«АУЫЗДАНДЫРУ» ОПЕРАЦИЯСЫ
Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы
Көршінің ұлы әскери міндетін өтеп оралды. Әке-шеше қуаныштан есі шыққан. Қой сойылды, қымыз сапырылды, есіктен төрге дейін жайылған дастарқанның белі қайысып тұр. Отыз күн ойын болмаса да, үш күн, үш түн болғаны анық.
Күндіз – той, түнде – «вешір». Енді ше? Тәуелсіз елдің әскери қатарына іліну бір бақыт болса, одан он екі мүшең аман, тірі оралудың өзі екі есе бақыт емес пе?! Көршілер гулеп отыр:
– Енді осы тойдың ізін суытпай бұл баланы аяқтандырып жіберу керек. Болмаса саяқ жылқыдай не пәлеге тез ұрынады бұлар.
– Е, әлі жас қой. Оның үстіне ен салып кеткен адамы болмаса…
– Со да сөз боп па? Ана Дүрілдеуік Дөйттің құлағына бір тигізсе болды. Қазір көшеден біреуді тыпырлатып басып әкеп береді. «Семіз бәйбіше» атанған Русланның әжесі ақырды:
– Шулама, түге, өңшең дарақы. Тыпырлатып басып әкелетін қыз мал деп пе ең? Басып әкеп қолына ұстатқанды ала салатын менің балам кемтар ма, нақұрыс па? Әлде өздігінен қатын ала алмайтын міні бар ма еді? Аллаға шүкір, Русланым ой десе – ойы, бой десе – бойы бар, ақылға – кемел, тәрбие көрген бала. Бұйырса көріп жүріп көріктіні, таңдап жүріп тектіні алады. Көшеден ұстап әкелгенді келін ету сүйегімізге таңба емес пе? Алла нәсіп етсе, құда түсіп, қалыңын беріп, сонан соң жасау-жабдығымен Қыз Жібектің көшіндей толықсытып түсірем келінді… Көшеден ұстап әкелген келінде көрген бола ма, одан туған балада тек бола ма? О, несі-әй, түге! – деп туласын.
– Енді, әже, біздікі не ғой… Баяғыда сіздің заманыңызда-ақ: «Бір түнде сегіз қызды алып қаштым», – дегенді қалай айтты онда?
– Сөзің бар болсын. Байыбына барсаңдаршы әуелі. Ол заманда алып қашса, амалсыздықтан. Екі жас бір-біріне ұнады, сөз байласады. Тек жігіттің қолы қысқа, қалыңмал төлеуге күйі жоқ. Міне, осы жағдайда қыздың келісімімен алып қашады. Қазақтың ар-ұяты – қыз бала. Біреудің оң жақта үкілеп отырған қыз баласын зорлықпен алып қашып көр. Бұл екі рудың арасындағы қан төгіс соғысқа дейін жеткізетін…
– Ойбай, қойдық, қойдық, әже. Онда өзің таңда.
– Таңдаса не бопты? Әуелі десең жіп таққан адамым да бар… Немересінің осыдан екі жыл бұрын біреуге «жіп тағып» кеткенін қайдан білсін байғұс әже. Абырой болғанда, немере таңдауы мен әже таңдауы бір жерден шықты. «Көршінің қызы керемет еді» десе дегендей, көршінің қызы Кәмшат саздау жердің сары ағашындай солқылдаған, құлын мүсіні бұзылмаған, жүріс көрмеген, тәрбиелі қыз еді. Бәрі әже арманындай болды. Құда түсілді, құйрық-бауыр желінді.
Той күні жақындаған сайын албырт жігіттің көңілі алабұртуда. Қызға деген сезімінде селкеу болмаса да, ұяңдық па, жүрексіну ме – кезек шарпысады. Әр кеш сайын құрбы жігіттер мұны ортаға алып, гу-гу етіседі. Үйленгені бар, үйленбесе де «өмір көргені» бар – бәрі ақылшы…
– Ей, сен өзі ауызданып пе ең? – деді Дүрілдеуік Дөйт төтесінен. Руслан қызарып кетті.
– Пәлі, осының өзі әлі ауызданбаған ғой шамасы.
– Сонда қалай, үйленгенге дейін-ақ. Жоқ, оған Кәмшат келіспейді. Ол ондай қыз емес.
– Ей, сен де бір… Саған өз қызыңа бар деп тұрған біреу бар ма? Қай ғасырда өмір сүріп отырсың өзің? Үйленгенше тұмсығың қанға тимеу деген не деген сұмдық! Түк тәжірибең болмаса, алғашқы түні келіншегіңнің алдында позор боласың.
– Сонда…
– Не сондасы бар. Давай, ертең сені ауыздандырамыз. Көзіңді ашып, өмір көрсетеміз. Дүрілдеуік дүрілдеді – бітті. Айтылған күні айтылған жерге үш жігіт Русланды алып жөнелді. Әлдеқандай көшедегі әлдеқандай пәтерге итермелеп кіргізді де, көшеде тосатындарын айтып қала берді. Оңаша бөлме. Төсек пен үлкен айна. Бойжеткен қыз. Ұзын бойлы, ақсарының әдемісі, қоңырқай бұйра шашты, келбетті жігітке қыз сәл таңырқай қарады. Әдетте мұнда қырқылжың қарындылар мен теке сасыған күтімсіздеу не арақ сасыған қызыл көздер келуші еді. Қызға жігіт те таңдана қарады. Толқынды қара шаш, қайқы кірпік, көгілдір жанар. Толық кеуде, тоқ балтыр, дөңгелек бөксе… Осындай қыз да көшеден жігіт іздейді екен-ау! – деп таңданды жігіт.
Қыз жүзінде қылымсу да, ұялу да жоқ.
– Қанша сағат? – деді. Апалақтаған жігіт соткасына үңіле беріп еді, қанша уақытқа созылады деп тұрмын саған деп қайталады қыз жігіттің кещелігіне ыза болып. Жігіт иығын қиқаң еткізді.
– Сағаты елу доллар, если чо! – деді қыз. Жігіт тағы иығын қиқаң еткізді. Келесі сәтте қыз айна алдына барды. Атлас халатын аяғына сыпыра салды. Енеден туғандай жалаңаш екен. Жігіт қалшиып қатты да қалды. Қыз ең әуелі иығына түскен толқынды бұйра шашын алып, айна алдына қойды. Тақырлау, өңсіз сұйық қоңыр селеу шашы бар екен. Одан екі қайқы кірпікті еппен алып қойды. Көз жанарын сұқ саусағымен сүйкеп қалып, жұп-жұқа көгілдір екі әйнекті (линзаны) әлдеқандай кішкене құтыға салды. Қайқы кірпік те, көгілдір жанар да жоғалып, орнында сәл қанталаған, шаршаңқы бозғыл көз қалды. Жігіт көңілі әлем-тапырық. Келер сәтте не болды дейсіз ғой, қыз төңкерген кеседей көлемді екі омырауды сыпырып айнаның алдына тастады. Орнында арық түйенің өркешіндей салпиған қос тері қалды. Мұнымен де бітсе жақсы ғой. Қыз енді сәл қозғап-қозғап дөңгеленген бөксені, балтырдағы қос бұлшық етті алды. Алды да айна алдына апарып қойды. Құдай-ау, жігіт не көрді дейсіз ғой. Баяғыда, оқушы күнінде анатомия кабинетінде көрген скелет елестеп кетті көзіне… Руслан бөлмеден жанұшыра атып шықты. Жүрегі айнып, лоқсып та жіберді. «Қалай болды, қалай болды» деп қасына арсалаңдап жетіп келген Дүрілдеуікті құлақ шекеден бір перді де, жүгіре жөнелді. «Ауыздану» операциясы осымен бітті.
Руслан қалыңдығымен күнде кешке кездесіп жүрді. Қол ұстасып қыдырып, болашақ туралы тәтті армандарға берілетін. Кейде көздері түйісіп қалса, бір-біріне соншалықты ынтызар сезіммен қарап қалатынын өздері де біле бермейтін. Еркін де ерке, қылықты қыздың таза, пәк жанарына, күнәсіз еріндеріне қарап тұрып, жігіттің есіне кейде өткендегі «ауыздану» түсіп кететін де өнебойы сәл тітіркеніп, әлденеден жиреніп кететін.
Той да өтті. Екі жас оңаша қалар шақ та келіп жетті. Қыз айна алдына барып, атлас халатын сыпыра бергенде, жігіт қорқыныштан көзін жұмды. Жоқ, жалаңаш емес екен. Қыз бұрымын тарқатты. Жігіт шошына түсті. Жоқ, өзінікі екен. Қыз сәл ұяла жымиып бұған жақындады. Жігіт қызды құшақтай алды. Құба талдай нәзік те серпінді дене, сәл ғана тікшиген тастай қатты қыз омырау, қан тепсінген аққұба жүз, оттай ыстық еріндер…
Жігіт осының бәрін асығыс аймалап, толассыз сипалай берді, сипалай берді. Әлі де секемденіп тұр… Әлден уақытта барып қызға «Осының бәрі өзіңдікі ме?» – деді. Ештеңеге түсінбесе де қыз әдеттегі еркелігіне басып, «Жоқ, енді бәрі сенікі» деп, жігіт құшағына құлай берді…
Ары қарай ешкімнің ақыл-кеңесінің керегі де шамалы еді. Табиғат-Ана екі періште жанды өзі-ақ осылай «ауыздандырды».
ПІКІРЛЕР1