ГҮЛ МЕН АЙ
30.10.2018
1496
0

Балалар әдебиеті – ұлттың тірегі сынды. Себебі, ол ұлттың тамыры – өскелең жастар. Баланың санасы ерте кезден-ақ қалыптаса бастайтыны – талассыз ақиқат. Балалар әдебиетінің негізгі міндеті жас буынның сана-сезімін оятып, ақыл-ойын дамыту, оларды отансүйгіштікке, адамдыққа баулу болып табылады. Балаларға арналған Х.К. Андерсеннің ертегілері, Ж.Верн, М.Твеннің романдары әлем әдебиетінде жоғарғы орын алады.
Қазақ әдебиетіндегі балалар әдебиетінің бастауында Ыбырай Алтынсарин тұр. Бала күннен оқып өскен «Кел, балалар, оқылық» өлеңінен бастап, Толстойдан, Крыловтан аудару арқылы мысал әңгімелер жазған ағартушының орны ерекше. Кеңес дәуірінде де балалар әдебиетінің өркендеуіне арнайы көңіл бөлінді. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Пионер»(қазіргі «Ақ желкен») журналдарында балаларға арналған өлең-жырлар, әңгімелер жарияланып отырды. С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ш.Иманбаева, І.Жансүгіров, Ө.Тұрманжанов секілді зиялы қауым өкілдері балалар әдебиетінің дамуына мол үлес қосты.
«Балалар әдебиетінің бүгінгі жайы қалай?» деген сұраққа әркім әртүрлі жауап айтады. Неге балалар Ер Төстіктен гөрі «Бетманға» көп еліктейді? Алпамыс батырдан гөрі «Гераклды» көбірек үлгі тұтады? Бұл балалар әдебиетінің кемшін тартқаны ма, әлде мультфильмдердің шет елдік кейіпкерлерге ауысуынан ба? Дегенмен «Қошқар мен теке», «Алдар көсе», «Мұңлық пен зарлық», «Ер Төстік және Айдаһар» сынды мультфильмдер Ұлттық телеарналарда кеңінен көрсетіліп жүргені мәлім. Бүгінгі санда балалар әдебиетінің көрнекті өкілі болып жүрген Байбота Қошым-Ноғай, Құл-Керім Елемес, ақын Кәп Құмарұлы, жас жазушы Мейіржан Жылқыбайдың бір топ шығармаларын назарларыңызға ұсынамыз.


Құл-Керім Елемес

Гүл мен Ай

Бисмилләһ! Гүл мен Ай екеуі дос. Олар қайда барса бірге жүреді. Бірге ойнайды. Бір мектепке барады. Бір партада отырады. Бірге әңгімелеседі. Әсіресе ол екеуі бірге кітап оқығанды ұнатады. Олар оқыған кітаптарының оқиғасын бір-біріне айтып беріп, талқылағанды ерекше жақсы көреді. Үнемі Мәрияш тәтенің кітапханасына барып, кітап алып оқиды.
Бірақ, Мәрияш тәте «олар кітапты жыртып қояды» дей ме екен, жоқ әлде «кірлетіп тастайды» дей ме екен, жоқ «олар әлі бала ғой, не біледі» дей ме екен, әйтеуір, олардың оқиық деген кітаптарын бір де рет берген емес. Бермейді.
Содан, бір күні Гүл мен Ай Мәрияш тәтеден тағы да кітап сұрап барды. Мәрияш тәте болса, ескі әдеті бойынша, оларға қайдағы бір жұрт оқымайтын, нашар кітаптарды ұстата салды.
Содан олар, өздерінің алдын-ала ойлап, құрған жоспарлары бойынша, Мәрияш тәте жұмыстан қайтар сәттен сәл бұрынырақ бір бұрышқа кіріп, тығылып алды. Мәрияш тәтенің ойында түк те жоқ. Кітапханасын жапты да, жөніне кетті.
Содан, қойшы, Гүл мен Ай кітапхана шырағын жарқыратып жақты да, қанша уақыттан бері армандап, оқи алмай жүрген кітаптарын оқуға кірісті. Тіпті, ауылдың шағын кітапханасынан өздері оқымаған кітап қалдырмауға тырысты…
Бірақ, бір түнде қанша шағын дегенмен, бір кітапхананың барлық кітаптарын оқып шығу мүмкін емес еді. Оны олардың бала ақылдары сезді. Сезді де, тым құрыса бұл кітапханада қандай кітаптар бар екенін көріп, біліп, көңілдерін тоғайтқысы келген олар, жарқыраған шырақтың астында, жүздері де, жүректері де жарқырап, сөредегі кітаптарды көре бастады.
Оларда «әке-шешеміз іздеп қалады-ау» деген ой болмады. Қызығы, Гүлдің әке-шешесі оны «Айдың үйінде шығар» деп ойласа, Айдың әке-шешесі оны «Гүлдің үйінде шығар» деп ойлаған. Өйтетіні, екі дос бір-бірінің үйіне үнемі қонып қалушы еді.
Олар, сөйтіп, кітаптардың оқығанын оқып, көргенін көріп, тұла бойларын қуаныш кернеп, қағанақтары қарқ, сағанақтары сарқ болып жүргенде Қошқардың таңы атып, Шәлкөденің күні шығып та кетті…
Содан, әне-міне дегенше, жұрттың жұмысқа келетін мезгілі де бола қалды…
– Ә-әне, Мәрияш тәте келе жатыр! Енді қайттік? – деді, табиғатынан қорқақ Ай дір-дір етіп.
– Қане? – деп, терезеге жүгіріп келген Гүл де Мәрияш тәтені көріп селк ете түсті. Сөйтті де, әуелгі жоспар бойынша екеуі бірігіп, жылап кеп қоя берді. Кітапханасы ішінен балалардың жылаған дауысын тұңғыш естіген Мәрияш тәте қорқып кетті. Неше түрлі ой лезде оның ақыл-есін шарпып өтті. Бірақ, әйтеуір, бұл дауыстардың жын-жыбылыстың дауысы емес екеніне көңілі сенімді сияқты. Десе де, қол-аяғы дірілдеп, бойында дәрмен қалмады. Кітапхана есігін әрең ашты-ау, әйтеуір!
Міне, қызық! Сөйтсе, әлгі өзі жақсы танитын, кітап оқығыш Гүл мен Ай… Оларды көріп, жаны бойына түсе бастаған Мәрияш тәте:
– Өй-й, сендер мұнда не ғып жүрсіңдер? Қайдан кірдіңдер? Неге жыладыңдар? – деп, Гүл мен Айды сұрақтың астына ала бастап еді, Мәрияш тәтені құшақтай алған ол екеуі:
– Кеше кеште біз осында қалып қойдық, тәте. Түнімен біз осында болдық. Кітап оқыдық. Ендігәрі бұл ісімізді қайталамаймыз, – деді, екеуі жарысып.
– Қыздарым, «мұнда кітапханаға Мәрияш тәте бізді қамап кетті», – деп, жан баласына айта көрмеңдер. Бұдан кейін де келіп тұрыңдар. Қалаған кітаптарыңды оқыңдар, – деді, Мәрияш тәте ол екеуіне басында ашуланғанымен, соңынан өзіне ортасынан келер бір ыңғайсыздықты іштей сезініп, жалынышты шыраймен.
– Жәрәйді, тәте! – деді, екі қыз тәтелерінің өздеріне ұрыспағандарына қуанып.


Мейіржан ЖЫЛҚЫБАЙ

Бала қораз

(Әңгіме)

– Міне, дәл осылай! Қатып тұр. Басыңды әрқашан көтеріп ұста. Есіңде болсын, осы ауланың ең әдемі, ең күшті серісі – сен­сің!
Таң атқалы шашы ағарып, қар­тая баста­ған ата қораз бала қоразды өз білгенінше үй­ретуде. Қызыл-сары қауырсындары күнге жал­ты­рап, бала қораз басын кекжите кө­теріп, ауланы аралап жүр. Мақ­таныш кеудесін керіп, үріліп тұр. Төбесіндегі қып-қызыл ай­дары жа­раса қалған. Есімі де осы айда­ры­­ның әдемілігіне байланысты – Айдар атал­ған. Айдар әрі-бері аяғын кердеңдете басып, сәнін көр­сетіп әбден әуре болды. Қол ша­па­лақтап, қолпаштаған дауыс шықпады. Қа­раса, әркім өзді-өзімен әуре. Сары үрпек бала­пандар тостақтағы жемге таласып шүпір­леп жүр. Мұның ашуы келді.Менің әдемілігіме таң қалып, іші күюдің орнына бұлар қалай тарыға таласа­ды? Талтаңдап келіп тары салынған тостақты бір тепті. Тары шашылып, балапандар шүпірлеп у-шу болды.
– Сол керек сендерге. Мен сен­дер секілді тарыға таласпаймын. Мен тоғайға барып құрт-құмырсқа жеймін.
Айдар маңғазданып ауладан шыға берді.
Күн көтеріліп төбеге жақында­ды. Басын кекжите көтерген күйі Айдар әлі жүріп келе­ді. Ыстықтан терлеп қауырсын жүндері дене­сіне жабыса бастады. Басы жоғары қа­рап келе жатқасын аяғының астын қайдан көрсін, ойыс жерден ша­лы­нысып топалаң асып құлады. Апыр-топыр атып тұрып қара­са, айнала жым-жырт. Қалың тоғай­дың іші. Тек торғайдың шиқылы мен судың сылдыры ғана естіледі. Бұған қарап тұрған ешкім де жоқ. Бәрінен бұрын шөлін қандырып ал­мақшы болып, суға қарай жүрді. Судың ортасында жапырақта отырған бақаны көрді. «Сұмдық-ай, байғұс бақаға қауырсын түгілі бір түк те бұйырмапты. Тыржала­ңаш. Тұмсық атымен жоқ. Мойы­нын қалай бұрады екен, егер мойын деген жоқ болса? Басы – жап-жалпақ. Бұты – талтақ. Мұндай ұсқынсыз мақұлықты көрсе, көзі шықсын. Мен не де­ген бақытты едім. Менің сұлулығымды көрсе таң қалғаннан құлап қалатын шығар».
Мақтаныш кеудесін кернеп кетті. «Мен оған көрсетейін өзім­нің керемет екенімді». Айдар су жағасында әрі-бері жүрді. Бақа мұн­дай сұлулыққа таң қалып, ау­зын ашып отырған шығар. Басын көтере, маңғаздана қанаттарын тарамдап қойып қоқиланды келіп. Бір кезде көзінің астымен бақаға қараса, оның мұнда шаруасы да жоқ. Әрі-бері өткен маса, шыбын­ды қақшып жеп отыр. Бұл таң­данды. «Қалай менің сұлулығымды көрмей отыр, мүмкін алыстан көзі көрмей отырған болар. Жақын барайын». Айдар бақа отырған жа­пыраққа секіріп қалды. Сол-ақ екен, күмп етіп су астына кете барды. Әдемі қанаты жүзбек түгілі, зілдей болып төмен тартып барады. Өлді деген осы екен ғой. Кенет желкесінен біреу бүре ұстап, жо­ғары заулай жөнелді. Айдар есін жағада бір-ақ жиды. Бақа бұ­ның үстінде допша секірді. Ол секірген сайын бұның аузынан жұтқан суы атқылайды. Бақа бұған бұл ойлағандай таң қала қарап қалыпты. Бірақ сұлулығына емес, ақымақтығына таң қалды. Су-су қауыр­сындары бір-біріне ұйпаласа жабысып қал­ған. «Ой, қандай күлкілі». Бақаның екі езуі екі жаққа жайылып кетті. Таң атқалы дән же­­меген бұған шыбын-шіркей ұстап берді. Айдар түкке түсінбеді. Қа­лайша бұл ұсқын­сыз бақаға тәу­елді болып қалды? Тіпті жақсы көріп тұр. Айдардың кіп-кішкентай басын­дағы кіп-кішкентай миы жетпей тұр.


Кәп Құмарұлы

Балаларға базарлық

Отаның, ордаң – бас панаң

О, балалар, балалар,
Ой көңілді жаңалар.
«Артығы жоқ білгеннің»,
Депті ұлы бабалар.
Бірер кеңес айтайын,
Ақылға кел, ойға орал.

Бастан өтті отар күн,
Жалынышты басқаға.
Түндік түріп Отаның,
Бой көтерді Астана.

Атамекен жерің бар,
Дария шалқар көлдері.
Асқар – асу белің бар,
Алысқа тартқан керуені.

Алқасы кең жеріңнің,
Мұнай, газды, мырышты.
Кәсібі мол еліңнің,
Алтын қазан ырысты.

Қазақ дейтін ел едің,
Ер Түріктің ұрпағы.
Еңселі, биік ер едің,
Көрмеген тайып ұлтаны.

Көгілдір Ту-байрағың,
Ән ұраның-айбарлы үн.
Танылады басқаға,
Байрағың мен аймағың.

Елтаңбаң, салт-дәстүрің,
Шаңырағы бабаңның.
Шаншылған көп уықтар,
Бас бірлігі адамның.

Қанатты тұлпар мінгенің,
Жауды ойрандап кіргенің.
Ойға, қырға мекендеп,
Көшпенді өмір сүргенің.

Ата заң – жүрер даңғылың,
Өсірер сені аялап.
Көрсетілген заңды ұғым,
Халқыңа пана саябақ.

Атамекен жеріңнің,
Азаматы делінген.
Туын өскен еліңнің,
Төлқұжатың-сенімің.

Бас қойғызып сәждеге,
Нұр Мұхамед ұсынған.
Дінің болса – Ислам,
Арғы тегің мұсылман.

Отаның – алтын тұғырың,
Естен шықпас бұл ұғым.
Бал арадай өрістеп,
Соратын сен шырынын.

Атамекен аумағын,
Аттамастай жат адам.
Жасақты күш жарақты,
Берік болсын босағаң!

Сақшысы өзің мекеннің,
Қарауыңа алғайсың.
Басқалардың мекенін,
Қоныс ете алмайсың.

Отаның, ордаң-бас панаң,
Қорға соны жас қадам.
Өз күшіңе өзің сен,
Үміт күтпе басқадан!

2005 жыл

***

Адалдың аты арып, тоны тозбас,
Әр іске обырланып, қолын созбас.
Арамзаның адымы бір-ақ тұтам,
Адалды ешқашан да басып озбас.
Ақ пейілдің ісі ақ, жолы таза,
Өкінбессің онымен болсаң жолдас.

***

Санамақ
Бір дегенім – білік,
Қолыңа жүр іліп.
Білік – шалғы тұтқасы,
Алғаның жөн біліп.

Екі деген – есті,
Ел жайлауға көшті.
Салқын екен жайлау,
Салқын самал есті.

Үш дегенім – үскі,
Ұшып жерге түсті.
Тындыратын істі,
Үскі неткен күшті.

Төрт дегенім – төсек,
От жағамын көсеп.
Төсек жақсы өйткені,
Жайлы орынға есеп.

Бес дегенім – бесік,
Бөбек жатыр өсіп.
Уағында анасы,
Шомылдырар шешіп.

Алты деген – арша,
Арша отын жанса.
Мықтап қазан қайнатар,
Жіктеп отқа салса.

Жеті деген – жебе,
Жебе бұзар кебе.
Жебе, көбе сөзі –
Ертегі сөз көне.

Сегіз деген – сенім,
Болашағың сенің.
Сені азамат болар деп,
Сеніп отыр елің.

Тоғыз деген – торпақ,
Болма өзің қорқақ.
Еңбек етсең жарайды,
Көп ісіне ортақ.

Он дегенде ойлап,
Тапқан сөзім – оймақ.
Жалғастырып, айтыңдар,
Ой түбіне бойлап.


Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ

АСПАН ҚАНДАЙ КӨГIЛДIР?!

Аспан қандай көгiлдiр?!
Емеспiн ғой құс, әттең!
Туған жердiң көгiн бiр
Шарлар ма едiм ұшақпен?!

АТАМЫЗДЫҢ БАТАСЫ

Шiркiн-ай, жүз жасар ма,
Кiм сүймейдi атасын?!
«Таудай бол!» – деп қашанда,
Бередi ол батасын…

ЕҢБЕК ДӘМI

Еңбек еттiм бүгiн мен,
Терлеп-тепшiп маңдайым.
Ал тәттiнi тiлiм мен
Татты бiрақ таңдайым.

ТОЛДЫ ЖАСЫМ ЖЕТIГЕ

Толды жасым жетiге,
Қуанамын секiре.
Ұмытамын мен ендi
Жерден таяқ жегендi!..

ЕКI ГҮЛ

Бос бармаймын бұлаққа,
Ауладағы гүлдердi
Суарамын мен көптен.
Мен де гүлмiн,
Бiрақ та
Өткiзiп сан күндердi,
Өсемiн тек еңбекпен!..

АҚЫМАҚТЫҚ ЖАСАДЫМ…

Күрсiнедi көкем де,
Күрсiнедi бөпем де,
Күрсiнедi шешем де,
Күрсiнемiн мен дағы
Күрсiнбейiн десем де.
Құрбымменен ұрысып,
Шашымызды жұлысып,
Өзiм қатты өкiндiм.
Ақымақтық жасадым,
Соны сезiп отырмын!..

ДОП

Түскен жерге тоқтамай,
Секiредi доп қалай?!
Қойдым тiптi түсiнбей,
Не бар екен iшiнде?!

Қайырдым да кекiлдi,
Допты қарбыз секiлдi
Жүзiменен бәкiнiң
Тiлiп көрдiм ақырын.

Допты екiге жарып ем,
Қайран қалдым тағы мен:
Түк таппадым iшiнен,
Бұны қалай түсiнем?!

САРЫ ЛАҚ

Жыламсырап сары лақ,
Былай дедi маңырап:
– Өрiстен кеп енемiз,
Кетсек екен жамырап!

МИККИ МАУСТЫҢ ТУҒАН КҮНІ*

Бүгін Микки Маустың
Туған күні екені
Түсті есіне тауыстың,
Алып-ұшып жетеді.

Достық деген – ауыр сын,
Жоқтық оны қинады.
Құйрығынан
Қауырсын
Жұлып ап ол сыйлады.

*Қарашаның 18-і –
Микки Маустың туған күні.

АҚ КҮШIК

Итаяқтан ақ күшiк
Жуындыны жатты iшiп.
Мысық келiп жанына:
– Бар ма-ау,– дедi,– тағы да?

– Баррр, беррр-меймiн бiррр-ақ та!–
Дедi күшiк ұнатпай.
«Дос болыппын текке!» – деп,
Қалды мысық өкпелеп.

БӨЛТIРIК

Көздiң жасын көл қылып,
Жалынып тұр бөлтiрiк:
– Баласы деп бөрiнiң,
Кетпе, мерген, өлтiрiп!

ҮЙ ҚОЯНЫ МЕН ҚОНЖЫҚ

Қонжықты Үй қояны
Көрдi дағы,
Аяды:
– Мына байғұс баланың
Маймақ екен аяғы!

КIРПI МЕН БАЛА

– Кiрпi,
Кiрпi!
Жоның
Түрпi…
– Сұқтана бер!..

– Кiрпi,
Кiрпi!
Әне,
Түлкi…
– Құтқара гөр!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір