Өттің дәурен
03.09.2015
1246
0
741074_595437672__________________________Әлі есімде. Ол кезде университеттің филология факультетіне оқуға түскендердің қай-қайсысы да біразға дейін әдебиет бірлестігінің отырмақтарынан қалмай жүретін. Тымпиып-тымпиып отыратын көп момақанның ортасында ат жақты, ұзын бойлы, қабағын маңдайына қарай жиырып алған өндірдей қара жігіт, тоқпақтай жұдырығына сүйеніп, телміріп отыратын да қоятын. Жақ ашпайтын. Кезекпе кезек ортаға шығып, өлең оқып, сөз сөйлеп жататын құрбыларының еш қайсысына селт етпей, өзін-өзі бейтарап ұстайтын. Бірақ тұнжыр көздері, түюлі қабағы, әлдене деп мырс ете қалғысы келгендей, езуіне жиырылған оқыс күлімсіреуі ішінде тынып жатқан беймаза ойлардан хабар бергендей еді.

Гүлжамиля ЕСКӨБЕК,
жұбайы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі

Жұрттың сөзі: тағдырға адам көнбек,
Бір антұрған еріксіз мезгіл келмек.
Осы сенің қызығың, қуанышың
Сағымша жоқ боп кетіп түгесілмек.

Абай.

Біз бақытты едік…
Екеуміз бір ауылдан болатынбыз. Біз ержеткен «Ақжар» кеңшары оңтүстік шығысында «Аю», солтүстік батысында «Қурайлы» жармасы аралығында орналасқан. Мен сол жерде туып-өстім, мектеп бітірдім. Адекеңнің отбасы көбіне-көп шаруа қамымен совхоз орталығынан тысқары жерде жүруіне байланысты, ол аудан орталығындағы №26 Молотов атындағы мектепте білім алды. Сондықтан да біз бір-бірімізді көрмей өстік. Өзінің шығармаларына арқау болған Байқоңыр айлағы біздің қоныстан 5-6 сағаттық қана жол еді.
Есімде, 1964 жылдың тамыз айы болатын. Мен абитуриентпін. Қасымызға екі-үш жігіт жақындап келді де, емтихан тапсыруға тұрған қыздың бірінен: «Саған көмек керек пе», – деп сұрады. Бірақ олар көп тұрмады. Кетіп қалды. Сосын біз ол қыздан бұлар кімдер деп сұрадық. Ол өзімен сөйлескен жігіттің көршісінің баласы екенін айтты. Бұл – менің болашақ жарымды алғашқы көруім еді. Артынша ол жігіттер жайлы ұмытып та кеткенбіз.
Оқуға түстік. 1967 жылдың көктем айында менің кластас қызым тұрмысқа шығатын болды да, біз бір топ қыз соған бардық. Ән шырқалып, би биленіп жатты. Мен пластинкаларды аударыстырып тұрғанмын, қасыма бір жігіт жақындап келді де екеуміз сөйлесіп кеттік. Таныстық. Менің болашақ жарыммен таныстығымыз осылай басталды. Біраз уақыт кездесіп жүріп, ақыры достасып кеттік. Достығымыз үлкен махаббатқа айналды. Оны мына төмендегі өлең жолдарынан білуге болар.
–Таптым! – деп жанды аңсаған,
Тағдырдан үнсіз сұрадым.
Құшақты жайып мен саған,
Қырандай көктен құладым.

Жылыстап жатты айларым,
Жақын боп кеттім біртіндеп.
Сандуғаш болып сайрадым,
Көңілді сені жүрсін деп.

(Адам).
Адекеңнің қасында болу, сөйлесу қызықты болатын, жалықтырмайтын.
Сол жылдың күзінде Адекеңнің композитор Нұрғиса Тілендиевтің әніне жазған «Аралдағы жеңеше-ай» әні өмірге келді.
Көп жылдар өтті… 1977 жылдар шамасы болу керек. Біз отбасымызбен «Сарыағаш» шипажайына бардық. Бірде түске салым Адекең екеуміз ішке кірсек, вахтер кісі бізді біреулердің іздеп жүргенін айтты. Бұл Аралдағы жеңешемнің өзі – Роза Қартақова апайымыз болып шықты. Адам Мекебаев демалып жатыр дегенді естіп, бізді іздеп келіпті. Аралдағы жеңешеміз – Роза апаймен демалыс уақытымыз біткенше бірнеше күн бірге болғанымыз бар.
Таныстығымыздан кейін көп ұзамай от жақтық, отау тіктік. Өмірге балалар келді. Әр баланың дүниеге келуі Адекең үшін өте жауапкершілікті болатын. Ат қоюға да үлкен мән беретін.
Араласатын қаланың азаматтарынан, ағайын-туыстардан бөлек, Алматыдан келген зиялы кісілердің өзі үйімізге ат басын тіремей кетпеуші еді. Бірде қазақ халқының ұлы ақындарының бірі Сырбай аға Мәуленов, Күлжамал апамыз қасында бірнеше кісімен үйде болды. Сонда менің жарым: «Сыр-Аға, мен повесть жаздым, ішінде екі-үш адам қайтыс болады», – десе, Сырбай аға: «Адамжан, айналайын неше кісіні өлтірсең де, бүкіл қазақ қолыңда ғой», – деді. Отырғандар күліп жатты.
Адекең бұл кезде Қызылорда Халық шығармашылығы үйінің директоры еді. Жазғандарын біреулерге бастыратын. Қатесін жөндеп қайта апарып береді. Қайта жөндейді. Аз нәрсе емес, «Жезтырнақ», «Жаза» атты көлемді шығармалар дүниеге келе бастады. Сосын менің көмектесуіме тура келді. Жұмыстан келісімен аздап тамақтанады да, сосын ұйықтайды. Түнгі 11-ге таман тұрып кофе ішіп алып барып, жазуға отыратын. Таңертең боса да уақытында жұмысына кететін. 1973 жылдың күзінде облыстық басқарма Адекеңді шақырып алып, Қызылорда облыстық ескерткіштер қоғамының төрағасы боласың депті. Бұған ол кісі келіспеді. Өйткені, таза шығармашылықпен айналысу қамымен жүрген оған бұл ұсыныс тосын болып көрінді, 1974 жылдың қаңтар айында Алматыға ауысты. Балалар кішкентай, алды алтыда, арты екі айлық болатын. Пәтер жалдап тұрдық. Ата келе салысымен «Қайнар» баспасына орналасты. Аздаған қаражатпен күн көруге тура келді. Сол жылдың жазында Адекеңнің әкесі Ыбырай ата Қызылордадағы үйімізді сатып, қаржысын үй алыңдар деп бізге әкеп берді. Өзіміз пәтерде тұратын бірінші Алматы жақтан үй алдық.
Үй салқын еді. От жақсақ түтіні аузынан шығатын. Адекең 1975 жылы «Жазушы» баспасына жұмысқа ауысты. Жағдайы болмады ма, әлде үйдің салқындығы ма, оның өкпесіне салқын тиіп ауырып қалды. Көкшетауда емделді. Адекең Көкшетауда жүргенде «Көкшені көргенде» және «Тұңғышыма тұңғыш хат» өлеңдерін жазды.
Алматыға «Жадыра» және «Жезтырнақ» шығармаларымен келген Адекеңнің сол кезде «Дала мінезі» поззия кітабын шығаруға ғана мүмкіндігі болды. Өмірдің қиындығы, Адекеңнің ауырып қалуы бізді жақсылап қыспаққа алды. Десе де көп ұзамай «Қазына сыры» романын жазуға отырды. Ол тыныштықты қалайтын. Жұмыстан кейін, дем алып барып жазуға отыратын. Шығарманың аяқталуы созылып кететін болғасын біз сол жылы Адекеңнің еңбек демалысын пайдаланып қалу мақсатымен төрт баланы ертемен тұрғызып алатынбыз. Сосын мен Лейла мен Майгүлді К.Маркс пен қазіргі Төле би көшесінің бұрышындағы №12 мектепке апарып тастайтынмын. Бек (бесте) пен Әділетті (төртте) алып сол мектептің қасындағы «Алатау» кинотеатрына кіретінмін. Біреуі бірінші, екіншісі үшінші сыныпта оқитын олар шыққан соң барлығын тамақтандыратынмын да тағы да сол «Алатау» кинотеатрына кіріп, бүкіл киноны бітіріп үйге қайтатынбыз. Кинодан шыққан соң біз тұратын жаққа қатынайтын №2 автобусқа отырып алып, Красногвардейский трактісінің бойындағы Роща аялдамасынан түсіп әрі қарай үш жүз метрдей жердегі үйімізге қарай жүреміз. Шамалы жүрген соң алдымыздан бізді күтіп жүрген Адекеңді көреміз. Түс қайта бастағаннан кейін-ақ столға отыра алмағанын, уайымдағанын айтады. Балаларды бірінен кейін бірін құшақтап беттерінен сүйеді, сосын ол екі кішкентайды көтеріп алады да, үйге келеміз. Бұл жағдай менің Адекемнің еңбек демалысы біткенше созылады.
«Жазушы» баспасы менің Адекеме Жароков көшесінің бойындағы панелді үйден төрт бөлмелі пәтер берді. 1978 жылдың наурыз айында сонда ауыстық. Бұрынғыға қарағанда жағдайымыз түзеліп қалды.
1978 тамыз айында «Құпия қойма» өндіріске берілді. Кейде Москвадағы шығармашылық үйіне кетеді, кейде Алматының өзіндегі шығармашылық үйінде жатады. Бар мақсаты ойындағысын қағазға түсіру болатын. Оның жазуға тиіс дүниелері көп болатын. Сол кездегі әлеуметтік, тұрмыстық жағдайлар, қолдан жасалған кедергілер Адекеңнің ойына алған шығармаларын толық бітіруіне көп кедергі келтірді. Қиналатынбыз. Ең көп кедергі сол кездегі «Жалын» баспасынан шыққан «Құпия қойма» повесі бас-аяғы күзеліп, ұзақ ұсталды. 1984 жылы шыққан «Періште келіншек» романының жыры тіптен көп болды. Бір жыл баспада өндіріске жіберілмей жатты. Адекең сол романның екінші кітабын жазбақшы болып шығармашылық демалыс алып жұмыстан кеткен. Адекең болашақ жазылатын романының жайын емес, мына романды қалай шығарамын деумен күндіз-түні сабылды. 1984 жылдың көктемінде Адекеңнің анасы қайтты. Адекеңнің анасына арнаған «Сағыныш» өлеңі сол кезде туған еді:
Сөйтіп, «Періште келіншектің» екінші кітабы жазылмай қалды. Бұл романды жазуға Адекең сонау Қызылордадан дайындалған болатын. Ол кісі алғаш ауыра бастағанда менің ойлағаным сол болды. Бұл кітап жазылғанда халқымыз бір қанағаттанып оқитын шығарма болатынына сенімді едім. Адекең романның сюжетін маған жас кездерімізден айтып жүруші еді.
Өткен қыста (2014 жыл) екеуміз Астананың «Метро» магазиніне бардық. Сол жерден менің жарым қалам көрді де: «Гүлеке, мен мына қаламды алғым келіп тұр. Менің роман жазу үшін көптен іздеп жүрген қаламым еді, Алматыда кездестірмеп едім», – деді. Ол қорапқа салынған жүз дана қалам болатын. Алдық. Бірақ артынша Адекеңнің ауырғанын білдік, қалам пайдаланылмай қалды. Күні бүгінге дейін иесін күтуде. Ал ол болса жоқ. Мәңгілікке кетті…
Мен немерелер айтқандай Адекеңді Ата деп атаушы едім. Содан бүкіл отбасымыз Ата деп атайтын болып кеткенбіз.
1984-тің жазында бізді Ата Қара теңіз жағасына орналасқан жазушылардың «Көктөбел» шығармашылық үйіне демалуға апарды. Тамақтануға шықтық. Балалар бізден бұрын жүгіріп кетті де, біз артынан кірдік. Алдымыздан бір ресейлік кісі шықты да, Адекемен құшақтасып, амандасып жатты. Ол: «Мына балаларды көрдім де, Адамның балалары емес пе, өзі қайда екен дегенімше болған жоқ, өзіңді көрдім», – дейді. Ол орыстың ұлы ақыны Лев Ошаниннің қызы Татьянаның күйеуі, өзі сол кездегі «Литературная газетінің» бас редакторы Сергей Бурлацкийдің баласы Сергей болып шықты. Лев Ошанинмен Адекең көп әңгімелесетін.
Көктөбелдегі демалыс кезінде мен күнде ертемен тұратынмын да теңіздің жағасына келіп, суға түсетінмін. Менен кейін шымкенттік жазушы Қарауылбек Қазиев келіп суға түседі. Менің Адекем біраздан кейін келіп барып бізге қосылатын. Бірде «дельфин, дельфин» деген дауысты естіп жағаға қарай қашып, жүзе жөнелдік. Менің жарым суда жақсы жүзетін. Маған да, балаларға да жүзуді үйреткен өзі болатын. Ата бізден бұрын жағаға шығып алып: «Сендерді дельфин жегенше өзім жағаға шығып алайын деп асықтым», – дейді күліп.
Адекең 1985 жылы жазушы Сәкен Жүнісов екеуі Москваға М.Горький атындағы Дүниежүзілік әдебиет институтының жоғарғы әдеби курсын оқуға кетті. Тұңғышымыз Лейла КазГУ-ге оқуға түсе алмай қалған. Соны естіген жазушы Сәкен Жүнісов: «Қызы оқуға түспесе, әкесі оқуға түсті», – деп бізді жұбатты. Әкесі Москвада, қызымыз Лейла үйде қалды. «Ұл бала болса жөні бөлек, қыз бала қатарынан қалып қойса қиын болатын болды», – деп Адекең қатты қапаланды. Бір күні ол Москвадан телефон соғып: «Гүлеке, Мәкеңе (Марал Ысқақбай) бар, Лейланың жұмысқа тұруына көмектессе сол кісі ғана көмектесер», – деді. Мен бардым. Ол кісі сөзге келместен «Мектеп» баспасына жұмысқа алды.
Көп ұзамай, 1986 жылдың басында кенжеміз Кемел дүниеге келді. Әкесінің үйден жырақта болуына байланысты маған достарымыз Өмірзақ пен Қалима қол ұшын берді. Ол кісілер менің Кемелімнің кіндік әке-шешелері еді.
Ұмытпасам, 1982 жылдар шамасы. 8 март мейрамы қарсаңында Жазушылар одағы төрағасының кабинетінде жазушы Сәбит Мұқановтың жары Мариям анамызбен де табақтас, дастарқандас болдым. Ол кісінің жүзге жақындап қалған уақыты екен.
Жазушы Ә.Кекілбаевтың анасы – Айсәуле, жазушы Асқар Сүлейменовтың анасы – Айтотым, ақын Қайрат Жұмағалиевтің анасының қолынан дәм татып, ақ батасын алған күндерім әлі есімде. Ол кезде жазушы қауымы бір отбасы сияқты араласатынбыз.
1990-1991 жылдары біз Адеке екеуміз кенжеміз Кемелмен Украинаның «Труцкавец» санаторийінде болдық. Бір күні көшеге үлкен етіп іліп тастаған хабарландыруды көрдік. Онда: «Қазақстанның көрнекті жазушысы Адам Мекебаевпен қаланың Орталық кітапханасында болатын кездесу кешіне шақырамыз» деп жазыпты. Украин халқы Адекемен кездесу жасады. Мен сол күні акт залына кірсем, орыс халқының, украин халқының ақын-жазушылары мен журналистерінің ортасында маңдайы жарқырап отырған жарымды көрдім. Қызу әңгіме үстінде екен.
1994 жылы «Қазына сыры» кітабы өңделіп, роман болып қайта шықты. Адеке қоғамымыздағы болып жатқан өзгерістерге байланысты ма, әлде ойындағы жүргендері ме «Мың жарым жылдық қате», «Ой түбінде жатқан сөз» кітаптарын жазды.
«Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздіктің он жылдығы» медалін, «Мың жарым жылдық қате» кітабына Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алды (2005). С.Сәдуақасов атындағы Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын берген Камал Смайылов ағамыз: «Мен бұл сыйлықты Адамға бермегенде, кімге беремін депті», – деп естідік. Біз ол кезде Адеке екеуміз Павлодардың «Мойылды» санаторийінде демалып жатқан едік.
1995 жылы қызымыз Майгүл тұрмысқа шықты. Ата той үстінде: «Ұлы Абайдың еліне келіп отырып үнсіз кеткенім болмас» деп Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін нәшіне келтіре орындады. Ол кісінің өлең айтатынын, домбыра тартатынын білетін едім, бірақ мұндай тебіреніспен айтқанын бірінші рет естідім.
2008 жылдың күзінде үлкен қызымыз Лейла Нартаймен бас қосты. Адекең болса тойдан кейін бір жеті бойына кабинетінен шықпай отырып қалды. Не сөйлемейді, не тамақ ішпейді. Кейіннен: «Құдаларым Жолдыбай мен Айша мен үшін ең жақсы адамдар» деп айтып отырушы еді.
2012 жылдың аяғында Астанаға ауыстық. Ондағы ойы: ол жақтың ауа райы жақсы, салқын, жұмыс істеуге қолайлы, бітпей қалған «Періште келіншектің» екінші кітабын жазсам ба болатын.
Ол кісі тірі жәндікті өлтірмейтін. Жаны өте нәзік, таза жан болатын. Біздің арамызда кешегі кеткен күнге дейін мысқылдай өтірік болған емес. Ол кісі өз отбасында өтірік болғанын қаламайтын. Менен де соны талап етті. Сол талапқа үйреніп кеткен балалар да солай болып өсті.
Ертеректе үйімізге Адекеңнің әкесі мен менің әкем қатар келіп қалды. Жеңіл болсын деп екеуміз қоян сатып алдық. Сумкаға салып, үйге келдік. Қоянмен бірге картоп, сәбіз алғанбыз ғой. Келіп сумканы ашсақ, қоян сәбізді кеміріп жепті. Ол кісінің жүрегі ауырып кетті.
Адекең ешкімді жатырқамайтын. Кім болса да біреудің жақсы ісін мақтап отыратын. Бір жерде тұрып қалу ұғымы ол кісіде болмайтын. Ілгері жылжи беретін, іздене беретін. Ол ешкімді де ренжітпеуге тырысатын және мені де, отбасын да әлдекімдердің ренжітуіне жол бермейтін.
Біз бақытты едік. Бір-бірімізді көргенше асығатынбыз. Көрген бойда сол күнгі жасаған жұмыстарымыз жайлы ағымыздан жарылып ақтарылып салатынбыз. «Саған рахмет, сен өмір бойы маған қызғаныш сезімін тудырған жоқсың, өзіңе тән байыпты мінезіңмен менің жанымның жаралануына жол бермедің», – деп айтып отырушы еді. Адекең екеуміз қиындықтан қорықпайтынбыз, қандай қиындық болса да жеңіп шығуға тырысатынбыз, жеңетінбіз де. Екеуміз отасқан елу жылға жақын уақыттың ішінде бір-бірімізден жырақтанып көрген емеспіз. Үнемі қол ұстасып бірге жүрдік, бірге тұрдық, күлсек бірге күлдік, ренжісек бірге ренжідік.
Әкелерінің жазылмас дертке ұшырағанын естіген балалар: «Папа, біз сізді ел барып жатқан шетелдерге апарайық, мүмкін дертіңізге шипа болар», – деді. Мұны естіген Адеке: «Балаларым, осындай дертпен шетелге барып жазылып келген ешкімді көрген жоқпын, әуре болмаңдар», – деді. Анау-мынау кеңес айтқан дәрігерлерге де соны айтты. Келген ауруды да сабыр-салмақпен қабылдады. Сосын маған: «Гүлеке, мен сені елге жеткізіп тастайын, онда Лейла мен Майгүл, Жазушылар одағы, туған-туыс, дос-жарандар, курстастарым бар ғой, сен жалғыздық көрмессің», – деді. (Данышпанымның айтқаны рас болды). «Менің сүйегім Алматыда жатсын, Астанада қалғым келмейді, елге барып жатамын ғой деп едім, бірақ мына уақыттың тығыздығы оған қолымды жеткізбеді. Арманым жоқ, жетпіс беске келдім, халқыма аз нәрсе жасаған жоқпын, тек екі-үш жыл ойымдағы жұмыстарымды аяқтасам жақсы болғандай еді… », – деді.
2014 жылдың 17 тамызы. Алматыдағы «Береке» мейрамханасында Нұржекеевтер отбасы болғандығының 50 жылдығы аталып өтіп жатты. Сол тойға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Марал Ысқақбай ағамыз да келді. Ол кісі менен: «Адам қайда?», – деп сұрады. Мен: «Сырқаттанып қалды…», – деп жауап бердім. Турасын айта алмадым. Қасымызға курстасы, жазушы Төлен Қаупынбаев келіп: «Мәке, сіз Адам жөнінде классический мақала жазыпсыз», – деген сөзіне Марал аға: «Адамның өзі классический адам ғой», – деп жауап берді. Тойдан кейін Адекеңнің жағдайын білуге ауруханаға келдік. Көңілі көтеріліп жатсын деп Мәкеңнің Төленге берген жауабын айттым. Әрине, көңілі аздап көтерілді менің күнделік жазатынымды білетін ол маған қарап: «Жазып қой», – деді.
Балалар келіп: «Ата, жағдайыңыз қалай?», – деген сұрағына үнемі «жақсы» деп ықыласпен жауап беруші еді. Шаруалармен сыртқа шығып кетіп, тез қайтып келгенімді көрсе, қатты қуанып қалатын жарықтық. Қазіргі уақытта дұрыс жасамаған жерім болды ма, қай жерімнен кемшілік кетті, неге еркелетпедім екен деп өзімді-өзім жеп жүрген жайым бар.
Ол ҮЛКЕН жүректі адам болатын. Ол менің асқар тауым, ақылшым, қорғаным еді. Мынау болмайды немесе жоқ деген ұғым да менде болған емес. Ол жүргенде мен үшін бәрі түгел болатын. Қазір айдалада адасқан жандай, қоңылтақсып, өзімді қоярға жер таппай жүрген жайым бар.

ПІКІР ҚОСУ