ҮШЕМ
Пернебай ДҮЙСЕНБИН
әңгіме- тәмсіл
Аядай, жып-жылы, шуақты, нұрлы ана құрсағында олар күн санап өсіп келе жатты. Тал бойларында кішкентай адамдарға тән белгілердің пайда болғандарын ұғына бастады. Қолаяқтарын қимылдатып, бастарын оңды-солды қозғай алатын да болды. Кей кездерде бүк түсіп жатқан аяқтарын жазғысы келгендей, серпіп қалатын өнер де шығарған. Өздерінің осындай жайлы, сенімді, тып-тыныш жайды мекендеп жатқандарына қуаныштары шексіз еді. Кей сәттерде құрсақ иесі екінші жағына аунап түскенде, үшеуі еріктерінен тыс аламан-тасыр қозғалысқа түсіп, сықылықтай күлетін.
Күн артынан күндер өте берді. Бұлар өздерінің түйсік әлемінің кеңейіп келе жатқанын өткір сезіне бастады. Бірімен-бірі тіл қатыса алатындарын алғаш білгенде, үшеуі де қуаныштарын жасыра алмай, құрсақ ішінде аунап түскен-ді. Сол кезде бұлардың құлағына:
– Әй, мына үш тентек қайтеді-ей! – деп, сыңғырлай күлген жағымды дауыс естілді. Сонда қыз:
– Е, мынау біздің анамыздың дауысы ғой, – деп қуана үн қатты. Оған бірінші ер бала:
– Оны қайдан білдің? – деп, таңдана дауыстады. Екінші ер бала басын ақырын бұрып, бұйығылау үнмен:
– Ол бәрін бәрімізден бұрын біліп жүреді ғой, – деді.
– Сонда біз қайда жатырмыз? — деді біріншісі.
– Қайда, қайда? Анамыздың құрсағындамызда! – деді қыз жедел үн қатып.
– Сонда үшеуміз де бір құрсақтың ішінде жатыр екенбіз ғой?..
– Енді қайда жатырмыз деп ойлап ең? – деп мырс етті екіншісі.
– О, онда мүлдем ғажап болды емес пе? Біздің анамыздың жүрегі неткен кең десеңші! Үшеумізді бірдей бір құрсақта аялап, әлпештеп отырғанын айтсаңшы. Қыз үні қоңыраудай сыңғырлап:
– Оны түсінгеніңе рақмет! Үшеуміздің кіндігімізбен бізге арнаған бар нәрін, қорегін жіберіп жатқанын айтсаңшы! – деді.
Анасы шеңбірек атып шеңберленген ішін сыртынан бипаздай жұмсақ сипады да, мейірлі үнмен:
– Әй, балапандарым, не деп жатырсыңдар? – деді.
Осы сәтте үшеуі де тынши қалып, ана алақанының жып-жылы, шырайлы шуағын сезінді.
Ана тебіреністі халде отырды. Орнынан тұрып, айқара ашылған терезе алдына барды. Сыртқа көз салды. Мамыр айының мажыра шуағы айналасын әсем күйге бөлепті. Терезеге тақау өскен алма ағашы аппақ гүлге оранған. Тап бір етек-жеңі ерек желбіреген аққу бейнелі ару қалыңдықтың көйлегіндей.
– Кәне, бәріміз сыртқа шығып, кішкене бой жазайық. Таңғы таза ауа жұтайық, – деді. Олар түйісіп жатқан бастарын көтеріп алды.
Ана сыртқа шықты. Таңғы салқын тұла бойын дүр сілкінтті. Қос қолын құс қанатындай қалықтата жайып, жұпар, саумал ауаны құшырлана жұтты. Аула ішіндегі алуан гүлдердің хош иісі мұрынды жарады. Өткен жылы тау қойнауына саяхаттап барған. Сондағы мөлдір бұлақ басына ұйыса біткен үш түп жалбызды тамыр, топырағымен әкеліп,өзге гүлдермен іргелес отырғызған-ды. Суды үзбей, жүйемелете берген соң тез бой көтеріп кетті. Сол жалбыз биылғы жылы терең тамыр тартып, кең қанаттанып, дүркірей өскен. Әсіресе соның иісі бұрқырап, алабөтен аңқып тұр.
Ана тағы да сөйледі.
– Балапандарым, сендер де мына жұпар иістен құшырлана иіскеңдерші! — деді. Қыз ақырын ғана сыбырлап, екеуіне:
– Сендер иісін сезіп тұрсыңдар ма? — деді. Бірінші бала елгезек үн қатты.
– Иә, иә, сезіп тұрмын. Екіншісі ойланыңқырап барып:
– Иә, иісі енді келе бастады, – деді баяу үнмен.
Кеуделерінде тіршілік тамыры бүлкіл қаққалы бері олар тап мұндай әсер құшағына бөленбеген екен. Осы кезде қақпа сықыр етіп ашылды. Ер адамның дауысы естілді.
– Жаным-ау! Таң азаннан неғып ерте тұрып кеткенсің? – деді гүрілдей сөйлеп. Ана күлді.
– Е, құр жата бергенде не бар сарылып, – деді. – Мына кішкентайларды сыртқа алып шықтым. Таза ауа жұтсын дедім. Жұпар ауа жанды сергітеді емес пе?!
– Қай кішкентайларды?! Ер адамның дауысы қатты шығып кетті.
-Мына кішкентайларды! — деді күліп, ішін нұсқай.
– Өй, сен де! Мені мазақ еткің келіп тұр ма?! – деді сұстана.
– Оған несіне таңданасың? Тіпті олармен мен сөйлесіп те жүрмін ғой.
– Әй, не деп тұрсың? Сен ауысайын деп жүрген шығарсың? Мүмкін сені псих ауруларын емдейтін орынға апарып жатқызу керек шығар. О заманда бұ заман іштегі шаранамен сөйлескеніңді ел естісе, күлкіден шегі түйіліп өліп қалар, – деді дүңк етіп.
Анасы үндемей қалды. Үшеуінің көңіліне үрей кірді.
– Бүгін кешке тойға барамыз. Дайындалып отыр! Мен бір қағазымды ұмытып кетіппін. Қазір алып шығайын, – деді де үйге кіріп кетті. Шыға бере: – Айтпақшы, сенің бүгінгі айтқан қалжыңың менің есімнен еш кетпейтін шығар, – деп мысқыл ұялатқан көз қиығымен мұны сүйкеп өтті. Іштей тынып, үнсіз қалған ана ақырын ғана сыбырлай:
– Мен қалжыңдап тұрған жоқпын, – деп, жеңіл күрсінді.
Олар анасының ілби басып, ішке енгенін білді. Ол келген бетте төсекке сылқ етіп отыра кетті. Ішінен күйзеле күбір етіп: «Мені тіпті түсінгісі келмейді! » – деді. Көз кемеріне үйіріліп жас келді. Өксіп-өксіп жіберді де, жастыққа құлай кетті.
Олардың құлақтарына анасының өксік үні құмығып, тұншығып жетіп жатты. Үшеуі қатты көңілсізденді. Көкейлерінде көбелектей көлбеңдеген көңілсіз ойлар ойнақ салды… «Әлгі кім? Анамызға неге дік-дік етеді?!
Анасы ұйықтап кетті. Бұлар да аз-кем шаққа жандарына тыныштық тілегендей ұйқыға бас қойды…
Ол тіптен көңілденіп алған. Үйге дарылдай еніп:
– Оу, жаным-ау! Марғау жатқан мысықтай иіріліп, мына жатысың қалай? Тұрмайсың ба?! Тойдан қаламыз ғой!
Үшеуі сырттан жаңғырыға естілген дөкір дауыстан шошып оянды. Анасы мең-зең болған басын ауыр көтеріп, күйеуінің жүзіне көз салды.
– Немене той басталмай жатып-ақ шабыттанып алғансың ба? – деді аз-кем ренжулі үнмен.
– Енді қалай? «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шаппақсың ба» демей ме? Бастық үшін жан пида! Немене болды, киінбейсің бе?!
– Сен ренжімеші. Менің сол тойға онша ықыласым ауып тұрған жоқ!
– Әй, о не дегенің! Үлкен бастықтан ұят болмай ма? Сол кісінің арқасында емес пе менің осы дәрежеге жетіп жүргенім. Болмайды! Тұр! Жуын, киін!
– Мына түрімде көп көзіне түскім келіп тұрған жоқ. Бармай-ақ қояйыншы!
– Ха-ха! Ол сақылдай күліп, мұны иығынан қақты. -Жаным-ау, әйелдің ең сұлу кезінің өзі осы емес пе!? Сен дүниеге менің үш перзентімді әкелгелі отырған жоқсың ба?! Мен де елге мақтанбайын ба?! Анау-мынау емес, елудің белесіне шыққанда елге кексе тартқан кәрі айғыр емес екенімді танытпаймын ба? Керек десең, мен оларды социалистік жарысқа шақырамын!
Үшеуі еш нәрсенің мәнін ұқпаған күйде қалды. «Менің үш перзентім» дей ме? Қыздың көкейін күлбілте күдіктің күңгірт, кіреуке тұманы тұмшалады. Екеуіне дыбыстап: «Онда біз оның кімі болдық?» – деді.
Олар тосын сұрақ жауабын таба алмай, әрі-сәрі күй жетегінде кетті.
– Оу, жаным! Тұр, көтеріл орныңнан! Кәне, кәне! Әуп! О, жарайсың!
Той қыза түсті.
Кең залдың қабырғасын жарып жібере жаздап, құлақты тұндырған музыка үніне еліре билеген елден ес кеткендей. Жартылай қараңғыланып, күңгірттенген залды жарқ-жұрқ етіп, оңды-солды осқылаған оспадар жарық жан біткеннің жанарларын қарықтырып өтеді.
Әуелете ауа қармап, семсерше сермелген, аласұра арбаңдаған қолдар сан түсті жарық арасымен сумаңдап суси қашып, көзге көрінбей, ұстатпай жүрген сайтанның сапалағын аулап жүргендей. Зал ішін оңды-солды осқылап, ортекедей ойнақ салған, айқыш-ұйқыш жарыққа шағылған көздерде екіленген ессіздіктің елерме елесі құйындай ұйтқып жүр.
Бір кезде қақсауық тамада салтанатты үнмен:
– Құрметті тойға жиналған көпшілік! Келесі кезекте алтыннан ардақты, күмістен салмақты той иесі – асқар таудай ағамыздың сіздерге арнаған ғажайып шоуын тамашалайсыздар! – деді.
Жарық жалп етіп сөнді, айнала қараңғылыққа шомды. Ілкім сәттен соң көзді қарықтырған өткір шеңберлі шоғыр сәуле ортаға түсті. Сол жерден көзге үлбіреген қып-қызыл жібек жамылғы астында бүк түсіп отырған қыздың бозаң сұлбасы шалынды. Оған ілесе сыбызғыдай сыңсыған саз үні талмаусырап естілді. Бірте-бірте зорая берген сол әуен ырғағымен қыз орнынан ақырын көтеріле берді. Сәлден кейін зал іші көгілдір сәулемен көмкерілді. Қос қолын кере созып, қалықтаған құстай баяу айналып жүре бастады. Осы мезетте әлгі қыз көгілжім сәулге шомылып жүрген жұмбақ бейнелі періштеге ұқсап кетті. Кенет сазды музыканың сиқырлы сазы кілт үзілді де, табан асты алқын-жұлқын әуенге ұласып сала берді. Сол-ақ екен, қыз үлбірек қызыл жамылғысын әуелетіп көтере берді де, сілки серпіп тастады. Елдің көз алдында келбетті, мүсінді қыз тыр жалаңаш қалпында бар пішім, мүшесіменн жарқ етіп көрінді. Бұтында бір қарыс қана қызыл түсті лыпа бар. Аласұрған музыка тойхана төбесін тесіп жіберердей жаңғырықты. Қыз билеп алып жөнелді. Ырғын екпінді ырғақ суынған қанды тасытып, ысытып әкетердей. Бишінің кеудесі, белі, бөксесі алапат бір қимылдың құтырынған ырқына берілген.
Ерен, ерек бітімді қос емшегі құймыр қимылмен алабөтен шайқақтайды. Әредік-әредік әуелей көтерілгенде, төс сүйегін ұрғылап, кері серпіледі. Ана еріксіз бетін басты. Залдың ішін құлақ тұндыра ысқырған шу мен сатырлаған қошаметшіл алақанның ащы үні басып кетті. Қос қанаттағы қонақтар арасынан қызып алған үш-төрт жігіт ентелей ортаға шықты. Биші қызды ортаға алып, алақандарын аямай соғып:
– Әсса! Әсса! – деп еліре айқайласады. Біреуі екі езуіне екі саусағын тығып, құлақты жарардай ысқырып-ысқырып жіберіп, кеу-кеудің көрігін одан әрі қыздырды. «Әссалаған» қошаметшіл топтың қарамы молайып сала берді. Күйеуі де қызды-қыздымен орнынан көтерілген. Ол бетін басып отырған күйі күйеуінің костюмінің етегінен тартып еді, қолын сілке қағып жіберді…
Дөңгелек үстелде көрші отырғандардың біразы биден бетін бұрып, теріс қарап кетті. Кейбірлерінің сөздері жаңғырыққан әуен арасынан еміс-еміс құлағына үздік-создық жетіп жатты.
– Өй, мынасы не бәле?! Шоуының түрі мынау ма?!
– Ойбай-ау, мынауың қазақ қызы ғой, масқара-ай!
– Мынау бір сойқан жаңалық болды ғой!
– Шіркін ақшаның күші не істетпейді, ә!
– Ойпырым-ай, анау төрде отырған баласы мен жап-жас келін не ойлайды, екен, ә?
– Қыз ба ұятсыз әлде той иесі ме?
– Мына елде ес бар ма?!
Ол бір сәт ұрлана күйеуіне көз қиығын тастаған. Қасындағы бейтаныс серігі екеуі өңмеңдеп, жалаңаштың құшағына құлауға шақ қалып жүр екен…
Осы сәтте жұмақтай жайлы болған құрсақ іші де аласапыран бір күйге түсті. Құлақ жарғағын жарып жіберердей сұрапыл дыбыс қағанақтарының қабырғасына бүрісе жабысып, бойын жиырып, қорқып, үрейге бой алдырған үшемді солқылдатқан соққының астына алды. Олар өздерін қай жерге қоярын білмей, көздерін тарс жұмып, бойларын жиырып, құныса түсті.
Ана бұдан әрі шыдап отыра алмады. Сыртқа атыла шықты. Күйеуі келіншегінің жедел басып шығып бара жатқанын көзі шалып қалды. Көңіліне әлдеқалай секем алған ол басы бос бұла тайлақтай бұлғақтап ойнақ салып жүрген ойсан топтың арасымен бүйірлей өтіп, ізінше ілесе шықты.
Келіншегі дел-сал, есеңгіреген халде барып, кішкене хауыз жанындағы арқалы үлкен орындыққа отыра кетті. Мең-зең болған басын қыса ұстады. Ауа жетпегендей тұншығып, жиілете дем алды.
– Оу, жаным-ау, неге шығып кеттің? – деп, күйеуі қасына келіп, сылқ етіп отыра кетті. Аузынан арақтың иісі бұрқ ете қалды. Үстінен қолқаны қапқан күлімсі тердің иісі аңқып тұр.Келіншегі сәл ығысыңқырап, орындық шетіне қарай қозғалды.
-Сен, немене, менен қашайын дедің бе?
– Сенен емес, арағың мен теріңнің иісінен қашып отырмын.
– Енді биледік қой! Анда-санда өстіп көңіл шерін, дене құрысын тарқатпасақ бола ма? – деп, ырқылдап күлген болды.
– Мен қайтам. Тіптен мазам болмай тұр! Үйге жеткізіп салшы! Неге екенін білмеймін, ішімді тым жағдайсыз сезініп отырмын.
– Қой, не дейсің? Толғақ емес шығар. Екі айдай бар деген жоқсың ба?
– Солайы солай ғой! Бірақ мен мұнда қала алмаймын.
– Енді қайттік? Сұранып шығуға үлкен кісіден ұят. Тойымды менсінбегені ме деп бөтен ойлап қалмайды дейсің бе? Ертеңге керек адам ғой.
– Болшы енді, шыдай алар емеспін. Әлгі көп танысыңның ішінен дені сау біреу табылатын шығар. Өзің бармай-ақ қой. Мына қалпыңда ГАИ-лар ұстаса қайтесің?
– Оған бө деме! Ұстаған күнде де жарасы жеңіл. Бос көмекейіне бес-он долларды тығып жіберсең, жуасып сала береді. Асқынып бара жатса, үлкен кісінің қолы ұзын ғой. Кез келгенін қыл кеңірдектен мытып алса, үні өшеді, — деп лекіте, селкілдей күлді…
– Қап, не істесем екен, ә! Құдай-ау, қазір Тимати ән салады ғой. Соны басекең қаншама мың долларға жалдап әкелгенін білсең ғой! Тым болмаса, соны көрсейші!
– Жоқ! Майкл Джексон тіріліп келсе де, жағдайым болмай тұр. Өзің соншама тоқтамай ішетінің қалай? Шынтақпен де түрттім, көзбен белгі бердім, еш ұғынғың келмейді. Ел алдында тұншығып, тілімді тістеумен отырдым, – деп ренжи сөйледі де, бетін бұрып әкетті…
Ана есікті ашып, ішке енді. Қатты шаршаған. Құлақты жеген даңғаза үн құлағын әлі шулатып тұр. Миы әңкі-тәңкі. Аяғын ауыр басып, жуынатын бөлмеге кірді. Айнаға зерлей қарады. Көз жанарында тойға барып, тойлаған қуаныштың титімдей де ізі де жоқ.
Сәлден кейін жатын бөлмеге беттеді. Кіре берістегі жарық нүктесін басты. Бөлме іші самаладай жарқырады. Кереуетке барып отырды. Сол кезде іші бүлк ете қалды. Тағы да бірнеше рет қайталанды. Ішіне алақанын басып, ақырын ғана сыртынан сипап көрді. Езуіне күлкі үйірілді.
– Ей, балапандарым, неғып мазасызданып жатсыңдар? Сендер де у-шудан шаршадыңдар ма? Кешіріңдер, ендігәрі ондай жерге бармаймын!
Үшеуі қуанып кетті. Сезімдерін ірке алмай, бір-біріне мейірлене қарап, мойын бұрысты. Кішкене алақандарын шапақтап, шырайланып қалды…
Күйеуі түн ортасы ауа оралды. Аяғын әлтек-тәлтек басқан күйі келіп, кереуетке сылқ етіп құлай кетті. Тілі бұралып, әрең сөйлеп жатыр.
– Әй, бекер кетіп қалдың!.. Керемет болды!
Ол үндеген жоқ. Аяқтарын бауырына жиып алып, еріксіз құныса түсті. Шомбалдана біткен денесін барынша ірілендіріп тұрған қамсеміз іші былқ етіп, құйымшақ тұсын сүйкеп өткенде, ыршып кетіп, ысырылып әрі жатты.
– Ей, сен немене! Ырқ-ырқ күлді. — Ана ішіңдегілер кімдікі екенін білесің бе? Кәне сыртынан сипайыншы! Қолын созып, мықынына қолын тигізе бергені сол еді, ол орнынан атып тұрды.
-Бүгіндікке тыныштық берші! Не болған саған?! – деді ашуланып.
– Әй, әй, хатун! Шоршыма! Байдан қашқан бейбақ болғың келе ме?! Ол аз-кем үнсіз қалды да: -Ә,ә, жар-р-р-айды! Бұрын сендей тентек хатундарды он екі өрім бұзаутіс қамшымен сойып салушы еді. Бір-р-рақ мен сені өйте алмаймын… Он бес жыл отасқан бедеуді тас-с-тап… тектен тек сені… Иә, он екі өр-рі-рім бұзау тіс… Былдырақтап сөйлеп, сөз аяғын жұтып қойды. Артынша қор ете қалды.
Келіншегі орнынан үн-түнсіз тұрып кетті. Шыға берістегі киім ілгіштен жеңіл халатын иыққа іліп алып, сыртқа шықты.
Толысқан ай тас төбеден ауып, айналаға сәулесін аямай төгіп тұр екен. Гүлдерге іргелете қойылған шалқайма орындыққа келіп отырды.
Табаны мен алақаны ып-ыстық. Жеңіл тәпішкесін шешіп, жерге аяғын төседі. Сондай жанға жайлы, табанға жұмсақ сап-салқын екен. Еңкейіп қолын да төсегісі келді. Іші иліктірмеді. Орнынан ақырын көтеріліп, ұйыса біткен майсашөптің үстіне жайғасты. Бейбіт күйдің жайлы әуені тал бойына шым-шымдап қайта орала бастады. Мақтадай мамық шөптің салқыны денесіне майдай жақты. Түнгі ауаны құшырлана жұтты. Тынымсыз шырылдап, әр тұстан әр бөлек әуезді әуен қосқан шегірткелердің үні айлы түннің әсем сазындай естілді.
Әлгінде ғана ойларын он саққа жүгірткен, өңмеңдеген өкіреш сөздерден денелері тітіркеніп қалған үшеуі бойларын билеген мазасыз халден енді-енді арыла бастады. Бірақ сана төрімен ұйтқи өткен бөтен сөздің астарын ұға алмай дал. «Хатун», «он екі өрім бұзаутіс қамшы» деп үшеуі іштей қайталады. Құлаққа соншама қатқыл, түрпідей тиетін қотыр сөздер екенін там-тұмдап болса да түйсінгендей. Өткір ойлы қыз санасына әке туралы алғашқы түйсік ұялап үлгерді. «Бауырластарым не ойда екен ә?…».
Осы мезетете ана әдемі бір әуенді іштей ыңылдап айта бастады. Алғашында сәл-пәл ұяңдау, жасқаншақтағандай еді. Сәлден кейін үні айқын, ажарлы қалыпта шыға бастады. Әдемі әуенді айтқанда қолын құрсағына тигізіп, оны аялай, ақырын бипаздап сипап отырды.
Әлди-әлди, балам-ай,
Көңілде көп алаң-ай.
Тебіреніп толқиды-ай,
Періште көңіл анаң-ай!
Үшеуіңе мейірім,
Төге де алар ма екенмін.
Аман-есен өссеңдер,
Мұратыма жетермін.
Әлди-әлди, әлди-ай,
Болсыншы ылғи көңіл жай.
Болыңдаршы мен үшін,
Аспандағы күн мен ай.
Олардың да бойындағы әлгіндегі құрыс-тырысы жазылып, жандары жайлана бастады.Бөлекше үнмен, бөлекше әуенмен айтылған ән әуеніне балқыған үшеуі көздерін жұмып, рақат күйге бөленіп жатты.
«Әлди-әлди, әлди-ай» деген жұмсақ сөз үш бейкүнә шақалақтың жүрек қойнауына шұғылалы шуақ себезгілеп төгіп жатқандай. Тәтті ұйқы жұмсақ құшағына тартып әкете берді. Қыз тіпті тал бойы елжіреп, өзінің де осы әнді айтқысы келіп кетті. Басын қозғап, әннің сазды ырғағына беріліп, денесін тербей бастады. Екеуі қарындастың қызықты қылығына сүйсіне қарап, мәз болысты.
Ана таңды көзімен атырды. Орнынан тұрып, үй жанындағы баудың шарбағымен іргелес жатқан шағын төбешікке ақырын көтерілді.
Ауа тып-тынық. Оңтүстік батыстан ескен салқын самал бойды аз-кем тоңазытқанмен, жанға сондай жайлы. Дала жусанының танауды қытықтаған аңқыған, ашқылтым иісі мұң басқан мұнар жүректі тұмшалаған тұманның түндігін түріп тастап, тұншыққан кеуденің кеңісін жұпарымен шайып өткендей.
Шығысқа көз салды. Сонау көз ұшында жон арқасы тақтадай болып керіліп жатқан Қызылқырқадан шеті қылтиған күн баяу көтеріліп келеді екен. Ананың әсершіл, сергек жүрегі лүпи соқты.
– Балапандарым, әне күн ұясынан шығып келеді. Төртеуміздің тағы да бір таңымыз атты. Күніміз арайлы болғай! – деді тебірене.
Үшеуі де ұйқысынан оянып, сергек жатқан.
Тал бойларымен ана жүрегінен ескен сезім толқыны қуалай ойнап кетті. Олар да мұрындарына әлдебір бой сергітер жағымды иістің лебі жеткендей сезінді. Сонау биікке шырқай көтеріліп, бір орнында қозғалмай қанат қаққан бозторғайдың төгілдіріп, құйқылжыған күйлі үні таң ажарын мүлде шырайландырып тұр. Ана көк жүзіне көз салды.
– Балапандарым, ана бозторғайдың әнін естіп жатырсыңдар ма? Иә,иә, менің түйсігім еш алдамайды. Сендердің тыңдап жатқандарыңды біліп тұрмын.
Ана жүзі алқызыл түстен алтындай жалқын түске жылыстай алмасқан күннің шапағына шомылып жатты. Үшеуінің езуіне үйірілген күлкі таратқан шырайлы шуақ, ана жүрегінде уыздай ұялаған сезімдер толқыны тар құрсақ ішін нұрландырды.
Соңғы кездері үшеуі көптен бері толқулы, ерекше сезім күйіне бөленіп жүрді. Бірде олар ана сөзінен үлкен бір сырды көкейге түйіп үлгерген-ді. Олар таяу мерзімде осынау жұмақтай аялы, жайлы қонысты тастап, жаңа әлемге, жарық дүниеге шығатындығынан хабардар болған. Сол жайт құлақтарына тигелі бері өрекпіген сезімдер толқыны кемеліне келіп, кемерінен асып төгілуге шақ жүрген. Олар бұл тағдырлы сәтті асыға күтуде еді.
Ана үйге енгенде, кіреберісттегі айна алдындағы телефон құлпырма әуенмен қоңыраулатып жатыр екен. Көтерді. Жұмсақ әйел дауысы амандықтан соң:
– Ертең таңертең гинекология бөліміне көрініңіз. Кезегіңіз бесінші нөмір. Сағат он жарымда осында болыңыз. Сіз біздің есебімізде тұратыныңызды білесіз ғой.
– Иә, иә. Жарайды! Кешікпей барамын.
Ішке кірсе, күйеуі әлі қалың ұйқының құшағында жатыр екен. Бөлме ішін күлімсі иіс алып кетіпті. Ақырын барып, терезені ашты. Жүзіне көз салды. Толық, дөңгелек бет-аузы жіпсік терден жылтырайды. Астыңғы ерні салбырап кеткен. Жылымшылаған әлдененің езуімен сыздықтай ағып, жастыққа тамып жатқаны көзге шалынды… Ішінен мына қалпымен ертең іссапарға қалай шықпақшы деп күдік ойлады.
Ертеңіне емханаға ерте барды.
Алдында кезек күткен үш-төрт әйел отыр екен. Бір-бірімен бас изесіп амандасты. Соның артынша ішке кіріп келген бір әйел:
– Ә, жаным-ау! Сау-саламатсың ба? Сені де көретін күн бар екен-ау! Өзіңді көрмегелі қанша жаз, қанша қыс өтті!? Тап сені осында кездестірем деп үш ұйықтасам түсіме кіріп пе?! Екіқабат екенсің ғой? Қанша айлық? Өзіңнің ішің тіпті дәу ғой, – деп құшақтап, бетінен алма-кезек сүйді.
Отырған әйелдердің барлығы әлгіге аңтарыла қарап қалыпты. Ол тосыннан жолыққан құрбысына таңдана көз тастады. Әрі қысылып, әрі қуыстанып қалды. Бұдан кейін екеуі коридордың бұрышына таман барып, біраз сөйлесті. Кезек күтіп алаңдап тұрған ол өзінің алдында тұрған әйел дәрігерге кірісімен, орнына келіп отырды. Бір кезде құрбысы:
– Айтпақшы күйеуің қайда?
– Бүгін ертемен көрші облысқа жұмыс бабымен кеткен.
– Өз көлігімен бе?
– Иә. Сонымен кеткен.
– Қанша уақытқа?
– Он шақты күн болар шамасы.
– Оһ-о, бірталайға кетіпті ғой.
– Енді дағарадай үйде жалғыз өзің қорықпайсың ба?
– Кешке сіңлімді шақырып қойдым.
– Е, дұрыс онда. Ол аз-кем отырды да:
– Айтпақшы мына сұмдықты естідің бе? Ол екі көзі үрейге толы халде танысына еріксіз еңсеріле бұрылып:
– Ол не? Не сұмдық?! – деді құрдасына үрке қарап.
– Естімеген екенсің ғой. Кеше телевизордан көрсетті.Мына Үштеректен қалаға шыққан таксиде он алты жасар оқушы қыз босанып қалыпты. Сол баланы қыздың шешесі ала салып, жүріп келе жатқан мәшиненің терезесінен сыртқа лақтырған. Ойбай-ай, миы шашылып жатқанын көрсетті-ау! Мен сорлы бетімді басып, жылап жібере жаздадым. Саған өтірік, маған шын, жүрегім тоқтап қала жаздады! Құдай-ау, солай еткенше, біз секілді бір шикі өкпеге зар болып жүргендерге бере салсайшы одан дағы!
Сол кезде дәрігердің бөлмесінен бас көрсеткен медбике:
– Азаматша, сіз қайда отырсыз? Соншама даурыға сөйлеп, не болды? Айналаңызға қарасаңызшы, қайда отырсыз? – деп қатқылдау үн қатты.
– Ойбай, сіңлім, кешір! Айып менде, айып менде! – деп қолын төсіне қойып, басын иді…
Ана әлгі суық хабарды естіген кезде іші солқ ете түсті. Тұла бойы жиырылып, денесінен мұздай тер шып-шып шықты. Осы сәтте оның көз алды қарауытып, мұнартып, тұманданып сала берген. Іштегі үшеуі де бойларын тарс жиырып алды. Тыныстары тоқтап, тұншыға бастады. Кіндіктері жиырылып, келіп жатқан тіршілік нәрінің дәмі кермек тартып сала бергендей.
Қыз әрең -әрең тіл қатып:
– С-с-сон-д-да қалай? – деді дірілдей сөйлеп. Төбеден жай түскендей есеңгіреп қалған қос бауырының да тілі байланып қалғандай. Қыз ерні дір-дір етіп, жылауға шақ тұрды. Күдікке көп бой алдыратын екінші ер бала:
– Бізді лақтырып жібермейтін шығар, – деді тұншыға сыбырлап. Біріншісі:
– Сондай сөз айтуға аузың қалай барады? – деді ренжіген үнмен. Қыз:
– Болған оқиғаға санам еш жетер емес. Тіпті сенгің келмейді, – деді. Үнінде үркек үрей бар.
Дәрігер алдына ана әрең кірді. Оның сұрақтарына тұсаулы аттай шоқырақтап, шатты-бұтты жауап берді. Әрі-сәрі, беймаза халде отырған ананың қалпын аңғарып, бажайлай қараған жылы жүзді дәрігер:
– Өзіңізді күтіңіз! Тыныштық сақтаңыз. Қобалжуға көп бой алдырмағаныңыз жөн. Әдемі музыка тыңдаңыз, жыр кітаптарын жиі оқыңыз.Табиғат аясында дем алыңыз. Баппен жаяу жүріп, қозғала бергеніңіз жөн. Бәрі жақсы болады, – деді.
Бірақ ана тыныштала алмады. Сіңілісі екеуі бір бөлмеде жатты. Көз алдынан мәшине терезесінен әуелей ұшып, жол жиегіндегі тасқа соғылып, миы шашылып кеткен бейкүнә шақалақтың үрейлі суреті көлбеңдеп кетпей қойды.
Әрі аунады, бері аунады. Дөңбекшумен түнді өткізді. Бір кезде басын көтеріп алып, үстел шетіндегі ілме шамды жақты. Сіңлісі бейғамдау ұйықтап жатыр екен. Қос қолымен маңдайын тіреп, ауыр күрсінді де, аузынан жалын ата:
– Құдай-ау, қай жақтан сайтандай сарт ете қалып еді?! – деді үн шығарып. Сіңілісі оянып кетті:
– Не, тәте? Бірнәрсе дедіңіз бе? Ботадай мөлдіреген көзінде беймаза ұшқын қылаңытады.
– Жоқ, әншейін? Жата бер, — деп, өзін-өзі күштегендей әлсіз күлімсіреді. Қайта жатты. Әрі дөңбекшіді, бері дөңбекшіді. Кірпігі айқаспай қойды.
Сана төрінен дәрігер алдында кездескен құрбысы кетпей қойды.
…Қыз кезі еді.
Бірде екеуі қаладағы автобекеттің алдында кездесіп қалған. Ол қашанғы әдетімен жарқылдай күліп:
– Білесің бе, мен жақын арада тұрмысқа шығам! Бұл оны құшақтай алып:
– О, онда құттықтаймын? Тамаша болған! Бақытты бол! — деп бетінен сүйді.
– Тойда сен маған қыз жолдас боласың ғой!
– Әрине! Мен болмағанда кім болады енді?!
– Жігітің кім?
– Ой, жігітім керемет! Сұлу десең сұлу! Бой десең бойы бар! Шашы бұйра, қасы қою! Нағыз джентельмен! Маған үнемі гүл сыйлайды…
Құрбысының сол сәттегі бейнесі, көңіл күйі тап бүгінгідей көз алдында.
Арада төрт жыл өткен. Бір күні кешкілік жұмыстан үйге қайтып бара жатқан. Шағын сквердің бұрышында орындықта отырған құрбысы назарына ілікті. Ол бұған жалт етіп бір қарады да, бетін бұрып алып кетті. Ілкім сәт аялдаған ол еріксіз бұрылып барып, құрбысына амандасты. Оң көзі көкпеңбек. Ретсіздеу шашымен тұмшалаған болып отыр.
– Не болған, жаным-ау?!
Ол бұның иығына бетін басты да, солқылдап жылап жіберді. Өксігін баса алар емес. Еңірегенде етегі толды. Бүлк-бүлк еткен арқасынан алақанымен аялай сипады! Өксіп-өксіп, үзіп айтқан сөзінен ұққаны -күйеуі күн бермейді екен. Арақты жиі ішеді. Оған қазымыр енесі қосылып, мұның бала көтермей жүргенін бетіне салық қыла береді екен. Сәл нәрсеге бола «кет-кеттің» астына алады.
– Енді не істейсің? Дәрігерге көріндіңдер ме?
– Мен көрініп жүрмін ғой! Бәрі сау, көтересің дейді. Күйеуіңді алып кел, бірге көрінсін дейді. Оған айтам деп, бәлеге қалдым. Ол мені қорладың деп, бас салып сабады. Енемнің айтпағаны жоқ. Құдай басқа салмасын, оның қарғысын естігенде, мына жарық дүниеден безе қашқың келеді, – деді солығын баса алмай…
Көпке дейін соның тағдыры туралы ойлап жатты. Сол айтқан қанды оқиғаны еске алғысы келмеуге тырысса да, әлгі суық сурет қайта айналып, сана төріне ойқастап шыға береді. Таңға жуық әрең-әрең дегенде кірпігі айқасты.
…Биік жардың басында құрбысы тұр екен. Төменде қып-қызыл болып айналып, күркіреген асау тау өзені жалдана ағып жатыр. Солтүстік шығыстан екпіні қатты қызыл жел құтырына соғып тұр. Оның үстіндегі жұқалтаң шыт көйлегінің сартылдаған үні құлаққа естіледі. Жалбыраған шашы да бой-бой болып,дүлей желдің өтінде паршаланып жыртылған жалаудай жалп-жалп етеді. Бет-аузын қанды жас жуып кеткен. Ұясынан алая шығып, жалт-жұлт еткен жанарында суық жарқыл бар. Бет әлпеті әлем – тапырық. Тап қазір жан шошырлық тосын әрекетке батыл бел буғандай халде.
Бұл жанұшыра айқайлап, шырқырай жүгірді. Қолында кішкене нәресте бар. Бауырына қыса ұстап алыпты.
– Құрбым, құрбым! Райыңнан қайт! Тоқта, тоқта! Міне, мен сен аңсаған нәрестені саған апара жатырмын! Құрбысы бұған қарай еңсеріле бұрылды да, қаққан қазықтай қақиып қатты да қалды. Сенер-сенбесін білмегендей аң-таң күйде. Ол аяғын бір санап, екі санап, жартас биігінен ақырын түсіп, бұған қарай беттеді.
– Бұл кімнің баласы? – деді дауысы дірілдеп.
– Бұл сенікі! Сен аңсаған бала! Өзің армандаған бала ғой! Сенің зарыңды, мұңыңды естіген Хақ тағала лақтырылған сәбиді өз құдіретімен қайта тірілтті. Маған түсімде аян берді осы перзентті саған апарып бер деп! Құрбысы еңірей жылап, мұның алдына тізерлеп отыра кетті. Құндақтағы балаға дірілдеген қолын соза берген…
Ана жылап жатып, оянып кетті. Орнынан үрпиіп, шошына тұрған сіңлісінің екі көзі ұясынан шығып кетіпті.
Үрейлі үнмен:
– Тәте! Неге жылап ояндыңыз? Кімге «Тоқта! Тоқта!» – деп айқайладыңыз? – деді. Ол сіңілісіне аңтарыла қарап, дел-сал күйде отырды.
– А, мен сөйтіп айқайладым ба?
– Иә, сөйттіңіз…
Үстін суық тер жуып кетіпті. Сіңлісінен су алдырып ішті. Көпке дейін елес түстің әсерінен айыға алмады. «Құдай-ау, не болып кетті?!» – деп аузынан жалын ата күрсінді.
Үшеуі үрпиіп, айналасына үркектей қарады.
– Анамыз неге сонша көп мазасызданып кетті. «Тоқта! Тоқта!» – деп айқайлағанда, мен шошып ояндым, – деді қыз бала.
– Мен де оянып кеттім, – деді бірінші бала. Екіншісі үндей қойған жоқ. Қыз:
– Сен неғып үндемейсің?
–Мен қорқып жатырмын, –деді.
Соңғы күндері ана бойындағы абыржулы, беймаза хал тым қоюлап бара жатты. Көз алды көгістеніп, аңғалағы батыңқы тарата бастады. Тамаққа да тәбеті онша болмады. Жексенбі күні таңертең жеңіл-желпі шайын ішкен соң сіңлісіне:
– Жүрші, өзен жаққа барып қайтайықшы, – деді. Көкейінде көңілсіз ойлардың құрсауынан бір сәт болса да арашаланайыншы деген ой тұрған. Әрі дәрігердің көп жата бермей, қозғала беруді кеңес еткені де қамшы болған.
Екеуі іргедегі өзен жағасына барды. Су жағалап біраз жүрді. Өзен бетіне шоршып ойнаған балықтарды қызықтады. Ара-тұра шаңқылдап, ерсілі-қарсылы ұшып жүрген шағалаларға сүйсіне назар салды. Айдын бетін бауырымен сызып, ызғи ұшқан қарлығаштырдың жеңіл, ерке қимылы көзді еріксіз арбайды.
Екеуі өзенге төніп тұрған мәжнүн талдың түбіне жайғасты. Үп еткен жел жоқ. Зеңгір аспан бауырымен әр тұстан қалқып бара жатқан аппақ бұйра бұлттар көзге сондай жылы, аялы көрінді. Сіңлісі:
– Тәте, қараңызшы! Өзен бетімен де бұлттар жүзіп барады, – деп сыңғырлай күлді. Ананың жүзіне аспанда қалқыған аппақ мамық бұлттардай жұмсақ күлкі қайта оралды. Сол кезде сіңлісі өзімен бірге алып шыққан шағын радиоқабылдағышты қосқан. Жүрек қылын шертетін, жан сезіміңді шуақты күйге, аздап мұңға бөлейтін әнді айтып жатқан Мәдина Ералиева екен.
Алтын қайық жарасар күймесімен,
Наздана алмас сұлу қыз сүймесімен.
Айқаракөз, жүрмісің,
Сау-саламат, қызыл гүлім-ай?…
Ән аяқталғанда ананың жүзі жадырап, көңілі шуақтанып:
– Қайран Мәдина-ай! Тұла бойы тұнып тұрған ән еді ғой. Сыны да бөлек, сыры да бөлек аяулы жан еді! Әттең маңдайға сыймай кетті-ау! – деді.
Ол әсерлі әннің ауанынан ажырай алмай, мұңдана күлімсіреп, сонау көкжиекке көз тікті. Екеуі де әдемі әнмен әлдиленіп, әсерге бөленіп, жұмақтың төріндегідей күй кешіп отырды. Радиодан соңғы хабарлар беріп жатты. Оларға құлақ сала қойған жоқ. Кенет «Қылмыс хроникасы» деген кезде ана елең ете қалды.
– Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының 28 жасар тұрғыны ауыр қылмыс жасағаны үшін қамаққа алынды. Ол көршілерінің үйде жоқтығын пайдаланып, аула ішінде ойнап жүрген 6 жасар қызды айуандықпен зорлаған.
Ана шошып кетіп:
– Өшірші анауыңды! – деді. – Құдай-ай, бұл дүние не болып бара жатыр? Адамдар хайуаннан да бетер болғаны ма?! Сұмдық қой мынау, сұмдық! – деп айқайлап, орнынан тұрып кетті.
Осы сәтте құрсақ іші аламан-тасыр болды. Қыз шошына шыңғырып жіберді. Қалған екеуі тілдері байланып, бүрісіп отыра қалды.
Кенет қалта телефоны шыр ете қалды. Күйеуінің телефоны. Бірақ бейтаныс еркек дауысы естілді. Ол аз кідірістеп, жөткірініп алды да, мұның аты-жөнін жайлап сұрады. Арғы жақтан әлдекімдердің күбір-күбір сөйлескендері, әрлі-берлі ағындап өткен мәшинелердің үні құлаққа жетіп жатты….
– Ой, құдай-ай! Ақыры қу арақ түбіңе жеткен екен-ау! – деп шамырқана шыңғырып жіберді. Төбеден жай түсіргендей тосын, суық хабардың үскірік аязды, сұрапыл лебі бүкіл жан дүниесін, өн бойын аяусыз қарып өтті. Дауыс шығарып жылауға да шамасы келмеген ана талықсып құлап бара жатты. Сіңлісі сүйемелдей берген…
Ол ес-түссіз күйде ауруханада апта бойы жатты.
Мына тас төбеден таспен соққандай сойқан хабар үшеуінің үкілі үмітін үзіп жіберді. Бұлардың ұжымақтай ұясы болған аялы құрсақ іші қорғасындай ауыр қара бұлтпен құрсанды. Екіншісі әлгі хабардан соң: «Сонда біздің әкеміз болмайды ма?!» – деп ышқына айқайлады да, тынши қалды.
Қыз бір кезде көз жасын сығып алып:
– Анамыз аман болса екен, – деді дауысы дірілдеп.
Ана жетінші күн дегенде есі кіресілі-шығасылы бір халге енді. Көз алды тұмантып, бұлдыр, үзік-үзік сағымды елестің алдамшы теңізінде қалқып жүрді де қойды. Олар бірде ұбақ-шұбақ созылған керуен көштей созылса, енді бірде найзағайдай жарқ етеді де, жоқ болып кетеді. Күйеуі көрінді. Қалың қап-қара бұлттың арасымен қалқи жүзіп бара жатқандай. Бұған соншама бір қимастықпен көз тастап, мойнын ауыр бұрып, әрі қарай берді. Көзінен тамып түскен қос тамшы жас қып-қызыл қанды жолаққа айналып, төмен құлдилап кете барды. Енді бірде: «Ағатай, ағатай, тимеші, тимеші!» – деп құлындағы дауысы құраққа шығып шыңғырған балдырған қыздың ащы, зарлы үні құлаққа жетті. Дудар бас еркек оның аузын тарс басып, тұншықтырып, қалың жынысқа сүйреп бара жатты. Бұл құтқарам деп ұмтыла берген. Сонда оның екі көзі от шашып, мұның бетіне аузынан лап еткізіп жалын атты. Бұл шегіншектей беріп, шалқалай құлауға шақ қалған. Ол шошып кетті де, көзін ашып алды. Көз аңғалағына үрей көлеңкесі кіреукеленіп ұйып тұра қалды. Төбеге көзін аларта, тұнжырай қарады. Қайтадан көзін тарс жұмып алды, қайтадан талықсып кетті. Тар ұясынан сыбдырсыз сусып шыққан сұр жыландай суық елес қайтадан көлбеңдей бастады. Көз алдына жалаңаш тоқ бөксесін бұлтылдатып, құтырына билеген жас қыз келді. Дертіп тұрған қолақпандай қос емшегін мұның бетіне тақантып, дарақылана қарқылдай, сақылдай күледі. Бұл жүзін бұра қашса да, дес берер емес. Бетін көміп, тұншықтырып өлтіріп барады. Терге шомылған қолтығынан шыққан қолаңса иістен басы айналып кетті.Ол көзін ашып алып, лоқсып-лоқсып, құсып жіберді.
Оттегі беріп жатқан мөлдір шыны тұмылдырық иығына аунап түсті. Басын сәл көтерді де, сылқ етіп жастыққа қайта жатты. Күзетте қалғып отырған медбике орнынан атып тұрып,тұмылдырықты қайта кигізді. Осы сәтте ішке кірген дәрігер анаға үңіле қарап, бетін бипаздай сипап, баппен көзін ашты. Жанарында жарқыл, сергек сезімнің сілемі, сілкінісі жоқ екенін көрді де, үнсіз басын шайқады.
– Реакция бар ма?
– Бүгін мазасызданып жатыр. Бірақ әлі тіл жоқ. Анда-санда ыңырсиды.
– Нешінші күн жатыр?
– Жетінші күн.
– Егіз бе?
– Жоқ, үшем.
– Облыстан арнайы мамандарды шақыру керек шығар.
Медбике бас дәрігер кетісімен аппараттарға самарқау көз салды да, боялған тырнақтарын сүйсіне сипалап, сылаң-сылаң етіп, сымпың қағып билеп тұрған сырғасын түзеп, айнаға ұзақ қарады.
Ананың әлсіз санасын бунап алған буалдыр елес тағы да басын торлай бастады. Көз алдына қағанақтарының қабырғасына сүйеніп, бүрісіп-бүрісіп, айналасына жаутаң-жаутаң қарап, үрейлене үрпиіп отырған үшеуі келді.
Кенет, иә, кенет! Мәшине терезесінен кіндігі желмен желбірей, әуелей ұшып шыққан қызыл шақаны ұстаймын деп бар даусымен шыңғыра, ышқына ұмтылды.
Қалғып кеткен медбике шошына оянғанда, ана кереуеттен ұшып түсіп, кеудесін тырмалап, еңірей жылап жатты. Бір кезде көзі алақ-жұлақ етіп, орнынан жұлқына атып тұрды да, есікке ұмтылды. Алдынан кес-кестей берген медбикені ересен бір күшпен кеудеден жұлқи итеріп жіберді.
Есікті қос қолымен серпе итеріп, айқара ашты да, тыр жалаңаш күйі коридорға атылып шықты. Отырғандар шу ете қалды. Біреулер шошынып, біреулер бетін басты. Айнала шуға толып, азан-қазан болды да кетті.
Медбике есіктен сүріне-қабына шыға бергенде, табалдырыққа шалынып, етбетінен түсті. Толық денесін игере алмай, бір ұмтылып, екі ұмтылып:
– Ұстаңыздар, ұстаңыздар! — деп барқырай айқайлады.
Ана жолындағыларды қаға-маға, сыртқы есіктен жұлқына шықты. Ауылда кезекші дәрігер әйел жедел жәрдем мәшинесіне мінгелі жатқан. Мұны көргенде жүрегі тас төбесіне шықты.Тілі байланып қалды да:
– Әй,әй!-деп тұтыға сөйлеп, қос қолын жайып, ұстамаққа қарсы ұмтылды. Одан бұлтара қашты. Ол жүргізушіге айқайлады.
– Әй, ұстасаңшы ана әйелді!
– Ойбай-ау, қалай ұстаймын!? Тыр жалаңаш қой!
– Әй, жалаңашында шаруаң қанша? Күшің бар еркексің ғой! Абдырап қалған еркек аз состиып қалды да, соңынан жүгірді. Үлкен қақпаның аузына жете бергенде, қуып жетіп, жон арқа тұсынан қапсыра құшақтай алды. Дәрігер әйел мәшинеден ақ жамылғы ала салып, бұларға қарай жүгірді. Әйел еркекке еш бой берер емес. Дәрігер шырылдап:
– Ішін байқа! Кеуде тұсынан көтере ұста! – деп безектеп келеді.
Әйел бүкіл ауланы басына көтеріп шыңғырып жатты. Қос шынтағымен жігітті өршелене соққылайды. Мұрнын қанатып алған медбикенің соңынан үдере шыққан ақ халаттылар да әйелге ұмтылды. Сырттағылар бұрыш-бұрышқа тығылып, беттерін басып, теріс айналып кетті. Кейбіреулері сықсыңдап, ағаш,қақпа тасасынан, әр бұрыштан сығалап қарап жатты.
Аласұра айқайлаған әйелді бәрі жабылып, ақ жамылғымен тұмшалай жауып, ішке әкеліп, әрең отырғызды. Біреулері қолдарын, біреулері екі аяғын, біреуі кеудесін қыса ұстады. Екі еркек иығынан басып тұрды.
– Ішін байқаңдар! Ішін байқаңдар! – дейді дәрігер әйел безектеп. Ол:
– Айналайын, жаным, сіңлім! Тынышталшы! – деп басынан сипап жатыр.
– Мә, су ішші! Деміңді басшы. Ол ыдысты иегімен қағып жіберді. Еденге ұшып түскен стақанның күл- талқаны шықты.
Кенет! Иә, кенет әйел тынши қалды. Барлығы іштен тыныс тартып, оның көзіне барлай, зерлей қарасты. Ессіздіктің елерген алау шарпыны жанарында жалтылдап тұр екен. Тіктеп қарағандар көздерін еріксіз тайдырып кетті. Енді аз тұрса, ұясынан атылып шығып, бетке соғатындай. Бір кезде ол шеңбірек атқан ішін қос қолымен айқара құшақтады. Сөйтті де оған бетін төсеп жатып, құлақты жарар ащы дауыспен:
– Балапандарым-ау, мына дүниенің сұмдығын көрмей-ақ қойыңдаршы! – деп, құлындағы дауысы құраққа шыға шыңғырды…