Өрттей жанған өлеңшіл топ көзді арбап…
Айдын БАЙЫС
А-ға
Кешір мені, ренжітсем, өкпелесең,
Қайтейін, махаббатта кеткен есем.
Жан біткеннің жұмсағы, жаны сұлу,
Жанымда жүр екен ғой, көкте десем!
Қанша жерден десем де сұңғыламын,
Қалқа қызға осылай шын құладым.
Құлпырып шыға келді, өзім таң боп,
Көмейімде құмыққан бұлбұл әнім!
Қыдырасың қиялда бір ғана сен,
Бақыт болып қонсаң ғой, бұлдамас ем!
Сарайыма сән беріп салтанатың,
Жанарыма жан беріп тұлғаң әсем!
Суырып ап ішінен мола-мұңның,
Ойнап-күлсек барында оралымның!
Аппақ гүлдер аспаннан жауып тұрса,
Ақ тілегі секілді сол арудың…
Биболат СӘТЖАН
***
Алыс шамға жарық емес, қараңғы
Шақырады!
Тез кірлесе жағаңның
Бар жазығы-ақ болғаны.
Дегенмен,
Ақтығыңнан ағармайды көлеңкең.
Ал маңайға орнағаны көктемнің –
Бақыт емес.
Жәй, мезгілдің жеткені.
Көктем – күннен,
Сен – ызадан көгердің.
Анығында, анық әрі бедерлі
Қара ғана!
Қара және қап-қалың.
Айналаңа қараңғылық қаптауын
Аңғарасың алыс шамға телміріп.
(Қара түске боялады енді үміт.)
Содан кейін…
Саған үнсіз тесіліп
Түн қарайды!
Түнек – сенің есімің!
Аслан ТІЛЕГЕН
***
Жабырқап қалар болса жаның содан,
Ақтарман сыр біткеннің бәрін саған.
Бұл күнде екеуміздің ұққанымыз –
Өлмейді махаббаттан ауырса адам.
Жасырман, сол сезімнен қаштым қанша,
Сүймей ме жігіт көңіл мас қылғанша.
Көзіңнің ақ нұрына айналсамшы,
Кінәсіз кірпігіңе жас тұнғанша.
Жалғызға қонар дедім өлең деген,
Ел үшін есендескен ер өлмеген.
Жалғанда жалғыздығын базына ғып,
«Құдаймен дос боп алам» деген де мен.
Жүзіңе жиғанымша мұң қаншалық –
Жабыққан жүрегіміз гүлденсе анық,
Кездесіп қалсам дедім тар көшеде,
Араға әлденеше жылдар салып.
Білдің сен болмайтынын соның бәрін,
Сондағы бар себебім – сорым қалың.
Ұқтырып беретіндей барлығын да,
Жоғалып… сосын қайта табылғаным.
Бұл күнде бар қуаныш – сенің барың.
…Жіптіктей зыр жүгіртіп ұршықшы үйірген,
Жетейін желмен жүйткіп,
Бір шықшы үйден.
…Сондағы біздің асау махаббатты-ай,
Ерінді қыз еріндей қыршып сүйген.
Нұртас ТҰРҒАНБЕКҰЛЫ
***
Жүрегің сенің құстай жылады,
Көрмедім бірақ неге мен?
Қанаты бардың ұшпайды бәрі,
Әйтпесе ұшып келер ем.
Жанымнан ылғи жарылыс көрем,
Сезімге кейде ойым жау,
Әлдебіреуге сағыныш деген,
Әлсіздігіңді мойындау.
Көмейіңе өксік-оқ тұрған күні,
Мені айтшы неге мұңайтты?
Алаулап жанған оттың барлығы,
Күйдіреді деп кім айтты?!
Іштегі бұққан мұңды сез ұлы,
Айтпағаны үшін таңдай қақ,
Ай деген түннің сырлы сезімі,
Айта алмай жүрген айғайлап.
Көз жасы түннің тастанды жұлдыз,
Жұбатты оны кім ұғып?
Мәз болып жүрміз аспанның күндіз,
Жылтырағына жылынып.
Алдауға өзің иланып көптен,
Шын сүйем мәңгі деп кейде…
Шын сүйгені үшін сыйланып кеткен,
Гүлдер де қурап кетпей ме?!
Қалау ма сонда көңілден арсыз,
Негізге сендік сонда қай?
Күдік бар жерде сенім де әлсіз,
Сезім де әлсіз ол қалай?!
Сағындым сені…
Төзіммен жүргем,
Жаныма найза бойларда,
Барлығы сонда сезім деп жүрген,
Өзіңді ғана ойлау ма?..
Әнуар АМАНЖОЛОВ
Не позволю мямлить стих…
В.В.Маяковский
Сезімнің кетсе сүйкімі қашып,
Оянбай қалса ұйқылы ғашық.
Естілсе құстың қиқуы қашық,
Жаныңды мұңның қиқымы басып.
Танымай қалып өзіңді-өзің,
Күтуден шаршап көз ілді төзім.
Тәңірге жетпей үзілді сөзім,
Уақыттан тығып жүзімді өзім.
Үмітің ойшыл алдаса, кәні,
Түседі түгел жанға салмағы.
Құрғаған санаң қанбаса нәрі,
Өмір сүргенің…далбаса бәрі.
Әлемнің салған сазарып әні,
Мұңымды естігем ғажабындағы.
Өлең болмайды ғазалдың бәрі,
Ойымның мен ем таза құрбаны.
Мен өлеңді тірілтіп алғам,
Мұқағалидың мазарындағы!
Қуаныш МЕДЕУБАЕВ
КАМИЛА
Арманымның адасқан соңғы арнасы,
Белгілі саған хат боп жолданбасы.
Саған жазған, ардағым, әрбір өлең –
Маған берген құдайдың қолтаңбасы.
Құм жағада зарыққан қайықтардың,
Жанарыма көз жасын шайып бардым.
Кездескенім үшін де жазалымын,
Сүйгеніме ал бірақ айыптар кім?
Ертең сен де сақтарсың есте кімді?
Кешкеніңді білмедім, кескеніңді.
Қайық-тағдыр сені алып бөлек кетті,
Жағалауға қалдырып ескегіңді.
Оралмауға бекіндің, зарығам деп,
Мен өзімше бекіндім сағынам деп.
Қаламымнан төгілер сол сағыныш
Жанарыңнан жас болып ағылар кеп.
Біреу саған бермейтін жалға бөтен,
Өмір деген осындай арман екен.
Төмендеуден қорыққан сәттен бастап,
Өлең деген биікте қалған екем.
Сол өлеңнің басында есімің бар,
Сол өлеңнің соңында кешірім бар…
…Ақын болып кете ме, кім біледі,
Бақытынан кешіккен есіл ұлдар?!
Қозыбай ҚҰРМАН
Тағдыр күйі
Көктемінде көңілдің көп бүрлеген емендей,
Мен биікпін, махаббат, мендік сезім сен өлмей.
Ғашық болып біттім мен сол дауысқа өлердей,
Нәзіктігі жүректей, нәрлілігі өлеңдей.
Сені өзіне тарта ма жаны жұпар бір бал бақ,
Уысына түсірді ол нәркес көзбен кімді арбап.
Мен уақытты сүйемін – шық тамғанда бүршіктен,
Мен сәуірді сүйемін – ол гүл атып тұрғанда-ақ.
Мен сүйемін тағы рас, ауыл атын – жол атын,
Талықсыған арманға аялдама болатын.
Мен сүйемін гүлдерді жазда ерте оянған,
Мен сүйемін гүлдерді күзде ерте солатын.
Тағы солай сүйдім мен жатқан күзді ніл көшіп,
Қалғым келді құспен де жаздың соңы тілдесіп.
Қоңыр күйін бір құрбы боздатар ма сөзге ұқсап,
Қоңыр мұңның ескегін жөнелер ме ем бірге есіп.
Жүрегімнің мұздарын кім бұлардай сүйді ертіп,
(Барсам, шіркін, соларды бауыр атап – үйге ертіп?!)
Жүрсем, шіркін, өмірде тағдыр болып – ғашық боп,
Жүрсем, шіркін, ол сүйген әлгі асқақ бір күйге елтіп…
Шерхан ТАЛАП
Ақынхана
Көкшіл кеште будақ-будақ сөз маздап,
Гүртханадан ақын аңқып, жыр есер.
Өрттей жанған өлеңшіл топ көзді арбап,
Кеуде керіп күмбірлейді… кіл есер…
Бой жылыса қан қызады, жан балқып,
– Ей, официант, ізгі іс еді құйсаңдар!
Темекінің түтінінде тән балқып,
Кеңістікте тербеледі биші ойлар.
– Шулы шаһар – күрсінісі қобыздың…
Тұман деген – серуені Тәңірдің…
– Анау таулар толқыны еді теңіздің,
Тасқа айналып тұнжырайды – ауыр мұң…
Іштегі өртті өлең бе тек басатын?
Қолына алып көзе толы наласын,
Өксіп тұрып жыр оқиды жас ақын:
– Бұл Алматы – ақындардың моласы!..
Өлең үшін өмірлерін қиярдай.
Көтере алмай қастерлі аға қазасын,
Жыр оқиды жүректерге сия алмай,
Аспанға айтып азасын!
Шерлі ақынның дертте өлгенін көксей ме ел?!
Тарқағанда баянсыз бұл той-дүрмек,
Ғасырдағы ең ұлы ақын боп сөйлер,
Сөздерінен қасиетті ой бүрлеп…
Көздерінен қасіретті сөз тамып…
Асланбек ШЫҒЫРОВ
***
Сен бүгін тағы да хат жаздың…
Сағынғанымды сезгенің бе екен?!
Есіңе оралған ерке кездерің бе екен?!
сүйсіне айтқан сұлу сөздерім бе екен?!
Саған хат жаздырған?!.
Мені есіңе салған,
Бақ ішінде құшақтасқан ғашықтар ма екен,
Онсыз да жабырқау көңіліңді жасытқан бекер?!
Жәй ғана сағынғаныңды айт, өлең оқиын,
Дауысым қашықтан жетер…
Неге хатыңда жазбағансың?!
Айға асылған арманыңды,
Мені сағынған сәтіңде қандай ән салғаныңды…
Сағынышыңды басу үшін
Қай жерге барғаныңды…
Бәрін-бәрін өткеннің есіңе алып,
Көз тамшысы кеудеңде жосыла ағып,
Отырасың тұнжырап әлдене аңсап…
Кезіге ме бақытқа осы бағыт?!.
Бұл не тағы қылғаның жаттай, жаным?!.
Сан сарсаңға сап жүр ме тәтті айларың?!.
Сеземін, көп нүктенің ішінде де,
Ойларың адасып жүр таппай бағын…
Мен де отырмын оңаша қатты ойланып…
Нұрболат САТЫМҚҰЛ
Таразға хат
Жолда қалдым,
күннен алыс беткейде,
Өгейсіткен ұлдар түбі кетпей ме?!
Ауылымда қалған шақты еске алсам,
Аспан жақта азынайды кек кейде.
Қармана алмай қараймын да, қар кешем,
(Қайтер еді кетерімде қал десең?)
Мына жақтың қысы суық, түні тар,
«Ес жинап кел» – дедің бе екен әлде сен.
Әлде өзім, әлде кезең солай ма?
Жоқ айнаны табатын да жоқ айла…
Сенен кетіп әйтеу маған тимеді,
Оразамды сормен ашу оңайға.
Беу, Шаһарым, біл балаңның бүрсеңін,
Бекер айттым…
ұят болды-ау білсе кім.
Балдақ сүйеп тұрған мынау тағдырға,
Сенде өскен балғын күннің тірсегін
Кестірмеймін,
Кесетұғын сор қайсы-ай?
Тек жалғызым жүрсе болды тоңбай сәл…
Жесір анам жылап қалса, жұбатып,
«Жетім ұлың жақсы» екен деп алдай сал!
Қуаныш ЖАЗАЙ
МҰҢАЙМА ДЕЙСІҢ
Мұңайма дейсің,
Мұңайып тұр ғой мына алаң,
Алаңға қарап мұңаймай қалай тұра алам?
Жылама дейсің,
Жылаған, досым, мен емес,
Аспан ғой анау ағыл да тегіл жылаған.
Мұңайма дейсің,
Мұңайса қайтем мына аспан?
Көңілім менің арылмай қойды-ау ластан,
Қайғырма дейсің,
Қайғырған, досым, мен емес,
Бұлттар ғой анау, көңілге келіп ұласқан.
Жүрегім менің жаралған егіз тылсыммен,
Қорықпа, досым!
Мендегі мұңлы дүрсілден,
Күрсінбе дейсің,
Күрсінген, досым, мен емес,
Аспан ғой анау, аспан ғой анау күрсінген!
Көңілге келіп аспанның бұлты түнеген,
Сондықтан жылап,
Сондықтан, досым, түнерем.
Ашылса егер, шаттанса егер мына аспан,
Аспанмен бірге мен дағы, досым, күлер ем.
Мұңайма дейсің,
Мұңайса қайтем гүл өңір,
Мұңайса дала, қуансын қалай жүрегім?
Жұбата бермей,
Жұбата бермей, досым-ау!
Аспанның ашық болуын ғана тілегін!
Айдана ӘБЕН
***
Шешімінің білем өзгерілмесін,
Мен күреспеймін – сен берілгесін
Ұмыта алмадым, әлі ойымдасың.
Мен айтқан әннің сөздеріндесің
Сүйетінімді сезбедің бе шын?
Біткен соң айтам енді оның несін?
Менің бар әнім саған арналарын
Сен білсең болды, өзге білмесін.
Білесің, жүрек сөзге жүрмесін,
Сенен басқаны көзге де ілмесін.
Менсіз-ақ, жаным, жер басып жүрсің,
Мен сенсіздікке төзбедім не үшін?
Сымбат ЫДЫРЫС
***
Жемір жылдар тоздырса да төзімді,
(сені аядым, аямадым өзімді).
Күдік қалып, ақ кебінге ораулы ,
Күте-күте үміт қанша көз ілді.
Айыптыдай ар алдында жасырмаған бар шынын,
Барымды да, жоғымды да саған келіп аршыдым.
Келетіндей көрінесің қара жолда көп күтсем,
Жететіндей көрінемін жүріп өтсем шаршы мың.
О, пенделік, біз көнуге бекем бе ек?!
Көн терідей бір сенімді алғанбыз-ау мекендеп.
Түн баласы көзімді ілмей, сандаламын сан жаққа
Сені маған жібермейтін не құдірет екен деп.
Жазғырады мені де ертең, тарылған дер тәубесі,
Ақтап алар тағы біреу, тіршілік деп әуресі.
Бір жарыққа жолығыссаң қолың бұлға,өйткені ол –
Мендегі аппақ сағыныштың саған жеткен сәулесі…
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА
Мен көркiңе тамсанамын,
Жанды тербеп таң самалы.
Құшағыңда шалқып жүрiп,
Туған жер деп ән саламын.
Қуат алдым топырағыңнан,
Қырларыңда гүл аңқыған.
Түлеп ұштым қанат қағып,
Қасиеттi құндағымнан.
Шалғай жүрсем сағындырған,
Құдiретiне бағындырған,
Туып-өскен, құт мекенiм,
Өзiң үшiн жаным құрбан.
Балдәурен кез, балдырған шақ,
Алыстарға талпынған шақ,
Бәрi-бәрi жүрегiмде,
Үмiт отын жандырған шақ…