Бауырларға хат
14.09.2018
1999
0

Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ


Ит тұмсығы батпайтын қа­лың тоғайда адасып жүр екен. Жа­падан жалғыз. Мұнда қа­шан, қалай тап болғаны бей­мә­лім. Кең жайыла біткен жуан бұ­тақтары бір-бірімен кіріге бай­ланысып, біртұтас затқа ай­нал­ған зәулім ағаштар құдды адам қолымен тұрғызылған бе­кі­ніс дерсің. Қалай қарай жүрсе де осы бекініске кеп, тұмсығы ті­реле берді. Одан шығудың ама­лын таппай жалп етіп отыра кетті. Енді байқады, ағаштардың түп жағында бұтақтары сирек өсіп­ті. Ендеше, неге еңбектеп өт­­песке? Үміт сәулесін жылт ет­кіз­ген осынау ойын іске асыруға мық­тап бекінді. Еңбектеп қанша жүргені өзіне де мәлім емес. Екі ті­зесі мен қолдары салдырап әл­сіз­дене бастағанда ашық алаң­қайға шықты-ау, әйтеуір. Бойын тіктегені сол еді, әлдеқайдан қор­қынышты құбыжықтар пай­да бола кетіп, бұған тап бергені. Ай­қайлап, шошып оянды. Мына сұмдық оқиғаның түсі болғанына қуанғаны-ай.
Екі шекесі суырып ауырып жа­тыр екен. Басылар деп үміт­тен­ген. Бірақ сырқаты сәт сайын үдей түсіп, жанын қоярға жер тап­тырмай тыпыршытты. Екі қо­лымен басын қыса ұстап, біре­се оң бүйіріне, біресе сол бүйірі­не кезек аударылып, ыңырана дөң­бекшіді-ай кеп. Жүрегі ай­ны­ғандай ма, құсқысы келгендей ма-ау, ішкі құрылысын алай-дү­лей еткен бір сұрапыл қозғ­а­лыс­тың басталғаны анық. Лоқсы­ған­да кеңірдегін әлдеқандай тыл­сым күш суыра тартып жат­қандай жаны қатты қиналып, тұ­ла бойы терге малшынды. Та­ғы лоқсыды, сыртқа жүгіріп шы­ғып, үйдің бұрышына жүре­лей отыра кетті. Өңешін удай ашыт­қан арақ араласқан ащы запыран сыртқа қарай лап қой­ды. Ішкен-жегенін аузынан шы­ғарып тастап, есеңгіреген халде ба­сын қабырғаға сүйеп отырып қал­ды.
Бұл сүйретіле басып ішке ен­ген­де, қарсы ұшырасқан жеңгесі көз қиығын да салмастан ас үйге өтті. Келіншектің қайын інісі ал­дында ірілік танытып, астам­суы бір бұл емес. Ақан жеңге мінезіне еті үйренгендіктен бұн­дай көріністі қалыпты жағдайға ба­лайтын. Шұрқыраған асқазан тілегімен жеңгесін өкшелей ас үйге бас сұқты. «Жеңге, шай ішейінші», – деді төменшіктеген кейіп­пен ыдыс жуып тұрған әйел­ге жәутеңдей қарап. Жай­шы­лықта жүзінен жылылық бел­гісі байқалмайтын, тағ­ды­рына өкпелі жандай үнемі том­сарып жүретін жеңгесі бұ жолы күле қарап Ақанды таңдандырды. Демде бидай өңіндегі күлкі ізі ізім-ғайым жоғалып, орнын ызбарлы кейіп алмастырды.
– Ей, сү­мелек! – деді ашуға булығып. То­лықша келген дөң­гелек жүзі қы­зара бөртіп, долы­рып шыға кел­ді. – Екі баламды қалай асы­рап жүргенімді білесің бе, осы сен?! Әркімнің үйіндегі өздері істей алмайтын қыруар шаруа­сын тындырып беріп, табыс та­бамын. Мүгедек жанша көрін­ген­ге алақан жайғанша маңдай те­ріңді тамшылатып еңбек ет. Сон­да тамағың тоқ болады. Ой, на­мыссыз неме! Ағаңның жүрісі – анау. Жұмыс істеймін деп ке­те­ді. Содан мойны ырғайдай, би­ті торғайдай боп келіп тұр­ғанын көресің. Ақша тұрмақ дә­неме жоқ. Енді сен қалып ең. Қа­раңды батыр!
Тығырыққа тірелген Ақан лажсыздық шеңгелінен құ­тылу амалын қарастырып бақ­қан­­мен таппады. Бір жағынан та­мақ тілеген асқазан қамы қи­на­са, әрдайым аңсарын аударып шөліркеткен ішімдікке деген құ­марлық жанын жай таптырар емес. Бөлмеде ары-бері сенделіп жүр­ді де қойды. Осы сәт есік жай­лап ашылып, бес жасар Қай­сар төбе көрсетті.
– Аға, әлгінде қар­ным ашты деп едің ғой. Нан әкел­дім. Мә, ал! – деп бүтін тан­дыр тоқашты ұсынды. «Не деген ақылды едің, Қайсаржан!» – деп баланы құ­шақтап бетінен өпті. «Өз әкеңе емес, менің әкеме ұқ­сай­тын сияқ­тысың ғой. Марқұм әкем еш­кім­нен ештеңесін ая­май­тын ақкөңіл жан еді ғой» – деп теріс айналып, көзінен ыр­шып кеткен жасын сүртті де, нанды қарпыта асады.
Нанды жеп боп, бір шыны суық суды сіміріп алды. Үйде байыз тауып отыра алмай, дәп бі­реу күтіп тұрғандай-ақ көшеге шығуға асықты. Кенет ішкі жа­ғынан бас көтерген «Қайда бар­мақсың?» деген сұрақ аз-кем бө­геліп, ойлануға мәжбүр­ле­ген­дей. Осында тұратын таныс, туыс­тарын ойша тізімдегенде, жа­қын әпкесі өзіне жылышырай­мен қарағандай кейіп танытты. Жуырда көшеде кездесіп қап: – Ана келін бала дұрыс қарап жүр ме? – деп өбектеген. Анда-санда үйіне жолы түссе, барын алдына қойып, «Мә, іш, же!» деп бәйек боп жатқаны. Сондайда «Мені де сыйлайтын біреу бар екен-ау деп биіктеп кеткендей боламын» деген ойы солыңқы жүзіне жылылық ұялатқандай. Бағдарын айқындап алған соң, аяқ киім қоятын орыннан өкше­сі жымырайған, көнетоз туфлиін ки­мек боп қолына ұстаған. «Мәс­саған! Енді қайттім?» деген дау­сы аянышты естілді. Сөйтсе, аяқ киімінің табаны түсіп қа­лып­ты. «Бір жоқты бір жоқ таба­ды» демекші, кішірек кезінде аға­ларының кезек-кезек етік, туф­ли, бәтеңкелерін тігіп оты­ратындары есіне түсіп кетті.
Керекті құрал-жабдықтарды сақ­тайтын ағаш жәшік бұрышта тұра­тын. Сол жәшікті іздеп, жаз­дық шайханаға жапсарлас са­лын­ған шағын бөлменің есігін аш­ты. Мұнда бас сұқпағалы қа­ша-а-н?
Ретсіз шашылып жатқан бұйым­дардан аяқ алып жүргісіз. Ескі киім-кешектер, ірілі-ұсақ­ты үй жабдықтары, ат әбзелдері, балта, балға секілді құрал-сай­ман­дар дейсің бе-ау, бұрынырақ ата-анасы қолданған қазан-ошақ­қа дейін осында тоғыты­лып­­ты. Өкінішке қарай, етік тігу­ге керекті жабдықтар сақ­тал­ған ағаш жәшік жоқ. Үйіліп жат­қан заттарды аударып-төңкеріп көп іздеді, таппады. Сонша түр­тінектегенде қолына ілінгені та­бал­д­ырықтың астынан алған ши­ратылған көгілдір жіп қана. Туфлиін киіп, салпаңдаған та­баны жүргенде кедергі келтірмес үшін басына целлофан дорба кигізді де, сыртынан әлгіндегі кен­дір жіппен шандып байлап, сыртқа беттеді. Беталысы етік­шінің үйі.
Етікші Қосай мұны ықылас­сыз қарсы алды. Сәле­міне аузын ғана жыбырлатты да, өз ісімен бола берді. Ақан қаққан қазық­тай тұрған күйде шағын бөлме ішін жіті шолып өтті. Шебер­ха­на­ның тап-тұйнақтай жи­на­қылығы, тазалығы, жаб­дық­тардың сөрелерде рет-реті­мен сап түзеуі епті қолдың табын байқатқандай. Өз үйіндегі ке­лең­сіз көрініс көз алдына елес­теп, көкірек тұсын шым еткізді. – Аға, – деді, сәл үнсіздіктен соң. – Туфлиімнің табаны түсіп қал­ды. Соны тігіп бересіз бе? Бірақ… – деп күмілжіді.
– Не, бі­рақ? – деп, Қосай бұған ежі­рейе қарады. – Ақшам жоқ. Ертең бір жерге жұмысқа тұрмақ­пын. Сонда әкеп беремін ақы­ңыз­ды, – деп өті­рікті соғып жіберді.
– Қашпаған сиырдың уызы­на қаратып қайтесің? Сені кім жұ­мысқа алушы еді? Жұмыс беру­шілер ішімдік атаулыны т­атып алмайтын, тепсе темір үзе­тін мықты жастарды таңдап алады, – деді ойын бүкпей ашық айтып. – Жігітім, ішімдік ішу, есірт­кі қабылдау – өзін-өзі өл­тіру деген сөз. Ажалына асық­қан­дар осындай харамдыққа ба­­рады. Сендейлерге қайырым­ды­лық жасау да харам. Ендеше, бас­қа етікшіге барғаның жөн. Үс­тіңнен жаман иіс шығып тұр. Бөл­менің ауасын тарылтып жі­бер­дің. Тұра бермей, жөніңді тап. Бар, бар! – деді етікші Қосай Ақанның ал­­қам-салқам болған үсті-ба­сы­на жек көре қарап.
Етікші сөзінің салмағы тұм­сық­қа тиген ауыр соққыдан бе­тер болды. Сөздің сүйектен өте­­тінін алғаш сезінуі еді бұл. Ба­сы ауған жаққа жүре берді. Қай­да, не үшін баратынына есеп берген жоқ. Әбден тозығы жетіп, пай­даланудан қалған ескі бұйым­дай құнсызданғанына жа­ны күйзелді. Тамағына өксік ты­ғылып, көзінен аққан жасын тыя алмай көп егілді.
Балалар шуы ойын бөліп, жа­нарын көтеріп қараған. Мек­тебі көзіне оттай басылды. Ке­зін­де өзінің де осында оқығаны есіне түсті. Еш алаңы жоқ, қам­сыз өткен балалық бал дәуреніне деген сағыныш көздерінен тағы да жас боп сорғалады. «Құдайым-ау, мұнда неге келдім? Жұрт кө­зіне мына сұрқыммен қалай кө­рінбекпін?» деп, кері бұрыла бер­ген. Осы сәт ту сыртынан атын атап шақырған таныс да­уыс шықты.
Сынып жетекшісі Рәш Рай­баева сүзіле қарап тұр екен.
– Сәлеметсіз бе, ұстазым? – деді абыржи апалақтап.
– Ай мен күннің ама­нын­да сені мүсәпір күйде көр­ге­нім жүрегіме қаншалықты сал­мақ салғанын білесің бе? – деді Рәш апайы, мұның жақ сүйектері со­райған жүдеу кейпіне аяй қарап.
– Ұстазым, мен тірі өлікпін. Өліктер қатарынан оралатын кү­нім де алыс еместей, – деді бұл жы­ламсырап.
– Жүр, үйге барып сөй­ле­сейік, – деп, ұстазы оны қолы­нан жетелей жөнелді.
Теледидар қойылған шағын бөл­медегі диванды нұсқап: «Осын­да отыра тұр. Мен қазір», – деп ішкі бөлмеге енген Рәш киім ауыстырып қайта шық­қан­да қазіргідей сұмдық көріністің үстінен түсем деп әсте ойламаған шығар. Не істерін білмей сасқа­лақ­тап, еденде сұлап жатқан Ақан­ның қасына барып, бетіне үңіл­ді. Сосын сыртқа тұра жүгір­ді. Күйеуі Мұстафаға болған жайды асыға-аптыға жеткізіп, «Тездетіп бетін қайтармаса, өліп кетеді» дегенді естігенім бар. Сен де тездет!» – деді. Мұстафа ас үй­ден әлдеқандай сусынды шы­ныға құйып әкеп, көзі жұмулы күйінде дірілдеп-қал­шылдаған Ақанның басын көтеріп, аузына тосты. Анау сусынды қылқылда­та жұта салды да, көзін қайта жұм­ды.
Ақан бастапқы қалпына кел­генше Мұстафа қас-қабағын ба­ғып, қасынан қарыс қадам ұза­ған жоқ. Рәш пен Мұстафа жі­гітті тамақтандырып, моншаға түсірді. Осында туып-өскен, қа­зір жұмыс бабымен жан-жақта жүрген төрт ұлдың кимей таста­ған киімдерін шығарып, Ақан­ның бойына қонымды, денесіне шақ келетіндерін іріктеп кигізді де, бұрынғы лыпасын отқа тас­тады. Рәш Ақанды оңаша бөл­ме­ге шақырып, «Ал, енді не бол­­­­ғанын айтшы» – деді.
– Көп балалы отбасында туып-өскенімді білесіз. Үнемі же­тіспеушілікте өмір кештік. Аға­ларымнан қалған ескі-құсқы киім­ді үстіме іліп жүре бере­тін­мін. Сыныптағы ыздиып киініп жүретін кей ұлдардың астам­ды­ғы, мұрын шүйіруі жыныма тие­тін. Сондайда әлдекімге деген ашу-ыза кернейтін бойымды. Ең бастысы, бұл ғана емес. Әке-ше­шемнің қосылып арақ ішетіні жа­ныма қатты батып, намы­сым­ды жанитын. Шүпірлеген бала-ша­ғасын ойламай, құлқын­дары­ның құлы болған ата-анама өк­пем қара қазандай. Олар «Олай жүрме, былай жүр. Мы­науың дұрыс, мынауың теріс» деп тура жол сілтесе, мүмкін, қа­зір басқаша болар ма ем? Өкі­нішке қарай, ағаларымның ара­сынан жұрт адамы боларлық бел­ді азамат шықпады, ұяда көр­гендерін істеп, өмір қызығын ішім­діктен іздеді.
Әкем-шешем бірінің арты­нан бірі ана дүниеге аттанды. Со­лардың зейнетақысымен та­мақ асырап, ілдебайлап жүрген ағаларым күнкөріс қамымен жан-жаққа кетті. Кезінде он бала сыйған әке шаңырағына қазір қара басым сыймай жүрген жайым бар. Кіші ағам мен жең­гем менен сырт айналды. Алды­мыз­да бұғып жүрсін дегендей жо­ндарын күдірейтіп қояды. Әкемнен қалған аздаған мал иесі де – солар. Үй иесі де өздері. Мей­лі ғой, бола берсін. Тамақ ішіп отырғанда ішке бас сұға қал­сам, жау тигендей ыдыс­та­рын, дастарқанды жинай бастай­ды. Қысқасы, қазір мен қаңғы­бас­пын, қорғансыз, панасызбын.
Бұлардың әңгімесі аяқтала бер­генде бөлмеге Мұстафа кіріп, Рәштің қатарына жайғасты. «Жі­­­гітім, арақтан арылып, ел қа­тарына қосылғың келе ме?». «Келеді, аға!». «Нәпсіңді тыюға ерік-жігерің жете ме? Өзіңді-өзің басқара аласың ба?» Жігітте үн жоқ. «Үндемегеніңе қарағанда сенімсіз секілдісің. Ашығын айт­қаңда, тізгін-шылбырыңды әзә­зілдің қолына беріп қойған­сың. Сол әзәзіл – арақ қалай же­телесе, солай жүресің. Осылай ке­те берсең, әзәзіл бір күні жар­дан итеріп жібере ме, суға батыра ма, жоқ, отқа тастай ма, белгісіз. Ал­дың айқын емес. Сондықтан, жас өміріңді қор етпе. Тізгініңді қолыңа ал, арақпен біржола қош­тас!». «Жарайды, аға? Ты­ры­самын». Манадан жақ ашпай отырған Ақан кенеттен жадырай бастады. «Онда сені үйіңе шыға­рып салайын», – деп Мұстафа орнынан көтерілді. Жолай екеуі дүкенге соғып, Рәш берген ақ­ша­ға азық-түлік алды. Ақан бойы­на қона кеткен киімдеріне, қа­ра туфлиіне әлсін-әлі қара­ғыш­­тап, іштей қуанып келе жа­тыр. Мұстафа оны үйіне дейін жет­кізіп, «Ғылым саласында жұ­­мыс істейтін ұлым бар Ал­ма­ты­да. Соған мана телефон ша­лып, сен туралы айттым. Арақ­тан емдейтін дәрігер тауып қой деп тапсырдым. Егер өз еркіңмен қойып кетпесең, дәрігердің кө­мегіне жүгінуге тура келді. Бұл жө­нінде сөйлесеміз ғой әлі. Біз­дікіне күнде бір мәрте соғып, тө­бе көрсетіп тұр. Жарай ма?» – деп, жігіттің бетіне сынай қара­ды. Бұл басын изеді.
Ақан азық-түлікті жатын бөл­месіндегі қағаз қорапқа са­лып, төсектің астына қойды да, ай­на алдына кеп, түр-тұлғасына жаңа көргендей ұзақ сұқтанды. Сұр костюм-шалбар мен сол түс­тес жүннен тоқылған ұзын жең кеудеше өзіне жарасып-ақ тұр. Әп-әдемі сұңғақ бойлы жігіт боп шыға келгеніне сене алар емес.
Көптен үйреншікті дағдысы­на айналып, істемесе көңілі көн­шімейтін бір әдеті – көшеге шы­ғып ары-бері бұлаңдап жүріп қай­ту еді. Бүгін де үйде байыз тауып отыра алмады. Түк шаруа­сы жоқтығына қарамастан сырт­қа шықты. Жол шетінде не­ме­релерін ойнатып жүрген әжелер, аула сыртында өзара әңгіме соқ­қан қатын-қалаш мұны та­ны­май, «Мұнысы кім?» деп сы­бырласып жатты. Қарсы ке­з­дес­кен таныстар таңырқай қарасты. «Мынау Ақан ғой!» деп ішін тартқандар да болды. Көзге шық­қан сүйелдей болғанына іш­тей құсаланып келе жатқан. Бұрылыстан досы Бөкен кездесе кетті.
– Өзіңде бір жаңалық бар сияқ­ты ғой? – деді, Ақанды ба­сы­нан аяғына шола қарап:
– Айтарлықтай ештеңе жоқ.
– Көңілсізсің ғой?
– Неменеме жетісіп көңіл­ден­­бекпін?
– Жарайды, ашуланба. Мана дүкен күзетшісінің күркесіне бір жартылық алып қойып кеттім. Біраздан соң сонда барайық.
– Бөкен, біз қашанғы бөтелке қуа бермекпіз, а?
– Қуғың келмесе, қума. Сені зорлаған біреу бар ма?
– Әр нәрсенің де шегі бар де­генім ғой.
– Асықпа, осынау жүрісімізге нүкте қойылатын мезгіл де таяу.
– Мұнымен не айтпақсың?
– Мен емделуге кетпекпін. Ас­танадағы дәрігер ағам шақыр­тып жатыр. Ертеңдер әкем екеу­міз жолға шықпақпыз.
– Демек, бұл соңғы кездесуі­міз екен ғой?
– Алда кімді не күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян. Тек жақсы­лық­та жүздесуге жазсын деп ті­лейік.
– Алланы аузыңа жиі алатын болғансың ба, қалай?
– Иә, солай. Ағаларым мен әп­келерім мені қайда апармады дей­сің? Дәрігер-наркологқа да, дәрі­гер-психологқа да, мешітке де ертіп апарып, арнайы маман­дар­­мен сөйлестірді.
– Мынауың керемет жаңа­лық қой. Содан?
– Содан мен тура жолдан ауыт­қып, адасып жүргенімді, күнәһар екенімді мойындадым.
– Ендеше, неге арақ көтеріп жүрсің?
– Ішкім келген соң көтеріп жүрмін де. Бірте-бірте қойып ке­те­тініме сенемін. Бұл соңғы оты­рысымыз болсын.
Екеуі аяңдай басып, кеш бата дүкен күзетшісінің күркесіне кір­ді.
Ақан араққа сылқия тойып ке­ліп, үйінің есігін қаққанда, түн жарымы ауып та қалған. Іштен еш хабар болмаған соң, күндіз өзі көрген сенекке кіріп, ыбыр­сы­ған қоқыр-соқырдың үстіне құл­ай кетті.
Ұйқыдан дірілдеп-қалтырап, мұздап оянды. Тоңғаны сондай, тісі-тісіне тимей сақылдайды. Үй­дегілерден қайыр жоғын біле­тін Ақан кезінде анасының жан досы болған көрші Сақып апа­ныкіне қарай тартты. Үйге екі бүк­теле әзер кіріп, «Сақып апа-а-а!» деп айқай салды. «Ойбай, не болды жазған?» деп іштен сүріне-қабына шыққан Сақып Ақанның жуған шүберектей бозарған түрін көріп, қолтығы­нан сүйегені сол еді, ол шалқалап құлай берді.
Есін ауруханада жинады. Те­рапия бөлімінде оншақты күн жатып, ем-дом алған жігітті ем­деу­ші дәрігері Өтепберген кабинетіне шақырды. Кең маң­дай­лы, бүркіт қабақ, өткір көзді ор­та жастағы дәрігер алдындағы бос орындықты нұсқады. «Жігі­тім, ішімдікті шамадан тыс қа­был­дағансың. Екі бүйрегіңнің жұмысы әлсіреген. Асқазаныңда жара бар. Өтің толған. Бауырың да сау емес. Осылардың бетін қай­таратын емімізді жасадық. Өмі­ріңді арашалап қалдық. Бі­рақ, бұл осымен құлан таза айы­ғып кеттің деген сөз емес. Ес­кертіп қояйын, енді арақ ішсең, өле­сің! Араққа сонша неге үйір бол­дың?». Дәрігердің өңменінен өте­тін өткір көздерінен жасқа­нып, Ақан қатты састы. «Біл­мей­мін, аға…». «Емделуді ары қа­рай қалалық ауруханада жал­ғастырасың. Онда бүйректің қыр-сырын жетік білетін білікті ғалым дәрігерлер бар. Бүгін үйіңе шығасың. Күніне бір рет маған келіп тексеріліп тұруды ес­тен шығарма. Бір жетіден кейін қалаға құжаттарыңмен өзі­міз жеткізіп саламыз». «Рақмет, ағай…». «Тағы бір ескертетін жайт: дерттен толық айығу дәрі­гер­лердің біліктілігіне ғана емес, өзіңе де байланысты. Өмірге деген құштарлығың, қайтсем де сауығуым керек деген құлшы­ны­сың, айығып кетуге деген сені­мің, талпынысың, болашаққа деген үмітің – осының бәрі – жақ­сы­лыққа жеткізетін күш!».
Келісім бойынша күніне бір мәр­те дәрігерге барып, тексе­рілу­ді әдетке айналдырған Ақан бүгін де ауруханаға жиналды. Өт­кенде Рәш апайы берген киім­дердің бірін киіп, тысқа бет­теді.
Дәрігері бұған мейірлене қа­рап: «Өзің сымбатты жігіт екен­сің ғой», – деді. Бұл жымиған бол­ды. «Қане, бері отыр, қан қы­сы­мың­ды өлшейін» деп, аспабын алып іске кіріскен дәрігер дереу мейір­­бикені шақырып, дәрі құю­ды тап­сырды.
Медбике жігітті ине салатын бөл­меге жетелей жөнелгенде, ол сәл кідіріп, дәрігерге: «Аға, мы­наны Рәш апайға бере са­лыңыз­шы. Өтінемін», – деп, бүктеулі қа­ғазды Өтепбергенге ұсынды. «Мұғалім Рәш пе?». «Иә». «Бере­мін, алаң болма».
Ақанның халі күрт төмендеп, бері қарауы күмән туғыза бас­та­ды. Облыс орталығынан ша­қы­рылған екі дәрігер көп кешікпей жет­ті. Үшеуі Ақанның өмірін сақ­тап қалу үшін көп арпалысты. Бірақ сақтап қала алмады. Түн жарымында Ақан қайтыс болды.
«Апай, мынаны сізге беріп жіберді» деп, бір бала ұстатып кеткен қағаздың орауын жазып, Рәш төмендегі жолдарды көзіне жас ала тұрып оқыды.
«Құрметті ұстазым, Рәш апай және Мұстафа ағай! Қолдан келген жақсылықтарыңызды ая­ма­дыңыздар. Ондай жақсы­лық­ты ет жақындарым да жаса­ған емес. Өмірге деген құлшы­ны­­сымды арттырып, бо­ла­ша­ғым­ның жарқын болуын тіледіңіздер. Сол үшін сіздерге алғысым шек­сіз. Адал ниет, жомарт жүрек­те­ріңіздің алдында басымды иемін!
Құрметті ұстазым! Менің ха­тымды барша бауырларға жет­кізіңіз­ші!

Бауырларға хат!

Бауырларым! Інілерім! Мен бір мүгедектің күнін кешкен бей­шарамын. Төрт мүшем сап-сау, бірақ, өмірім быт-шыт. Өмі­рімді бүлдірген де өзім. Оқу­шы кезімде-ақ ішімдікке әуестендім. Бұл құрғырға ерте ауыздануыма өскен ортам ықпал етті. Ойнап, тойлап, билеп, өмірді барынша қызықты өткізіп жүрдім. Оның бәрі уақытша екенін мен ақымақ білмеппін. Ішер ас, киер киім, жайлы баспана үшін адамдар өмір бойы маңдай терін төгіп еңбек ететіні ойыма келмепті. Мен, сөйтіп өз әлемімде өмір ке­шіп жатқанда достардан бөлі­ніп қалғанымды сезбеппін. Өз қатарым адам санатына қоспай­тын, үлкендер мүсіркей қарай­тын жағдайға жеттім.
«Өмір қайта келмейді, Өгіз ат­тай желмейді» деген мәтелді естіп өстік қой. Бірақ, соған мән бермеппін. Бәріне атүсті қарап­пын. Ішер астан таршылық кө­ретін кездерім көп. Сондайда қы­зық қуып, босқа өткізген есіл уа­қытымды, арақ аздырған қыр­шын өмірімді аяймын. Өзегімді өрт шалғандай өкінемін. Өкін­геннен не пайда? Өткенді қай­тара алмайсың. Арақтан тыйы­лып жүргеніме онша көп бола қойған жоқ. Мешітке барып, мол­дадан сабақ алып жүрмін. Сү­релер жаттауды бастадым. Бұл хатты өзгелерге сабақ болсын деп жазып отырмын. Бауыр­ла­рым, арақтың, есірткінің ар­бауы­на түсіп, өмірлеріңді қор етпең­дер. Адам өмірін бүлдіретін зиянды әрекеттерден аулақ жүріңдер. Қара басын алып жүре алмай, ай мен күннің аманында адасқан мына маған ұқсамаңыз­дар. Көпшілік жиіркеніп, жек көре қарайтын, жас балалар ма­зақ ететін, тұстастар көзді ба­қырайтып қойып қорлап өтетін, еш­кімге керексіз, түкке тұрғысыз азғын болудан сақ­та­ныңыздар. Дүниенің қорлығы – азғын атану».

Сәлеммен:
Ақан Әділгерейұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір