Тайбурыл кісінемейді
21.09.2018
1383
0

Бихамит Нұрбазар


Сауысқан шықылықтады… Сағынышта үн бола ма?..
Атасы мен әжесінің алдына отырып еркелеп, ертегісін ес­ті­ме­се де, төрт жасында аулаға жи­налған отын үстіне шығып алып, шырылдап ән салған сол сәбидің екі-ақ сөзі әлі күнге есім­де: «Таға, торғай»… Осылай деп көкке қарап шыр-шыр ет­кен. Таға мен торғай… Не айт­пақшы болды екен?!.
Оның ғұмыры сағынышпен басталған. Әжесіне деген сағы­нышы ешкімнің үйретуінсіз-ақ туған шешесін «Апа» деп атат­қан. Тілі де солай шыққан.
Отын үстінде суық торғайлар шы­­рылдайды… Шағын қыстақ­тың сәні жалғыз дүкеннің ал­дына түске жақын жиналған адам­дармен келетін. Ал, олар­дың ермегі он төрт, он бес жас ай­нала­сындағы балаң жігіт пен алпыстан асқан шалдың қол күресі. (Бұл ойын сол бала жиыр­маға келгенше жалғасты. Бір қызығы, ол атасын бір рет те жеңіп көрмепті)
Ол қария сіз едіңіз, Оңласын ата! Балаң жігіт мен едім. Осы күнге дейін ұнатып жейтін же­мі­сім – бүлдірген мен өрік. Біздің қыстақта әр үйдің ауласында алма, өрік, алмұрт дерліктей бар болатын. Сондықтан да бұл жемістер еш бала үшін таңсық емес-ті. Ауламызда өрік самсап пісіп тұрғанда да менің аңсайты­ным басқа еді. Ол Оңласын атам әр күні қалтасына түстен бұрын төрт тал, түстен кейін тағы төрт тал салып әкелетін май өрік. Май өрік тек сіздің аулада ғана бар! Оны маған беруіңіздің өзі бір қызық. Әлдеқайдан ұрлап келгендей тез қимылыңызбен қал­таңыздан алып шығарып, бас­қаларға көрсетпей менің қалтама саласыз. Мен де сізге жанасып, шалбарымның кішкене ғана қал­тасын аша қаламын. Әр күні осылай. Әр күні сәби мен шалдың күлкісі…
Тайбурыл кісінеді…
Бүгін атама «Қобыландыны» тағы айтқыздым. Қыз Құртқа соншама ақылды, соншама сұлу. Қиялымда күнде көріп жүрген Ақбаламен салыстырып әлекпін. Бірақ менде Тайбурыл және қалың жау жоқ қой. Әйтеуір бәсіре көк тайымды көңілге медеу тұтамын. Ал, жау дегенің күнде қырғидай тиіп жүрген атыздағы қураған күнбағыс сабағы емес пе? Шауып-шауып, жеңіспен оралатын!
Үлкен ағам үйленген. Ағам­ның «Қыз Құртқасы» біздің мұ­ғалім болып шықты. Бесігінде атас­тырған. Үйдің кенжесі мұ­ғалім­нің танауын еркелікпен үйде тартады. Мектепте асық ойнап күстеніп кеткен қап-қара қолым мен дал-дұл болып жү­ре­тін киімімді Ақбаланың алдында айтып, жеңгем мені ұялтады. Оның айласын ақыры таптым. Оңласын атам ауылдың театр үйірмесінің мүшесі болған екен. Кезінде «Желіккен жеңгейлер» дейтін сатиралық шығарманы сахнаға алып шыққан көрінеді. … Әкеммен қарта ойнап, түсте қайтуға ыңғайланғанда жібер­мей, көбіне-көп шайды біздің үйден іштіремін. Сол орайда, дастарқан басында »Желіккен жеңгейлерді» айтыңыз» – деп ызыңдап маза бермеймін. Жең­геме қарап күледі де, амалсыз жат­қа оқиды. Ол кездері жеңге­лер­і­міз жаңа-жаңа басындағы жаулықтан «құтылып», көйлекті тастап, шалбарға ауысып жат­қан. Жеңгем жаулығын таста­ған­нан бөлек, шашын бұйрала­тып жүретін. Атам өлең оқиды. Мен жеңгемді түртіп, мазақтап күлемін. «Үй, жынды!» – деп, жеңгем де күлген болады.
Қайран, қыз Құртқа!.. Қай­ран, ақылды аналар-ай!.. Қазір ойласам, соным заманға ілескен «Жаңалықтарға» сәби көңілім­мен жасаған қарсылығым екен-ау!
Көп дүние кері кетті. Бәсіре көк тайым шегіншек болды.
Байғыз шақырды…
Ауылда жігіт болғанның бір белгісі – күзді күні қырман кү­зету. Сабанды қалыңдап төсеп, апарған жамылғыңды жамылып, самсаған жұлдыздарға ұйықта­ғанша тесіліп қарайсың да, қиял теңізіне сүңгисің. Бізге бұл есе-теңдік тигенде, қырман бағудың реті де өзгерді. Қырман бағу – аты ғана. Әйтпесе, әкелердің қан мен тері сіңген алаңқайға кезек­тесіп барып, бірден-екіден кө­тер­ген арағы бар, ағаларымыз түнімен думандатады. Біздің атыз қырқаның түбінде. Қы­зыл­ды жинап шатырмен жапқасын ағам жеткізген тамаққа тойып алып, қырқадан ауылға қарап отырғанды ұнатамын. Жұлдыз­дар жайнап шыққанда, ауылдағы шырақтар да сөне бастайды. Бірден, екіден.
Біздің үй шамды сөндірді. Ақбала… Олар да ұйқыға кетті. Енді, ақжолдың атызын әрбір қырман басынан жылт етіп кө­ріне қалған темекі шоғы ием­денеді. Сүйкімсіз еді-ау бұл қы­зыл от. Сол қызыл шоқтар бір­­леп, екілеп кезегі келгенде қыр­манға жылжиды да, бір арада тоғысады.
Топырақ сіңген жамбасыңды қағып-қағып қырманға беттей­сің. Түн ортасы ауа бере, байғыз шақырады. Сосын масая баста­ған ағаларыңның ән салған дау­сы келеді тыныштықты бұзып. «Ән айтқан кім екен?» – деп, дауыстарынан иелерін іздеп жатып ұйқыға кетесің. Ал, олар күздің қара суығында тоңази қалған күні құшақ-құшақ сабанды қырманға әкеліп от жағып, жылынған болады. Онда не мандыған жарық, не ман­дыған жылу болсын, ол от та тез сөнсе екен деп ойлайсың.
Ұйықтап бара жатқаныңда, селк еткізіп байғыз шақырады.
Сауысқан шықылықтады…
Оңласын атам аңшы да болған.
– Қалау, сауысқанмен елік алуға болады. Бірақ, ол аңшы­лық­тың шыңы іспеттес, ерінбе­ген адам ғана айналысады.
– Қойыңызшы, ата, осылай да өтірік айтуға бола ма, мені алдап тұрсыз
– Онда тыңда, сауысқанды әбден ашықтырып, еліктің ба­сын алдына тастайды. Еліктің басындағы ең оңай желінетін жері қай жері сенің ше?
– Көзі ғой.
– Иә, дұрыс айтасың, көзі! Ашыққан сауысқан еліктің көзін шұқып жейді. Осылай қайталана келе, сауысқанды қайырып ала­ды-мыс. Сосын жайылып жүр­ген елікке әлгі сауысқанды салады. Елік сауысқаннан зәбір келеді деп ойламайды, сондық­тан қашпайды. Тіпті, басына қонса да үрікпейді. Ал, сауысқан алдымен еліктің бір көзін шұқи­ды, онан соң артынан қалмай жүріп екіншісін шұқиды. Сөй­тіп, соқыр елікті атпен қуып жүріп-ақ ұрып аласың, болмаса өзі тастан құлап өледі
– Астапыралла!..
Сауысқан шықылықтады.
Бұл әңгімеге оншалық мән бер­мегенмін. Заманның» Сауыс­қаны» қаншама шықылықтады. Қаншама жан қуанды.
– Ендігі сауысқан көзіңді емес, балам, тіліңді шұқиды. Көзің ағып, қасіретті көрмеуден гөрі, көріп тұрып айта алмаған мылқаулығың нағыз қасірет. Түсінесің бе?
Сауысқан тағы шықы­лық­тады…
Оңласын атам жетпіс үш мүшелінде қайтыс болды. Күн жұма еді. «…Университетке өтіпсің!» – деген қуанышты Құлжадан әпкем жеткізді. Қай университет екенін де білмейміз. Құлжаға шақыртуымды алуға тәңертең ерте тұрып жүрмекші болдым. Себебі, ол кезде ауыл­дан ауданға жүретін көлік аз еді. Үйдегілердің қуанғанының белгісі – бәрі де менімен бірге тұрып жолға шығарып салуға шықты. Оңласын атам да ерте тұрып келіпті. Жүрегі бір қуа­нышты сезген шығар. Үйде­гілер­мен бірге жүріп, мені аттан­дырды.
– Тез орал, жақсы оқы!
– Иә.
Ауылдан әр жолы аттанған сайын жүрегім беймаза күйге түсіп, көңілсізденетін әдетім еді. Бұл жолы да солай болды. Өз-өзімнен жылағым келген. Жақ­сы­лыққа жорыдым.
Құлжада екі күн болып, жек­сен­біде оралдым. Үйдегілер би­дай ұшырып жатыр екен. Абыр-сабыр жұмысқа кірістім де кет­тім. Бидайды қаптап болға­сын, бәріміз бірге қарбыз жедік.
– Қалау, Оңласын атаң қайтыс болды. Кеше жерледік, – деді үлкен ағам. Не дерімді, не істерімді білмедім. Атып тұрып, үйге қарай жұгірдім. Елге көрінбей егіліп жыладым…
Бір-екі күн өткен соң әкем айтқан әңгіме:
Мен Құлжаға жүрген күннің ертесі Оңласын атам тағы да ерте тұрып, есік алдында отырған әкем­нің қасына келіп, әз-кем әңгі­мелесіпті де, жаңадан жол жасауға төккен шағылдың үстіне жүгіріп шығып, атызға, ақжолға айнала қарап алып, біздің үйге кіріп кетіпті. Үй жинап жатқан шешеме:
– Маған қайнаған су берші, қолыңнан дәм татқалы келдім! – депті.
– Шай ішіңіз, дайын тұр!
– Асығыспын, су берсең болды.
Оңласын атам үйіне қайтып кеткен соң, он бес минуттан кейін келіні жетіпті.
– Атам сізге келсін деп жатыр!
Апам барғанда, ол кісі өзін оң жаққа салып қойған екен.
Бүгін де ақжолда сауысқан шықылықтап тұр. Жол жасал­ған. Кен ашылған. Бәрі де жақ­сы. Тек, атамзаманнан жалғасқан әулиелік – ақ күмбезге Оңласын атаммен бірге жерленген. Ауылға қайтқан сайын, түнімен байғыз шақырады… Сауысқан шы­қы­лық­тайды. Торғайлар бар, отын жоғалған. Олар үй артында тұ­рып сені оятпайды. Бәрі жат сияқ­ты… Мен де қиялға көп бе­ріл­мейтін болғам. Себебі, Тайбурыл кісінемегелі қаншама жыл болды…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір