ТЫРНАҚАЛДЫ
30.07.2018
1550
0

… Ата қыран түлкі алып, балапанын баулығаннан кейін тағы да бірнеше күн өтті. Бұл уақыт ішінде де үш бүркіт олжадан онша кенде болған жоқ. Олар бір түлкі, бір қоян, екі саңырау құр алып жеді, шіл, кекілігі және бар. Бұлардың бәрін бұрынғыша Ата қыран мен Ана қыран өздері алды. Ал балапан болса, аңшыға ерген қызылшадай, аң қызығын көріп, олжаға ортақтасып, қастарында жүрді. Өлідей не тірідей тастап беріп, «бас» деген аңдарын ғана шеңгелдеп басты.


Дегенмен, ол да жаңағы аң мен құстың қандай жерде қалай кезігіп, қалай қашқа­нын, ата-енесінің қалай қуып, қалай алға­нын көзімен көріп, «көңіліне тоқумен» бол­ды. Сөйтіп, бұл күндері де бала бүркіт өз бетімен аң алған жоқ еді. Соның сәті бү­гін түсіп, ең бірінші тырнақ алды аңын бүгін алды.
Үш бүркіт түнде де Мұқыр сайының биі­гін­дегі ағаш, тастарға қонақтап шыққан. Олар мұнда тау басына күн көтерілгенше отыр­ды. Әрқайсысы әдеттегіше керіліп-созы­лып, таранып, сілкініп алды да, сер­гіген соң, алыс-жақын айналаға қарана бастады. Мына тұрған тау етегінен бастап ар­ғы жазыққа дейін далиып жатқан үлкен ауылдың әр-әр жерінен шұбап шыққан қой, сиырлар мен оларды өріске айдаған аттылы-жаяулы адамдарды көрді. Бірақ қырандарға керегі бұлар емес еді.
Одан кейін ауылдан алысырақтағы оңаша қырқадан бір түлкінің қоянды қу­ғанын көре қалды. Бұлар үш қыранды да елең еткізіп, көздеріне оттай басылды. Тіпті, әуе­лі сонау ұядағы кезінен бастап бұл аң­дарға әбден дәніккен албырт балапан тағат­сыздана шаңқылдап жіберді.
Көктен тілегені жерден табылған үш бүр­кіт бірінен кейін бірі жарыса ұшып, көр­ген аңдарын көздей заулады.
Қу түлкі желаяқ қоянға жете алмасын біліп, оны онша ұзақ қуған жоқ болатын.
О пә­ле тау жақтан ентелей еңістеп келе жат­қан үш бірдей тажалды көре қалып, қасын­дағы бір жарлауыт жыраға жып берді.
Ал әлгі ақ құйрық сұр қоян болса, алды-артына қарамай, зытып бара жатқан.
Түлкіден көз жазып қалған үш бүркіт те сол қоянның соңына түсті. Олар бір-біріне қарайлас келе жатыр еді, балапан «мұны мен алам» дегендей алға түсе заулады. Онысын оны аң алуға баулып жүрген ата-енесі де теріс көрген жоқ. Өздері қажетті кезде ғана араласуға дайын жүрді.
Балапан қырқамен безіп бара жатқан сұр қоянға көлбей құйылып кеп, іле алмай қалды да, енді оны қанатын жебеп, жер бауырлай қуды.
                                                                              («Қоңыр қонжық» кітабынан үзінді)

Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір