Қос жақсының ғибраты мен қамқорлығы
Оразақын Асқар мен Кеңес Нұрпейісұлының Қазақ ССР Ғылым Академиясы тарих, археология және этнография институтының Ақтөбе облысындағы далалық экспедициясында түскен суреттері. 1962 жылдың тамыз айы
Өткен ғасырдың 80 жылдары…
Содан бері қырық жылға жуық уақыт өтсе де, бәрі бүге-шігесіне дейін есімізде. Ауылдан әсем қала Алматыға білім іздеп келіп, Кеңестер Одағында ең беделді жоғары оқу орнының бірі болған С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) Қазақ Мемлекеттік университетінен білім алған біз – бақытты жандармыз!
Университетте білім мен тәрбие ғана алмадық, ең бақытты сәттерді бастан кешірдік, адал достар таптық. Болашақ жарларын тауып, сүйіп қосылған, қазір немерелі-шөберелі болып, бақытты ғұмыр кешіп жатқан жандар қаншама. Сондай бақытты жанның бірі – біздерміз!
Аяулы жарым – Гүлнәр Нұрақынқызы екеуміз де сол кездегі жастардың махаббат қалашығына айналған ҚазМУ-де танысқан едік.
Қазақстандағы университет статусы бар алғашқы жоғары оқу орны – ҚазМУ-ге оқуға түсу қиынның қиыны еді. Қабылдау комиссиясы өте қатал сараптаудан өткізіп, конкурс арқылы сұрыптап алатын.
Мен көп балалы отбасынан шыққам. Мектепті жақсы бітірсем де, 11 баланы жалғыз өзі асырап жүрген әкемізге көмекші болып, ауылда қалдым. Денешынықтыру институтына оқуға түсіп, спортшы болам деген асыл арманым кейінге шегеріліп, колхоздың қара жұмысына жегілдім. Бір ағам Алматыда студент, екіншісі әскери борышын өтеп жүр. Өзімнен кейінгі іні-қарындастарымның алтауы әлі мектепте оқиды, мектепке бармағаны да бар. Оқуға түсіп кеткен достарға қызыға қараумен жүріп, бір жылдың қалай зыр ете түскенін сезбей де қалдым. Содан Хабаровск өлкесіндегі Комсомольск қаласына әскерге аттандым. Әскери бөлімшенің комсомол жұмыстарына аздап араласқан соң, спортшы болуды кейінге қалдырып, өмірімді партия, комсомол қызметіне арнағым келді. Әскери борышымды үздік атқарғаным үшін сол жақта жүріп коммунистік партия қатарына өттім. Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетінің дайындық бөліміне әскери бөлімшенің жолдамасымен оқуға түстім. Дайындық бөлімінің ашылуы өндірісте біраз жыл еңбек еткен, әскери борышын өтеген жастар үшін сол кездегі үкіметтің жасаған ең зор жеңілдігі еді. Мен де, жарым Гүлнәр да осындай жолдан өтіп, тарих факультетінің студенті атандық. Мен үшінші курс оқып жүргенде ол дайындық бөліміне түскен екен. Ол да мен сияқты колхоздың озат жылқышысы, қойшысы болған ата-анасына көмекші шопан болып, жақсы еңбегі үшін партия қатарына қабылданып, партия ұйымы мен колхоз басқармасының жолдамасымен дайындық бөліміне қабылданыпты.
Факультетте біз сияқты партия мүшесі болған он шақты студент бар еді. Екі ауысымда кезекпен оқимыз. Сабақ кешкі 18.30-да аяқталатын, сондықтан түрлі жиындар сабақтан кейін өтетін. Бесінші курс оқып жүргенде, сондай бір жиналыс кезінде шашы беліне түскен, ақсары әдемі қыз көзіме оттай басылды. Сол мезеттен бастап тағдырымның осы қызға мәңгі байланғанын іштей сездім. Ағалы-қарындастай сыйластығымыз махаббатқа ұласты.
Менің аспирантурада, Гүлнәрдің бесінші курста оқып жүріп, ағаларымыздан бата алған сәтіміз
Танысқанымызға бір жылдан асқанда Гүлнәр мені нағашы ағасы, қазақтың белгілі ақыны Оразақын Асқар ағаның отбасымен таныстырды. Ол кісі менің ағам да, әкем болып жүрген Кеңес Нұрпейісұлымен жақсы сыйлас, Ғылым Академиясының тарих институтында біраз жыл қызметтес болған жан. Кеңес ағаның інісі екенімді білген сәтте-ақ жары Ажар тәте екеуі бізге бақыт тілеп, ақ батасын берді.
Болашақ жарымның Оразақын ағаның жақын туысы екенін естігенде Кеңес аға балаша мәз болды. «Ооо, Ораздың туысы болса, жаман келін болмайды. Ораздың қарындасы болса, менің қызым болады!» – деп, жақын туыстар мен әріптестерін, үлкен ғалымдарды шақырып, келін түсіру рәсімін жасады.
Құдайға шүкір, үш ұлымызды өсіріп ер жеткіздік. Немереміздің алды мектепке барып жүр. Тәубә дейміз.
Мен алпысты алқымдап қалдым. Білім мен ғылым саласында біраз қызметтер істедім. Абырой мен құрметтен де кенде болмадық. Біз қандай нәтижеге жетсек те барлық жақсылықтың бастауында ақ тілеумен жол сілтеген екі үлкен ағамыздың әкелік ақ баталары тұрады.
Қазақ халқының басына түскен алапат зобалаңды біздің ағаларымыз да тартты. Бірінің әкесін қатігез үкімет «халық жауы» деген жаламен атып тастап, тұл жетім етсе, екіншісінің отбасын туған жерге сыйғызбай, елден жырақтауға мәжбүрледі. Олар балалықтың бақытты шағын көрген жоқ. Ерте есейді, тағдырдың ауыртпалығына шыдады. Мұқағали ағамыз:
«Шыда, шыда! Шыдай түс, шыда тағы!
Шыдамдыны мына өмір ұнатады.
Бақыттың құлан иек құла таңы,
Әйтеуір бір атады, бір атады…» – деп жырлағанындай екі ағамыз да асылдың сынығы екенін дәлелдеді! Мықты екендерін көрсетті! «Алмас қылыш жатпайды қап түбінде!» демекші алмастай жарқылдап қайта шықты.
Кеңес Нұрпейісұлы, ауылдың алты жасында жетім қалған баласы мықтылығы мен шыдамдылығының арқасында Алаштың данасына айналды. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, білім мен ғылым саласындағы барлық марапаттардың иесі атанған ғұлама ғалым болды. Тәуелсіз Қазақстанның Алаштану ғылымының негізін қалап, бұл салада өз мектебін қалыптастырды. Оннан аса ғылым докторын, қырыққа жуық ғылым кандидатын дайындаған ұлағатты ұстаз!
Оразақын Асқар, өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы бала ақын, Құдай берген таланты мен дарынының арқасында өлеңдері мен дастандарынан құралған 40-тан аса кітабын шығарып, қазір аузы дуалы, батагөй ақын болып отыр. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мұрасын зерттеп, көптомдықтарын шығаруда, қазақтың қара өлеңін жинастырып, Мұқағали ағамыз айтқандай, «шекпен жауып өзімізге қайтарып бергендегі» еңбектері ұшан-теңіз. Оразақын аға да елдің құрметіне бөленуден, мемлекет тарапынан марапат алудан кенде емес. Ақын ағаның өмірдегі алған ең үлкен сыйлығы, сүйікті жары Ажар тәте мен ұл-қыздары, немерелері. Сексеннің сеңгірінен асса да, ортасының ұйытқысы болып отырған Ажар тәте екеуінің амандығы қуантады. Алла ол кісілерге зор денсаулық берсін!
Екі ағамыз да өмірден көрген қиындықтары көп болғандықтан аса мейірімді, төңірегіне шуағын шашып жүретін адамгершілігі зор жандар. Бұл кісілердің жанында жүріп біз қазақтың көптеген игі жақсыларымен таныстық, араластық, сыйластық, оларды құрметтеу бақытына ие болдық.
Бұл екі отбасы да өте қонақжай еді. Біз туысқан ретінде қонақ күтісуге баратын едік. Әсіресе, Гүлнәр келіні болғандықтан Мәриям Жүнісқызы бізді қонақ күтісуге жиі шақыратын. Кей кездері күн сайын қонақ күтетін едік. Қонақтар қайтқан соң Кеңес аға көтеріңкі көңіл күймен: «Ал енді, өзімізше бір шәй ішейік, Гүлнәр шаршады. Мәриям, шәйді сен құйсаңшы!» – дейтін.
Алтын ағамыздың өмірден озғанына он жылдан асты. Елу жылдан аса бірге тұрған қосағынан айырылған Мәриям тәтеміздің денсаулығы сыр беріп, бірте-бірте нашарлап кетті. Бес жылдан аса қатты ауырып, кейінгі екі жарым жылдай уақытта төсек тартып жатып қалды. Бізді бірге тұруға шақырып, алты жылдай, ол кісі өмірден озғанша бірге тұрдық. Сол бір қиын кездерде, қуыршақтай ғана жарымның бойынан бұрын байқай бермейтін керемет адамгершіліктің, шыдамдылықтың, сабырдың, күш-қуаттың қайнар көзі табылғанына таң қалдым. Мәриям тәте өмірден озарынан біраз күн бұрын бізді ымдап шақырып: «Бала тумадым, балам жоқ деп налып жүруші едім, қызым да, ұлым да бар екен! Сендерге разымын!» – деп келінінің бетінен сүйіп еді.
Кеңес ағалар тұрған қасиетті қара шаңырақтың түтіні түзу шығуына барымызды салдық. Гүлнәр келіні атасынан қалған бай мұраны, төрт мыңнан астам құнды және сирек кездесетін кітаптарды шаң жұқтырмай таза ұстады. Астанадағы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаевадан ғалымның жеке кітапханасын Ұлттық кітапхана қорына өткізу туралы ұсыныс түскенде 3500 дана кітаптың межелі жерге аман-есен жеткізілуіне жағдай жасаған да Гүлнәр Нұрақынқызы.
Қазір Астанадағы сол кітапханада заманауи компьютерлермен жабдықталған «Академик Кеңес Нұрпейісұлы атындағы ғылым залы» жұмыс істеп тұр.
Өмірдің қиыншылығын көріп, барлық ауыртпалықты жеңіп, білім жолында жүріп жолдас болған, бірі ғылымның биік шыңына жетсе, екіншісі поэзия асқарын бағындырған екі жақсының біздерге жасаған жақсылықтарын ешқашан ұмытпаймыз. Сөзімнің соңын Кеңес ағамыз дүниеден озғанда Оразақын аға жазған өлеңмен аяқтағым келеді!
Талдыбек Нұрпейіс,
тарихшы, профессор
КЕЗДЕР ЕСТЕ
Құдай қосқан құдам, досым, Кеңесім,
Суық хабар боп барады неге шын.
Кеше өзің өмір сүрген ортада,
Қалғаны ма көрініп тек елесің.
Кездер есте бірге қызмет атқарған,
Кездер есте бірге мұрағат ақтарған.
Есте шарлап байтақ Қазақстанды,
Жинаған кез, тарих, шежіре қарттардан.
Ғылымға шын берілгенді қолдадың,
Ұрпаққа үлгі, шындыққа адал болғаның.
Мінбе қалды сені күтіп аңырап,
Тоқсан жылдық тойында Алашорданың.
Аялдай ма ажал ашса құшағын,
Қайғырды елмен қарлатып тұл тұта күн.
Қаңтарылып қалды өзіңді таба алмай,
Сәл кешігіп шыққан жаңа кітабың.
Не шығады қайғырудан, кейістен,
Деп тұрғандай еңбектерің ең үстем.
Жарқын бейнең жасар пәни жадында,
Бақидағы орның болсын пейіштен.
Оразақын Асқар