Құтбай
Жақсылық Рахматулла,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

– Қарақалпақстанда көп ағайынымыз бар. Соның бірі Шаудырбай Сәлиевті біздегі оңтүстік өңірдің жұрты жақсы біледі. Кешегі кеңестік дәуірден басталған әр түрлі барыс-келісте ол қалпаққа сіңген қазақтардың басын қосып Жамбыл, Шымкент, Қызылорданың төңірегін жиі аралаған. Мерекелік жиындардан басқа елдің қадірлі азаматы жасаған той, думанға, асқа қатысып, өздерінің қандастық парызын білдірген, жолынан жаңылмаған. Сол бауырластық пейіл тәуелсіздіктің алтын күрегі соққанда да суымады. 1998-2000 жылдарда қызылордалық топ Нүкіске екі мәрте барып қайтты. Мұнан кейінгі жылдарда да Қарақалпақстандағы қазақ мәдени орталығын басқаратын Шаудырбайдың араластығымен жүздеген отбасы Отанына оралды. Алмас жыраудың ұйытқысымен мәдениет пен өнердің жампоздары оқтын-оқтын Ташкент, Нүкіс шаhарлары мен Шыназ, Шыршық, Жызақ атырабын аралап, осындағы туыстарының көңіл құсын шарлатып қайтып жүр. Ал, олар сонау кешегі қилы-қилы уақытта да Нұртай мен Ақмырза, Шәмшат пен Манап ақындардың дәстүрін жалғастырып туған жұртының ыстық сәлемін ән, жыр, өлең, хиссамен жеткізіп, олардың сағынышты аңсарын басып қайтатын.
Сыр бойының әкімі мен Қарақалпақстанның сұлтаны Темірдің келісімімен барған бір сапарда Шаудырбайдың шаңырағынан дәм татып, азды-көпті әңгіме-дүкен құрғанымыз бар. Сонда Өзбекстанда тұратын қандастарымыздың ана тілін, салт-дәстүрін сақтауына әдебиет пен өнер тарапындағы арғы-бергі қарым-қатынастың көп пайдасы тиіп отыр деген пайым айтылды. Жүрегі жұмсақ, мінезі жібектей, ұлт тарихын қозғағанда қамшы салдырмас жорғасы бар Шаудырбайдың аузынан Сыр сүлейлері Нартай мен Манаптың жолын ұстанған тұстастары мен інілерінің біразы аталды.
Соғыстан кейінгі жылдары партиялық идеологиялық поэзияның қуатын социализмді құруға қатты пайдаланды. Қазақтың тау мен даласында «толыспаған толстойлар, белгісіз белинскийлер» көбейіп, партияның құдіретіне екінің бірі өлең арнап, ән жазса, ауызекі айтыс дулығып қолбала сарай таланттарының басына ит сарығандай кезең туды. Бүгінгі ұрпақ үшін ол адам құқын бұғаулау болып табылса, заманында сол бұйдалы ботадай боздаған өнердің халық көңілін көтеруге септігін тигізгені ақиқат. Коммунистік уағыздың пәрмені бір жағынан ел ішіндегі талағында биті бар талаптылардың бұлақ көзін ашқаны да бекер емес.
Бірақ «шөп те өлең, шөңге де өлең» дүрмегінде табиғат сыйлаған тектілігін партбилетке, уыс-уыс шашылып жатқан марапатқа айырбастамай, халықтың жүрегінде сыңсыған шерімен табысып, ұлттық рухын жоғалтпаған жампозды жабағылардан даралауға бейнет кешкендер болды. Соның бірі, әйгілі ақын Төлеген Айбергенов еді. Шаудырбаймен сырласуда аян болғанындай сырт жерде дүниеге келіп, күллі қазақтың маңдайалды ақыны атанған Төлеген бір өлеңін сайыпқыран айтыс ақыны әрі әнші, әрі күйші Құтбай Дүрбаевқа арнапты. (Т.Айбергенов «Бір тойым бар» өлеңдер жинағы). Шәкең «Сері көкеміздің Жиделібайсын байтағындағы өзбек пен қарақалпақ, қазақ арасындағы беделін дәріптеген сол жырын әттең ұмытып қалыппын» дегенде елеңдей бердім. Елеңдеудің мәнісі өткен ғасырдың 60 жылдарының аяғында Жаңақорған ауданынан тарайтын алақандай газетте істеп жүргенде Манап ақынға ілесіп барып Әнуар Жақыповтың үйінде Құтбай ағамен танысудың сәті келген-ді. Біраз жыл өткен кезде Есқожамен бірге алпыс жылдық мерейтойын өткізуге келген ақынмен және дидарластым. Журналистік әуестікпен оны-мұны шұқылап сұрағанымда өнерге бай болғанымен Құтекең өзі жайында естелік қозғауға сараң, тіпті немқұрайлы адам екенін байқадық, тек бірінен кейін бірін жалғастыра берген қоңыр, жағымды әуезіне ұйи бергенмін. Әнді Нартайшалап гармонмен шырқайды екен. Даусы қасаң ырқыл, не шамырқарлық қышқыр емес қаздың саңқылындай тыңдаушы көңілін ә дегеннен серпілтіп алатын, сосын құдды жаныңның жамалын құс қанатымен сипай желпіп өткендей сезімге бөлерлік қасиетті еді. Тылсым ырғақ құйқа тамырыңды шымырлатып, тұла бойыңа бір нәзік сәуленің шым-шымдап енгенін аңдамай қаласың. Сипаттауға тіл жетпес сиқырлы әуез гармоннан төгілген ынтызар дыбыстармен астасып, сананы бір ғажайып түс-ғұмыр меңдей берген. Оттай лаулаған жастық шақтағы сол екі кездесуді есіме алсам, маңдайы кереқарыс айшуақ, жүзі табадан енді шыққан қызыл күрең ыстық нандай торсиып, аласы мол, сұлу сырлы жанары ботаның көзіндей мөлдіреген шомбал денелі Құтбай ағаның қалпы көз алдыма келеді. Халық ақыны Қуаныштың «Сымбаты Сырдың сұлу сүлейлері», Майлықожа мен Нартайдың өсиет термелері толғақ қысқан дарияның көктемдегі бұрқ-сарқ мінезіндей, енді бірде құм даланың кешқұрымғы самал деміндей балбырау тартып есіңді алады.
Шаудырбайдың ертеден мені де өзіне баурап алған арман ағаны «Қызылорданың перзенті, Базар жырау мен Тұрмағанбеттің ізін жалғаған сүлейлердің бірі» деп, қадір-қасиетін биік бағалаған азаматтығына әжептеуір еңсе көтергендей хал кешкенбіз сонда. Арада біраз уақыт өтті. Бірде бізге тағдырдың айдауымен Жаңақорғаннан Жызаққа көшкен, сонда шағын үнпарақта редактор, сосын Ташкентте қазақ тілінде жарық көретін «Нұрлы жол» газетінің меншікті тілшісі қызметіне барған, ақын әрі журналист Құдырет Рахмет бауырыммен қауыштым. Оралман жолымен Отанға оралу қамындағы жақсы ініммен өткенді қызықтай еске алысып, бүгінге шолу жасасқан мәжілісте өзгенттік Құтбай ақын жайында мен іздеген біраз деректерге қанықтым. Соның ішінде қарақалпақтағы Шаудырбай айтқан Төлеген Айбергеновтың өлеңін оқығанда көптен ескірген қазынаммен қайта табысқандай әсерлендім. Шәкең әділін, білгенін қаузапты. Осынау құм басқан өлкеде туған Төлеген Құтбай дүрдің өнерін:
– Термесі қою орман маужыраған
Зердесі ескен самал тау-жырадан
Теңдесін бұл аймақтан таптырмайтын
Кеудесі күмбірлеген ән-жыр ағам.
Бұл ағаң қазір елу алтысында
Жамбылға бұйырған жас жартысында
Риза бауырлардың ортасында
Сүйіскен жүректердің дәл тұсында
Ташкенттің бар қазағы құрметтеген
Күйінен сең бұзылып, қыр көктеген
Әнінен Шыршық бойы шырын–дария
Астасып жатыр қазір жер-көкпенен.
Тыңда сен, таңсық болсаң Құт ағаны
Арманы лапылдаған от ағаны
Оны естіп, қатып қалған тас болсаң да
Жаныңда бір жанартау тұтанады… –
дегендей жан еліктірер көркем тілмен сипаттай келіп:
– Даусыңда гүрілі бар Қарасудың
Бәрі де өз бойына жарасулы үн
Бұл ағам баршасынан асып кеткен
Бұл аймақ жырындағы бар асудан
Сәтімен туып қалған маңдайлы адам
Жырлаған алтын шапақ таңдайлы адам
Қырық жыл той-мереке сапарында
Халқының қанжығасына ән байлаған, – деген жыр шумақтарымен оның өмір жолы мен өнер жолы баяны онан әрі құлақ құрышыңды қандырады. Соңынан өзінің өнер падишасына:
«Құт аға, әннің көлін мөлдіреттің
Алғысын айтпақ боп ем мен жүректің
Сіздің мол ықыласқа тиек салып,
Сыр толы көкірегімді домбыра еттім», –
деп бала жастан ғашық көңілін басқан болды. Бірақ самырық көңіл, сарғалдақ ұлпа сезімді ақын бәдәуи Қарақалпақ құмындағы дүлей дауылда да, аждаhадай от шашқан шілдесінде де, қасқа боран, сары аязды қысында да періште сынды ән ағасының соңынан қара үзбей аптығып ереді де отырады. Құтбайдың тәңірлі болмысы арманшыл ақын жігіттің бойын буған күллі тақсіретті күлпара етіп ұнтақтап, жолына жұпар шашып тұрғандай еді. Манап ақынның «Әйел заты түгілі, өзіне еркекті де құмар қылған, сондай сұңғыла адам бұл», – деген теңеуіне Төлегеннің жырларын оқығанда иланасың. Мырзашөлдік Бекшүкір жырау:
«Уа! Құтеке!Таусылмастай жыр едің,
Дүлділ едің,
Ақындардың дүрі едің
Бір аруақ түрегеліп кеудемде
Сілкіндіріп кетер деп мен жүр едім», – деп толғаған.
Әкесі Дүйсеннің шаңырағында әйгілі Нартай мен Құтбайдың болғанын мақтанышпен еске түсіріп, соңында оны өзіне ұстаз тұтқанын былайша түйіндейді:
«Үй түндігін көтереді жұлқып ән,
Ақын төрде-тұғырдағы бір қыран,
………………………………………………….
Сонан бері орнап қалған көңілде
Өлең бұлты торлап қалған көгінде
Бір аруақ көз алдымнан кетпейді
Жол сілтеп жыр әлеміме өмірде».
Құтбай Жаңажол аймағындағы «Қауыншы» ауылында отырғанда оны іздеп 1936 жылы Нартай келеді. («Жыр дүлділі» О.Бекахметов. «Нұрлы жол» 1996 ж. 03.04). Сырда туған екі ақын осында бүкіл кәрі-жасты қазақ өнерінің лағыл-маржанымен сусындатады. Салхар жыр, даналық терме, көне күй мен дастан, мөлдір ән, жарасымды әзіл-қалжың ауылдың күні мен түнін теңестіріп жібергендей естен кетпес ғибратты салтанатқа бөлейді. Құтбайдың талантына риза болған Нартай:
«Уа! Құтеке!
Шуақты болсын күнің
Жұрт алдында көсілсең
Мұқалмасын тілің
Тау суындай арқырап,
Шарықтасын үнің
Еліңнің көңілін көтерсін
Әнің менен жырың» –
деп ақ батасын берген. Сол жолы екі тарлан біріне-бірі сырнайларын сыйласқан.
Құтбай кейін Нартайды өле-өлгенше рухани ұстаз тұтқанын мына өлеңмен әрлейді:
«Ұстазым ақын Нартай аты әйгілі,
Бермеген ешбір жанға бас бәйгені
Әнім бар сол Нартайға жете қабыл,
Аз емес қабатында сөз байлығы.
Анадан алты жаста жетім қалдым,
Көре алмай бір жақсылық естен тандым.
Бақыт берген заманда бағы бостан
Шалқытып шартарапты жүрген жанмын».
Ал, Нартай оны Өзбекстанда қазақтың намысын көкке көтерген жалғыз жыр пырағы деп бағалаған. Шымкенттік әдебиетші, ғалым, республикаға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Мұхаметжан Рүстемовтің «Тарландар жайлы тартымды ой» әңгімесінде, өнертанушы Т.Бекхожинның «Қазына» кітабында, жетісайлық сақтиян жырау Оразқожа Бекахметовтың «Жыр дүлділі» дерегінде және Құтбай туралы ел аузындағы естеліктерді жинап, әрі соны баспасөзге ұсынып жүрген бауырым Құдырет Рахмет жазбаларында біраз мән-жай қамтылған.
1991 жылы Шыршық ауданында Құтекеңнің сексен бес жылдық мерейтойы атап өтілгенде әдебиетші ғалымдар Қалдыбек Сейданов пен Қыдырәлі Саттаровтың көптің назарын аударған зерттеулерінде сонау отызыншы жылдан кешегі жетпіс бірінші жылдардың аралығында Сырдария мен Арыс, Әмудария мен Шыршық өзендерін мекен еткен қандастарының қилы-қилы замандарда қайғылы көңілін жұбатқан Сыр сүлейі жайында терең сырлы хикаят бар. Сол жазба баяндар мен көзі көрген, лебізін, әнін тыңдаған ғажайып адам туралы ұзақ ойға жетелейді.
Ашаршылық зұлматы Сыр бойындағы жатақтарды іргедегі Ташкентке қарай қоныс аударғанда әке-шешеден ерте айырылған тұл жетім Құтбайға қарасатын ет жақын болмаған. Тарихта жазыла беретіндей кісі есігінде күн көре жүріп, ауыл-үйдің арасында сықақ, мысқыл өлең шығарып, жарапазан айтқыш заржақ бозбалаға кеңес үкіметінің атқамінерлері қырын қарады. Сол ұнатпаудың ақыры «қызылдық идеологияға пиғылы жат» деген айыптауға ұласып, кіл айтыс, дастан жырлауға машықтана бастаған Құтбайды да «Нан» шаhарын сағалаған жерлестерінің соңынан кетуге мәжбүрледі. Әйтсе де қарны ашса да, қадірі қашпаған ақын жігіт Шыршық, Шыназ бен Түркістан, Жаңақорған арасын сері соқпағымен дуылдатып әкетеді. Өзінің талабымен мұсылманша сауат ашып, кеңес орныққанда латынша хат танып, кейін Ташкенттегі қазақ зиялыларының көмегімен әуез мектебінде оқыған құйма құлақ, пысық қара Сырдың сұңғыла ақындары Базар жырау, Күдеріқожа мен Мәделқожа, Шораяқтың Омары мен Кете Жүсіп, Тұрмағанбет пен Қуаныш, Нұртуған, Арқадағы Абай мен Жетісудағы Жамбыл, Отырар маңындағы Майлықожа шығармаларымен етене танысып, өнер әлемінің сырына малынды. Әлбетте шығыс ғұламалары Науаи, Фирдауси, Ғафиз ғазелдері, қазақ, өзбек, тәжік, қарақалпақ ауыз әдебиетінің дастан, жырлары зерделінің санасына сіңді. Халық әндерінің неше бір нұсқасын тыңдарманның туған тілінде құйқылжыта орындағанда көпшілік Құтбайдың алдында қоғадай жапырылатын. Сонан ол:
«Атамыз екен қылышты.
Сайдбұрхан шын аты.
Өзгент деген шаhар бар
Жайылған жұртқа шұхраты, –
деген жыр шумағымен туған жері мен шыққан тегіне хабар бере келе:
Қартайсам да халқыма,
Қадірім бар Құтбаймын.
Көпшілік айтса өтініш
Сөздеріңді жықпаймын.
Қарызым менің ән мен жыр
Құтылатын кезім бұл,
Не десеңдер құптаймын» –
деп өзінің ел алдындағы қарызы мен парызын термелейді.
«1969 жылы Алматыдағы Қазақстан Ғылым академиясының конференциясына шақырылған түркі тілдес елдердің саңлақ өнерпаздары мен ақын, жырау, жыршылары арасында Ташкенттен келген Құтбайдың, Қызылордадан келген Мұзарап, Көшеней, Құлжабайдың мәртебесі биік тұрады. Құтекең Нартайдың «Қызыл Мәскеуін», Майлықожаның «Замана сазын», Мақтұмқұлұлы мен Тұрмағанбеттің термелерін, Біржан, Әсет, Мәдидің әндерін нақышына келтіре орындағанда оның дарынына тәнті болмаған ешкім қалмады», – деген еді Манап жарықтық мың тоғыз жүз сексен алтыншы жылы, дүниеден өткен Дүрбаевтың сексен жылдық асында.
Ғылым академиясындағы жиынның негізінде ғалым Қ.Сейдаханов, М.Жармұхамедов және ақын Ә.Тәжібаевтың саралауымен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарған «Қазақтың қазіргі халық поэзиясы» кітабына (1973 ж. Алматы) Құтбайдың бірнеше термесі енді.
– «Қазақ энциклопедиясының» төртінші томының 56 бетінде «Дүрбаев Құтбай. Құтбай (25.05.1906, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы 04.01.1971. Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Шыршық ауданы. (Қазақ әншісі) – баритон дауысты, ақын, сазгер, шертпе күйдің шебері 12 жасынан ән салып, домбыра тартқан. 1933-39 жылдары Ташкенттегі музыкалық драма театрының (Ә.Науаи атындағы опера және балет театры.)» Республикасы Жоғарғы Шыршық ауданындағы қазақ театрының музыкалық жағын басқарды. 1947-50 жылдары Ташкент педагогикалық училищесінің оқытушысы ( скрипка, гармон, домбыра, дутар сыныптары бойынша), 1950 жылдан бастап халық арасында ән-күй, терме, дастандарды орындаумен шұғылданды. «Қалқа» (сөзі Сәкен Сейфуллиндікі), «Сұлу» (сөзі Махтұмқұлынікі, аударған Ғали Орманов) сияқты әндер, жыр-толғаулар шығарған. Халық сазгерлері мен күйшілерінің шығармаларын нәшіне келтіре орындаған әнші әрі күйші болған» деген анықтамалық жазылған). Әрине Құтекеңнің өмірі, өнері үшін бұл мысқылдай ғана сараң жазылған сипаттама. Оның өзбек, қарақалпақ, қазақ ауылдарындағы мектепте ұстаздық еткені, жер-жерде жас ақындардың үйірмелерін құрып, айтыс өнерін дәріптегені, қыз-келіншектерге сұлулық, әдептілік, инабаттылық хақында эстетикалық дәріс оқығаны – бойын табиғат сыйлаған сан алуан қасиетінің бір қыры.
Қазір Қазақстан да, Өзбекстан да бейтарап дамыған ел, идеологиясы да басқа, бірінікі мен бірі қабыспайды. Сонау Нартай, Құтбай заманындағыдай екі елдің арасын әнмен, жырмен жалғағандардың қатары сиреп кеткен, ондай думаншыларды жақтыра бермейтіндер көбейген. Бірақ әр елдің ішкі тәртібі, шекара бөлінісі халықтың ертедегі тарихынан әдет-ғұрпына, дәстүріне сенген ән, күй, жыр, айтыс өнеріне қанша қымтанса да бұғалық салар емес. Оған туыстас қазақ пен өзбектің ежелгі ағайындық араластығы сеп. Екі жақта да мәдени орталықтар құрылған. Солар арқылы қазақтар жылма-жыл Ташкентте ақындар айтысын өткізсе, өзбектер Сайрам мен Түркістанда дутарын қағып, әшуласын шырқап жүріп жатыр.
Жоғарғы Шыршықтағы Құтбайдың ауылдастары үстіміздегі жылы қазақ мәдени орталығының ұйымдастыруымен Абай бабамыздың 160 жылдығы мұғдарында Ташкентте өткен еларалық ақындар айтысына сері атасының атынан салмақты жүлде әкелген. Бір уақтардағы Құтекеңнің ізін Өзбекстандағы қандас ақындар Мекенбай, Құлмахан, Бөрібай, Анарқұл, Жекембай, Темірхан, Оңғар, Әшірмат, Гүлнәр, Нұрхандар жалғаса, қазақстандық Нартай мен Манаптың, Тәушен мен Шәмшаттың ізін Әселхан, Айгүл, Ақмарал, Ринат, Әбілқайыр, Қуаныштар басты. Даңғыл жырау Алмас пен Серіктің мұрасына өзбек пен қарақалпақ арасындағы қаптаған бауырларымыз көптен қанық. Демек, туыстық өнер ертедегі сара сүрлеуінен жаңылыспай, нарық әуселесінен әбігерге түскен шет жұрттықтардың көңіл сергітпесіне жарап жүр. Бұл, әлбетте жақсы өнеге, қазақия болмысымыздың рухы сөнбегендігінің бір нышаны.
Құтбай тұрған Жоғарғы Шыршықта ақын есіміне көше аты берілген. Осындағы мәдени орталықтың төрағасы Дінислам Қанаевтың елдіктің, туыстықтың туын көтерумен өмірден алпыс бес жасында озған Құтбайдың халық жүрегіне жаққан отын сөндіріп алмаудың амалында жүргені сүйсінтеді. Әуез мектебі мен училищесіне немесе театрға атын беруді лайық көреді. Келер жылдың 25 мамырында жерлесіміздің туғанына 100 жыл толмақшы. Сыр бойындағы ақындық, әншілік өнерді зерттеуші Мардан Байділдаев пен Манап Көкенов дүниеден өткелі сүлейлерді еске түсіруден саяқсыдық. «Мәдени мұра» жаңғырығымен біраз көне шежірені парақтағанымызбен Асқар, Әбділданың қолтығынан әріге көз сүзбей томырықтық. Құтбайдың мұрасы сандығында жатқан Ұлттық Ғылым академиясы мен үні күйтабағында сақтаулы Қазақ радиосының азаматтары да талайдан бері даланың ұлыс билері Төле мен Әйтекенің сүйегі жатқан өңірдің бұлбұлын ұмытқандай. Қызылорда қаласы мен Өзгент аймағындағы зиялылар да жым-жырт. Егер, тәңір жазып қарақалпақтағы Шаудырбай мен Жызақтағы Құдыреттің естеліктеріне құлақ түріп, ұлттық поэзия жұлдызы Төлеген Айбергеновтың арнауына көз салмасақ, бір кезде дидарласқан Құтекең туралы осы әңгіме туар ма еді, жоқ па! Шіркін, аруана желісті, арғымақ арынды өмір-ай, ә! Өткенді біз ұмытсақ, бізді кім ұмытпайды.
ПІКІРЛЕР1