«Бес анық»
Өткен аптада С.Торайғыров атындағы павлодар облыстық кітапхананың мәжіліс залында көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Мұхтар Арынның «Бес анық» шығармасы бойынша дайындалған моноспектакль көрермен назарына ұсынылды. Басты рөлді танымал жыршы, көркемсөз оқудың шебері Даниал Әсенов сомдады.
Мұхтар Ғалиұлының дүниеден өткеніне биыл 20 жыл, ал келесі жылы туғанына 80 жыл толмақ. Ол Алматы облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. 1957 жылы Шет тілдері институтын бітірген соң, сол оқу орынында еңбек жолын бастайды. Ол осы білім ордасында ашылған неміс тілі кафедрасының тұңғыш меңгерушісі, кейін Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының проректоры қызметтерін абыроймен атқарды. 1983 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін Ақтөбе педагогикалық институтының ректоры болды. Ғалымның әр жылдары «Неміс тілінің грамматикасы. Морфология», «Тары», «Арыннама» және «Бес анық» деп аталатын кітаптары жарық көрген. Автор «Бес анық» тәрбие туралы толғамдарында қазаққа ең қажетті бес құндылыққа ерекше тоқталады. Мысалы, тіл, дін, дәстүр, тарих және атамекен мәселелеріне барынша құрметпен қарап, оларды жан-тәніңмен сүюге шақырады. Ұлағатты ұстаз қазақ тілі ғылымының дамуына, қоғамдық орындардағы қолданысының кеңеюіне мол үлес қосты. Соның арқасында ол Ахмет Байтұрсынов пен Өзбекәлі Жәнібектен кейін үшінші болып «Ана тілінің айбары» орденімен марапатталған.
Ғалымның еңбектерін моноспектакль ретінде сахналау – ҚР мәдениет қайраткері, режиссер Ерсайын Тәпеновтың бастамасы.
– Осыдан төрт жыл бұрын Ерсайын Қандержанұлы хабарласып, Мұхтар Арынның «Бес анық» ой-толғамдар жиынтығын сахналау туралы ұсыныс білдірді. Мен бірден келістім. Алғашқы қойылымды өзінің дүниеден өткен жері – Ақтөбе қаласынан бастадық. Кейін Астана қаласының оқу орындарында сахналадық. Көрермен жақсы қабылдап, алғыс білдіріп жатты. Мақсатымыз – Қазақ тілі ғылымының дамуына, дініміздің кең қанат жаюына, салт-дәстүріміздің дәріптелуіне мол үлес қосқан бірегей тұлғаның айтқан өсиетін, ой толғамдарын кейінгі ұрпаққа жеткізу, – дейді Даниал Әсенов.