ҚОС БАРМАҚ ҚЫЗ
Жаңагүл ҚАДАЙ
(Әңгіме)
Қасқайып жатқан қара жол кішкентай мүйіз тұмсықтан айналғасын-ақ қақ жарылады. Бірі жан-жағынан қаумалаған таулардан әлдеқалай бағыт-бағдар тауып, ашыққа алып шығардай тоқтаусыз алға созылып жатады; енді бір жармағы мүйіз тұмсықты бауырлай биік-биік тау қолтығына сұғынып кіреді де, Жақия сайына ірге көмген ауыл шоғырына бастап әкеледі. Бұтарланып кете барған соқпақ жол әр қадам сайын есіме тірлік дейтін ұлы сапарда достасып табысқан, қоштасып аттанған жандарды сала берсе, қоңыр таудың басын ораған ақ шарбы бұлт анамның жаулығындай желбіреп «Кел құлыным, келе ғой» дегендей ертегі ауыл көз алдыңда құшағын жая береді. Шекене ауылды қолтығына қысып алып, сырт дүниеден қашып бара жатқандай «жақындасаң алыстап, алыстасаң жақындайтын» Боғда батыр соқпақты жолға бойын алдырып, сапар тауқыметін тартқан жанды әлдебір мазасыздыққа мойын ұсындырып, «Қашан ғана осынау қараңғы түбектен құтылармыз?» дейтін кінәлі ойға жетелей беретін еді.
Аспаны көк болып көрінетін аядай қойнауда қалған саяқ әлемде қанатына теңбіл болып қара бояу қонып қалған қызғылтым сары жәндікті алақанына көтеріп алып, қазақтың балалары ұран салып жүретін.
– Ел қалай көшеді?
– Ел етекке түседі.
– Етекке де жетерміз, етекті қоныс қып кетерміз. Жалғыз, елқалай алақаныма қонбайтын шығар, енді маған ұран салу қайда?
– Сен оқуға кеткенде бөтелкемен елқалай салып жіберемін.
– Сен жіберген елқалайды көтеріп алып тауды аңсайтын шығармын.
– Әрине, тау қызысың. Екеуіңді тау жаратқан!
(Солай тау бізді жаратты)
– Ертеде, – дейтін ол – Жаралы жігіт көл жағасында жатқан екен. Ғайыптан келген аққу жігіттің жарасын емдей жүріп, ай мен күннен аумайтын хор қызына айналып кетіпті де, батырға жар болған екен. Қазақ солардан тарапты.
– Ертеде, – дейтінмін мен – Ордасын шауып, еркек атаулыны өлімге айдаған тұста, тігерге тұяғы, паналайтын күркесі қалмаған шапқынды өлкенің жалғыз тұқымын құртқа бауырына басып алыпты. Қазақ –көкжалдың бөлтірігі.
Аңызды маған тау үйреткен, етектен өзге әңгіме үйренетінімді түйсінбеген екенмін.
– Ел қалай көшеді?
Мұздатылған елқалай жауап қатудан қалған. Ал, мен ешқайда қоныс аудармайтын едім, жайлаудан күздеуге, күздеуден қыстауға, көктеулік көз түгіл көңілден өшкен.
Биік-биік адами жартастар арасында мойныма таққан қасқырдың асығын уысыма сығымдай тұрып айғай салдым, «Жартастар» жауап қатпайды, елқалайдан аумаған. Жаңғырығы жоқ қала жартастары «Түлкі тұмсықты» ойға салады. Онда ағам жүр ме екен қозы жайып?
Жоқ, қозы жаймайды. Ағам үйленген, жалғыз балапаны қозы жаюды білмейді, жеңгем базарға келіп кірнеден арылған, бауырымның кіндік қаны қара қостан алыста, алыс қалада тамған. Қалада қазақ көп, дегенмен тегіне тартып қозы жаюды білмейтін вирус жұқтырып оралған, тым аурушаң. Ауырған немересіне қарап апам келініне бетін тыржитады, келін жарамсыз болды.
Ағам айтатын аққу қыз жеңешем болмады, мен аңсайтын құртқалар тірлігі буалдыр елеске оранып қалды. Ертек маған өз әңгімесін үйретті, ол былай басталады екен:
«Күндердің күнінде, ертеңнің ертеңінде, қаланың бұрышында жапа мен азапты тартып жатқан күлше қызға Жапон көлігіне мінген ханзада жолығады, олардың романтикасы осыдан бастау алады».
Әңгіменің мені еліткені соншалық тау үйреткен аңыз жадымнан көтеріліпті. Қашаннан бастау алғаны белгісіз, шуағын шашқысы келмей бұлдана көтерілетін күн астында тұрып күнікей болуды құлқым сүймеді, ханзадам қашан жолығар деп бақшаға баруды үйрендім. Атам заманның ханзадасы емес, темір атты тегеурінді қолдарымен үйреткен мырзалар көп екен.
Күлше қыздың әңгімесін жеңгем де ұнатып қалған. Ауылға айында бір қайтатын еркесімен ұзақ-ұзақ сырласатын.
– Жеңеше, сіздің ханзадаңыз –ағам.
– Жоқ, ол осындағы қойлардың ханзадасы, атадан қалған жалғыз тұяқ – Соңғы сөзді апам әуезіне салғасын, әдейі шымшылап алатынмын:
– Әпекеме жездем сай деген.
Жеңге де осал емес-ау: «Ханзадаға күлше қыздың керегі қалмайтын шығар, онда» деп салатын.
Жеңешем көпке шейін желпініп жүретін, өзін күлше қыз санайтын іспетті. Қара жолға телміруді ол да үйреніп алыпты. Кейде қиялмен отырып қалып, тындыруға тиісті шаруаларын ұмыт қалдырғаны үшін ағамнан сөгіс те естіп жүрді. Мүйіз тұмсықтан айналған қара жолдың тағы бір тармағына мынау тұңғиық түбектегі жаңалығы жоқ, жабығысы көп тұрмыстан өзін біржола құтқаратын беймаза ханзадасын күтіп қарақат жанарын қадайтын тәрізді. Ондайда жаны жақын жеңешені жек көріп «жеңге біткенге күлше қыздың әңгімесін айтудың қажеті жоқ» деп ойлап қалатынмын. Сол күндері дала гүлін тек дала табиғаты ғана аялайтынын асыл жеңгеме ескертіп қоймағаныма әлі күні опынамын.
Тау жаққа көз тастадым.
«Тауларым, ел енді қалай көшер екен?»
Тау біткен мәңгүрттеніп қалған, тілсіз. Аспан қыз киген көк көйлектің етегіне түскен қарақошқыл дақ олардың басын орай салған. Сосын, тау анам жанары әлсіреп, көзілдірік тағуға мәжбүр болған, таулар да қартаяды екен. Тауда өткен соңғы күндері жеңгеме:
– Елқалай болмаған қалаға,
Ертөстік қалай оралсын? – дегенімде жеңешемнің қулана жымиып:
– Күлше қыз қалған орданы,
Ханзада қайдан ұға алсын? – деп жауап қайырғаны есіме орала береді.
– Сонан соң, – деді тыңдарманым әлденеге асыққандай болып. Ақиқатын айтқанда, оның көңілі неге алабұртып отырғанын қу ішім сезіп тұр.
– Несін асығасың?
Ол үндемей қалды, бөлме ішін өлі тыныштық торлады.
– Мен бұл әңгімені жазу жайында көп ойланғам. Адамдар жазушы деген өлмес атақты іздеу дейді, жақатпайды; кейбіреу олар тым сезімшіл жандар, адамзат атаулы қаламдарының ұшында ғашықтық сарынының құрбандығына шалынып жатады деп түйіндейді. Шынында күлше қыздың әңгімесі күрделірек.
– Мүмкін, сен олай жазбайтын боларсың? – бұл бейне баланың сұрағы сияқты сезілді маған.
– Сенің қарындасың бар ма?
– Бар, жалғыз.
– Менің де ағам болған.
– Білемін, аққу қызға ғашық ағаң бар.
– Жо… жоқ. Ол тек ертегі ғой. Оның ғашығы қос бармақ қыз.
– Қос бармақ қыз?
– Иә.
– Онда жеңгең ше?
– Ол аяқталмаған әңгіме.
Қара шана ұзап барады. Ақ сағымға оранып алыстаған қаршанасынан көз алмай «Түлкі тұмсықта» тау басына қадалған қарақшыдай бір бейне қалып қойды. Ешкім сезген жоқ, ал мен көріп тұрмын көргенде де көзіммен емес, жүрегім сезіп келеді. Ақ орамалы желмен бірге желбіреп, төбе басында қалған арудың ағы ақ, қарасы қара әдемі жанары Боғданың қолтығына бұғып қалған ауылды шарасына қондыра алса да, қара шана үстінде алысқа, алыс болғанда мәңгілікке аттанып бара жатқан ардақтысын сидыра алмайтынын, арманға айналған сезімін бір жола жүрек түбіне жерлегісі келген қыздың, аспанына сүркей мұңның сұр бұлттары үйірілген шағын ауылдың айдынына қонған көгілдірі сынды көрікті қыздың көңілсіз жанарында ғана аға елесі қалғанын сезіп барамын.
Мүйіз тұмсықтың айрық жолы секілді тірліктің кері бағыттарға беттейтін соқпақтарында жолығып, кездесіп тура сенімін артып, сезімін сыйлауға дәрмені жетпеген жігіттің кінәсі ма, әлде жаратылысынан біткен артық қос бармағын кемістік санайтын адамдардың кемелдік, жо… жоқ мінсіздік дейтін атауға болған талғампаздығынан ба ол екеуі бірі жарға, бірі ашық алаңқайға беттеген жандардай қоштасып кете барған. Қоштасу біржола емес, аядай ауылда көз көрім, қол созым жерде тұрып, тыныс-тіршілігі біте қайнасқан қоңсы-көрші бола тұра енді мүлдем бір-біріне бейтаныс халде тірлік кешуге тура келген. Қар үстімен сырғанайтын қара шана зымыран жылдардың жетегінде арыстай денені алға ұзатып барады. Енді қайтып кері теппейтін уақыттың заңдылығы бір тынысты тоқтатқан, бір жүректі суытқан. Қос бармақ қыздың мұңы бізден де ауыр сезілді маған.
– Ертеде, Алатауда атағы алысқа тараған әппақ марал болған екен, – деп айтушы еді апам – әппақтығы сондай таңда жауған ақша қардан пәк, мөлдір екен. Аңға шыққан хан маралды көріп кімде-кім осы маралды тірі ұстап алып келсе, үш тілегін орындаймын деп алашқа жар салады. Ұлан-ғайыр аймақтың ығайы мен сығайы, құралайды көзге ататын мергені мен тазы жүгіртіп, құс салатын аңшылары түгелімен Алатаудың алты атырабын аралап, жеті жүлгесін түгендесе керек-ті. Ал ақмарал адам атаулыны иісінен сезіп, қатер таяған сайын алысқа ұзап кете барады екен. Күндердің күнінде, пенде біткенге арман болған марал Алатаудың әлдебір шатқалынан есінен танып, сұлық жатқан адам тауып алады. Жүзінен нұр тамған келбетті жігіт бейнесі маралды «Күткенің мен» дегендей баурай береді. Сұлық жатқан жігіттен келер қауіптің жоқтығын сезген марал оны тау үңгіріне алып кетіп, қарғалдақ пен қымыздық тасып, жарасын таңып емдей бастайды, арада айлар аунап жігіт сауығады. Әппақтығы сондай қараңғы үңгірге таң сәулесі түскендей жарық шашатын маралды көріп таңданысын жасыра алмайды. Әйткенмен, иіні киімге, аузы асқа жарымаған жарлы алдына келген бақтан айырылғысы келмей, борыштарлық сезімін қанағатсыздық жеңіп, ақмаралды алдап ханға әкелсе керек. Сенгендері сенімін селге кетіріп, есігінде жүрген елеусіз жалшының арман болған ақмаралды еркімен алып келгенін көріп таңданған хан жігітке тілегіңді айт десе керек. Сонда жігіт тұрып:
– Әуелден, басым жалғыз, жүрегім жалқы жан едім, елден сұлу қыз бұйырса; атадан шаңырақ, әкеден дәулет қалмаған қаратабан жалшы едім, қора толы қой болса; әкенің ақылы, ананың сылауы аз, көптен дос, жұрттан жолдас болмаған беделі төмен бейшараның бірі едім, топтан озар төр болса, – деп тілегін білдіреді.
Уәдеге опа қылған хан жігітке сұраған қыз, дәулет, мансабын берген соң бүй дейді:
– Ей, жарлым! Толғар болсам сөз көп, саған қалай айтайын. Алдыңа келген бақытты теуіп кері қайтардың. Дүние боқ – қолдың кірі, қайыра жусаң кететін; сұлулық – сырттың кейпі, уақыт ұрлап кететін. Маралдың ақтығы түсі емес, анау оң аяғына артық біткен бір тұяғының кереметі. Қос тұяқты маралға кездесудің өзі Алланың саған сыйлаған нығметі еді, қадірлемедің. Қайырлы болсын!
Опасыздықты қысылғанда басынан сүйеп, бауырына тартқан жаннан көрген маралға сонда тіл бітіп:
– Адамзат, мейірім саған төгіліп, алақан ыстығын сыйлап ем. Махаббат жаратылысқа ортақ ұғым, киені күтпеген жанның күні қараң! – деген екен. Тілегі орындалғанымен махаббаттың кәріне ұшыраған жігіт бір-ақ күнде қара ноқаты бар елқалайға айналып ұшып кеткен деседі. Сосын да, балалар елқалайды алақанына қондырып алып: «Ел қалай көшеді?» деп адам пиғылын сынға тартса керек.
– Ел қалай көшеді?
– Ел етекке түседі.
Ұран салып жүрген мені шақырып алып қос бармақ қыз: «Байқа, елқалайдың уыты болады. Денеңе зәр шашса зардабы ауыр» дейтін. Қайдан білейін, бала көңіл елқалайды мың әуреге салып мәз болушы еді. Елқалайға мені байлап тастап, ағам мен қос бармақ қыз қыр асып кете барушы еді. Ағам аққудың әңгімесін айтқанша, мен әжемнің ертегісіне сеніп жүріппін.
– Ағаң неге қос бармақ қызбен үйленбеді, әлде…
– Қыздың қос бармағы бар деп.
– Қалайша?
– Оны мен де білмеймін, қыздың кемістігі бетіме салық деген болар. Дегенмен қос бармақ қыз қағілез болатын. Ауыл болып мақтайтын. Боғданың түпсіз тұңғиығына көміп кеткен ауылдың төбесінен жарық шашар шолпан жұлдыз сынды ел сонымен мақтанатын, ал ағам мақтана алмады. Ол аққуды іздеп кетті. Қара шана ағамды алып алысқа ұзаған кездегі қос бармақ қыздың бейнесі есімнен кетпейді. Қанша айтқанмен, ағам да кейін өкініп жүрді, шын сүйгенін білді. Бірақ, уақыт оларға мұрса бермеді, жеңгем де қосылды бұл дертке.
– Ал жеңгең жайлы әңгіме?
– Ауылға жолай соққан бір мотоциклге мінгесіп, алыс сапарға аттанып кеткен. Таңдап алған жары опа қылмаған соң ағам да қос бармақ қыздан ұялып жүрді.
– Сонда ханзадасын тапқан болды-ау…
– Білмеймін, ол да өзі сүйген ертекті қуалап кетті.
– Сен ше?
– …
Әдейі тастаған сауалын жауапсыз қалдырдым.
Кейін ауылға ол екеуіміз бірге бардық. Тағы да ұзақ сапар, Боғда жақындаған сайын алыстап, алыстаған сайын жақындап тұрды. Қара шана ұзап кеткенде қадалып қалған жерінде, әппақ көйлегін киіп қос бармақ қыз тұр екен. Алыстан қол бұлғады, бардық.
– Келеріңді білген едім.
– Қайдан білген едің, ешкімге тіс жармағанмын.
– Солай, әйтеуір сен келер деп ойладым, жолға қарадым, міне, келдің.
Оның қарақаттай жанарында ағамның көлеңкесі тұрғандай көрінді, сағынып сарғайған, үмітсізденген шарасыз бейнесі елестеп кетті. Бетімді бұрып кеттім қыздан.
– Жеңгең жайлы хабар келді.
– Қалай… Кімнен… қайда екен?
– Шынымен білгің келе ме?
– Бәрібір көзкөрген, таныс қой, қайда жүр екен?
Жеңгемнің елқалайдың қанатына байланып, көбелектей ұшып кеткен тұрақсыздығын ұмыта қоймасам да, опасыздығын әзірге кешіре тұрдым. Ол да мынау қызыл-жасыл тірлікте өзгеден естіген көп ертекке тағдырын байлаған жанның бірі ғой.
– Жағдайы жақсы емес сияқты, жігіті тастап кетіпті.
– Иә…
Көңілсіздік үшеуімізді торлап алды, әлдеқайдан ұшып жеткен елқалайды қолыммен қағып түсірдім. Қос бармақ қыз маған таңдана:
– Неге алақанға қондырмадың? – деп қалды.
– Уыты бар.
Жеңіл күлген көркем қыз баяғысындай биязы мінезімен басын изеп мақұлдық танытып:
– Елқалайға ілесіп жол танудың тақсіретін ағаң тартты-ау!
Адамды алдап кететін бұтар жолдары бар мүйіз тұмсықта алдамшы аз күн адамдармен жасырынбақ ойнап жүргендей көрінгесін, оны баянсыз өмірдің биігіндей сезіп «Түлкі тұмсық» атаушы еді ауылдағылар. Қос бармақ қыз да сол жолға қадалып тұрып айтты, назы шығар бәлкім. Үнсіз қалғасын ақырын сырылып жолға түстік.
– Ертек айтқым келмей қалды.
Алуан ойға маталып келе жатқан ол селк ете қалды:
– Қажыдың ба, әлде үмітсіздік?..
– Жоқ, ертектің мәні қалмады.
Оған ағам неге қос бармақ қыздың қадірін білмеді деп айтудан ұялдым. Кие жаратылыста болады екен, жаратылыстың бір бөлшегі адам жанында болмасына да кім кепіл? Адам қадірін білгенге не жетсін, сірә !
Мүйіз тұмсықтан ұзап бара жатқан бізді Боғда қолтығына жасырынған ауылдың ақжарма бейнесі қарсы алды. Мұнда да мұнарлы күз келіпті, құртқа, аққу қыз, ақмаралдар образы ойымнан көтеріліп кеткенімен, қоңыраулы күзде мүйіз тұмсықта жол күзетіп қалған қос бармақ қыз ғана ағамның жер басып жүрген келте ғұмырында көрген баянды қызығы іспеттес шынайы да шырайлы жалғыз түсіндей сезіле берді маған.
ПІКІРЛЕР1