СЫР-АҒАҢДЫ САҒЫНАМЫН
20.07.2018
1314
0

Сырбай МӘУЛЕНОВ

Кеңес өкіметі дәуірлеп тұрған шақта Сырбай Мәуленов Қостанайға келуге онша құштар бола қоймапты. Сол кездегі обкомның бірінші хатшысы А.Бородин қазақтың зиялы өкілдерін, ақын-жазушыларын елемеген, менсінбеген. Ақын жаны қашанда нәзік қой, облыс басшысының өзін көзге ілмейтінін сезген де. Содан жиырма жылдай туған жеріне ат ізін салмапты.


Қостанайда «Нариман» ба­за­рын­­дағы зиратта әкесі жерленген. Туыстары мен жора-жолдастары­ның көбі осында тұрады. Бүгінгі об­лыс­тық «Қостанай таңы» газе­тін­де бөлім меңгерушісі, редактордың орын­басары қызметін атқарып, арман қуып Алматыға кеткен Сыр­бай ақын сонда, бал дәурен бала­лығы, жастық шағы өткен өңірін, жалаң аяқ жүгірген жазиралы дала­сын, қыздың ұзын бұрымындай мөлдір өзендерін, әсіресе, толқын­ды Тобылын, сүмбіл тал, тоғайла­рын, көкірек кере дем алатын саф ауасын сағынбады дейсіз бе? Әри­не, сағынды ғой.
Сыр-ағаң сол кезде көбіне оң­түс­тікке қарай, әсіресе, Қызылорда облысына жиі баратын. Қалың қа­зақ орналасқан аймақ жұртшылығы ақынды көкке көтеріп қарсы ала­тын, өлеңдерін оқып, жатқа айта­тын. Кішісі де, үлкені де асты-үс­тіне түсіп, бәйек болатын. Екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл жылдарында өлім мен өмір арасын­да жүріп, тірліктің ащы-тұщысын татқан адамға бұдан артық қандай құрмет керек? Көпшілік арасында «Сырбай Қызылорда облысында туыпты, Сыр бойының тумасы екен» деген сөздің тарап кеткені де содан шығар. Алайда, ардақты ағамыз туған жері Торғай даласы екенін, әйтсе де өзінің барлық елге ортақ ақын екендігін мақта­ныш­­пен мәлімдейтін.
Жиырма жыл! Осыншама ұзақ уақыт! Араға жиырма жыл салып, Сырбай Мәуленов Қостанайға келді. Бұл 1987 жылдың 20 қаңтары еді. Жай келмепті, жиені Бименді Досжанов қайтыс болып, көңіл ай­туға әдейілеп ат басын тірепті. Облыстық радиода диктор болып жұмыс істейтін Үміт Досжанова апайымыз «Сырбай ағаңды сұрай беруші ең, кешкілік үйге келіп, сол кісімен бірге дәм татарсың», – деді. Өлеңдерін газет-журналдардан, кітаптардан оқитын ақынмен сол үйде алғаш рет көзбе-көз тілдесіп, таныстық. Еңгезердей денелі, даусы гүрілдеп шығатын адам екен. Ертесіне өзі қызмет еткен облыстық «Қостанай таңы» газетіне бас сұ­ғып, редакция ұжымымен кездесті. Осында еңбек еткен жылдарын еске алып, қойылған сұрақтарға жауап берді.
– Біз жұмыс істеген кезде га­зет­тің сөзі жерде қалмайтын. Жур­налистердің сын материалдары жарияланысымен тексеруге жібері­ліп, кінәлі адамдар жауапқа тарты­лып, пәрменді шаралар қолданыла­тын, – дей келе, бір қызықты жай­ды еске түсіріп, бәрімізді күл­дірді:
– Мен онда редактордың орын­ба­сары болып жұмыс істеймін. Торғай жақтан, ауылдан маған адамдар келіп тұрады. Содан бір күні ауылдан жақын туысқаным келе қалды. Алдын-ала келісіп қойған­быз. Кабинетіме бір қыз­меткерді шақырып алып, ұрысып, құйрығынан теуіп қалдым. Содан әлгі туысқанымыз ауылға барып: «Сырбай күшті бастық болыпты, қызметкерлерін құйрығынан теуіп жұмсайды екен», – деп айтып барыпты. Сол жерде журналистер­дің біреуі: «Сыр-аға, шындық бар ма осы? Сіз соған сенесіз бе?», – деп сұрақ қойды.
– Шындық неге болмасын? Бар. Тек, өкінішке орай, шын­дық­тың жолы жіңішке, кей жағдайларда оған жету қиын. Бірақ әрқашан шындық жеңіп шығады, – деп нық жауап берді.
Сол жылы жазға қарай Сыр-ағаң Қостанайға тағы келді. Әуежай басында тайлы-тұяғымызбен топтанып қарсы алдық. Таран ауда­нын­­дағы Вачасов атындағы сов­хоз­дың директоры Сапар Ерғалиев туысы екен. «Соған барамын, сен­дер де кешікпей келіңдер, бірге болайық», – деді. Үлкен кісінің тіле­гін аяқсыз қалдыру қайда, түс­тен кейін жаңа көлікпен солай қарай тарттық.
Сапар ағамыздың қуанышында шек жоқ. Күйі келіскен семіз жыл­қы­сын сойдырып, есік алдына киіз үйді тіктіріп тастаған. Дастарқанға сол заманда қат көрінетін балық уылдырығының неше түрі қойыл­ды. «Қазақстан» коньягі, оның басқа да түрлері, «Посольский» ақ арағы да әкелінді. Сыр-ағаң арақ-шарапты аузына татып алмайды, дәрігерлер денсаулығына байла­ныс­ты тыйым салыпты. Бірақ өзі ішкен кісі секілді өзгелерді желік­тіріп, әңгімені қыздырып отырады. «Аздап ішкен дұрыс, бұл жарықтық көңіл көтереді», – деп қояды.
Түн ортасы. Ел аяғы басылған. Ақынды ортаға алып, киіз үй ішінде тынығып жатырмыз. Түндік ашулы, аспаннан жұлдыздар жымыңдайды. Шегірткелер шырылдап, масалар ызыңдайды. Сыр-ағаң сыр санды­ғын ашып тастап, әңгіме тиегін ағытты. Бірде Жангелдин туралы сыр шертеді. «37-ші жылы НКВД Әліби Жангелдинді де ұстамақ болады. Соны сезген Әлекең Мәс­кеуге тартып, Сталиннен «Жангел­динге ешкім тиіспесін, партия мен үкіметке еңбегі сіңген адам» деген қағаз алып, аман қалған», – дейді. Біресе Қасым, Сәбит жайлы, жал­пы әдебиет төңірегінде әңгімелер айтады. Тыңдай бергің келеді. Ұққан, түйсігі бар жанға соның өзі дәріс екен-ау.
Ертесіне тұрып, Сапар ағаның үйінің ауласында бәріміз алқа қотан отырдық. Маңайы жасыл желекке оранған, қарақат, құлпынай, таңқу­рай, шие дейсің бе, мөлдіре­ген жеміс-жидек көз жауын алады. Бір кезде Сыр-ағаң алақанына уыстап жинаған құлпынайды маған әкелді.
– Мә, Есенгелді інім, же. Туған жердің ырыздығы ғой, – деп ұсын­ды.
– Бұныңыз не, өзіңіз жей бермей­сіз бе? – деймін ыңғайсыз­данып.
– Сырбай ақын саған күнде құл­пынай жинап бермейді. Ал енді, – деді Сыр-ағаң даусы гүрілдеп. Үлкен кісінің сол берген құлпы­найы ма­ған әлі күнге шейін күш беріп келе жатқан секілді.
Содан соң Сырбай ағамыз Қос­танайға араға бірер жыл салып оралды. Жақсы жанның өзіне магниттей тартып тұратын қасиеті, бауырмалдығы қандай десейші! Бойында титтей де арамдық жоқ, елгезек, қарапайым, кішіпейіл. Сағынып қалыппыз, құшақтасып, қауқылдасып амандастық.
Содан соң Сыр-ағаң Қос­танайға бірнеше рет келді. Ылғи әуежайда қуана қарсы алып, шы­ға­рып салып жүрдік. Атағы дүрілдеген ақын болса да, кеудесін көтеріп, дандайсып, тәкаппарлық таныт­қанын байқаған жоқпыз. Үлкенмен де, кішімен де шүйіркелесіп сөйле­сіп кететін. Амангелді Иманов, Ом­ар Шипин, Нұрхан Ахметбеков, Қасым Тоғызақов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов… басқа да атақты кісілер туралы қызықты әңгімелер айтады. Өлеңдерін жатқа оқиды, соғыс туралы сыр шертеді. «Газетте жүріп ақын болдыңыз. Журналистік жұмыс ақындықтан айырады деседі, бұған не дейсіз?», – деп сұ­расақ, ол: «Бәріміз де газет ар­қы­лы елге танылдық. Журналис­тік қызмет маған ешқандай ке­дергі келтірген жоқ. Қайта бұл менің ой-өрісімді кеңейтіп, адам­дар­дың мінез-құлқын білуге, тілім­ді ұштап, байытуға көмек­тесті», – деп жауап берді. Өзі ең­бек еткен «Больше­вик­тік жол», келген кездегі «Ком­му­низм таңы» газеті туралы мақтау сөзді ая­май­ды. «Бұл талай дарын­дар­дың бағын ашқан газет қой. Сералин мен Би-ағаң құрған қара­ша­ңы­рақтың киесі мені ақын қылған», – деп тебіреніп еді.
1992 жылдың тамыз айында Сырбай Мәуленов 70 жасқа то­лып, мерейтойын атап өту үшін әуелі сол кездегі Торғай облысына ат басын тіреді. Денсаулығы дімкәстанып, емделіп жүргендік­тен, дәрігерлер Қостанай облы­сы­на бармауға кеңес беріпті. «Он­да да ел-жұрт күтіп отыр, ірге­ге жақындап, кетіп қалғаным ұят емес пе? Қалайда баруым ке­рек», – деп ақын бой бермей, Қа­­мысты ауданының «Бестау» сов­хозына келді.
Облыс басшылары, жұртшы­лық қуана қарсы алып, қошемет көрсетті. Ауылдан 10 –15 шақы­рым жерде атажұртында, жазық жайлауда бірнеше киіз үйлер тігілді. Түн ортасына қарай сол жерден кеңшар орталығына қо­нақ үйге қонуға бара жатқанда шөп тиеген тіркемелі тракторға Сыр-ағаң мен Күлжамал апай мінген «Волга» соқтығысып, екеуі де ауыр жарақат алды. Өткен жағымсыз жайды еске түсіріп, бәрін қопарғымыз келмейді. Бірақ соның зардабы шығар, ақын ерте көз жұмды. Бәлкім, сол жолы Қостанайға келмей, Тор­ғай­дан қайтса, әлі ортамызда жү­­рер ме еді, кім білсін?..
70 жылдық мерейтойына бай­ланысты шараларға қатысу үшін «Бестауға» барғанымызда, Сыр-ағаң бастаған топ дастарқан басына енді ғана отырған екен. Бізді көріп, «Келгендерің қандай жақсы болды» деп балаша қуан­ған, «Үлкен табаққа келің­дер» деп, қасынан орын берген еді.
Осы сәттерді еске алып, мен бүгін тебіренемін, жұмыс каби­не­тімде отырып толқимын, Сыр-ағаңдай үлкен кісілермен сөйле­сіп, қатар жүріп, араласудың өзі абырой екен ғой. Ол жанындағы кісілердің қас-қабағына қарап, көңіл-күйін сұрап, жиын-той­ларда бізді жас демей қасына отыр­ғызып, өзгелердің алдында көкке көтере мақтап жататын. Бұған өзіміз риза болып, мерейі­міз өсіп қалатын.
«Жақсы аты қалған ер өл­мей­ді», – дейді көне түрік данышпаны Саиф Сараи. Сол айтқандай, Сырбай Мәуленов арамыздан кет­се де, жақсы аты өшкен жоқ, соңында сыршыл өлеңдері, мол мұрасы қалды. Қостанайда, Астанада ақын атында орта мек­теп бар, көшеге де есімі берілді. Сыр-ағаңның екінші өмірі осы­лай­ша жалғасып жатыр.
Жайдары мінезді, кеңпейілді, бауырмал Сыр-ағаңмен бірге жүрген күндер естен кетер емес. «Халің қалай?» деп қауқылдаса аман­дасып, құшақтайтын, соңы­нан ертіп, әңгіме шертетін аяулы ағаны мұңайған сәттерде іздей­мін, кәдімгідей сағынамын. Иә, Сыр-ағаңның орны бас­қа­лардан бөлек, тұлғасы өзгелерден ірі екен-ау…

Есенгелді СҮЙІНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Астана қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір