ҚАЙНЕКЕЙ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛЖЫҢДАР
Мыңбай РӘШ
***
1943 жылдың күзінде Қазақстан ақындарының айтысы Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Айтысқа мені мемлекеттік қызметте істейтін Дүйсежан деген ағайым мені бірге ертіп келді. Он үштен асқан кезім еді. Айтыс дүрілдеп берді. Жыр алыбы Жамбыл домбырасын ала сала:
Е-еу, Алатаудан, Арқадан,
Ақындарым келіпсің.
Сөздерінен бал тамған,
Жақындарым келіпсің.
Ертіс, Еділ, Іле, Сыр,
Бас қосқалы келіпсің.
Жүрген жерің думан-жыр,
Сендер елге көріксің, –
деп төгілте бастады. Жұрт ду қол соқты. Айтыс басталып кетті. Сыр ақыны Нартай гармонына қосылып әуендете жөнелді. Қарсыласы – семейлік Нұрлыбек Баймұратовқа шүйіле тиісіп, Сыр өңірін мақтай келіп, сөз кезегін қарсыласына берді. Нұрлыбек есесін жібергісі келмей:
Нартайдың білгім
келмес далбасасын,
Вагондар темір
жолмен жалғасатын.
Мәскеуге күндіз-түні
тасып жатыр,
Мясокомбинат
консерві, колбасасын, –
деп Калинин атындағы Семейдің ет комбинатын мақтауы сол екен, Нартай гармонын созғылай сарнатып:
– Әу, сөйлесең өрен сөзге нұсқап отыр,
Айтыс деп кімдер сені қыстап отыр?
Қақиған колбасыңды мақтайсың кеп
Татпаймын…
кәлбәсәңді күндіз-түні
Қос қолдап,
Нұрлыбегім ұста да отыр, –
деп жалп еткізді. Жұрт күлкіге көмілді. (Өкініштісі – осы өлең жолдары «Ай…» кітабының екі томдығына енбей қалғаны).
ҚАЙНЕКЕЙ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛЖЫҢДАР
Ғабит Мүсірепов Жазушылар одағының төрағалығына біржола ауысып, «Ара» – «Шмель» журналының Бас редакторлығына Қайнекей Жармағамбетов тағайындалған-ды.
Бастықтар ауысқанымен Садықбек екеуміз өз орнымыздамыз. Әкім Тарази фельетонист болып біраз істеген соң Мәскеудің ВГИК-іне оқуға кеткен-ді.
«Ара»-ның көлемі аз болғанымен жұмысы жетерлік. Кезекті ілездемелікте Садықбек болмады.
– Сасқалақ сары қайда жүр? – деп Қайнекей көзәйнегін жылжытып қойды.
– Ол… ол… – деп мен де сасқалақтап не дерімді білмедім.
– Сен Садықбекті қорғап ылғи өтірік соғасың! – деп Қайнекей маған қарады.
Ілездеме аяқталған соң бөлмеге Садықбек ентіге басып кіріп келді де:
– Редактор мені іздеді ме? – деп сұрады.
– Ой, іздегенде қандай! «Сен оны үнемі қорғайсың» деп маған да ұрысты.
– Апыр-ай, ә, – деп абыржыған Садықбек редактордың кабинетіне қарай зытты.
– Әй, ілездеме болғанда ылғи болмай қаласың, қайда жүресің сенделіп? – деп редактор оған ренжи қарайды.
Сонда Садықбек:
– Алдияр басшым, кешіріңіз, Кихл-дан қаламақы алам деп кешігіп қалдым, – дейді қызарақтап.
– Қаламақың көп пе? – деп редактор жүзін жылыта қояды.
Садықбек бір бума ақшаны қалтасынан суырып алып:
– Қайнекей-ау, Қайнекей,
Гонорарым, мінекей,
Тапсырмаң бар ма, кәнікей
Садықбегің орнында
Ресторан әнікей! –
деп шегір көзін жыпылықтата күледі.
– Әй, сасқалақ сарым-ай, жарайды, екіншіде кешікпе, – деп Қайнекең күліп салыпты.
Сәбиттің дүреден құтылуы…
…Сонау бір жылдары Семейдің облыстық «Екпінді» газетінің 2000-ыншы санына орай Сәбит, Иса, Нұрлыбек шақырылады. Әлден уақытта той құрметіне ұлттық ойын «Ұшты-ұшты» ойналады. Сәбең Исамен әңгімелесіп отырып «Ұшты-ұшты тасбақа ұшты» дегенді байқамай қолын көтере салады.
Той иесі:
– Кәне, Сәбе шешініңіз, шарт бойынша он алты рет дүрелейміз! – дейді.
– Әй, мені арнайы шақырғандағы сыйларың осы ма? – дейді Сәбең.
– Ендеше табанда бір шумақ орысша өлең шығарасыз…
– Құп, бұған келісемін, – деп Сәбең мынаны айтады:
Сәбитке дүре соғып не қыласың-ай,
Жігітім, осы жолы жаңыласың ғой,
Кемпір мен шал ойнайды напрасын-ай,
Екеуі бір-бірімен согласына, –
деп дүреден құтылып кетіпті.
МҰҚАҒАЛИДЫҢ ӨТІНУІМЕН…
Мен Мұқағалимен көрші көшеде тұратынмын. Басы құрғыр зырқырап жертөледегі сыраханаға келдік. Баяғы бас жазу ғой. Біраздан соң Мұқағали:
– Әй, Мәке, мына Тоқашқа сыңар өлең шығаршы, – деп өтінді.
– Ойбай-ау бұл моряк мені мұрттай ұшырады ғой, – деп ем.
– Өлеңің сәтті болса тиіспеймін! – деді Тоқаш.
Мен бөгелместен былай дедім.
Тоқаш Бердияровқа эпиграмма.
Бір күн тоқ,
Бір күн аш,
Бір күн сау,
Бір күн мас,
– Әу, бұл кім?
– Бердияров Тоқаш?
Мұқағали қомақты кеудесін селкілдете күлді.
Тоқаш қайтер екен деп күдіктене көз тастап ем:
– Молодец, жаман емес, – деп текше мұртын ары-бері қозғалтып қарсылық білдірген жоқ.
– Сатираң үшін бір-бір күрөшке және сілтейік, – деді Мұқағали.