Оралханға оралу
(Эссе)
***
Оралхан азғантай ғұмырында сондай асқаралы биікке өзін де, елін де, туған әдебиетін де шығарып үлгерді.
Сол үшін де марқұм досқа мың тағзым етсек болмас па?..
Ол ұзақ сапар, ұзын жолдың үстінде. Таусылса – қалың қауым, дос-жаранының ортасында жүріп көретін санаулы қызығы ғана таусылды. Бірақ, оның бергісі өз ұлты, өз жұрты, әрісі күллі адам нәсілінің кәрі-жасымен шер тарқата сырласатын сұхбаты, пейілдесе пікірлесетін мәслихаты таусылған жоқ. Енді ондай салиқалы мәжілістің төрінде Оралханның өзі емес, кітаптары, жүрекжарды шығармалары отырады.
Сол үшін де тағдырға мың мәртебе шүкірлік айтамыз.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ,
Қазақстанның Халық жазушысы
Мен Оралханмен тірсек тебісіп өспек түгілі, біздің жақтың қазағы деп төс қағарлық жерлесі де емеспін. Бірге жүріп, балсыраны бөліп ішпек түгілі, ауыз толтыра «Ассалаумағалейкүм!» деп алдына барып та көргенім жоқ. Қым-куыт тіршілікте кызметтес болып, қызықты кездесулерге бірге бару өңім түгіл, түсіме де кірмепті. Мендей казақтың бар екендігін маркұм Бөкейдің жалғызы көзі тірісінде білмек түгілі, атымды сырттай болса да естіген жоқ.
Ал онда неге мен «Оралханшылмын»? Сонау шығыстағы шекара аймағында жатқан Шыңғыстайды неге жалқы сәт болса да көрсем деп армандап «алтайсырадым»? Білмеймін… Мүмкін, қар шағылдардың арасындағы қар қызының сыңсыта салған мұңлы әнін өз құлағыммен естігім келгені болар. Әйтеуір, Алтай жаққа жолым түсетінін білгенде, сәлемі түзу таныстарымның бәріне, Оралхан Бөкейдің мерейтойын басқарып баратын адамдай, телефон шалайын. Жер-көкке сыймай желпініп-ақ жүрмін. Неге? Білмеймін… Білетінім, сезетінім – ең алғаш рет жарықтық Алтай тауын көргенде таңданғаным да, тамсанғаным да жоқ. Орағаңның шығармаларын оқығанда-ақ тамсанып қойғам. Есесіне, Алтай шыңдары төбемнен төніп тұратындай сезілетін. Осы ойымды атбасын тіреген, Қатон-Қарағайда тұратын Шыңғыстай аулының учаскелік инспекторы Болатқа айтқанымда: «Жазушы кітап жазып отырғанда өз жерін көтеру үшін қосыңқырап жіберген шығар», – деп күлді де қойды. Ертесіне аудандық «Арай» газетінің редакторы Қайырды Назырбаев пен Болат ақ «Жигулимен» Орағаңның кіндік қаны тамған Шыңғыстайға алып келді. Жолда Оралханның шығармаларынан таныс Қабырға мен Жаңа үлгі аулының үстінен басып өттік. Ирелеңдеген тас жолдың үстімен сырғыған «Жигулиге» отыз шақырымдық жол дегенің не тәйірі. Қалың қарағайлы ну ормандарына, сол жағындағы Шабанбай жайлауы мен оң жақтағы Алтай тауларына қызыға карап отырып Шыңғыстайға да жеттік. Алтай шыбынды жазды қия алмай, коңыр күзді қанша қабылдағысы келмесе де, іштей үнсіз дайындалып жаткан секілді екен. «Әне… Жұқалаң мұнарға оранып менің аулым жатыр. Ол Шыңғыстай деп аталады. Әне… аулымның үстінде батар күннің батсайы жалқыны балқып, алтын арай аптап жатыр». (Бұл үзінді «Аспанда ұшқан алты қаздан» алынды). Біз түс мезгілінде жеткесін бе, әр үйдің ауласынан самауырдың түтіні қанша будақтап білінсе де, сәл көтерілісімен ауаға сіңіп ұстатпай кетіп жатыр. Жеңіл мәшине жетпей тоқтады. Күркіременің жағасына келіпті. Асықпай қос уысты қасиетті суына толтырып, Атыраудың шөлінен келгендей жұтып жібердім. Тастай екен.
Шыңғыстайға кірісімен алғашқы тоқтаған жеріміз — Қаратайдың соңғы болысы әйгілі Әбдікәрім ірге тасын сонау 1907 жылы қалатқан, қарағайдан қиып салдырған еңселі мектеп үйі. Талай қан құсқан қасыретті көрген тірі тарих екендігі ауласына кірген мезетте білінеді. Қайырды шетелдерден келген қонақтарға мұражай таныстырған «гидтай» мектептің арғы-бергі тарихын қотарып жатыр. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам, қараңғылықтың көгіне күн болмағанда кім болам» деген Сұлтанмахмұтты Әбдікәрімнің өзі шақырып, арысы Марқакөл, берісі Күршім, осы тұстың бүкіл балаларын білім нәрімен сусындатқызғанына «Сарыарқаның жаңбырынан» таныспыз. Беріректе белгілі колхоз бастығы – Бошай Кітапбаев, ғалымдар Баламер Сахариев пен Сәрсен Аманжолов, қайран Орағаң, қазіргі орта буын жазушылардан Әлібек Асқаров пен Дидахмет Әшімхановтар оқып, қанат қаққан киелі орда. «Әй, жарайсың!» деп коямын іштей. Бұл – мектептің тамыры терең тарихына сүйсінгенім. Ал, қазіргі көріп тұрған жағдайы Украинаның ну ормандарында немістер өртеп кеткен деревнядан Алланың әмірімен сау қалған шіркеуді елестетеді. Сонда да жан тебіренісімді сездірмей, ашық терезеден мектептің ішіне кірдім. Едендерінің тақтайларын түк қалдырмай суырып алып кетіпті. Есесіне, жарықтықтың қарағайдан қиған кабырғалары әлі күнге сыр бермей, сынын бұзбай касқиып тұр. Мына бөлмесінде директор отырған, ал мына қарсы бөлмеде Оралхандар оқып шығыпты. Асықпай Қайырдының фотоаппаратымен суретке түсірдік. Терезелері үңірейген мектепке қарай беруге дәтің шыдамайды екен. Қайсыбір жылдары білімнің мол мұхитына құлаш ұрған қыз-жігіттердің күлкісі азалы ән болып естілетіндей. Қайырды айтты: «Ұмытпасам, 1991 жылы мынау көршілес Қытайдан баяғы асты-үстіне төңкерілген алмағайыпта ауып кеткен Әбдікәрімнің немересі Бәйіс келді. Ақсақал пайғамбар жасынан асыпты. Кенже ұлы Жалыны бар қасында. Бәйіс аттанарында сол кездегі аудан басшылығынан «кәрі әкеміздің көзі ғой, күрделі жөндеуден өткізейін, маған беріңдер», – деп сұрапты. Билік басындағылар: «Ойбай, бұл Қазақ КСР-інің (сол кездегі) тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі ұйымның есебінде. Жоғарыдағылардың рұқсатынсыз бере алмаймыз, басымыз кетеді», – деп бет қақтырмайды». Содан бергі бес жылдың ішіндегі түрі мынау.
Неге ел тізгінін ұстаған басшылар осынау қасиетті орынның мұң-зарын естімейді. Бәрі бірдей көр соқыр, бәрі бірдей тас керең емес шығар. Өзіміз көктете алмайды екенбіз, мұқым қауымды аузына қаратқан от тілді, орақ ауызды Әбдікәрімнің немересі анау Қытайдан ат сабылта жетіп, «жөндеймін, беріңдер» дегенде неге қызғаншақтық жасадық? Кім көрінгеннің астында «Мерседес» болып жүйткіген ен дәулеттен ең болмағанда екі ұрттам тамызсақ, мынау еңселі ақ орданың айдарынан жел еспей ме? Қашанғы «ауылдағының аузы сасық» бола береді екен? Ал ауылдағылардыкі қай жетіскендік?! Жау шапқандай қылып тонайтындай қара бастарына не күн туды? Еденнің тақтайына дейін алатындай, мұқым Алтайдағы ағаш атаулы өртеніп кеткен бе? Білмеймін…
…Білетінім үнсіз егіліп, атан түйедей шөгіп кеткен (жо-жоқ, әлі де еңселі көрінеді) ағаш үйдің жанына кілт тоқтадық. Айтпаса да сезіп отырмын. Бұл – Бөкей ақсақалдың қара шаңырағы. Есіктегі бедірейген қара құлып пен алабота қаулап өскен кең аула үйдің иесіз жетімсіреп тұрғандығын аңғартады. Бұқтырма беттегі көрші үйдің ауласында жанары султанған бейтаныс әйел сүріне-қабына атып шықты. Атып шыққан бойы көзін көлегейлеп бізге тура тартты. Амандасқанымызша болмай, аңырады-ай келіп: «Жалғыз-е-е-е-м қайда, Қайырды-ау, жалғызе-е-е-м қайда? Егіздің сыңарындай болған Қайырды-ау, Орашым қайда?». Жанарда жас жоқ, бірақ та іштей еңіреп тұрмыз. Жанарын шылаған жасты жаулығының ұшымен сүртті. «Уүһ». Қайырды Оралханның өзіне бет-пішіні келетін үлкен әпкесі Шолпанға солай да солай деп мені таныстырып жатыр. «Құлынымдап» келіп мандайыннан сүйді. Жағдайды толық түсіндіріп, Қайырды Қатонқарағайға қайтып кетті. Фотоаппаратын алып қалдым. Қайтарда жол-жөнекей беріп кететін болып келістік. Шолпан апам… «Үлкен әпкем Шолпан қоңыр сиырды соғымға сойған жылы қыста күйеуге қашып кетті. Қашып кеткенде де басқаға емес, жуықта әскерден оралып, ауылда шофер болып жүрген баяғы бекетші шал Қашыбайдың көп ұлының бірі – бадырақ көз, төртбақ Әутәліп алып қашып кетіпті». Анаға, Анаға деген шынайы сүйіспеншіліктен туған «Апамның астауы» әңгімесінен. Орағаңның сол үлкен әпкесі екеуміз ағаштан қиып, сірестіріп тұрып салған кең сарайда қаймақ қатқан құла шайды тоң-торыс сіміріп отырмыз. Шолпан апам ауық-ауық: «Арманда кеткен жалғыз-е-е-е-м, жалғызымды алғанша мені неге алмады! Жол менікі еді ғой (Құдекең жолға караушы ма еді?). Мына сен отырған жерде шашы жалбырап отыратын. Құлыным-ай, құлыным-ай!». Егіле берді. «Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, жақында өзіміздің Әлібек (жазушы Әлібек Асқаров) келді. Қасында жолдастары бар. Бір шай ішіп, әкемнің басына барып кетті».
Сықыр етіп қақпаның есігі ашылды. Көрші Аманжан деген жігіт екен. Орағаңның жакын жолдасы болып шықты. «Көрші-көлемнен естігесін келдім. Орекең болмаса да достары бар». Аманжанға келген жағдайымды ептеп түсіндіргендей болдым. Екеуміз Орағаңның тай-құлындай тебісіп өскен жан досы Нұрланның жұмысына келдік. Жазушының «Шұғыла» әңгімесіндегі, сосын «Мынау аппақ дүние» мен «Қар қызы» повестеріндегі (Нұржан) басты кейіпкерлердің прототипі Нұрлан болып шықты. Шыңғыстайдың құлағалы тұрған МТМ-інің жанында 4-5 жігіт ескі трактордың моторының әр жерін шұқылап әлек. Келіп- кеткендермен ісі жоқ, өз істерімен әуре болып жатыр. Қасына келіп зеңбіректі гүpc еткізсең де бастарын көтерер емес. Шеткеріректе басына қалпақ киген, күдір қара біреу тұр. Нұрлан осы болар. Бұрындары управ болғaн деп мана Аманжан айтып еді. Сырттай бақылап тұрғанына қарасаң, кәдімгідей бастық. Амандастық, ернін еріншектене жыбыр еткізді…
…Күздің әлсіз шуағына шомылып, жеңгей есік алдында жүн түтіп отыр екен. Сарайға бастап жүрді. Ескі керуетте шалқалай, көзін жұмып-ашып Зәкең жатыр. Үстінде – көнетоз күпәйкі. «Аулымыздың жиырма бес жылдан бергі пошта бастығы Зәкең де қартайыңқырап, бала-шағасын өсіру әуресімен қажыңқырап жүр екен. Табиғатынан салмақты, көпіртіп көп сөйлемейтін, ал анда-санда «ұрттап» алса, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін; көп күлмейтін, зәуімен бір күлсе, ішек- сілесі қатып жас балаша мәз болатын; кім-кімдерге тас кескір сараң, кім-кімдерге жалғыз дәнді жарып берер жомарт; кеңсесінде отырған кезде, алдына келсе тістеп, артына келсе тебетін кезеп; ғұмыр жалғанда қарабақырдан қате жібермейтін сауысқаннан сақ, үй шаруасының қиюын қашырып алар олақ – міне, солай да солай біздің Зәкең». Орағаң осылай сипаттаған Зәкеңмен әңгіменің майын тамызып отырмыз. «Маған осы журналист-жазушылар құмар-ақ. Балақай, мен туралы терең білгің келсе, Сапарғали Бегалиннің «Көксегеннің көргендерін» оқы. Сонда сезесің, менің осы күнге қалай жеткенімді. Ал, енді көрші бала (Орағаңды меңзегені) кішкене қосыңқыраған». Жеңгей киіліге кетті:
– Ойбай-ау, мұрнынан сығып жүріп өсірген өзіміздің Ораш емес пе? Мына ағаң туралы әңгімесін қыздар оқып беріп еді, сондағы «үйге сиыр кіріп кетті» дегені артықтау. Жә, жә, жетер енді, тұр, мына алыстан келген қонаққа қой сой. Ораштың елі деп келді ғой…
…Үйге келдім. Қолақпандай қызыл көз біреу тері тұздап жүр. Дәуде болса Шолпан апамның жолдасы Әутәліп шығар. «Ойбой, қарағым-ау, қайда жүрсің, қарның ашқан болар. Әй, Әбөш, (апамыз жездемізді осылай атайды екен) қонақтың қолына су құй! Әлгі Нұрланды шақырыңдар, манадан бері күтіп отыр». Ауыз үйден күдірейіп Нұрлан шықты. Түр-түсі манағыдай қатқылдау емес, жібиін депті.
– Қонақ бала, айып етпе. Әлгінде дұрыстап сөйлесе алмадым. Кетеуі кеткен шаруашылық қажытады, білем. Ертең кешкілік сыбағаңды жерсің. Соған шақыра келдім. Өзің шынымен адаймысың?
– Қанша рет алдап едім сізді?
– Жоға, жай әншейін.
Сарайға кіріп тамаққа отырдық. Сойған малдарды ақ май екен. Әбөш жездеміздің қолдан ашытқан балсырасынан («Атау кередегі» Тағанның сүйікті асы) екі кесе тартып жібердім, бүйрек-бауырыммен қосылып түсіп қалса да бәрібір. Буын-буыным босап, кәдімгідей шешіле бастадым. Әрі-беріден соң, Оралханның шығармасындағы Алтайдың жер атауларын араластыра, одан қалды, Бөкейдің баласы өз баламдай көкідім. Курстасым – қарағандылық Болаттың Оралханның публицистикасынан диплом қорғағанын, ал жамбылдық Болатбектің Орағаң атындағы стипендия алғанын, өзім алғандай мәз болып айттым. Әбөш жездеміз келді-кетті, көп ештеңемен ісі жоқ, жуас кісі екен. «Бұның бәрін қайдан білесің?» – дейді таңдана. «Оқыдым», – деймін, мұрнымды шүйіріп. «Әй, мәләдес!» – дейді Әбөш бас шайқап. «Бәкеңмен (балсыраны еркелете айтқаны) қоштасқанымда да көп бола қоймап еді. Алыстан ат терлетіп жеткеніңде, қылымси қалғаным ыңғайсыз болар. Оралханды көрмесең де, сыбырласып-сырласқан, еркелеген елі мен (Орағаңның өз сөзі) тірі жүрген кейіпкерлерін көрсем деген көңіліңе разымын. «Қиқар» (Орағаңның бала күнгі лақап аты) бір аунаған шығар. Ал, кеттім». Кесені төңкере ішті. Шәудірлесіп кәдімгідей қызып қалыппыз. Тысқа шықтық. Алтай түні салқын. Таудан ескен қоңыр салқын «ищ-а-а-й» дегізерлік. Төңкерілген буаз ай Тарбағатайдың тасасына сырғып барады. Тас төбеден төніп тұрған жұлдыздар ап-анық, жымың-жымың етеді. Үйімде, дұрысы, жатақханада Орағаңның үлкейтілген суреті бар. Назар аудара көз салсаңыз, Алтайдың құзар шыңдарында он сегіз салалы қарағайдай мүйізін қақитып, тәкаппарлана төңіректі шолып тұрған Кербұғы дерсің. Жо-жоқ, егерде асықпай үңіле қарасаң, су қараңғы түнде жарқырай жанып тұрған Темірқазықты елестетер еді. Ертеңгі жоспарымды управқа (Нұрланға) айттым…
Кенжебек Тұманбайұлы,
АЛМАТЫ – ШЫҢҒЫСТАЙ – АЛМАТЫ.
1996 жыл, қыркүйек.