Жәлменде би
02.11.2018
1607
0

Ұзақбай Доспанбетов

Романнан үзінді

Көктем туды. Сәуірдің ал­ғашқы күндерінде-ақ күн ысып берді. Жәлменде Сиязтөбеде жиын өткізіп жатқан. Әңгіме сол топыраққа тұқым сіңіру, арық-тоған қазу төңірегінде. Сәскелікке таман жиынның ең бір қызу шағында Бәйменде төбе басында сырғауылдай серейген Жәлмен­денің ту сыртынан көтеріліп, оны иығынан тартқылады:
– Жәкешім! Жәлмендем! Біз­дің жиынға оншақты орыс келіп тұр!
– Орысы несі? Қайдағы орыс­тар?
– Жоғарыдан сумен ағып ке­ліпті.
– Сумен аққаны қалай?
– Кәдімгідей, бөрене ағаш­тарды бір-біріне байластырып, сал жасап, мына Қараталдың суымен жүзіп келіпті. Әне, осы жерден де сұлбалары көрінеді.
Жәлменде қабағын ажырай­тып, Сиязтөбенің айналасындағы аттылы-жаяуы аралас мол қара-құраның арт жағында түсі бөлектеу бір шағын шоғырдың состиғанын байқады. Сақал-шаштары жал­бы­раған, киім киістері де бөлекше, кең жерден аз орын таппақтай бір-бірін мінбелей иық тірестіріп, тым ұйлығысқан күйде тұр.
– Жүрістері жай ма? – деп сұрады Жәлменде.
– Е, іштеріне кім кіріп-шы­ғыпты? Араларында бір жұттан шыққан жұрындай құр қаңқасы қатып-семген, сап-сары біреуі бар екен, бірақ тіл-жағы ақаусыз, қазақшаны суға малта салғандай езіп сөйлейді. Содан ұққаным үй тұрғызамыз дейтін сыңайлы.
Жәлменденің бүйрегі бүлк ете қалды. «Кәсіп іздегендер шығар, бізге керегі осы емес пе еді?» Бірақ бұл пайымын әлдекімнің көзі тиер дегендей сақтық жасап, ішке бүк­ті.
– Сен, Бәйменде аға, не айту ке­ректігін білесің ғой, мына жиын­­ды жалғастыра түс! Жұртты тар­қатпа! – деп бұйырды. Сол шақ­та кіші ағасы Бименде де бері көтеріліп бұларға жақындап еді. – Сен, Бименде аға, осындағы басты адамдарды ана орыстарға қарай ертіп әкел! Мен де соларға барамын!
Қас пен көздің арасында Жәл­менденің үйреншікті тобы орыс келімсектерімен беттесті. Бұлар шынында оншақты емес, одан кө­бірек еді. Шамамен, он бес-он ал­тыны құрайды. Іштерінде екі әйел бар. Еркектерінің кигені ұзын жейде-дамбалға ұқсайды. Бел­дері шүберек жіппен, қайыс тас­памен буылған. Аяқтарында ағаш қабықтарынан өрілген шабата. Әйелдері түсі белгісіз, ума­ждалған, тізеден төмен көйлек киген. Өрім иықтылары да бар. Тек бәріне ортақ бір белгі жалбы­раған шаштары ұзын, егер сақал­дары болмаса еркек-ұрғашысын айыру да қиын. Қабақ жүндері де ұзын, көздері көк, күлгін түстеніп, шүңірейіп, әлдебір үміт, ойлы қараспен құбылады. Жаңағы Бәй­менде атаған жұттан шыққан жұ­рындай, құр қаңқалы сап-сарысы суырылып бері шықты:
– Сіз осындағы старшынсыз ғой. Мына орыс жұртының өкілдері Ресейдің Алтай өлкесінен. Патша жарлығына орай осында қоныс аударып, кәсіп табылса біржола тоқтамақ! Бұлар шетінен ағаш үй салудың шеберлері. Сіз­дерде орман-тоғай көбірек екен. Демек ағаштың түр-түрі бар. Жи­де, өрік, қараағаш, басқасы да үй салуға жарай береді. Сіздерде қыс қатты, жазы да ыстық деп естідік, демек, ағаш үйлер сіздер үшін өте қажет. Мал қорасын да сала алады.
Жәлменде сөз саптасына қа­рап, бұл құр қаңқалы сап-сарының татар екенін бірден-ақ аңғарды. Әлгі Дүңгене сапарындағы татар көпесі Ибрагимді және оның қасындағы Тұрсын Бабаевты қоса елестетті. Бірақ олардың киім-киісі де, түр-түстері де хан затына бергісіз. Олардың қасында мы­на­лар­дың түрлері адам шошырлық, тіпті көрден шығып келгендей-ақ.
Жәлменденің алғаш аузынан шыққан сөздер:
– Ақысына не сұрайды екен?
Сап-сары татар жауаптан мү­діре­тін емес:
– Бәрі келісімге орай. Орыс ақшасымен де, малмен де өтеуге жол ашық. Сиырмен, қоймен өтеу­ге болады.
– Орыс ақшасы бізде емге жоқ. Сиыр малы да тапшы. Тек қой жарықтыққа арқа сүйемесек?!
Татар артына бұрылып, Жәл­мен­денің жауабын орысшалап жет­кізіп еді, келімсектер жел шай­қа­ған бір шоғыр ағаш бұтақта­рындай тербеліп, дабыр-дұбыр етісті. Жәлменденің сөзін құп көргендері салған жерден білінді. Келген ізімізбен кері қайтарып жібере ме деген қауіп меңдеп ке­ліп, енді арқа-жарқа болып қуан­ған райлары шаң берді.
– Мына орыс ағайындар оған келісіп тұр. Арагідік жылқы алуға да әзір, – деді татар тілмаш.
Сол шақта Жәлменде түрі ала­бұр­тып, үлкен кезең асуға әзірлен­ген­дей қайратқа мінді. Ту сыртын­да иіріле қалған Жазылбай, Тілеу­ғұл, Қолдас пен оның баласы Мұса, Ойшы, Ерболған, байшікеш Хамза, осылардың бәрін көп ішінен түртінектеп тауып, оңа­ша­лап ертіп келген жаңағы кіші ағасы Бименде, інілері Әлке, Ас­қар­бай, Төртуыл, тағы екі-үш
ке­к­се – бәрі бойларын жазып, жас старшынның тап қазіргі мына жат-жұрттықтарға арнар сөзіне солардың өзінен кем емес іштей ықыласпен ден қойды. Жәлменде де соны сезді ме даусын айқынырақ шығарып, әрбір буынын өз ор­нына шегелеп, орыс пен қазақтың санасына біржола бекіп қалсын дегендей тақылдай жөнелді:
– Сен, татар бекзадасы! – деп әуелі тілмашқа бір көпшік қойып тастады. – Сен қазақ пен орыстың арасындағы алтын көпір іспетті жансың, әрі Мұхаммед пайғам­бар­дың үмбетісің, осы соңғысын ескерсең сен бізге, қазақтарға іш тартасың, содан үміттенеміз. Сен мыналарға дұрыстап, асықпай жеткіз, біз қазақ ежелден қақаған қысқа да, аптап жазыңа да киіз үйде отырып-ақ шыдағанбыз. Тап қазір бізді қылкеңірдектеген ол емес, өзге бір шаруаның қыспағы батып барады. Біз жер емшегін емуге бет бұрдық. «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деген жеті атамыздан қалған на­қыл санамызға енді ғана орнықты. Бірақ арпа-бидай да, тары да, басқасы да мынадай құмдауытты жерде сусыз өспейді екен. Қуаң­шылықта тіпті жаман. Атыңнан айналайын мына Қараталдың суы бабаларымыздың аманаттаған ырзығы. Дегенмен оның ырзығын әрбір түп тарыға, не бидайға уыс­тап тасып ек береке таппадық. Шығыр, атпа дегенің айтып ауыз жарымас дүние екен. Арық, тоған қазсақ дейміз. Алыс-жақын ағайын­дар бәрі солай ақыл салуда. Өрдегі елден ол істің шет-жағасын көріп те қайттық! Әлі де көрмекпіз. Татар туысқан, ұзын сөздің қысқасы, мына шоғырыңа өне­ріңді салып әдіптеп, әдемілеп тү­сін­дір, мына мөп-мөлдір дариядан қай тұстан құлақ шығарған жөн, су қай тұста жақсы жайылады, тары мен бидай су барса қай бағдарда жақсы қаулайды, міне, соның бәрін білгірлікпен шешіп, арық-тоған қазсын! Бір емес, бірнешеуін! Соған болыссын! Үй салуға кейін де уақыт табылар. Мынаны да қосып айт! Көмекші жігіттер, мініс аттарды бүгін әзірлеп беремін! Ал ақы-пұлынан қам жемесін, қой мен жылқыны тап осы шаруа үшін аямай төгеміз.
Жәлменде өз сөзінің соңын қазақшылыққа басып, осылай тым жомарттықпен аяқтады. Татар тілмаш есімі Мәсім екен, қазақ старшынның өтінішін оның өзінен де көп асырып, тым ұзақ етіп жеткізді. Орыстар әуелгідей емес, енді шашырай, кейбірі тіпті ағаш түбірлеріне, шөптесінге құй­рық басып, саусақтарын шошаң­датып, өз тілдерінде күшене ыр­ғап-жырғады. Бір-біріне кереғар пікірлер білдіргенге де ұқсады. Мұн­дайда қазақ ортасында әйел­дер көбіне аузын буып отырады да, еркектер сөйлейді ғой. Мыналарда аса олай емес. Үстілеріндегі көй­лектері ілем-жілем, иықтарын жапқан сарғыш шаштары дудыра­ған әлгі іштеріндегі екі әйел бар емес пе, солар біраз ау-жайды түйді де кенеттен жұлынып шыға келді! Аңшы мылтығынан шо­шынған көлдегі қаз-үйректер­дей қаңқылдап, тілдерін аша етіп, мынау ес таппай шоқиған, қонжи­ған өз еркектерін қанаттарымен сабалап кеп берердей мінез көр­сет­ті. Орысшаға мүлдем мақұрым қазақтарға олардың кейбір сөздері мағынасы түсініксіз болса да, сол өз қалпында мына екі әйелдің ауыздары арқылы көкіректеріне қонақтады. «Понимаешь», «согла­си­тесь», «устали» деген сияқ­ты­лары көкіректеріне ғана емес, Жәлменде тобының кейбірінің тілдеріне де оралатындай.
Әйелдері осылай шамырқанып барып саябырлағасын да еркек­терінің басындағы ойлар ағыны белгілі бір арнада тоғыспай бәрі екі дай болғанға ұқсады. Қазақтар орыс шаруаларының түр-түстеріне көз құмарларын біраз қандырып, татар тілмаш Мәсімге алақтасты. Тек ол әзірге не айтарын білмейді. Мына келімсектердің неге то­қайласарын күткені бет-әлпетінде ап-айқын жазулы. Ақыры, бұл да тілге келді-ау!
Сөйтсе мәселе мәнісі мынау екен. Бұлар қазақ старшынның ең әуелі арық-тоған қазамыз дегенін барынша құп көріпті. Тек мына аз ғана топ жоғарыдағы орыс келім­сектерінің осылай сумен ағызып жөнелткен шолғын­шы­лары екен. Әрі бұлардың көбі ағаш үй тұр­ғызудың шебері. Ал арық-тоған қазу үшін бұларға тұрақтылық керек, жоғарыда бөгелген, яғни Талдықорған қыстауы маңында уақытша іркілген өз отбасыларын осында көшіріп әкелуге мұрсат та, рұқсат та берілуі керек. Бұлардың керекті темір құрал-жабдықтары, саймандары бәрі сонда. Бүгін кө­шіп келсек ертең түртпектемей ме деген сауал да қара шұбар жылан­дай мойындарына оралған жайла­ры бар. Міне, осының бәрін Мәсім кеңейтіп, бүге-шігесіне дейін қалдырмай тиянақтап жеткізді. Мұны естігенде Жәлменденің табиғи зердесі ерекше қарым­дылықпен жұмыс істеді. Арғы-бергіні тұтас есіне түсірді. Өткен аптада ғана осы ортада екі аптадай қонақтап, сауалы да, жауабы да мол дүниені төбелеріне үйіп-төгіп кеткен дулат-ботбай батыры, әрі шежірешісі Диқанбай сапарынан кейінгі ой-түйіндерді басында қайта сапырды. «Ия, бұның бәрінің түп-төркінінде сонау алыс қиырдағы орыстың ақ патшасы тұр, ақыр соған қарай қисайдық, енді сол ұсынған ырзықты шетке қақпайық, игілікке жаратайық» деп құлшынды. Дереу Жәлменде мына орыстарға сол өрдегі отб­а­сыларыңды түгел көшіріп әкелің­дер, қоныс, орын бәрі табылады, тек бойкүйездікке жол жоқ, бұл жақтың көктемі де, жазы да әмсе қауырт келеді дегенді жеткізді.
Сол күні-ақ орыстардан екеу, қазақтардан екеу, барлығы төрт атты өрге, Талдықорған қыстауына қарай жүріп кетті. Мыналардың отбасыларын осылай қарай көшіруге жолбасшылық жасамақ. Ертеңіне таң бозында келімсек­тердің тағы оншақтысы төрттен-бестен екі топқа бөлініп, Қаратал­дың екі жағалауымен бұлар да өрге салды. Бәрі ер-тұрманы сай жарамды аттарға мінгізілді. Қазақ­тардан бөлінген жол нұсқаушы атқосшы, көмекшілер олардан сәл көбірек. Бұлардың қатарына жасамыс Тілеуғұл да қосылды. Себебі, кешегі күні, осы Тілеуғұл аузымен мұз бүркіп, болыс болған жылдарда ертеректе өткен ата-бабалар осы Қараталдан су тартқан сораптар құрғап, жусан, тағы басқа түбірі қатты шөптесін ба­сып, көзден өшіп жоғалыпты. Со­лардың кейбірін бұл есіне түсі­ріп, орыстарға көрсетпекші. Бұл да үлкен көмек қой.

***

Қысқасы бір аптаның ішінде бұл Үшқамауға өрден елуден астам келімсек отбасы көшіп келді. Ырғалып-жырғалуға уақыт тар, бірден бәрі жұмысқа жегілді. Сықырлауық арбаларға, ыңыр­шағы айналған аттарға, бірен-саран сиыр-өгізге тиеліп, жаяу-жалпылағандары да жеткілікті, әйтеуір құмды, тоғайлы өлкенің кедір-бұдырына соқтығып, ілдал­далап жеткен олар жүздерінен уайым-қайғыны, қажып-талған­дықты білдірмеді. Әлде реңкі басқа өзге ұлттар болғасын қазақ­тар ол жағын танымады ма, әй­теуір, бұларға солай көрінді. Сонау Бақай батырдың мекені Қаңғай, Алтын Қортық атты мекендерден бастап, қыстау-қыстауға орыстар бес-алты отбасыдан бөлініп орналасты. Бұл да Жәлменденің шешімі бойынша атқарылды. Арық-тоғандар қазғанына төлене­тін ақы-пұлдың сыртында оларға уақытша сауын мал жөнінде көмектесу үшін де, басқасы үшін де олардың осылай шашырай орналасқаны ыңғайлы ғой.
Иә, сәл шегініс жасасақ, бұл Ресей мен оның бір бөлшегі іспеттес қазақ қауымы үшін жаңа тарихи кезең туғанын айғақтайтын көріністер еді. Орыс мемлекетін отыз жыл басқарған Бірінші Николай патша таққа отырған сәттен-ақ декабристер көтерілісі­нен жүрегі шайлығып, орталық басқару аппаратын күшейтуге жанын салды. Оның штатын, күзетін адам айтқысыз ұлғайтты, сөйтіп қауіпсіздігін нығайтты. Ал басыбайлы еңбекші бұқара мұң-мұқтажы назардан тыс қалды. Кімде-кім ол хақында тісінің арасынан леп шығарса қуғынға ұшырады. Алайда, тарих өз дегенін жасады, орыс билігіне құдайын есіне салатын біраз оқиғалар тізбегі орын алды. 1853-жылы бас­талған Қырым соғысы басы­бай­лылық жағдайындағы Ресейдің іріп-шірігенін біржола айқындады. Оны патшашылдар да, патшаға қарсылар да мойындады. 1855-жылдың 18-ақпанында Бірін­ші Николай кенеттен көз жұмды, сол жылдың тамызында Севастополь жау қолына өтті. Сөйтіп, декабристерді қанға бөктіруден басталған аталмыш патша дәуірі масқара жеңіліспен аяқталды. Парижде бітімге қол қойылғасын, келесі 1856-жылдың тамызында Екінші Александр патша Мәскеуде дворян депутат­та­рының алдында «Басыбайлы­лықты жоюды жоғарыдан өзіміз бастағанымыз жөн, оның төмен­нен өзінен-өзі басталып кетуін күтіп отыруымыз дұрыс емес» деген бағдарда ресми мәлімдеме жасады. Бірақ бұдан кейін де әрқилы қарама-қарсы ағымдар тайталасы бастан асты. Бұл бере­кесіздік тағы бес жылға созылып, тек 1861-жылдың 19-ақпанында ғана патша тиісті Манифестке қол қойды. Бұл шақта елдің түкпір-түкпірінде аша мен тырмаларын көкте жалаңдатқан шаруалар көтерілісі жиілеген. Мына Мани­фест­ке де жұрт қалай қарайды деген күдікпен ол алғашқыда аса құпия жағдайда сақталды. Енді қайтсін, Екінші Александр патша астынан су шыққандай халде. Петербург қаласының түкпір-түкпірінен өзіне қарсы күштер бұрқ етердей оны әлсін-әлсін үрей сезімі билейтін. Сосын да осы Манифесті заңдастырар қарсаңда Қысқы Сарай маңындағы гар­низон соғыс жағдайына көшірілді, әрі анау-мынау күнде патшаны Петербургтен алып қашатын үш ат жегілген пәуеске сақадай сай тұрды. Сөйтіп, басыбайлылықты жою туралы ресми құжат-мани­фест қол қойылған күннен бір ай өткесін ғана ашық түрде жария­ланды. Сөйтіп, орыс шаруалары толғағы ащы болған бостандыққа қол жеткізді.
Міне, сақал-шаштары алба-жұлба, қабақ жүндері де көбіне ұзындау, көкшіл көздері шүңіре­йіп, көнбістік пен үркектіктің қосындысындай тыпырши қарайтын, жейделерінің белі буулы орыс шаруаларының қазақ жеріне, оның ішінде мына Қаратал өзенінің Балқашқа құяр сағасына таяу өлкеге көптеп келуінің тарихи алғышарттары осындай еді.
Қараталдың сол жағалауынан екі, оң жағалауынан төрт жерден су тарту үшін тоғандар қазу бас­тал­ды. Сол жағалаудың орта тұ­сында Тассуат деген жерден тас тасылды. Бұлар төмен қарай негізінде орыстар бөрене ағаштар­ды байластырып жасаған салдар­мен жеткізілетін еді. Ал өрге қарай талпақ танау жануардың күші пайдаланылды. Тары мен бидай да осы тоғандар бағдары бойынша егілді. Бұл істе орыс шаруаларының белсенділігі керемет. Сонау Алтай өлкесінен арқалай жеткен тіс ағаштары, соқалары қазақтарді­кінен әлдеқайда артық еді. Арық-тоған дегенмен тұрғылықты қазақ­тар өздерінің бұрынғы шығыр, атпаларынан бірден бас тартуға жоқ, солар арқылы ылғал барады-ау деген ойдым-ойдымға да уыс-уыс дән тасталып жатты.
Сол 1862-жылдың көктем-жазында бұл Қаратал өзені төменгі ағысының екі жағалауында бұрын-соңғыда жоқ қарбалас орын алды. Алыс-алыстағы көк шалғын жай­лауларға мал айдаушылар едәуір қысқарды, есесіне тұрғылықты жатақтар көбейді. Бұған тағы бір себеп мына жағдай еді. Сол орыс отбасылары көшіп келгесін, арық-тоған қазу, Тассуаттан тас тасу алғаш қарқын алған шақта-ақ Жазылбай бай Жәлмендеге бір ақыл салды:
– Жәкем, Жәлмендем! Мына арық-тоған бір басқа, оған жұрттың бәрін бір-ақ жеге алмай­сың. Қазірдің өзінде бір орысқа он қазақ дегендей бәрі кетпен-күрекпен жердің сауырын тіліп жатыр. Ал мына егін егіліп біткесін бұл келімсектердің кейбірінің қолдары босайтын тәрізді. Мен ана татар Мәсім арқылы сұрап білдім, бұл орыстар үш бөлмелі, әрі дәлізі бар, әрі іштен от жағыла­тын темір пеші бар, қар да, жаңбыр да өтпейтін шатырлы бір үй салу үшін жиырма тұяқ қой сұрайды екен. Құдайға шүкір, биыл малым жақсы төлдеді, ірісі де, ұсағы да, әзірге тарылатын дәнемем жоқ. Бүкіл Арықтаным-Бәйшегір өзіңді хан көтеріп жатыр ғой, жұрттың көз алдында саған да көрсеткен қошеметім болсын, жарамды қырық қой менен, саған бір үй, өзіме бір үй салдырсам қайтеді. Соған оң жауабыңды берші!
Бұл сөздерден Жәлменденің ішіне жылу барса да аса сыр білдір­мей күңкілдеді:
– Жазылбай аға-ау, қазақта асасын сайламай, қасасын сайла­ды демей ме? Алдымен ішер астың қамын жасайық та! Қарнымыз тойса, ел тоғайса ағаш үй ешқайда қашпас. Талдықорған қыстауынан оның бірер нұсқасын көріп өзім де қызығып едім. Тек арық-тоған қазып жатқандарды осында әкеп, қара басымызға сарай салдырып қолын байласақ қай құдай бізді маңдайдан сипайды? Тұқым себу біткесін де өзге шаруалар құлағын қалқитып тұр ғой, мысалы, тұз қазу, тасу…
Бұған Жазылбайдың да жауабы әзір екен:
– Жәкешім, дұрыстап зер салшы. Арық-тоған, тұқым себу, тұз қазу жақсы-ақ, бірақ келімсек­тер тайлы-таяғымен соған жұмыл­ды десек ағаттық-ау! Әрі мен тұ­қым себу аяқталғасын деп тұрмын ғой. Тіпті мына уәжге көңіл бөлші. Татар тілмаш айтты: бір үй салуға бір орыс бөлінсе жеткілікті, өзге­сіне қазақтарды жек! Бір орыстың әйт-шүуімен он қазақ бір үйді әп-сәтте тұрғызады. Бұл әрі қазақ жастарының кәсіп үйренуіне жақсы. Табыс табары өз алдына!
Жазылбайдың соңғы сөздері Жәлмендені ұрып жыққандай еді. «Қазақ жастары кәсіпке бейім­деледі, үй салуды үйренеді, әрі т­абыс табары бар, күні бойы айран ішіп, ұйқы соғарлар жетіп-артылады, соларды көбірек қам­ты­ғанға жақсы». Осының бәрін іштей өзіне-өзі сыбырлады да Жазылбайға:
– Бопты! – деген бір ғана сөз тастады.
Бұл екеуара сөз тартысына әкелі-балалы Қолдас пен Мұса, Ойшы, Ерболған, байшікеш Хамза, Тілеуғұл, өзге ауқаттылар­дан да бес-алты адам куәгер еді.
Қолдас:
– Сонда не, Жазылбай бәйбі­шеден туыпты да, біз тоқалдан туыппыз ба? – деп салды. Мұса өз әкесіне өмірінде тұңғыш рет риза болғандай сүйсіне, әрі күлегештене қарады.
– Ал біз ағаштан үй тұрғызсақ тақиямызға тар келер ме екен? – деп Ойшы қосарласты.
– Мың қаралы қойымды қо­ралы ит-құс бүгін талап, таңынан тартып, жайратып кетпесе бізде де аздап несібе бар ғой! – деп бай­шікеш Хамза бір бүйірден қосыл­ды. Сөйтіп қызды-қыздымен мына тұрғандардың бәрінің ішіне жел бітті. Бір ағаш үй үшін жиырма қой деген не? Бір жылғы төлдің жұқанасындай ғана. Сөйтіп, осы көктем, жазда Арықтаным-Бәй­ше­гір елі жайлаған ұлан-асыр кеңістікте жиырмадан астам үйдің іргесі қаланды. Ит тұмсығы батпас тұтасқан жиде, өрік, қараағаш­тардың балта тиіп, мұрты ойыла бастады.
Ал тұз қазу ісі шағын көлдердегі су әбден жылынған мамыр айы­ның басында-ақ жанданды. Қара­қойыңдағы көл, әрі Белтұз, Наубай тұзы, Сапақтың тұзы, тағы басқа жаңадан табылған кішкен­тай табиғи су қоймаларының айналасы үлкен қарбаластарға толды. Биылғы бір өзгешелік, әр отбасының, немесе, әрбір туыстас отбасылардың өз бетінше тұз қазып, өрдегі базарларға өз күшімен тасуына рұқсат етілді. «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар» демей ме қазақ, сол жағы ескерілді. Тек жол қауіпсіздігін ойласып, кіре тартушылар белгілі бір күнге уағдаласып, топтасып, бірге қозғалып кетуді жөн көрді. Әлгі Ерболған былтырғы қарулы жасақшыларын қайта құрды. Тек Жәлменде таратқан бір жарлық «айна-тараққа көп алданбаңдар, алғашқы қарқында кетпен, күрек, су бекітуге қажет темір қадалар, тырма, сүймен, балта, шалғы, ара, тағы басқа сол құралпылас саймандарды көптеп әкеліңдер» дегенге саятын еді.
Ал Жәлменденің өз басы көбіне арық-тоған қазушы орыс-қазақтардың төңірегінде жүрді. Басшылық та жасайды, әрі көк көзді, жалбыр шаштылардың іс-әрекетінен көп жайға қанығады да. Қараталдан шығарылған суды қалай бағыттау керек, міне, осыған көп ой жұмсалады екен. Кей тұста суға жол ашу үшін тұтасқан ағаш-бұталарды үнемдеп отау да керек. Ал оталған, кесілген ағаш-бұта­лар­ды сол қисайған жерлерінде қалдырмай оларды сәл жалаңаш­тай жаңбыр суынан шірімеуі үшін арасынан ауа өтетіндей етіп қалай береді. Бұл болашақ үй құрылысы үшін керек деп түсіндірді орыстар. «Ия, бұл әрі үнемшіл халық екен» деп түйді жас старшын.
Бірде Жәлменде, қасында аз ғана тобы бар, орман ішімен келе жатып орыс әйелдерінің әртүрлі шөп, ағаш жапырақтарын теріп жүргенін көрді. Өзенге таяу ылғалды тұстарда мыңжапырақ, қызыл таспа (қаз оты), түйнек таран, түймедақ, шайқурай, түйме шетен, киік оты секілділер өсетін. Орыс әйелдерінің белдерін бүкі­рей­тіп, оларды шұқшия іздесіп, егер табылса тамырымен қазып алатынын да байқады. «Бұлар неме керек» деп сұрар да еді, тек тілмаш жоқтықтан мысы құрыды. Бірде кешкілік су жағасында еркек-ұрғашысы аралас бұлардың мосыға балық асып жатқанының үстінен түсті. Қазақтарға да дәм татқызды.
– Балық етінің мұншама дәм­ділі­гін білсем арам қатайын! – деп салды Жәлменде. Сол отырыста әйелдер Жәлмендеге қыш круж­камен шай ұсынды. Кешкі ала­көлең­ке шақ, Жәлменде сонда да кружкада көлкілдеген су бетінде өздерінің атамекені – осы өлкеде көптеп өсетін кейбір өсімдік жапырақтарының қалқып жүрге­нін көрді. Шөл басарлығы да керемет. Кейінірек татар тілмаш Мәсім орыс әйелдерінің әрқилы өсімдік жапырақтарынан, тамыр­ларынан, жемістерінен шай ғана ғана емес, дәрі-дәрмек, тіпті күшті шарап жасайтынын да жеткізді. Сонда Жәлменде:
– Осындай түгі қалың өлкені Арықтыным-Бәйшегірге сыйла­ған Алла-тағалаға, сосын мына сары түктілерді осылай бостырған ақ патшаға мың да бір рахмет! – дегенді тағы қосты. «Мұндай өнер қазақтың қатындарына қонар ма екен?» деп те қиялдады. «Жә, жә, арындама, арық-тоғандар қазы­лып бітсін, тұқым себілсін, оған су барсын, өзгесі сосын» деп, өзіне-өзі тоқтау салғансыды.
Орыстар осы көктемде өздері Қараталдан тартылған су барады-ау деген жерлерге кәртөшке, ал су бармайтынға қауын екті. Тұқымы аздықтан кәртөшкесі мардымсыз­дау, есесіне қауынның кішкентай кептірілген дәндерін көбірек шашты. Қауын дәнін қазақтармен де аздап бөлісті. Осы қауын егуге орай бір күлкілі жай жұрттың есінде қалды. Тілеуғұл Жәлменде не қам жасаса да бәрін көз қырына алып жүретін. Естіген, білгенінің бәрін екі баласының құлақтарына құюдан жалықпайтын. Сосын да бұл үнемі ат үстінде. Бірде Тілеуғұл айдалада жер тырмалап, қауын еккен орыс әйелдерін көрді. Жақындап, ыммен не істеп жат­қан­дарын сұрады. Екі езуіне күлкі жия мейірлі жүзбен ынта қойды. Орыс әйелдері қауынның кепкен дәнін көрсетіп, бұлар да күлегеш­теніп, істің жайын түсіндірді. Сосын бұған да екі уыстай тұқым берді. Топыраққа қалай сіңіру керектігін көрсетті. Өз ауылына келгесін Тілеуғұл бұл олжасын Жұрқашына беріп, көрген тәлімін қоса үйретті. Су бармайтын кеңістік бұлар жақта ұлан-асыр ғой, Жұрқаш үлкен бір жазықтың беткі қыртысын қопсытып, ескі шөп түбірлерін қырқып, әлгі дәнді сиректете шашып, топыраққа сіңіріп еді. Биыл жаз жауын-шашынды, әлгі себілген дән қаулап өсіп, анау-мынау арам­шөптердің өзін жапырып, шілде мен тамызда сопақша әңгелектерді қаптатып-ақ тастады.
– Айтпадым ба, мұндай құм­дауытты өлкеде қауынның жақсы өсетінін естігенім бар! – деп әкесі Тілеуғұл жас балаша шаттанды. – Енді абай бол, мынауыңды жұрт­тың малы таптап кетіп жүрмесін!
Сосын Жұрқаш қамыс күрке тігіп, күндіз баласы сол қауынның басында уақыт өткізді. Бір күні таңертең келсе түнделетіп біреулер оның қара топырағын шығарып кетіпті. Маңдай термен келген дүниені бүлдірсе күйігі жаман ғой, Жұрқаш дереу әкесіне мұның хаба­рын жеткізді. Тілеуғұл келіп көріп:
– Құдайым-ау, мынау жабайы шошқаның ісі ғой! Олар өстеді! Олар борық жейді! Қоғаның түбін қопарып, оны да күйсейді. Қоғаның түбін қопарғанда ана орыстар соқамен жер жыртты ғой, сондай болып қопарылып қалады! – деп зар иледі. Жұрқаш кіжініп түнге қарай екі-үш қақпан құрып тастады. Сөйтіп, көлемі сиырдай бір нән қабанды қолға түсірді. Оны кетпенмен ұрып өлтіріп, сосын сүйретіп апарып, орыстарға берді. Олар ақ түйенің қарны жарылғандай шуласты. Жұрқашқа орыс ақшасын ұсынды, бірақ бұл алмай кетті. Әкесі мұны естіп, тұлан тұтты:
– Қарағым-ау, Жұрқашым-ау, берген ақшаны неге алмайсың?
– Шошқаның еті харам ғой, оған келген ақша да харам шығар деп жорып едім!
– Сормаңдайым-ау, шошқа­ның еті харам, ал оның құнына келген ақшаға сен адал ас, адал дүние сатып аласың ғой! – деп Тілеуғұл тіптен зар иледі. Ертеңіне өз ағайын-туысқандарының ортасында:
– Жәлмендеге біткен ақыл-парасат менің балаларымнан ат-тонын ала қашатыны қалай? Бол­ма­шының кесігін таппайды? – деп, тағы да көкірегі қарс айы­рылды.
– Екінің бірі Жәлменде емес қой! Не керек текке жер сабалап?! Балаларыңның амандығын тіле! – деп жұбатты ағайын-туған. Тек осы жайдан соң еті тірілеу қазақ жігіттері қақпан құрып, не садақ­пен атып, қабан аулап, онысын орыс­тарға сатуды кәсіп етті. Сөй­тіп орыстар өздерімен бірге қо­сым­ша кәсіп көздерін де әкеліп еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір