17.08.2018
1475
0

 


***

Халқымызға аты мәшһүр әйгілі атбегі, ұзақ жыл ел басқарған ардагер, шежіре ақсақал, Социалистік Еңбек Ері Бошай Кітапбаев тая­ғын тықылдатып бірде Алматының көшесінде ке­ле жатса, алдынан әдебиет сыншысы, та­лант­ты жас ғалым, әрі композитор Тұрсынжан Шапай кездесе кетеді. Аман-саулықтан соң Бошекең:
– Иә, Тұрсынжан, мынау өмірде не жаңалық? – деп сұрайды.
– Не жаңалық болушы еді… Тыныштық!.. – дейді Тұрсынжан не айтарын білмей.
– Қайдағы тыныштық? Горбачев отставкаға кетейін деп жатыр емес пе?!
– Е, ол кісі ертең ғой… Ертең, сәрсенбі күні кешкі сағат 10-да теледидардан мәлімдеме береді деп естідім.
– Бүгін емес, ертең сөйлемек пе?
– Ертең, Бош-аға, ертең дейді…
Сонда Бошекең:
–Япырм-ай, бұған қарағанда Михаил Сергеевич те сәрсен­бі­нің сәтін күтейін деген екен ғой, – деп таңдана басын шай­қапты.


***

Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов (1900-1973) стол басында жүмыс істеп отырған кезде де телефонның құлағын көтеріп сөйлесе береді екен. Сөйлесіп отырып та жазуын жаза береді екен. Сәбең осылайша қауырт жұмыс істеп жатқан кезде, бірде оған әйгілі партизан-жазушы Қасым Қайсенов телефон шалады. Жазу жазып отырған Сәбең телефонды көтеріп, немқұрайды көңілмен:
– Әллеу! – дейді.
– Ассалаумағалейкүм, Сәбе! – дейді Қасым.
– Уәликүмсәлем! – дейді Сәбең ойын жазуынан аудармаған күйі. Одан арғы әңгіме былайша жалғасады:
– Сәбе, бұл Қасым ініңіз ғой…
– Е, дұрыс болған екен.
– Сәбе, өзіңізбен бір мәселе жөнінде ақылдассам деп едім.
– Е, дұрыс болған екен.
– Өзіңіз білесіз, мен соғыста оқ тиіп, бір көзден айырылып келдім ғой.
– Е, дұрыс болған екен.
– Сол оқ тиген көзім соңғы кезде ауырып, мүлдем мазамды алып жүр…
– Е, дұрыс болған екен.
– Дәрігерлерге көрініп едім, «көзіңнің ауруы асқынып кеткен» деді.
– Е, дұрыс болған екен.
– «Операция жасап көзіңді ойып алып тастаймыз» деді.
– Е, дұрыс болған екен.
– Сәбесі-ау, көзімді ойып алып тастаса, оның несі дұрыс деп отырсыз? – деп осы сәтте Қасым шамданғандай болып, дауыс көтеріпті. Сонда Сәбең түсінен шошып оянғандай селк етіп:
– Ай, Қасым, «көзімді ойып алып тастайды» дедің бе?.. Онда ол дұрыс болмаған екен, – депті жалма-жан ақталып.


***

Баяғыда Қызылорда обкомы Асқар Тоқмағамбетов пен Қалмақан Әбдіқадыровты шақырып алып, он күн бойы оқытып, саяси сауаттарын жетілдіріп-дайындап, шопандарға лекция оқуға аттандырып қоя береді.
Екеуі алғашқы күні-ақ Аралдың арғы шетіндегі, ит арқасы қияндағы бір қойшының үйінен бір-ақ шығады. Аты белгілі ақын-жазушылар келген соң қойшы жазған қойын сойып, етін асып, арағын құйып дегендей, жаны қалмай құрақ ұшып қонақ етеді. Асекең ішімдікке жоқ екен, оның есесін Қалекең қайырып, біраз жерге дейін барып қалады ғой… Содан удай мас Қалекең түн ортасында ұйықтап жатқан жерінен атып тұрып:
– Ей, жатқандар,
Құдай атқандар,
Бүйтіп жатпаңдар,
Мал басын сақтаңдар!
деп тақпақтап айғай салыпты. Бала-шаға шошып оянып, үй иелері абыржып қалысады. Сонда Асекең:
– Жолдастар, бұ кісіге көңіл аудармаңдар, әншейін обкомның лекциясы өтіп кеткен ғой, – деп Қалекенді қайыра орнына жатқызыпты.


***

Қазақ ССР Ғылым академия­сы­ның корреспондент мүшесі, көр­некті әдебиет зерттеушісі, про­фессор Есмағамбет Ыс­майы­лов (1911-1966) бірде көлемді мақала жазып, ол мақаласында бір топ жазушыны сынап кетеді. Сол сыналғандардың ішінде өзінің ұстазы Сәбит Мұқанов та бар екен. Сәбең Есмағамбеттің сынын көңіліне ауырлау алып, келесі күні оған телефон шалады. Бір-бірінің амандық-саулығын, хал-жай­ларын ғана сұрап, екеуі де «негізгі мәселеге» жоламай, аз-кем әңгімелесіп қалады. Сөз арасында Есмағамбет:
– Ертең Семей жаққа, Абай ауданына іссапарға жүрейін деп отырмын, – дейді.
– Абай ауданына дейсің бе? Онда мен бір шаруа тапсырайын, соны біле келші? – дейді Сәбең.
– Палі, Сәбе, айтсаңыз болды ғой, қатырып орындап қайтамыз! – дейді Есмағамбет.
Сонда Сәбең:
– Әй, Есмағамбет, орындасаң сол, Абайда: «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты», – деген өлең бар еді. Сол өлеңді Абай не үшін жазды екен, соны біле келші? – деп телефон тұтқасын ақырын ғана іле салыпты.


***

Ақын Сырбай Мәуленов (1922-1993) бірде Алма­ты­ның орталық моншасына барса – көп адамның ішінен Сәбит Мұ­қа­новқа көзі тү­седі. «Қой, Сәбеңді жалаңаш көр­генім ұят болар», – деп ойлап, Сыр-ағаң түкпірдегі бір бұрышқа ба­рып, теріс қарап жуына бастайды. Сөйтсе Сырбайды Сәбең де байқап қалған екен:
– Әй, Сырбай, менің сенен жа­сыра­тындай ештеңем жоқ. Жасы­райын десем де тыр-жалаңашпын. Одан да сен бері келіп, арқамды ысып бер, – деп інісін қасына шақырып алыпты.


РЕДАКЦИЯДАН:
Құрметті, қаламгер қауым! Тауып сөйлейтін ұшқыр ойлы, әзіл сөзге ұста ақын-жазушылар бүгінде арамызда жүр. Олар барда «Деген екен» жалғасын таба берсе керек. Тек біз соны қағып алып, дер кезінде қағазға түсіре қоюды ұмытып жүрміз. Сондықтан, әзіл-қалжыңға, тапқырлыққа ден қойып, «Деген екенге» бет бұрайық. Жазайық. Оқырманның қабағын жадыратып, күлдірейік. «Қазақ әдебиеті» жариялауға дайын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір