Достарыма биікпін, тамашамын…
09.11.2018
2484
0

Ақын, ғалым, Қазақстанның Халық жазушысы, филология ғылым­дарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері Тұрсынхан Әбдірахманова – ертеректе әншілігімен халқының құлағының құрышын қандырған жан. Қазақтың тума талант, қайраткер қызын еске алуға, соңында қалған әдеби мұрасын зерделеуге арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

«Дұшпаныма, білемін, аласамын,
Достарыма биікпін, тамашамын.
Ақиқаты – қазақтың ақын қызы,
Қай төріңе қойсаң да жарасамын», –
деп өзі жырлағандай, туған топырағы – Қал­батаудың төріне шықты. Аудандағы орталық көшеде еңселі ескерткіші бой көтерді. Ақын туған жер, өскен ортасын ерекше жақсы көр­е­тінін өлең-жырларында анық аңғарт­қан.
«Қасиетінен айналайын
Қарабұжыр Қалбаның.
Киелі өңір, құт дарыған
Қайырымымен Алланың.
Ел басына күн туған бір,
Қиын шақта қысылшаң.
Кім білмейді, бұл таулардың
Елге ризық болғанын».
Тұрсынхан бір басына бірнеше қасиет дарыған, тума талант еді. Өзінің айтуынша, әншілік пен ақындық анасынан дарыған, ана сүтімен берілген болса, ғалымдығы – із­ден­гіштігі мен адал еңбегінің жемісі еді. 1954 жылы сол кездегі С.М.Киров атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіне оқуға түсіп, 1959 жылы қызыл дипломмен бітіреді.
Бойындағы талант, қайсарлық ақынды халқының сүйікті перзентіне айналдырды. Көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықов Тұрсынхан апайды соңғы сапарға шығарып салып тұрғанда тебірене былай деген еді:
«Бір жылы 8 наурызда өтетін институт­тың әйелдерге арналған салтанатты мә­жілі­сінде баяндама жасау маған жүктелді. Ұлы­ла­рымыздың үш қызы туралы «Тұлпардың тұяғы», «Сұңқардың қияғы», «Алтынның сы­нығы» деген сияқты эпит теңеулерді әкелерінің атағына сабақтастырып, төгіп жатырмын. Енді Тұрсынханға келгенде, әсерлі эпитеттер таба алмай, сасқалақтап қалдым. Өйткені, Тұрсынханның әкесі ел білетін атақты кісі емес. Жай шаруаның ғана адамы. Оның үстіне, ерте қайтыс болып, Тұр­сынхан жетім өскен. Жалғыз өзі тыр­ба­нып жүріп, докторлық дәрежеге жеткен. Ақы­ры ойлап-ойлап келіп, Тұрсекеңді ал­тын да емес, күміс те емес, тұлпар да, сұңқар да емес, төрт моторлы ұшаққа теңедім. Ол оның ақындығы, әншілігі, ғалымдығы, қайрат­керлігі еді. Енді, міне, ұзақ жылдар қазақ өнерінің аспанында самғаған, төрт моторлы ұшақ қалықтап ұшып жерге қонды. Екі мотор біржола өшті. Ал, екі моторы өшкен жоқ, өшпейді де. Ол екі мотор – Тұрсынхан­ның ақындығы мен әншілігі», – деген еді. Осы теңеу шынайылығын дәлелдеп отыр.
Биылғы жыл – апамыздың қайта тіріл­ген жылы. Елі, елдің бас көтерер азаматтары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қалбатаудың 90 жылдық мерейтойымен орайластырып апайға арналған мәдени іс-шаралар өткізді. Тойға Қалбатау топырағын­да дүниеге келген, еліне еңбектері сіңген, ауданның «Құрметті азаматы» атағын алған қонақтар шақырылды. Сонымен бірге, Т.Әб­дірахманованың туыстары да осы мерейлі тойға куә болдық. Өмірінің соңғы кезінде табысып, бірі рухани ана, бірі бала болған, апайды соңғы сапарға шығарып салуға еңбек сіңірген, жылына жеткізбей «Сырлы әлем» атты естелік кітабын шығарған, М.­Шо­­лохов атындағы Халықаралық сый­лықтың иегері Сәбит Досанов, профессор Серікқазы Қорабай, Л.Н.Гумилев универ­си­тетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, академик Ғари­фолла Есім, атақты спортшы Дәулет Тұрлы­хановтың анасы Мәрзия апай, Та­раздан келген, «Құнанбай» фильмінде Зере әжеміздің рөлін сомдаған Нұрсипат апай, ақынның бес томдық шығармалар жинағының үш томын шығаруға ат салысқан Гүлнұр Мүрсәлім, С.Мұқанов және Ғ.Мүсірепов мемориалдық музей кешенінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Әбілғазы Қайыр­беков. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық уни­верситетінің профессоры Рахымжан Тұрысбек және туыстары іс-шараның көркі болды.
Алғашқы күні Тұрсынхан Әбдірах­манованың ескерткіші ашылды. Халық өте көп жиналды. Ақынның таспада қалған сыңғырлаған әдемі, ашық даусымен шыр­қаған әні қалықтап, «мен Тұрсын­ханмын», – деп жұртын ерекше тебірентті. Ақын Тө­леген Жанғашев былай жыр-шашу арнады:

Жарма деп жарымағыр кім атаған,
Қалбатау – қалған мұра мың атадан.
Зередей ұлы әжеміз туған жерден
Құдайдың құтты күні қуат алам.
Құнанбай, Абай менен Шәкәрімдер
Тұғыр боп туған шығар, сірә, содан,
Ұлылықты танымайтын қияс адам.

Бұл жерде Әріп өткен әрі барсаң,
Халқына тілі менен жағы қалқан.
Қыраным – Қалиханым жүрген кезде,
Толқып бір кетуші едім, толып ортам.
Әзілхан ағамыз да төсбелгіміз,
Одан асқан орден жоқ тағып алсаң.
Ассалаумағалейкум, арда ағайын,
Бәрі мықты, шетінен бәрі жайсаң!

Бұл жерде Тұрсынхандай туған ақын,
Өмірі мұң болатын, жыр болатын.
Есімі ел есінен барады өшіп,
Өлгеннің өлшеп жатыр кім бағасын?!
«Өзі жоқтың көзі жоқ» деген осы,
Өкінесің, өксисің, қиналасың.
Қалбатаудың халқына мың рақмет,
Қайта оралтқан өмірге қыз баласын.
Конференция соңында сүйінші хабар жетті. Жалғызтөбе кентіндегі орта мектепке ақын апамыздың есімі беріледі екен. Ақын­ның аяқталмай қалған бес томдық шығар­ма­ларының 2 томын шығару жәйі де кеңінен сөз болды.
Тұрсынхан апаларының өлеңін оқыған Абай атындағы мектеп-гимназия оқу­шыларына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Сыдықов Ерлан Бәтташұлы арнайы сыйлықтарын тапсырды.
Ардақты ақын апамыздың есімін кін­дік қаны тамған өлкесінің мерейтойымен ұштастырылуы – үлкен мәртебе. Бұл – Қал­батау ауданының әкімі Нұрлан Бәтташұлы Сы­дықов­тың халқының рухани өміріне, ел мә­дениетінің өсуіне зор үлес қосып отыр­ғанының бір айғағы.
Ғалымның ғылыми шығармашылығы толық қамтылатын библиографиясын құрастырып, Жарма ауданында Тұрсынхан Әбдірахманова атындағы жыр мүшәйрасы күндерін дәс­түрлі өткізуді қолға алу мәселесі де сөз болды.
Конференция аяқталған соң ұлттық ат спорты ойындары (ипподромда) өтті. Ол ша­ра орталық алаңда мерекелік концертке ұласты.
Ә.Нұршайықов ағамыз айтқандай: «Біз­де тек ақын, тек әнші, тек ғалым әйелдер баршылық. Көп. Бірақ, осы үш қасиетті бір өзінде тоғыстырған әйел біреу-ақ. Ол Тұр­сынхан Әбдірахманова еді. Тұрсынхан Әб­діра­хманова ХХ ғасырдағы қазақ әйел­де­рінің ғажайып феномені болды. Бүкіл дү­ниежүзі әйелдерінің арасынан мұндай керемет құбылыс ешқашан шыққан жоқ. Бұл – тарихи шындық».

Мәдениет Мәженова,
ҚР оқу ісінің үздігі, ардагер-ұстаз

ПІКІР ҚОСУ