Элиталық қоқыс
07.09.2018
954
0

Әкім ТАРАЗИ


Бұл эссенің атын осылай ар­а­ластырып атамасам, басқа амал тап­падым. Мұның себебін шы­ғарманы соңына дейін оқып шыққан оқырман түсінеді-ау деген үмітім бар.
1991 жылдың күзінде Мәтеков құлады. Оңбай құлады. Бұны ешкім құлатқан жоқ. Өзі де құла­ған жоқ. Бірақ әлдебір күш, әлде­бір құдірет омақастырып кетті. Дұш­па­ным көп емес деп ойлай­тын, достарының болмағанын өзі де қалайтын. Ешкім оның құла­ға­нына қиналған жоқ. Тіпті, ешкім оның көштен қалып қойғанын байқамаған сияқты еді. Қара Ертіс облысының атқару комитетінде бірінші орынбасар. Өзі іштей өзін-өзі кекетіп «зам» дейтін. Кейде бір үміт те жылт ете қалатын, «бүгін зам болғанмен, ертең сам болып қал­уым ғажап емес қой» дейтін.
Қызы онжылдықты бі­тіре салып, әлдебір жалаңаяқтың етегіне жармасып қашып кеткен еді. «Астроном әйелі» бұрынғыдан бетер үй шаруашылығын мүлде жатырқап, мектептен келе салы­сы­мен балконға шығып телеско­пы­на үңіліп, көк-жасыл аспанды қызықтап кететін болған. Ой сор­лы-ай, деп ойлайтын бұл, көк ас­пан­ды сен шарлай бер, мен мынау өмірден өзіме тиесілі қызықты іздеп табайын, сенің жолың – қиял, менің жолым – қиян, биікке тал­пыну­­дың, биікке көтерілудің ләз­затын сен қайдан білесің, білмей­сің ғой, «астроном». Ләззат жо­лы, қызық жолы менде.
Сол 91-жылдың күзінде об­лыс­тық атқару комитеті төраға­сы­ның астындағы тақ тулап шыға келді. Асау айғырдай мөңкіп, үстін­дегі жармасып отырған Алек­сандр Петровичті тастап кете жаз­дады.
Александр Петровичті бұл іш­тей жек көретін, бірақ кабинетіне кіргенде орнынан тұрып, жай ғана тұрып емес, апыл-ғұпыл қарғып тұрып, басын сәл иіп қарсы ала­тын. Сол Алпетр, бұл – оның іштей қойған аты, Алпетр 19 тамыз күнгі Мәскеудегі төңкерісшілердің бірінің адамы еді. Қазақстандағы 19 облыстың біреуін қырағы қадағалап отырған, қит етсе Кре­мльге жеткізіп отырған өкі­летті өкілі еді бұл. Горбиді жиналыс үстінде кекете-мұқата сөйлейтін батылдығын, батырлығын сезді­ріп, Горби туралы сықақ әңгіме­лерді айтып отыратын. Таңертеңгі соңғы хабармен жеткен «Горби құлады» дегенді естігенде ол қуа­ны­­шын жасыра алмады. Оның көзін­ше Мәскеуге тіл шалып, ке­йін «ГКЧП» деген атқа ие болған бір топ саясаткерлердің біріне тіл шалып, құттықтап жіберген еді. Дәл сол сәтте Александр Петрұлы үлкен қателік жібергенін сезген жоқ. Бұны ол менсінбейтін, жина­лыс үстінде де, оңаша отыр­ғанда да бірінші орынбасарым деп кекетіңкіреп сөйлейтін еді, «Әй, біріншім, мен кетсем, сен бірінші боласың» деп қалжыңдайтын. Оның қалжыңы бұның жүрегін тіліп өтетін. Бірақ, амал жоқ, «кім жеңерін әлі көрерміз» деп іштей жабығып, тұншығып жүретін.
Сол күні Мәскеудің де, Алма­ты­ның да теледидары Чайков­с­кийдің көлде жүзген аққу­ла­рындай сұңқылдады да тұрды. Бас­тық біткен түгелдей кеңсе­лері­нен шық­пай, ешкімді қабыл­дамай, теледидарға қарай телмірді де отырды. Со заңды оқыс бұзған Александр Петрович еді. Ол бұны шақырып алып, сәл ғана жымың­дай түсіп.
– Мәтеков, мен саған қатты сенемін ғой, өзің білесің, – деді.
Бұл: «Сенің сенемін дегенің се­зік­тенемін дегенің ғой, ал, жа­рай­ды, айта бер», – деді іштей. Александр Петрович сөзін жалғай түсті, екі бетінің ұшы қызарып, көзі ұшқын­данып тұр екен. Мынау «жарықтық бір стаканды қағып салғаны-ау» деп ойлады. Анау ешкімнен тайсал­мастан әңгімені бастап жіберді.
– Горбачтың аяғы аспаннан келеді енді. Мен Ертісті қолға ала­мын. Қара Ертіс екеуміздің ашсақ алақанымызда, жұмсақ жұдыры­ғы­мызда болады. Сені атқару ко­мите­тінің төрағасы қылайын ба, әлде обкомға екінші хатшы бола­сың ба? – деді.
Мәтеков қатты сасып қалды. Не айтарын білмей, біраз отырып қалды. «Облыстық партия коми­теті, әрине, беделді, екінші болсам да, сол дұрыс қой, ертең бұның өзі де бір жерде шоңқиып қалар, сон­да мен бірінші болмағанда, кім болады», – деді. Солай деп түйді де, бұл да ашығына көшті.
− Александр Петрович, – деді бұл нығарлай сөйлеп, іштей қатты жасқанып бұғып отырса да, сасқа­нын білдірмей батылдана сөйледі. – Сіз қайда жүрсеңіз, мен сонда боламын ғой. Сізден басқа маған дос та жоқ, өзіңіз білесіз. Менің тағ­­дырымды өзіңіз айтыңыз, – деді.
Александр Петрович қарқыл­дап қатты күлді. Аузын қатты ашқанда көрінетін екі алтын тісі бар еді. Солар анық жылтырап көрінді, бірақ, алтын тістердің ішкі жағы көгерген екен. «Халтур­ный тіс екен ғой» деп ойлады бұл. Ой­лап үлгерді бұл, анау аузын қайтадан жаба түсіп:
− Мынау жауабың маған ұна­ды, – деді, – атқару комитеті де­ген не ол, қолбала ғой. Сен ма­ған екін­ші боласың, – деді. – Мен әл­гінде біріншіге кіріп, айтатын сөзім­ді айтып тастадым. Кешке қа­рай хабар болады. Москвадан хабар болады, есіңде болсын. Енді екеуміздің күніміз туады, – деді.
Мәтеков қанша сақ болғанмен, бұл жолы бір осалдық танытып қалды.
– Мен сізбен біргемін, Алек­сандр Петрович, – деді.
Александр Петрович мәз болып, шалқая күлді:
– Сәл, шыда, кешке қарай бәрі дұрыс болады, – деді.
Айдын көлдің төсінде кешке дейін сұңқылдаған аққулар күн ең­кейе бірден тыйылып қалды. Кеш­ке қарай Москваның телеви­дениесі, радиосы бірден сарнап қоя берді. Сарнағанда жай ғана емес, тосын жағдайға байланысты құрылған мемлекеттік комиссия­ның мүшелері экран алдында кө­рін­ді. Солардың арасынан Алек­сан­др Петровичтің пір тұтып, сыйы­нып, ылғи хабарласып жүре­тін бастығын көргенде, Мәтеков­тің бүкіл тұла бойына жып-жылы сезім ұялады. Алланың атын, Құ­дай­дың атын атағанда, бөрі көрген асау аттай ерін беліне алып мөңки қашатын Мәтеков бұл жо­лы «Я, Құдай!» деп қалды. Аузынан қалай шығып кеткенін байқамай қалды.
Мәтеков өз кабинетінде отыр­ған. Әлгі кісіні көріп, таныған кез­­­де «Я, Құдай!» деп орнынан қар­ғып тұрып, тұра жүгірмек бол­ды. Александр Петровичті барып құттықтамақ еді. Бірақ тез саба­сы­на түсті, орнына қайтадан отырды. «Әліптің артын бақ» деді, ылғи да бұның көк желкесінен естілетін қарлығыңқы дауыс. Бұл дауыс өзі­нің даусы екенін Мәтеков білетін.
Билікті қолға алған топ Гор­бачев­тің денсаулығының өте на­шар екенін, әне-міне дүниеден өтіп кетуі мүмкін екенін айтып жет­кізген кезде, телевидениенің операторы отырған қайрат­керлер­дің үлкен-үлкен бейнесін ірі-ірі қылып көрсете бастады. Министр­лер кеңесінің төрағасы, Қарулы күштер министрі, Ішкі істер ми­нист­рі, Құпия мекеме мемлекет қауіп­сіздігін бақылайтын ми­нис­т­р­­ліктің тұтқаұстарын көрсетті. Со­дан кейін барып Александр Пет­ровичтің пір тұтатын, ылғи ха­барласып жүретін негізгі тұт­қа­сының ірі, үлкен портретін көр­сетті. Мәтеков тағы да «А, Құдай!» деп қалды.
Сол кезде залда қаптап отыр­ған журналистер арасынан бір тал­шыбықтай қыз жіп-жіңішке үнімен:
– О-о, тағдырым-ау, мынау отырған сендер мемлекетті сатып отырғандарыңды білесіңдер ме? – деді.
Қыздың нәзік даусы қаһарлы естілді. Содан кейін әлгі телеопе­ра­тор кеше ғана Горбачевтің орын­­басары болған вице-прези­денттің бет-бейнесін жақындатып анық көрсетті. Сол сәтте Мәтеков әлгі жаңа болған бастықтың, әлгі бастығын сатып орнына келген пақырдың саусақтары дір-дір етіп, алдындағы үстелді барабандатып кеткенін байқады. Мәтековтің жүрегі зу ете қалды. «Мен бекер қуандым-ау» деп ойлайды. «А, Құ­дай, сақтай гөр мені, Құдай, сақ­тай гөр мені! Мынаған сенуге бол­­май­тын адам ғой. Қолы қал­тырайды. Ұзаққа бармас-ау мынау, екі ор­тада мен арандап қалдым ғой. Қай­дағы бір Александр Пет­ро­вич­те нем бар еді», – деп орны­нан бір тұрып, қайтадан орын­дыққа отыра кетті Мәтеков.
Енді мұқият барлай қарап еді, төңкеріске қатысқандардың бә­рінің де жүзінен абдырау, үрей, қорқыныш, сенімсіздік байқалды. Қорғаныс министрі өте ірі денелі, батыр тұлғалы кісі еді. Оның да кейпі кішірейіп қалғандай, бұғып, бүрісіп отырғандай көрінді. Қауіпсіздік комитетінің төрағасы шілтиген, шегірткедей жарықтық еді. Осындай бір шегірткелер болады, көзі айна сияқты үлкен, бастары кішкентай, денесі де қушиған. Сол тіпті орнынан қоз­ғалмай, «маған журналистер сұрақ қоймаса» дегендей. Екі аяғын жабысқақ балшыққа малып алып, ұша алмай отырған шегірткенің кейпі. Дәл ортада отырған Ми­нис­тр­лер кеңесінің төрағасы таң ат­пай бас жазып алып, оның өзі ша­лалау болып қалып, әлі де есең­гіреп отырған маскүнемнің кейпі. Мәтеков ойлады, «Ішкіш деуші еді, бұл жарықтықты. Сол түнімен бөсіп, енді есін жия алмай отырған болар. Мыналардың тобына қалай кіріп кеттім деп отырған сияқты» деп ойлады. «Әттең, әттең-ай…», – деді Мәтеков. «Александр Пе­т­рович деген мынау қырттың жылы сөзіне еріп қалып, рахмет, мен сіз қайда болсаңыз, сонда боламын» деп қалғаным бекер болды, бе­кер…». Орнынан қарғып тұрды. Кабинетінен қашқысы келді. Өйтуге болмайды, әрине, әліптің артын бағу керек. «Қара Ертіс облысын басқарып отырған майжелке – ұлтшыл, оңайлықпен берілетін адам емес ол. Олар жеңсе, мынау Петровичім қыса­тын жерін қысады, әрине. Сонда мен қайда қаламын».
Мәтеков орнынан қарғып тұр­ды. «Майжелкеге барып Пет­ро­вич­тің арам пиғылын жеткізсем жеткізейін, тездетейін» деп ойла­ды. «Мен әдетте қырағы адам едім ғой». Майжелке мұның сондай кез­дерін ұнататын. Алдымен қыржиып, бұның айтқан сөздерін шала тыңдап отыратын да, кейде әлдекімдерді, оның анық жек көретін адамдарын жамандаған кезде көзінен от білініп, «сен, Мәтеков, маған жиі-жиі келіп тұр» дейтіні болатын. Қазір де ол екін­ші қабатқа түсе қойғысы келді.
Майжелке Горбиді ұнатпай­тын, сөз арасында «пацан» деп ашық­тан-ашық кекетіп отыратын. Мәтеков соны пайдаланғысы келді. Екінші қабатқа түсіп, бірін­ші­нің кабинетіне бас сұқты. Ал­дында отыратын әйел жоқ екен. Қарсы кабинетте отыратын кө­мек­ші де жоқ екен. Не болса, о бол­сын деп, тәуекел деп Мәтеков біріншінің есігін ақырын ғана сығалай ашты. Майжелке орнында отыр екен. Әлдекімдермен сөйле­сіп жатқан сыңай бар. Бұны көріп, телефонды тез орнына қойды. Жақтырмай, бұқа мойнын бұған әрең бұрды.
– Не саған? деді майжелке.
– Сізге айтатын бір шұғыл хабарым бар, – деді Мәтеков.
– Шұғыл, шұғыл, – деп кекете мырс етті майжелке. – Бүгін бәрің шұғыл боп кеттіңдер ғой. Москва да шұғыл, сен де шұғыл. Жә, не айтайын деп едің. – Тез, – деді.
Мәтеков бұрын есік жақта сіресіп тұрған қалпын сәл бұзып, жақындай түсті, оншақты қадам алға озып, майжелкеге енді батыл­дана тік қарап:
– Мен қуаныштымын,– деді Мәтеков, – Горбиден қашан құ­тыламыз деп жүруші ем. Өзі біздің партияның ісін баланың ойыншы­ғына айналдырып жіберді ғой, оған сол керек, өлмесе… – деп барып сөзінің аяғын жұтып қойды. Майжелкенің көзінен жылт еткен отты байқады.
– Мына кісілер былай шығып айтқаннан кейін оның халі нашар болғаны ғой, өлгені ғой, – деді майжелке. – Бәрі орнына келеді деп ойлаймын. Бірақ мынау отыр­ған он бірдің ішінде біздің елді тікелей басқарып кететін ешқай­сын көріп тұрған жоқпын, шы­ным­ды айтайын, – деді. – Мынау президенттің міндетін атқарушы да онша… онша… – деп барып лебі­зін жұтып қойды майжелке.
Мәтеков оның ойын қағып алды.
– Рас айтасыз. Бірақ, бұлар әлі де болса ақылдасып, орталарынан бір мықтысын шығарар. Меніңше, осы құпия комитеттің төрағасы… – деп сөзінің аяғын құрдымға жіберді. Майжелкенің көзі бақы­райған шегірткемен тікелей байла­нысып жүретінін бұл білетін. Мә­те­ковтің мынау пікірі майжел­кеге ұнады. Сәл күліп, денесін ауыр бұрып:
– Неғып қалшиып тұрсың, отыр, отыр, – деді.
Мәтеков креслоға абайлап ба­сып келіп, қорқа-қорқа демін бас­ты. Майжелкенің мінезі шұғыл, кейде сөзіңді бөліп, қуып шыға­тыны бар және де орысша қатты-қатты боқтап жіберетін де кездері болатын.
Креслоға жаңа жайғаса берген Мәте­ков­тің мұрны Сібір арағы­ның ащы иісін бірден сезді. «Ой, жарықтығым-ай, таң атпай бөсіп кіжілдей сөйлейтінің бар. Түсінікті болды сенің де жағдайың», – деді. Бұл кезде Кремльден беріліп жат­қан хабар аяқталып, қайтадан айдын көлде жүзіп жүрген аққулар сұңқылдай бастаған еді. Майжелке Мәтековке сеніммен қарап: «Қазір күте тұр, бес-он минуттан кейін әлгі хабарды қайтадан береді. Бұл жолы екеуміз асықпай отырып көрейік», – деді.
– Павловтың ұсқынын көрдің бе? – деді майжелке оқыс еңкейе беріп. – Сенің Петровичіңнің шефі. Екеуі бірін-бірі іздеп тап­қан, ә-ә, – деді.
– Қуды қу табады, сайды су табады, – деді Мәтеков. Бұл қазақ­тың мақалын Майжелке өзіне ұран қып алған еді. Кейде бір жи­на­лыс өткізіп отырып, біреумен біреудің байланысы бар екені сезіліп қалса, осы мақалды айтып өзі селкілдей күлетін еді. Бұл жолы да майжелке бар денесімен қатты селкілдей күлді, риза болып күлді. Екі бетінің ұшы қызара түсіп, көзінің айналасы да қызара түсіп, риза болып, мәз болып отырды.
– Рас айтасың, Мәтеков, – де­ді, – рас айтасың. Қуды қу табады, сайды су табады.
Қанша жыл Қара Ертіс облы­сын билеп-төстеп отырса да, май­желке қазақ тілін менсіне қойма­ған еді. Осы бір мақалды ғана білетін және де кейде не істерін білмей тосылып қалғанда, «солай, солай…» дейтін. Осы бір сөзбен және бір мақалмен өзін қазақ тілін өте жақсы меңгерген адамдардың қатарына қосатын. Ыза болғанда да айтатыны бар, «солай, солай, карагим…» деп қоятын. «Карагим» дегені – партиядан шықтың, қыз­мет­тен қуылдың, кетесің деуі еді.
– Қайта құру, қайта құру де­ге­німіздің өзі қайта құрып бітумен аяқталды ғой, – деді майжелке. –Қайта құру, қайта құру деп жүріп қай­дағы бір адамдарды билікке алып келдік. Петровичіңнің мына арқасүйері Павловтың отырысын көрдің ғой жаңа. Бөртіп, таң атпай ішіп алған. Қайда отырғанын ол біліп отырған жоқ. Мәңгіріп отыр. Ол Госпланда отдел бастығы бо­лып жүргенде күні кеше, сенің Пет­ровичіңді ертіп барып, мен оны кеңсесіне кірмей-ақ ресто­ранға шақырып алатын едім. Рес­то­ранға шақырып алып, ішкі­зіп-ішкізіп, Қара Ертіс облысына керек қаражатқа сол арада қол қой­дырып алатын едім. Енді, міне, Министр­лер кеңесінің төрағасы болып шәниіп отыр. Чебрик әлі бұлардың бәрін тақырға отырғы­зады. Павлов бірінші ұшып кететін шығар. Чебрикпен ойнауға бол­майды. Ол барып тұрған қу ғой, зымиян.
Мәтеков таң қалды. Өзінің до­сы­мын деп арқа сүйеп жүрген Чебриковты майжелкенің қатты сынап отырғанына, оны қу деп айтып отырғанына таң қалды. Бірақ «облысты көптеген жылдан бері билеп келе жатқан адам өзінің орнын, өзінің не істеп, не қойға­нын кейде байқамай қалады ғой» деп іштей түйіп қойды. «О да бір Құдай. Құдайлар көбейсе, өзара қақтығыс басталады, Құдайлар көбейіп, өзара қақтығысып жатса, билік құлдың қолына тиеді» деп ойлады Мәтеков. «Әйтпесе, Горби сияқты апыл-ғұпыл басып жүрген, кеше ғана көшеде жүрген жала­ң­аяқ­қа осындай ұлы мемлекеттің билігі тиер ме еді? Кремльде оты­рып алған шалдар бір-бірімен мүйіз қағысып, мүйіздері сырқы­рап тоқтаған кезде араларындағы бір баланы апарып таққа отырғыза салды ғой».
Бұның сол ойын аңғарып қал­ғандай майжелке:
– Баланың ісі шала, – деп қа­зақ­тың бір мәтелін тағы қосты. Қосты да, ырқылдап бар денесімен күлді. Бұған тесіле қарап, «сен, байқадың ба, мен қазақшамды кө­бейттім ғой, мен қазақ тілінің жартысын біліп қалдым ғой» деген сияқты Мәтековке мақтанышпен «менің осы жақсылығымды қазақ түсіне ме?» дегендей қарап отыр­ды. Майжелкенің мұндайда жел­ке­сіне май жағып қою керек, Мәтеков оны жақсы біледі.
– О-о, Алексеевич, қазақ тілін әб­ден меңгеріп алыпсыз ғой. Су­дай сапыратын болыпсыз ғой, – деп орнынан сәл көтеріле беріп қайта отырды.
Осы кішкентай ғана мақтаудың өзі майжелкеге жағып қалғанын сезді. Дәл осы арада майжелкеге арам пиғылын жеткізсем деп енді оқтала бергенде айдын көлде жүзіп жүрген аққулардың сұңқылы кенет басылып, көзілдірік киген диктор қайтадан шықты. «Мем­ле­кет­тік комитет мүшелері­нің жур­налис­терге берген сұхбатын қай­та­лай­мыз», – деді. Сонымен Май­­­желке мен Мәтеков қайтадан үн­сіз отырып Москваның хаба­рын тыңдады.
Талшыбықтай иілген, үні де жіп-жіңішке қыз баланың ор­ны­нан қарғып тұрып:
– О, тағдыр, о, Жаратушы, мы­налар өздерінің мемлекетіне қар­сы арам пиғылын жасырмай ай­тып отырғанына қалай таң қал­май­мыз! Мынау мемлекеттік төң­керіс қой, – деген сөзін есті­генде майжелкенің желкесі мүлде қыр­жиып кетті. Бұған оқыс бұрылып:
− Мәтеков, есіңде болсын. Осын­дай жексұрындар біздің Қара Ертіс бойында да бар. Мынау оқи­ға жақсы шешіліп, ертең билікті сенімді адамның қолына берген кезде сен осындайларды бақылай­тын боласың. Мұндайларды қыл­тиып басы көтерілген кезде К-700-бен таптап тастамасаң, қо­ғамға әрқашан қауіп төне береді. Мәтеков, түсіндің бе сен? – деді.
Мәтековтің іші жылып сала берді. Әдетте облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Қауіпсіздік комитетін, Ішкі істер басқармасы, сот, прокуратураның тізгінін ұстап отыратын. «Демек, мынау Алексей маған екінші бола­сың деді ғой». Бүгін мерейі тасып, қуанып, бірақ қуанышын сездір­меуге тырысып үнсіз отырып қал­ған. Сол кезде Кремль сар­айын­да өткен сұхбат берудің қалай аяқ­талғанын білмей қалды бұл. Енді тәуекел деп орнынан сәл қозға­лақтап, Майжелкенің өз атын, әкесінің атын анық, әдемілеп айтып тұрып:
– Мен сізге келгім келген жоқ еді. Петровичті Құдай ұрайын деп жүр. Ұрайын деп жүрген жоқ. Петрович… Оның соңғы кездегі қы­лықтары өте қауіпті, – деп Май­желкенің қып-қызыл болып, ай­налып кеткен көзіне тесіле қарады. – Петрович сізді аямас. Осы есіңізде болсын. Оңашада ылғи күліп отырады, сіздің қылық­тарыңызды айтып. Бүгін маған анық өз аузынан жеткізді. Сіздің кететініңізді. Сіздің болашағыңыз жоқ деп айтты.
Осы сөздер бірінші хатшының кабинетінде радиомен айтылған­дай қатты жаңғырып естілді. Өз үнінен өзі шошып кеткен Мәтеков өзін-өзі қатты тыйып, осы арада тоқтай қалды. «Петрович туралы айтқаным мынаған ұнайды. Бірақ бұл маған сене ме, сенбей ме? Қа­зір боқтап кабинеттен қуып шықса қайтем?» деген үрейде тұрды Мә­те­ков. Сол сәтте айналмалы крес­ло­сын шиқылдата бұрып, май­жел­ке бұған тесіле қарап қалыпты. «Құрыдым!» деп ойлады Мәтеков. Бірақ бір сәтте көзінен жылы ұшқын жалт етті.
– Рахмет саған, Мәтеков! – де­ді майжелке. – Оның ол арам пиғылын мен өзім де білемін, сезіп жүрмін. Павлов қайда барар дей­сің. Павлов бір-екі күнде орнынан айырылады. Сол кезде екеуміз Пет­ро­вичтің аяғын аспаннан кел­тіреміз.
Екі күннен кейін Петровичтің екі аяғы «аспаннан келді». Бірақ майжелке уәдесінде тұрмады. Мә­теков­ті шақырып алып, жылы-жылы сөздер айтып: «Сен облыс­тық атқару комитетіне төраға бол, екіншілікті қайтесің, екіншіге бас­қа адам табылады. Шын мәнін­де, облыстық атқару комитетінің төрағасы деген нағыз екінші билік қой, – деді. Мәтеков іштей өкініп қалды. «Іс жүзінде облыстық ат­қару комитеті дегені жай ғана сөз, ол партияның «былай бұр, былай бұр» деп айдай беретін көк есегі немесе жауыр өгізі ғой. Бірақ ай­лығы жақсы, іштей қапаланға­нымды ешкімге сездірмей сол арада жүре тұрайын. Кім біледі, мынау қиқы-жиқы заман бірден түзеліп қоймас. Майжелкенің өзін де әлі көрерміз» деп Мәтеков келісім берді.

2

Алматыдағы «Кино үйінің» тура қарсысында «Құрылыс ма­те­риал­дары» деп аталатын уәзірият болды. Сонда бірінші орынбасар болып істейтін досым бар еді. Жа­рық­тықтың атын атамай-ақ қоя­йын. Болар іс болған. Өтіп кеткен оқиға. Бірақ, осы әңгіме-эссені жазып жүргенде сол досым қайта-қайта есіме түсе берді. Шартты түрде оның атын Нағым деп қоя­йын. Кейде ол түс кезінде маған келетін, біздің кафеден тамақ ішетін, кейде мен оған баратын едім. Сол атақты 19 тамыз күні мен «Кино үйінде» отыра алмай, не істерімді білмей, сол Нағымға бардым. Соның кабинетінде теле­дидарды қосып қойып, хабар күтіп отырдық. Айдын көлдің төсінде аққулар сұңқылдап ән айтудан жалықпады. Онда да үн жоқ. Мен­де де үн жоқ. Нағым екеуміз бір-бірімізге қараймыз да аузы­мыз­ды ашуға болмайтынын сеземіз. Сөйтіп отырғанда, бір кезде бойы қортықтау, домаланған бір ақсақал Нағым кабинетінің есігін ақырын ғана ашты да, қайта жаба қойды. Нағым маған ыңғайсыздана қара­ды, ол «мына сұмырай… осы сұ­мы­райға қайтадан жан бітіп келеді соңғы күндері», – деді. Мен Нағым­ның сөзін түсіне қоймадым, үнде­мей отыра бердім. Жүзден аса қыз­меткері бар министрлікте талай сұмырайлардың болатынын білемін, оған мен несіне таң қа­лайын. Бірақ әлгі, Нағым «сұмы­рай» деп атаған домалақ кісінің шашы аппақ екен. Сәл ойланып отырдым да, сұрайын деген ойым да жоқ, бірақ әңгіме болсын де­ген­дей, «шашы ағарған кісі екен, сен оны неге сұмырай дедің, ақса­қал ғой», – дедім. Нағым мырс етіп күліп жіберді: «Неғылған ақ­са­қал, не­ғылған ақсақал? Осы біз­дің ми­нис­трліктегі ең үлкен бас­тығымыз сол кісі, шынын айт­сам, министр де басқармайды, мен де басқар­маймын, менен кейін төрт орын­басар бар, олар да басқармайды. Министрлікті осы домалақ кісі басқарады», – деді. Мен Нағым­ның ол сөзін анық түсіне қойма­дым. Жұмбақтап отырған сияқты кө­рінді. Екеуміз қайтадан үнсіз қал­дық. Теледидардан әне-міне хабар жететін сияқты бұл қалай болды? Бұл неге Жер шарының алтыдан бір бөлігін, құрлықтың алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып ел­дің теледидары күні бойы аққулар­ды сұңқылдатып қойды. Менде де түрлі ойлар болды, түрлі жоба, барлау ойлар болды. Бірақ Нағым­ға оны айтуға батпадым. Сезіп отырмын. Ол да маған ештеңе айтуға батпай отыр. Жарты сағат­тан кейін бе екен, Нағымның ка­би­нетіне және бір ұзын бойлы бұйра бас жігіт бас сұқты. Екеуміз­дің отырғанымызды көрді. Көрді де, қайтадан есікті жапты. Іле-шала есікті қайтадан ашты. Әлдене ізде­гендей кабинеттің түкпір-түкпірін шолып өтті. Қайтадан жаба салды. Мен Нағымға қара­дым, Нағым алдыңғы үстелдің бе­тіне қарады. Сұрақ қоюға бат­падым. Ол кезде біреуден біреу ашық­тан-ашық сыр тартуға бол­май­тын. Дос пен дос­тың арасын ажырастырып жібере­тін, досты қас қып жіберетін сұ­рақ­тар бола­ды, сол сұрақтардан бә­ріміз де қашатын едік. Және бір он бес ми­нуттан кейін есік ашыл­ды да, әлгінде көрінген ақ бас до­ма­лақ шал қайтадан есікті жаба қойды. Нағым қатты ыза болып кетсе ке­рек, тісін қышырлатып бі­раз отырды да:
– Бұл кісінің атын білесің бе сен? – деді.
– Жоқ, білмеймін, – дедім мен.
− Білуің керек. Газет-журналда бұл кісінің мақаласы шығып тұра­ды. Осы біздің министрліктегі қызметкерлер, біздің облыстағы бөлімшелер мен басқармадағы қы­зметкерлер бұл кісіні сырты­нан «домалақ арыз» деп атайды, – деді.
Неге олай деп сұрамадым. Жай ға­на әлдебір болар-болмас әңгі­мені айтып, досымның көңілін басқа жаққа бұрдым. Және бір он бес минуттан кейін манағы ұзын тұра бұйра бас жігіт қайтадан есікті ашты. Қайтадан есік ашты да, ка­би­нет­тің түкпір-түкпіріне көз сал­ғандай шолып өтіп, есікті қайтадан жаба салды.
– Мынау не? – дедім мен.
Нағым қатты күрсінді.
– Екеуі де маған жағымпаз­да­нып жүрген шығар? Мен минис­трдің бірінші орынбасарымын ғой. Көп мәселе менің қолымда, – деді Нағым.
Сөйтіп отырғанда, шамамен сағат үштер болар, телевизор кенет сы­қыр-сықыр еткен бір дыбыс шы­ғарды да, сұнқылдап тұрған ақ­қулардың үні өшті. Аққудай қал­қып айдын көлде билеп жүрген балериналар да бізбен қоштаса алмай кенет ғайып болып кетті. Нағымның не ойлағанын қайдам, мен болсам «Апыр-ай!» деп әл­де­бір мазасыз түйсіктен қашып құ­тыл­ғандай болып, жаным жай тауып қалды.
– Өзі қандай сұлулық көрсін, қандай ғажап музыка көрсін, ер­тең­нен кешке дейін қайталай берсе, одан да жеріп кетеді екен адам. Мен өзім Чайковскийдің музы­касын сондай жақсы көрем. Он­дай ғажап композиторлар аз жер бетінде. Бүгін таң атқаннан бері Чайковскийдің бір ғана «Аққу айдынын» беріп, мынау теледидар мені ығыр қылып жіберіп еді. Сен қалай ойлайсың, Нағым? – дедім.
– E-ей, Әкім-ай, – деді Нағым, – мен сен сияқты жазушы емеспін, киногер емеспін, музыкада менің нем бар, сұлулықта нем бар?! Менің кәсібім басқа ғой.
«Басқа ғой» деген сөзді бір түр­лі солығып, қиналып айтты. Іле-шала ағаттық жібергендей, жуып-шаймақшы болғандай:
– Біздің шаруа – құрылыс мате­риал­­дары. Құм, ірі тас, шлак, бе­тон деп шапқылап жүрген жоқпыз ба?
Бұл сөздің жай ғана сөз емес екенін сездім, түсіндім деп айта алмаймын, бірақ астарында үлкен бір құпия жатқанын аңғарып қалдым. «Неге бұл менің маман­дығым деп келіп, аяқ астынан бас­қаша бұрып жіберді?». Дәл сол сәтте теледидар тағы да сықыр-сықыр, қытыр-қытыр еткен бір тү­сініксіз дыбыс шығарып, іле-ша­ла экран өзінің сәулелі реңін аша берді…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір