Кітапқұмар «кісілер»
(Сықақ әңгіме)
Олар екеу. Қарындары тоқ, көйлектері көк. Өмірбақи майлы жерде істеген. Қазір екеуі – бай да, кедей де емес, әжептәуір беделді кісілер. Алда «кісі» деген тырнақшаға алынады. Себебін соңынан білесіз. Айтпақшы, оларды мырза деу де, сараң деу де екіталай. Оның да себебін соңынан білесіз Айтпақшы, иә, айтпақшы… осы күнде оларға кітапқұмар деген жақсы ат жабысқан… Қалайша десеңіз, былайша…
Мимекен «кісі» әуелі өзі сияқты қитұрқысы қырық елі, анау-мынауды кісі демейтін біраз «кісілермен» ақылдасты: «Ата-баба, зәузәттерім туралы кітап жазсам деп едім», – деп. «Жаз, несі бар», – деп пікір қосты Шоңғал деген «кісі».
«Жазсаң болды, қабілетің – пішен, жазу не тұрады», – деп, Егентай «кісі» ақыл қосты. Бөлтек «кісі» құптады.
«Қабілет» дегеннен іші бүлк еткен Мимекен «кісі» «жазу қолдан келе қояр ма екен?» деудің орнына, «уақыт аз ғой» дей салды. «Әй, қазір кітап шығарудан оңай нәрсе жоқ», – деді, иегінің астынан найза тірелген Әгібай «кісі». «Ақша болса бітті, битін сығып, қанын жалап жүргендер бір сәтте дөңгелетіп тастайды», – деді Дардан «кісі». «Сонда оларға қанша беру керек?» – деді Мимекен иығынан ауыр жүк түскендей боп. «Жеңіл машина», – деді Мәжіл «кісі». «Машина дейсің бе?». – «Иә!» – «Көп емес, үстіне бір соғым қоссаң, ертең-ақ шығады», – деді Қажман «кісі» (кіл «кісі», өйдөйт!). «Апырай, ә?!» – деген Мимекен «кісі» сәл ойланды: «Мен білетін кім бар?» деп. «Е, бар екен. Долда жытқыр жазарман, әрі жамағайын, соған құрық тастау керек. Е, Алла! Шүкір, шүкір! Тәуба!».
Дереу телефон шалды. «Қанша керек?» – деп. Долда: «Оны мырзалығыңыз біледі», – деп міңгірлесе керек. «Бір машина, бір соғым бола ма?». Долда сыңғырлай күлді. «Ертең сізге барамын», – деді. «Не үшін?». – «Сөйлесеміз». – «Не сөйлесеміз?». – «Жазу үшін сөйлесу керек». – «Солай ма?». – «Солай, көке!».
Ертеңіне Мимекеннің үйіне келген Долда жазу үшін не керегін әрең түсіндіріп, жарты айда жалпақ кітап жарыққа шықты. Мимекеннің туған күніне Долда жеті жүз дана кітапты артынып-тартынып алып барды. Екі езуі құлағында. Кітап жазуға барын салған-ды. Және жарты айда шалқадан түсіргенін айт!..
Мимекен «кісінің» туған күні өтіп жатыр. Дүркіреп-күркіреп. Долдаға сөз тиер емес. Кітап туралы ешкім жақ ашпайды. Долда бір шетте құнжыңдап отыр. Той бітті. Жұрт тарап жатыр. Қолдарында қорапқа салған бір-бір кітап. Долда Мимекен («кісі») ағасына жақындап:
– Кітап ұнады ма? – деді көздері күлімдеп.
– А, иә, – деген Мимекен жалма-жан қалтасынан ақ конверт шығарып, Долдаға ұстатты да, теріс айналып жүре берді.
Долда былай шығып санаса, конвертте – отыз мың ТЕҢГЕ (екен). Долда жын қаққандай болды. Бұйра шашы қобырап, аяқ-қолы қалтырады. Иегі дірілдеді. Тістері шықырлады. Лоқсыды. Бірақ, құсқан жоқ. Жыласам ба деп еді, жылай алмады. Үйіне жақындай бере, қараңғы түнде сақ-сақ күлді. «Ім… м…» деп ыңырсыды…
«Отыз мың, отыз мың… машина, машина… соғым… соғым…» Долда үйінің босағасын аттай бере құлап түсті…
Кенет біреу құлағының түбінен «Мимекен кісі» деп сыбыр еткендей болды. «Бірақ, ана кісі емес, ана кісі». – «Ұқпадым». –Ана кісі, бірақ кісі, енді ұқтың ба?». – «Ұқпадым». – «Мимекен кісі, бірақ ана кісі, енді ұқтың ба?». – «Ой, кетші, ұқпасам да ұқтым. Анау ма, мынау ма, кісі болса бопты да». – «Дәл солай, Мимекен кісі, бірақ… тырнақшадағы кісі». – «Ойбай, енді ұқтым. Мимекен кісі, бірақ… бірақ…». – «Жарадың! Саңылауың бар екен. Бәрекелді!..».
Долда осыдан кейін көрші облыста тұратын тағы бір жамағайын ағасына тағы бір кітап жазып берді. Жазып берді не, алтынмен аптап, күміспен күптеп шығарып берді. «Ана жолы болмаса, осы жолы еңбегім еш кетпес, (ол да уәде еткен) жеңіл машина мен соғым болатын шығар» деп. Бірақ… туған күнінде тоғыз машина мініп, алдына бір үйір жылқы салған Пыташ «кісі» Мимекен «кісіден» «асып» түсті. Асқаны сол, Долданың қолына көк конверт ұстатты. Сөйтіп, Мимекен «кісі» ақ конверт ұстатса, Пыташ «кісі» көк конверт ұстатты. Сөйтіп, жамағайын Мимекен «кісі» берген ақ конвертте отыз мың болса, жамағайын Пыташ «кісі» бере салған көк конвертте жиырма… жиырма… жиырма мың… (доллар деп қалма…) … теңге… теңге… доллар емес… доллар емес… тең… теңге… болып шықты… иә, иә, долл… ес… долес… до… о… о… тең… тең… теңге…
Маған осыларды айтып боздаған Долдаға «Өзіңе сол керек» дегеннен бөлек аузыма сөз түспеді. Ал, айтшы, не деуім керек еді?.. Әлде, «Әй, миғұла, сен өзі бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған (пах!)… ас та төк заманда байлар емес, байлардың жөні басқа, бірақ, байшыкештерден өткен сараң болмайтынын білмеуші ме едің?!» деуім керек пе еді? О, қасқа! Жамағайынға жарыған жалбақбай! Пішту!..
Зәкір Асабаев