КӨК ТАЙЫНША
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ
КӨК ТАЙЫНША
Құрбан айтқа қой іздеп шыққан Ержігіт «Қой сатылады» деген жарнама ілінген біраз үйді аралап шықты. Көрген қойлары қоңды, семіз болғанымен бағасы удай қымбат. Алайын десе қалтасындағы ақшасы жетпейді. Саудаласып көріп еді, ешқайсысы бағаны төмендетер емес. «Апырым-ай, ақша соңына түскен, дүние қуған бұл адамдар Құдайдан қорықпай ма?! Құрбандық малын соншама аспандатып жібергендері қалай?!» деп кейіді.
Қой сатушылардың нарқына қараса, қалтадағы қаражаты тоқты алуға ғана жетеді. Жә, бұйырғаны сол шығар, бір тоқты алайын. Бір жастан асса болғаны.
Ол қала ортасындағы қой базарына келді. Күн тұсау бойы көтерілсе де сауда қыза қоймаған болуы керек, адам қарасы аздау екен. Нарқын білейін деп сатылатын қойлардың құнын сұрады. Өзі көрген бағанағы малдардай емес, мұндағы баға қолжетімді көрінеді. Бәсе, деп ойлады Ержігіт, қалай дегенмен базар емес пе?! Үйге енді бос қайтпаспын.
Басына құндыз бөрік киген, шоқша сақалды, иман жүзді жігіт ағасы шағын жүк көлігіне тиеп әкелген қойларын сатып тұр. Амандық біліскен соң бағасын сұраған.
– Таңдағаныңызды алыңыз, – деді ол жылы шырай танытып.
– Қаншадан бересіз?
– Өзіңіз қойыңыз бағаны… Мен малымды пайда табайын деп әкелгенім жоқ. Алла ризалығы үшін, сауап алайын деп әкелдім.
– Ой, айналайын, рахмет!
– Екі айдай қорада жемдедім. Қаланың шетіндегі «Қоянды» ауылын білетін шығарсыз, сонда тұрамын.
Ержігіттің көзі келген бетте жоны астаудай, семіз көк қойға түскен. Соны нұсқап еді, сатушы жігіт саудаласпай-ақ, бұл айтқан бағаға келісе кеткені. Алғыс-рахметін жаудырып, көк қойды жетелеп үйге тартты.
Көңілі көтерілген Ержігіт өздері тұратын Ошақты көшесіне бұрылған кезде, анандай жерде құлап жатқан кісіні көзі шалды. Тақап келіп қараса, үлкен адам. Кеуде тұсын қос қолымен ұстап алған. Қасына келген кісіні біліп, сыбырлап, былай деді:
– Айналайын, қол ұшыңды бере гөр!.. Жүрек қой, жүрек!.. Өстіп кейде сыр беретіні бар… Орнымнан тұра алар емеспін.
– Ол не дегеніңіз, көре тұра қалай тастап кетемін.
– Арқаламасаң, қалай апарасың?
– Үйіңіздің қай жерде екенін айтыңыз?
– Айтайын, қарағым.
Ержігіт дағдарды. Жетегіндегі қойды не істесе екен?
Дәл осы кезде қасынан шапшаң басып бір жас жігіт өтіп бара жатқан.
– Інішек, асығыс емессің бе? – деді тоқтатып.
– Жұмысқа бара жатырмын.
– Бір қолқа салайын деп тұрмын.
– Қолымнан келсе орындайын.
– Мына қойды жетектеп, осы көшенің аяғындағы көк қақпалы үйге апарып берсең. Құрбан айтқа шалуға сатып алған қойым еді.
– Алаңдамаңыз, өзіңіз айтқан үйге жеткіземін.
Ержігіт ақсақалды арқалап үйіне алып келді.
***
Ержігіттің іргелес көршісі – Беркін есімді адам топты бала-шағалы жігіт еді. Үйдің асыраушысы бір өзі. Алатын айлығы аз. Жастары бір-біріне тете балалары киімдерін алмастырып киіп, кезек-кезек мектепке барады.
Беркін отағасының үйі түскі астарын ішуге, үстел айналасына отырып жатқан кезде сыртқы қақпадан қой жетелеген жігіт кірді.
Бөтен адамның аулаға енгенін байқаған Беркіннің әйелі тысқа шықты.
– Амансыз ба, жеңеше? – деді бейтаныс жігіт.
– Шүкір, аман-есенбіз.
– Атын сұрамаппын, бір адам сіздердің үйлеріңізді нұсқап мына қойды жетектетіп жіберді.
– Шын ба айтып тұрғаның?!
– Рас, жеңеше?..
Беркіннің үйі аяқ астынан қуанышқа кенелді.
– Ей, Алла, – деді отағасы қуанғаннан көзіне жас алып. – Мейірімі шексіз Раббым біздің жағдайымызды біліп, құрбан шалсын деп, қайырымды бір құлы арқылы осы малды нәсіп еткен ғой!
– Әке, ертең ел қатарлы біз де құрбандық шаламыз!
– Алақай, ертең біз құрбандық қойдың етін жейміз! – деген балалардың шаттығында шек жоқ.
…Сырқат кәрияны үйіне жеткізіп, кері қайтқан Ержігіт ойланып келеді. «Әлгі жігіт қойды жеткізген шығар, қуанып жатыр-ау!..».
Үйге келсе тым-тырыс. Мінезі шайпау әйелі күйеуін көргеннен айқайға басты.
– Соқа басың келгені қалай? Қой қайда? Неге сонша кешіктің?
Ержігіт не жауап берерін білмей тұрып қалды. Бейтаныс жігіт басқа біреудің үйіне апарды ма, әлде өзі алып кетті ме? Түріне қарағанда, жібі түзу жігіт сияқты көрінген. Жо-жоқ, олай етуі мүмкін емес.
Ашуға мінген әйел тоқтар емес, тұтанып, екпіндей жөнелді.
– Тіліңді жұтып қойғансың ба? Неге үндемейсің? Ақшаны ұрлатып алдың ба?! Ой, Алла-ай!.. Әлгінде мына көршінің үйіне кірсем, мәз-мейрам. Құрбандық шалсын деп бір қайырымды жан семіз қой беріп жіберіпті… Тақыр кедей құрлы болмадық-ау!..
Ержігіттің іші қылп ете түсті. «Бағанағы жігіт… қойды көршінің үйіне апарып берген ғой… Өзім де қызықпын. Көк қақпа менде ғана бардай «көк қақпалы үйге апар» дей салыппын. Қарбаласта аты-жөнімді де айтпаппын. Қой, болған жағдайды айтып түсіндірейін» деп ойлады.
Көршісі алдан шықты.
– Алланың берері мол ғой!.. Аяқ астынан олжаға кенеліп жатырмыз, – деп, көк қой хикаясын жеделдете баяндап берді.
Жүзі бал-бұл жанып, шат-шадыман болған көршісіне көк қойдың өзінің құрбандыққа сатып алған малы екенін айта алмады Ержігіт. Құтты болсын айтып, ауладан шыға берді. Ой үстінде беті ауған жаққа жүре беріпті. Бір қараса, манағы кәрияның үйіне келіп қалған екен. «Қой, тым болмаса, хал-жағдайын сұрап шығайын» деп ойлады.
Ауладан ене бергенде ұзын бойлы, жылы жүзді жігіт жолықты.
– Әкемді үйге жеткізген сіз бе? – деді жігіт бірден.
– Иә, мен едім…
– Сізді іздеп шығайын деп жатыр едім, жақсы болды келгеніңіз.
– Әкейдің қалы қалай? Сауықты ма?
– Жедел жәрдем шақырттық, қазір тәуір.
– Ә-әәә, жақсы болған екен. Сауығып кетсін!
– Рахмет, айтқаныңыз келсін!
– Қой, мен кетейін…
– Жоқ, кетпеңіз. Құрғақ қасық ауыз жыртады. Бері жүріңіз, бері,- деп, қояр да қоймай, үймен жапсарлас салынған мал қорасына ертіп апарды. – Ертең, құрбан айт қой! Мен сізге сыйлық жасайын! Мына бір көк тайыншаны құрбандыққа шалыңыз!..
– Сүбіһан Алла! – деді Ержігіт. – Сүбіһан Алла!..
ТҮЛКІ ҚУҒАН
Қалаға баратын тасжол бойындағы Көксу ауылының Қарабұлаққа шығар шетінде Жолдыбай деген жігіт тұрады. Келіншегінің есімі – Майра. Жолдыбайдың әкесі Бекболат ақсақал жирен биесінен түспейтін, жасы сексеннің үшеуіне келген, дауысы шіңкілдеп шығатын кісі. Бәйбішесі Бәтима өмірі асықпайтын адам, көп үндемейді, жуас кісі. Бекболат жалаң аяқ жүрген қыз-келіншектерді көрсе, «бұлай жүрме, шөлки ки бұтыңа» деп қолындағы таяғымен салып қалады. Жеңіл-желпі киінген әйелдер Бекеңнің көзіне түсуден ұялып, қашқақтап жүретін.
Тұрсынның атасы Боқаш пірәдәр, тақуа, ауыл молдасы. Сол атасы Түкеңді Бекболаттан біз алып кел деп жұмсайды.
Қараша айы, жақында қар жауған. Нағыз қансонар. Түкең атына мініп, аң қарайды. Түлкі, қарсаққа тұзақ құрады, реті келсе атып алады. Осындай аңкөстігін Бекболат ақсақал жақсы біледі. Басында шыттай жаңа түлкі тымақ, астында қаракер ат, иығында мылтығы бар Тұрсынды көргенде дәйім:
– Әй ұл, қайда кеттің? – дейді айқайлап.
– Аңға, – дейді Түкең ат үстінде қопаңдап.
Бір күні Бекболат ақсақал Тұрсынға:
– Әй, маған бір түлкі соғып әкеп берші? – дейді өтініш айтып.
– Жарайды, бір ретін келтірем, – дейді Түкеңнің танауы желпілдеп.
Бір күні Түкең Бекболаттың үйіне келді. Кәрияның келіні Майра көрген бетте:
– Мына жындыбас, неғып жүр? – дейді сәлемдескен соң.
– Атама келдім, – деді Тұрсын.
Бекболат төбедей болып төрде отыр.
– Ассалаумағалейкум? – дейді Түкең кішіпейілділік таныта.
– Уағалейкумассалам, молданың баласы, төрге шық, – дейді ақкөңіл кәрия елпілдеп. – Ал, әңгіме айт.
– Бағана Төлеужанға барып едім, үлпек құйрығы ұзы-ы-ы-н бір аң қаша жөнелгені, – деп бастайды хикаясын Түкең. (Төлеужан – Бекболат кәрияның атақонысы. Оның әр түп шиіне, төбесіне, пәйегіне, ағашына дейін жатқа біледі)
– Е-е, дейді, – қызба мінезді ақсақал елеңдеп.
– Дігідік-дігідік, дігідік-дігідік!… Қара атпен қуып келем, қуып келем…
– Нені?!
– Түлкіні, – дейді Түкең.
– Ә-ә, – дейді ақсақалдың делебесі қозып.
– Ана зәлім Төлеужанға қарай тура салды… Тұп-тура тартып барады…
– Е-е, – дейді әңгімеге әбден еліткен ақсақал.
Көз алдында түлкі қуған Тұрсын. Кәрия оны көріп отыр, басқа ештеңені елер емес, ештеңені байқар емес.
– Оу, ол жақтан қайыр, – дейді кәрия дауыстап.
– Е-е, не-ге-е?!
– Ар жағы жар ғой!..
– Асықтырмаңызшы?!
– Ойбай-ау, айырылып қаласың, айырылып…
– Неге айырылам?!
– Болсаңшы, шыдам тауыспай!
– Сабыр сақтаңызшы ата, сәл-пәл!..
– Не деген жайбасарсың, ә?!.
– Қазір-қазір!..
– Ызама тиді-ау, мына молданың баласы…
– Қайырдым-ау, ақыры!..
– Бәрекелде-е-е!..
– Бірақ былай бұлтарады, былай бұлтарады… Қызыл көз қудың өзі екен!..
– Е-е, – дейді кәрия анандай жерде жатқан таяғын қолына алып.
Тұрып кетердей қопаң-қопаң етеді. Таяғын көтеріп алған. Түкеңнің көзі шарасынан шықты. «Түлкіні ұстай алмасам, ана таяқ басыма тиеді-ау!», – деп қорқып отыр.
– Содан, – дейді кәрия.
– Қуып келем, қуып келем…
– Неге қуа бересің ол байғұсты?
– Не істеймін қумағанда!
– Ұстамайсың ба?!. Ұста-а!.. Бас сал!..
– Бір кезде қалың қараған кезікті…
– Өй, былай қайыр!.. Былай қайыр деймін-н…
– Қайда қайырам?
– Көзіңе қарамайсың ба?!. Мына сығырдың істегені-ай, ә?!.
– Қалай қайырсам да болар емес, – дейді ойдан шығарған өтірігіне өзі де иланған Тұрсын.
– Өй, жынды неме? – дейді Түкеңнің мінезін білетін Майра құрдасы ақырын ғана. Күлкісі келіп әзер шыдап отыр.
– Қуып келем, қуып келем…
– Қуа бересің бе кешке шейін.
– Қуып келем, қуып келем…
– Өйдөйт деген!..
– Бір кезде енді.
– Қайда? – дейді таяғын одан сайын жоғары көтерген кәрия.
– Інге!
– Әй, енеңді ұрайын!.. Қа-а-а-п?!.
Кәрия шоқ үстіндегі шәйнекті таяғымен бір салды. Бірдеңе пыс-с етті. Шәй суы шоққа төгіліп жатыр. Кәрияның таяғы шәйнектің шүмегіне дөп тиіпті.
– Көтек!.. – деді бәйбіше шар етіп. – Не бұл?
– Бомбы! – деді Тұрсын байсалды адам кейпіне еніп. Аңқау, момақан кісідей құдды.
Бағанадан әрең шыдап отырған Майра орнынан атып тұрып, төргі үйдегі диванға барып құлай кетті. Иегі селкілдеп күліп жатыр. Дыбысын естіртпеу үшін оң қолымен ауызын басып алған.
Кәрияның бәйбішесі шалына қарап:
– Құдай атқыр, – деді бетін шымшып. – Құдай атқыр, баламен бала болып…
Сонда отағасы жұлып алғандай:
– Күні бойы соншама қуып… Түлкімен бірге сол інге неге кіріп кетпейсің, сен сығыр-ау?!.
– Тапа тал түсте шәйнегімді шағып, – дейді бәйбішесі кейіп.
– Ой, шәйнек табылады!.. Шәйнекті айтады ғой!.. Әй, ана бала неге шәй ішпей тұрып кетті, – дейді төргі үйге кіріп кеткен келінін сұрап.
– Ата, – дейді сонда Тұрсын қуақыланып. – Келініңіз, шәйнегімді сындырды деп жылап жатыр.
Мұны естіген Майраның одан сайын шек-сілесі қатты.
– Әй, әкебас, – дейді Бекболат ақсақал төргі үйдегі келініне естірте айқайлап. – Жылама, шырағым, екінші шәйнек бар ғой!.. Жылама!..
– Ибай, бетім-м!.. Осы үйдің қатыны сен бе, мен бе?! Екінші шәйнектің бар-жоғын қайдан білесің?!
– Өзің емес пе, күнара сандығыңды ақтарып… Ішіндегілерін бір алып, бір салмасаң көңілің көншімейтін… Сонда көргем шәйнекті…
Түкең бізін алып үйден шыға бергенде Бекболат ақсақал:
– Әлгі түлкің енді іннен шыққан шығар, бар алып кел, – деді.
– Әкелем, әкеп берем, – деді Тұрсын салмақтана қалып.
Артынан ере шыққан Майра:
– Ұят емес пе, үлкен кісіге өтірік әңгіме айтып, – десе Түкең түк болмағандай:
– Өзі емес пе, қайта-қайта түлкі, түлкі деп болмаған… Содан соң айтқаным ғой, – деді беті бүлк етпестен.
КЕКШІЛ АЮ
– Онда кішкентай кезім, – деп бастады самайын ақ дендеген, ақсары өңді апам. Ол кісі қандай әңгіме бастаса да, нақыштап, болған-көрген оқиғаларды әсерлеп, әдемілеп, тамсана жеткізетін. Содан да шығар, Күнімхан әпкеміздің айтқанын тым-тырыс, тапжылмай отырып тыңдаймыз.
– Өз басыңыздан өткен бе? – дейміз әуесқойлықпен.
– Әрине, – дейді апамыз одан сайын бізді ынтықтыра түсіп.
– Шамасы он жастағы кезім. Кішіжан ағам менен үш жас үлкен ғой. Үлкендердің сөзімен айтқанда, он үштегі – отау иесі! Бойшаң әрі иықты, болғандықтан ба, өз жасынан ересектеу көрінеді. Күзде жетінші сыныпқа баратын ағам кітапті көп оқиды.
– Адам әуелі туған өлкесінің, кең байтақ еліміздің арғы-бергі тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін, аң-құстардың тыныс-тіршілігін жақсы білуі тиіс дейді. Және өзінің білгендерін үнемі айтып жүреді.
Тарбағатай жеріндегі түз тағылары – қасқыр, аю, түлкі, қоян, қарсақ, борсық, жабайы шошқа жайлы әңгімелегенде құдды зоология пәнінен сабақ беретін Жәмила апай сияқты ежіктеп, тәптіштеп түсіндіреді. Кішіжан ағам әкем айтқан әңгімелерді де құлағына құйып алады. Есте сақтау қабілеті ғажап! Қай кезде сұрай қалсаң, жаттап алғандай сайрай жөнеледі.
Екеуміз жаз бойы алыс жайлаудағы әке-шешемізге қол ұшын береміз. Әкеміздің алдында жеті жүз қаралы қоғам малы, бірыңғай саулық қойлар. Күні бойы мал бағып, ымырт жабыла үйге бір-ақ оралады. Көк кілемдей жайнаған көк майсаға мейлінше тойған отар ағаш шарбақпен қоршалған қотанда тырп етпей жатады. Әкеміз аса сақ адам. Көзі ұйқыда болғанымен, тырс еткен дыбысқа елең етіп, орнынан ұшып тұрады. Шапшаң киініп, таяғын ұстап қотанды бір айналып шығады.
Тамылжыған жаз. Биік таудан бастау алып сарқыраған арналы Аягөз өзені барып-барып, арнасы кеңейіп жуаси ағады. Күн қатты ысып кеткен кезде өзенге жетіп әй бір, рахаттана суға шомыламыз, қармақпен балық аулаймыз. Бізді ерекше қызықтыратын дүние – уылжи піскен жеміс-жидек, жайлаудың сұлу табиғаты! Таулы өлкенің ауасы қандай таза! Жеген ас та сіңімді! Тоймайсың, жей бергің келеді. Ұшар басына сүріқар бекіген Тарбағатай тауының сілемі – Барлықтың етегі сыңсыған орман. Қалың қарақат, қызылқат, бармақтай бүлдірген, мөлдіреген мойыл көз жауын алады. Үй ішінің жұмыстарынан қолымыз босай қалса, тау бөктеріне зытамыз. Жеміс-жидектерге келе сала бас қойып, қарнымыз сыздағанша асаймыз…
Көк майсада алаңсыз жайылған қоңыр кірекейдің жүрегі өрекпи соқты. Апандағы қос қонжығына жетуге асығып, өрге қарай тоңқаң-тоңқаң жүгірді. Бұлайша алаңдамайтын. Қарақұлақтанған немелер апаннан ұзап кетіп, бірдеңеге ұшырады ма? Әлі кішкентай ғой! Мұндай кезде екі аяқтылардан сақ болған ләзім! Аяп-мүсіркеу жоқ оларда?! Ана бір жылы көздерін ашып үлгермеген қонжықтарын ұрлап, сан соқтырған. Өзі болғанда қорқып, жолай алмас ешкім! Не деп болады?!.
Жайшылықта недәуір жүретін апанға шапшаң жетті. Сезімі алдамаған екен?! Апан бос жатыр. Аласұрып маңайды тегіс шарлады. Жер жұтқандай қонжықтары ізім-қайым. Бар пәле екі аяқтылардан келді! Екі-үш күн бұрын мылтық асынған адамдарды көзі шалған! Кеше де көрді. Көрді де тіксінді. Соның ақыры – қос қонжығы қолды болды. «Бәлем, тұра тұрыңдар! Кеш батып, түн қоюлансын! Көрермін сендердің әуселелеріңді! Анау тау етегіндегі қойшылардан бастайын сойқанды!..» Қоңыр түнгі жорыққа тас-түйін бекінді.
***
Ақшам мезгілі. Маңай – мөлдір, төңірек – тымық. Әдеттегідей тау-тасты аралап, қалаған жеміс-жидектерін теріп жеп, артылғанын қалайы кішкентай шелекке жинап жүрген екі бала биік тау сілемдерінің басынан ақырған дауыс естіп, зәре-имандары ұшты. Көл-көсір қуаныш, лепірген көңілдеріне су сепкендей. Бір-біріне тығыла түсіп, дыбыс шыққан жаққа жалтақтай қарайды. Дауыс тағы естілді. Бұл жолғы үні тіпті зор! Діңі жуан қарағайдың түбіне келіп тығылды.
– Бұл не? – деді ағасын құшақтап жабыса түскен Күнімхан.
– Аю! – деді Кішіжан ағасы байсалдылық танытып.
– Қайттік енді?!
– Не істеуші едік, қорбаңбай көрінбей тұрғанда үйге қашайық!
– Онда тезірек кетейікші, аға? Бізді көріп қалып, қуса қайтеміз! Өлтіреді ғой?
– Қорықпа!
– Қорқып тұрмын, аға!
– Аю адамға албаты шаппайды. Өзің тиіспесең, жоламайды. Жыртқыш дегеніңмен, момын. Ал қонжығын алсаң, бітті дей бер! Ертеректе, Қытай елінде еріккен әскерлер, көзін енді ашқан екі қонжықты апаннан ұрлап алып, сойып жеп, онымен қоймай басын кесіп алып ағаш басына іліп кеткен ғой! Аналық аю аңдып жүріп әскерлердің бастығын өлтіріп, ертеңінде басын допша лақтырып кетіпті. Одан кейінгі күндерде де шабуыл жасап, бірнеше әскерді мерт қылған.
Кенет тау бөктерін жаңғыртқан зор дауыс естілді де, артынша шомбал денелі, басы үлкен, құлақтары кішкентай, қалың жүнінен қысқа құйрығы көрінбейтін қоңыр аюдың өзі де көрінді. Балалар орындарынан ұшып тұрып, құйын-перен зыта жөнелді. Бір абыройы, аю қашып бара жатқан оларды көрсе де қуған жоқ. Ағайынды екеу киіз үйге жеткенше соңдарына қарауға жүректері дауаламай, жүгіріп отырып, сиыр саууға шыққан аналарының қасына келіп бір-ақ тоқтады.
– Үйге қарай жүгіргені несі, жаман ырым бастап?! – Қорыққаннан зәрелері ұшқан балаларына қарап тұрып қалыпты. Қарына ілген шелегін жерге қойып:
– Не болды сендерге? – деді үрейі ұшыңқырап.
– Анда… тауда, аю! – деді
Күнімхан ентігіп.
– Аюы несі? Адамның зәресін ұшырмай, рет-ретімен айтыңдаршы?!
Кішіжан болған оқиғаны тәптіштеп түсіндіріп берді.
– Құдай сақтаған екен! Қашып құтылғандарың абырой болар ма?! Бүйтіп бүлінбеуші еді, жануар! Не болды екен?! Қой, мен сиырларды жылдамдата сауайын да, әкелеріңнің алдынан шығайық, – деді аналары қасқа сиырдың бауырына отырып жатып.
Бұл кезде отағасы отарды таудан құлатып, үйге тақап қалған. Төртеулеп жүріп, қойларды қотанға қамады. Балаларының әңгімесін естіген әке кешкі шәй үстінде:
– Біреулер қонжығын ұрлаған ғой! Әйтпесе, тапа тал түсте момын жануар өйтіп шала бүлінбейді! Босқадан-босқа ашуланбайды, – деді ойланып. – Бүгінгі түн сақ болайық! Қап, әттеген-ай! Қосауыз мылтығымды Сейілхан қоярда-қоймай сұрап алған болатын. Жайратып тастамасам да, үркітуге, қорқытуға қажет еді! Болар іс болды! Өкінгенмен не пайда? – деді қасы қалың, қыр мұрынды бұжыр бет жігіт ағасы.
– Әке, – деді Күнімхан жай отырмай, ана Қажымұрат ағадан мылтық сұрасаңыз болмай ма?
– Ой-бу, балам-ай! Ол сараңнан қысты күні қар сұрап ала алмассың!
– Өзіңіз айтқандай, долы аю киіз үйді төңкеріп тастаса не болады?!
– Төңкермейді!
– Оны қайдан білесіз?
– Аналық аю қонжығын ұрлаған адамды анық білсе, мерт қылуы әбден мүмкін. Біздің жазығымыз жоқ. Жыртқыш болғанымен, жөнді-жөнсіз келе сала бас салмайтын шығар!
– Қызым-ау, жатар алдында қорқынышты әңгімеге үйір болма, – деді анасы сабырлық танытып. – Әкең мен ағаң, ана екі дәу ит тұрғанда қорбаңбайға да жан керек шығар! Ұйықта!
Шешелері төсек салып, ағасы үшеуі жатып қалды. Отағасы қолына таяғын алып, отар жаққа кетті де көп уақыт кешікті. Көзі бақырайып, көпке дейін қорқып жатқан қыздың кірпіктері айқасып, ұйықтап кетті.
Түсі ме, өңі ме белгісіз, құлақ жарған даңғыр-дұңғырдан оянса, әке-шешесімен Кішіжан ағасы киініп алыпты. Ондық шамның болымсыз жарығы себездейді. Әкесі киіз үйдің табалдырығы алдында тізерлей отырып алып, темір тегенені қысқа сапты оқтаумен тарсылдата ұрып отыр. Жүз метрдей жердегі қотан іші азан-қазан! Маңыраған қойлардың үні тымық түнді тітіркендіргендей. «Жеткен екен ғой?! «Әкем білгендей айтыпты, деп ойлады кішкентай Күнімхан қорбаң-қорбаң ете жүгірген қоңыр аюды көз алдына елестетіп. Долы неме киіз үйге кіріп келсе қайтеміз?! Осы ой басына келуі мұң екен, үрейі тіпті ұшты.
– Тиісе қоймас! Оған керегі қой шығар! Нешеуін жейді дейсің?! Ашуы да қайтар, аптығы да басылар! – Анасының даусынан байсалдылық аңғарып, тынышталайын деді.
Шаршады ма екен, әкелері темір тегенені тарсылдата соғуын тоқтатып, бас бағып есік алдына шықты да, жылдам ішке енді.
Осы сәтті күткендей, ешкінің бақырған жан дауысы шықты. Апырым-ай, даусы мұндай ащы болар ма?! Көпке дейін жағы семген жоқ байғұстың. Бір кезде бақырған ешкі даусы сап тиылды. Кірекей кеткен сияқты. Төңірек құлаққа ұрған танадай тым-тырыс бола қалды. Одан арғысы есінде жоқ. Оянса, киіз үй іші самаладай жарық. Жалғыз жатыр. Кішіжан ағасы да тұрып кеткен бе? Шапшаң киініп, есік алдына шықса әке-шешесі қотан жақта жүр. Жүгіріп жетті. Мына ғажапты қараңыз! Қоңыр аю бір ешкіні ұстап, құйрығын дөңгеленте жұлып алып, басын қылтитып тірідей көміп тастапты. Байқұс ешкі бақырып-бақырып, сілесі қатып, қатты шошынғаннан жан тәсілім еткен сияқты. Анандай жерде екі тоқты теңкиіп жатыр.
– Ашынған аю енді маза бермейді, көшпесек болмас, – деді әкелері.
Сол күні олар бес-алты шақырымдай жерге барып қостарын тікті. Ол жер де тау етегі. Белуардан келген шөп. Сыңсыған орман. Бұл жерде де қарақат, қызылқат, қой бүлдірген көп екен.
Арада үш күн өткен. Тас қараңғы түн ортасы. Үй іші шырт ұйқыда жатқан. Қатты гүрсілден оянды.
– Қоңыр аю ғой тау басынан тас домалатып жатқан. Не деген кекшіл?! – деді әкелері.
Домалаған тастар киіз үйге жеткен жоқ. Есесіне қотандағы қойлар лап қойып, есікті жапыра далаға шығып, өріп кетті. Шопан үйі тайлы-таяғымен жабылып, үріккен отарды әрең қамады.
Ертеңіне тағы көшуілеріне тура келді. Бұл жолы алысырақ кетті. Сөйтіп қоңыр аюдан құтылды.