Сыбызғымды бейуақытта сыңсыттым…
Сәулеш ШӘТЕНОВА
Бөрі-Ана
Аспаннан түскен, тумайды текке аңыздар,
Ашина-анамын, қабағымда түкті бар ызғар.
Екі аяқты бөлтірікті ауыздандырдым,
Бір тайпа емес, маған бүкіл әлем қарыздар.
Емізбеп пе едім Ер түріктің бабасын?
Елге толтырмап па едім құс ұша алмайтын даласын?!
Қомағай ұртын қан менен жынға толтырған,
Кер ауыз кейбір қаппақшы бөрі-анасын.
Қайраткерлері құлқынның құлы болғалы,
Бөрі-ананы қайырсыз қоғам қорлады.
Қарындасын зорлаған түлкі-еркектің,
Көрдемшесі сағалар жетімхананы.
Азаптың шоғы күйдіріп алақандарын,
Ажырасқан ана аялар балапандарын.
Махаббаты ғана жебейді желдің өтінде,
Келмеске аттандырады ала таңдарын.
Өгей ұл сынды ішіме өксік толтырып,
Құзға апарып құзғын, шоқымақшы мені өлтіріп.
Ұлысам ба екен тау-тасты түгел жаңғыртып?!
Ұлысам ба екен тәубеге бәрін келтіріп?!
Бөрі-ананың қанға боялмасын жанары,
Бас иген маған мемлекеттердің қағаны.
Мен ұлысам – жер сілкініп, топан алады,
Мен ұлысам – ақырзаман болады.
Аспаннан түскен аңыздар текке жаралмас,
Бөрі – ана кетсе, қабарып беті оралмас.
Жатырымда өмір кетеді, сонда екі аяқты пенделер,
Өлімге менен басқа айла таба алмас.
Мен тауларға қарадым
Мен тауларға қарадым,
Одан да шыңдай биік сені көрдім.
Ойларымды ормандай тарадым,
Ойыма да қосылып өріле бердің.
Мен теңізге үңілдім,
Тереңінен тағы да телегей сені таптым.
Сенің әрбір сөздеріңдей құбылды,
Маржандары сұп-сұлу әрі қатты.
Мен аспанға көз тіктім,
Бара жатты зәу көкте қыран ұшып.
Сені елестетті жел тіпті,
Құшағына алатын құрақ ұшып.
Мен түнге де қарап ем,
Сенің қара шашыңдай желбіреді.
Жұлдыздарды санап ем,
Сенің қара көзіңдей мөлдіреді.
Мен қай жаққа қарасам да,
Сенің бейнеңнен құтыла алмадым.
Сені ойлауменен бал ашам да,
Көкжиекке жұтылар әр Күн.
Мен осылай уақытты өткердім,
Шығарып сап жаз, қыс, көктемді.
Ар жағынан қылкөпірдей өткелдің,
Өте алмай-ақ кеткем-ді.
БІР САРЫН
Қараңғыда адастырмайтын шырағым болды,
Шығармадым уысымнан.
Есер құлақ ұқпайтын бір әнімді оңды,
Жұлдызды көкке ұшырам.
Жаңылдырмайтын жарығым болды,
(Боталай алмайды тұмса-мұң).
Сәулесін шашып, жаныма қонды,
Түнектен жеткен бір сарын.
Қайың бесікке сап әлдиледі,
Басыма жусанды байлады.
Жын менен пері тимеді,
Исініп тұр Ай да әне.
Бөрі болып жортсам да,
Жетім тайлақтай маңсам да.
Сол сарын мені жолға сап,
Айылымды тартады талсам да.
өріктің үніндей күмбірі,
Темірдейін балқытты.
Жүректің түбінен тамған сырлы үні,
Теңіздейін шалқытты.
Қабыланның терісімен тысталған,
Даңғырамды қағайын.
Қараңғыны қақ айыра сүрлеуімді нұсқаған,
Шырағымды қолыма алайын.
Ол барда мені жау алмайды,
Ол барда мен жоғалмаймын,
Ол барда мен өлмеймін.
Жырау бабам
Сөз дегенің бұйым ба?
Ақтан жырау
Жөңкіліп жүрегінде жыр аунаған,
Түсіме кірді бүгін жырау бабам.
О дүниеге көшкен-ді Көктегі ана,
Қайтқан құсқа ілесіп тыраулаған.
Шайырым, сусын-сөзді сығымдама,
Теңіздей сапыратын жырын баба.
Тақырды телегей ғып толтыратын,
О, біздікі – жылжыған жылым ғана.
Жыр буып, аруағы қыстағанда,
Ағылатын арқасы ұстағанда.
Бабадан бір кез кемдеу туылыппыз,
Әшейін мәз боламыз ұқсағанға.
Төңкерілген толқыны төрінде ана,
Теңіздей шығаратын демін баба.
Шапанының шалғайы желпіп өткен,
Біздер ұстап қалғанбыз лебін ғана.
Жұтаған кей сөзіміз сүмірейіп,
Тоналған қазынадай үңірейіп.
Жүрсе де кеуделерін кереді көп,
Мысықтың кіркеніндей күдірейіп.
Сөзімізді қағазға мөрлеп, хаттап,
Сары майдай жүреміз баптап, сақтап.
Бабам сөзін шашудай шаша салған,
Далам өзі құнттап, алған жаттап.
Жөңкіліп жүрегінде жыр аунаған,
Түсіме кірді бүгін жырау бабам.
«Сараңдай сөзін сатқан, ай, сақау!» – деп,
Қамшысын сермеп қалды дырау маған.
Күнмен таласпа
Қара тасқа таңбаланып қашалған,
Айдан анық ақиқат бар Алашта.
«Дөңгеленіп Күн батқанда – деді анам, –
Ұйықтама, күрең Күнмен таласпа!».
Ай-апамның бейне күміс шарасы,
Мақпал түнде жұлдыздары нақ ақық.
Дейтін апам: «Екі кештің арасы –
Улап-шулап шайтан көшер уақыт».
Түн келеді қара шашын тарқатып,
Жұлдыздардан тана-моншақ тағынған.
Алты алашым туған Айға тіл қатып,
Сосын анау күрең Күнге табынған.
Тәжім етіп Айға, Күнге, желге де,
Қайтқан қаздай бұл жалғаннан өткенбіз.
Құстарға ұқсап көшіп-қонып жүргенде,
Табиғатпен тамырласып кеткенбіз.
Табиғатты Алаш Тәңір тұтқанда,
Табиғат та тартты уыздан сыбаға.
Күн күркіреп, дүркіреп шөп шыққанда,
Аймалады жүзімізді Күн-Ана.
Дала заңы жоқ Алаштан өзге елде,
Бала қыз ек тыңдап өскен шешені.
Күн батарда ұйықтамаймын, сол кезде,
Жын мен пері түнегіне көшеді.
Күн де батар төбеге ат шалдырып,
Бір сұлулық қонақтатып далаға әр.
Нанымдарын ұрпағына қалдырып,
О дүниеге көшіп кетті бабалар.
Ақ қасқыр
Шыңда тұрып үзілердей жұлыны,
Ол аспанға қарап тұрып ұлыды.
Неге ұлыды, түсінбедім, ақ қасқыр,
Тың тыңдайды тұнжыраған түн – ұры?!
Ақ қасқырдың Айға сіңген мұңды әнін,
Көзімнен жас үзіп тұрып тыңдадым.
Қобызы мен сыбызғысын қалдырып,
Ғасыр, сен де асылдарын ұрладың.
Күлдігінде қалған күміс көзеде,
Жазулы тұр ирек таңба – сөз, өре.
Құмға айналған қорымдағы көп бастың,
Енді қайтып бірікпесін сезе ме?!
Мәңгүрт – сынды ұмытып кім екенін,
Жақындарым болып кетті бөтенім.
Аспаныңды аңсай берме сен де енді,
Шыңда ұлыған қасиетті тотемім!
Тас басында жан алатын Қалбұттай,
Тас заманын қаншық қасқыр қалды ұқпай.
Бұл не сұмдық құлағымда ұлыған,
Қанымның әр түйіршігін қалғытпай.
Әніңді сап айқайлайды жартас құр,
Міз бақпайды тастар – бақталастар кіл.
Шыңнан түсіп жерге бүгін оралам,
Мені әзірге мазалама, ақ қасқыр!
***
Қобызымды кеште сарнаттым,
Халқымның мұңын паш қылған.
Сыңғырлаған сауытындай сарматтың,
Сарыала саф алтынды жапсырған.
Қобызымнан дастан тыңдаттым,
Ол аумады тасқыннан.
Сыбызғымды бейуақытта сыңсыттым,
Самалдай шөптің басын тербеді.
Шықтарды шөптің көзінен ыршыттым,
Тамшыдай тәтті болды шөлдегі.
Тереңге бойлаймын деп тұншықтым,
Шыңыраудан көкке өрледім.
Қамыстың сабағындай гуілдеп,
Көкірегіне шер толып.
Шаңқобыз бенен уілдек,
Сөйледі маған жел болып.
Төбеде тұрды Күнім тек,
Алтын нұрымен көмкеріп.
Домбырамның бұрауын келтірдім,
Ол жеңіс күйін тарта жөнелді.
Бір ұлыған ойды өлтірдім,
Іште қыңсыламайды ол енді.
Кеудемді ақ толқындарға толтырдым,
Дүниеге әкелдім өлеңді.
***
Шыр айналып жанымда шарқ ұрған,
Көрсеқызар біреу ме ең барып тұрған.
Кінә артпайын, көз алмай қарады – деп,
Сәулем шығар көзіңді қарықтырған.
Толағайдай таудай жүк артып алған,
Іздемейін ұсақтық нар тұлғаңнан.
Жол жөнекей өткенде, шұғылалы,
Сәулем шығар өзіңді тартып алған.
Болар ма екен мен үшін жаның құрбан,
Өрлігіңді өрелеп бағындырған.
Кездеріңе мен кінә артпайыншы,
Сәулем шығар жолыңнан жаңылдырған.
СЕН КЕТЕРСІҢ…
Жатқанда қырқа гүлдеп, арша гүлдеп,
Ән салдың әуелетіп, «Аршалым» деп.
Жете алмай әуеніңе талдым, қалқам,
Жете алмай қалған менің аңсарым көп.
Ұшты әнің, ал әніңе жете алмаймын,
Жамау жүрек ішінде кетер қайғым.
Аққу әнің кеткенде алысқа ұшып,
Аққусыз аласұрып жатады айдын.
Іздеп мені келмейсің, білем, білем,
Күн емделем бұл дерттен, түн емделем.
Ноқта салып, алар ем жуасытып,
Уақыт-ай, аяғымды шідерлеген.
…Қаздай әрең қанатын қағады, әне,
Бірте-бірте әуелеп барады әнің,
Сыйламақ ем өзіңе, амал қанша,
Иығымда қап қойды орамалым.
Тағдыр бізге жазмышын бұлдап тұр, ә?
Сен кетерсің күндермен ұрлап тынған.
Ақша бұлтқа ән болып қонғаныңда,
Орамалымды мен жерден бұлғап тұрам.
Орамалымды бұлғап тұрам…
Сен бұрын қайда жүрдің?
Алты айшылық жолдан ассын деп,
Уақыт мені асықтырмады.
Жаттан жиреніп, жанына қашсын деп,
Жақындатпады қашықтың бәрі.
Көлеңкелер мен күнгейлердің де,
Аражігін тапсын деген.
Түймесіндей сонсын үзілген түннің де,
Жұлдыздай саған ақсын деген.
Жасандылықтан мезі болғанда,
Тазалықты аңсасын деген.
Бағасын ұғып мынау жалғанда,
Бақытын іздеп шаршасын деген.
Тағдырдың тиіп таяғы қатты,
Жасымды үзіп, жылап жеткенмін.
Жұмақтай сезіп рахатты,
Құшағыңа құлап кеткенмін.
Сүйген жүрекке ұғындыршы,
Күздің де мынау көктем екенін.
Сені адаспай табу үшін,
Соншама ұзақ жол шеккен екенмін.
ПІКІРЛЕР1