Базарбай Жұманиязов
Ғибратты өмір сүрді
Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қазаға ұшырады. Көрнекті композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор Базарбай Сағадиұлы Жұма-ниязов 79 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Базарбай Жұманиязов абыройлы еңбек етіп, ғибратты өмір сүрді.
1936 жылы 1 қарашада Орал облысындағы Жәнібек ауданының Орда ауылында дүниеге келген ол 1958 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясына оқуға түсіп, еңбек жолын Орал облысының Орда ауылындағы орта мектептің оқытушысы қызметінен бастады. Базарбай Жұманиязов Абай атындағы опера және балет театрын басқарып, Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының бірінші хатшысы болды.
Оның шығармашылығының басты тақырыбы – Отанға деген сүйіспеншілік еді. Б.Жұманиязовтың «Жер» (1967), «Отан туралы кантата» (1972), «Мерекелік шеру» (1980), «Достық» (1980), «Кең-байтақ отаным менің» (1988) кантаталары, «Махамбет» операсы (1990), «Халқым туралы поэма» (1969), «Айтыс» (1972) атты вокалды-хореографикалық композициясы, «Кек әні» (1978) вокалды-симфониялық поэмалары, «Дала» (1976) симфониялық картинасы, «Қуаныш» (1980) симфониялық күйі, симфониялық оркестрге арналған екі сюитасы (1985, 1987), «1731 жыл» атты поэма-симфониясы (1987), көптеген ән-романстары қазіргі заманғы отандық кәсіби музыканың дамуына қосылған елеулі үлес болып саналады, сондай-ақ, ол бірнеше спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жазды.
Базарбай Сағадиұлының еңбегі мемлекеттік жоғары наградалармен марапатталды. Ол «Парасат», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері, Орал қаласының құрметті азаматы атанды.
Жылдар өтер, бірақ абзал азамат, көрнекті өнер қайраткері, композитор Базарбай Сағадиұлының жарқын бейнесі ел жадында әрдайым сақталары сөзсіз.
Марқұмның туған-туысқандарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрлігі.
Мәдениетті жан еді…
Базарбай Жұманиязов – белгілі композитор, Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ағамызды Базеке деп атайтынбыз. Консерваторияның алғашқы курсына келгенімде ол кісі композиторлық бөлімде, Брусиловскийден сабақ алып жүр екен. Болат есімді жігіт екеумізді таныстырған соң бірден ағалы-інілі болып жақсы араласып кеттік. Базарбай ағаның «Көп қарадым суретіңе», «Кешір, жаным», «Ардақты аға», «Өнерлі шаштараз» деген әндерін алғаш радиоға жаздырттым. Мен ол кісіні қатты сыйлайтынмын, аса қадір тұттым. Оратория, контата секілді ірі жанрлар жазды. Шоқтығы биік, ең үлкен туындысы – «Махамбет» операсы. Ал «Көп қарадым суретіңе» әнін бүгінге дейін, үшінші ұрпақ алмасып айтып келеді. Азамат ретінде де кішіпейіл, артық сөзі жоқ, ішкі мәдениеті өте жоғары, өз қызметін бұлдамайтын керемет адам болды. Бірнеше жыл опера театрының директоры, Композиторлар одағының басшысы болды. Өте қарапайым жан еді. Дүниеден осындай ірі тұлғаның кеткеніне қабырғамыз қайысады, қайғырамыз. Өзі он жеті жыл бойы ауырса да соған қарамай, өмірге деген құлшынысын ешқашан жоғалтқан емес. Ауырып отырса да жазуды тоқтатпады. Қимас ағамыз дүние салды.
Жаны жәннатта, иманы салауат болғай!
Ескендір Хасанғалиев.
Қош бол, қазақтың Базарбайы!
Біз мына дүниеге қонақпыз. 1957 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияда бас қосып едік. Біріміз Шығыстан, біріміз Батыстан дегендей… Санасам, Базарбаймен жеті жыл бірге оқыппыз. Керемет жігіт еді. Алғашында танысқанымызда Бәкең өзін өте алғыр, өткір, білімдарлық қырынан байқатты. Адамдық, азаматтық, қазақылық кейпін өмірінің соңынан дейін сақтаған біртуар азамат. Кілең мықтылар жиналған уақ қазақ музыка өнерінің ренессансына тап келді. Ол өмірге ерекше құштар болды. Тек қана мен емес басқа да өнер иелері Базарбай Сағадиұлымен замандас, тағдырлас болды. Оның ерекше мінезі – мақтанбайды, ештеңені саудаға салмайды, көлбеңдеп көптің алдына шыға бермейді, өтірік айтпайды, бетегеден биік, жусаннан аласа жүрген біртоға кісі еді. Қош бол, қазақтың Базарбайы! Жатқан жерің жәннатта болсын!..
Нұрғали Нүсіпжанов.
Еліне адал қызмет етті
Қазақ өнері тағы бір қазаға ұшырады. Ұлтымыз қазақтың көрнекті композиторынан айырылды. Бұл тұлғаның қазақ өнеріне жасаған еңбегін айтып тауысу мүмкін емес. Дүниежүзілік деңгейде орындалған опералық һәм симфониялық туындылары бар. Музыканың қай саласына болсын жүрексінбей барды. Мені бір таң қалдыратыны – ұлттық мәдениетіміздің ұлыларының көбісі Евгений Григорийұлы Брусиловскийдың шәкірттері. Базарбай Сағадиұлы болсын немесе Еркеғали Рахмадиев болсын бәрінің ұстазы осы композитор болды. Өкінішке қарай Базарбай Жұманиязов көп ауырды. Соған қарамастан еліне қызмет етті. Жатқан жері жәннатта болсын! Өмірден озу деген Хақтың заңы ғой. Біреу ерте, біреу кеш дүние салады. Қош бол, қазақтың ұлы композиторы!..
Кеңес Дүйсекеев.
Хош, қадірлі ұстаз!
Базкең музыкалық дарыны мен білімі тең түскен кәсіби композитор. Мен ол кісіден бірталай уақыт сабақ алдым, қадірлі ұстазымыз еді. Базкеңнің Құрманғазы оркестрі орындап жүрген «Серпін» деген шығармасы, «Махамбет» операсы кең тынысты жанр ретінде жақсы бағаланды, халық жақсы қабылдады. Базарбай Жұманиязовтың дүниеден өткені қазақтың кәсіби музыкасы үшін, қазақтың төл өнері үшін ауыр қайғы. Жаны жәннатта, топырағы торқа, иманы жолдас болсын!
Ермұрат Үсенов.
Композитор
Базарбай Жұманиязовқа
Оралмас енді қайтып қайта арманы,
Бір-бір тарих сазды әуенмен айта алғаны.
БАЗАРБАЙ ЖҰМАНИЯЗОВ жарқын бейне,
Музыка өнерінің майталманы.
Сазды әуенмен қысқарады жол арасы,
Әуен-саз, сиқырлы әуен сол анасы.
БАЗАРБАЙ ЖҰМАНИЯЗОВ асыл тұлға,
Сан жыл болған музыка төрағасы.
Кеудесін Тәңір сазға толтырғасын,
Қанатына бақ сазы оң тұрғасын,
Базарбай Жұманиязов композитор,
Жасаған Махамбеттің сом тұлғасын.
Сұлулықты сыйлады бір абатты,
Кеудесінен саз болып бұлақ ақты.
Ағалар алдындағы биязы жан,
Інілер алдындағы ұлағатты.
Музыка аппақ қары борағаны,
Әуен сазы – кеудесіне орағаны,
Үйімізге енгенді құда болып,
О басынан Базекең төр Адамы.
Әсем саз әуелеткен қаулап атын,
Жаятын жайсаң еді бау қанатын.
Сыпайы зиялы жан о басынан,
Кішіпейіл көрікті бір тау болатын!
Қолдан келер амал жоқ ажал қайғы,
Қайғының орнын қайта жаза алмайды.
Ел-халық қоштасып тұр, қош бол енді,
Қазақтың ұлы тұлға БАЗАРБАЙЫ!
Сапарлас жанға серік жолда болсын,
Көрікті едің қай зиялы орта болсын.
Қазақтың қимас асыл перзентісің,
Ал, аға, топырағың торқа болсын!
Шөмішбай Сариев.