, жүре­гі­нің басында түйрітпектеліп, бір зілді нәрсе жатыр; ол түйіртпек арқандаған аттай қуаныштың құлашын жаз­дыр­­майды; бір жағы бұған да шү­­кір­­шілік еткісі келсе, ар жа­ғы бұлт құрсаған күндей жа­дыра­майды. Езуі ға­на жыми­ған болады, бет-аузы көзі күлімдейді, ілгіштеніп жібермейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір