ТАҚИЯ
Қуандық ТҮМЕНБАЙ
(Әңгіме)
Рәйланің көзіне күйеуінің тақиясы оттай басылды. Бала шіркінге бәрі қызық, әңгелектей доп-домалақ басына милықтата киіп алыпты. Қалқиған құлағы да көрінбей қалыпты. Сол сыртқы өрнегі бүлінбеген, тарам-тарам қызыл жібі сәл жіңішкеріп, кіршең тартқан қызыл тақия. «Е-е-е, шалдың шамасы белгілі болды» деді өмірдің жарты ғасырын артқа тастап, болары болып, бояуы сіңген қақсал әйел. Тақияны баланың басынан көргені – күйеуінің қалтасы тақырланғанын білдіргендей… Бұл көз үйренген дағды. Десе де, баланың басына жарасып-ақ тұр. Өмір бойғы арманы болған бір мұң – тәмпіш танау балаға қарағанда, тұлабойын тағы бір шым еткізді. «Шаңырақ боп өрнектелген қызыл жібі де көмескі тартып қалыпты-ау. Осындай бір тақия киетін қара сирақ болмады-ау…». Тез ішкі бөлмеге барды да, кішкентай қызыл сандықшадан алақандай-алақандай ескі ақшаны жалп еткізіп шығарып, қайта орнына салды. «Олар аздан салып ойнайды ғой». Ірі ақшаны орнына қойып, үш сомдық пен бес сомдыққа ауыстырды. Бәрінде де күн көсемнің түсі суық бейнесі. Тақияны ақшаға толтырып әкеп, «Жоғалтып алма, байқап ұстап жүр» деп, жеті-сегіз жасар баланың помази көйлегінің төс қалтасына үш сомдықты екі бүктеп, сүңгітіп жіберді. «Мынаған кәмпит алып же?» Ауыл шетіндегі насыбайшы Қасымбектің немересі үйден ытқып шықты. Дәл бір айран құйған ағаш тостағандай дөңгеленген тақияны қос қолымен дірілдетіп ұстап, абайлап басып барады. Артынан қарап тұр. Борпылдақ көшенің май топырағын тобықтан келтіре кешіп, барған сайын жылдамдыққа жылдамдық қосты. «Бала шіркін осынысымен қызық қой» деп Рәйла сүзіле қарап қалды. «Бағана насыбайым таусылып қалыпты» деп отыр еді, бастары қосылған екен де. Қосылсын. Одан басқа еркекке не рахат бар бұ дүниеде».
Әлиякбар ауылдағы өндіріс бригадирі. Ерте көктем мен үш ай жаз егін егуден қолы босамайды, күріш ору науқанында көрпе-жастығын ала кетіп, үйге түнемейді. Бір сөзбен айтқанда, жұмсақ жері жер иіскемейді. Қызыл қырман мен адам санын бақылау, тұрып қалған техниканы түртпектеу, қойшы әйтеуір, бригадир бәріне жауапты. Енді, міне, егін-тегінді жинап, адамзат алтын күзге де жетті. Қол босады. Қыс пен күз ауыл адамы үшін –курорт. Қыста олар етек-жеңді кеңге салып, әр үйге кезек барып арақ ішіп, жаздан сүлелеп шыққан зиялысы сүйікті тірлігі – қарта ойнауға кіріседі. Насыбайын атып отырып, түкіргішке шырт еткізіп бір түкіріп тастап, етке тойып, шәйға қанып ап, түнімен қарта соғады. Шөліркесе, сол үйдің келіні ың-шыңсыз шәйін қойып беріп, қонағындай күтеді. Бұл әр үйді аралап жүретін дағды. Құмар ойнайтындар бір-бірін алыстан танып, «Қолың қышып тұрған жоқ па?» деп сөз тастаса, «Қышыған жерді қасысайшы» деген қыршаңқы жауап естиді. Бір ауыз сөз жетіп жатыр. Айтқан адам жауап берушінің соңынан еріп жүре береді. Қолы бостарға шақыртушы ғып балаларды жүгіртіп жібереді. Бұл – бекітілген ереже. Бұл – адамға да, қоғамға да зияны жоқ кәсіп. Құмар ойынын «күліс» демесе көп жұрт түсіне бермейді. Ақша сап ойнаған ойынға адамның құмары қанбайды. Алабажақ қартаны жанын шығарып, бірінің үстіне бірін шып-шып ұрғанда айналаны шіңкілдеген бір жіңішке әуен айналып жүреді. Дәл бір корольдің астында қалған дама мен валет: «Құтқарыңдар!» деп кірпияздық танытып жатқандай көрінеді. Еркек қолы қанша қатты ұрғанмен санаға сарабдал жүйріктік керек. Король – дама мен валеттің үстінде тұрса мерейің үстем, бірақ түсі суық патшаны иілдіру үшін де ақыл мен айла керек. Алабажақ қартаның бәрі дұшпан. Ханшайым – дама сәл жымиса, валет – балта шауып түсіруге әзір тұр. Шып-шып еткен жұқа қартаның тағдыры шындыққа кеп тіреледі. Ұтқан адам дүниенің ақшасын уыстап алады. Бірде қолың жүрсе, бірде кедір-бұдыр көп болып, көткеншектей бересің. Кейде қызып кетіп, астындағы аты мен қатынын да қартаға тігіпті деген сөз сол ессіз құмарлықтан қалған лақап. Құмар ойынға есеп керек, көңілге бап керек. Зиялылар ойнайтын преферансты ақ қағазға сызып, түртпектеп отырса, байыппен ойнаған ойыншының өң-жүзінен ештеңе байқамайсыз, оның тәкаппарлығы ақ қағазда айқыш-ұйқыш тағдыр боп сызылып жатады. Оның қасында күліс «шыбық тимес шыңқ етпелердің» ойыны, шып еткізіп ұрғанда бәрінің күлін көкке ұшырады, беті ашылған үш қарта есесін жібермей есептің көкесі боп биіктен қарайды. Жолы болған адамды «Қолы күліс қой» деп атау көз көріп, ішіне қорғасын түйіртпектелгендердің қитұрқы сөзі. Күліс болу үшін де бас керек, есепке жүйрік зерде керек, айнала жаудың аңдысын аңдыған байырқау сезім керек. Қасындағының теріс қарата ұстаған үш қартасы мен жерде шашылған асты алабажақ, беті күліп тұрған қартаны әп-сәтте салыстырып үлгерген түлкі сезім адамды «төрт көзі бар» дейді таңырқап. Мұндайда айналадан қорықпай ойнайтын еркек мінез керек. Үш қарта – ауыл зиялысының қыс пен күзде айналдырар құмары, жан азығы. Оларды ешкім де жазаға тарта алмайды.
Әлиякбар – ауыл қартапазы. Соғысқа қатысқан, жау оғынан бір аяғын сылти басқан, алпыстың асқарынан асып кеткен, көкірегінде сартап сағынышы бар азамат. Ешкімге жаманаты жоқ ауыл зиялысы, елдің аузында жүрген қолы шыққыш қартапаз. Ол ұтпай кетпейді, ұтылса – қара тиыны қалғанша ойнайды, барын беріп, тұлабойын тақырлап, өзінің өзегі өртеніп, өзгені риза ғып шығады. Таңды таңға ұрған ойында ол осы қасиетімен ерекше. Насыбайын атып, құрғаған аузын ыстық шәймен шәйіп, өздерімен бірдей жүретін сол үйдің келінінен де шоталды аямайды, ұтқан ақшасынан иілген келіннің қолына уыстап ұстатып, ырза ғып жібереді. Шұқшиып, қызыққа елтіп отырған барған үйдің тақырбас балаларына әке-шешсі: «Жаман әдетке жолама» десе, бұл: «Өмірдің өзі үш қарта, бірде ұтасың, бірде ұтыласың» дегенді ішіне түйіп, «Отыра беріңдер, бала шіркін қызық қой» деп, есіней бастағанда: «Сен енді ұйықта» деп, алақанын толтырып ақша ұстатады. Баланың айтқан алғысы күлімдеген көзінен көрініп бара жатады. Бұл – балмұздағы жоқ ауылдағы бір күн сорып жүрер бірнеше қораз-кәмпиттің құны. Ал, бір баланың: «Әлиякбар көкем қартаны ұрғанда селк ете қалдым. Қорықпа! – деді көке, – ештеңеден қорқушы болма», – деді де, берген шоталына белесебет сатып алдым» деген сөзі ауылға тарап кетті. Сонда басқа балалардың: «Осы біздің әкеміз неге қарта ойнамайды екен?» деген арманы көз шіркіннің тұңғиынан көрініп қалатын.
Мынау аудан орталығы – Шерліден келген қартапаздың үш ойында да қолы шықты. Бәрін біліп отырады, «көзінің ішінде көзі бар» сұғанақтың нағыз өзі. «Менен өткен біреу болды ғой, барды бар деу керек» деп мойындап отырып, қалтасының тақырланып қалғанын сезді. Қызыл тақиясын шаш өспеген басынан тастамайды, төбесінде тұрған шүберек серігін жұлып ап, қасында қызыға қарап отырған сол үйдің баласына ұстатады. «Рәйла апаңа барып кел» деген бір-ақ ауыз сөз айтады. Тақия – ерлі-зайыптылардың арасындағы жорамалы жоқ белгі. Рәйла бірден түсініп, жомарттық жасайды. Бір тақия кейде екі тақияның құнын алып қайтады. Ал, ауданға барса, қойны-қонышын сықай толтырып барады. Бала жұмсап жіберуге жол қашық, бірақ тақыр басынан тақиясы түспейді.
– Самат, біздің үйді білесің ғой, – деді табиғи қажеттілікті өтеуге тысқа шыққанда жеті-сегіз жасар балаға. – Мына тақияны Рәйла апаңа киіп бар. Сөйт…
Дене бітімі еркектігін енді білдіріп келе жатқан балаға басынан алып, тақиясын кигізді. Бас бітімі бөлек торсық шеке адам дастархан басында жалаңбас қалды. Шаш шықпаған қауын бастың бітімі қандай бөлек болса, өмірден көрген өгейлігі – ат байлары жоқ азамат екендігі ауылдан асып, қыстаққа аян. Еркек басымен айнаға бір қарағанда: «Құдай менің басыма бір тал шаш өсірмей қойғанын қарашы» депті күйзеліп. Ол – өмірден перзентсіз өтіп барам деп уһілеуі. Соғыстан кейін Шымкентте агрономдық техникумда оқып жүріп, Созақтың қызы Рәйламен танысып, үйіне келін ғып түсірді. Жаратқан ә дегенде бір ұл берген, ол қызылшадан шетінеп, онан кейін екеуі есіктің тұтқасын ұстап тұл қалды. Сонан бері Тәңірден тілеумен келеді. Елуден асқасын «Тоқал ал» деп ақыл берушілер болды. «Жоқ, мен Рәйланың көңілін күйзелтпеймін, менің ұлым да, қызым да сол, Рәйланы Созақтан Шерліге қалай түсірсем, солай ұстаймын» деп, ақылмандардың бетін қайтарып тастады. Екеуі көрінбеген дәрігер де, бақсы-балгер де қалмады. Рәйла елуден асқасын: «Болды енді, бақсыға да, балгерге де ырзамын, енді олар екеумізге кеп қаралсын» деп, сырттай сәлем айтып жіберіпті қалың ернін қымқырып, өмірге деген өкпесін сыздықтатып қана сыртқа шығарып тұрып.
Бала ұзамай қайтып келді де, толтыра көже құйып, кілт-кілт етіп әрең ұстап тұрған тостағандай тақияны қолына берді. Айналасындағы қою шәй мен жүз грамның буына бөккендер балаға мойын бұрып қарамады. Әлиякбар бір тақия ақшадан бес сомдықты түртіп алып, «Мә, шоталың, енді ұйықта» деп қолына ұстатты. Бес саусағына бес сомдықты қыса жөнелген баланың қуанышы тайға мінгенмен бірдей еді.
Шәйдан кейін қайта отырды. Жүз грамның әсері қимылды ширатып, сарт-сұрт соғу басталды. Қою шәй да құр қалмай ми тамырларын жүйткітіп жарысқа қосып, бұрынғыдан да бетер бұлқынта жөнелді. Аудан орталығынан келген қартапаздың: «Колхозниктердің түгі қалмады ғой» деген сөзі Әлиякбарға шаншудай қадалды. «Қонақ қойдан жуас» деуші еді, «сиыр сыйлағанды, есек сипағанды білмейтін» шақ туды деп, сарт еткізгенде отырған төртеудің үлесі түгел Әлиякбардың таланына түсті. «Апырмай, көке, төрт көзіңіз бар ма?» – деді іні боп жүретін ферма меңгерушісі Таңсықбай таң қала сөйлеп. «Жұрттың сегіз көзі сырқырайтын кез келді» дегенде, ауданнан келген азаматтың жүйкесі сыр беріп қалды. «Оттамай отырып ойнайықшы» деді көзі шатынап. Тағы да: «Отан – от басынан басталады, оттау ұтылғаннан басталады», – деп Әлиякбар үш тұзды қатар ұстап, қолмен тоқылған қып-қызыл кілемнің үстіне сарт еткізгенде, анау: «Мені апарып салатын көлік бар ма екен?» деп күмілжіп қалды. «Қонақты жаяу кайтармаймыз, қонақ аш келіп, тоқ қайтады» деуші еді, колхозниктерге ол заң жүрмейді, олар деревня ғой», – деп Әлиякбар кекете бастады. Бір жағынан сауаттылығын байқатты. Соғыс көріп, шаруашылық басқарған адам қашанда ширақ. Қышыған тілді қыршып алатын өткірлігі бар. Қартадан басқа түк көрмеген қалалық ішін беріп қойды, қалтасы жұқарып қипақтай бастағанда Әлиякбар тағы да үш тұзды қосақтап сарт еткізді. «Құдай бір берсе аямай береді екен ғой», – деді қопаңдап. «Құдай атбайлар бермегенмен тұз береді екен ғой», – деп қаладан келген ескі танысы өзінің өмірдегі бұралмай қалған бір тетігін күлішін таппай жанын ауыртып бұрап қалды. Осы бір көңілінің тетігі өмір бойы бұралмаған болттай олпы-солпы боп тұрады. Осы сәт «Жоғымды бетіме бастың-ау, Құдайдың бәрін беріп, осыған келгенде таршылық жасағаны несі екен?!» деп, өзінен мін іздей бастады. Адамзатқа қиянаты жоқ, ешкімге залалы тимеген, қарыз берсе де күліп беретін, ешкімнен сескенбейтін бір пенде мажығып қалды. Соғыста өз қолын өзі атқан өзбекті де замполиттігін арқаланып, мұсылманның бір мүсәпірі ғой деп, қылмысын құмға сіңген судай білдіртпей жіберді. Окоптың түкпірінде: «Шыныңды айт, өзіңді өзің аттың ба?!» деп еді, «Әка, сөйттім, босқа өлгенше бала-шағамды бір көріп өлейін дедім, әка…». Өзбек қалш-қалш етіп ағынан жарылып, көз жасын бұлады. Өйткені, қолында жақын жерден тиген оқ-дәрінің иісі мүңкіп тұр еді. Қылмыстың ізін суытып, аспаздыққа ауыстырып жіберді. Өзінің дағдылы кәсібіне топ ете қалған Ергәш соғыстан кейін де ағайын боп араласып тұрды…
– Қой, есің барда, елің тап, қайтайын, – деді қалтасын сипап қалған қаладан келген қартапаз. – Көліктерің бар ма?
– Түтін пұлыңды төлейміз, – деп қып-қызыл он сомдық ұстатты. Анау балаша лып етіп, төс қалтасына сүңгітіп жіберді. Сонда да тілін тартпады, өліп жатып сөйлеп жататынның нағыз өзі екен.
– Колхоздың адамдары кең ғой, – деді күңгірт жарық астында көзі шүңірейіп.
– Әй, Таңсықбай, мынаны «ДТ-54»-пен жеткізіп сал. Жолда жақсылап сөйлес. Колхоздың адамы да, шынжыр табаны да қандай екенін көрсін, аяғы ауырлап қалмасын, – деп еді, анау сескеніп қап:
– Жоқ, өзім мәшине ұстап кетемін. Қалтамда ақшам бар, қол көтерсем қаланың адамын түнде де таниды ғой, – деді биіктен қарап.
– Бірақ, біздің ауылдан аяғың ауыр боп аттансаң әлимент төлей алмаймыз, – деп, Әлиякбар қалш-қалш етіп есікті тарс жапқанда, көзіне ұйқы тығылып тұрған сол үйдің келіні: «Көке, бір шәй ішіп кетпейсіз бе?» – деді алдын кесіп өтпей тұрып қап. «Рахмет, қалқам, мә, балдарға кәмпит әпер» деп, қалтасына қол салып, саусағына іліккен бес сомдықты ұсынды. «Жаңа бердіңіз ғой шоталды», – деп еді, – «Ақша көптік етпейді, қалқам» деп қою түнге сүңгіп, кедір-бұдыры көп тас жолға түсті. Сылти басып, аулының тап-таза ауасымен кеудесін кере демалды. Колхоздың өмірі асфальт көрмеген тас жолында еңгезердей жоталы адамның құрым етігінің тұмсығы қиыршық тастарды арлы-берлі ұшырып, көзінен шыққан ащы жасты кері қайтара алмады. «Білетіндер бетіңе баспай тұрмайды. Қартадан ұтылса да, атбайларыңның жоқтығын алдыңа тартады». Еңкілдеп жылап келеді. Ащы жас ытқып шыққан сайын арқасы жеңілдеп қалды. «Мынау екі тақия боп қайтқан ақшаны бұл өмірде қайда жаратам? Кімге киім әперем?» деп өксіп-өксіп алды. «Бұ жалғанда тапқан ақшаны қуықтай сандыққа салмай, емін-еркін жаратқанға не жетсін, шіркін! Бала-шағама түрлі-түсті киім әперсем, ұлыма ат әперсем… Рәйла да ақшақұмар емес, тапқаныңды әбден көнерген қызыл сандықшаға санамастан тастай салады. Оның да ақша санайтындай көңілі желдей есіп тұр дейсің бе? Сол сандық бір күні ашылмай қалса неғылам… Өмір бойғы сағынышым өзіммен кетсе, сол көк қағаз кімге керек?.. Таз басымда тақиям, басым жалғыз. Пұшпағы бір қанап, күтумен қан құсқан ұрғашым бар қасымда…». Бір жарым шақырым жолда құрым етіктің тұмсығы тиген қиыршық тасты арлы-берлі ұшырып, үйіне жеткен көңілі жарым адам есіктен кірген бетте аузына қараған қосағына:
– Рәйла, таң атысымен Ақмешітке пойызға шығамыз, – деді.
– Қайда барамыз? Тыныштық па?
– Детдомға. Бала асырап аламыз…
– Маған не дайындық керек? Мен дайынмын.
– Бір-ақ нәрсе жетпей тұр ғой… ұрғашының алдында жылап көрмеген еркек қырық жыл құшақтаған қосағының иығына басын қойып, еңкілдеп жіберді. Босап кеткен ер көңіліне қабағын түйген қою түн куә.
– Ертең таңғы пойызға шығамыз. Жұртқа көзтүрткі болып-ақ өлетін болдым…
***
Вокзалда өзін танитындар көп екен. «Ассалаумағалейкүм!» дейді тұра қап. Өмірі біреудің сәлемін тастап көрген емес. «Уағалейкүмассалам!» дейді үлкенге де, кішіге де қолын ұзынынан ұсынып. Бәрі басындағы тақиясына қарайды, бұл жарым көңіл адамға басындағы жарым баққа біреу үңіліп тұрғандай көрінеді. Ақшасы таусылғанда тақиясын баладан беріп жіберетіндігі күллі қауымға аңыз боп тарап кеткен. «Менің қарта ойнауға емес, перзент іздеп бара жатқанымды осылар білсе ғой» деген жарылуға шақ қалған сыздауықтың шаншуы тағы да көкірегін сыздатып өтті. Әйтсе де, жақсылықтың жақын қалғанына жаны толқып, 1905 жылы соғылған Қазақ темір жолының құртақандай бекетінде арлы-берлі сылти басып жүріп алды. «Қарызға ақша сұрасаң санамай беріп, санамай алатын Әлекең таң атпай қайда асықты екен?» Пойызға мінейін деп тұрған өзін танитындардың ішінде осы ой шыр айналды. «Жол болсын!» десе, «Бәріміз де жолаушымыз» деп жауап берді.
Жәй жүретін «есек» пойыз да уақытынан кешігіп келді. Жүрдек пойызды күтуге шыдамы жетер емес. Көз жанары жылт-жылт еткен жасқаншақ сәби де тас қорғанның арғы бетінде өзін көргенше асығып жүргендей. «Мейлі, жетер жерге жеткізсе болды» деп, жолсеріктің алақанына билет құнын асыра салып, Рәйланы жұртпен бірге отырғызып, өзі екі вагонның ортасын қосқан кілт-кілт еткен ашық қуыс – тап-тар тамбурға келіп тұрды. Насыбайын атып, жылт-жылт етіп қара жер көрініп қалғанда сығырайған тесіктен уыты кеткен қалдығын тастады. «Осы қара жер ғой бәріміздің қонақжай пәтеріміз. Соған шын жылап тұрып шығарып салатын біреуің болса… Мына пойыз да титыңдап жүрмей қойғанын қарашы». Қазақ темір жолындағы жүз жиырма шақырымдық екі аралық пәниде өзі жүрген ең ұзақ жолдай көрінді.
Осыны айтқан Рәйланың өзі еді. «Бір ұл, бір қыз алсақ. Қанымыздан жаралмаса да, «еңбек туғандікі емес, баққандікі» дейді ғой үлкендер. Өлгенде жылап, қатарда тұратын біреу керек. Өскесін қалаға көшерміз», – деді өзіне тән биязылығын басынан асырмай. «Пыш-пыштан қашқан түрі ғой». Ешқайда көшпеймін. «Өз үйім – өлең төсегімде» көзім жұмылса, балам жылап тұрып бір уыс қара топырақ салса… Біздің Рәйла ақылды, ақылды болғанда сұрама. Созақтың қызы ғой. Жынына тисең арқасы ұстап, Созақ көтерілісін де бастап жібереді» деп, салдыр-гүлдір вагонның ішінде жанын шүберекке түйіп отырған жанжарын алыста жүргендей сағынып, өң-жүзіне шұқшиып бір қарағысы кеп кетті. «Ұлды өзім, қызды Рәйла таңдайды, – деді де, жауырын тұсы шым ете қалды. – Жоқ, біз адам таңдамаймыз. Бірінші көргенімізді аламыз. Жетімді жебейміз…». Діні қатты адам сарт-сұрт соққан темір жолдың жылт-жылт етіп қара жер көрінген түкпірінде тұрып, еркек басымен еңкілдеп екінші рет жылады. «Көрмесін. Ешкім көрмесін. Рәйла да көрмей-ақ қойсын. Оның да шыбын жаны шырқырап отырған шығар».
«Есек» пойыз митыңдап жүріп алғанын қарашы.
Тақиясын түзеп қойды.