АСТАНАДАҒЫ ҚҰС БАЗАРЫ
07.09.2018
942
0

Ақбар Рысқұловқа

Ақбар-ау, өмір деген – құс базары,
Көп болған Алатауда ұшпағалы.
Адасқан мен де ақсұңқар, бүгін неге
Ұстап тұр құс ауруым ұстамалы?

Екеуіміз екі жұртта секілді едік?
Дүние кетіп барад не түрге еніп:
Оуянг Юдың да ақ өлеңі
Қазақтың қара өлеңі секілденіп…

Болдино күзі келді, өлке – сыздай,
Арқаның самалынан желке мұздай;
Есенинге есі кетіп Исрайыл жүр, –
(Ең алғаш еркек көрген ерке қыздай!).

Ұлықбек туған жерден Абай туған,
Жай тумай не бір құсты жанай туған.
Білетін құстың тілін Есенғали
Апырым-ай, адам болып қалай туған?!

Адасқан Алатаудың құсы болып,
Мен жүрмін… неге жүрмін кісі болып?
Сол сері ағылшынша сайрағанда,
Түнімен қырғыз тілі түсіме еніп…

Ақбар-ау, өмір деген – құс базары,
Көп болған Алатауда ұшпағалы.
Адасқан мен де ақсұңқар, бүгін неге
Ұстап тұр құс ауруым ұстамалы?

Серік АҚСҰҢҚАР
01.09.2018 ж.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір