Шорқақ ой мен шұбар тіл
Қазақтың тілі шұрайлы, бай тіл деп көп айтамыз. Бірақ салғырттығымыз бен құнтсыздығымыздың салдарынан тіліміздің көркемдігін өзге түгіл, өзіміздің қарапайым жұртқа дәлелдей алмай жүрген жайымыз бар. Мөңке би бабамыз «Алашұбар тілің болады, дүдәмалдау дінің болады» дегенде, қазақтың қара сөзінің осындай күйге ұшырарын біліп айтты ма екен?.. Арада бір жарым ғасыр өтіп, ел іші үш рет жаңарғанын ескерсек, тілді қолдану үрдісі заманға сай өзгергені хақ. Бірақ дәл бұлай қарабайырланып кетпесе керек еді?.. Бұған не себеп, тілдің көркемдігін сақтап қалудың қандай жолдары бар? Осы тақырыпта біз бүгін Назарбаев университетінің ассистент профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ағабекова мен ақын Дәулеткерей Кәпұлына, әлеуметтанушы Айсұлу Тұрсынбайқызына сауалдар жолдадық.
– Қазақтың қазіргі сөйлеу мәнерін қалай сипаттар едіңіз?
Жазира Ағабекова,
Назарбаев университетінің ассистент-профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты:
– Сөздің анықтығы, мәнерлілігі адам ойына байланысты десек, қазіргі уақытта сөз мәнерінің бұрынғы заманмен салыстырғанда өзгергені анық. Қазір қоғамда «мағынасыз – ұзақ», «ойсыз – шорқақ» сөйлеу дағдысы қалыптасуда.
Жастардың арасында кірме сөздерді қолданушылық басым.
«Халықаралық сөздер» деп кез келген салаға шет тілінен енген сөздерді қосып сөйлеу белең алып бара жатыр. Осы уақытқа дейін қолданылып келген «дыбыс редакторы» деген сөз тіркесін енді кейбір ақпарат құралдары «саунд-редакторлар, саунд-дизайнерлер» деп «дыбыс» деген сөзінің ағылшынша аудармасын қосып тілімізге ендіріп жүр. Бұл бір ғана мысал. Ал мұндайлар қазір қаншама. Орыс, ағылшын тілін қосып сөйлеу әдетке айналып бара жатыр. Ол да ойдың шорқақтығының белгісі.
Сөз бастаудың маңызды екенін ескерсек, халық арасында қолданылатын «Ағайындар», «Бауырым, «Сіңлім», «Ағасы», «Қарындас», «Інім» деген қаратпа сөздердің қолданысы азайды.
Кейбір кісілер «ашық айту», «демократия» деген ұғымдарды пайдаланып отырмыз деп диалогпен сөйлеудің мәдениетін естен шығарып жібереді. Нәтижесінде қарама-қарсы сөйлеушінің сөзін тыңдамай, әр жерінен бір килігіп, аяғы ұрыс-жанжалға ұласып жатады. Дана, шешен бабаларымыз: «Тыңдай білу бір өнер, сөйлей білу бір өнер» деп тектен тек айтпаған. Тыңдаған кезде де, сөйлеп отырған адамның сөзін бөлмей, айтайын деген ойын сабырмен тыңдап, сөзінің аяғына дейін күту керек.
Тыңдаушысына назар аудармайтын адамдар да бар. Сөз сөйлеместен бұрын, тыңдаушы қауымның деңгейі, жас ерекшеліктері, тіпті саласы мен мамандықтары ескерілмей жату қазір әдетке айналды. Мектепке балалар жиынына барып өнегелі сөз айтудың орнына өз өмірімен байланысты әзіл әңгімелерді айтатын, қызметкерлер арасында айтылатын «жаттанды» сөздермен кездесулерді аяқтайтындарды да кездестірдік.
Халықтың айнасы теледидар десек, жаңалықтар да, күнделікті хабарларда диалект сөздер мен говорларды қосып сөйлеу сөз мәнерінің өзгергендігінің бір белгісі. Жұрт алдында сөз сөйлеу өнерін дамыту үшін, жоғары оқу орындарының мүмкіндігінше барлық мамандықтарына риторика курсын енгізу керек. Яғни сөйлеудің амал-тәсілдерін игерту арқылы студенттің қоғамдағы тұлғалық болмысын қалыптастыра аламыз.
Дәулеткерей Кәпұлы,
ақын:
– Жалпы, тіл мәдениетінің уақытқа қатысы бар деп білем. Қазақ қоғамында тәрбие құралы көгілдір экран болып тұр. Көркем шығарма оқу қалып барады. Себебі, телеэкранымызда қаптаған қызылды-жасылды шоу бағдарламалар замандастарымды сауатты сөйлеуге, тіл мәдениетін арттыруға кедергісін келтіріп-ақ тұр. Оның өзіндік себебін мен өз басым сол бағдарламаларды жүргізетін жұлдыз-әртіс, жұлдыз-әнші, жұлдыз-қылжақбастардың орынсыз, бей-берекет тілімізді келемеждеп жатқанынан көрем. Атынан ат үркетін «Хабар» арнасының «Біздің үй» бағдарламасының жүргізушісі: «болады ма, келеді ме» деп тіл бұзып тұрса, қалған коммерциялық арналардың журналистеріне не жорық! Телеарна басшылары рейтинг көтереміз деп қазақ тілінің обалына қалып жатқандай. Кәсіби журналистер қайда сонда?! Әлде журналистер даярлап отырған оқу орындарының берген білімі мен білігіне күмәнмен қарай ма?! Ауызекі сөйлеу тілі қазір қазақ қоғамының патша тілі болып барады. Асхананың тілі Астананың тіліне айналды! Ол қазақтың астанасы ғой. Әдеби тілдік норма сақталудан қалды. Әркім ауылының сөйлеу мәнерін экранға алып келді. Әйтпесе, қазақтың «оңқай, солақай» деген сөзін Ұлттық арнамыздан «олаңқай, солаңқай» деп жұлдызсымақтарға көкітпес едік! Ұлтқа қызмет ету – тіліңе қарауыл қоюдан басталады деп ойлаймын. Онсыз да жарымжан тілімізге әрқайсымыздың жанымыз ашымаса, су аяғы – құрдым!
Айсұлу Тұрсынбайқызы,
әлеуметтанушы:
– Бүгінгі заманның сөйлеу мәнеріне қойылатын ең бірінші талап – айтар ойыңыздың қысқа да нұсқа болуы. Алыстан орағытудың қажеті жоқ. Мақалдатып, мәтелдетіп сөз құрау, астыртын сөйлеу деген де қалып барады. Себебі, ХХІ ғасырдың ең басты құндылығы УАҚЫТ болса, барлығы соның ыңғайына жығылуда. Жаһандану үдерісі жағдайында интернет, мобильді, т.б. байланыс құралдарының дамуы адамдардың да іс-әрекетінен мобильділікті, шапшаңдықты талап етіп отыр. «Сұлу сөзден» гөрі адамның ісі бағаланатын заманда, адамдардың сөйлеу мәнеріне мән берілмейтін болды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мақалдарды ауызекі сөзде оңтайлы пайдалануға да болар еді. Алайда, мақал білмейтін ұрпақ өсіп келе жатқаны жасырын емес.
– Қазір не көп, той көп. Соған орай сөз де көп. Осының жұртқа берер мысқалдай пайдасы болмаса да, сөйлей беру қаншалықты орынды?
Жазира Ағабекова:
– «Той – халықтың қазынасы» десек, қазына байлығымыздың сыртқы түр сипатын өзгерту керек. «Ашық аспан», «зор денсаулық», «талмас қанат, қажымас қайрат» деген жаттанды, жауыр болған тілектерді тыңдау тойға келген қонақтарды мезі етеді. Оның орнына жалпы халықтың қабылдауына көркем, әдеби тілде сөз тіркестерін қолдансақ, олар да көпшілікке сіңісіп кетер еді. Тойға адам өзінің жақындарын, тілеулестерін, тілекшілерін шақырады. Реніш болмас үшін, той иелері мүмкіндігінше бәріне сөз беруге тырысады да, той үлкен жиналысқа айналып кетеді. Сондықтан өзара келісе отырып, сөз сөйлеуді азайтып, тойға келгендердің жақсы демалуына жағдай жасалуы тиіс.
Дәулеткерей Кәпұлы:
– Той тойлау да біздің ішкі мәдениетіміздің көрінісі. Тойдағы топан сөздің тілдік қорымызға мысқалдай пайдасыз екені анық. Тойдың мазмұнына қарай сөз білетін үлкендер тап-тұйнақтай етіп сөйлеп берсе кәні?! Қазақта «сөйлей білмеген тілін көрсетеді» деген мақал бар. Көпірме көп сөзден гөрі шалдарымнан қалған бірді-екілі тәмсілді термесін тыңдатса ғой, қонақтарға, «Чип-чип», «Қызыл өрікпен» қызылмай қылмай!
Айсұлу Тұрсынбайқызы:
– Түптеп келгенде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде той әлеуметтік маңызға ие шара болатын. Тойда айтылған сөздер (айтыс, шешендік сөздер, т.б.) көпке дейін ел аузында жүрген. Оның ғибраты мол болған. Ал бүгінгі тойлардағы ұзын сонар сөздер, ішінде естісі де бар әрине, орынсыз жерде айтылып жатқандай көрінеді. Негізінен, тойдың өзіне реформа керек, әсіресе сөз сөйлеуге қатысыты. Салиқалы сөз саптай алады деген бір адамнан сөйлесе де жетіп жатқандай. Немесе сөздерді тілек дәптеріне, арнайы видеоға жазып алатын «сөзсіз» тойлардың да куәсі болып жүрміз. Осы сияқты өзгерістер керек-ақ. Әйтпесе, нақ осы тойларда сөз қадірін кетіріп жүрген жайымыз бар.
– Торқалы тойда ғана емес, топырақты өлімде де сөз сөйлеу етек алып барады, мұның тәрбиелік маңызы қандай?
Жазира Ағабекова:
– Өлген кісінің қадірлі қасиеттерін, елге жасаған жақсылықтарын айтып, дәріптеуде тұрған еш айып жоқ деп ойлаймын. Бірақ ондай мадақтаулар мен дәріптеулерге көп уақыт жібермей, әруаққа арнап құран бағышталғаны дұрыс.
Дәулеткерей Кәпұлы:
– Абай шалға жүгінсек: «Тіл өнері дертпен тең». Топырақты өлімде көсемсу мен шешенсудің жөні жоқ. Қазақтың «Өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің жаманнан аманы жоқ». Мақтауға майталман халықпыз. Ілкі дүниедегі марқұмның үлгілі ісін еске аламыз деп көпірте мақтап, өлген адамыңды қайта тірілтіп алғың келіп кетеді. Бұл да тілдің құдіреті. Қазаға қайысқан белді қызыл тілмен тіктеп көңілайтушылық баяғыдан келе жатқан із. Ал, қаза-қайғының үстінде сонша көпсөзділік аса пайдалы, тәрбиелік мәні зор деп айта алмаймын.
– Ойын көркем тілмен жеткізетін адамдар азайып барады, ел ішінде өте қарапайым, қарабайыр сөйлейтіндер көбейді. Бұған не әсер етті деп ойлайсыз. Оны реттеудің жолы бар ма?
Жазира Ағабекова:
– Халық арасында бетпе-бет қарым-қатынас азайды. Бірін-бірі көрмей электронды құралдар арқылы атқарылатын жұмыстар көбейді. Барлық ақпараттарды электронды құралдар арқылы тауып алады. Өздері оқиды, жауаптарды да хаттар арқылы жазады. Миға қабылданған ақпараттар көп, бірақ олар дыбыстау мүшелері арқылы қайталанып сыртқа шықпайды. Ақпараттарды тіл арқылы шығару үшін олар мида қалыптасып, шығарылып дағыдылануы қажет. Өте көп ақпарат болғаннан кейін олардың жатталу дағыдысы да қалыптаспайды. Сөйлеудің қысқа формалары қалыптасып келе жатыр. Заман ағымына орай көркем әдебиет оқылмайды. Көркем әдебиет оқып, лексикалық қор жиналмаған адам көркем сөйлей алмайды. Адамның сөйлеу қабілеті мен сөз лексикасы бала кезінен қалыптасады. Сондықтан да көркем сөйлеудің өзін балабақшадан бастау керек.
— бала өз ойын зерделеп айта алатын жасқа келгенше (ғалымдардың зерттеуі бойынша 10-12 жас) өз ана тілінде білім беру;
— балабақша мен бастауыш сыныптарға лиро-эпостық жырларды, ертегілерді ғана оқытып, сіңдіретін арнайы сабақтар қосу;
— «Балапан» телеарнасы сияқты тек қазақша, ұлттық нақыштағы хабарлардың кем дегенде бес-алтауын еш уақытты оздырмай тура қазіргі кезеңде ашу;
— қазақ интернетінің тілі мен мазмұнын реттеп, байыту кезек күттірмейтін мәселелер.
Дәулеткерей Кәпұлы:
– Кісіге қарап сөз алмай, сөзіне қарап кісі алған қазақпыз ғой. «Ет піскенше көсеу ермек» дегендей, дастархан басында ақсақалдарымыздың, абыройлы ел ағаларының тұшымды әңгімесін тыңдауға құлықсыздығымыз тілімізді тоздырды. Екеуара кездесе қалсақ астарлы сөзбен қағысу, ойыңды көрікті образбен көркемдеп жеткізу дегеннен ада-күде айырылдық. Қазақтың тілі бір сорлы, жұтаң, қауқарсыз мүсәпірдің хәліне жеткендей көрінеді маған! Оған өзіміз, менің шенді, шекпенді замандастарым кінәлі, кеңсе тілі еңсемізді езді. Тілұстарту дегенді қаперімізге алғанды қойдық! Әр қазақ өз ана тілін құрметтеуді қолға алмаса, бағзыдағы баба тілі бишара күй кешетініне жүрегіңмен жылайсың. Ана тілім абыройсыз, ананың беті айғыз-айғыз болмаса екен?!
Айсұлу Тұрсынбайқызы:
– Қарабайыр сөйлейтін халықтың артуына себеп – бүгінде көркем әдебиет, әсіресе қазақ тіліндегі кітаптар аз оқылады. Одан бөлек бүгінгінің «ауыз әдебиеті» – теледидар болса, оның да «тілі» қазір жұтаң екені белгілі. Телеарна арзан әзілдерге негізделген хабарларға толы. Сондықтан теледидардың тілі реттелсе, сол көк жәшікке телмірген халықтың да тілі түзелер ме еді. Кейбір сериалдарда қазақы ой орамдары мен мақал-мәтелдер сәтті қолданылады. Сонымен қатар, қазір БАҚ тілі де баяғыдай емес. Тағы да нақтылық, қысқалыққа бет бұрған.
– Әлеуметтік құбылыстардың тілге, сөйлеу мәнеріне қандай әсері бар?
Айсұлу Тұрсынбайқызы:
– Әлеуметтік құбылыстардың тілге, адамдардың сөйлеу мәнеріне тікелей әсер етеді. Мәселен, кең байтақ Қазақстанның аймақтарындағы диалектілердің болуы – тікелей осы әлеуметтік фактордың әсері. Белгілі бір жердегі тұрғылықты халықтың тіліне, сөйлеу мәнеріне оның тарихы, табиғаты, территориялық орналасуы, діні, ділі, т.б. барлығы ықпал етеді. Антропогендік факторлардың тілге, оның қалыптасуына әсерін Л.Гумилев еңбектерінен де білеміз.
– Социология ғылымында сөйлеу мәнерін халықтың әлеуметтік статусына қарай бөліп қарастыру практикасы бар ма?
Айсұлу Тұрсынбайқызы:
– Социология ғылымының социолингвистика (тіл әлеуметтануы) бағыты тіл мен әлеуметтік өмірдің ара қатынасын зерттейді. Соның ішінде белгілі бір әлеуметтік топтардың сөйлеу мәнері, этикасына тоқталуға болады. Бұл мәселе антропологиялық, этносоциологиялық зерттеулерде қарастырылады. Әлеуметтік топтар ұлттық, діни, кәсіби, т.б. болуы мүмкін. Әрқайсысының өзінің сөйлеу мәнері, өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, Шығыс және Батыс адамының менталитеті, сәйкесінше сөйлеу мәнері де екі түрлі. Шығыс халықтары жұмбақтап, сыр тарта, суыртпақтап сөйлеуге бейім болса, Батыс халықтары көбіне логикаға негізделген ой орамдарын көбірек қолданылады. Бұл жерде Шығысты иррационал, Батысты рационал деуге болмайды. Мағына бір болғанымен, Шығыста бояу көбірек қолданылады, тереңдік бар. Сонымен қатар, адамдардың ұстанған діні, кәсібінің де олардың сөйлеу мәнеріне әсері бар. Бұның барлығы «әлеуметтік диалектілерге» жатады. Тілдің әлеуметтік дифференциациясы, оның ішінде сөйлеу мәнерінің өзгеруі қоғамның әлеуметтік жіктелуіне де байланысты. Төменгі тап – кедейлер мен орта тап, жоғары тап – байлардың сөйлеу мәнерінде ерекшеліктер бар. Тіпті, тек өздері түсінетін ұғымдар да бар. Төменгі тапқа қарабайырлық тән болса, жоғары тап өзге тілдердегі (аралас тіл) сөздерді көбірек қолданылады. Олардың сөйлеу мәнерлерінде ым, ишара, екпінінде де айырмашылықтардың бары зерттеулерден анықталған. Бұл олардың әлеуметтік өмірімен тікелей байланысты. Сонымен қатар, жас ерекшелігі (мысалы балалар, жастар, орта буын, аға буын арасы), тұрғылықты жері (ауыл, қала) бойынша да адамдардың сөйлеу мәнері ерекшелінеді. Сапалық әлеуметтанулық зерттеулер арқылы түрлі топтардың тілдік портретін де жасап шығаруға болады, демек адамдардың сөйлеу мәнерінен бүгінгі қоғамның бет-бейнесін көре аламыз.
P.S.: Ертеде бір қария дүниеден өтерінде ұлына қымбат қазына қалдырғанын айтып кетеді. О дүниелік болған әкесін арулап жерлегеннен кейін, ұлы әкесі аманаттаған қазынаны іздеп ауланы, үйді түгел қопарады. Қарамаған жері қалмай, ауылдың үлкен адамына жағдайды айтып береді. – «Балам, босқа әуре болыпсың. Әкең өз ана тілін ерекше қастерлеген, сөзге шешен, дуалы азамат еді. Оның ұрпақтарына қалдырғаны құдіретті қызыл тіл болатын. Ел ішіндегі, халық аузындағы сол қазынаны құрметтеуді аманаттаған екен. Өйткені, тілден қымбат қазына жоқ, – депті ақсақал. Осы аңыздағы баланың кейпін біз де киіп жүргендейміз.
Дайындаған Назым Дүтбаева.