Тарбағатайдан ескен леп
«100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 87 қадамында азаматтық біртектілікті нығайту туралы айтылып, ол үшін «Қазақстан энциклопедиясы» интернет жобасын құрып, сол арқылы әрбір азаматқа және шетелдік туристерге ел туралы көбірек білуге көмектесу қолға алынуы тиіс делінген. Бұл мақсатта Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аймағында бірқатар игі істер атқарылуда. Өлке тарихы мен мәдениетін жұртқа таныстыруда ілкім шаруа атқарған Дулат Тұрсынұлы Тастекеевпен өткен сұхбат Тарбағатайдың тарам-тарам тарихынан сыр шертеді.
– «Жеріңнің аты – бабаңның хаты» деген бар. Тарбағатайдың арғы-бергі тарихын қамтитын «Тарихқа толы Тарбағатай» альманах кітабын шығару туралы бастама көтеріп, демеушілік жасап келесіз. Кітаптың үшінші басылымы дайындалып жатыр екен. Бұл жоба әлі де жалғаса ма? Ұрпаққа қажетті осындай құнды кітапқа мемлекет тарапынан да қолдау керек сияқты?
– «Тарихқа толы Тарбағатай» атты альманахымыз үшінші жыл болды, айтыспен қатарласа шығып келе жатыр. Бұл кітаптың да өз шығу тарихы бар. Айтыс өткізген кезде жұрттың тарапынан айтылған алғыс та, сын да көп болды. Ақылын айтқан ағайындар да болды. Сол айтылған ақылдың бірі – осы іс-шаралар өтер де кетер, ал шынайы жаны ашитын адамдар халыққа өшпейтін бір рухани көмек беру керек деген сипатта болды. Көп тарапынан айтылған пікірлерді тұжырымдай, топшылай отырып, Ерден Оралбай деген тарихшы екеуміз ақылдасып, Тарбағатай туралы бір кітап жазып, халыққа тарту етсек деген шешімге тоқталдық. Кейін бұл ойымызды әрі қарай дамыта отырып, тек бір рет қана шығып қоймай, жыл сайын осы өңірдің қилы тарихын баяндайтын жинақты қолға алайық. Осы өңірден шыққан, басқа өңірден келіп, біздің өңіріміз туралы жазған мықты авторлар, ғалымдар болса, солардың мақалаларын біріктіріп, жинақ шығарайық деген ниет еді. Сол ниетіміз, құдайға шүкір, жүзеге асып жатыр.
Биыл «Тарихқа толы Тарбағатайдың» үшінші басылымы жарық көрді. Шығыс өңірінде оқыған-білген, ғалым азаматтар жетерлік қой, жинақты құрастыру барысында мақала жағынан еш қиындық көрген жоқпыз, бірақ сол жинақталған материалды заманауи түрде көпшілікке жеткізу үшін, оқырмандардың, әсіресе жас буынның қызығушылығын тудыру үшін, кітап беттерін әдемі суреттермен толықтырамыз деген сәтте туған өлкеміздің ғажайып табиғатын бейнелейтін сапалы суреттер таппай, әуесқой фотосуреттер мен желіден табиғаты ұқсас аймақтардың суреттерін алуға мәжбүр болдық. Жақында «Ғажайып өлке» жобасын жүзеге асырып, сол жобаның аясында атақты фотоблогер, саяхатшы, Андриан Звигин мен тарихшы, археолог Ерден Оралбайдың қатысуымен Тарбағатай ауданына фотоэкспедиция жасақтадық. Сөйтіп қоржынымыз өлкенің керемет көріністері бейнеленген сапалы суреттерге толды. Бірнеше күн ауыл-аймақты аралап, Тарбағатайдың ерекше табиғатына тамсанып, әрбір сайы мен төбесі, өзені мен көлі туралы әсерлі әңгіме естіген фотограф күзде қайта экспедиция жасақтауға өзі ұсыныс жасады. Келесі жылы, үлгеріп жатсақ, Тарбағатайдың түрлі-түсті альбомын шығаруды жоспарлап қойдық. Жобаның болашағы зор деп ойлаймыз, себебі ол келешекте Тарбағатайды елдегі экотуризмнің танымал бағытына айналдыру әлеуетіне жол ашпақ.
Айтпақшы, «Тарихқа толы Тарбағатайды» енді әлеуметтік желіден де оқуға болады. Көктемнен бері Фейсбук желісінде аттас парақша ашылып, қолданушылар арасында жазбалары кеңінен таралып жатыр. Әлеуметтік желідегі парақшаның артықшылығы – мұнда оқырмандардың пікірін біліп, олардың жазбаларды қалай қабылдайтынын сезе аламыз, кейде желі қолданушыларынан тың деректер мен пайдалы мәліметтер де келіп жатады. Пікірлерді оқи отырып, халықтың туған жеріне деген шексіз махаббатын, перзенттік мақтаныш сезімін, тарихын дәріптейтіндігін, ол жайлы жаңа тың деректерді білуге құштар екендігін байқап, көңілге медет тұттық.
Ал енді бұл еңбегімізге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, әрі қарай дамытылып жатса, біздің қарсылығымыз жоқ. Байтақ еліміздің әр түкпірі жайлы қазбалап зерттейтін болсақ, әлі талай кітап жазуға болады. Біздің арманымыз – осы жобаның үлгісімен әрбір өлкенің белсенді азаматтары туған өңірі жайлы қызықты жазбалар беретін парақша ашса, сөйтіп Қазақстанның бүкіл аумағында өлкетану ғылымын жандандырып, экотуризмді дамытса. Туған өлке жайлы жастарға білім беретін, насихаттайтын, сол арқылы Отанына деген сүйіспеншілігін арттырып, ел тарихына деген құрметін асқақтататын осындай әлеуметтік жобалар көбейе берсе деп тілейміз.
– Жақында «Асылтас» қоғамдық қоры құрылған екен. Қор құрудағы мақсат қандай?
– Осы уақытқа дейін жүзеге асырылған әлеуметтік және қайырымдылық жобалардың бәрін топтастырып, осы бағыттағы атқарылған істеріміз жайлы жақында анықтама құрастырдық. Содан байқағанымыз, осы кезге дейін біраз іс атқарылыпты, мақтанғаным емес. Бірақ күні бүгінге дейін әлеуметтік бастамаларды қазақи түрде, жүйесіз жасап жатқандығымызды байқадық. Атқарылған істерді жүйеге келтіріп, әрі қарай дамытудың нақты бағдарын айқындап, бір жүйеге келтіру үшін арнайы қоғамдық қор құруды шештік. Қазір дамыған елдерде әлеуметтік, қайырымдылық бағытта жұмыс істейтін ұйымдардың барлығы басқарудың бизнес-үлгілерін қолданып, әлемдегі қайырымдылық саласының өзі де едәуір өзгеріске ұшырады. Қазір бұл саланың өзі де инновацияларға бет алған. Егер қайырымдылық бұрын бизнестің қосымша бір қаражат жұмсайтын тармағы болатын болса, қазір тіпті қайырымдылық жасай отырып, табыс табатын компаниялар саны артып келеді. Біз де қорымызды әлемдік тенденцияларға сай ерекше форматта құратын болып шештік.
«Асылтас» қорының негізгі мақсаты – әрбір қайырымдылық шарасын ақылмен, нәтижесін алдын ала болжап, жүйелі түрде жүзеге асыру. Мәселен, қатардағы кәсіпкер жыл сайын Құрбан айт мерекесінің қарсаңында кедей отбасыларға бір қой мен бір қап күріш таратса, бұл да – қайырымдылық. Бірақ ол шара жаңағы отбасының мәселесін тек қысқа мерзімге ғана шешеді. Бір жыл көмектесерсің, екінші жылы апарарсың, отбасындағы жағдай өзгермейді, үшінші жылы садақаңды уақытында бермесең, тіпті күңкілдеп, ренжуі де мүмкін, себебі әбден үйреніп қалған. Бұл масылдық көзқарасты қалыптастыруға әкелетін «жүйесіз», «маусымдық» қайырымдылық, ал «ақылды» қайырымдылық ұстанымы бойынша, сен ол отбасының баласын оқыт, кәсіп үйрет, жұмыс тауып бер, жалақы төле, сонда ғана ол шаңырақ бірте-бірте аяғына тұрып кетуі мүмкін. «Балық бергенше, қармақ бер» деген ұстанымның мысалы – осы. Әрине, бұл ең қарапайым мысал, бірақ әрбір әлеуметтік жобаның арғы жағында терең ой, анық мақсат жатуы тиіс, сонда ғана қордың қызметі жеміс беріп, әлеуметке тигізер пайдасы зор болмақ.
– Туған жеріңізге деген ерекше перзенттік сезіміңізді байқаймыз. Оны сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген азаматтардың бірегейісіз. Алдыңғы жылы Ақсуат ауылындағы мешітті пайдалануға берсеңіздер, былтыр туған ауылыңызға асфальт төсеп, заманауи футбол алаңын салып, қуантқансыз. Биыл да құр қол бармайтын шығарсыз?
– Әрине, халқымыздың салтында да, шариғатта да жария садақа деген ұғым бар. Айтысты ұйымдастыру дұрыс шығар, басқа елге пайдасы тиетін заттарды жасау да дұрыс шығар, бірақ жақсы басталып, соңы сұйылып кететін заттың халыққа шынайы пайдасы тимейтіні анық. Осы істердің бәрін асқан-тасқаннан жасап жатқан жайымыз жоқ. Кәсібіміздің берекеті қашпасын, ырыс молынан болсын деп, өзіміздің үлесіміздің бір бөлігін туған жерге арнап жатқан әрекеттеріміз бар. Осыған дейін ауыл азаматтарына, туған жерге тартылған сыйлардан бөлек, биыл Екпін ауылының кіреберісіне салтанатты әдемі қақпа (арка) жасап берсек деген ойымыз бар. Былтыр салған тас жолды мектептің алдына дейін созып, оқушылардың аяқ киімін балшықтан тазартсақ деген де ниет бар. Сонымен қатар, өзіміз оқыған мектепке заманауи жабдықталған тарих кабинетін сыйға тартайық деп отырмыз. Оған қоса, осы мектепте кезінде қолға алынып, бірақ жалғасын таба алмай тұрған өлкетану мұражайын толық күрделі жөндеуден өткізіп, жиһаз-жабдықтармен толтырып, мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындарына сыйға тартайық деп отырмыз.
– Соңғы 3-4 жыл ішінде Тастекеевтер әулеті Ақсуат ауылында екі бірдей мешіт салып, халықтың ризашылығына бөленіп, батасын алғанын білеміз. Елді имандылыққа, ізгілікке шақыратын Алланың үйін салу кешегі атеистік қоғам кезінде атаңыздың арманы болған екен. Осы жөнінде тарқатып айтып берсеңіз.
– Иә, Құлбай атамыздың осындай арманы болғаны жайлы ауылдағы осы мешіттердің ашылуы кезінде және басқа да іс-шара барысында айтып жүргеніміз рас. Кеңес дәуірінің өзінде атамыз ел басшысы Дінмұхамед Қонаев мырзаға мынадай хат жазған екен:
Арыз жазам, Қонаев,
Иманға бет бұрайық,
Ақсуат пен Жданға
Екі мешіт салайық!
Бұл, әрине, сол заман үшін өте батыл қадам, Құдайды жоққа шығарған кеңес үкіметінің атеизм идеологиясы кеңінен насихатталған дәуірде осы бастамасы үшін атамыз біраз қудалауға ұшыраған болатын. Жұмыстан шеттетілген, ол кісіні еш қызметке қабылдамай қойған. Отбасында үлкендерден: «Сендер – текті әулеттің ұрпағысыңдар», – дегенді жиі естіп өстік. Аталарымыздың арасынан төрт қажы шыққан екен. Сонымен бірге, Айдарбек би деген бабамыз кезінде ел азаттығы үшін күрескен Қожагелді батырдың құнын даулап, Тарбағатайдан Семей мен Омбы арқылы шалғайдағы Санкт-Петербург қаласына ақ патшаға депутация бастап апарған екен. Ресей патшасының қабылдауында болып, елінің мәселелерін шешіп, өзіміздің Қарғыба, Назар өңірін бес жылға алым-салықтан босатып, қазақ балаларының зорлықпен орыс мектептеріне жіберілуіне тыйым салғызып, өңірде мешіт пен медресе салуға рұқсат алған. Айдарбек бабамыздың шағын елшілігінің арқасында Мұрын мен Қыржы жеріне орыс бекіністері салынбаған. Ол кісі Мұрын болысының старшыны болыпты, ел арасындағы дауларды шешіп, халық арасында үлкен құрметке ие болған.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, заман түзелген уақытта әкеміз атамыздың аманатын орындап, 2009 жылы туған ауылымыз Екпінде шағын мешіт бой көтерді. 2016 жылы отбасымызға Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуат ауылынан сәулетті мешіт салу бұйырды.
Екінші мешітті аяқтаған кезде: «әкеміз ауылымыздан мешіт салды, бауырым екеуміз Ақсуаттан үлкендеу мешіттің құрылысын аяқтадық, ендігі кезек – келесі буында, біздің балаларымыз да кейін бұдан да үлкен мешіт салар», – деп іштен ниет етіп, игі бастама әулетіміздің дәстүріне айналса деп армандап жүретінмін. Алланың бұйрығы болар, биыл «бісміллә» деп, үшінші мешіттің құрылысына кірісіп кеттік. Семей қаласында он жылдан бері құрылысы аяқталмай тұрған орталық мешітті салып бітіреміз деп, семейліктердің алдында мойнымызға зор міндетті жүктеп алдық. Амандық болса, бір-екі жылдың ішінде өзіміздің әсем қаламыз Семейге де көрікті мешіт ғимаратын сыйға тартатын боламыз.
– Жыл сайын Тарбағатай теріскейіндегі Ақсуат ауылында «Таскредит» компаниясының демеушілігімен «Туған жерге туыңды тік» деп аталатын ақындар айтысы өтіп келеді. Биылғы болатын жыр сайысының ерекшелігі қандай болмақ?
– Алдымен осы айтыстың неден басталғанын айтып берейін. 2016 жылы Ақсуаттағы мешіттің құрылысы аяқталуға жақын қалған кезде оның ашылуына орай бір салтанатты мереке өткізсек деген ниетіміз болған. Жергілікті халыққа қандай тарту жасасақ деген ойлар бізді біраз мазалады, ағайындармен кеңес құрып, Ақсуаттағы туысқанымыз Қайырлы ағамыздың ақылымен сол жылы мешіттің ашылуына орай ауылымызда республикалық ақындар айтысын өткізетін болып шештік.
Ағайын-жұрт қолдап, Жүрсін Ерман ағамыздың өзі мешіт ашылатын болса, келіп өткізейік, халықты өнермен сусындатайық деп, келісе кеткеніне риза болдық. Сөйтіп алғаш рет 2016 жылы республикалық деңгейде ақындар айтысын өткізгенімізді білесіздер. Сол жолғы айтысқа аудан әкімі қолдау көрсетіп, бұл іс-шараны енді жыл сайынғы дәстүрге айналдырайық деген ұсыныс түсті. Оны біз де ішімізден «әумин» деп қолдадық. Былтырғы айтыс республикалық дәрежеден асып, халықаралық деңгейде көтерілді. Биыл тағы да халықаралық дәрежеде өтетін ақындар додасының ерекшелігі – айтыс мерекесі Ақсуаттың жаңадан салынған орталық стадионның көгалында, заманауи сахнада өтетін болады. Алдағы айтыстарды Ақсуаттың орталық алаңында, ескі сахнада өткізбекпіз. Тағы бір ерекшелігі – халықаралық деңгейге ие айтысымызға былтыр Қытай Халық Республикасынан, Моңғолия Республикасынан өзіміздің қандас айтыскерлеріміз келіп қатысқан болса, биылғы додаға Қырғызстаннан қырғыз бауырымыз келіп, қырғыз тілінде айтыспақшы. Ауылымыздың тұрғындарына қырғыз тіліндегі айтысты тамашалау қызықты болады деп ойлаймыз.
– Іскер азамат ретінде уақытты қалай тиімді пайдаланасыз?
– Уақытты тиімді пайдалану деген – кәдімгідей бір ғылым саласы, қазіргі өркениетті елдерде «тайм-менеджмент» деп аталатын бұл ғылымға ерекше көңіл бөлінеді. Уақытты дұрыс пайдалану, тиімді басқара білудің құпиясы, сайып келгенде, адамның алдына нақты мақсаттарын қоя білуінде жатыр. Алдыңа нақты мақсат белгілесең, оған жетудің жоспарын жасайсың, сөйтіп сол жоспарға сай уақытыңды мақсатқа апарар қадамдарға, шараларға бөлесің. Айқын мақсаты бар адам нақты нәтиже көрсетеді, табысқа қол жеткізеді. Жоспары жоқ адам маңайындағы жоспары бар адамдардың жоспарын жүзеге асырып, қарамағында жүреді деп айтса да болады. Нақты мақсаттарды қоя білу керек, оған жетуге күш салу керек, уақытты тиімді пайдалану деген, міне – осы.
– Төл өнеріміз – айтысты қолдап, әншілерге де демеушілік жасап келесіз, соған қарағанда, өз бойыңызда да өнер бар секілді?
– Өзімде өнер бар не жоқ деп айту қиын. «Әу» демейтін қазақ жоқ, достарымыздың арасында айтатын әндеріміз де болады, тығылып жазатын төрт шумақ өлеңіміз де бар. Бірақ оны кәсіпқой түрде қолданып жүрген жоқпыз. Кезінде туған жерімізден Алматыға қоныс аударғаннан кейін, мен Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын республикалық мектепте білімімді жалғастырдым. Елімізге есімі белгілі біраз азамат түлеп ұшқан осы киелі білім шаңырағы тілімізге, ділімізге деген құрметке, ұлтымызға, өнерімізге деген сүйісеншілікке тәрбиеледі. Әке-шешеміздің, мектебіміздің берген тәрбие-тәлімінің арқасында өнерден алыс болмадық.
Адам басқа салаларда бір белгілі нәтижеге жету үшін, рухани жағынан да сусындап отыруы керек. Уақытымен естілген жыр мен ашылған кітап, оқылған өлең, тыңдалған ән адамның басқа да құндылықтарын байытып, алға жетелейді. Мен бұл өмірде үлкен жетістіктерге жеткен азаматтардың өнерден тұл болғаны кем де кем дегім келеді. Зор табыстарға жеткен адамдардың біразының өмірбаянымен таныс болдық, сондықтан өнер мен кәсіп егіз деп айтсақ, қателеспейміз деп ойлаймын.
– Сіз үшін өмірдің мәні не?
– Өте қиын әрі қызық сұрақ. Осы уақытқа дейін мен өмірдің мәні жалпы адамзат баласы үшін ортақ, ұқсас деген пікірде келіппін. Кейіннен ойланып қарасам, бұл пікірім негізсіз екен.
Мен үшін өмірдің мәні – оны босқа, ешқандай іссіз, белгісіз өткізбеу. Өлшенген өмірде айналама, жақындарыма, халқыма барынша пайдамды тиігізіп өткізу. Сол үшін енді еңбек етіп жатырмыз, еңбегіміз жемісті болады деп ойлаймыз. Біздің қоғамда кеңестік дәуірден қалған жаңсақ пікір бар – халықтың өмірінің жақсаруына, қоғамның дамуына тек мемлекет қана жауап беріп, мүдделі болуы тиіс деген. Меніңше, әр азамат елі үшін, жері үшін пайдасын тигізуге тырысса, көзқарасын өзгертіп, қоғам өміріне белсене араласса, қоғам ілгері дамып, өркендей түседі. Әркім де өз бойындағы күш-жігерін айналасын гүлдендіріп, дамытуға мейлінше атсалысуы керек.
СЕРІК пен ЕРКІН