Сайлаубек
Алматыға барған сайын менің соқпай кетпейтін бір адамым болатын. Ол – есімі елге белгілі сыншы Сайлаубек Естайұлы Жұмабек ағамыз еді. Қазақтар кейде біреудің қарапайымдылық қасиетін білдіргісі келсе «Аузын ашса көмекейінен жүрегі көрінетін асыл азамат» деп жатады емес пе. Менің өмірімде кездескен сондай азаматтың бірі және бірегейі Сәкең болатын. Қай кезде бара қалмаңыз, шын көңілмен, арқын-жарқын пейілмен, ағалық-ағайындық құшағын жайып қарсы алып, қауқылдап елдің амандығын сұрап, үлкенге құрмет, кішіге ізет жасап, туған елден жақын бауыры келгендей жалпылдап мәз-мәйрам болатын еді, жарықтық Сайлаубек аға. Көңілі дархан, құшағы кең, мейірімі мол, қаламының желі бар, әдеби сын әлемінде орны ерекше қаламгердің бірі – Сайлаубек Жұмабек ағамыздың сүйікті кенже ұлы Санжармен бірге үлкен жол үстінде қайғылы апатқа ұшырап, дүниеден озғанына да біраз жыл болып қалыпты-ау. Сол бір жантүршігерлік суық хабар жеткенде жүрегіміз езіліп, «аһ» ұрып, қабырғамыз қайысқаны әлі есімде. Бірақ болған іске не амал бар, жер бетіндегі көптеген құбылысты бағындыра алмаған қауқарсыз пенделердің қолынан не келеді? Естелік айтып, сонау артта қалған, көзден ғайып болып, сағымға айналған күндерді көз алдыңнан өткізгеннен басқа не істерсің мына тағдырға…
Сол Сәкеңмен мен алғаш рет 2002 жылы Жамбыл облысының Байзақ ауданында кең аталып өтілген, үлкен жиын үстінде таныстым. Ол басқосу осы өңірдің тумасы, артында өлмес іс қалдырған Мәдімар болыстың туғанына 300 жыл толу мерейтойы болатын. Сол жиынға еліміздің саңлақ азаматтары – сол жылдардағы сенат төрағасы Өмірбек Байгелді, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, облыс әкімі Серік Үмбетов бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі жазушылар мен ақындар, әншілер мен күйшілер, айтыскер жыршылар мен жыраулар көп жиналды. Байзақ ауданының шұрайлы көк шалғын, көк майса тақтайдай тегіс солқылдаған сазына жүзге тақау жұмыртқадай әппақ киіз үйлер тігіліп, екі тәулік бойы ән мен жырдың тығыны ағытылып, күй тартылып, жыр айтылып, ұлттық ойындарға мол орын берілді. Қысқа қайырсақ, көпке дейін көпшілік айтып жүрер бір керемет басқосу болды. Жиылған қауымның ұлттық өнерге арқасы қозып, көпшілік жұрт бір сілкініп қалды. Сол жиын үстінде жазушы-драматург Елен Әлімжанов Алматыдан келген бір топ жазушы-ақындармен таныстыра келіп: «Ал, мына Сайлаубек деген жазушы ағаң» деп менің көңілімді денесі мығым, шекесі кең, ақжарқын жігіт ағасына аударды. Сайлаубек аға мол алақанымен қолымды алып, ескі танысындай құшақтап, бауырына қысты. Кеш бойы көп әңгіме айтылып, өткен-кеткен сөз болып, тарихқа көз жүгірттік. Бір-бірімізді көптен білетіндей, ескі таныстардай шүйіркелесіп, арқа-жарқа боп қалдық.
Содан кейін-ақ мезгіл-мезгіл хабарласып, аманшылық-саулықты біліп тұрдық. Жол түсіп Алматыға бара қалсам, Сайлаубек ағаға ат басын бұрып, сәлем беретін әдет менде пайда болды. Ол да кездескен сайын жақын бауыры келгендей қарсы алып, баладай мәз болып, шын пейілімен ашыла дидарласатын. Маған ағаның аңқылдаған ақ жүрегі, ақжарқын, бүкпесіз ашық мінезі, бауырмашылдығы, ерекше туысқандық сезімі сүйсіндіретін, жаныма ұнайтын, тіпті қызықтыратын. Барған сайын оны қызу еңбек үстінде көретінмін. Қара тер болып үлкен үстел үстіндегі ақ қағазға қаламын сілтеп, шүйіріліп бір нәрсе жазып жатқаны көз алдымда қалыпты. Шіркін, оқтай зулаған уақыт-ай, сен еш тоқтамайсың, қарайламайсың…
2003 жылдың көгілдір көктемінде Сайлаубек ағаға соққанымда, ол баспадан таяуда шыққан «Жұлдызы нұрлы суреткер» атты халық жазушысы Шерхан Мұртазаның творчествосысына арналған роман-монолог кітабын ұсынды. Шерхан ағамыздың халқына берген еңбегі көл-көсір екені барлығымызға белгілі. Оны сырлы суреткер ретінде ғана емес, тамаша аудармашы ретінде де танимыз. Әсіресе, Шерхан Мұртазаның заманымыздың шоң жазушысы Шыңғыс Айтматовтың әңгімелері мен хикаяттарын, бірнеше романдарын қазақша сөйлетуі үлкен шеберлік деп ұққанымыз жөн. Кітаптағы «Шыңғыс пен Шерхан» деп аталатын бөлігін Сайлаубек Жұмабек аудармашылықтың жеңіл жұмыс емес екенін айта келіп: «Басқаны қайдам, Шыңғыс шығармаларының қазақшаға аударылуы автор үшін де, аудармашы үшін де ерекше олжа. Мұның өзі арнайы зерттеулердің сыбағасы болу керек. Ал бұл аударма ісінің ұңғыл-шұңғылын терең білетін жетік мамандардың ғана қолынан келеді» деген ой түйеді. Тағы бір жерде: «Бір ғажабы, Шыңғыс туындыларын қазақ аудармашыларының зор сүйіспеншілікпен, ерекше жауапкершілікпен аударғанына ешқандай күмән жоқ. Олар оның үстіне Шыңғыс шығармаларының сөзін емес, шырайлы көркемдігін, шынайы рухын түпнұсқаға мейлінше еркін түрде тамаша жеткізген» деп тамсана жазады. Ары қарай Шерхан Мұртаза аударған Шықаңның шығармаларын талдайды. Шераға Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош, Гүлсары!», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» повестері мен «Боранды бекет», «Жан пида» романдарын қазақша сөйлеткен, Шықаң сияқты кемеңгер суреткердің шығармаларының рухын дәл жеткізген шебер аудармашы екенін, ал аудармашылық дегеніңіз өнер екенін әдебиетсүйер қауымға мойындатқызады.
Сол кітаптағы «Президентпен сұхбат» деген бөлімде Сәкең кең толғанып: «Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, сөз жоқ, қазір бүкіл әлем танитын, мойындайтын, құрметтейтін саяси қайраткерлердің қатарында. Тәуелсіз мемлекеттің туын биік ұстау мәртебесі ең алғаш Нұрсұлтан Назарбаев ағамыздың несібесіне бұйырып, Елбасымыздың бақ-ырысын асқақтатып қойған тағдырымызға ризамыз. Бұған, сөз жоқ, сүйсінеміз және заңды түрде мақтанамыз! Біздің бұл мақтанышымыз бен оған деген зор сүйіспеншіліктен тұратын құрметіміз, асылы Нұрсұлтан ағамызды ұлттың, қазақ деген көнтерілі халықтың ғасырларда бір келетін жұлдызды шағында жарқырап көрінгенінде жатса керек» деп жазады. Кітаптың қай бетін ашпаңыз, Сайлаубек Жұмабек ағамыздың шебер теңеулері, мәйекті, нәрлі сөздері, кейде өзінің ішкі жағымды эмоциясы мол кездеседі. Жалпы алғанда, бұл «Жұлдызы нұрлы суреткер» деп аталған кітапта қазіргі заманымыздың заңғар жазушысы Шерхан Мұртазаның творчестволық портреті толық әрі терең мәнде ашылған үлкен аналитикалық еңбек деп қабылдаған болатынбыз. Бұл деген сыншы-қаламгер Сайлаубек Жұмабектің ғана емес, бүкіл ұлттық әдеби ортаның жетістігі деп ұққанбыз.
Сәкең бұған дейін «Сын пернесі» (1989), «Ғабит Мүсірепов» (1989), «Жүрегі – мұң, жүрегі – жыр…» (1997), «Қазығұрт перизат» (1998), «Сын симфониясы» деген сын кітаптарын шығарып, белгілі қаламгерлер Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Т.Әлімқұлов, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджанов, М.Мақатаев, А.Сүлейменов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбаев, Қ.Мырзалиев, Қ.Ысқақ, Ә.Тарази, Н.Оразалин, Т.Медетбек және т.б. шығармаларына сын көзбен қарап, терең сараптама жасап, әділ баға берген болатын. Сөйтіп, Сайлаубек Естайұлы кітаптарда, жинақтарда, сан түрлі газет-журналдарда көптеген тұшымды мақалалар жариялап, ұлттық әдебиеттің дамуына салмақты үлес қосқан қаламгер болғанын қазіргі жастар жағының біреуі білер, біреуі білмес.
Жазушылардың ортасында Сайлаубек Жұмабек жайлы Шерхан Мұртазаның айтқан мына бір сөздері сақталып қалыпты: «Бішкекке барсам Айтматов ауылдың амандығынан бұрын Сайлаубекті (Жұмабек) сұрайды». Бұл деген «әлемнің Айтматовы» аталған шоң суреткер Шыңғыс ағаның Сәкеңнің творчествосын ерекше бағалап, оның «құдіретін» мойындағанының жарқын айғағы емес пе?!
Бірде, реті келгенде:
– Сайлаубек аға! Сіз талай белгілі жазушылармен тізе тіресе еңбек еттіңіз, сапарлас, дастархандас болдыңыз. Мені бір сұрақ көптен мазалап жүр. Ол өз жерлесіңіз жазушы Тәкен Әлімқұлов туралы кейбір мәліметтер. Базбіреулер ол кісінің тегін әр саққа жүгіртеді. Көзі тірісінде, Тәкен ағаның өзі кіммін дейтін еді? – деген сұрақ қойдым.
– Тәкен ағамен көп араластым, талай рет іссапарларда да бірге болдым. Бірақ Тәкен көпшілік алдында шешіліп, ашылып көп нәрсені айта бермейтін мінезі біртоға кісі еді. Қаламын анда-санда ғана қолына алатын, көбіне құлақпен тыңдап, түйсігіне түйіп жүретін ерекше қабілеті болатын. Бірнеше рет әлгі сен қойған сұрақты мен де оған қойғанмын. Сонда ол бетіме күлімсірей қарап: «Сайлаубек-ау, оны қазбалап қайтесің. Біз барлығымыз қазақтың баласымыз. Сондықтан өзі аз халықты бөліп-жарар, алалар ештеңе жоқ. Қазақтың барлығы бір атаның балалары, барлығымыздың қанымыз бір», – деп тіке жауаптан жалтарып кететін. Менің білетінім, ол Қаратау өңірін ықылым заманнан мекен еткен Сүлгетей руының Көзтамғалы атадан тараған ұрпақтарынан болатын. Дүниеден озғаннан кейін өзінің өтініші бойынша Қаратаудың теріскейіндегі Созақтағы Баба-ата жанындағы ескі бейітке, шешесінің жанына қойылды. Сөйтіп, Тәкең мәңгілік тыныштықты өз туған жерінде тапты…
Соңғы бір кездескенімізде: «Сағындық інім! Көптен бері Қалтай Мұхамеджанов жайлы жазып жүрген «Титан драматург» атты еңбегімді кеше аяқтадым. Кітабымның соңғы парақтарының сиясы әлі кеуіп те үлгерген жоқ. Бүгін міне, соның сыртқы мұқабасын жасаттым. Ол мынадай болмақшы», – деп алдында жатқан бояудың исі аңқыған түрлі-түсті қағазды көрсетті. Ағаның қуаныштан жүрегі нұр шашып, ризашылық тәтті сезімге бөленіп, ерекше шалқып отырған жай-күйін сезініп: «Құтты болсын, аға! Қаламыңыз әрдайым қарымды бола бергей. Әлі де талай жаңа еңбектеріңіздің, қызықты кітаптарыңыздың куәгері болайық», – деп ізгі тілек білдіріп, қолын қыстым (өкінішке қарай, сол кітабының баспадан шыққанын көру Сәкеңе тағдыр жазбапты). Содан кейін екеуміз баспа үйінің төменгі қабатына түсіп, асықпай лимон қосқан тәтті көк шай іштік. Шай ішіп отырып: «Соңғы кезде давление деген мазамды ала бастады. Қан қысымым көтеріліп, берекемді алады. Оған өзі не ем бар?» деп кеңес сұрады. Мен білетін ақылымды айта келе: «Жұмысбасты болып қажып жүрген боларсыз. Уақыт тауып, бір мезгіл демалғаныңыз да жөн ғой. Ел аралап, табиғат аясына шығып, қарапайым елмен дидарласып, мазасыз ойдан айрылып, сергіп қайту артық болмас еді Сізге, Сәке!» дедім. «Оның дұрыс ақыл, бірақ атқарар істі кейінге қалдыра беруге тағы болмайды. Уақыт – сынап секілді уыста тұрмайды. Ойдағы бардың барлығын бітірсем екен деген үміт-қайық мені алысқа жібермейді. Анда-санда Қапшағайдағы ұлымның үйіне барып, бір мезгіл тынығып жүрмін. Бірақ туған елді, туған жерді, балалық бал дәуренді жиі аңсаймын. Адамда туған жерге деген үкілі сағыныш көмескеленіп, еш тұманданбайды екен ғой. Қанша жасасаң да оған деген сағынышың басылмай, жүрегің елжірейді де тұрады екен. Табиғат адамды солай етіп жаратқан. Биыл жаздың ыстығы басылғаннан кейін, қоңыр күзде елге баруды жоспарлап қойдым. Немерелерім мен ұлымның бірін жаныма ілестіріп, туған жерге бір аунап-қунап қайтқым келіп жүр. Елді сағынып жүрмін». «Солай еткеніңіз жөн, туған жер тірі адамның тірегі ғой, аға. Барып қайтыңыз еліңізге», – дей отырып, әңгімені басқа ауанға ауыстырдым. Ағаның ойы бөлініп, көңілді әңгімеге көшті…
– «Көркем әдебиет жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді» деген Лион Фейхтвангердің қанатты сөзі бар, Сағындық інім. Шынында солай, көркем әдебиетпен жастайынан сусындаған адам ешқашан жаман адам бола алмайды. «Әдебиеттің аса бір ерекше құдіреті» деп соны айтқанымыз жөн. Әдебиет адамды тәрбиелейді, – деген пікір айтты Сайлаубек аға бір қазіргі әдебиет және оның адамның санасына әсері жайлы әңгіме қозғалғанда, ерекше бір ой иіріміне беріліп.
– Өкінішке қарай, қазіргі жастардың кітап оқуға құлқы жоқ. Тіпті, қызметте жүрген шенеуніктеріміз бір жылда бір кітап оқымайтынын мойындауымыз керек. Бірте-бірте жазушыларымыз әңгіме, хикаят, роман жазудан қалады-ау деген қауіп те бар. Өйткені, олардың маңдайдағы терін төгіп жүріп жазған әдеби еңбегін жалпы жұрт, оқушы қауым біліп, танысып, тиісті баға беріп жатқан жоқ, – дедім мен С.Жұмабек ағаның пікірін білмек болып.
Сондайда төгіле сөйлеп, көсіле жөнеледі. Қазір ондай үрдіс барлық елде бар. Том-том қалың романдарды көпшіліктің оқуына уақыты жетпейді. Тіпті, кейбірі, интернет тұрғанда оны қажет деп те санамайды. Мына есіктен сығалап тұрған қазіргі экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, шарасыздық көпшіліктің көңілін пәсейтіп, дегбірін алып тұр ғой. Аш адам рухани байлық, рухани азық туралы ойламайды. Күнделікті күйбің тірліктің ілгегіне ілініп, жан сауғалап, өмір ағымымен ығып жүре береді. Бірақ ерте ме, кеш пе, әдебиетке қайта бетбұрыс болатынын білемін. Ол – ертең бе, бүрсігүні ме, дәл кесіп айту қиын. «Әлемнен әдебиетті алып тастаса, сықырлаған қару мен сыңғырлаған тиындар ғана қалар еді», – деген екен Андрей Битов. Орынды айтылған пікір.
– Рим императоры Карл V-тің «Патшаның жақсысы болғанша, жазушының жаманы болуым керек еді» деген сөзін есіме салдың ғой мана. Елге, әлемге белгілі жазушы болу үшін көп кітап шығару тіпті міндетті емес. Мысалы, Нобель сыйлығының иегері Эрнест Хемингуэй «Шал мен теңіз» деген шағын, бірақ керемет өлмес туындысымен аты әлемдік әдебиетте мәңгілікке қалды. Қандай қаламгер болсын, оның жазған туындысы қазіргі замандастарымыздың ойын дөп басып, жүрегін толқытып, парасат-санасына нәр тастаса, пікіріне пікір қосса жаман болмас еді. Бірақ қазіргі әдебиетте бірін-бірі қайталау, бұрын бір жерден оқыған үйреншікті сюжеттер мен детальдар, сөз шұбалаңдығына жол беру, тың ой болмау, суреткерлік шеберліктің жұтаңдығы сезіліп тұрады. Қысқаша қайырсақ, жазушы көп, суреткер аз. Жазушылық деген біле-білсек, адамның бойына туа берілетін ерекше, ерен құдіретті қасиет, ол Жаратқан Иемнің сыйлаған сыйы, табиғаттың берген дарыны. Басқа сала бойынша білім алып, басқа саладан әдебиет өнеріне келген қаншама белгілі жазушылар бар. Мысалы, орыстың атақты жазушысы Антон Чеховтың, одан кейінгі Михаил Булгаковтың мамандықтары дәрігер болған. Тіпті, алысқа бармай-ақ, өзіміздің жазушылар Ілияс Есенберлин мен Медеу Сәрсекені алайық, екеуі де политехникалық институтты тәмамдаған, негізгі мамандықтары тау-кен инженерлері. Ақын Олжас Сүлейменов пен академик Евней Бөкетов те солай. Көріп отырсың, дарынды суреткер болу үшін арқалы ақын, білікті жазушы, талантты өнер иесі болып туылу керек.
– Олай болса, «Ұланғайыр мүмкіндіктер баршаға беріледі. Бірақ көп жандар олармен ұшырасқанын сезбейді де», – деген Даннингтің пікірін қайда тастаймыз, Сәке. Мүмкіндігі мол адамдардың барлығы қалам тартып, көрнекті жазушы бола бермейді. Көңіл толқындарын, өмірде түйген ойларын өздері үшін қойын дәптерлеріне түртіп қойып жүрген адамдар да ортамызда баршылық. Бірақ олардың барлығы көпшілікке арнап кітап жаза бермейді, – деп мен шажалаулап қалмаймын.
– Шындап келгенде, жазушылық ауыр жүк. Әйтпесе кім болса сол кітап жазып жатқан заманда жазушы бола бермес пе еді? Газет-журналдарда, жинақтарда басылып жатқан көп туындыларда тың образ, мінез-құлық, пікір, нанымдылық жоқтың қасы. Осындайдан жаңағы өзің айтқан «Жазушы көп, суреткер аз» деген пікір
туындайды. Нағыз шебер суреткер деп Мұхтар Әуезовті атасақ болады. Өзінің «Абай жолы» арқылы қазақ деген халықты әлемге танытып, қазақтың әдеп-ғұрпын, ұлттың салт-дәстүрін, оның әсем табиғатын керемет суреттеген. Тәкен Әлімқұловтың қай шығармасын алмаңыз, қазақ даласының исі, ауыл тыныс-тіршілігі аңқып тұрады… Бұл – жазушының терең білімін, ізденімпаздығын, ұлттық зерек ойын білдіріп тұрады. Қазіргі дара, көркем әдебиетте үлесі зор жазушылардан шымкенттік Мархабат Байғұт пен жамбылдық Несіпбек Дәутаевтың есімін атасақ болады. Олардың әр шығармасы салмақты, ойлы, қазіргі өмірден ойып алынған шыншыл дүниелер, әдемі образдар мен сюжеттер…
Осылай пікір-ой алмасып отырып Сайлаубек ағамен бірер сағатты бірге өткіздік. Сонда менің ұққаным, оның ойының ұшқырлығы, әдеби білімінің тереңдігі, телегей теңіз біліктілігі, сын өнерінің ұңғыл-шұңғылын басқаша ұғуы болатын. Әр кездескен сайын әдебиет төңірегіндегі ойымызды бөлісіп, пікірімізді білдіріп, арқын-жарқын сырласып, көңілімізде біраздан жиналған зіл бір жеңілдеп қалғандай болушы еді. Жалпы, Сайлаубек әдебиет әлемін, оның философиялық түйіндерін мол білетін сыншы-қаламгер еді. Онымен әдебиет төңірегінде ой-пікір бөлісу мен үшін бір ғанибет болатын. Ол күндер қазір көзден бұлбұл ұшты…
Қазіргі жазушылар арасында «Ортамызда әділ сын айтатын озып тұрған жазушы қалмады. Қазіргілердің барлығы бірін-бірі бос мақтау, мадақтау болып барады. «Сын болсын. Сын шын болсын» деген ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің қанатты сөздері бұл күндері бұлыңғырланып, көмескіленіп бара жатқаны өкінішті. Сыншы болғаннан соң М.Қаратаев, З.Қабдолов, З.Серікқалиев, А.Сүлейменов, С.Әшімбаев, С.Жұмабектей болғаны жөн ғой» деген пікірді жиі еститін болдық.
Қазақта «Кеткен күшiңдi сұрамайды, бiткен iсiңдi сұрайды» дейтiн қанатты сөз бар. Айналаңдағы жұртқа, қоғамға, тiптi өз отбасыңа сенiң жұмсаған күшiң емес, тындырған iсiң керек. Құның тек сонымен. Сол жолда ауырасың ба, өлесiң бе, ол есепке алынбайды. Қарымды қаламгер Сайлаубек Жұмабек қазақ әдебиетінің сын өнерінде өзіндік із қалдырған, төл әдебиетіміздің ел-жұрт таныған сардар сарапшысы, тәуелсіз әдебиетіміздегі шырқыраған шындықтың шыңына шыққан түйсігі биік азаматтың бірі болатын. Оның алдында әлі талай қомақты істер, жоспарланған армандар күтіп тұр еді. Әттең, сол бір қатерлі, қатігез жол апаты болмаса…
…Алматыға барған сайын бұрынғы көп жылғы әдетім бойынша көңілі дархан, ойы зерек, толғамы терең, бауырлық сезімі нәзік Сайлаубек ағаны іздеймін. Кеудемдегі аласұрған жұдырықтай жүрегім лықсып аузыма келіп, тынысым тарылып, дем жетпей тығылып, жанарыма еріксіз ыстық жас мөлт-мөлт етіп келіп, кеудем буынып, ауа тарылып тұншыққандай боламын. Орны басқалардан бөлек Сәкеңе деген менің мұнарлы сағынышым еш азаяр емес. Жазмышқа не дауа бар?! Көзден кетсе де, көңілден кетпей жүр менің аңқылдақ мінезді, көңілі көл-дария, рухани дүниесі мол мейірбан Сайлаубек ағам…
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор.
Тараз – Алматы – Тараз.