Сүйінбайдан Жамбылға, Жамбылдан Нұрғисаға
«Қызығыңды көп көрдім,
Қарабастау, Құлансаз.
Күндерімді өткердім,
Сенде жүріп ұзақ жаз.
Көкорайға жайылған
Секілді едік үйрек, қаз…», – деген Жамбыл жыры Ұзынағаш өлкесіне аяқ басқанда-ақ көкейге қона кеткен. Ақындар мен батырлардың елі атанған шұрайлы мекенге жыр алыбы мен қазақ музыкасының мэтріне айналған Нұрғисаның басына газет ұжыммен барып, зиярат жасаған едік.
«Екейде елу бақсы, сексен ақын, жаратып мінеді екен ерттеп атын. Қобызға домбырасы үнін қосып, гулейді жын қаққандай кешке жақын» деген сөз ел ішінде кеңінен таралып, мойындаумен қатар әжуа орнына айтыла бастаған кезде Жапаның: «сексен бірінші болайын деп пе едің?» деген реніш сөзін көңіліне алмай, Сүйінбайдан бата алған Жамбылдың ақындық өмірі көп шығармашылық адамдардың маңдайына бұйырмаған машақаты мен бақыты мол тағдыр жазуы екенін мойындайсыз. Түсінде «өлең аласың ба? Көген аласың ба?» дегенде «өлең алам» деген бала Жамбыл ғасыр жасайтынын білмесе де, өзінің өлең үшін туған жан екенін сол балғын шақтан-ақ білген сыңайлы. Дүйім жұрт құрмет тұтатын қасиетті қара шалдың фотосуреттегі бейнесіне көз салсаңыз, жүзін әжім басқан дидары соншалықты мейірімді, жанарының оты басылмаған.
Жамбылдың Сүйінбайдан бата сұраған, Сүйінбайдың бата берген оқиғалары екі ақынды зерттеу жұмыстарында көп айтылса да, ел аузынан естіген мына бір әңгімеден артық емес сияқты. Сүйінбай қартайған кезінде ет жеп отырып, тісі өтпей аузындағы бір кесекті жанындағы баласына берсе, жиіркеніп жемепті дейді. Сонда бала Жамбыл атып тұрып, ақын ата қолынан ет асаған екен. Сүйінбайдың ақындық өнері содан ұрпағына қонбай, Жамбылға дарыған деседі. Өмірінің соңғы жылдары даңқ мен марапатқа замандастарынан көп бөленсе де, соның біріне бойын үйретпеген Жамбыл әлсізге болысқан, қуды мысқылдап, тұқыртатын әдетінен жаңылмаған. Бұның бәрі ақындығын пенделік құрметтің біріне пар көрмегенін аңғартса керек.
Нұрғиса дүниеден өтер алдында жыр алыбының жанына жерленуін тілеген екен. Композитор дүние салғанда, ел болып аға тілегін орындаған. Жамбыл музейінің ауласында қазақтың қос бірдей жолбарысы жатыр. Кемпірбайдың көкала үйрегі болса, Жамбылдың қызыл жолбарысы болған. Мұндай тылсым қасиет көп адамға бұйырмайтыны анық. Жамбыл қартайғанда: «Менің қызыл жолбарысым Тілендінің баласына барды», – депті.
Сүйінбайдан Жамбылға, Жамбылдан Нұрғисаға қонған құт, қасиет көп ұзамай қазақтың тағы бір жас жолбарысына қонса екен деп тілек айттық.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.