КОМАНДА АУЫСТЫРУ
Аймұханбет Бейсембеков
«Мырқымбая заменил Тырқымбай
Тырқымбая заменил Қыртымбай» –
«Плетнье чепухи» Герольд Бельгер
Ж – облыс әкімі – Жұманды,
Қ – облысына жіберді.
Қ – облыс әкімі – Қаманды,
Ж – облысына жіберді.
Көріп келген «талайды»,
Жақсы менен жаманды,
Жұман әкім әп сәтте,
Ауыстырды команды!
Бірінші зам – Жеңісбекті,
Сыныптасы – Жегішбекке,
Екінші зам – Дарабайды,
Нағашысы – Парабайға,
Үшінші зам – Сағымбайды,
Құдасы – Жағымбайға,
Ішкі істердегі – Қысқышбекті,
Қайнағасы – Ішкішбекке,
Білімдегі – Ғалымгүлді,
Көңілдесі – Залымгүлге,
Денсаулықтағы – Дәрігүлді
Балдызы – Жанымгүлге,
Қаржыдағы – Темірбайды,
Жездесі – Жемірбайға,
Ауыстырып тастады.
Бір айдан соң ойланып,
Тағы бір іс бастады;
Доңызбайдың орнына,
Қабан болды.
Жақсыбайдың орнына,
Жаман болды.
Облыста сонымен,
Команда ауыстыру
Тамам болды.
ӘН САЛУДЫҢ «ӘДІСТЕРІ»
«Құр айғай бақырған құлаққа ән бе екен».
Абай
Бір кездері дірілдеп әрең жүріп,
Айтып еді марқұм Брежнев.
«Нан болса – ән болар» – деп,
«Ән болса – сән болар» – деп.
Бұл күнде нан да көп,
Әнші де көп, ән де көп.
Қазір нанды «киелі» – деп, санамас,
Жегендері Банан менен Ананас!
Ал, енді ән мен әншіге келсек,
«Әу» – дегеннің бәрі әнші,
Бәрі «жұлдыз» – маладес!
Біреуі жынданып «қуалап» айтады.
Біреуі ары-бері жүріп айтады,
Біреуі сілейіп тұрып айтады.
Әп-әдемі әнді бұзып,
Әуенін бұрып айтады.
Кейбірі араққа «тойып» айтады.
Кейбірі «плюспен фанера» қойып айтады.
Біреуі клипте төсекте жатып айтады,
«Қызыққа» батып айтады.
Біреуі қырылдап айтады,
Жүнін жұлған тауықтай етіп,
Көп-көрім әнді жырымдап айтады.
Біреуі бақырып айтады,
Әтештей шақырып айтады.
Біреуі ақырып айтады,
Дауыстан дым жоқ тағы бірі,
Сыбырлап ақырын айтады.
Біреуі лепіріп айтады,
Біреуі секіріп айтады.
Мағынаға мән бермей
Әннің сәнін кетіріп айтады.
Біреуі ыңырсып айтады,
Біреуі қылымсып айтады.
Біреуі күліп айтады,
Енді бірі қасқырша ұлып айтады.
Үш-төртеуі бірігіп айтады,
Жын қаққандай «жінігіп» айтады.
Ән әуенін үзіп айтады,
Қазақ тілін бұзып айтады.
Айта берсең ән салуда әдіс көп.
Бәрінен де әнші сымақ әртіс көп.
Әнші болғың келсе егер «білікті»
Телеарнадан күнде қара «клипті».
Әншілер көп дауыстары «жасанды»,
Қор қылатын бұзып айтып жақсы әнді.
«Фанерамен» жыбырлатып ауызын,
Тыңдарманды алдар екен қашанғы!
Кім қалай өледі?
«Бұзықтар өледі,
Пышаққа құлшынып.
Сұлулар өледі,
Құшақта тұншығып,
Арғымақ өледі,
Артына шаң қалып.
Ақындар өледі,
Бәріне таң қалып!».
Қадір Мырза-Әлі
Патшалар өледі, Тақ үшін таласып.
Депутат өледі
«Төрт қолын» көтеріп.
Наркоман өледі
Түтінге жөтеліп. Штангист өледі
Допинг татып ап, «Жезөкеше» өледі «Насыбай» атып ап.
Еркектер өледі, «Сол жаққа» жүз барып. Қатындар өледі, Байларын қызғанып. Алқаштар өледі, Жамбасын мұз қарып. Балықтар өледі, Бөшкеде тұздалып. Шал байқұс өледі, Кемпірін жеңе алмай. Кемпірлер өледі, Келіннен кек алмай. Жемқорлар өледі, Алғанын «жей» алмай. Арызқой өледі, Әр кіммен соттасып. Әзілқой өледі, Тілімен «шоқ» басып. Олигарх өледі, Мұнайға «тұншығып». Мансапқор өледі,
Билікке құлшынып. Аралар өледі, Ұяға бал салып, Әншілер өледі Тойларда ән салып. Кедейлер өледі, Арызы қаралмай.
Жазушы өледі, Кітабы таралмай. Ақындар өледі, Гонорар ала алмай!
ҚАЗАҚТЫ ТАЛАП ЖАТҚАН ҚАНДАЙ «ИТТЕР»
«Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме».
Н.Гоголь
Қазіргі денсаулық саласының «дамығаны» сондай, дені сау бір қазақ жоқ. Себебі, бойы толған «иттер».
Қазіргі халықтың әл-ауқатының «көтерілгені» сондай, банктен несие алмаған бір отбасы жоқ! Себебі, қазақ «иттердің» талауына түскен.
Бұл қандай «иттер?» Тізіп көрейік:
Әр қазақтың миында – мининг – ит, құлағында – от – ит,
Мұрнында – гаймор – ит, тісінде – сотмат – ит,
Аузында – гингив – ит, тамағында – лоринг – ит,
Қолқасында – бронх – ит, асқазанында – гастр – ит,
Өтінде – холостот – ит, көк бауырда – панкреат – ит,
Баурында – гепат – ит, бүйрегінде – пиелонефр – ит,
Қуығында – цист – ит, белінде – радикул – ит,
Еркегінде – простот – ит, әйелінде – маст – ит,
Аяқ-қолында – артр – ит, бұты қисық – рах – ит,
Терісінде – дермат – ит, ет пен терінің арасы – целлюл – ит.
Қазір мемлекет қазақты тегін емдемейді. Ал, енді осыншама «иттерді» емдету үшін қазаққа қаншама қаражат керек! Не істеу керек! Шарасыз қазақ Банктерге барып тағы бір «иттің» талауына түседі. ОЛ «ИТ» – КРЕД – ИТ! Қазіргі қазақты талап жаттқан, аузы алты қарыс «иттер» осы!
Бұл «иттер» қазақты 5, 10, 15 жылдан талап келсе, енді «7+20+25» деген, 25 жыл ұзақ өмір сүретін жаңа пародалы «итті» шығарды. Бұл «иттің» бір жақсысы кедей мен жұмыссыздарды «таламайды» екен. Тек 120 000 теңгеден жоғары жалақысы барларды ғана «талайды».
Оған да тәуба!
САСЫҚЖАНОВТАР ЖАЗЫП ӨЛЕДІ…
Атақты арызқой Сасықжанов Қоқыр деген «жазғыш» ажалының жақындағанын сезіп, өмір бойы араз болған екі көршісіне:
– Өлердегі сөзімді айтайын, келіңдерші, – деп телефон соғады. Қанша араз болса да, көршілері Қоқырдың соңғы сөзін жерге тастамай, келеді. Сонда Сасықжанов:
– Тіршілікте «итше ырылдасқан» «қимас» көршілерім, мен сендермен қоштасайын деп шақырдым. Маған ажал жақын. Сәрсембай көрші сені бас бухгалтер болып жүргеніңде арыз жазып соттатқан мен едім. Кешір мені…
– Сен айтпасаң да білемін. Болар іс болды ғой… Алла кешсе, мен кештім, – деді Сәрсембай көршісі. Қоқыр тағы әрең сөйлеп:
– Бейсембай көрші, ана жылдары сен жұмыссыз қалып, қатының екеуің самогон қайнатып сатып, сотталып едіңдер ғой, сендерді де жазған мен едім. Кешіріңдерші… – деді. Бейсембай жағасын ұстап:
– Астапыралла! Не деген жауыз едің. Осыған дейін білсем, ажалыңнан бұрын өлтірер едім. Өткен іс өтті, не шара? Менсіз-ақ өзің де өлейін деп жатыр екенсің, жарайды… кештім, – деді. Сасықжанов сөзін жалғастырды:
– Кешіргендеріңе рахмет! Енді соңғы өтінішім болсын сендерге, тыңдаңдар. Менің жаным шыққаннан кейін, иегім салбырып кетпеу үшін бас жағымдағы жалпақ скотчпен аузымды ашылмастай етіп жапсырып тастаңдар. Қол-аяғым құрысып, тартылып қалмау үшін, екі аяғымды біріктіріп байлап, екі қолымды да таңып тастаңдар. Байлайтын жіп те бас жағымда дайын тұр, – депті де жүріп кетіпті. Екі көрші Сасықжановтың соңғы тілегін орындап, аузын скотчпен жапсырып, қол-аяғын өзі айтқандай етіп байлап тастайды. Дәл сол кезде есіктің қоңырауы шырылдайды. Көршілер есікті ашса, бір топ полиция тұр.
– Сасықжанов Қоқырдың пәтері осы ма? – дейді бірі.
– Иә, осы, – деді аң-таң болған көршілер.
– Онда сіздер тұтқындалдыңыздар! Жарты сағат бұрын осы пәтердің иесін екі көршісі тұншықтырып өлтіріп жатыр деген жедел хабар түскен. Қарсылық жасамай, қолдарыңды көтеріңдер! – деді басшысы бұйрықпен. Сәрсембай мен Бейсембайдың қолына кісен салынды.
Арызқой өлсе де жазатынын ұмытпаңдар! Сақ болыңдар! Сасықжановтар қастарыңда жүр.