«ЖЕТIСУДЫ» ЖАРЫЛҚАП ПА?
13.08.2018
1319
0

Ғалым әрi журналист Сағатбек Медеубекұлы облыстық «Жетiсу» газетiнiң хабар-жарнама бөлiмiнде аз ғана уақыт қызмет iстеп, «Ана тiлi» газетiне ауысыпты. Басылымның сол кездегi бас редакторы Жарылқап Бейсебайұлы арнайы шақырса керек. Сағатбектiң жақсы сыйласып жүрген ағасы, белгiлi шебер – Дәркембай Шоқпарұлы да тура сол кезде бас редактордың кабинетiнде отыр екен. Ағаларына аузын толтырып сәлем бере кiрген Сағатбекке: Бұл Сағатбек «Жетiсуды» жарылқап па? Келiп тұр Бейсебаев Жарылқапқа, – деген екен.


***

Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан ақиық ақын Абдолла Жұмағалиев (1915—1942) 1939 жылы Қызылорда қаласына жұмысқа барады. Пәтер табылғанша алғашқы бірер күн мейманханада жатады. Бірде таңертең ояна келсе – мейманхана әкімшілігі бұдан сұрамай түнде үстіне бір адамды кіргізіп жіберіпті… көрші кереуетте бөтен біреудің пыс-пыс ұйықтап жатқанын көреді. Абдолла атып тұрып, әлгі жігіттің көрпесін жұлып алыпты да:
— Әй, ұйқышы, өмір деген не? — деп айқайлай сұрақ қойыпты. Ана жігіт не болғанын түсінбей, тілі күрмеліп, көзі жыпылықтап, бүрісе түседі.
Сонда Абдолла көрпені былай серпіп тастап, шабыттана қолын сілтеп:
— Өмір деген өрелі шың, адам деген тасбақа… Сол шыңға қарай жанталаса өрлейді жұрт қырқысып, бәрібір жете алмайды тырмысып… Солай, қарағым, ендеше бар ма арағың?— деген екен.


***

Оқырман қауымға «Қажымұқан» кітабымен жақсы таныс жазушы Қалмақан Әбдіқадыров (1903—1964) өзбек тағамдарын жасауға келгенде алдына жан салмайтын шебер болыпты. Көркем әдебиет баспасында істеп жүрген кезінде ол кісі бірде ақын інісі Сырбай Мәуленовті үйіне қонаққа шақырады:
— Жеңешең үйде жоқ еді… Сенің талантыңа тәнті боп жүрген ағаң едім, үйге барайық, саған өз қолымнан дәмдеп ас істеп берейін, — дейді.
Сырбай «ас істеймін дегені несі екен?» — деп бір ойлайды да, соңынан еріп, Қалекеңнің үйіне барады.
— Сен кітап қарай тұр, мен ас істеп, палау баса қояйын, — деп, Қалмақан ас үйге шығып кетеді.
Арада бір сағаттай уақыт өткенде:
— Қалеке, палау қайда? — дейді қарны аша бастаған Сырбай.
— Палауды баптап жатырмын, күте тұр, — дейді Қалекең ас үйден дауыстап.
Арада тағы бір сағат өтеді. Сырбай тықыршып, қарнын сипап:
— Палау не болды, Қалеке? — дейді.
— Баптап жатырмын… аздан соң әзір болады, — дейді Қалекең.
Сырбай тағы да бір сағаттай күтеді. Палау келмейді.
— Қалеке, палауыңызға не болды? — дейді Сырбай шыдамсызданып, ас үйге қарай жақындап.
— Нағыз бабына енді келейін деді… Сәл күте тұр! – дейді Қалекең бүлк етпей. Үш сағат бойы күттірген палаудың мұндай «қорлығына» төзе алмаған Сырбай сол жерде:
— Қазаннан ас түскенше, Сіздің палау піскенше, Шыдар едім мен пақыр, Әттең, соған іш көнсе, — депті де амалы құрып, сылқ етіп отыра кетіпті.


***

Медицина ғылымдары академиясының коррес­пондент мүшесі, профессор, қазақ жастарына тәрбиелік мәні зор «Қырық сұрақ» кітабын жазған әйгілі ғалым-дәрігер Ишанбай Қарақұлов (1909–1992) әзіл мен қалжыңға келгенде алдына жан салмайтын өткір, тілге де шешен кісі болған екен. Ишекең жетпістің төріне шық­қан шағында, бірде таяғын тықылдатып Алматы­ның көшесін қыдырып жүріп, қызықтап «Мұхит» дүке­ніне кіріп кетеді. Заманның кең кезі ғой, бір бұрышта суға толы бөшкелерді бірінен соң бірін тізіп қойып, ішінде жүзіп жүрген балықтарды ожаумен сүзіп, тірі күйінде шоршытып сатып жатады. Кезек те көп емес екен, Ишекең де қатарға тұра қалады. Кезегі келген кезде бөшкеде жүзіп жүрген балықтарды шұқып көрсетіп:
— Девушка, скажите пожалуйста, у вас эти рыбы свежие? — деп сұрапты.
Сатушы қыздың басына қан шапшып, көзі атыздай айналып, шамданып қалады.
— Вы что, старик, не видите что ли, они же живые? — дейді шапты­ғып.
Сонда Ишекең келіспегендей басын шайқап, сабырмен:
— Ну и что же? У меня дома старуха есть… Она тоже живая, но далеко не свежая, — депті де, кезекте тұрған жұртты қыран-топан күлкіге баты­рып, дүкеннен шығып жөнеліпті.


***

Жиналыстарда шешендердің сөздерін құлағымен ғана тыңдап, көзін әсте көтермей, үнемі қойын дәптеріне бірдеңе шұқылап жазып отыратын Мәлік Ғабдуллин бірде жазушы Мұхтар Мағауинге тағы бір тілдей хат жолдап жіберіпті:
«Мұхтаржан, сен шынайы ғалым едің,
Халқыңа еңбегіңмен мәлім едің.
Келесі бейсенбіде бір хабарды,
Жасар деп,
Келеді саған қолқа салғым менің.
Бүған қалай қарайсың?
Дай келісім!»
Мәкеңнің бұл хатының мәнісі — келесі бейсенбіде көне әдебиет жөнінен бір баяндама жасап берсеңші деп інісі Мұхтарға өтініш жасаған екен.


***

Ақын Жақан Сыздықов (1901—1977) пен жазушы Ғабдол Сланов (1911—1969) екеуі бірде, қар еріп, көктем шығып жатқан лайсаң мезгілде көшеде кездесіп қалып, біраз жерге дейін бірге барыпты. Жақаң допша домаланған шағын денелі, кішкентай кісі екен. Жол бойы өлеңдерін оқып, Ғабдолды шаршатып жіберсе керек. Қоштасар шақта Ғабдол:
— Жақа, осы сіз ылғи да жұртты сынап өлең шығарасыз. Бұл жолы мен сізге өлең шығардым, — дейді.
— Иә, оқы ендеше! — деп Жақан жақындай түседі.
Сонда Ғабдол былай деген екен:
– Басып батпақ-балшықты,
Шашыратып шалшықты,
Базар жаққа баруға,
Үйден шидей шал шықты.
Жол бойы оқып өлеңін
Құлағымды сарсытты.


***

Баяғыда Қызылордада әйгілі Нартай Бекежановтың жақын досы Әлібек Бәйкенов (1889— 1944) деген халық ақыны болған еді. Тілге шешен, өлеңді табан астында суырып салатын Әлекеңді облыс басшылары үлкенді-кішілі жиын-тойларға ша­қы­рып, сөз сөйлетіп, жұрттың көңі­лін бір көтертіп алады екен. Бірде қалада болатын сондай бір жиналыс­қа шақыртып, бастықтар қолқа сал­ған кезде ақын төсек тартып, қатты ауырып жатады. Ауырып жатса да шабарман жігіттен бастыққа мынан­дай бір хат ұстатып жіберіпті:
«Даңқым таныс өзіңе,
Менің атым Әлібек…
Риза болып сөзіме
Қол соққан ел «пәлі!» деп.
Жиналысқа баруға
Әлібектің әлі жоқ.
Үйден шықпай жатырмын,
Тауық болып… тары жеп».

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір