АЙНАЛАЙЫН-АЙ…
02.11.2018
1520
0

Бауыржан ҮСЕНОВ


(«Қазақ әдебиеті» газетінің №42 санына (26.10.2018) жарияланған марқұм ақын Бауыржан Үсенов інімнің «Жапыраққа жазылған Жыр» атты топтамасын оқып шыққан соң…).

«Кезінде, осыншама ғажайып ақынды­ғыңды аңғармағаным ғой…» – десем, әрине, оным – өтірік айтқандық болар еді. Өйткені, КазГУ-де оқып жүргендеріңде, менің үйімде талай-талай болдыңдар: осы күнгі көзі тірі қа­ламдас достарың – Светқалиың бар, өзіңнен басқа екі Бауыржаның бар, «Старостың» бар («Атаман»), қой-ш… тағысын-тағыларың… Арнайы қонақ еткен («Құрмет-лу») кезім де бол­ған-сынды: Қой – сойып, Бас – тартқан… бүкіл қаде-қауметімен, кәдуілгі Үлкен Ұлғат-Кісілердей – күтіп-қастерлеп, құрмет-тұтып… Төріме шығарып, жантайсаңдар – жастық­тарың, «жата қалсаңдар» – көрпелерің болып! Шеттеріңнен: «Сурет» – едіңдер, шіркін, «Қайталанбас!»…
…Сонда дейім ғой, Құдайым-ау!, сонда, Бау-кем-ау, Бүгінгі… мұншалықты Ақын-Һәкімдік Абыз-деңгейіңді қалайша сырт қалдырғанмын, Мен – «Кеще»?! Бірақ, сол кезде-ақ, Бәрің – «мықты» едіңдер, масқара, «Мық-Шегеленген»: Светқалиың да, Бауыржандарың да… Сен – де! Қайсың – Өлең оқысаңдар да қуанып-масаттанғанымнан: Бір – «алып» қоятынмын, алдымдағы – «қоғам-уымнан»! Мен – «алғасын», Сендер де… Мүмкін, содан да – болар…
Қой-ш… Ол – Кеше-тін! …Мына, Бүгінгі, қағазға түсіріп кеткен –«Ғаламаттарыңды», айтсаң-шы, Бір бетті тұтасымен алып жатқан: «Жапыраққа жазылған Жыр…» (Бір бетті емес-ау, бүкіл әлемді – десем де болатындай)… Пәлі! Жаса, Бауыржаным! Жаса, Бау-кем… Жаса! Сен, Тірісің – Мен үшін! Бұдан – Былай… Мәңгі – Тірісің! Менің, «Көр-Соқыр» – «Оқырман-Көзім», енді ғана ашыла бастағандай… Уай! Осыншама – Уақыт, қалайша, «су-қараңғы» – ғұмыр кешіп келгенмін?! Мен – «Байғұс»…
Сол – кезде деймін-ау, сан мәрте… мың-сан топтама өлең-жырларыңды, жариялаттым емес пе, Мен («ҚӘ-нің» 10 жыл бойғы поэзия бөлімінің меңгерушісі)… Және Бір – Сені емес, Бәріңді! «Өлі-Тірі» – Түгеліңді! Шалдардың – «қарғысынан», балдардың – «Алғысын»: Хош – көріп!
Мәселе, Онда да – емес! Мәселе… «Самғауда» (Бірінші Өлең):
«Менің ұшқым келеді биік-биік,
Бұлттарменен тигізсем иыққа иық:
Содан кейін түйіліп төмен қарай,
Жыр нөсерін жіберсем құйып-құйып…».
Ой, Айналайын-ай… Айналайын! Ақын болып – туғаныңнан, Сенің! Қазақ Ақыны – Болып! 31жасқа жеткенге дейін-ақ, қандай Көреген болғансың, жаным-ау?! Бұдан – артып: қалайша, «Биік-Биік» – ұшуға, Бұлттарменен, «Иыққа-Иық» – тигізуге, содан кейін, «Түйіліп – төмен қарай, жыр нөсерін құйып-құйып» – жіберуге болады, Қайраным-ау! Өзің айтқан: «Қара өлеңді сағынған қайран халық» – Қазағың – Мен емес пе, «Думан қалып жайына, сайран қалып», «таңдайымды – қағып, санымды – соғып», өзімді өзім – қан-соқталап… қып-қызыл сексеуіл шоғына айналғанша, «кәйіптеніп» – отырған, осынау – «тәуелсіз-бостан» – шағымда», «тірі-жан» есігін қақпайтын «Моласындай Бақсының», елеусіз-ескерусіз, бір кезгі – Ақ-Сарай», қазіргі – «Ат-Қора – Боқ-Сарайымда»!
Жә! Дейсің, Бауыржаным! Дейсің:
«Өлең, мені биікке жалғап өт сен,
Өз обалым өзіме шаңға бөксем.
Армансыз-ақ өтер ем, әз халықтың,
Аспанынан бір рет самғап өтсем…»
– дейсің!
Бұдан – өткен, «Самғау» – болар ма?! Бұл: жәй, әншейін – самғау емес, Қыран-Самғау! Ұлан-Тілектің – Ұлылық Бастауы…
Енді, «Тәуелсіздік» – деп, топыла-төмпештеліп… Тұтас Ғасыр бойы – рухани шерменделікке ұшырап, Жатқа, «Алақан» – жаюмен келген, Біздер – үшін: Рахман Нұрына шыжғырылып, кенет, Көктен – түскен, «Жеті Күлшеміздей» – «Бір Беттегі Сегіз Жырдың», Екіншісіне – кезек берелік:

«ШАБЫТ КӨКПАРЫ

Көңілдің көк дөнені, ал , кісіне,
Жараспас жабы тірлік сал кісіге.
Соқтырып жөнелейін, мініп бүгін,
Шабыттың белі жуан, әлдісіне.

Сандалкөк, сауран тектес додаға кір,
Ой-қырды келтірейін тобаға бір.
Сүрінсең бұл сіркілде, атпазына,
Боп қалсын мәре болған оба қабір…».
Ой, Айналайын-ай… «Не» – деп, кеткенсің… Өзіңе-өзің, Ақыреттік, Ажал-Оғын – атып! Ол – Кез, Тәңір атқан кез еді ғой, «Өлі»! «Өлі-Ара»… Өлең – тұрмақ, Ұлтыңның, Жыр – тұрмақ, Жұртыңның – жүзіне тіктеп қарай алмайтын! Қасірет – буып, қарғыс – атқан, Жеке Басына – табындырып, күні-түн «құлдығын» – ұрғызып, «құрағын» – ұшыртқан», Зұлмати – Заман Соңы! Соған – қарамастан, Қазақ-Қаныңа – қарайып, Қара Орман – қалың дұшпаныңа жалғыз-жеке шапқан Хас-Батырша:
«…Дүрмектің шаңға көміп тамам бозын,
Келгенде, салса арулар маған көзін.
Қорғаған намысыңды қайран өлең,
Мен де бір жалғыз атты шабандозың…», – дейсің!
Дейсің, «Жалғыз Атты Шабандозым»! Иә! «Дүрмек»: «Шаңға» – көмілді!
«Арулар»: «Көздерін» – талдырды… Күте-күте… Өзіңді! Ал, Сен… Әттең-ай?! Әттең… Осы өлеңнің соңғы шумағындағы: «Сапары үзілмесе үйден шыға…» – деген жолды, неге ғана жаздың екен?! Осы – «Жол»: Түбіңе, Түбімізге, Жаратушы-Иеміздің – «Құлағына», «жазылған сәтінде-ақ» – жеткен сыңайлы, Қыршын… Өз – «Үкіміңді»: Өзің – Кесіпсің!!! Обал-ай… Ал, осыдан – «Кейінгі», Үшінші Жырыңда:
«СҰҢҚАР – ҚИЯЛ
Сұңқар-қиял,
Ал, енді Самға, самға,
Сүйегіне иеңнің таңба салма,
Жеті қабат көкке кет,
Зарыққанда
Жерге келіп қонарсың анда-санда…», –
дегеніңнен,
«Не» – таптың: «Жоқ» – орыныңды, Құр – сипатқаннан, Басқа?! Өлеңің – Бар,
Өзің – … Бәрі-Бәрің: Сол – Өзің айтқандай…

Төртінші Жырың:

«АУЫЛ ТҮНІ

Тоңазыдым,
Түн бүгін салқын ба еді?
Таулы ауылым сынап тұр бәлкім мені.
Мына жақтан шу етті бір қора ит,
Ана жақтан әңгі есек әңкілдеді.
Құлдырады сонан соң құлын үні,
Батпаққа мас бақалар шұры-бұры…». Мұның – Бәрін: қалай – көріп-сезіп-білгенсің, Күні – Бұрын?! Бейне-Көшірме:
Бүгінгі – «Бодан-Бостан»… Айна-Қатесіз! Ой, Айналайын-ай…
Шынында да, Сен, Кімсің – Өзі, Бауыржан?! Мүмкін, Алла-Тағаламыздың, Ең Соңғы Пайғамбардан – соң, Жер Бетіне жіберген – Ақын-Елшісі… Сонда – деймін ғой, Менің – Үйімде: Сонау жылдары… жолдас-жораларымен – бірге, «Елші» де, «Болып» – кеткені ме…
Бір – Қызығы: Мен, Әлде-Біреулердің – жазған «шалдыр-шатпақтарына», шыбынды жазда бөгелек-қаққан кәрі мәстектей бас-шұлғи беретіндердің «сортынан» емеспін, мүлде… Алайда, Мына – «Бесіншіге»:

«ЖАПЫРАҚ ЖАЙЛЫ БІР ӨЛЕҢ

Кеше ғана биікте ең,
Бүгін жатсың табанда.
Жапырақ-ау, жағдайың тимеді оңай маған да!
Құлағанды биіктен
Кім сыйлайды бұл күнде?
Қансыраған жүректей жерде жатып бүлкілде.
О, бүлкілде, бүлкілде,
Шірігенше бір тынба.
Ағаш сені неғылсын, қабығы бар сыртында.
Бұтақ сені неғылсын, тамырлар бар нәр берер,
Қыстай қатып,
Көктемгі жылылықпен әлденер.
Жапырақ-ау, жапырақ,
Сары аурудай сарғайған,
Ғұмыр дейтін – мәңгілік таусылмайтын
қан майдан.
Құладым деп қамықпа,
Өлдім ғой деп түңілме,
Терегіңнен серейген дің де қалмас түбінде.
Алты ай бойғы армансыз
Ғұмырыңа тәубе де,
Сені таптап жүргендер түсе берсін әуреге…», –
дән разы болдым…
Ой, Айналайын-ай… Құдды, Мұқағали-Көкеңнің: «Жапырақ-Жүрек Жас Қайыңы»… «Ұқсамасаң, Тумағырлар-ай!!!» Жүрегімді ауырттыңдар ғой?! Жанымды – үңгіп… Сонда – деймін-ау, Мені, Ағалы-Інілі – Сендерге: табынып, таң қалумен – өтсін дегені ме, «Жоғарыдағының»! Ғажап! Шын – Ғажап… Себебі, Сенше, Мәселе, қанша – өмір сүргеніңде емес! Мәселе, қалай, қайтіп – сүргеніңде, Өмірді! Тағылымында… Мазмұн-Мәнінде! Мысалы, «Құзғын» – Мың жасайды, Одан – не пайда!»

Табынбасқа, таң қалмасқа – Әддім жоқ:

О, Муза, демі өрт, қыз ерін,
Мәжнүн қып өмірден өтпе сен.
Мен сенің гүліңді үземін,
Тек өзім үзіліп кетпесем…».

/«Музаға сыр».
Алтыншы Жырдың соңғы шумағы/.

Бұдан – Әрі, Тілім – «Тасқа»:

«МАЛДЫ АУЫЛДЫҢ БІР КЕШІ

Қой маңырап, иттер үріп,
Қарауытып тау іргесі,
Тәтті түтін сүттей ұйып,
Тағы орнады ауыл кеші.
Шұрқырайды жылқы малы
Бара жатқан жоннан асып.
Құрбақалар жыртылады,
Мағынасыз хорға басып.
Қара шал жүр ет мүшелеп,
Қонақ сыйын бүтіндеген.
От басына жетті шелек,
Толып, беті шүпілдеген…
Тал-терекке түн асылды,
Бұлт боп басты маса шамды.
Уыс-уыс мың асылды,
Жомарт аспан шаша салды.
Таныс бәрі, тән иісі
Талдысайға келіп қонған.
Самаладай қара үй іші
Кіл қазақи көрік толған.
Қара мақпал тартқан алап,
Күйіңе кеп, өзгер енді.
Шежіре айтар қартқа қарап,
Жантаятын кез де келді…».

(Жетінші Жыр).

Бұл, «Аз» – десеңіз:

«Бүйрек туралы жыр

Бір өксік алқымыма кеп тұрады,
Шулайды көңілімнің көк құрағы.
Бұйығып бүйірімде бүлкілдеген
Бүйрегім түбі мені жеп тынады.
Бұл жағдай айқын болды атқан таңдай,
Жүрсем де тірлік кешіп саптан қалмай.
Қараймын болашаққа күдікпенен,
Алдымда күтіп жатқан қақпан бардай.
Демі өрт, жүзі жарқын, ұраны әсем,
Жиырма бес, жолықтың ба жыраға сен?
«Кеп қалса», қиналғанша, көнер едім,
Кетеді-ау тағдырыма бірақ есем.
Қасқырдың үйіріндей қоршап қайғы,
Құралай үміт менен алшақтайды.
Қазы жеп, қымыз ішер қыр қазағы
Қалайша сүт көжемен жан сақтайды?
Бүйректен бөлінген у басқа шауып,
Шаба алмай, қан қақсайды қасқа шабыт.
Мезгілсіз тасырқады өлеңім де
Кезінде сынайтұғын тасқа салып.
Жарасар жастық шақта бәрі дедік,
Бірқатар дос-дұшпанға мәлім едік.
Жүйкемді көп жұқартты емшілер де,
Қырығы қырық түрлі дәрі беріп.
Төгуші ем той-думанда таңдайдан ән,
Білтесі бітетұғын шамдай жанам.
Елемей өткізіп ап жылым дертті,
Шыбықша қурағаның қандай жаман?!
Әйтеуір, бір келеді қаза деген,
Кетеді, соны ойласам, маза менен.
Әйтсе де, мойынсұнбай,
Қаламсабым
Қолымнан түскенінше жаза берем.
Бас та өлең, бауыр да өлең, бүйрек те өлең,
Ақынды ажалың да күйретпеген.
Кеудемде жүрек-бұлбұл шыр-шыр етіп,
Көшімді Күншығысқа сүйреп келем…».

(Сегізінші Жыр).

…Бұдан – Арғым: Бекер…
Бары-Жоғы – Сегіз Өлең! Әлемнің: «Сегізінші Кереметі» – сияқты! Біріне, Бірі – мүлдем ұқсамайтын, Шедевр! /Әрине, Менің, Жеке – Пайымдауымша/… Қазақ Поэзиясының – Жауһары…
Айналайын-ай… Айналайын! Сен, Мен үшін – Тірісің, Бауыржан! Халқың – Қазағың – үшін де… Сен – Тірісің, Мәңгі:

Өлмейді –
Ақын…
Халайық:
Қаулап –
Қайта
Жаңарып!
Ақын –
Өлсе:
Күн –
Сөнед,
Аспан Көзі –
Алайып…

29.10.2018

 

 

ИРАН-ҒАЙЫП

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір