Есенберлиннің қолтаңбасы
Адам өмірінде естен кетпес сәттер көп болады. Менің өмірімдегі сондай қуанышты сәттің бірі – жазушы Ілияс Есенберлинмен кездескен күндерім. Сол жылы ол КСРО-ның ең жоғары марапаты – Лениндік сыйлыққа үміткер еді.
Маған «Горизонт» құрылысшылар жатақханасының тәрбиешісі Әуезхан Асанова апай:
– Сен мұнда көптен бері тұрасың ғой, жатақханадағы жігіттердің көбін жақсы танисың. Жазушы Ілияс Есенберлинді шақырып жатақханадағы жастармен кездесу өткізсеңдер қалай болады? Жастар жинала ма? Жиналмай қалып, жазушыдан ұят болмай ма? – деді.
– Апай, бұл жақсы жаңалық екен, мұнда қазақ жастары аз емес. Кездесу ұйымдастырайық, жастар міндетті түрде келеді. Бәріміз ол кісінің кітабын оқып өстік. Жатақхана кеңесінің мүшелерін шақырып ақылдасайық, – дедім.
Ол кезде мен КазГУ-дің (Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетінде сырттай оқитынмын. Журналистика, филология, тарих факультетінің студенттерімен етене араласып, түрлі тақырыпта әңгімелесетінбіз. Жатақхана кеңесінің мүшелері де сайдың тасындай, алға қойған мақсаты мығым жігіттер еді. Күндіз құрылыста жұмыс істеп, кешке қарай сабаққа дайындалатын. Жатақхана кеңесінің мүшелері Төребек Жылкелдиев, Асқар Оспанов, Мұхтар Қасымбеков есімді үш жігіт те КазГУ-дің заң факультетінің кешкі және сырттай бөлімінде оқитын. Білімге құштар, өнерге жақын жігіттер қазақ тарихының қатпарына үңіліп, қайталанбас шығарма тудырған жазушы Ілияс Есенберлинмен кездесу өткізу туралы ұсынысты естігенде қатты қуанды. Ел ауызында жүрген «Қаһар», «Жанталас», «Алмас қылышты» айтып, шығарманы жан-жақтан талдай жөнелді. Тіптен «Айқас», «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Алтын құс», тағы басқа жаңа шығып жатқан туындыларын айтып, енді осы шағармалардың авторымен кездесудің орайы келгеніне қуанып, «Қаладағы «Снежинка», «Искра», «Восход» сынды қыздар жатақханасына, жігіттердің «Жастар», «Горизонт» және «Нұрлан» жатақханаларына хабарландыру ілейік», – деп тарқастық. Әрқайсымыз өзімізге тиесілі тапсырма алып, кездесу күнін де белгіледік. Әуезхан апай үйінен Есенберлиннің үш кітабын әкеліп, маған жазушының «Көшпенділер» трилогиясы бойынша баяндама жасауды тапсырды. Төребек Жылкелдиев кешті жүргізетін болды. Дайындыққа бір апта ғана уақыт берілді.
Ілияс Есенберлинмен кездесуге санаулы күн қалғанда ол кісімен бірге белгілі жазушы Қалмұқан Исабаев та келетінін білдік. Осы жаңалықты айтқан соң Әуезхан апай: «Жазушының «Көшпенділер» трилогиясы Лениндік сыйлыққа ұсынылып жатыр екен. Кездесу соңында «Құрылысшы жастар бұл шығарманы Лениндік сыйлыққа лайық деп бағалайды, бірауыздан қолдаймыз» деп айтарсың, осыны ұмытпа», – деді.
Жазушымен кездесуді асыға күттік. Бұрын-соңды мұндай атақты жазушымен жүздесіп, кездесу өткізбеген соң қуану мен қобалжу қатар жүреді екен. Есенберлиннің еңбегі әрине ерекше ғой. Көкейде жүрген көп сұрақты қойып, шығармаларының қалай жазылғанын білу біз үшін бір ғанибет.
Кездесуге адам көп жиналды, көбі жастар. Мен Ілияс ағалардың жолын күтіп, клубтың алдында тұрдым. Ілияс аға мен Қалмұқан ағаны тек кітаптарын оқып, теледидардан көргенім болмаса өмірде жолықтырған емеспін. Көрсем, жазбай танитыным анық. Бір кезде үстінде бозғылт ақ плащы бар, бурыл шашын артқа қайырған Ілияс аға жалғыз өзі жатақхана бұрышынан шыға келді. Мен жүгіре басып, алдынан шықтым. Амандасып, өзімді таныстырғанда «Әлгі Қалмұқан келмеді ме?» деді. Ол кісінің келмегенін, әлі де уақыт барын айтқанымда «Қалмұқан ағаңды күтелік» деп, «Горизонт» пен «Нұрлан» жатақханасын бойлай жүріп, әңгімелестік.
– Бұл жерде құрылысшылар тұра ма?
– Иә. Мұнда жігіттерге арналған үш, қыздарға арналған бес және үш отбасылық жатақхана бар.
– Қара көздеріміз қанша?
– Жетпісінші жылдардан кейін Алматыға ауыл жастары көп келе бастады. Қазір мұндағы жастардың 70-80 пайызы қара көздер.
Бұл жауабымды естіген соң аға, біздің айлық жалақымыз бен пәтер алу кезегіміз жайлы сұрап «Жұмыстарың ауыр, еңбекақыларың аз, пәтердің кезегі 10-15 жылда келсе, өте ұзақ екен. Алматыдан үй алып жатқандардың көбі басқа ұлттың өкілдері, олардың арасында бір басында бірнеше үйі бар азаматтар да аз емес. Сендердің жағдайларың тым қиындау екен», – деп біраз үнсіз қалды.
Жатақхананы бір айналып, клубтың алдына келгенімізде Қалмұқан ағамыздың қасына бір шоғыр жас жиналып тұр екен. Бізді көріп Қалмұқан аға: «Ілеке, ерте келіпсіз, сізді ел-жұрт күтіп қалды, ішке кірейік», – деді.
Жиылған жұрт жазушыны тік тұрып, қол шапалақтап қарсы алды. Ілияс аға басын иіп, амандасты. Басын игенінен халыққа деген ыстық ықыласы мен халықтың ортасынан шыққан төл перзенті ретіндегі шексіз ізеті аңғарылады.
Қадірлі қонақты төрге шығарған соң, Төребек баяндама оқуға мені шақырды, баяндамам шағын еді. Кездесу жазушымен өтетін болғасын Ілияс ағаға көп уақыт берілуі керек деп шешкенмін. Баяндамада көбіне оқырманның аузында жүрген «Қаһар», «Жанталас», «Алмас қылыш» кітабындағы қазақ хандары, ондағы батырлар мен билер, шешендер, жыраулар туралы тұсына аз-кем тоқталдым.
Одан соң Ілияс аға мінбеге көтеріліп, Алматы құрылысшыларымен бірінші рет кездесіп отырғанын, шақыруға риза екенін айтып сөз бастады. Тарихи шығарманың қалай жазылғаны, қалай ізденгені, оқырманға қалай жеткені жайлы айтты. Шығармаға материал жинау барысында біраз тер төккенін тілге тиек етті. Осы шығармаға дайындық барысында көптеген архив құжаттарын ақтарып, 300-дей кітап оқыпты. Алғаш жарық көрген «Қаһар» жазушының жолын ашқан екен. Жиналғандар жазушыға көп сұрақ қойды, тұшымды жауап та алды.
Кеш аяқталған тұста мен қайта сөз сұрап, бүгінгі кездесудің маңызы мен мәніне тоқтала келе, жазушының «Көшпенділер» трилогиясы биылғы жылы КСРО-ның ең үлкен марапаты – Лениндік сыйлыққа ұсынылып отырғанын, шығарма осыған әбден лайық екенін және бұл шығарманы құрылысшылар да бір ауыздан қолдайтынын айтқанымда залдағы жұрт дүр ете қалып талмай қол соқты. Кеш аяқталған соң жиналғандар құрметті қонақты қаумалап, біраз бөгеді. Бірі қолтаңба алса, бірі әлдебір сұрақтар қойып жатты. Қалмұқан аға жаныма келіп: «Шырағым Жексен, жарадың, әлгі жасаған баяндамаңды маған бер, бұл құжат қой» деп сұрап алды. Әуезхан апай кездесудің жақсы өткенін айтып риза болып: «Айтпақшы, ағаңнан қолтаңба алмайсың ба, мә мына кітапқа жаздырып ал» деп өзі берген «Көшпенділері» мен «Жанталасын» қолыма ұстатты. Ілияс ағаны қаумалаған жастардан өте алмай, қолымды созып «Аға, қолтаңбаңызды» дегенімде, ол кісі риза кейіппен жылы жымиып, кітабын байыппен ашып, «Құрметті Жексен! Бақытты бол, шын жүректен І.Есенберлин» деп қолтаңба қойып берді. Естелік болсын деп сыйлас-жолдасымыз Юрий Пак есімді дәнекерлеуші бізді суретке түсірді. Ілияс ағаға ақ жол тілеп, қоштастық. Кездесу көпке дейін елдің аузында жүрді.
Арада бір ай уақыт өткенде «Қазақ әдебиеті» газеті атақты жазушы Мұхтар Әуезовтің мұражай үйіндегі Халық университетінде Ілияс Есенберлиннің шығармашылық шеберлігі туралы кезекті сабақ өтетінін жазыпты. Мен ол жерге үнемі барып жүретінмін. Онда қыркүйек айынан мамыр айының аяғына дейін лекция өтетін. Алуан тақырыпты қамтитын дәріске сол кездегі жастар жиі қатысатын. Белгілі ғалым Рахманқұл Бердібаевтың бастамасымен өтетін әр сабақтың мәні мен мазмұны өзгеше, әр сабақ сайын тың ойларға, тың деректерге қанығып қайтатынбыз. Әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан, композитор Шәмші Қалдаяқов, күйшілер – Уәли Бекенов, Төлеген Момбеков, ғалым-зерттеуші Ақселеу Сейдімбек пен әнші Жәнібек Кәрменов және басқа да тұлғалар менің замандастарыма көп білім бергені анық. Әр сабақ таспаға жазылып, тіпті кейбірі теледидардан көрсетілетін.
Ілияс ағамен кездесу сабағына ертерек бардым. Ол кісінің дәрісіне халықтың көп жиналатыны күмәнсіз. Ойым дәл келді. Өзім танитын ғалымдар мен әдебиетшілердің көбін осында жолықтырдым. Қалмұқан аға да келіпті, қал-жағдайымды сұрап жатыр. Сәлден соң Ілияс аға да келді. Қалмұқан аға: «Ілеке, мына қара баланы танисыз ғой» деп мені көрсетті. Мен бірден екі қолымды ұсынып амандасқанымда «Танимын, өзіміздің құрылысшы жігіт қой, қал жақсы ма?» деп жылы шыраймен қолымды алды.
Университет дәрісін әдеттегідей Рахманқұл аға ашып, «Тамаша шығармаларымен елге танылған жазушы ортамызда» дей келе, ол кісінің қаламгерлік шеберлігі жайлы өзі әңгімелеп бергенін жөн санап, Ілекеңе сөз берді. Жазушы өмір жолын айта келіп, әр кітабын қалай жазғандығына тоқталды. Соңғы жылдары тарихи туынды жазуда көп еңбектенгенін сөз етті. Бұл менің атақты жазушымен екінші рет кездесуім еді.
Жыл аяғына таман әдебиет саласында Лениндік сыйлыққа ұсынылған жазушылар белгілі болғанын естідік. Ілияс ағамыз сыйлыққа ілінбепті. КСРО-ның ең үлкен сыйлығын грузиндік Нодар Думбадзе «Мәңгілік заңы» деген кітабы үшін алыпты.
Бір жолы КазГУ-дың бас корпусына барып, Үкімет үйі алдындағы саябақта қыдырып жүргенмін. «Аққу» кафесінің жанындағы тротуармен Панфилов көшесіне қарай бет алған едім, алдымнан Ілияс аға кезікті. Үстінде өзім көрген бозғылт плащ, еңсесі тік. Ағаның не күйде жүргенін білмедім, өзімді біртүрлі ыңғайсыз сезіндім. Айтулы сыйлық ол кісіге бұйырмағаны жаныма қатты батып жүрген. Қолын алып амандасып: «Аға, сыйлық бұйырмады, қамықпаңыз. Сіздің кітабыңыздың сан мыңдаған оқырманы бар, көп тілге аударылды. Осының өзі үлкен сыйлық, жазарыңыз көбейсін. Сіздің шығармаларыңыз мәңгілік!» деп ойымды айттым. Аға, қолымды қысып тұрып «Рақмет, айналайын! Мәскеуге бүкіл грузин көшіп барып, жазушысын қолдады. Қолдаудың арқасында қол жеткізді. Амал не, бәрі өзімізге байланысты ғой?..» деді. Мен үндемедім, екеуміз екі жаққа кеттік. Бірақ ойымнан Ілекең кетпеді. Бұл – жазушымен үшінші кездесуім еді. Үш кездесу де ыстық, үш кездесу де бағалы. Алғашқы кездесудегі сурет пен қолтаңба менің өмірімдегі бағалы сәтті еске салар бір белгі болып қалды. Ол мен үшін өте қымбат!
Жексен АЛПАРТЕГІ