ҚЫРКҮЙЕК
14.09.2018
3402
0

Есенғали РАУШАНОВ


Сөйтіп, Демокрит қалдырған жазбаларға сенсек, Адамзат о баста кілем, алаша, өрмек тоқуды өрмекшіден үйренген көрінеді. Ал біз Демокрит ақсақалдың бұл ойын Адамзат о баста кілем, алаша, өрмек тоқуды өрмекшіден күзде, анық айтсақ, қыркүйек айында үйренген деп толықтырғымыз келеді.


Күз

Сап-сары күз соныменен келді ме,
Ағаштардан жапырақтар төгілді.
Несібесін жинап жатыр ел, міне,
Ауыл маңы бұрынғыдан көңілді.

Жылы жаққа топ-топ болып түзеді бет,
Жаз қызығын көрген біздің құстар да.
Алма ағашты күз желі бір сілкіп ед(і),
Өзі келіп дәл алдыңа түсті алма.

Суық түсер, бізден жылы озар күн,
Түнге қарай жасырынар ай бұлтқа.
Қауын-қарбыз баяғыда-ақ базардың
Сөрелерін толтырып тұр байлыққа.

Суық та емес, ыстық та емес, рахат,
Жел де оншама байқатпайды екпінін.
Жүзім, өрік, мөлдіреген қарақат
Бақша тұрмақ, базарда да жоқ бүгін.

Қолғабыс қып әке менен шешеге,
Балалар да рахатқа батады.
Ал күн шыға олар толып көшеге,
Мектептерге кетіп бара жатады.

Тұманбай Молдағалиев


Халық жұмбағында айтатын­дай «ұзын-ұзын ұзардай, ұзын ақ­қан сулардай, ағаш атқа мінгізіп, ұзартып қойған мұнардай», қиын­нан қиюластырып, үзілдіріп үз­бе­леп, тізілдіріп тізбелеп көз жауын алатын көркем өрмекті осы айда тоқиды. Өрмекшінің торы! Әсіре­се, таңертең қарасаң, бейне бір уыс жаңбыр (бір уыс бұлт емес) тұта­сып келіп жауа алмай біз біл­мей­тін әлдебір құдіреттің күшімен ағаш басына ілініп қалт тұрып қалған секілді. Күн сәулесімен құбылып жылт-жылт етеді. Бұл – таңғы шық тұнған өрмекшінің торы. Ол сізге жете алмай, сіз оған жете алмай аңтарылып тұрғаны­ңыз. Бұл аралықта ауа райының өзі мынадай әсем тізілген әлгі шықмоншақтарды төгіп-шашып алмайын дегендей үп еткен желсіз, жаңбырсыз жадырап, жайнап тұрады. Классик айтатын «сұлу­лық әлемді құтқарады» дегенге саямыз ба, әлде гидрометеорология заңдылығы ма – әйтеуір ерте күзде осындай бір естен кетпес ерекше күндер болады. Қазақ мұны мизам шуақ десе, орыс ағайындардың аузынан суы құрып «бабье лето» деп тамсанатын кезеңі – осы кезең. Барлық жақсы әндер секілді «ба­бье лето» да тез таусылады. Іле сұрғылт тұман, суық жаңбырлар дәуірі басталады да, соңы боз қырау, одан ақ қар, көк мұзға айна­лып сала береді. Ақ қар, көк мұзға асықпайықшы. «Ах, август, аял­дашы бір апта» дейді ақын қыз Шәм­шия Жұбатова. Әсте, осы сөзді қыркүйектегі тамылжыған тамаша таңдарға арнап айтса да орынды болар еді. Шынында, жақсы күндер, жайдарман түндер неге жылдам өте шығады екен.
Тағы бір рауаятта қыркүйек– жылдың ымырты деп те аталады. Сонда қалай, алдымызда түн тұр ма? Сенгің келмейді. Сенгің кел­мейтіндіктен жаңағы айтқан жарқ етіп өте шығатын жақсы шақтар туралы ойланғың келеді.
Бұл ай – сағыныш айы.
Сағыныш айы. Тыраулап тыр­на­лар қайтады. Жүрегіңді суырып алатындай мұңды дауыс. Тырна төмен ұшса қыс жылы болады, жо­ғарылап ұшып жоғалса – қақа­ған қаңтар, ашулы ақпан күтіп тұр дей беріңіз, мейлі, қыс қатты бол­са болсын-ақ, әр нәрсе өз мез­гілі­мен емес пе! Мына тырналарды қайтеміз? Кеудеге сыймай аласұр­ған жүректі қалай жұбатамыз?!
Содан ба екен, кейбір елдердің ауыз әдебиетінде кездесетін «қыр­күйек – сары түлкідей құбылады» деген теңеу де ұнамайды. Неге оны қызыл түлкі емес, сары түлкіге теңей­ді. Орман-тоғай, шөп-шал­ғын арасында әуелі қу түлкінің өзі емес құйрығы не жоны жылт-жылт көрініп қалады, бара-бара бүкіл дүние сап-сары боп құл­пы­рып сала бермек.
Украиындар бұл айды «вере­сень» деп атайды. Мұнысы «қырау түсетін ай» дегені. Біз болсақ қы­рау түседі дегеннен гөрі шық түседі дегенді қалаймыз. Қырау да, қар да әлі алда емес пе?
Жоқ, бұл қу түлкінің айы емес, жыл­дың ымырты да емес бұл кезең.
Жаз әлі өткен жоқ.
Жақсы күндер алда әлі.
Қараңызшы, өзгерген не бар, бәрі қаз-қалпында емес пе? Гүлке­кіре тура тамыздағыдай, тамыз ғана емес шілдедегідей ағы ақ, көгі көк құлпырып тұр. Солған, мұңай­ған, сарғайған, қураған жоқ. Сол қалпы. И.Бунин мен М.Пришвин сүйсіне жырлайтын көгілжім гүл де (мальва) солай. Шайшөп болса, «Кім сізге күз келді деген?» деп етек­тен төске өрлеп балмағыз ат­ып жайнап тұр. «Мен сенен қала­йын ба?» дегендей жұпар гүл мен қарабас шөп таңғы салқын, кешкі желмен таудың сәнін келтіріп еркін ырғалады. Кейбір гүлдер бұл айда екінші рет гүлдейді. Күн жай­лы келсе, алма мен өрік ағашы да қайта гүлдеп кетуі мүмкін. Әлбет­т­е, олардың жеміс беріп үлгермей­ті­нін ойласаң жүрегің ауырады. Бәлкім, «алты күн атан болғанша, бір күн бура болып зіркілде» де­мек­ші, төмен қарап бұқпан­тай­лай бергенше төніп келе жатқан күз қаһарын қаймықпай қарсы ал­айын дейтін болар.
Ағаш жапырақтарының сар­ғай­ғанын бақылаудың өзі қызық. Жер-дүниені суық демімен бір қа­рып өтетін алғашқы үсікке гүл­дер болмаса жеміс ағаштары да, жабайы өскен тал-қайың, емен-теректер де сыр бере қоймайды. Сырт келбеті гүлхеріге немесе ша­шы­ратқыға ұқсайтын сентябри­на атты екпе қоңырқай бақтарға гүл­дер жаңа реңк беріп, солғын ажа­рын ашып, шырайландыра түседі. Ағаштар да «қане, қайсы­мыз мықтымыз?» дегендей қаһар­лы суыққа қарсы тұрып, іш­тей қал­тырағанмен сырттай асқақ қал­пын бұзар емес.
Дегенмен, жайдары жаздағы­дай күміс күлкі, сыңғыр да, сыб­дыр да жоқ, үнсіз ымдасып, ақы­рын сы­быр­­ласады. «Бөрі арығын білдірмес, сырт­қа жүнін қампай­тар» деген осы.
Айдың 22-нен 23-іне қараған кезі – күн мен түннің күзгі теңелуі, яки, күздің астраномиялық тұрғы­дан басталатын күні. Тұқымдас­тары арасында күз келгенін алғаш мо­й­ын­дайтын – долана. Бірінші соның жапырағы сарғаяды. Бірақ, долана аз. Сондықтан бір қараған­да одан да бұрын үйеңкі сарғайған секілді көрінеді. Іле Алатауы, Талас, Жоң­ғар Алатауларында ай­дың аяғына таман үйеңкі біткен қып-қызыл түске еніп көздің жауын алады.

Тізбе, тізбе, тізбе тау, тізбек орман,
Тізбек орман еді ғой – біздегі арман.
Күрең қызыл үйеңкі аралына
Күрең қыздың ауылы күзде қонған.

Алтын теңге төккендей жолға кілең,
Тізбе, тізбе жапырақ – ол да күрең.
«Қарама!» деп, күледі, көзім басып
Күрең сұлу ып-ыстық қолдарымен.

Күрең тауды қиялап таң атады,
Көр, көр деймін, өзіме қара тағы,
Қарай бер сен жапқанша жанарымды,
Қара күздің сұп-суық алақаны.
Іле-шала алмұрт ағаштары сары алтын сырғаларын сыбдыр­ла­та бастайды. Отыз күн, кейде қырық күн бойы беріспей, ақтық демі қалғанша айқасатын үш ба­тыр – емен, қайың, шетен. Бұл кезде мойыл мен көктерек жапы­рақтарынан түгел айырылып, қырқымнан шыққан тоқтыдай жалаңаштанып қалады.
Бірақ күз әлі кемеліне келген жоқ, қорғансыз да нәзік жасыл жа­пырақтарды сарғайтумен шектеліп тұр. Тұрсын солай. Әдеп­кі текетірестен өзі де болдырып қалған сыңайлы, аптықпайды, асықпайды, ұйытқи соғып, бере­ке­тіңді алатын оғаш, одағай мінезі басылған. Біз айтып отырған, мизам шуақ осы.
Біз табиғаттан өзімізге керегін, өзімізге дүниетанымы сәйкес құ­былыстарды іздейміз һәм табамыз да. Табиғатпен үйлесе, үндесе алмаған кез – ажалдың тақап қал­ған кезі болар, әсте. Беті аулақ.
Қожақаттың мөлдір қара жемі­сін бүгін теріп кетсең, ертең тағы сонша жемісі пісіп жетіледі. Бөрі­қарақат бұтақтары тығыз салған дән жемістерін көтере алмай майы­сып тұр. Мына берекелі, ме­ре­келі күзге шашуы болар, алып еменнің дәнегінен аяқ алып жүр­гісіз. Тиын сол дәнекті ағаш қуы­сындағы ініне тасып әлек.
«Алматының алмалары-ай!» дегізе­тін кез ғой бұл. Әттең, баяғы бала кезіміздегі апорт жоқ. Алматының тауларын бұл айда апорттың елесі кезіп жүреді.
Тырна мен сарғалдақ, көкек пен қарлығаш көрінбейді. Бөдене­нің быты-быты естілмегелі қашан. Қайтеміз, қайтқан құстардың жолы болсын! Есесін, «таудан тү­сіп келе жатыр салқын күз» (Аман­хан Әлім) деп ақын айтпақшы, алты ай жаз биікте жүрген сары­бауыр шымшықтар төменге түсіп, «қырдағы, ойдағы елмен аралас­қан­дай» жыра-жыра, сай-сала азан-қазан, у да шу. Жылы жаққа қайтарда біздің далада аз күн аял­дап өтетін құстар қаншама?!
Қараторғай мен жаурауық, таңшымшық пен бүрген торғай­дың жаздағыдай сайран салғанын қалар едік, бірақ бір сұмдықты сезгендей бәрі де үнсіз, ән салса даусын шарықтатпай бәсең сала­ды, шуылдамайды, қанат­тарын қатты қақпай төмен ұшады. Қарғаның өзі қарқылдамайды. Сақ сауысқан бәрін сырттан бақы­лап тал басында жеке отыр. Не ойлайды ол? Нені біліп отыр? Не болды сендерге, құстар?
Баяғыда, ауылда, ат суытамыз деп таңды таңға ұрып ұйықтамай бәйгеге жүйрікті де, баланы да дайындамаушы ма еді? Ондайда, тіпті, аламан жарыстың ширегін, кейін жарты жолын, келе-келе бүтін­дей шауып өтіп, қосар атты қаншырдай қатырып әбден баптаушы еді ғой. Құстар да солай. Ұзақты күн ұзақ қарғалар мен қарлығаштар, қара сайрақтар мен қаздар, тырналар топ-топ боп топтасып көк төсін тілгілеп, әрі-бері ұшады. Тас түйін боп шырқау көкке тік көтеріліп, өзін-өзі жерге допша лақтырады, енді бір сәт қайқаң етіп қайта көтеріліп жа­зыла ұшады, жалт етіп оңға бұры­лып, солға бұрылып түрлі-түрлі қимылдар жасайды. Ғалымдардың болжамы бойынша мұның бәрі бекерден бекер болмайды. Бұл кезде құстар әбден семіреді. Бұл да «Жортар аттың тоғы игі» демекші, Құдайдың құдіретімен біз ессіз санайтын қанатты ағайындары­мыздың ұзақ жолдың алдында күш жинауы, қазақша айтсақ «жал-жаясын жауып қоңдануы» болса керек.
Сөйтіп, бізден ұшып құстар­дың көбі Африка, Үндістан, Еу­ро­па елдеріне кетіп жатса, енді бір тобы солтүстіктен біздің далаға қыстауға келіп жатады. Олардың арасында – қызыл төс суық тор­ғай, кекілді самырқұстар (ертерек­те Алматыдағы Таулы Қыраттың әр бөктерінде топ-тобымен қыс­тап жүретін), бір бойында жеті түсті қауырсыны бар әсем шым­шық, қызылқунақ, шекілдек құстар бар. Біздің даламыз бен біздің қаламыз ашыққандар мен торыққандарға пана болатынын ойласаң тұла бойыңды қуаныш кернейді.
Бұл кезде құстар түлейді. Түлек кезі олар үшін қауіпті кез. Үйректің кежегі қызылды-жасылды «то­нын» тастаса, қоңырқай «жада­ғай» жамылады. Жаңа қауырсын­дар ұзын, салалы және өте қалың боп өседі. Табиғат қандай шебер десеңізші, әр нәрсе өз уақтысымен, өз кезегімен! Осының бәрін басқа­рып, үйлестіріп тұрған бір құдірет барына қалай сенбейсіз?
Ертең ұшып кетеді олар. Содан келесі көктемге дейін жоқ. Алаң көңіл күндер басталмақ. Туу жазға дейін.
Үш мың, бес, он мың ша­қы­рым­дық жолдар күтіп тұр оларды.
«Тұлпар тұрып ұйықтайды» деуші едік қой, сол сияқты құстар ұшып бара жатып ұйықтайды. Мысалы, дегелектер тәулігіне бар-болғаны 10-15 минут қана көз шырымын алады екен. Ұшып бара жатып ұйықтағанда бағытынан ауытқып басқа жаққа лағып кет­пеуі үшін «ұйқышыл» дегелек әуе­лі қалың лектің орта тұсына кіріп алады екен, сәл бұрылып ба­ра жатса, өзге құстар қанатымен қа­ғып дұрыс жолға салып оты­ратын көрінеді. Ұйқысы қанып, сергіп оянған дегелек содан соң серіктерін демалдырып өзі топ бастап жөнеледі. Сөйтіп, алма-ке­зек демалып, ерте күнді кеш қыл­май межелі жерге жеткенше тын­бай ұшады екен. Мұндай мық­­­­ты­­лық адамның қолынан кел­­мейді. Әсте, біз өзіміздің әбден толысқан, толған, шығыста айта­тындай (Инсони Камил) кемел­ден­ген тіршілік иесі болуы­мыз үшін әлі талай жолдардан өтуіміз ке­ре­гін естен шығармауы­мыз керек шығар.
Қарқылдақ шағала болса туу ит арқасы қиянға – Арктикаға барып ұя басады. Қыстауға Антарктидаға ұшады. Сонда ол ұшып өтетін жолдың жалпы ұзындығы – он мың шақырымнан асады екен.
Қыркүйек құстардың өздеріне тән ерекшеліктері айқындалатын ай. «Ат жүйрігі білінбес бәйгеге түсіп жарыспай» демекші, кешеге дейін ең жылдам ұшатын құс деп сұңқар мен бүркітті, жоғарыда айтқан қарқылдақ шағаланы атап келдік. Қыркүйек айы – фенолог­тардың бұл қателігіне түзету ен­гізе­­тін ай ретінде бағалы. Ғы­лыми дәлелденгендей, ең жылдам ұша­тын құс – кәдімгі сіз бен біз бала кезімізден көріп өскен ақ тамақ қарлығаштар екен. Және бұл жаңалыққа Қазақстанда Шақпақ құс сақиналайтын бекеті деректері бойынша тағы бір рет дәлелденген.
Бой тоңазытар таңғы салқын­мен орманға келсеңіз, емен, қара­ғай­лардың түбіне үңіліп, сай-сала­ны кезіп жүрген саңырауқұлақ терушілерді көресіз. Арасында қазақ ілуде біреу. Біздің ел қызық­паған кәсіп. Бекер-ақ, әсте, кәсіп­тің үлкен-кішісі жоқ, пайдалы әре­кетімен қай-қайсысы да тәуір ем­ес пе? Міне, сол шөпші ағайын­дар­дан жазып алған кейбір мәлі­меттеріміз:
– Жөкенің тұқымын қыркүйек – қазан айларында;
– Еменнің дәнін қыркүйек – қараша айларында;
– Қайың тұқымын шілде – тамыз айларында;
– Көктал мен теректің тұқы­мын жаздың басында, алғашқы бүрін жарып, гүлін ашқан соң 35 күннен кейін жинайды. Бұл ша­ма­да, сәуірдің аяғы, мамырдың бас­тапқы аптасына тұспа-тұс келеді.
– Мойылдың дәнін – тамызда;
– Қарағайдың дәнегін – қараша мен наурызда;
– Үйеңкі дәнегін қыркүйек – қарашада жинайды.
Көшеттен өнім аламын дейтін­дер емен мен қылқан жапырақты ағаш­тардан өзге ағаш дәнін күзде еккенді дұрыс көреді екен.
Сондай-ақ, қазір қан-қызыл долананың, жатаған арша мен итмұрынның дәні, андыз, бақ-бақ, аюбалдырған, шүйгіншөптің та­мырын қазатын кез.
Өзге жан-жануарлар да бұл айда қоныс жаңартып, қысқа дайын­дыққа кіріседі. Бұлан бауы­рынан жарап, кең тоғайды шиыр­лайды. Бұл кезде оның жолына кесе көлденең тұру қауіпті. Түлкі түлеп, құндыз біткен құнайы үшін су бөгеп «үй сала» бастайды. Ұр­пақ қамын ойлаған осы бір кіш­кентай аң атан бойлы ақ қайыңды кішкентай тісімен қырқып, қиып баудай түсіреді дегенге сену қиын. Құндыз «құрылысшы» туралы әңгіме – басқа әңгіме.
Ат жаратып, бие ағытатын күн де алыс емес.
Тобылғы күнгейде, ырғай теріс­­кейде – қойшы-қолаң, жылқышы, түйекеш, диқан мен сушы – әркім өз харекетінде.
Жылан ініне кірсе жылы күн­дер аяқталды дейді екен бұрын­ғылар.
Қыркүйек айы туралы елдің төмендегідей ырым-жорамалдары, аңдатпалары мен аңғарған жәйіт­тері бар:
Еменнің дәні мол боп, тарыдай шашылып жатса (биыл дәл осылай боп тұр) қар қалың, қыс қатты болады дейді.
Қыркүйектің басында өрмекші торын жиі құрса да – қыс аязды келеді дейді.
Қайың жапырақтары ұшар басынан бастап сарғайса – көктем ерте шығатын көрінеді.
Бұл айда күн күркіресе – күз жы­лы болғанмен, қыста қар көп түседі дейді.
Қыркүйек әрі жылы, әрі жаң­бырсыз, желсіз боп келсе – қыс кеш түседі.
Жаңбырлы кеште үкі шақырса – күн жәйлі болатынының белгісі.
Күздің келгенін – итмұрынның піскеніне қарап білерсіз.
Қара мал қалай қарап жатады – ертеңіне жел сол жақтан тұрмақ.
Құмырсқа илеуінің төбесі шо­шақ боп бітсе – қатты қыс келе жатыр дей беріңіз.
Тауық ерте түлесе – қыс кері­сінше жылы болады.
Тоғыстың бірі – «Киік матау» – қыркүйектің соңы. Киіктің те­кесі желге қарап желсе – күн әлі жылы, ыққа қараса суытады.
Көрдіңіз ғой, біз мақтап, мара­пат­тап отырған айда қар да, аяз да, жаңбыр да, жел де болады екен. Жел, жаңбыр демекші, бұл айдың екінші аты – Көктем айы. Қалай­ша? Өзіңіз білесіз, экватордың көл­де­нең сызығы Жерді Оңтүстік және Солтүстік жарты шар деп екіге бөліп тұр емес пе, сол Оңтүс­тік жар­ты шар елдерінде бұл кезде көктем басталады. Ол біздің наурыз айына сайма-сай келеді. Сөйтіп сіз осы тұста алда-жалда Африкаға немесе Жаңа Зеландия мен Австралияға не Оңтүстік Америкаға бара қалсаңыз осыдан алты-жеті ай бұрын өтіп кеткен Көктеммен қайта қауышасыз.
Қыркүйек, расында да біз айт­қандай бейқам, мамыражай, жы­лы, жұпар, жұмсақ, берекелі, ме­ре­келі мезгіл ме? Анығында «сұр­­ғылт тұман дым бүркіп» (Абай) келетін салыңқы иін сал­қын күз емес пе? Диқан егінін ерте түскен суыққа үсітіп алып, малшы күзеуге күйзеліп түсіп, бағбан жемісін қар астында қалдырып, жолаушы жолдан қалып, көктай­ғақ тарпаң мен тағыны тұсап-ші­дер­леп аңшы мылтығының қа­рауы­лына іліндіретін кәдімгі күз ғой дейсіз бе?
Мүмкін, бірақ сіз ғафу етіңіз, біз­дің қыркүйегіміз осындай мез­гіл. Сізге, не ұнамай ма? Ұнаса мен сіздің досыңызбын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір