БАЙМОЛДИННІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСТЕРІ
09.11.2018
1841
0

…Шыншыл кісі кім болады тірісінде,
Өлгесін ше? Иә, мен де сол болам.
Сәбит Баймолдин


Бірден айта кетелік, 1942 жылы туып, 2000 жылы өмірден озған, содан бері кейінгі буын (яғни, біз) тарапынан ізделмей жатқан ақын Сәбит Баймолдин өзінің көптеген тұстастары секілді өлкелік географиядан гөрі өзекті биографияны көбірек жырлады. Өйткені бұл ұрпақтың өмірбаяны айтылмай қалуы мүмкін емес Екінші дүниежүзілік соғыс дәуірімен жағаласа басталғаны мәлім. Бірақ, бір өзгешелігі, Сәбиттің сол бір сұра­пыл жылдардың жаңғырығын еске түсіре өрілетін шумақтарында, оқып отырсаңыз, ана тұстан да, мына тұстан да шеккен бей­нет­тер мен жармасқан жоқшылықтар ғана емес, одан гөрі қара қазандардың төңке­ріл­меуін тілеген күрескерлік көбірек көрініп тұрады. Бір ғана мысал келтірейік. Ақынның «Армия семьясы» деп аталатын жеті бөлік­тен тұратын ұзақ өлеңі бар. Сол туындыдағы мына жолдар сол жылдардың бір естелігін анық суреттейді:
…Жесірлер көбейді, жетімдер топталдық,
Бүкіл ел «Армия семьясы» боп қалдық.
Сөйледі ауылдың қара мұрт ағасы:
«Мыналар Отанның өзінің баласы».
Алтыншы ауылдың біз бір топ кетігі,
Боп алдық Отанның, Отанның жетімі…
Көрдіңіз бе, жай ғана жетім емес, Отанның жетімі. Және ақынның осы ұғым­ды үстемелеп айтуы әлдебір өрліктің өрісін байқататындай: «Боп алдық Отанның, Отан­ның жетімі». Міне, осылай өзінің же­тім­дігіне қаймықпай қарайтын (әрине, іштей назаланса да) лирикалық кейіпкердің шынашақтай бейнесі өлеңнің одан кейінгі жолдарында ірілене түседі:
…Сырықтай серейдім, шыншылдың өзі боп,
Отанда көз болса, соның бір көзі боп!
Әсіресе, осы соңғы жол Сәбит ақынның бүкіл творчествосының негізгі өзегі екенін бөле-жара айтқанымыз мақұл. Бұлай болуы, тіпті түптеп келгенде, заңдылыққа да жата­тын сияқты. Себебі, әсіресе, Сәбиттер поэ­зия­ға дендеп кіріскен жылдарда коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексінің талаптарына лайық болу (соның ішінде, жоғарыдай айтылғандай, «Отанның көзі болу») туралы насихат беделді мінбелерде, тіпті мінбесіз бас қосуларда да ерекше сөз болып жататын еді. Оның үстіне бұрынғы әсіреқызыл дидактикалық үгітнамалардың тозыңқырап бара жатқан жабдықтарын әрқилы тірлікті сараптауға қадам басқан әлеуметтік сарындар, қоғамдағы жеке адамның ролі туралы ізгі пайымдар, соның ішінде, әрине, қалам ұстаған ақынның па­рызы мен парасаты жөніндегі сыр шашулар тәрізді жаңа жасаулар алмастыра бастаған болатын. Осындай-осындай жағдайлар Сәбитті де орағытып өтпейтіні белгілі ғой. Ол да ақындық, ақын туралы біршама шу­мақ­тарға қол созды, төмендегіше толғанды:
…Айтар сөзін айта алмаса, оқталып,
Нақ жетімдей қалады ел тоқталып.
Жетім әке — баласы жоқ әке де,
Жетім халық — ақындары жоқ халық.

Жапан түзде көбейсе егер жар мұңы,
Естілмесе әділеттің жарлығы,
Ұсақтығынан емес, ия, халықтың —
Ақындарының ұсақтығынан барлығы.
Әсіресе, осы соңғы екі жолдың қадірі қазір де төмендеген емес. Олай болатын бір себеп, қазір де тасқа басылған сөзді қадірлей жүретін қазақ жұрты әлдебір тосын жағ­дай­ларда ең әуелі ақын-жазушылардың лебіз­деріне елеңдеу дағдысынан жаңылған емес. Бұл, бірақ, әрине, басқа әңгіменің сорабы.
Ал ортақ тақырыбымызға оралсақ, ол заманда да өлең шіркін өлшеніп тартылар таразылар аз болған жоқ. Ол заманда да көктемдегі гүлдердей қаулап өсіп жатқан өлеңдердің арасынан өз қолтаңбаңды ерекшелей көрсетуге ұмтылу естен шыққан ештеңесі жоқ. Әрі-беріден соң бұл тұрғыда Сәбит өз өлең отауын ел ізі түспеген тіпті бөлек жайлауға қондырғысы келгенін де сол дәуірдегі қаламдастары анық байқады. Тек, бір өкініштісі, поэзия толы басын тауға да, тасқа да соққан Баймолдинді түсінуге терең бойлай қойғандар аз болды да, жаттан­ды­лық­қа жаттыққандар көбірек мақталып жатты. Айталық, Мұқағали Мақатаевтың Қазақстан Жазушылар одағының әдеби жыл қорытындысында 1971 жылы жарық көрген жыр жинақтарына талдау жасай оты­рып, С.Баймолдиннің «Қызыл іңір» кітабы туралы айтқанын жалпы қауым қостап әкете қоймады. Ал баяндамашы М.Мақа­таев былай деген болатын: «…Сәбит — ешкімге ұқсамайын деп, есі кете ізденгішті­гімен ақын, іздену жолындағы артық я кем айтуымен де ақын. Жырының салмақты­лығы; тілінің ащылығымен де ақын. Тіл өнеріндегі дертімен де, орнының оқшау­лы­ғымен де Сәбитті қабылдауға болады. Өткен жылғы жарық көрген оның «Қызыл іңірі» осының айғағы». Міне, осылай ізденген ақын Сәбиттің өлең туралы өлеңі де өзгеше болуы заңдылық еді:
Бақыт па… бір қараға бет түзедім,
Өмірімнен өлең ғып от тіземін.
Қайткен күнде, мен осы өлеңімді —
Ішер тамақ дәрежесіне жеткіземін.

Бақыт па… бір қараға бет түзедім,
Өмірімнен өлең ғып от тіземін.
Қайткен күнде, мен осы өлеңімді —
Киер киім дәрежесіне жеткіземін?!.
Бір қарағанда тым қарабайырлау көріне­тін секілді. Тамақ пен киімді поэзиямен са­лыстырудың жөні жоқтай-ақ. Бірақ, өлең­нің басты міндеті ізерлей келгенде ра­сында да пенде байғұс күнде (мейлі, тіпті оқта-текте болса да) іздеп отырарлықтай қажеттілікке, яғни рухани азық-түлікке ай­налу емес пе?! Міне, осылай түйсінген ақын үшінші шумақта негізгі мақсатын паш етеді:
Бақыт па… бір қараға бет түзедім,
Өмірімнен өлең ғып от тіземін.
Қайткен күнде, мен осы өлеңімді —
Жарық сәуле дәрежесіне жеткіземін.
Сәбит өлеңді, міне, сондай-сондай дәре­желерге жеткізу үшін жазатынын жа­сырмағаны көрініп тұр. Бұл да жұрт соңынан елпілдеп ере бермейтіндікті аңғартатын жеке мінездің бір көрінісі. Осы сөзімізді дәлелдеу үшін бір мәселеге тоқтала кет­кеніміз жөн. Бажайлап отырсаңыз, оннан астам жыр жинағын шығарған ақынның қаламынан туған сүйіспеншілік туралы жырлар тым аз, тіпті, асырыңқырап айтсақ, жоқ деуге де боларлықтай. Неге? Махаббат лирикасы дегеніңіз кез келген ақынның творчествосынан ойып орын алатын тақы­рып еді ғой. Ал бұл ақыныңыз бұл тарапта тым сараң. Мұны ақын «Інілерге» деп аталатын өлеңінде ұқтырады. Және ол бұл «мінін» бірінші шумақтан-ақ мойындайды:
Бір өлең де махаббат жайлы жазбаймын,
Жазғыра бер, нәзік ұрпақ, о, мені.
Ұша берем қаңқылдап мен қаздайын,
Оятамын шетсіз-шексіз дүниені.
Одан әрі ақын соғыстан оралмаған әке­лердің соңында қалған жалғыз-жалғыз тұяқтардың талайының басында болған жайды баян етеді:
…Орта ғасыр бәйіттерін жаттағам,
Тарыққам жоқ мен «аһ» ұрып шөлдеп кеп.
Он сегізге шын асыға аттағам —
Бір кемпірді қуанту тек міндет боп.

Тез өсірсе деп ойлағам келер күн,
Шаңырақты тікейтуге ой кеткен.
«Біздің үйге барасың ба?» дегенмін, —
«Барамын!» деп айта салды бойжеткен…
Әрідегі Ләйлі-Мәжнүн мен Фархад-Шырынның, берідегі Қыз Жібек пен Төлегеннің ғашықтық хикаялары әркімнің талан-тағдырына кірісе берді дейсіз бе, Сәбит ағамыз бен Жантөре жеңгемізге бұйырған бақ басқаша болған секілді: «көзбен көр де, ішпен біл». Дегенмен осы өлеңнің соңғы шумағы бәрібір Сүйіспен­шілік пен Махаббатты шынайы дәріптейді:
Есімде жоқ жастық дауыл.
Көп елес,
Менде де сол
жүрек деген елші бар.
Махаббатшыл ұрпақ, бәлки, сен емес,
Үнсіз, түнсіз сүйе білген мен шығар.
Қалай болғанда да оқырман ретінде маған, мысалы, қай кезде де тұтанғыш сезім­нің жауапсыз қалған тілегін жылана жоқтайтын жалт етпе жалған шетсіз-шексіз күңіреністерден гөрі шындығын бүкпесіз жайып салған осы өлең көбірек ұнай береді. «Үнсіз, түнсіз сүйе білу», бәлкім, жақсы көргеніңді (бір емес, әлденеше рет әлденеше қыз бен келіншекті ұнатып қалғаныңды) жалпақ әлемге жағың талмастан жариялап жүруден гөрі әлдеқайда қиын шығар-ақ.
Махаббат дейтін әлемге көзқарасы осылай болғанда Сәбит Баймолдин сонда қандай тақырыпқа қалам тербеді? Біздіңше, ақын өлеңдері көтерген негізгі жүк — әлеуметшілдік сарынмен астарланған аза­мат­тық әуен. Сәбиттер заманындағы сол әлеуметшілдік сарынды, азаматтық әуенді қазір басымыз қосылса барлығымыз жабыла жамандай жөнелетін социалистік реализм күресініне лақтыруға дайын тұратынымыз бар. Рас, лениндік саясатты, компартия мұратын, кемелденген социализм келбетін өңеш кере жырлаған шумақтарға шүйлігуге болар, бірақ, айталық, азаматтық әуеннен біржола бас тарту мүлде мүмкін еместігі және аян ғой. Ақынның «Туған елді сүйің­дер» деп аталатын өлеңі бар. Ол кезде КСРО-ның ұлан-байтақ территориясын да туған ел есебіне кіргізіп жіберетініміз рас еді. Бірақ Сәбит нақтылыққа сүйенуді басты шарт санайтын мінезімен бұл бұлыңғырлық­ты алғашқы жолдан бастап-ақ сейілтіп алады. «Атамекен. Көз алдымда барлығы, Өзен-тауы, әні-жыры, тағдыры» деп бас­та­ла­ды өлең. Одан соңғы шумақтардың бірінде:
…Атамекен. Ой ғып ойлап күнін әр,
Жыр ғып тербеп, тебіренеді тұрып Ар.
Бізде кім бар, туған елден басқа осы,
Туған елдің бізден басқа кімі бар?

Жылдар келер жыл артынан тиеліп,
Үй тігілер үй артынан үй еріп.
Үйретейік сүюді де балаға,
Өзіміз де келістіріп сүйелік, —
дейді ақын. Келісесіз. Рас, «ой ғып ойлап» деген тіркестің дұрыстығына күмәнда­нуы­ңыз мүмкін. Тіпті «тұрып Ар» деген тіркес те ұйқас үшін алынғандай болып көрінер. Бірақ, сәл зерделесеңіз, тіпті де жантайып жатпайтын, қай уақытта да қылышын қай­рап атып тұратын Ар-Намысты көзге елес­тетуге болады. Дегенмен мәселе мұнда да емес, мәселе одан да арғы бірер шумақ­тар­дың салмағында жатыр. Оқыңыз:
…Өз елімді «әкем» деп те, «анам» деп,
Басқа елді жақтырмау да маған жат.
Әрбір халық бақытты болмай, меніңше,
Еш бақытты бола алмайды Адамзат.

Дөңгеленіп өте берер толған Ай,
Отыра алман абызы боп толғамай.
Меніңше де, қорғалмайды Адамзат,
Әрбір халық өзін-өзі қорғамай.
Микроскоппен үңілсеңіз, өлеңде айтыл­ған «өз елімді» де, «басқа елді» де, «әрбір халықты» да жаңылыспай тауып алуға бола­ды. Бірақ әлде әр жолға шұқшия-шұқшия көзі ауырған кеңестік цензура сол тұста шы­нымен шаршады ма, әлде «құрысыншы, ел дегені КСРО ғой, бара берсінші» деп қолын бір сілтеді ме, әйтеуір астарлы жыр жи­нақта жарияланып кетті. Әттең, ақын­дар­мен арпалыса-арпалыса ақиық болған сол цензура секілді өлеңге атауына қарата баға бере салуға дағдыланған оқырман да бұған онша назар аудара қойған жоқ. Сол тәрізді ақынның «Саны аз халық болады, Жер айтады ол жайлы. Жаман халық жоқ әлі, Кіші халық болмайды» деп басталатын өлеңі де елеусіз қалды.
Иә, Сәбиттің жиі оралатын қазығының бірі — осы жүйе — туған жер, туған ел. «Да­лам менің — маңдайымда тұрған Ай…», «Халқымыздан тіл алдық, ұзын әрі…», «Күн­­көріс қамы жоқ есте…», «Туған ел», «Әй­теуір Отан болып сөйлейміз біз», «Сурет­­шіге», «Ой», «Елу алты сом» тәрізді көптеген өлеңдеріндегі көптеген тармақтар атамекен алдындағы қарыз пен парызды қайта-қайта еске салуымен, еске салғанда да оқыс тоқталып оқуға мәжбүр ететін өзгеше үнімен құнды: «Намыс, намыс — халықтың ізі, жаны, Байлығы да, кісінің қы­зы­ғары. Намыс десек — халықтың денсаулығы, Намыссыздықтан денсаулығы бұзылады» немесе «Сырымды айтқам, айтпасам сенделемін, Ауырамын, сеземін ем керегін. Отанның кеудесі де сондай шы­ғар — Сондайда Отан болам мен дегенің» әйтпесе «Өткен күннің салдырлатып тиы­нын, Мен халықтан сұрап жүрем қанағат» болмаса «Бәрі жақсы-ау; «дала» деп жазар жігітке Өзім қаламсап болғым келіп тұр­ғаны-ай». Осы келтіріліп отырған бүтін, жарты шумақтардан Сәбит өлеңдерінің тұтас бейнесінің ілкі сұлбасы шығады. Ол көз тоқтатар ноқаты кемшін ұзынсонар желдірмелерге ұрына бермейді, тізгінді қай жерде қалайша тартып ұстауды жақсы сезінеді. Бұлай болатын себебі де бар. Отан, ел, халық туралы өлеңдер қай кезде де аз болған емес. Бірақ мұны көпсінудің және жөні жоқ. Тіпті көпсінген күнде де өлең­дердің қаузаған тақырыбын емес, бір-біріне ұқсастығын, сол ұқсастықтардан пайда болатын тартымсыздықтарды ғана көпсіне­міз. Сол себепті осыны әбден ұққан Сәбит­тің, әр өлеңнің өз мінезі болуы керектігін пайымдаған Сәбиттің тосын ізденістерге барғанын таңсық көрудің де қажеті шамалы.
Жалпы Сәбиттің жырларын негізінен бір нүктеге ұштасқан бір үштаған биікке көтеріп тұрады: туған ел — адам — ақын. Ол туған елді жыр етсе, тек өзінің жеке басының ықыласын білдірумен шектелмейді, сол туған елдің жоғын жоқтайтын адам боп жүру мәселесін сөз етеді. Ал ақындық туралы сөз қозғаса, өмірін өлеңнің көгеніне ғана бай­лап қоймайды, қаламгердің туған елге пай­дасы қандай болуы керектігін үнемі түрт­пектеп айтып отырады. Былайша айтқанда, адам мен ақынның туған елдің мүддесіне сіңіруі қажет еңбегін бөліп-жармайды, тұтастай назарда ұстайды.
Міне, осындай қалам иесінің кенеттен тамылжыған табиғат туралы сүйкімді өлеңдер жазуы мүмкін еместей де көрініп кететіні бар. Тіпті де олай емес. Бірақ бұл ретте де Сәбиттің өз мінезі көрініп тұрады. Ол әйтеуір көрікті көктемді гүл бүр жарар нұрлы шақтың хабаршысы не аязды қысты қаһарлы кезеңнің қатал билікшісі есебінде ғана бейнелеуді мақсат тұтпайды. Ол сол маусымдардан көзге ерекше ілігер детальдар іздейді. «Жазғытұры» деп аталатын өлеңдегі мына жолдар осының куәсі:
Көкжиекке қараймын бойға
жаңа сөз дарып,
Бәтеңкемді түртеді жаңа
тірлік қозғалып…
Бұны кәдімгі көктемгі тіршіліктің еш­қан­­дай қызыл-жасыл бояулары қосылмаған қарапайым бейнесі десек те болатындай. Бі­рақ, бір жағынан, сол қызыл-жасыл бояу­лар осы екі жолдың арғы жағынан сығалап та тұрғандай-ақ. Қонышты етікті емес, жай­пақ бәтеңкені қандай жаңа тірлік түртетіні белгілі ғой. Ақын осы көктем туралы өлеңдерінің және біреуіне «Асығыс» деген атау қойыпты. Расы да сол-ау. Қардың еруі, мұздың мүжілуі, өзеннің тасуы, бұтақтың бүршік жаруы, барлығы да көңілдерді әл­дебір тағатсыздыққа итермелеумен болады. Өйткені өзің бұлдана басып жүрген қара жер түгілі көкте де солай:
Асығыс бұлдыр бұлттар да,
Бу шығып бүйірлерінен,
Тиеліп алып шықтарға,
Барады үйірлерімен…
Жалпы Сәбит жұрт алдындағы жеке жауапкершілікті еске салып отыратын тия­нақты өлеңдерінде қаншалықты қытымыр болса, мың-сан құбылғыш табиғат туралы жырларында да соншалықты үнемшіл. Ол іздегенде табылатын танымал тіркестерді, оңай пайдалана қоюға ыңғайлы оңғақ бояуларды нәпақа етпейді. Ауыл сыртын­дағы бір көріністің мына бір суреті де көңіліңді түрткілеп өтеді:
Бәз баяғы таныс үн,
Ойнақтайды мың күліп.
Долы бұлақ ағады
Суретімді сындырып.
Ал келесі бір қос тармақта ақын табиғат­пен тым туыстасып кетеді, жердегі әлсіз пенде мен көктегі ғаламат қуаттың салыс­тыр­­малы түрдегі ортақ ұқсастығын көріп қалады:
Ұясынан жұмысына бара жатқан
Доп-домалақ күннің де қолын алам…
Міне, осылайша қай тақырыпқа қалам тербесе де өз сөзінің ерекше мінезін көр­сету­ден танбаған Сәбит ақынның кітаптары туралы бірер сөз айтуға тиіс болғанда сонау кеңестік кезеңде беташар бетке тым тым сараң жазылатын ресми тілмен тамырлас аннотациялар да бұра тартпапты. Соларға үңілсек, өз кітаптарында ақын, кейін біз де мойындағандай, «шындықты жырға қосып­ты», «азаматтық парызды терең сезінуге үндепті», «жас ұрпақты отаншылдыққа, белсенділікке, елді, жерді, адамды, әділетті сүюге» шақырыпты. Ақынның осының барлығын сыйғызып айтқысы келген мына бір шумағын қадалып оқығанымыз бар:
Өлең ғана бұ тірлікте қол маған,
Басқа нәрсе ойымда еш болмаған.
Шыншыл кісі кім болады тірісінде,
Өлгесін ше? Иә, мен де сол болам.
Әлдебір әшекейлер қоспай осылай тіке айта салу да тек Сәбит Баймолдинге біткен ақындық мінез еді.

Ертай АШЫҚБАЕВ
Ақтөбе қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір