«Қарлығаштың ұясы»
Ең алғашқы өлеңімді қалай жазғаным әлі күнге есімде, ұмытқам жоқ, ұмыта алмайтын шығармын. Тарбағатайдың Жәйір деген жерінде тудым. Біздің Жәйірде ағаш пен тал көп болмайды, сондықтан құстардың бәрі жарға ұя салатын. Бір күні жардан ұя көрдім де, мұны әлгі қара қарғалар салған екен ғой деп, тас лақтырдым. Ол жерде қарға емес, қарлығаштың ұясы болғанын тас лақтырып қойған соң бір-ақ білдім. Екі жұмыртқасы жерге домалап түсті.
Жәркен БӨДЕШҰЛЫ,
ақын
Оны көргенде екі бетім ду ете қалды. Қарлығаштың ұясын бұзып қойғаныма қатты қынжылдым. Арада біраз уақыт өткен соң «Қарлығаштың ұясы» деген өлең жаздым.
Ұя көрдім бір жардан.
Тас жібердім алыстан.
Қызыл іздеп қыр шалған,
салды ғой деп сауысқан.
Ұшып шықты қарлығаш
екі бетім ду етті.
Төмен қарап қалды бас,
не мұңайтты жүректі
Алды-артымды кес-кестеп,
қанатымен берді леп.
Кеш, күнәмді, кеш-кеш деп
мен барамын елжіреп.
Бұл өлеңнің әсері сол кезде де жақсы болды, әлі де ыстық. Мұны бүгінге дейін жатқа айтатын замандастарым бар. Алғаш шыққан өлеңнің негізі мығым болса, алғашқы қағылған қанатың мықты болса, кейінгі өлеңдер де жаман болмас деп ойлаймын.
Бұны алғаш тыңдаған замандастарым, тұрғыластарым жақсы қабылдады. Ал кітапқа басылған соң, халқымызға белгілі ақындар жоғары бағасын берді. Атағы жер жарған үлкен ақындарға өлеңімнің ұнағанына қатты риза болдым. Мен ол кезде енді-енді таныла бастап ем, кітабым да жаңа шығып жатқан, сөйте тұра, үлкен ақындардан осындай жоғары баға алармын деп ойлаған жоқпын. Өзім жақсы көретін өлеңімнің өзгелерге де ұнағаны мені қанаттандырды.