«ЖАСТҰЛПАРЛЫҚТАРДЫҢ» ҚАНАТЫ ТАЛМАСЫН!
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ
(«Жас тұлпар» қосымшасына арнау сөз)
Алпысыншы жылдардың аласапыранында советтік идеологияның озбырлығына қарсы Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжан, Алтай Қадыржанов, Әнуар Сартбаев, Қорлан Рахымбекова, Клара Ашықбаева, Мақаш Тәтімов, Жәмилә Аухадиева, Сара Тыныштығұлова, Роза Жаппарова, Амангелді Сембин, Серік Байкенов, Жеңіс Өмірбеков, Қалқаман Тілеуханов, т.б. қазақтың өршіл рухты, алдыңғы қатарлы ұл-қыздары жұдырықтай жұмылды. «Қызыл империяның» астанасы – Мәскеудің қақ төрінде орын теуіп, аз уақыт ішінде Одақтың түкпір-түкпіріне тараған «Жас тұлпар» жасырын ұйымын құрды. Оның белортасында мен де жүрдім. Ұйым мүшесі, композитор Нұрғиса Тілендиев «Жас тұлпар» әнін жазды, Мұқағали Мақатаев, Шәмші Қалдаяқов, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов сынды қаламгерлер де қалыс қалған жоқ. Сөйтіп, мүшелікке қабылданғандардың бас-аяғы 1438-ге жетті. Бұл – Отанға, ұлтқа, елге, жерге, тілге, дінге, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа араша болғысы келген жастардың үні еді. Біз тарихымызды танып, тегімізді насихаттағымыз келді. Ұйым 1963 жылдың қараша айында құрылып, 1964-1965 жылдары қарқынды жұмыс істеді. Биыл «Жас тұлпарға» 55 жыл!
Басты міндет – жастарды ояту, тарихты түгендеу, жастарға, әсіресе, ауыл жастарына қамқор болу, Мәскеудегі (кейін өзге қалалар да қосылды) жастардың оқуына көмектесу, Қазақстандағы төл тіліміздің ролін күшейту, жұртымыздан тыс жердегі қандастардың (КСРО аумағындағы) қам-қарекетімен танысу, оларға Қазақстан жөнінде мейлінше көп мағлұмат (мәдениет, әдебиет, экономика, саясат, т.б.) беріп отыру болатын. Біз түбі бодандықтың бордай тозып, қауіп-қатердің қара бұлты сейіліп, бостандықтың таңы ағарып ататынына қатты сендік. Совет өкіметі бәрімізді тамырсыз ағаштай тарихымыздан ажыратқысы келді. Сол кезде қазақ мектептері жабылып, Семей полигонында ядролық жарылыстар басталып, Қазақстанның бес бірдей облысын қамтыған тың өлкесі құрылған-ды. Алайда, Алаштың озық ойлы оғландары мұндай қиянатқа төзе алмады. «Жастұлпарлықтардың» 3 түстен құралған (қара, қызыл, көк) туына тұлпардың суреті таңбаланды. Әуелгіде, әдеби, мәдени үйірме есебінде жұмысын бастаған бұл ұйымның дабысы Қазақстанға да жетті. Жиындарда өлең оқып, тарих жайлы толғанып, ұлт мәселесі турасындағы ойымызды ортаға салатынбыз. Еліміздің әр өңірінде бұл ұйымның бөлімшелері ашыла бастады. Мәселен, Қарағандыда «Жас қазақ», Қостанайда «Жас түлек», Гурьевте «Ұшқын», Целиноградта «Тың тұлпар», «Оян, қазақ», Семейде «Тайшұбар», Павлодарда «Жас ұлан», Алматыда «Сарыарқа», Шымкентте «Адыр қасқырлары» дегендей. Белсенділер үй-үйді, ауыл-ауылды аралап, көкірегі хат қариялармен тілдесіп, құнды мәліметтер жинады. Алдымызда үлкен қауіп күтіп тұрғанын терең түйсінсек те, жастық жалын мен ұлтым деп соққан жүрек барлығымызды алға жетеледі. Бұл күнде сол «Жас тұлпардың» мүшелері ел ағаларына айналды.
Қазақ үшін аспандағы күндей болған алаштықтардан соң ұзақ жылға созылған үнсіздік пен шарасыздық түндігін «жастұлпарлықтар» түрді. Өліара шақта алғашқы болып солар атқа қонып, атой салды. Асылында, әлемді қару да, билік те емес, шындықты көксеген көкөрім жастардың ерік-жігері өзгерте алады. Қазақтың, қазақтың ғана емес, астамшылықтың кесірінен Совет өкіметі талайдың мойнына ноқта салған тұста, «Жас тұлпар» жалпақ жұртқа үміт отын жақты. Жылдар бойы қапаста қалып қарлыққан қазақ үні зиялы өрен көкірегінде жаңғыра шығып, жаһанға жайылды. Енді, міне, дәл осы атпен «Қазақ әдебиеті» газеті жастар шығармашылығына арналған қосымша ашыпты. Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы ғасыр бұрын: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», – деген-ді. Осы сөз әуелгі миссиясынан әсте алыстаған жоқ. Қағазға түскен хаттың тарих сөресіне жайғасары анық. Өйткені, идеология мен күрес құралы – газет. Бұрын ел ұғымындағы белгілер тасқа бәдізделсе, газетте қасиетті сөздер сақталған. Сөз – киелі ұғым. Ал, әдебиет – ұлттың болмыс-бітімін, таным-түсінігін, табиғатын ұрпақтан-ұрпаққа аманаттар құндылық. Кезінде халықты біріктіруге күш салып, оның көкірегіне ізгілік пен ұлтшылдық ұрығын себуге сеп болған «Жас тұлпардың» жолы кейінгілерге бұйырсын деп тілейік! Жастарда жалын, күш-қуат, тың ой, жасампаздық, жаңашылдық пен сергектік бар. Ең ұлы істердің көбі жас кезде істелетіні тегін емес. Өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын алтын көпір – мәдениет, ғылым, өнер, оның ішінде сөз өнері! «Қазақ әдебиеті» секілді әруақты басылымның игі бастамасы құтты болғай! Ұлтты ұшпаққа шығарып, жер-жаһанға қазақтың әдебиетін, мәдениетін, өнерін танытудың ұзақ та абыройлы сапарында «жастұлпарлықтардың» қанаты талмасын!
Менің «Арғымақ» деген өлеңім Қадыр Мырза-әлидің аударуында әйгілі болғанын білесіздер. Бұл өлеңді кейін Әбіш Кекілбаев та, Ұлықбек Есдәулет те тәржімалады. «Жастұлпарлық» өрендердің рухын бір сілікіндірер деген оймен сол «Арғымаққа» қайыра «ер салуды» құп көрдім.
Арғымақ
Қыпшақтардың ой-хой,
құба жондары-ай,
Жер тарпыған
тұлпарын айт, тұлпарын!
Шар айнадай сауырына қомдап ай,
Арғымақ жүр
Көк шалғынға
Сүртіп мүйіз ұлтанын.
Берші менің тақымыма біреуін,
Жеті қиян жер түбіне асайын.
Арғымақтай аласұрған жүрегім
Шапшып-ақ тұр,
Оны қалай басамын.
Атылайын арғымақтың жалына,
Соңымда тек сақ-сақ күліп дос қалсын.
Балғын шалғын айналып
көк жалынға
Нөкер болып артымда ақ
шаң топтансын.
Шаппай тұлпар кісінеме атпын деп,
Шабайықшы шаң қондырмай етіне.
Шабайықшы көп жыл
тыныш жаттың деп.
Момын қырдың былш-былш
ұрып бетіне.
(Әбіш Кекілбайұлының аудармасы)