ӘБІШТІҢ «ШЫҢЫРАУЫ»
24.08.2018
2732
0

(«Әбіш Кекілбаев» энциклопедиясы хақында)

Кейде терең танып білмей тұрып жан-жақтылығымен көзге түскен кей тұлғаларға қарата «энциклопедиялық білім иесі» деген теңеуді қия саласың. Ол да болса, көбіне-көп оның түрлі салаға қосқан ұшан-теңіз үлесін айқындаудан бұрын өзің үшін аяулы көрінген жанның иығын көп арасында бір елі көтермек ниетпен айтқаның. Кісі баласы болғандықтан көңілшексің ғой. «Сенен аяғанды ит жесін!». Осылай дейсің де, әрі қарайғы ілтипатыңды мадаққа ұластырасың. Егер мақтап жатқаның соған лайық болса – бұл сауап іс. Әйтсе де… (Осы сөздің басы қылтиса болды ылғи да әңгіменің «құтын» қашырады). Әйтсе де әлдебір жиындарда, ғылыми отырыстарда «ғылымға, әдебиет пен мәдениетке еңбегі сіңген ұлы тұлғаны» қолпаштап жатып, «энциклопедиялық білімді» оның санасына тәтті тіліңмен бір-ақ сәтте дарыта салу – оңайдың оңайы. «Мәртебелі тұлғаның» сансыз атақтарына алғаусыз ақ көңіліңмен бұл тіркесті де қосып жібересің. Дегенмен, тілге жеңіл болғанымен, астарына үңілгенде атан түйеге жүк болар ауырлық арқалаған осы теңеу екінің біріне айтылуға тиісті ме? Қара сөздің кепиетін таныған әрбір жан бұл сұраққа «жоқ, олай болмайды!» деп жауап берер еді. Өйткені сөз – киелі. Орынсыз пайдаланам десең – қадірін қашырасың. Осы бір тәмсілге шын лайық адам он, жиырма, отыз жыл да емес, бәлкім ғасырда бір туып жатса халық қолын көкірек тұсына қойып, Тәңірге шүкіршілік етіпті. Ал Әбіш шығармашылығына ден қойғандар оның телегей біліміне тамсанып, таңдай қағудан әсте жалығар емес.

***

Жақында «Арыс» баспасынан жарыққа шыққан «Әбіш Кекілбаев. Шығармашылығы. Энциклопедия. Бірінші том» атты еңбек Кекілбаев тұңғиығының тағы бір дәлелі іспет­ті. Кітапты шығарушылар Әбіш тереңіне сүңгуге тырысыпты. Баспа директоры, филология ғылымдары­ның докторы Ғарифолла Әнес жи­нақ­тың үлгісін жасауға «Достоевс­кий» энциклопедиясы сеп бол­­ған­дығын айтады. Сондықтан да бұл томның бастан-аяқ үлгісі бұрынғы шығып жүрген энцикло­педиялардан басқаша.
«Шығармашылық» атты бірінші томның жобасына маңғыстаулық жазушы-журналистер Ә.Спан мен жазушының туысы Л.Сәдуақасов­тар мұрындық болыпты. Бұл фо­лиант «Әбіш Кекілбаев» энцик­ло­пе­диясының суреткер шы­ғар­машылығына арналған алғашқы томы. «Өмірі мен ортасы» және «Көрсеткіштер» деп аталатын екінші және үшінші томдықтары алдағы уақытқа жоспарланыпты.
Бұндағы басты жаңалық деп, ең әуелі оның құрылымын айтуға болады. Бұрынғы шығып жүрген энциклопедиялар «А»-дан «Я»-ға дейінгі әліпбилік түзіліммен жасалатын. Ал бірінші том сурет­кердің шығармашылық мұрасын жанр-жанр бойынша талдайтын жеті тарауға бөлінген. Алғашқы тарау – Поэзия жазушының ең алғашқы, өзін өлеңнен іздеген тұс­та­ғы шығармашылығын талдауға арналыпты. Онда суреткердің 1962 жылы жарық көрген «Алтын шуақ» деп аталатын тұңғыш өлең кітабы мен кейінгі – 1999 жылы шыққан «Дүние ғапыл» атты поэзиялық жинақтарына енген жырлары жан-жақты сөз етілген. Әбішті сыншы, қаламгер ретінде әбден танып қал­ған оқырмандарға бұл тарау тұл­ғаның жаңаша қырын ашады. Жазушының сыршыл лирикалық өлеңдері оның қалыптасу кезе­ңін­дегі ішкі болмысын анық көрсеткен.
Әдеби ортаға ең алғаш өлеңмен кірген жас ақынды «Поэзия» та­рауы­нан кейін таба алмай қаласың. Алғашқы өлеңдер жинағы шық­қаннан соң ол бірден ақындықтан алыстап кетіпті. Оның әдебиеттегі жұлдызы жанған шақтар осыдан былай қарай басталған. Әбіштің суреткерлік шеберлігі алғашқы әңгімелерінен-ақ байқалған еді.
«Проза» тарауында жазушының әңгімелері, хикаяттары мен роман­дары, оның ішінде он үш әңгімесі, он повесі және үш романы жеке-жеке сөз болыпты. Тағы бір ерек­шелік, бұлардың әрбірі көркем тілмен өрнектеліп жазылған. Басқа энциклопедияларда қысқартулар көп болса, ал бұл жаңа томда әуелгі дәстүр сақталмаған.
Тағы бір ерекшелік, бұнда Әбіш қаламынан туған туындылардағы кей кейіпкерлердің өмірдегі прото­типтері туралы деректер беріліпті. «Автомобиль» хикаятындағы Жа­қан­ның прототипі – Қобылан Зоранов, Шайхат басқарма – Шаңытбай Махамбетов жайлы тың мәліметтер бар. Түрлі жер-су ат­тары, жазушының анасы – Айсәуле анаға қойылған Ондыдағы ескерт­кіштің фотосуреттері және басқа да қызғылықты ақпараттар енген. Бұған қоса, Әбіштің әлемнің түрлі елдерінде жарық көрген кітаптары хақында бірталай мәлімет беріліп, сол туындылардың мұқабалары түрлі-түсті суреттермен көмке­рілген.
«Драматургия» тарауында Әбіш қаламынан туған «Абылай хан» халықтық қаһармандық драмалық дастаны жан-жақты сөз етіліпті. Ал «Аудармалар» тарауында жазушы­ның тәржіма өлеңдері, романдары мен пьесалары туралы деректер келтірілген. Қаламгердің ағылшын драматургі Уильям Шекспирден «Ромео мен Джульетта», «Король лир», «Кориолан», швейцариялық жазушы Макс Фриштан «Дон Жуанның думаны», орыстың ұлы жазушы-драматургі Антон Чехов­тан «Ваня ағай» пьесаларын және басқа да шетелдік жазушы-дра­матургтердің көптеген шығар­мала­рын аударғаны, аударып қана қоймай олардың театрда сахна­лануы Әбіштің сол кездегі мәдени өміріміздегі ұшан-теңіз еңбегін айғақтайды.
Әбіш Кекілбаевтың әуел бас­тан-ақ байқалған тарихқа деген зор махаббаты романдарынан бөлек «Тарихи-танымдық туындылар» тарауынан да тереңірек танылады. Бұл тарауда Әбіштің ұлы қаһарман ақын Махамбет туралы жазған «Шандоз» деректі-тарихи баяны, Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні мен келешегі жайында сыр шерткен «Ұйқыдағы арудың оянуы» деген тарихи-танымдық, публицис­тикалық шығармасы, «Талайғы Тараз» және «Тіл мен тәуелсіздік» атты тарихи-танымдық зерттеу еңбектері енген.
Жиһанкездердің түрлі елдерге барып, көрген-түйгенін қағаз бетіне түсіруі – бұрыннан бар үрдіс. «Сапарнамалар» тарауында жазу­шы­ның осы қыры көрініс тапқан.
Одан кейінгі соңғы әрі ең өнім­дісі – «Мақалалар» тарауында. Бұн­да 660 туынды еніпті. Оның ішінде 57 сыни мақала, 93 сұхбат пен 38 қазанама сынды жазбалар әліпбилік жүйемен тізбектеліп берілген.
Кез келген кітапты қолыңа алғанда ең бірінші оның сыртқы мұқабасына, әдемі иллюстрациялық суреттерге көзің түседі. Қалың мұқабалы 800 беттік үлкен томның тағы бір ерекшелігі – ондағы жазушының әрбір туындыларына арнап салынған әртүрлі суреттер. Энциклопедияның ішіндегі кей тараулар суретші К.Бекеновтің арнайы салған иллюст­рация­ларымен үйлесімді көмкерілген. Қылқалам шеберінің әуелі шығар­маларды оқып, содан соң барып сәй­кес образдарын жасаған көркем суреттері оқырманға жақсы әсер сыйлайды.

***

Әдетте, суреткерлер кірпияз ке­леді деседі. Әсіресе жазуда. Қастерлі қаламсабынан ақ параққа ақ­та­рылған асыл сөз олардың жүре­гінен суырылып шықпай жатып қан тамырларымен бірге жалғасқан. Өзегін жарса да жазушы мен жазудың (оның қаламынан туған) арасында үзілмейтін құпия байла­ныс бар. Қаламгер үшін өзі дүниеге әкелген әрбір туындысы қастерлі болары осыдан шығар. Ал Әбіш ше?.. Әбішті білетіндер оның өмір бойы жазған-сызғандарын бір жинамай өткендігін айтады. Сурет­кер қаламынан шыққан әр туын­дыға қарап, оның бұл әрекетін әсте еренсіздік дей алмайсың. Ол жазушының міндеті тек қана жазу, жазу және жазу екенін көрсетті. Бұған ісімен де үлгі болды. Энци­кло­педияны оқып отырып, Әбіш қаламынан қаншама туындылар өмірге келгеніне куә боласың. Жә­не қандай туындылар!.. Ол жазған сыни мақалаларының бірде-бірінде ешбір адамға ауыр сөз айтпапты. Ең өткір дегенінің өзін астарлап, ыммен жеткізген. Онда мақтау көп. Және соның бәрі орынсыз емес. Оның шығармаларын ақтарғанда өзің кемшілік танытпасаң дүниенің де кеңи түсерін пайымдайсың. Әбішке қарап бой түзеуге тырысасың. Табиғат оның осы мінезіне сай толассыз дарын, кең жүрек, кетпес дәулет берген шығар, кім білсін.

***

Жаңадан шыққан бұл тағылым­ды еңбек Әбіштің «Шыңы­раудай» терең энциклопедиялық білі­мін айғақтайды.

Нұрлайым БАТЫР

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір