«АЛАШИЯ» РИСӘЛӘ-ЭПОПЕЯСЫНЫҢ АЙТАРЫ КӨП
Жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың қазақ азаттық қозғалысының тууы, даму барысы және қол жеткізген нәтижесі туралы деректі, көркем, тарихи-танымдық туындысы – үш томдық «Алашия» рисәләсі «Рух БГ» баспасынан жарыққа шықты.
Қазақ елінің Ресей империясының отарында болып, өмір сүргендегі жай-күйі, халықты жер-судан, ұлттық рухани санадан айыру саясаты дәуірлеген кезеңдегі саяси-әлеуметтік тыныс-тіршілігі, жалпытөңкерістік қозғалыс толқынында өзге ұлттармен қатар оянуы, империя бодандығында өмір сүріп жатқан түркі-мұсылман халықтарының қозғалысымен біте қайнасқан Алаш қозғалысы туралы, сондай-ақ, ұлттық қозғалыс тұтанған бетте монархиялық елде жаңа өркениетке сай демократиялық өзгерістер жасау үшін жүргізілген күрес және оның бастапқы нәтижелері мен жеңісті шыңы жайындағы әңгімелер он дәптерге түзілген. Рисәләнің алғашқы томына енген үш дәптер қазақ даласының жаңа саяси күрес жолына түсуі, жалпы түркі әлемімен мұңдастығын айқындап, күрес жолдарын белгілеуі, елдікті жаңғыртуға тырысқан ұмтылыстарында болашақ саяси құрылым нобайларын түзуі жайынан сыр шертеді. Келесі томдағы төрт дәптер халық өкілдерінің алғашқы төңкеріс дүмпуімен ашылған империядағы заң шығарушы мекемеге көзқарасы, артқан үміті, қазақ мұңының Бірінші Мемлекеттік дума мінберінен көтерілуі, ұлт үшін өзекті мәселелердің Екінші Думада қаралуы, ақырында, Үшінші Думада қазақ қайраткерлері жүргізген парламенттік күрестің тоқырауы туралы әңгімелейді. Қозғалыстың қорытынды кезеңі іспетті соңғы томдағы үш дәптерге ел мүддесін көздеген зиялылардың 1916 жыл көтерілісіне байланысты империяның биік орындарындағы, Төртінші Думадағы күрестері, патшаның тақтан түсуіне байланысты ашылған жаңа саяси мүмкіндіктерді пайдалану орайында жүргізілген іс-әрекеттер, жалпықазақ құрылтайлары, козғалыстың квинтэссенциясы секілденген Алаш-Орданың дүниеге келуі арқау болған.
Балжан ХАБДИНА,
ҚР Баспа және полиграфия ісінің қайраткері