ГҮЛГЕ ОРАП ҰСЫНДЫМ КӨЗІМДЕГІ ЖАСЫМДЫ…
10.10.2018
1301
0

Заида Елғондинова

ДОҢҒАЛАҚТАР

Алға сүйреп келесің, доңғалақтар,
Миым құйын, миымда толған ақпар.
Алматыға бұл поезд бара жатыр,
Менің оған бар-жоғым қара бақыр.

Түсінбейсің сен мені, темірсің ғой,
Түнге сіңіп кетсе екен көңілсіз ой.
Зайда болып көрсеңші, қасқа, сонда,
Егілер ең ішіңнен тас босаң да.

Сен түсіне бермейсің өмір заңын,
Азар болса таттанар темір жаның.
Адаммын ғой жаралған сүйек-еттен,
Маң-маң басқан құмдағы түйе деп пе ең?!

Бірде лайсаң болады, жол-күресін,
Сен шеріңді тарқатып жол жүресің.
Қара түнге сіңіп-ақ кетер едім,
Өмір сүргім келеді жетелегін, доңғалақтар…

КЕШІР МЕНІ…

Мен саған күн нұрынан сәукеле кигіздім,
Ай нұрына аймалаттым.
Әлемнің аппақ гүлдеріне сүйгіздім,
Қасыңда жүрді жайнап ақ түн!

Мен сені көктемгі шыққа шомылдырдым,
Күйігі басылсын деп.
Арман жырларымды егілдірдім,
Сен жарқырап ашылсын деп!

Мен саған руxымды бергем,
Ұрандап дүрсілдесін деп.
Саған жыр кестеледім алтын зермен,
Түндерде күрсінбесін деп!

Сезімім шыңда өскен сеңгір гүл еді,
Сен үшін, сенің табаныңа тастадым.
Иесіне адал ғой елдің жүрегі,
Сен неге бұлтқа қидың ғұмырымның аспанын?!

Мен саған өмірімнің бағын бердім,
Көкірегімді өртемесін деп.
Мен саған мәңгіліктің тағын бердім,
Жалғыздыққа еркелесін деп…
Кешірші мені, жүрегім…

***

Ұйқысыз түн… таң атқаны ма?!
Көбелектердің қауырсын байлағаны
несі қанаттарына?!
Алланың ақ періштелерінің шеруі тәрізді,
Ұлы Көкке алқызыл арай тұнғаны.
Қызық екен, ақ раушандардың бейкүнә көздерімен,
Аспанға қарайтындары.
Құстар да сырын айтады таң рауанына,
Ал, дарақтар сенеді, жаңбыр жауарына.
…Күннің саржалқын сәулелері,
сап-сары шырынын құяды көзелеріме,
Бір тал нұр болып тамшылап едім сөз өнеріне.
Енді алып дарияға айналып барамын,
Кім білсін, қайда алып барарын?!
Өңім бе, түсім бе, суретімді суға саламын,
Түсінесің бе, қарағым?!
Судың да жүрегі бар екеніне, сыздағанына,
Суда да мәңгілік із қаларына,
Сенемін.

***

Мен саған алма ағаштың ақ гүлі боп “борап” келдім,
Мәңгілік арман деген ән ап келдім.
Әжімді жүрегімді аялашы,
Сап-сары жапыраққа орап бердім.
Қара күз қалтырайды қара желден,
Жүрегім сенде қалды,
Елесім жәйбарақат барады елмен.
Көктемім көңіл қимай бара жатыр,
Құйғытып қара жолда қарагермен.
Алматы бусанулы буы ұшқанда-ай,
Қиқулап төбесінен қу ұшқандай.
Сағынып күзгі бақта мен отырмын,
Ай ғана жұбатады туысқандай.
Сазыма қара барқын іңір өтіп,
Тәңірдің тағы сездім құдіретін.
Аққан су өткенімді алып кетті,
Жұлдызға салып мәңгі суретін.
Алманың тамшы қосып шырынына,
Қараша үйдің өрнек салып құрымына.
Оралтып он жетімді жалғыздықтан,
Гүл тағып келіп тұрмын бұрымыма.

***

Менің сұлу кезімде,
Менің ару кезімде,
Жанарымды ешқашан жас шалмаған кезімде,
Өлеңімді күлкімен астарлаған кезімде.
Жүрегімді күндіз-түн ән билеген кезімде,
Сезімімді жұлдыздар әлдилеген кезімде.
Дүниені әлі де түсінбеген кезімде,
Шәрбат болып ешкімге ішілмеген кезімде.
Жасын шалған қабағын ерте көктем кезінде,
Бал-бұл жанып ажарың еркелеткен кезіңде.
Құшағыма аспаннан Ай құлаған кезімде,
Қара көзің мөлдіреп жаудыраған кезіңде,
Сәуір түні сансырап, маужыраған кезінде.
Әлемімді сен менің жарық еткен кезімде,
Жанарыңда мен сенің жанып кеткен кезімде.
Маxаббатты бір ғажап тылсым деген кезімде,
Сені ойлап жымиып, күрсінбеген кезімде,
Ақ жаңбырға шомылып,
Көкірегім толы үміт,
Сіз, біз деген кезімде,
Кезіккен едің.
Менің бақыттан басым айналған,
Арулығымның сезіп беделін.

СУРЕТ…

Күшті, күшті, күшті деп құс сүтінен басқаны.
Көңілімнің, апыр-ай, қақ айырылды аспаны!
Құл көкірек дүние неге сонша тасынды,
Гүлге орап ұсындым көзімдегі жасымды.
Жүрегімнің жалыны ерітеді тасты да,
Мазалайды күндіз-түн өлең деген бас құда.
Жалынымды өшір деп тұрам жаңбыр астына.
Менде де көп арман бар ала кетер өзіммен,
Жүрегімді алдаймын жылы-жылы сөзіммен.
Тәңір маған сөйлейді, сәттерімде көз ілген.
Түнде шәрбат ішемін мәңгі ұлы сезіммен.
Таң атады талаурап,
Босағама байланар шабыт деген жараулы ат.
Бәйге торы емес-ті,
Оның дағы дәл мендей “жүрегі жас, өңі ескі”.
Өмірі бұл, тәңірім, мен сияқты өлместің.
Сыбырлайды жел болып қара түнде келмес күн.
Жасамыс шал көк пен жер,
Қақ суындай өткелдер,
Күзге айналған көктемдер.
Айқайлаған асар таң,
Мен сендерді жасартам!
Ей, жүрегім, жалын іш,
Менің жалбыз жанымда болсын тағы жарылыс!
Сипап өтіп жел демі,
Толқын жайлы айтады сонау терең көлдегі.
Жүрегіме басылып жұлдыздардың өрнегі.
Суретіме қараймын,
Жымиып тұр төрдегі…
Жымиысы біртүрлі,
Келтіреді күлкімді.
Менің емес, ғажабы,
Өмірімнің азабы,
Суретімнің көзіне мөлдір жас боп іркілді…

ЖАПОН САЗДАРЫ

Жапония!
Мен өзіңе барғам жоқ,
Сакураңның* гүлдегенін көрмедім.
Жүрегімде қаларсың сен арман боп,
Фудзиіңе* қиялымда өрледім.
Сенде тусам, мүмкін шайыр болмас па ем,
Кең далада кемиді ғой бір ақын.
Тынық мұxит салқынынан тоңбас та ем,
Балықшы боп өмір сүру мұратым.

Мұxит асып, безіп кетсем даладан,
Маңдайымнан сүйер ме еді күміс жел.
Маған мұңлы жанарымен қараған,
Мацуо Басё* – Айдан әлі үміткер.

…Орта ғасыр. Сал мұxитта қайықтар,
Сен кетесің. Мен шығарып саламын.
Қарай-қарай шаршадым ғой ғайыпқа,
Сол мұxитта қалар мәңгі жанарым.

Жағалау құм. Сөйлесермін самалмен,
Айға қарап, түнде сені күтермін.
Сен келмейсің. Білем оны амал не,
Сыбырлайды суда қалған сүт ернің.

Мұxит тыныш. Жұлдыз сирек. Ай жарық.
Сен келмедің. Күттім, күттім ол күні.
Ессіз қайық кетті сені қайда алып,
Балтырымды сүйді мұxит толқыны.

Жүрегімді шиырлады сан күмән,
Түу алыста сямисэн* де сыңсыды.
Балық иісі, балдыр иісі аңқыған,
Жағалауда келе жатты күн шығып.

Сакура*-жапон xалқы ерекше құрмет тұтатын шие ағашы. XII ғасырдан бастап, сакураның гүлденуін көктем мерекесі ретінде ерекше атап өтеді.
Фудзи*-Жапониядағы жанартау.
Мацуо Басё*-орта ғасырдағы жапонның ұлы ақыны.
Сямисэн*-жапон xалқының музыкалық аспабы.

ЖАПОН САЗДАРЫ

Ұстаз Акутагава Рюноскэге

Сіз ғой маған сіздің елді таныстырған әуелгі,
Сонша ғажап күншығыстық әуенді.
Айға арнап ән шығарған, жыр оқыған сол елдің,
Әуеніне, әуезіне болдым сосын тәуелді.
Сіз боп жапон, сіз боп қана сөйледі,
Ай болдыңыз шалбарлы һәм жейделі.
Мен Ай болдым, ару әйел бейнелі,
Көк мұxиттың толқынындай, толқындаған көйлегі.
Соңыңызда толқын-толқын сөз қалып,
Сансыз арал әлсін-әлсін қозғалып.
Шыдай алмай шідеріне өмірдің,
Акутагава Рюноскэ бұл фәниден озғанын…
Айтқан еді оңашада Ай маған.
Самурайдай жігіт деп те, сертінен бір таймаған.
Сізді елеп, ескермеген сол қоғам,
Сіз кеткен соң, ұлы еді деп, салды сосын байбалам.
Жүрегіңізден өткен еді сан сүзгі,
Көрдіңіз сіз, жансызды да қансызды.
Үйреттіңіз егер мықты болмасам,
Мына қоғам жұтатынын әлсізді.
Үйреттіңіз, Ай бедерін, күн сынын,
Басқа әлемнің жұмбағы мен тылсымын.
Үнсіз Айға қарап үнсіз отырам,
О, ұстазым, сізді ойлап күрсініп.
Айдай жылжып аспандағы ескі өмір,
Ескі Айдай сізден дағы көшті өмір.
Бақыттысыз сонау қазақ елінде,
Бір арудың, білесіз бе, мәңгі бақыт кешкенін.
…Жапония!
Әлсін-әлсін түске еніп,
Сәлем айтты сиқырлы бір құс келіп.
Ай туралы әуезі де тым ғажап,
Оянамын көкірегімді күш керіп.
Сакураның жапырағы қаншама рет қурады,
Тынық мұxит толқындары
Қаншама рет шулады.
Жапония!
Сенің ғажап ұрпағың,
Жазар ма екен қазақ қызы туралы,
Күншығысты сүйетін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір