АТАЙЫ
Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ
(аллегориялық әңгіме)
…Где и когда ты встречал
Без подножья вершину…
Р.Рождественский
Бүгін аңдардың патшалығы Қара Орманда үлкен жиын. Аңдардың патшасы Бағыз арыстан өзінің мұрагеріне тақты түсіп беріп, бұрынғылар жүрген жолмен Көп бейіт шаһарына аттанбақ. Исі Қара Орман әулеті – ұшқан құс, жүгірген аң атаулы Құрылтай алаңына жиналып, үйір-үйірімен әркім өз топбасын алға шығарып орналасқан.
Ұзыны мен ені бір шақырым болатын үлкен алаңға қаптай орналасқан аң мен құстан көз тұнады. Желбіреген үкі, жебе, қауырсындар. Қомданған қанат, кейкиген бастар. Шошайған, жер сызған ұзынды-қысқалы құйрықтар. Тікірейген, қалқиған құлақтар. Қасқайып көкке біленген қылыштай азулар. Жерді тілгілей тарпыған тұяқтар. Ара-арасында шаңқ еткен, қаңқ еткен, арсылдаған, ырсылдаған абыр-сабыр сүт пісірім уақытқа созылды. Күн түске тырмысқан шақта қарағайдан қиыстырып жасаған үлкен тақтың үстінде бір жамбастай жатқан Бағыз арыстан орнынан тұрып, шоқиып отырды. Оң аяғын көтерді. Теңіздей толқып, ормандай шулаған тірі жан қалт тына қалды. Бәрінің көзі үйдей үлкен тақтың ортасында отырған, бір кездегі құдіретті, ал қазір можа-можа болып қартайған шүйкедей Бағызда. Бәрінің құлағы сөне бастаған әлсіз дауыста.
− Уа, хайуанат! – деді Бағыз. – Мен араларыңнан кететін уақыт тақаған сияқты. Біреу ерте, біреу кеш түсетін жолға мен де бет бұрдым. Дәм-тұздың таусылғанын өзім де сезуші едім. Тек бабалардан, әруақтардан қашан жарлық келеді деп күтуде едім. Алдыңғы түні аян жетті. Әкем Керіскей екен. Өздеріңді талай от пен судан тайдырмай алып шыққан Керіскей, «Бағыз, − деді. – Жердегі шаруаң бітсе – мұндағы орның дайын. Қасыма кел».
Әр патша тақтан түсерде өзінен бұрынғы патшалардың ерліктерін шежіре қылып мұрагерге, туған халқына айтып кетуі керек. Салт солай. Қара Орман тарихын мен де шолып өтейін.
− Қара Орман әулетінің алғашқы өкілдері Ұлы Дария анадан, сол Ұлы Дария ананың суынан жаратылыпты. Нұрлы шуаққа, мейірімге толы дарқан Дарияның аясында бабаларымыз неше ықылым заман алаңсыз, бақытты ғұмыр кешіпті. Сонымен уақыт өтеді. Күндердің бір күні ел басына күтпеген зұлмат төніпті. Өзінің толқынымен аймалап, осынша уақыт асырап-сақтап келген Дария апамыз кенеттен суып сала беріпті. Алдымен Дарияның бетін жеңіл мұнар басады. Мұнар күннен-күнге қоюлана береді. Жел тұрады. Барған сайын күшейген жел ең ақырында екпіні тау құлатқандай, өзі ызғырық суық бір алапатқа айналады. Содан соң Дарияның көз көрмейтін тереңінен алып сең жағаға қарай лап қояды. Қырғын басталады. Бет-бетімен қашқан аңдар әр жерде сеңнің астында жапырылып қала берсе керек. Қаншасы үседі. Қаншасы Дарияның лебімен құрдымға тартылып кетеді. Сол кезде есінен адаса қоймаған бірнеше топбасылар бас қосып, Қара Орманның шежіресіндегі алғашқы Құрылтайды шақырыпты. Патша сайлау содан қалыпты. Топбасылар елдің тағдырын, кенеттен өзгерген Дария ананың мінезін торыға айтып кеңеседі. Зұлматтан құтылудың жолы біреу-ақ. Кету керек. Шаршы жердің, әйтеуір бір бұрышына сиярмыз дейді. Шашылып, берекесі кеткен жұртты жинаған екен. Қара ормандай қаптаған аңдардан төбелдей-ақ қалыпты. Көптеген хайуанат тегі ұшты-күйлі жоқ. Қырылған. Немесе қашып құтылған. Өзіміз талай соғысып, талай жеңген сасық бөрілер сол кезде жоғалдыға саналған екен. Жоғалмапты. Сең қозғалғанда елдің алды болып қашқан. Келіп осы Қандысайға тоқтаған. Өсіп-өніп кеткен. Иә, сонымен, әңгімеміздің алғашқы ұшығына оралайық.
Ұзын сөздің қысқасы, бабаларымыз азғантай елдің патшасы етіп Дауылқар бүркітті сайлайды. Қастарында отырған қырандардың топбасы Шыңырау сол Дауылқардың ұрпағы. Сонымен Қара Орманның алғашқы патшасы елді тығырықтан алып шықпақ болады. Шығандап көкке ұшыпты. Төрт тарапты қанаты талғанша шарлапты. Ақыры Қара Орман жұртының үміті үзіле бастаған шақта әбден шаршаған Дауылқар қайтып келген екен. Ес жиып, әңгімесін айтады. Жер дүниені басқан сеңнің арасынан жолақ тауыпты. Құс ұшса қанаты талған алыс жерден кең жазира, көк майса орманды мекен тауыпты. Енді бөгелмей жүріп кету керек. Қара Орман шежіресіндегі Ұлы көшкін деп аталатын шеру басталады. Шиеттей күшіктерін ауыздарына тістеп алып, табаны мұз бен тасқа тілініп, азғантай топ ауыр да азапты жол тартады. Қаншасы жолда үсіп өледі. Қаншасы шөл мен аштан өледі. Дауылқар осы сапарда жерге бір сәт қонбапты. Аспанда қалықтай ұшып, үнемі бағыт көрсетіп тұрыпты. Ес кетті, жан шықты дегенде арып-ашып Қара Орман әулеті осы қазіргі мекенімізге жетіп жығылады. Сөйткен Дауылқар да дүниеден өтіпті. Өз міндетін атқарып, елді қиын деген бір өткелектен өткізіп салыпты. Енді одан кейінгі патшалардың үлесі де ешбір жеңіл болған жоқ. Аяқ астынан ілбісіндердің жер қайысқан халқы келіп орманымызға ойран салыпты. Осы ауыр соғыстың үстінде Қара Орманның қасиетті патша тағына бірнеше ер келіпті. Бәрі де ұрыс үстінде қаза тауыпты. Ақыры бел қайысып сынғалы тұрған шақта жас батыр Албарыстың бастауымен халқымыз үлкен жеңіске жетеді. Ілбісіндерді дүркірете қуып, жосылта қырады. Екі жылдан кейін ес жиып оңалған Қара Орман әулеті басып кіріп ілбісіндерді өзіне бағындырады. Қара Орманның бір еліне айналдырады. Албарыс он жыл патша болыпты. Ақыры жыландар елімен титықтатқан ауыр соғыста бір айдаһармен жекпе-жекте ол да өледі. Қара Орман әулеті бұл елді де бағындырыпты. Ақылмен үлкен елдің бір руына айналдырыпты. Одан кейін Қара Орманның қасиетті патша тағына жүз ер келіп, жүз ер кетті. Және солардың бірде-біреуі өз ажалынан өлген жоқ. Майдан үстінде қаза тапты. Ақыры тәжді менің әкем Керіскей киді. Ол да өзіне тиесілі шайқастың бәрін абыроймен аяқтап дүниеден көшті. Одан кейін мен патша болдым. Мен тақта отырған кезең де тыныш болған жоқ. Тұтқиылдан жасалған маймылдардың шабуылы… Күн тұтылған сасық бөрілердің жорығы. Бірақ өзіне көп руды қосып, айбынды елге айналған Қара Орман әулеті қайыспады!
Ойсырата шаптық! Қабырғасын қақырата соқтық! Ақырында маймылдар да бізбен тізе қосуға мәжбүр болды. Сасық бөрілер ғана көз көрмейтін, құлақ естімейтін бір жаққа қашып құтылды. Міне, абыройымыз бір мысқал да кемімепті. Жеңілмеппіз. Ылғи жеңіппіз. Жеңілгендер дәргейімізге бас ұрып, қатарымызды көбейтіпті. Ұрғашылар дүниеге жаңа ұрпақ келтіріпті. Жер қайысқан ел болыппыз. Ірге берік. Шаңырақ биік. Осындай күйіңді, болып-толған кездеріңді көріп қуанып отырмын. Әрине, бірде бүгінен, бірде шігінен түсетін дүниеде тұрлау жоқ. Көңілде күмән көп. Бірақ дүниедегі күмәннің бәрін бір ұрпақ, бір патша шеше алмайды. Дүниедегі шайқас атаулының бәрін бір ұрпақ тауыса алмайды. Әр ұрпақ өзіне тиесілі несібе-дәмді өзі татуы керек. Өзіне тиесілі айқас-шайқасты өзі өткеруі керек. Айқасып, шайқасып өспесе, айбынды ұлдарың көзін ашып-жұмған күшікке айналмақ. Сөйтіп, осыншама күшпен тірнектеп жинаған абырой бір-ақ күнде төгілмек. Міне, менің сендерге айтатын өсиетім. Енді өздерің лайық көрген болашақ патшаларыңды атаңдар.
Тақтың алдындағы шағын алаңға әрбір рудың топбасылары келіп отырысты. Ұзақ кеңес басталған. Тақтан дәмелі бірнеше жасты сұрыптады. Олардың айбынын, ақылын сараптап келе біріне-бірі татитын екеуін таңдады. Содан кейін кішкентай ғана бойы бар, талайдан озған ойы бар Базар кірпі таққа беттеді. Бағыздың тура алдына келіп таяғына сүйеніп тұрып, суырыла сөйлеп кетті:
− Уа, Бағыз! Сен бүгін бізді қатты толқыттың. Баяғы бұлдыр заманды айттың. Есімізге сен тартқан шеру, сен бастаған кескілескен ұрыстар түсті. Қол бастаған ер, ел бастаған патша сен сынып түскеннен кейін, сенің келең, сенің замандастарың – біздің де талқанымыз таусылған екен дедім. Қатты қамықтым. Қайыстым.
Маңдайын таяққа сүйеп мұңайған күйі тұрып қалды. Бір кезде басын көтерді. Көзінде жас. Қос тамшы сырғанап төмен ақты.
– Уа, Бағыз! – деді содан кейін сөзін сабақтап. Құрақтай сызылған дауысыңда түйіртпек бар, − Заман кімнің басынан болса да өтеді. Бақсам біздің еліміз қартайып, құбылаға бет түзепті. Шерудің басында баяғыдай батыр Бағыз. Бірақ арман жоқ. Артта ақар-шақар ел қалды. Жас ел. Айбынды ел. Батыр ел. Енді ол елге ақылды патша, ер қолбасшы керек дедің. Қара Орманның елі батырға да, ақылманға да соншама толы екен. Ұзақ сараптадық. Ақыры ақылымен де, ерлігімен де басқалардан оқ бойы озық тұрған екі жасқа тоқтадық. Біріне бірін жығып бере алмадық. Өзіңнің мұрагерің бола алатынын, ізіңді баса алатынын өзің таңда. Ерлердің атын атайын. Көк бөрілердің топбасы! Атайы!
Тақтың оң жақ қанатында қарауытып тұрған қалың нөпірді қақ жарып алпамсадай зор, шымқай сұр арлан Атайы тақтың алдына келіп бас иді де шоқиып отырды.
− Жолбарыстардың топбасы Мамыт! – Тақтың сол жағында мұрттары едірейіп-едірейіп отырған жолбарыстардың ішінен үйдей зор біреуі көтерілді де салақтай жортқан күйі Бағыздың тура алдына келді. Сол әдеппен бас иіп Атайымен қатар орналасты. Қара Орманды сілтідей тыныштық басты. Хайуанат атаулының назары тақтың алдында қатар тұрған елден ерек кесек бітімді Атайы мен Мамытта, басын төмен салып қалың ойға кеткен Бағызда.
Бағыз сірке басқан кірпіктерін сілкіп қойып, шайқалып отырып ұзақ толғанған. Алдында отырған екі жастың ұрыстарда көрсеткен ерліктерін, үлкен жиындарда айтқан кеңестерін есіне түсіріп ойластырған. Ой елегінен өткізген. Қара Орман жұртшылығы тағаттан айырылып қозғалақтай бастағанда бір шешімге келген.
− Уа, хайуанат! – деді. – Алдымда екі арлан отыр. Жауға салсам бірі шоқтықтан алар азуым, бірі қапсыра тартып, қақырата сойған тырнағым болды. Кеңеске салсам бірі тереңнен тартты, бірі жеті қат көктен жасындай соқты. Осынша жасқа келгенше осындай сынға түсіп көрмеппін. Кәрі басымды онда да, мында да соқтым. Ақыры мынадай бір байламға келдім. Қара Орман қашанда болсын өзін бастаған батырлардың ерлігімен, өзін бастаған патша-уәзірлердің ақылымен Қара Орман болып келді. Бастарыңнан әлі талай өткелек өтеді. Ел басына күн туғанда қиыннан қиыстырып, қысқа толғап шешім табатын басшы керек. Осыған ұрымтал Атайыны лайық көрдім. Ықыласым Атайыға ауды.
− Абырой қонсын саған, Атайы! – деді сосын Атайыға бұрылып. Атайы салмақпен бас иді.
− Ал бейбіт кезде елдің, жердің тағдырын тереңнен толғап, ұзаққа болжайтын уәзір керек, – деді Бағыз сөзін жалғап. – Бұған тұңғиық ойлы Мамытты жөн көрдім.
Мамытқа бұрылып:
− Абырой қонсын саған да, Мамыт уәзір! – деді.
− Жаса, Бағыз! – деді Базар кірпі шат дауыспен. – Жаса, кәрі тарлан! Жаса, ақылгөйім!
Іле Қара Орман жұртшылығының Бағызды мадақтаған, жаңа ғана бірі патша, бірі уәзір сайланған екі арланды мадақтаған қалың қошеметі жер дүниені басып кетті. Содан кейін жас патша мен уәзірдің шапағат етуі басталды. Елдің топбасылары, құрметті сарбаздар бірінен кейін бірі келіп дәргейлеріне бас ұрады. Артынан бүкіл Қара Орманның жер қайысқан халқы бәрі бірдей тағзым етті.
Мереке басталды. Ойын-той он күнге созылды. Сайыс, ойын атаулының барлық түрі тамашаланды. Атақты сарбаздар шығып білек пен азуды көрсетті. Әдіс пен тәсілді көрсетті. Үлкен-үлкен ағаштарды тамырымен қопарды. Қарағайдың қожыр-қожыр бездерін парша-парша қылып шайнады. Қарсы келген ойыншыны үстінен асырып жіберіп таңынан тартты. Жалт бергенде мойнынан сығып қылқындырды. Жарадар қылудың, мерт қылудың небір жолдарын көрсетті. Бұдан кейін жас жеткіншектердің өнері тамашаланды. Олардың ізкесерлігі, білек күші, азуының өткірлігі, жүйріктігі, қырағылығы бағаланды. Бұғылардың соғысы, бұғылар мен қасқырлардың соғысы, жыландар мен кірпілердің соғысы, жыландардың атақты биі көрсетілді. Қара Орман жұртшылығы осы ойынмен қаншама уақыттың өткенін байқамай қалыпты. Қызыққа елтімеген – жалғыз Бағыз. Әлдебір ауыр ойлардың салмағынан еңсесі езіліп, көңілі жүндей түтілді. Қатар отырған Атайы мен Мамыт Бағыздың бұл күйіне онша мән бермеген. Кәрі тарланның соңғы сапар алдындағы мұңы деп ойлаған. Қателесіпті. Оны кейін ұқты. Ойын-той бітіп, жұрт есін жиғанда бірнеше күннен бері тақтың үстінде амалсыздан шыдап жатқан, әбден сілесі қатып шаршаған Бағыз орнынан көңілсіз көтеріліп, өзінің Көп бейіт шаһарына ертең аттанатынын, ата салты бойынша оны бұл сапарда жас патша мен жас уәзір шығарып салуы керек екенін айтқан.
***
Ертеңіне таң жаңа сібірлеп атып келе жатқан кезде Қара Орманнан шыққан үшеуі шығысты бетке ұстап жалғыз Бағыз білетін соқпақпен тартып кетті. Жол өте ұзақ еді. Алдымен он күн бойы кәрі арыстанның артынан салпақтап отырып ит тұмсығы өтпейтін самырсын тоғайын жарып өтті. Атайының мұрнынан көпке дейін әлдебір хош иіс кетпей қойды. Одан кейін он күн бойы әлдебір биік таудың жықпыл-жықпыл жолдарынан, биік құздары мен терең шатқалдарынан өтті. Ақыр соңында Қара Орманнан шыққанына тура отыз күн болғанда елсіз даланың сағым буған алыс көкжиегінде қарауытқан тағы бір тау көрінді. Отыз күннен бері ләм-мим деп тіл қатпаған Бағыз сонда ғана жақ ашып, алыста қарауытқан таудың Көп бейіт шаһары екенін айтқан. Төрт күн жүріп сол таудың сілеміне ілініп, алтыншы күні шыңға тақаған. Ертең нысаналы жерге жетеміз деп отырғанда осыдан бір ай бұрынғы түйткіл шешілді. Осыдан бір ай бұрынғы күмән… сейілгеннің орнына қоюлай түсті.
− Атайы, Мамыт! – деген Бағыз. – Ертең біз Қара Орман патшалары өзін-өзі жерлейтін, тек патшалар мен уәзірлер ғана білуге тиіс Көп бейіт шаһарына кіреміз. Мен сонда қаламын. Сендер елге қайтасыңдар. Көңілім алаң. Жүрегімде қасіретті сыр бар. Әнеукүні мерекелеріңнің шырқын бұзбайын деп ештеңе айтқан жоқ едім. Енді айтатын кез келген сияқты.
Бұл бұдан неше ықылым заман бұрын болған оқиға екен. Бұл хикаяны менің аталарымның атасының жетпісінші аталары өсиет етіп айтқан көрінеді. Ол тірі жан Дария ананың құрсағынан жаңа ғана шығып, жарық дүниеге көзін жаңа ашқан кез. Аңдар шөп қана жейді екен. Ол кезде олар бірінің етіне бірі жерік емес екен. Таулардың орны шалқыған теңіз, ал теңіздердің орны от шашып лақылдаған таулар екен. Аталарымыз аңыз қылып айтатын, төбесімен көкті тіреген алып айдаһарлар, қанатымен жел соқтырған алып самұрықтар, бір көлді бір өзі іше салатын алып су сиырлар сол кезде жасаған екен деп. Ешкім көрмеген бір мақлұқат сол кезде пайда болыпты. Біз сияқты төрт аяқтап жүрмейді. Артқы екі аяқпен жүреді. Бір аяқпен жүрсе де, әйтеуір осы Дария анадан жаратылғаны белгілі ғой. Өзіміздің әулетті туған демей, туысқан демей, бала демей, шаға демей қыра берсе керек. Елде жоқ өнер шығарып, ор қазып, соларға хайуанат атаулыны қуып, құлатып, мерт етіп, қолындағы жарақпен өлтіреді екен. Етін жеп, терісін киім етеді екен. Тіпті десеңдер, амалын тауып жаңағы алып аждаһаларды да сол орға жығып өлтіре берсе керек. Ақыры аңдар шыдай алмай жиналып барып сөйлеспек болыпты. Жаңағы екі аяқты орнынан тұрған күйі әзер-әзер сөйлесіпті. Аңдар бұнысын да көтеріп алып, сабыр сақтайды. Одан сұраған екен: сен неге өзің сияқты тірі жанды осынша қисапсыз қырдың деп. Ол айтыпты: мен сендерге үкім жүргізу үшін жаратылғанмын. Ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда болуға тиістісіңдер. Атып жеймін бе, қуып жүріп орға жығып жеймін бе – оны өзім білем. Тіпті хайуанат сендерді қойып, түбінде мынаның бәрін – қолын созып орман-тоғай, өзен-көлді, от шашып жатқан тауларды көрсетіп − өзіме құл етем дейді. Себебі: мен ерекше жаратылған жанмын. Жарық дүниеге үкім жүргізу үшін жаратылғанмын. Мұндай астамшылыққа шыдамаған аңдар жаңағы менмен жанды үй-орманымен жыраққа қуып жіберіпті. Кетерінде ол айтқан дейді: рас, қазір біз азбыз. Бірақ түбінде біздің жетінші, яки, жетпісінші ұрпағымыз мен айтқан сертті орындайды. Бәрің біздің боданға түсіп, құлымыз боласыңдар. Әзірге сайрандай тұрыңдар. Сөйтіп кетіпті. Ол орманды тастап шыққанына қанша жыл болғаны белгісіз. Әйтеуір жүз жыл емес. Мың жыл да беріде жатыр. Мүмкін үш мың, мүмкін бес-алты мың жыл. Оның қай тарапты мекендеп кеткенін, қай елді алғанын ешкім білмейді. Ешкім білмеген. Осы әнеукүнгі уақытқа дейін.
Атайы мен Мамыт бір сәтке аңырып Бағызға қараған.
− Ие, − деді Бағыз қайталап. – Әнеукүнгі уақытқа дейін.
− Сонда қалай? – деді алдымен ес жиған Мамыт. – Көргенің ғой сол екі аяқтыны?
− Иә, − деді Бағыз. – Екі аяқтыны емес, екі аяқтыларды. Көп екен. Қисапсыз көп екен. Біз Қара Орманнан ешқайда шықпай өмірден кенже қалыппыз. Ал олар бұл кезде… дүниенің төрт бұрышын тегіс жайлап үлгеріпті. Өнерді игеріпті. Қолында жау жайрататын от қаруы бар.
Атайы мен Мамыт бірден жамырап «өнер» дегеннің не екенін сұраған.
− Өнер, – деді Бағыз, – ол әр нәрсенің сырын ашу. Сырын ашу арқылы оны өз ығымен жүргізу. Міне, өнер деген. Сол екі аяқтының ерекше жаратылғаны рас болу керек.
− Сендер мереке үстінде не байқадыңдар? – деп сабақтады ары қарай Бағыз. – Байқамасаңдар айтайын. Естеріңде ме, біріңді патша, біріңді уәзір сайлағанда да, одан кейін мереке үстінде де иттердің топбасы Сарқыт жандарыңа бір рет те келген жоқ. Дәргейлеріңе бас иген жоқ. Оның сыры неде дейсіңдер ғой. Сарқыт менімен бірге болған. Екі аяқтыларды екеуміз бірге көргенбіз. Оның патша мен уәзір тағайындау кезіндегі ерекше оқшырайып бөлек отыруын, мереке үстіндегі шетін мінезін мен осыдан көремін. Көңіліне алалық кірген Сарқыттың. Сендер елге барғанда Сарқыттың орнын сипап қалуларың мүмкін. Егер мен білетін Сарқыт болса, ендігі бөліне көшкен шығар сол жаққа. Екі аяқтыларға қарай. Менің сол жиында күмәнім бар деуім сол еді. Кім біледі, Қара Орманның, біздің әулетіміздің ендігі жердегі тағдырының қалай болатынын. Әйтеуір, қорқынышты көрінді.
Атайы мен Мамыт шарасыз күйде отырған Бағызға қараған. Не істейтіндерін сұраған.
− Білмеймін, − деді шаршай бастаған Бағыз. – Осы уақытқа шейін алып келдім. Осы дәрежеге жеткіздім. Енді білмеймін. Бірің – патшасың. Бірің – уәзірсің. Шешіңдер. Табыңдар. Екі аяқтылармен соғысасың ба, әлде қопарыла көтеріліп, олар бара алмайтын (әй, қайдам) мекен іздейсің бе.
− Ал, мен, – деген сосын Бағыз, − енді тек… тыныш өлім тілеймін. Егер тыныш өлуге мүмкіндік берсе.
Үшеуі ортадағы отты айнала, күзгі аспанда бадырая көрінген суық жұлдыздарға қарап жатып, мазасыз ұйқыға кеткен.
***
Шаһар тік құздың шетіндегі үлкен алаңға орналасқан екен. Бұл арадан жер көрінбейді. Алаңның ортасындағы шаһар шексіз аспанның әлдебір жерінде қалқыған жапырақ сияқты әсер қалдырады. Жақпар тастардан қалап жасаған ұзыннан-ұзақ бірнеше сәкі. Сәкілерге Қара Орманның патшалары орналасқан. Атайы соларды аралап кетті. Басқалардан оқшау қарап тұрып Атайы қыранның қандай болғанын көз алдына елестетті. Еті ағып, ақжем болған сирақтың өзі Атайының бойынан биік! Алып. Ақылға сыймайтын алып. Одан кейін төменірек сәкіде алып арыстанның қаңқасы тұр. Одан кейін аю. Одан кейін Албарыс батырдың сүйегі тұр. Атайы ұзақ аралады. Жүзге жуық патшаның сұлбасын көріп шықты. Және бәрі қасқайып отырып жан тапсырған сияқты. Бойлары түзу. Бастарын биік ұстаған. Атайы өзінің осы араға қалай отыратынын көз алдына елестетіп көрді. Бойы тітіркенген. Ойламауға тырысты. Бұдан кейін алаңның ар жағында не бар екенін көргісі келген.
Алаңның шетіне барып, төменге көз салды. Биік. Өте биік. Жерден соншалықты биік көрінетін қазбауыр бұлттардың өзі өте төменде, сай түбіндегі қар сияқты көрінеді екен. Сәлден соң алғашқы әсердің алдамшы екеніне көзі жетті. Бұлттар қар сияқты емес… мүлдем басқа нәрсе. Бұл араны аңдардың патшалары бекер таңдамаған-ау деген ой келді. Жердің шеті осы ара сияқты көрінді. Дүние осы арада бітетін сияқты. Биіктік жайлы, жер жайлы ойлар мүлдем қалады екен. Көкжиек жоқ. Аспан да жоқ. Тек тік төмен кететін құз бар. Аржағында… аппақ тылсым дүние. Атайы қанша тырысса да есіне ештеңе түсіре алмады. Ой да жоқ. Қиял да жоқ. Кеуде бос. Сана таза.
***
Бағыз екеуін шаһардың аузына дейін шығарып салды:
− Ал, енді қош болыңдар, − деді. – Қош! Қош! Алаңдамаңдар! Бөгелмеңдер! Тура елге тартыңдар! Асығыңдар! Қош! Қош!
Түйте көңіл, күмәнді оймен қос арлан Қара Орманды бетке ұстап, тартып кетті.
***
Күн-түн демей жортқан екеуін жолдың ортасында күздің қалың жауыны басты. Тынымсыз су кешумен самырсын тоғайына кірді. Тоғайдан өткенде жауын басылды. Қыстың ызғары сезілді. Қырау түсті. Қара Орманға бір күндік жол қалғанда аспан қақ айырылып, жаз бойы, күн бойы қамауда әзер шыдап жатқан жындар босап шықты да, жер мен көктің арасында бұлар көрмеген ойнақты салды. Ию-қию борап. Оңың қайда, солың қайда, алдың қайсы, артың қайсы – біліп болмайсың. Күркіреп көшіп жатқан қар. Дүниені сыпырып-сиырып алып кететіндей құдіретті леп… Екеуі әбден адасты. Қарға көмілді. Бір кезде тылсым тыныштық орнаған екен. Жындардың үздіксіз сұрапыл күйі тоқтапты. Қатты қардың үстімен жортқан екеуі Мұзғар тауының басына шығып Қара Орман жаққа қарап біраз тұрды. Орманның үстін қалың мұнар жапқан. Жас патша мен жас уәзір келіскендей құйрықты бір бұлғаң еткізіп төмен ақты. Орманға тақағанда мұнар да сейілді. Бұларды жол тосып абыржыған, торыққан үлкен топбасылар қарсы алды. Амандық-саулықтан кейін Атайы мен Мамыт болған жайды сұрастырып қанған. Бағыз түс көргендей қылып айтыпты. Бұлар кеткеннен соң үш күн өтіп, төртінші күні таңертең Сарқыт бастаған иттердің елі ұшты-күйлі жоқ болып шығады. Аңдар ұзыны мен ені бірнеше күндік жол болатын Қара Орманды әбден кезеді. Жықпыл-жықпылдың, қуыс-қуыстың бәрін тінтеді. Жоқ. Содан кейін бірнеше топбасы мен бірнеше жас батырлар болжаммен терістіктегі Қандысайға тартады. Сол арада іздерін шалады. Екі күн жүріп, үшінші күні таңертең барынша суыт кетіп бара жатқан иттердің көшін қуып жетеді. Топбасылар мен батырлар көшті тоқтатып қойып сөйлеспек болған екен. Сарқыт оны құлағына да ілмей жүре сөйлеседі. Топбасылар мен батырлар амалсыздан Сарқытқа ілесе жүріп әңгімені індетеді. Қара Орманмен мәңгі біргемін деген антың қайда дейді. Өзім бердім, өзім бұздым депті Сарқыт. Жә, депті топбасылар. Енді неге сөгіле көштің, соның себебін айтшы. Тым құрымаса айтып өлтірсеңші. Айтайын депті Сарқыт. Елдеріңнің кетеуі кеткен. Рас, қазір айдындап тұрсыздар. Бірақ дүниенің төрт тарапын лайлаған екі аяқты мақлұқат бар. Адам дейді оның атын. Көрдім. Көрдім де дәргейіне бас ұрдым. Егер ол Қара Орманға келе алмай жатса, − ол оның қолының қысқалығынан емес. Келеді әлі. Бәріңді қырады. Ал мен өз елімнің егесі, өз елімнің патшасы, – депті даурығып, – ұрпақ қамын ойлауым керек. Сендермен болу, «Қасиетті Қара Орман әулетімен болу» депті одан кейін мырс етіп – болмаумен бірдей. Топбасылары мен батырлар тағы бірдеңе айтпақ екен. Енді сөзді көбейтпеңдер депті Сарқыт. Мені ешкім тоқтата алмайды. Алған бетімнен қайтпаймын. Сол кезде азғантай ғана топқа Сарқыттың сарбаздары тұтқиылдан лап қояды. Мұндай шабуылды күтпеген батырлар мен топбасылар берекесіз ұрыс салып шегінеді. Бәрі сол арада қырылыпты. Бағыздың ұлы Шеруші де. Қасқырлардың топбасы кәрі уәзір Мәуліт те. Бәрі. Тек қырандардың топбасы Шыңырау ғана сытылып шығыпты. Болған жайды сол айтып келді. Қара Орман әулеті ілезде қалың қол жинап анттан тайған ақымақ елді жазаламақ болып жолға шығады. Таба алмапты. Сарқыт Сызашық өзенінің ішімен кетіпті. Із жоқ. Сонымен қалың сарбаз жолы болмай қайтыпты. Атайы басқа нендей жаңалық барын сұраған. Сол кезде жыландардың топбасы Қадырхан қинала тұрып атағы жер жарған екі аяқтыларды, Адамдарды көргенін айтты. Қай кезде ме? Осыдан он күн бұрын. Шолғыншылар орманның түстік жағында тұрған. Сыбдыр естіледі. Сосын жаңағы екі аяқтылардың бірнешеуі шыға келеді. Бұларды көріп қалады. Іле қолдарындағы жарқылдаған ұзын түтіктерін бұларға қарай көздеген екен – от шашыпты. Бірнеше жас айдаһар сол арада тіл тартпай кетеді. Өзім суға сүңгіп барып талға жасырындым. Әйтпесе мен де өлер едім деді Қадырхан. Түрлері ме… Екі аяқпен жүреді. Көздері алдында. Кәдімгі екі көз. Мен қолдарындағы жараққа көбірек қарадым. Ұзын. Кез келген жерден жайратады. Отты үздіксіз бүркеді. Міне, болған жай. Енді Қара Орманды түстік жақ шетінен шаба бастапты. Аз күнде Қара Орман қоршауда қалуы мүмкін. Аз күнде олар Қара Орманның ортасындағы қасиетті Құрылтай алаңына да келуі мүмкін. Атайы жоғары қарады. Бағанағы мұнар қайта пайда болыпты. Еңсені басып төмен түсіп келеді. Міне, Қара Орманның алып ағаштарының ұшына ілінді. Төмен түсті. Тағы. Орман ішін көк шуда алды.
***
Қара Орманның ішін мазасыз тыныштық басты. Үш күннен кейін өзінің шолғыншыларымен орман шебінде жүрген Қадырхан айдаһардан шұғыл хабар келді. Қара Орман жан-жағынан қоршауға алынған. Баяғы екі аяқтылар. Шығатын саңылау қалмаған. Не істеу керек. Атайы жедел Құрылтай шақырды. Болашақ ұрыстың жайын ақылдаспақ. Неге екені белгісіз, Атайыға осы Құрылтай – соңғы Құрылтай, осы болатын ұрыс – соңғы сияқты көрінді. Атақты сарбаздар, қолбасылар, уәзірлер тегіс жиналған соң Атайы көп созбай болашақ ұрыс жайында кімнің не ойлайтынын, тіпті ұрыстың керегі бар ма, жоқ па – осыларды сұраған. Кәрі сарбаздар мен қолбасылар еш ойланбастан соғысу керек деген. Басқа жолы жоқ. Соғысып жеңу керек. Не өлу керек. Екінің бірі. Атайы да осы шешімге келген.
Бірақ уәзірлердің пікірі мүлдем басқа болып шықты. Соғысып жеңе аламыз ба. Әліңді шамала. Қолдарында сұмдық қаруы бар. Өздері көп. Дүниенің төрт бұрышы солардікі. Соғысқан жөн бола қояр ма екен. Енді не істеу керек деген Атайы. Шығатын жол, сыналап кете кететін жасырын сайлар бар. Кету керек. Кеткенде қайда барамыз деген Атайы. Дүниенің төрт бұрышы солардікі емес пе. Онда… білмейміз деген уәзірлер. Бірақ бірде-біреуі Сарқыттың жолына түсейік дегенді айтпады. Атайы үстінен ауыр жүк түскендей жеңілейді. Ұрыстың жоспарын талқылау басталған. Қара Орман сарбаздарының ұзын саны он мыңнан асты. Әскер қасиетті Құрылтай алаңын айнала қоршап майдан құрмақ. Алғашқы соққыны қарағай мүйізділер жасамақ. Жауды састырып, бұзып кіріп шебінің берекесін кетірмек. Одан кейін қару жұмсауға келмейтін қоян-қолтық ұрыс басталғанда майданға жасырын тұрған азулылар – қасқыр, жолбарыс, арыстандар, сілеусін мен ілбісіндердің жасақтары кірмек. Жауға негізгі соққыны осылар беруге тиіс. Бұларды Атайы өзі бастайды. Ұрыс қызғанда тар жерде қимылдай алмайтын қарағай мүйізділер майданнан шығып, шет тұруы керек. Қашып шыққан жауларды қия бастырмай жойып отыруы керек.
Әсіресе, қоян-қолтық ұрыстың мәселесі әбден тәптіштелген. Негізгі салмақ, әрине, азулыларға түседі. Ұрыс кезінде күзендер қарғып, өзінің үйреншікті әдетімен жауларды тамақтан алып, тас болып қатуы керек. Қадырхан айдаһардың сарбаздары да осы жерде қатты қимылдауы керек. Оқ жыландар атылып, жаулардың кеуделерін тесуі керек. Сұр жыландар жауларды мойнынан, бастан шағуға тырысуы керек. Кешке шейін созылған кеңес осыған тоқтаған. Баяғыдан келе жатқан соғысудың үйреншікті тәсілі. Тек кеңестің аяғында тартыншақ уәзірлердің бірі жаулар қару жұмсамаған жағдайда не істейтіндерін сұраған. Атайы бұған ойланбай жауап берген.
− Егер олар жау болмаса, бейбіт ел болса, шолғында жүрген Қадырханның сарбаздарын атар ма еді?! Олар бізбен ел болуға келе жатыр дегенге мен ешқашан сенбеймін.
***
Екі аяқтылар көп күттірген жоқ. Құрылтайдан соң үш күннен кейін олар салған жол дәл іргеге келді деген хабар жетті. Тағы үш күннен кейін Қара Орманның ішін екі аяқтылардың даусы жаңғырықтырып кетті. Қара Орманның іші екі аяқтылар жаққан оттан жап-жарық болып кетті. Өріс тарылды. Барлық сарбаз кеңес қабылдаған шешім бойынша Құрылтай алаңына топтастырылды. Сірескен қол. Қарағай мүйіздердің өзі бір орман. Одан ары лек-лек азулылар: Сабырлы арыстандар. Оттай жайнаған көкшуландар. Жайшылықта мау, жау көргенде серіппедей атылатын шұбар ілбісіңдер. Қиғаш көзі от шашқан, азуы ақсиған сілеусіндер. Күркіреген жолбарыстар. Монтиған күзеңдер. Текшелеп тебен артқан үнсіз кірпілер.
Таңертеңнен Атайы қалың әскерді орман ішіне жасырып, алдыңғы шепке бұрын келісілгендей қарағай мүйізділерді шығарып қойды. Елдің бәріне жасырынуға, үндемей отыруға бұйрық берілген. Қара Орманның ішін сілтідей тыныштық басты. Тігілген құлақтар ғана таңғы тымық ауаны сақтықпен тыңдайды. Міне, алыстан дабырлаған дауыстар естілді. Өте көп. Үздіксіз сытырлаған аяқ дыбысы құлақтан кіріп, жүрекке барып соғатындай.
Және де екі аяқтылар жақтан әлдебір әупілдеген таныс дауыс естілетін сияқты. Дауыс, аяқ дыбысы молая түсті. Теректердің арасынан қараңдап қалың топ көрінді. Келесі сәтте алаңның шетінде аты аңызға айналған екі аяқтылар тұрды. Ешкімнің жоқ екенін көріп тұрып қалған екі аяқтылардың тұлғасын Атайы жауынгердің жіті көзімен шолып өткен. Асып бара жатқан ештеңесі көрінбеді. Орта бойлы. Артқы екі аяқпен жүргені болмаса бұның да төрт мүшесі, бір басы бар екен. Екі көзі алдына біткен, мұрын, ауыз… қойшы, хайуанатта кездесетін белгінің бәрі бар. Тек жүндес емес. Жүн төбесінде және мұрын мен иектің астында ғана, кейбіреулерінің жағы мен шықшытында қалған. Қолдарында Бағыз айтқан ұзын түтік. Қап-қара. Күнге шағылысып суық жылтырайды. Осы-ақ. Атайы қанша зер салып қараса да, екі аяқтылардың бойынан бұдан басқа ешқандай артық белгі көре алмады. Көңілдегі күмән сейілген. Өздерінің жеңетініне нық сенген. Осы кезде қарағай мүйізділердің егесі Сақсы Атайыға қараған. Бастайық па дегені. Атайы иек қағып рұқсат берді.
Сақсы басын көтерді. Бұғы, марал атаулы бойларын жинап, шабуылға дайындалды. Келесі сәтте мың сан тұяқ ошақтай-ошақтай топырақты серпіп тастады. Қарағай мүйізділер тегеурінімен Қара Орманды көшіріп жіберердей болып қарсы беттегі жауға қарай төгілді. Жасырынып тұрған сарбаздар демін ішіне алып, ұрысты қызықтауға дайындалған. Кенет… бұлар мүлдем күтпеген іс болды. Екі аяқтылар тізерлеп отыра қалып, қолдарындағы түтіктерін кезенген. Найзағай шартылдағандай дыбыс естілді. Келесі сәтте жойқын шабуылдың алдыңғы легі опыр-топыр болды да кетті. Атайы дым түсінбеді. Бұл не керемет! Мүйізімен тас уататын, екпінімен үй құлататын қарағай мүйізділер екі аяқтылардың қолындағы түтіктен от жарқ ете қалған кезде әлдебір көрінбейтін жартасқа соғылғандай қалт тұра қалады да шекесінен шөге береді. Үсті-бастарын қан жауып кетеді. Бір шектен аса алмайды. Құлаған алдыңғылардың үстіне кейінгілер шығып ары аспақ болғанда тағы да… тағы да жаңағы жалынға ұрынады! Кеудеден алып балғамен ұрып жібергендей тұрып қалады. Омақаса құлайды. Бірақ жаудан қайтып көрмеген қарағай мүйізділер тоқтайтын емес. Баса көктеп ұмтыла береді. Қара Орманның қашанғы мақтанышы, бетке ұстар сарбаздар, жауға алдымен барып белін сындыра соғатын ерлер көз алдында қырылуға айналды. Ғаламат қантөгіс өз кезегін күтіп жасырынып тұрған сарбаздарды мүлдем езіп тастағандай. Бәрі бірдей тас мүсіндей қатып қалған. Ең алдымен Атайы ес жиды. Құлағына Мамыттың – Атайы, ерлер қырылуға айналды. Шабуылға шығуға бұйрық бер, − деген даусы жетті. Атайы гүр етті.
– Алға!
Алаңға алдымен атылып шықты.
Келесі сәтте орман іші сарбаздарға толып кетті. Қара орманның туының жығылғанын, бұл ұрыстың соңғы ұрыс екенін әркім-ақ нық түйсінген сияқты. Көздеріне қан толып екілене ұмтылған. Астаң-кестең. Қалың топ екі аяқтылардың ішіне кіріп үлгерді. Сол екі арада жайрағаны қаншама. Ыр-ыр еткен, қыр-қыр еткен, арсылдаған, қаңқылдаған, жалын тиіп қыңсылаған дауыстар. Сақылдаған азу, ысқырынған жыландар дыбысы. Құрылтай алаңын шаң басып кетті.
− Атайы, сақ бол!
Атайы жалт бұрылып, өзіне түтігін кезеніп тұрған екі аяқтыны көрді. Жан ұшыра секірді. Жанынан тыз етіп бірдеңе ұшып өтті. Екі аяқты еңкейіп, жарағын ондай бергенде Атайы да лап қойды. Борбайдан алып бір-ақ шайқаған. Далия құлаған неме беліндегі басқа бірдеңесін алмақ болғанша Атайы тамаққа тұмсықты көміп жіберді. Сүйектері торғайдікіндей мұншама ұсақ болар ма. Бытыр-бытыр үзілді. Тұяқты бір-ақ серпіп жан тапсырған екі аяқтыны тастай салып, екіншісіне ұмтылған. Бұл кезде сарбаздар екі аяқтылармен әбден араласып, енді аспай-саспай қылыш азуды оңды-солды сілтеп, қан жалата қасаптауға кіріскен. Өздері де оңып жатқан жоқ.
Екі аяқтылар ұзындығы қарыс сүйем бір жарағын алып – онысы өткірлігі жағынан азудан ешбір кем емес екен – олар да тілгілеуге кіріскен. Өзіне қарғыған азулыны сол қолымен алдарқатып тұрады да, оң қолындағы жарақпен ішінен есіп жіберіп ішек-қарнын бір-ақ ақтарады. Атайы бұл тәсілді де тез ұқты. Алданған болып тұрады да, шалт қимылмен иіліп барып әлгі пәлекет жарақты қол-қолымен қансырата жұлып алады. Екінші секіргенде темір қақпан екі аяқтының мойнына сақ ете қалады. Кенет Атайының құлағынан бір алапат өткір азу ала түсті. Бұл екі аяқты емес. Оны бірден білген. Олар бүйтіп тістей алмаса керек. Еңкейе бере сап-сары сирақты көрді. Құлағына жармасқан бәлені серпе лақтырған. Құлақтың жартысы жұлынды. Анадай жерге ұшып түсіп, атып тұрған мақлұқ бері бұрылғанда Атайы тұрған орнында сүрініп қалды. Сарқыт! Антын бұзып елімен көшіп кеткен, қаншама ерді жер жастандырған, екі аяқтыларға қосылған қарғыс атқыр Сарқыт!
− Тоқта! – деген Атайы.
– Жекпе-жек! Қашпа!
Атайыны таныған Сарқыт зымыраған бойы қатар тұрып алып, түтіктерін кезенген екі аяқтылардың арасына кіріп жоқ болды. Атайы түтіктердің өз жағына бұрылғанын сезді. Жалын шыққанда жата қалған. Бұл жолы үстінен қатты лақтырған бір уыс тас ұшып өткендей болды. Тағы қарғыды. Екі аяқтының біреуін опыр-топыр жұлып түсірді де топқа сіңіп кетті. Құрылтай алаңы құжынаған аң мен екі аяқтылар. Екі жақтың да сарбаздары мол. Кештің қызыл шапағы қайнаған ұрысты, жарқылдаған азуды, атылған түтік самсаған өліктерді әлдебір қызыл реңге бояған. Қасапқа тұмсығымен кіріп кеткен сарбаздар ымырт үйіріліп сам жамырағанда барып естерін жинаған. Соңғы рет бір-бір атып, бір-бір қауып әркім өз жағына тарасқан. Атайы сарбаздарын санады.
Әскердің үштен бірі қырылған, жаралылар қаншама. Ұрыс үстінде ет қызумен жүре берген. Қазір тұра алмай жатыр. Бұлар енді сарбаз емес. Қадырханның шолғыншылары маңайды әбден сипалай тінтіп, өздерінің тышқан жүгіріп өте алмайтын қоршауда екенін мәлімдеген. Атайы бәрін селқос тыңдады. Оның ойы ертеңгі ұрыстың жайын шарқ ұра пысықтауда еді. Екі аяқтылар кетпейді. Ол айдан анық. Ертеңгі ұрысты неғұрлым табысты өткізуге тырысу керек. Бүрсікүнгіні де. Одан арғы күнгіні де. Өстіп ең соңғы сарбаз қалғанша ұрыс салу керек. Одан кейінгіні көреміз.
Бірақ ертеңіне ұрыс бұлар күткендегіден мүлдем бөлек кейіпте өтті. Ұйықтамай ерте тұрған сарбаздар лек-легімен алаңның арғы шетін бетке ұстап лап қойғанда бұрын көрмеген зұлмат басталды. Екі аяқтылар… ағаштың басына шығып алыпты. Кешегі қырғын ба. Оқ бұршақтай жауды. Әрқайсысы бір-бір қолға татитын қайран ерлер бірінен кейін бірі үзіліп кетіп жатыр.
Аз ғана ғұмырының ішінде небір құқайды көрген Атайының өзі дүниеден түңіліп кетті. Тау-тау болып қисапсыз қырылған аңдар. Ыңырсып аунап, өзін-өзі қауып жатқан бейшара аңдар. Қан тегенек болған жер. Қанға тайып жығылып өлермендене шабуылдап, теректің басындағы екі аяқтылардың тым құрыса біреуін алып түсе алмай құса болып еңіреген сарбаздар. Кеш бата тірі қалған аз ғана топпен Атайы қоршауды бұзып шықпақ болды. Мұнда да елу шақты сарбазды құрбан етіп, әзер дегенде адыра қалған Қара Орманнан сытылып шықты. Естерін жиғанда әркім өз бетімен лағып кетіп бара жатты.
Атайының бұдан кейінгі өмірі көрген түс сияқты. Алғашқы күні беті ауған жаққа жүре берген. Қай жермен де жүргені белгісіз. Әйтеуір бір кезде Көп бейіттің маңайында жүр екен. Дәлірек айтқанда Көп бейіттің орны. Бұрынғы орны. Таудың өзі жоқ. Түн ішінде самалдай жарқырап бұрын көрмеген қала тұр. Қаңғырып жүре берді. Бір күні қараса Мұзғар тауының маңайында жүр екен. Осы арада Атайыға Қара Ормандағы қырғыннан әлдеқалай аман шыққан Сауран қаншық жолықты. Екеуі тұмсықтарын түйістіріп, бірін-бірі иіскелеп, тебірене жылап ұзақ тұрған. Сосын солтүстікті бетке ұстап ессізге тартып кетті. Бірақ еш жерден елсіз мекен таба алмады. Сол жортқан бойда бұлар бір кезде Қара Орман әулетін күн астына таратқан Ұлы Дария анаға барды. Бірден таныған. Шалқып-толқып жатыр. Жарты дүниені бір өзі алған. Бірде шуақты. Мейірлі. Бірде ашулы. Долы. Атайы басын суға тығып, Дарияның даусын тыңдады. Хал нешік Атайы дейді. Халсызбын, дейді Атайы. Өзіңнен тараған Қара Орман әулетінің соңғы тұяғы алдыңа келіп тұр. Қандай ақылың, қандай көмегің бар. Менде не көмек бар дейді Дария. Қолымнан келген көмек – құшағыма алып шым батыра аламын. Қап-қараңғы, жып-жылы тереңде мазасыз ойдан арылып, мәңгі тыныштықта ғұмыр кешесің. Атайы басын жұлып алды. Дарияның үстіне көз жүгіртті. Аспан астын күңірентіп, қара түтінді будақ-будақ атып, баяу жылжып келе жатқан пәлекеттің не екенін түсінбей ұзақ тұрған. Пәлекеттің үстінде баяғы екі аяқтылардың жүргенін көрді. Мынау алып нәрсе солардың су үстінен жүзу үшін жасаған құралы болды. Екі аяқтылар Дарияны да жайлапты.
Бұлар қар басқан меңіреу дала іздеді. Бірақ қар басқан меңіреу даланың орнына іркес-тіркес салынған қалаларды көрді. Асудың өзі күш әлдебір биік жалдар. Осы жалдардың үстімен жер дүниені солқылдатып, үздіксіз жүйткіген бір пәлекеттер. Кеңірдегі сорая аспанға қара түтінді үздіксіз атқан әлдебір үйлер. Ұлы Дарияны жағалап үміт үзбей тағы да жол тарқан. Бос әурешілік екен. Алты ай қыс, алты ай жаз жортқанда осы көрініс еш өзгерген жоқ.
Сол баяғы құжынаған қалалар. Жолдар. Түтіндеген пәлелер. Арасынан жол табудың өзі қиын. Екеуі төрт тараптың бәрін шарлаған. Бармаған жер, шықпаған тау қалмады. Аспан астында бұлар жайламаған жер, сірә да, жоқ шығар дескен. Бетті Қара Орман жаққа түзеген. Өлсек сонда өлейік дескен. Ел шетіне жеткенде Саураннан айырылды. Ойраны шыққан Қара Орманға жеткенде – бұл араға да қала салынып үлгеріпті. Сауран күшіктеген. Ыңырсып, шиқылдап, қыңсылап жатқан шикі өкпелерді Атайы бір-бір қауып өлтірген. Жаны шыға тулаған Сауранның өзін оңдырмай бір қауып, бізге ендігі жерде ұрпақтың түкке де керегі жоқ деп түсіндірді. Әлсіреген өлекшінге қызыл іздеп жолға шыққан Атайы түске дейін қаңғырып түк таппады. Ақыры бір қайқаңға шыға келгенде ойда жайылып жүрген бір мақлұқты көрді. Көз тоқтатып қараған. Бойы мен тұрқы бірдей. Быртиған қысқа аяқты. Шоқтығы тұтасып кеткен. Икемсіз жуан мойын. Мүйізі Атайының бұрын көрген мүйіздеріне ұқсамайды. Қарағайдай айбынды емес. Қарақшыдай сорақы. Басын көтерді. Көзі алақандай. Мағынасыздау. Екі аяқтының қолына түскен аңның бәрі осындай милауға айналатын шығар деген ой жылт етті. Атайы құлағын жымитып ұмсынды да атылып кетті. Астаң-кестең. Атайы шоқтыққа азуды көміп жіберіп сылқ етіп аунап түскенде, милау жануар еңсеріліп жүре берді. Үндемейді. Ебедейсіз дене шалқасынан аунағанда бағанадан бері нысанадан төмен болып жер сызып тұрған әукеге Атайының тісі қаптал ілінді. Темір қақпан сақ-сақ етіп екі қайшылағанда мидай толқыған жануардың жұлыны үзіліп сеспей қатты.
Сауранды ертіп екеуі тұмсықты қызылға жаңа батырғанда арт жақтан айғай шыққан. Атайы жалт бұрылып бірнеше екі аяқтыларды көрді. Біреуінің қолында таныс түтік.
− Кеттік! – деді Атайы.
Сауран мол қызылдан тағы бір қарпып бұрыла берді де шыр көбелек айналып отыра кетті.
− Алға! – деді Атайы өлекшінді санынан қауып алып. – Алға!
− Ерім! – деді сонда Сауран ентігіп. – Мені қалдыр да өзің кете бер. Мен жүре алмаймын. Мен… бұ дүниелік емеспін.
Түтік тағы атылды. Бұл жолы Атайының алдындағы топырақ бұрқ ете қалды.
− Бол енді, кет! – деді Сауран.
− Қош! – деді Атайы. Құйрықты бір бұлғаң еткізіп, жұлдыздай сорғалап жөнелді. Сол қашқаннан мол қашып талай елді мекеннен өтіп, ақырында Мұзғар тауына тірелген. Ойланбай жоғары тартты. Не болса да сонда жатып көрмек.
***
Маужырап шырт ұйқыда жатқан жерінен шошып оянды. Маңайдың бәрі тарс-тұрс, гүрс-гүрс. Осы қазір жер қақ айырылып кетердей. Қарғып тұрды. Екі аяқтылар. Ғасырлар бойы тұрған Мұзғардың шың-құздарын жарып құлатып жатыр. Ең соңғы тиянақ – Мұзғардың қар басқан ұшы. Атайы солай қарай салған. Шыңға шыққанда, алдынан қызарып таң да атты. Бұл қалжырап отыра кетті. Көңіл шаршаған. Жүрек суыған. Барар жер қалмады. Басар тау қалмады. Қызарып атқан күннің шапағы көзкөрім жерді қолмен қойғандай анық көрсетті. «Айналаның бәрі сонау көкжиекке дейін түтіндеген қалалар… қалалар… қалалар. Шаршы жер, төрт тараптың бәрі қалалар… Өзен-көл, дария-теңіздер – бәрі сенің қолыңа көшкен. Сенің алып кемелерің жүзеді. Төңіректің бәрі жол… жол… жол. Әне, аспанда құс ұшып барады. Алып құс. Бірақ, тірі құс емес. Темірден жасалған. Сен жасаған темір құс. Ғарышқа қол созыпсың. Оны да аларсың-ау. Уа, Адам! Құдіреттісің. Биіксің. Созсам қолым жетпейді. Мына менің кішкентай ғана ақылыма сыймайтын зорсың. Күнмен таласқан құзар шыңсың. Бірақ… бірақ етегі жоқ шыңды қайдан көрдің!
Жарлығың неткен қатты еді! Қара Орман қайда? Оны мекендеген қасиетті халық қайда? Жердегі жан-жәндіктің шыққан Отаны – Ұлы Дария ана. Сен де сол Дария ананың бір баласысың. Біздің бауырымызсың. Мейлі, жасы үлкен ағамыз бол. Өз ұяластарыңды сонша неге қырдың? Осы зұлмат ертең өз басыңа тумасына кім кепіл?..
Қара Орманымды, қасиетті халқымды жоқ қылдың! Халқыммен бірге мен де өлдім. Сен жеңдің. Мен жеңілдім. Міне, тәж. Міне, тақ».
Төменге бір-ақ рет қараған. Сосын сонау көрінген қыртыс тасқа қарай бар пәрменімен атылды.
***
Дүниенің қызығы таусылған ба? Өзінің қалай аман қалғанын білмейді. Тасқа соғылды. Көзінің алды жарқ етті. Дүние қап-қара болып өшті. Өлуге тиіс еді. Өлмепті. Есін жиғанда әлдебір жанға жайлы төсеніште жатқанын көрді. Сүйектің бәрі сынған. Сырқырай ауырады. Үсті-бастың бәрі аппақ етіліп таңылған. Алдына қойылған әлдебір шалапты алғашында ішпей қойған. Ақ киім киген екі аяқтылардың бірі дабырлап күліп кірді де, әлдебір нәрсені ашып, ішінен бір құралды алды. Оны басқа бір құралға орнатты. Ақыры сонысын алып кеп мұның санына тыз еткізіп пісіп алды.
Сәлден соң Атайы шалапты қалай сіміріп салғанын байқамай қалды. Көп күн өтіп оңалғаннан соң өлу әрекетін қайта жалғастырған. Өзі жатқан темір торға басын соқты. Зеңіп тұрып қалды. Тағы соқпақ болып ұмтыла бергенде, екі жағынан келіп қалған екі аяқтылар бұны мықтап тұрып байлап тастаған. Тіпті, буынып өле алмайсың. Денені әр жерден қайыс белбеумен шандып тастапты. Бұл аз болғандай үстіне бір ине жұтқандай ілмиген өлекшінді кіргізді. Қырсығып қарамай қойған.
Жаңағы ақ киімді кіріп келді де (бұрынғыдай дабырлап күліп кірді, Атайының жүрегі суып кетті) санына тағы бір нәрсені пісіп алған. Аздан кейін Атайы өлекшіннің жанына қалай жүгіріп барғанын өзі де білмей қалды. Бұларға дауа болмады. Әр нәрсеге дайындап қойған құралы бар. Атайы ақыры көнген. Мойынсұнған. Ештеңеге қарсыласпайды. Енді ештеңеге таң қалмайтын шығармын деп ойлаған. Бір күні бұлар жатқан темір торды мойны сорайған бір алып көтеріп алды да, жалдың үстімен жүйткитін пәлекетке тиеді. Арсыл-гүрсіл жүріс басталды. Үлкен шаһарға келді. Торды алдыңғы алыптың ағайыны болу керек – арбиған біреу көтеріп алды да, енді доңғалақты бір пәлекетке тиеді. «Доңғалақты» шаһардың ортасындағы үлкен қоршауға кірді. Тор көтеріліп, аспанмен қалқып келіп тұғырға қондырылды. Көрші торда отырған мақлұққа көзі сонда түскен. Күдірейген жал. Басында шашағы бар ұзын құйрық. Бір жерден көрген сияқты. Бұрылып, шалапқа бас қойғанда арт жақтан аңыраған дауыс шықты.
– Атайы! Уа, Атайы! Уа, шыққыр көзім нені көріп тұрсың! Ел қайда? Қара Орман қайда? Баяғы заман қайда? Елің қайда?
Жалт қараған Атайының төбе құйқасы шымырлап кетті. Көрші торда көзі боталаған… Бағыз арыстан. Екеуі шұрқырай көріскен. Өлтірмепті. Өлейін деп жатқан жерінен дәрі беріп тірілтіп алыпты. Көп бейіттің күлі көкке ұшқан. Бұны осында алып келген. Жанына бір қаншырды қосқан. Қара Орман егелерінің көбін көрдім деді Бағыз. Мамыт осында. Әнебіреу шеткі торда. Қазір ұйықтап жатқан шығар. Қадырхан айдаһар да осында. Бөлек тұрады. Үлкен әйнек торда. Пәлен де осында. Түглен де осында. Бәрі де осында болып шықты.
Миы айналып, құсқысы келіп тұрған Атайы, − Ал… Сарқыт ше? – деген. – Сарқыт қайда?
Сарқыт та осында деген Бағыз. Біз тұратын хайуанаттар көрмесінде емес, әрине. Екі аяқтылармен бірге тұрады. Анда-санда екі аяқтылардың кішкене балаларын, әйелдерін ертіп келеді. Керіліп-созылып, есінеп жүріп бәрімізді аралап шығады. Талтаңдап үйіне қайтады.
***
Балалар келіп қызықтайды. Үлкендер келіп қызықтайды. Шау тартқан кәрі қасқыр ешкімге назар аудармайды. Тек көк шыбындар мазаны алғанда ғана басын изейді. Құйрығын бір бұлғаң еткізеді. Күні-түні бас көтермей ұйықтайды. Тамақ келгенде ғана көзін ашады. Қайтадан ұйықтайды. Көрші тордағы арыстанды елемегеніне, оның мұны ұмытқанына қаншама жыл өтті десеңізші!
Тек анда-сана ғайыпта қалқып жүрген әлдебір елес санасын қарып өткенде, Қара Орман, қасиетті әулет есіне түскенде, өзінің патша екені есіне түскенде, Атайы ырылдап барып әбден мұқалған тістерімен темір торды қажалайды, қайтып келіп еш жазығы жоқ, бұйығып ұйықтап жатқан арса-арса кәрі өлекшінді талайды.
1979 жыл.
ПІКІРЛЕР2