КӨСЕГЕ
20.07.2018
1976
0

Бекен ЫБЫРАЙЫМ


(әңгіме)

Дәліздің зілдей ағаш есігі түні бойы тынығып, қоюланып қалған ауаны баяу итеріп, ауырсынғандай сықырлай бастады. Асықпай созылған шиқылмен қабаттасқан қарлығыңқы сықырды арғы жақтан жылжып шығып келе жатқан Әнипа әжей тежеді: «Топсасын майлап қоймайды екен!».

Таңсәріден қара кешке дейін жұмыстан қолы тимейтін ұлы мен келініне іштей кейігенімен, «Кәйтсін енді. Мына заманда күн көру оңай ма?» деп жуып-шайды. Олар кеше немерені алып, қалаға тойға кеткен. Бар шаруа өзіне қалды. Мейлі, бүгінше ғана ғой.

Аулаға шықты. Тауықтарға жем шаша ма, сиыр сауа ма, қайсысынан бастарын білмей, сәл мүдіріп тұрды. Әлі шығарылмай, тұтасып жатқан көңнің қышқылтым иісі қораға сыймай, сырттағы ауаға сіңіп, қалқып тұр.

«Мө-өө!».

Қоңыр сиырдың мөңірегенін естіп, «кешіктім бе?» деп, қымсынып еді, қайда әлі, таң сібірлеп, енді-енді атып келеді. Е-е, үлгіреді. Кісі бойындай ағаш қаданың басына шығып кете алмай қолбиған қол жуғышты саңғырлатып, беті-қолын жуып алды.

  • Қайда ұшып кетті? Кеше мінә жерде жатыр еді… – Тамыздың таңғы салқыны бірден сергіткен Әнипа әжей айналасына қарағыштады. Кеше кешкісін сиырға жем берген ескі ақ тегеш ұшты-күйді жоқ. Қораға жапсарлас лапастың көше жақтағы шеткі тіреуінің түбіне қойған сияқты еді. Орнынан таба алмай, айналасын жүре шолып шықты. Әлде апақ-сапақта байқамай,  қораның ішіне апарды ма?

Емін-еркін аралайтын бос қораға күтпеген жерден біреудің кіргенінен тауықтар секем алып, «қыт-қыт-қа-аттап», мазалары кете бастады. Жаңа ғана «кукарекулап», ауланы басына көтерген ақ қораз «кімсіз өзі?» дегендей жақтырмай, бір қарап алды. Сескенді ме, қызыл айдары қылтылдап, тауықтардың соңын ала секеңдеп, сыртқа ұмтылды.

Бәсе! – мұнда әкелмепті.

 «Әлде ана жақта ма екен?».

Көшеге шықты. Шарбақтың түбінде де жоқ. Бақшаға барып, асықпай аралап шықты. Мұнда да көрінбейді.

Дәндеп алған қоңыр сиыр жемсіз иімейді. Былайша нәті жуас-ақ, бірақ аузының дәмін алмаса, кегжиіп қалатыны бар.

Әнеки, әдеттегідей домаланып, алқам-салқам Көсеге келе жатыр. Көре сала, арсалаңдап, қуанып кетті:

– Амасыз ба, апа!

Ылғи осылай. Сәлемдескенде, бір дыбысты айтуды ұмытып кетеді. «Амансыз ба?» дегені «амасыз ба» деп, сөлекеттеу естілетінін мүлдем аңғармайды.

Әжей дағдарыңқыраса да, қабағын ашып, көңілсіздеу жымиды:

– Шүкір, шырағым…

– Нағып тұрсыз?

  • Мына… – қолымен лапас жақты нұсқады, — жем беріп жүрген ақ тегешіміз жоқ. Таба алмадым. Енді кәйтерімді білмей тұрғаным.

Жігіттің біркелкі қырқылған, шөтке шашы тікірейіп, қушық маңдай терісі жиырылғанда, көлденең қатпарларының ортасымен екі сызық созылды – ойланғаны, үрпиген қасы доғаланып көтерілді – таңданғаны:

  • Апа, тегеш іздесеңіз, қайтіп семіресіз? — деді, әжейдің сіңіріне ілінген арықтығын бүгін ғана біліп, ендігі бар уайымы сол болғандай аяқ астынан ойлана қалып.
  • Тамақ ішіп болған соң, айтыңызшы, Сізге не әкеп берейін? — деді сосын кәдімгідей қиналыңқырап. Әжейдің тегеш жоғалтқанына мән бермесе де, қабаржыңқырап тұрғанын іштей түйсінді.
  • Семіреміз ғой, шырағым, семіреміз… – Әнипа әжей бала кезінен білетін жігіттің шайқылау түріне күйзеліңкірей қарады: «Әй, құдай-ай, біреу «бас» десе, бұл «құлақ» дейді». – Алдымен ақ тегешімді тауып алайын…
  • А-а, ақ тегеш пе? Оны танимын ғой! – деді сомпиған жігіт тегешті адам сияқтандырып. – Кеше түнде оны Ұзынқара Өзі келіп әкеткен.
  • Өзі келгені нес? — Әжей селт етіп, таңданып қалды. «Біреуді жіберетіндей не бопты?» дегісі келіп, езу тартты да, іркілді. «Е, бұл байғұстың сөзі не, өзі не?!» — Кім айтты?
  • Мен Өзімнің Көзіммен көрдім. Шын… шын айтам, — Көсеге асыға сөйледі. Сендіре алмаймын ба деп қобалжығаны көрініп тұр.

Әжей әбігерленіп, көнетоз, көк камзолының етегін қағып-қағып жіберді. Ұзынқара деп тұрғаны – Қайнарбай қайнағаның ең кіші ұлы. Теректей ұзын бойына қарап, Ұзынқара деп атап кеткен ауылдағылар. Сұрамай, дәнеңе етпей, қалай алып кете береді? Қақпаны ашып, аулаға кірген бе?

– Қо-ой… Өйте қоймас. Онысы нес! Жәмән тегешті кәйтеді? – Не сенерін, не сенбесін білмей, сөздің сірәғысымен сұрап қалды.

…Әкесі жалғыз ұлы болғасын, ырымдап: «көсегең көгерсін деп жатады ғой. Қызымнан кейін көрген ұлым – нағыз Көсегем болсын, таянышым болсын» деп атаған екен. Шешесі Шәлипа ұршықтай үйірілген, кішкентай ғана қараторы келіншек еді. Шынашақтай сәбиін еміреніп емізгенде, бақыттан басы айналғандай, балбырап отыратын.

Көсегенің бала боп жылағанын естіген емес. Үнемі өзімен өзі ойнап, томпаңдап жүргені. Күндіз бе, түн бе, оған бәрібір, қорқу дегенді білмейтін. Басқа балалар секілді оянғанда, қыңқылдап жыламсырамайтын. Сол жыламағандықтан ғой, шешесінің жоғалтып алып жүргені.

Бір күні ертемен сиыр сауайын деп таңсәріден тұрғанда, пысылдап, тәтті ұйқыда жатқан ұлын оятуға қимай, үйреншікті күйбеңіне кіріседі. Күнделікті қарбалас қол босата қоя ма, сиырды табынға қосып, самаурынға шоқ салып, «балам тұрды ма екен?» деп, үйге кірсе, төсекте Көсеге жоқ.

Жаңылмаса, үш жаста шығар-ау. Үйдің ішін шарлап шығады. Ауланы, бақшаны, үйдің айналасын түгел тінтеді. «Балам, балам», «Көсеге, жаным, қайдасың?» деп дауыстайды. Жүрегі атқақтап, қораның артындағы әжетханаға барады «байқамай, соған түсіп кетті ме?» деп. Зым-зия жоқ. Зәресі ұшады.

Екі жақтағы көршілердің үйінен де таппайды. Көрші әйелдер айғайға сүрен қосып, «ойбай, таң атпастан қайда кетті? Ит алып кеткен жоқ па? Әкетсе, жеп қоюы мүмкін-ау» деп, үш үйдің әйелі көшені кезеді. Оған тағы бірнеше үйдің әйелі мен балалары қосылып, ауылдың іші-сыртын түгел адақтап шығады. Күйеуі жұмысқа кеткен әйел  «енді не істеймін? Мілійтсәға хабар бермесем, болмас» деп, жыламсырап, үйге есеңгіреп келе жатады. Қасына ілескен кейбір көңілі бос әйелдер де бастарын шайқап, «ойпырай, бұл не сұмдық!» деп, уайымдап, бірге қайтады.

Үйге келген соң, әйелдердің бірі «күнде ертеңгісін тұрғанда, не істеуші еді?» деп сұрайды. «Қасымда жүретін. Сиыр саусам, қарап тұрады. Сосын қорадан жұмыртқа жинайтынбыз» дейді ойында ештеңе жоқ шеше үһілеп.

  • Қораның ішін қарадың ба?
  • Иә, қарадым. Жоқ.

Әйелдер беттерін шымшып, «апырай, енді қайда кетті?» «Бұл не сұмдық!» деп тұрғанда, қора жақтан әлдекімнің сәл жөтеліп қалғаны естіледі.

  • Ой-йы-бұуу, қорада екен ғой, — әйелдер солай қарай лап қояды. Бірін бірі итере кимелеп, алакөлеңке қораға кіргенде, ешкімді көрмейді. Тірі жан жоқ. Әйелдер аң-таң.
  • Жаңа ғана біреу жөтеліп еді.
  • Мен де естіген сияқтымын.
  • Әйелдер өсек айтпайды, қағыс естиді деседі. Солай болса, солай шығар… – десіп, дәудірлеп тұрғанда, «ым-мм» деген ұйқысыраған баланың дауысы естіледі. Әйелдер айран-асыр таңданып, жан-жағына қарайды. Кейбірі қорқа бастайды:
  • Көрінбейтін де бала болады екен, астапыралла!..
  • Ойбұй, мына қораның іші қаракүңгірт, көмейі үңірейіп, жұтып қоятындай… қорқамын, — деп, бірі сыртқа шығуға айналды.

Қораның түпкірінде томпайған кәшектің үстіне  үлкен жәшік қойғаны, ішіне қалыңдап, сабан салып жүретіні, одан күн сайын әлденеше жұмыртқа алатыны еске түскен шешесі солай қарай беттеді. Ілесе келген әйелдер  еріксіз ауыздарын ашып қалады. Шәугімдей ғана Көсеге  кең ұяда жамбастап ұйықтап жатыр. Бет-аузы, үсті-басы айғыз-айғыз, жұмыртқаның сарыала уызы қабыршақтанып, жабысып қалған.

  • О-ой, құлыным, жарығы-е-ем, — шешесі жылап қоя береді. Әйелдер жарыса самбырлап мәз-мейрам:
  • Үй-и, жаным сол, монтиып жатысын қараш.
  • Әй, мынау өзі балапан болайын деп жатып алған-ау, шамасы.
  • Бір-екі жұмыртқа аман. Басқа жұмыртқаларды қалай жарған, көкем-ау?
  • Құдай біледі, мына жәшікке ұрып сындырып, уызын жұтқан сияқты.
  • Онымен қоймай, бет-аузын быламайлапты.
  • Мәссағ-ан, анаң ғара. Кірпіктері бір-біріне жабысып қалыпты.
  • Желімдеп тастаған сияқты-ій…
  • Көте-ек, қасын қара, сары уыз жағылып, ұйпа-тұйпа!
  • Бетіне жаққан соң, көзін аша алмай, жұмған да, со тойған бойы ұйықтап кеткен ғой, сірә.
  • Нағып сүйкімді десем, бетіне жұмыртқадан маска жасап жүр екен ғой. Ой, пысе-еқ!..
  • Кәнішні, жұмыртқаға тойған соң, ұйқысы келген дә.
  • Ой, мына ұяның әйбатын-ай, сыйсам, мен де жатар едім.
  • Е, жатсаң, жата кет. Күрік тауық іздемей-ақ қоямыз, — десіп, кеу-кеулескен әйелдер енді Көсегенің шешесіне:
  • Ұлың табылды. Енді той жасайсың! Қашқақтама, – деп шүйілді.

Сонымен ойда жоқта Көсегенің табылғанына қуанған әке-шешесі қой сойып, құдайы тамақ берді. Көсеге емес, аты енді Жұмыртқа болады деп, кемпір-сампыр, келін-кепшіктер бірталайға дейін күліп жүрді. Арада біраз жылдан кейін ол аты ұмытылып еді, кейін жеңгелері қайта қоздырып әкетті. «Осы күнгі жастардың ойын-күлкіге бейім тұратыны қызық-ау», кемпір жымиып қойды.

Бірақ бала аурушаң болып өсті. Бойы кішкентай, құлағы мүкіс, қанша емдесе де, жаза алмады. Әке-шешесі өлген соң, он жетіге келген Көсегемен бірге бір үйде тұруға әпкесі шыдамады. Үйді сатып, ақшаның бір бөлігіне інісіне ауыл іргесінен екі бөлмелі саяжай алып берді. Сол әпкесі шетелге байға тисе керек. Әдірісін ешкім білмейді. Өйтіп шетелше оқығаны құрсын, өз елінен жеріген жексұрын емей, кім енді?

Әжей  Көсегеге бажайлап қарады:

˜– Шын айтып тұрсың ба? Көргенің анық па?

  • Иә, иә, апа. Шын айтам, шын айтам, — Көсеге сұқ саусағымен көкірегін сұққылады. – Түнде өзім… өзімнің көзіммен көрдім – деді көзі жапақтап.

 Енді сенбеске амал қалмады. Бір жақсысы — өтірік айтуды білмейді, кішкентай бала сияқты аңқау. Әркімге алданып жүргені. Егер шын сөзіне біреу күмән келтіріп, «өтірікті сықпыртып тұрсың ғой» деп, жорта қабағын түйсе, түрі бұзылады. Қалай иландырарын білмей, көзімен жер шұқылап, қабағы түсіп, пұшайман болады. Сөйте тұра, елгезектігі қандай. Шаруаға ерінбейді. Бірдеңе тапсырса, мықшыңдап, шамасы келгенше, істей береді.

Маңдайына жазылғаны сол шығар, есі шалалау ма, түсініксіз. Кейде әжептәуір, кейде біртүрлі. Бірақ темекі тартпайды, арақ ішпейді. Ауылдағы еріккен жігіттер арақ беріп көрген екен, «ой, жаман, ашты ғой» деп, түкіріп тастапты. Темекі ұсынып, «неге тартпайсың?» деп сұрағандарға «ішім күйіп кетеді ғой. Түтін ыстық» деп, қорқып, үзілді-кесілді бас тартыпты.

Әй, байғұс бала-ай, келешек тірлігің қалай болар екен? Әке-шешеңнің көзін көрген біз сияқты үлкендер о дүниеге кеткен соң, кәйтіп күн көрер екенсің? Байғұс-ай… Отыздың мол ішіне кірген домалақ жігітті бала көргені өзіне ерсі сезілгендей, жинақталып ала қойған әжей қайталап сұрады:

– Қашан көрдің?

  • Мен анау сіздердің шөптің үстінде киімшең демалып жатқам. Түн ішінде қара атымен Ұзынқара келді де, ано-оу шеткі тіреудің түбіне ат үстінен бій-ті — іп еңкейді. Сөнең гейін бір ғолымен тізгінді бій-тіп ұстап, бір қолын был-ла-ай ұзын ғып созды. Қолы жуан жылан сияқты екен. Қорқып жаттым. Саусақтары жыланның ашылған аузы сияқты. «Һауп» деп, ақ тегешті іліп алды. Малладе-ес болды! Малла-дес!

Көсеге бас бармағын шошайтты.  «Құлайсың ғой!» деп едім, қамшысын бүйтіп, білемдеп көрсетті. Сосын жұдырығын түйді. Бірақ мен оның қамшысынан қорыққан жоқпын. — Өзінен өзі мәз боп күлді. – Апа, мен шөптің үстінде жатырмын ғой. Ол қамшымен ұрса, маған жетпейді, қы-қы-қық!

Таңғалдым. Аттың үстінен еңкейіп, шарбақтың бер жағындағы ақ тегешті құламай алғанына. Маладес! Қалай қорықпайды! Қалай құламайды! –Кірпіктері жыпылықтап, таңдайын қақты.

– Апаға керек деп айта салмадың ба?

– А?! Сізге керек пе еді? Барып алып келейін бе? – Аң-таң Көсеге күректі тастауға ыңғайланып, бұрылды.

  • Тоқта, шырағым, тоқтай тұр. Әлтаман өзім барып алам. Сен жұмысыңды істей бер.

Көсеге ауылдағы саяжайдан  күзде кетіп, жазға салымға дейін қарасын көрсетпейді. Қаланың шетінде тұратын, бала-шағасы жоқ бір жесір әйелдің отынын жарып, пешін жағатынын естіген. Алайда күн жылыған соң, іші пыса ма, қалаға сыймайды. Биыл, міне, тағы да жаз басталғалы бері ауылда. Саяжайда шаруасы жоқ, алда-жалда бара қалса, немқұрайды бір қарайды да, кетіп қалады. Сосын күнде ертемен малды өріске жіберер алдында «апалап» жетіп келеді. Ауланы сыпырғансиды, ұсақ-түйек шаруаға болысқансиды. Түнде ұзын сатыны мықшыңдап, сүйретіп апарады да, қораға жақындатып жиған  шөптің үстіне шығып алады, әкесінің үйінде жатқандай алаңсыз ұйықтайды. Сосын қай уақытта екенін ешкім білмейді, түннің бір уағында  кетіп қалады. Таңсәріде оралады. Келіп, ауланы сыпырып тазалайды. «Жуынып кел» деген тапсырманы орындап, шақырылған шенді қонақтай мардамсып, ертеңгі асты осы үйдің дастарқанынан ішеді. Түсте де, кешке де сол. Басқа үйлер жақтырмай, қуып жібереді.

«Мәссаған!» деді әжей іштей. Қайнағаның баласы тегешті нағылады? Кішкентай ғана ауылда да осындай «қызық» болады екен. Бұрын көшеде темір-терсек әр жер-әр жерде шашылып жатушы еді. Қазір қылдай сым таппайсың.

Көсегені тексергісі келді:

– Оны нағылады?

  • Өткізіп, ақша қылады, апа, — деді ол әркімнен бір естіп алған «біліміне» сүйеніп. — Жұрттың бәрі сүйтіп, темір өткізіп жүр.

Әжей ернін жымырды. Жұмыс болмағаны қиын-ақ, жастар жиылып алып, арақ ішіп, бір-бірімен төбелеседі, не өстіп, ұрлық жасайды. Бірақ о заман да бұ заман, кемпірдің ескі тегеші ұрланғанын естімепті. Сиырға қалай жем береді? Ыңғайлы бір шылапшын жоқ.

Шарбақтың шетінен біраз ары таманда сорайған шоңайнаға көзі түсті. Тегештің орнына қазанның қақпағындай жалпақ-жалпақ жапырақтарын жайып жіберсе… Өз тапқырлығына іштей қуанып, солай қарай қадам басты…

  ***

  • Апа, тазалап болдым. Қашан тамақ ішеміз? Қарным ашты.

«Апасы» езу тартты:

  • Кәзір, кәзір.

Бірталай болды-ау осы үйді төңіректеп жүргеніне. Алғашында келіні жақтырмай, қабағын түйіп еді, әжей «е, шырағым, Алладан қайтады. Кембағалға жәрдем етсең, Алланың рахымы түседі. Әке-шешесі жақсы адамдар еді, көзіміз көрді. Қумашы, айналайын, жүре берсін, бір мәнісі болар» деген.

Келіні әзер шыдап жүр, қайдан білсін мұның да сүп-сүйкімді бала болғанын. Маңыраған қозы-лақтың артынан бұл да «мә-ә» деп маңырап жүгіретін де, қуып жете алмаса, кішкентай алақандарын шапаттап, сықылықтайтын. Сондайда шешесі құшырланып, қанша сүйсе де, тоймағанына басқалар күліп қараушы еді.

Құлағынан аққан бұлақ әне жазылар, міне жазылармен ақыры Көсегенің құлағы кем болып қалды. Құлақ жөнді естімесе, бала да адам боп жарытпайтынын кейін байқады. Бірақ бәрі кеш еді. Баласын уақытында емдете алмаған ата-ананың іші қан жылап, өле-өлгенше өкініштен арыла алмағанына өзі куә. Шәлипаның жұқа қабағын иектеп алған ауыр мұңды кейде көзі шалғанда, өзін айыпты сезінгендей қараптан қарап қуыстанатын. Бұрындары уайымсыз шешесі жоқтан өзгеге күле салса, кейін қамығып, жоқтан өзгеге жылай салатынды шығарды. Құдай біледі, мезгілсіз дүние салғаны – сол күйіктен. Шешесінің шерменде болып, арманда кеткенін мына байғұс бала парықтай алмайды. Қарыны тойғанға мәз. Е-е, бірі кем дүние-ай, біздің қолымыздан не келеді дейсің. Күндердің күнінде дәмі таусылатынын сезсе, кейінгі жастарға «қиянат көрсетпеңдер, шапағаттарыңды аямаңдар» деп айтып кетер. Осыны ойлап, бір күрсініп алды.

Кемпір жоқта Көсеге келе қоймайды. Қайда кететінін ешкім білмейді. Білмейтіні – сұрамайды. Сұрамайтыны – ешкімге керегі жоқ.

Кемпір қанша мүсіркегенімен, келіні осқырынып, үйге жатқызбайды. Тамыздың түні әлі жылы, шауып, үйіп қойған шөптің үстіне барып түнейді. Әнеукүні осы ауылдың балаларының қайсысы, есінде жоқ, әйтеуір біреуі  қызық көріп сұрамай ма:

  • Жұмыртқа, неге жерге жатпайсың? – деп.
  • Жерден жылан шағып алады ғой.
  • Сонда қалай… шөптің үстіне жатсаң, жылан шақпай ма?
  • Шақпайды.
  • Неге?
  • Шыға алмайды.
  • Ағашқа өрмелеген жылан шөпке шыға алмайды деп кім айтты саған?
  • Қық-қық-қық!.. – Жұмыртқа – Көсеге күліп алады. – Шөп жалаңаш жыланның қытығын келтіреді. – «Соны да білмейсің бе?» дегендей маңызданып тұрады…

Бұл үйден кешкі асты ішкен соң, келіннің қабағынан қаймығып, сыртқа шығып кетеді. Ауылдың күншығысындағы жоңышқа шабындықты аралайды. Содан кейін былай ұзап барады, сарғайған егіннің арасынан әлдене іздейді. Жасы шамалас жігіттердің бірі көріп: «әй, Жұмыртқа-ай, өмір сүруің қиын болды-ау» демей ме жаны ашып.

  • Жо-ооқ, қиын емес, — дейді Жұмыртқа міз бақпай.
  • Қиын болмаса, мұнда нағып жүрсің?
  • Өмір сүріп жүрмін, — дейді Жұмыртқа анадан естіген сөзін өзінше іштей шамалап.
  • Қалай өмір сүресің?
  • Былай, былай … – Жұмыртқа ары-бері адымдап көрсетеді.
  • Әй, бар бол, бар бол, — деп анау қинала езу тартып, атын тебініп, жөніне кетеді.

Тамаққа тойып еді, қаннен-қаперсіз аяңдап барады. Бұл айтпаса, ақ тегешінің қайда екенін білмей де қалар еді. Көтек, қайнағаның үйіне жақындап қалыпты. Әне, немерелері аулаға кіріп-шығып жүр. Келіні күнде қолға тие бермейтін газды үнемдегісі келген-ау, ошаққа тегін тезекті қалап, жағып жатыр. Ақылы бар, шаруақор бала екен. Ұзынқарасы қайда?

Е, әне, көрінді де, жоқ болып кетті. Байқады ма, байқамады ма? Ал, жарайды, осы бойымен барса, не деп сұрайды? Айналайын, ақ тегешімді алыпсың, бере ғой дей ме? Бірдеңеге керек болған соң, алып едім, мінекиіңіз деп, қайтарса – жақсы. Алғаным жоқ деп, бет бақтырмаса, не демек? Бәлкім, бұлар ұйықтап жатқан соң, оятып, мазаларын алмайын деп, әкетті ме? Сосын әкеп тастар. Оны былай қойғанда, қайнаға марқұмның үйі ғой… жаман тегешке бола келгенін айтудың өзі ерсі емес пе? Естіген құлаққа…

Қап, аноу шылапшындай ауыр емес, шүйкедей кемпірдің қолына жеңіл, әрі оңтайлы тегеш еді, ондайды енді қайдан табады? Әрине, келін жас, оған бәрі жеңіл, ал сексендегі кемпірге оңай тимейді. Тауықтарға жем шылап апарса да, жеңіл. Су апарса да – жеңіл…

Бірақ … марқұм қайнағаның, марқұм абысынның аруағынан ұят та. Бір кездері талай-талай ас-тойда, қонақтарда бірге отырысып, өлеңді айтушы еді, әңгімелері жарасушы еді. Қонаққа шақырысып, мәре-сәре болып жатушы еді. Бәрі көрген түстей өтті де кетті. Қалқайып жүрген мұның қанша несібесі қалғаны бір Аллаға ғана аян…

Көп ойланып тұрмады, бұрылып, келген ізімен кері қайтты. Жаңа әзірде арғы көшеден бергі көшеге қалай жеткенін аңдамай қалғанына өзі таң. «Келгенімді біреу-міреудің көзі шалып қалмады ма?» деп қуыстанып, қайтуға асықты.

Абұйыр болғанда, ешкім байқамаған сықылды.

Солай-ау, сірә. Екі көшенің арасында кемпір жападан жалғыз нағып сенделіп жүр деп, таңдайларын қағып жүрер. Беліңді ауыртпайтын, ақшаға сатып ала алмайтын ондай жеңіл тегештің қадірін былайғы жұрт қайдан білсін. Білмегеннен кейін «соны да сұрап жүр ме?» деп, келеке-мазақ етіп жүрер. Бәрі ештеңе емес, марқұм қайнағаның аруағынан ұят. Марқұмның жайдары келбетін көз алдына елестеткенде, кешегі қызылды-жасылды дәурен тағы да еске түсіп, бойына ғайыптан әл келгендей, жүрісі ширады.

***

Үйінің алдында тұрған Ұзынқара көше жаққа қарағанда, Әнипа әжейдің анадайда келе жатқанын көрді де, ақ тегешті ала-мала жүгіре басып, бақшаның бұрышына барды. Үюлі жатқан қара қорданың арасын күрекпен қопара ашып, тегешті тығып тастады. Қақпаға таяп келіп, тасадан сығалағанда, кемпірдің қайтып бара жатқанын көрді. «Біле ме, білмей ме? Әшейін келгені ме? Жұмыртқа айтып қойса, келіп тұрып сұрамай, неге үйіне қайтып кетті? Құдай біледі, Жұмыртқа бірдеңе деді. Әйтпесе қайдан… Бостан босқа келмесе керек-ті…».

Кеше жүз грамның қызуымен іліп кетіп еді, құдай ұрып. Көрші ауылда түрлі-түсті металл алады, бағасына келіседі, арзан емес дегенді естіп, алюминий тегешке көзі қызыққаны рас. Алақандай ауылда бәрі бірін бірі таниды, кімнің үйінде не бар, не жоғы көрініп тұрады. Сонда да жымқыру деген атымен жоқ еді. Шайтан түрткенін қарашы…

Кезінде әке-шешелері аралас-құралас күн кешкен, сыйласып тұратын. Бөтен ойы жоқ еді… Бірақ… бұны арандатқан әзәзіл – арақ. Түн ортасында тағы ішкісі келіп, қалтасын тексеріп еді, көк тиын қалмапты. Ақшаның орнына қолына түскен ақ тегешті апармақшы еді, әйелі «жат-жаттың» астына алып, бажылдай берген соң, «жарайды, ертең де күн бар ғой» деп, «тіл алып», үйге кірген. Ертемен кемпір келе қояды деп ойласа, нағыл дейсің. Әй, Жұмыртқа! … Сол жарымес ши шығармаса, жарар еді. Аузына ие бола ала ма, кім біледі. Жақсылап тұрып, қорқытып қою керек. Ауылдағылар біліп қойса, нағыз масқара сонда!

Ұзынқараның жыны ұстап, Жұмыртқаға іштей кіжінді. Бұл «Ұзынқара» дегенге кеудесі аяққаптай болып, далиып жүрсе, анау «Жұмыртқа» дегенге дән риза. «Жұмыртқа» десе, «әу!» деп, бұрылып күле қарайды.. О, сорлы!

Бұдан біраз уақыт бұрынғы жәйт есіне түсіп, еріксіз езу тартты.

  ***

Ауылда бастауыш мектеп ашылып, бір жақтан жас мұғалім қыз келмей ме. Оны-мұны алуға дүкенге бармай ма. Екі көшені ерсілі-қарсылы кезе беретін Жұмыртқа қаңғалақтап жүргенде, үр жаңа қызды көріп қалып, іші майдай ерімей ме, ізіне түсіп, ілеспей ме. Жақындауға жүрегі дауаламайды, анадай жерде көзін сатып келе жатады. «Өз шаруасымен жүргендердің бірі шығар» деп, әуелгіде мән бермеген қонақ қыз бір уақытта бейтаныс жігіттің соңынан қалмай қойғанын байқайды. Басқан ізіне әлсін-әлсін еңкейіп, неге мұқият қарап келе жатқанын түсіне алмайды. Жұмыртқа басқа жаққа алаңдамай, өзі қалап алған сол жүрісінен айнымайды. Топыраққа түскен ізге үңіле қарап, бақылауды міндетіне алғандай. Ара-арасында басын сәл көтеріп, бері қарағанда, таңданып тоқтаған қыздың көзімен көзі түйісіп, кірпіктері жыпылықтап кетеді, өзінен бұрын көзі ұялады, қолайсызданып, дереу  әп-әдемі ізге назар аударады.

«Мұнысы несі?»

Бойын әлдеқандай әуесқойлық билеген қыз:

– Сәлематсыз ба, ағай! — дейді ибамен күлімсіреп.

Жұмыртқаның екі көзі күлімдеп, бұл ауылда әлі ешкім көрмеген, ешкім білмеген сұлу қыздың өзіне «ағай!» деп, амандасқанына айран-асыр таң қалады. Есі шығып, не айтарын білмей:

– Иә, иә, иә… – дей береді, «ізшіл» жігіттің қуанғаны сонша, аузына басқа сөз ілікпейді. Сосын қыздың бейтаныс екені есіне түседі.

— Сізді өмірімде бірінші рет көріп тұрмын! – дейді аса бір мағыналы сөз айтқандай маңғазданып. – Ано-оу жақтан бері ізіңізді санап келе жатыр едім. Бірақ… осы жерге жеткенде, жаңылып қалдым. Кешіріңіз, — дейді тұтығып.

Даусы қомпылдап шыққан бәкене жігіттің сөзі әзіл ме, шын ба, айыра алмаған қыз сыңғырлап күліп жібереді:

– О-ой, ағай, оны санап қайтесіз?

  • Аялдамадан осы жерге дейін топыраққа қанша із қалдырғаныңызды дәл айтуым керек еді. Сізге қараймын деп, шатасып қалдым. Ұят болды, кешіріңіз. Өш-шіп-өш-шіп қалмай тұрғанда, санап қояйын деп едім… — қипақтаған дұдық жігіт кенет жадырай сөйледі. – Сіз өз-зіңіз жасап жүрген ізіңіздің бәрі сондай әйбат. Сізден қалмай, ешқайда бұрылмай, дәл өсі жерге дейін келді, — сұқ саусағымен қыздың аяғын нұсқады. – Мына ақ түплиіңізге дейін. – Туфлиге зер сала қарағанда, аузы дөңгелектене ашылып, «о!» дегісі келгендей еді, іле-шала қалың еріндері жедел орнына қайтып, езуі еппен керілді. – Е-ее, бәсе. Ізіңіз нағып кішкентай десем, туфлиіңіз кішкентай екен ғой. Қа-ап! – өкініп, басын шайқады. – Таймай жүру үшін табанның жалпақ болғаны жақсы.
  • Кік-к-кеш-шіріңіз, — деді содан соң, ақ туфлидің кішкенелігіне өзін кінәлі сезінгендей.

Бұл сөзді әзіл деп ұққан қыз жымиды:

— Құдайдың осы бергеніне де разымыз. Сонша әуре боп, санап қайтесіз? Айтпақшы, ағай, атыңыз кім?

Жігіт енді өзге күллі дүниені ұмытады, жарық әлемнің төрінде бұлықсыған, әрі қарсы алдында басқа ешкімге емес, дәл өзіне күлімсіреп  тұрған қызға қызыға қарайды. Қызықпағанда ше, үлбіреген қызыл көйлектің ішіне тек өзі ғана кіріп алған қыз жалғызсырағасын танысқысы келіп тұрғанын сезбейтіндей бұл соншалықты бір түнерген түлей емес. Және куәгер ешкім жоқта, басқа біреу жабыспасын деп, оңаша сұрап тұрғанын айтсайшы бәрінен бұрын. Жүрегі жарылардай шаттанған жігіт:

– Мен Жұм-мыртқамын, Жұм-мыртқамын! – дейді масаттана таңқылдап.

– Қойыңызшы, ағай, қалжыңдап тұрсыз ғой! Менің атым Дариға, — сыңқ етіп күлген қыз әңгімені әрі жалғастырмай, дүкенге кіріп кетеді. Жұмыртқа кіруге батпай, бергі жақта қалады.

Қыз дүкеншіге амандасып, осы ауылға алғаш келгенін, бір ағайға амандасқанын,  ол өзін «Жұмыртқа» деп атағанын айтып жымияды. Оны естіген дүкенші келіншек Кербез мәз болып, мән-жайды айтып береді.

Оны «Жұмыртқа» атандырған – жеңгелері. Бойы ортадан әжептәуір төмен, қортық деуге обал, шағын денелі жігітті жеңгелерінің бірі «Көсеге» деп атауды қиынсынып, «томпиған жігіт екенсің, осы саған Жұмыртқа» десе жарасады. Қалай дейсің өзің, «Жұмыртқа деп атасам, қарсы емессің бе?» дейді ғой баяғы.

  • Иә, иә! – дейді ол бір кездегі көстиген Көсегеден жұп-жұмыр Жұмыртқаға айналып бара жатқанына қуанып. – Иә, мен Жұмыртқамын, Жұмыртқамын. Жәрәйд, жәрәйд. Рақымет, рақымет…
  • Жұмыртқа десе, Жұмыртқа, — деді іші пысып, әңгіме тілеп тұрған қаз омырау сатушы келіншек. – Жаңа көшеде көргенде, байқаған шығарсың. Шошайған басы төңкерілген кішкене шелектей сопақ, борбиған екі ұрты томпақ, дорба ауыз, қарны тұрғызып қойған қауын сықылды сопақ, кескен қиярдай анау шолақ мұрны мен көлденеңнен қақ бөлген қылшадай иегі, соратын қызыл домалақ кәмпиттей еріні – бәрі ілгері итініп, сопақтанып тұр ғой.
  • Иә-ә, ұқсайды , — мұғалім қыз миығынан күліп, әдеппен қоштады.
  • Көрсең сол, кім болса да күлгенде, екі езуі екі жағына керілмеуші ме еді?! – Сатушының дауысы қаздың «ға-ақ, ға-аағындай» созылды. — Мұның иегі, о, шікін-а-ай, дөңгелені-еп, төменге тартқанда-а, жағы соның шашбауын көтергісі келе ме, білмеймін-әй, салбырайды. Шақыршы бері, кәзір өзің де көресің.

Мұғалім қыз есікті сықырлатып ашты:

  • Ағай, сізді сатушы апай шақырып жатыр.
  • А!? – Жұмыртқа – Көсеге шырт ұйқыдан шошып оянғандай, селк етті. – Мені ме?
  • Иә-ә, Сізді-і, — деді қыз дауысы сыңғыр қағып.

Бір қыз бен бір келіншек қиылып тұрғанда, Жұмыртқа- Көсеге қалай бас тартсын. Демін ішіне жұтып, жүрегі лүпілдеп, табалдырықтан аттайды.

  • Қош келдің, Жұмыртқа. Елдің бәрі бұ жерге келіп-кетіп жатады. Сен неге келмейсің, а? – сатушы келіншек байқатпай, мұғалім қызға көз қысып қойып, салмақпен наз арта сөйледі. – Кейде тегі, о-ой, қатты сағынамыз, көргіміз келеді. Ал сен әлдеқандай болып жоламайсың.

«Ақшам жоқ қой» деп айтуға Жұмыртқа намыстанды ма, кім білсін, кірпіктері салбырап, еденге қарады.

  • Қол тимей жүр, — деді басқалардан сан рет естіген, сондықтан есінде қалған сөзді өз сөзіндей қайталап. Сосын өз тапқырлығына сүйсініп, «хы, хылап» қылғына күлді.
  • Әне, көрдің бе? – Кербез ойнақы көзбен ымдады. – Қарашы, иегі жұмыртқаланып, төменге тартты. Беті созылды. Басы – аумаған сопақ жұмыртқа. Өзің көріп тұрсың, ілмиген өлексе емес, бір шыжғырып алатындай май шығады, — даусы ойнақыланып шықты, — оған да шүкір дейік. Айтпақшы, Жұмыртқа, сен осы нағыз жігітсің бе?
  • Иә-ә… Сүндетке отырғанмын, — деді ол нық сеніммен, өзіне өзінің көңілі толып.
  • О-оой, тәтей… – Мұғалім қыз ыңғайсыздана езу тартып, басын оңға қарай әнтек қисайтты.
  • Ештеңе етпейді, Жұмыртқа әзілді көтереді, жақсы жігіт. Солай емес пе, Жұмыртқа! – Даусын көтере сөйлеген келіншектің сөзіне «нағыз жігіт» басын шұлғыды:
  • Иә, иә-ә…
  • Әне-е, айттым ғой жақсы-ее жігіт деп, — қаз дауыс әлгіндей әндетпей, шолақ қайрылуға бет алды. — Жұмырланып, қомшиған иығына қарасаңшы. Әні-әні, домаланып, жұмыртқаға ұқсайды.

Осылайша бір көсіліп алған келіншек аман-есен «сүндеттелген» «нағыз жігітке» бұрылды:

  • Иә, сонымен «қолым тимей жүр» дейсің бе?
  • Иә, иә.
  • Бәсе, бәсе, өзім де солай ойлап едім, — еріккен Кербез әңгімені одан әрі қыздыруға оңтайланды. – Жұмыртқа, осы сен қашан үйленесің, а? Үйленгің келе ме өзі?
  • Иә, келеді, — Жұмыртқа екі көзі жаудырап, қызға бір, дүкеншіге бір қарады. Ана екеуі сылқылдап кеп күледі. Келіншек қызға иек қағады:
  • Сіңлім, келген қадамың құтты болсын. Осы ауылда да бойдақ жігіттер бар, құдайға шүкір. Міне, мына Жұмыртқа қайным – бойдақ. Өзіңнің де басың бос шығар…

Әңгіменің насырға шабуы мүмкін екенін іші сезіп, кіп алған мұғалім қыз бойын жинап алады:

  • Жоқ, апай, менің сөз байласқан жігітім бар. Алла жазса, көп ұзамай, тойымыз болады.
  • Қап, Жұмыртқа-ай, аузыңның салымы жоқ екен. Өз аяғымен келіп тұрған қыздан айрылды деген осы! – деп, келіншек алақандарын шарт еткізеді. Жетім баладай жаудырап, не дерін білмей, мұңайып тұрған Жұмыртқаның көз шарасына мөлдіреп жас келеді, үйіріліп, тынып тұрады.
  • Қой, әрі, жылағаны несі?! Жігіт емессің бе, қой деймін енді… – дегенде, Жұмыртқа «ыы-ыһылайды», өксіп-өксіп жылап, алақандарымен бетін жапқан күйі дүкеннен шығып кетеді.
  • Ой, тәте, мұныңыз не?.. Обал ғой. — Мұғалім қыздың да көзі дымқылданып, еріндеріне діріл жүгіріп, біртүрлі боп қалады.
  • Ойбо-ой, бүгін мына өңкей жылауықтар қайдан жиналып қалған, әкем-ау. Қойыңдар ары, онда тұрған не бар?! – деп, сатушы келіншек әңгімені тоқтатыпты.

Мұның бәрін Ұзынқараға сатушымен әмпей-жәмпей әйелі шырғасын шығармай, әдемілеп тұрып, айтып берген.

Содан бері кәдімгідей уақыт өтті. Өмірі «әу» деп көрмеген Жұмыртқа – Көсеге түн баласы ауылдың сыртын айналып, өлең айтып жүретінді шығарыпты. Бар білетіні – бір-ақ шумақ. Оны қайдан үйреніп алғанын өзі ғана біледі.

Өзің, сәулем, іздегенім,

Кездесуге жүз келемін.

Сөйлесуге тіл жетпейді,

Қиын екен қыз дегенің…

Бүгінгі бозбалалар бұл өлеңге күле қарайды: «Қыздардың іздейтін несі бар, толып жүрген жоқ па? Сөйлесудің несі қиын!» деп мазақ қылады. Олардың сөзі —  Жұмыртқа – Көсегеге жоққа есеп, естімейді де, тыңдамайды да.

Сөйткен бишараның тепсе, темір үзетін Ұзынқараның жолына кесе-көлденең тап келгенін қарашы. Егер шынымен-ақ кемпірге айтып қойса, онда масқарасы шықпасына кім кепіл?! Рас, Ұзынқараға шамасы жететін жігіт бұл ауыл-аймақта жоқ. Әйтсе де екі елі ауызға төрт елі қақпақты қайдан табады?. Бетіне айтпаса да, іштерінде жүреді. Кімнің ішінде ит өліп жатқанын қайдан біледі? Алда-жалда кемпір ренжісе, «Жұмыртқаға да сенесіз бе?» деп, басын ала қашу қиын емес. Алайда  ауылдың жігіттері намыстанып, «өз апаңды өзің тонап, не қара басты?» деп, бір күні ішіп алғанда, жабылып сабап жіберуі де мүмкін. Көпке не істей аласың?..

Ұзынқараның басы қатты. «Өй, әкиің… бүйтіп ішкен арағы құрсын. Міне, саған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық!» Өзіне жыны келді. Кешке дейін өзіне өзі кіжініп жүріп, қас қарайған соң, бір шешімге келгендей тістеніп, тастүйін бекініп алды.

***

Төңіректі түгелдей қымтап алған түнді Көсеге термосқа ұқсатады. Аспан мен жердің арасын алған алып термостың ішін жалғыз өзі аралап келе жатқандай сезінеді. Жылу бірқалыпты, ыстық та, салқын да жоқ, жанға жайлы. Бөлек дүниеге шығып, таңсық, жаңа бірдеңе көргісі келгенімен, қалай бұрылса да, түн қараңғылығы құтқармайды.

Бала кезінде кейде осы маңнан түнде өткенде, жиі ұшырасатын  шоқ-шоқ қалың сүттігеннің арасынан әлде қасқыр, әлде басқа бір құбыжық шыға келетіндей үрейленетін. Кейін әбден сиреп, жоғалып кетуге шақ қалды. Бұрынғыдай үдірейіп, қорқыныш туғызбайды, қарабарқыт түннің жұмсақ мақпалын жамылып, шешесінен жасырынып күтіп тұрған қыздай сүйкімді. Түн қараңғысында бір тізерлеп алғандай әрегіректе тұмшаланып қарауытады. Сыңқ етіп күлген мұғалім қыз сызылып, бері шығатындай емексітеді…

Осыны іштей түйсінген Көсегенің адымы баяулады. Сүттігеннің алқымға келіп, тіреліп тұрып алатын, жағымсыздау, кермек иісін ұнатпай, көбіне көкірегіне еркін құйылатын жусанның қымыз иісіне қарай бұрылады. Әне, мұғалім қыздың елесі күлімдеп, көзге жайлы көркем қараңғының қойнауында бұралып еркелейді. Алаңсыз жымиғанда, ақ маржан тістері тізіліп, сиқырлы сәуле шашады. Қызғалдақ еріндер үлбіреп, оңашаға шақыратын сықылды.  Көсеге елжіреп, көкке қол созады.

Шіркін, дүние-ай, «маған жетші» дегендей, қыз жайымен жылыстап, алыстай береді. Ақыры… көз ұшына ұзап, қараңғы қара перденің ар жағына кетеді. Жан адамға сездірмей, жүрегінің түкпіріне жасырып сақтап жүрген тәтті елес балқып шымырлайды, шым-шымдап, тұла бойын қыздырады. Өн бойы ысынған жас жігіттің алып ұшқан қиялы ауада ақ мамықтай қалқып, сағыныш – қызды іздейді…

Өзі-ің, сәуле-ем, ізде-гені-ім…

Кездесуге жүз келемі-ін.

Сөйлесуге тіл жетпейді-і,

Қиын екен қыз дегені-ің…

Айтушы мәнерлеп-сұлулап әуреленбейді, білетін жалғыз қайырманың ырғағын келтірем деп қиналмайды. Тарғыл қырылы мен  жадағай, қою ыңылы ретсіз жарысатын шыңылтыр дауыстың құлашы қысқа, жол таппағандай, олай да бұлай бұлтақтай береді. Қайырма тармағының соңғы буынында демі жетпей, үзіліп-үзіліп түсетін  «і-іі» дыбысы ән ырғағының өлшемімен шектелмей, айтушының көкірегінен балқып шыққан еріксіз ынтызарға бейімделеді, «і-іі» деп іңгәлағандай жылап шағынады. Басу айтатын жан баласы ұшыраспағасын, жұбаныш таба алмай ыңырсып, қайта уілдейді.

«Өзің сәулем…» ауылды алыстан әлденеше айналған соң, қалжырап, ыңылға айналады. Бірақ бұл әнді сұлу мұғалім қыз естімейді – ұйықтап жатады.

Ауылдың сыртында жусанды жазықтан күнбатысқа қарай арық суы  қаша беретін ойыстау өзекшеде сыңсыған қызыл мия, бүрме тікен, әредік шоңайна өскен, қара сорасы сорайып-сорайып тұратын қалың бар. Сол қалыңның ортасында өзектің жиегімен шылбырдай созылған жалғыз аяқ сүрлеу осы биыл пайда болды. Ауылдағылар «Жұмыртқаның сүрлеуі» деп атап кетті.

Қалыңға кіргенде, Көсеге ешкім түртпектемейтін, өзіне ғана тиесілі әдемі әлемге келгендей, өзін сол әлемнің патшасындай сезініп, көңілі тасиды. Осындайда ыңылы ышқына көтеріліп, бір сәт әуендеп қалқиды. Көңілі бір тыншу табатын шырын шақ осы…

Кенет көк желкеден күс-күс, жалпақ алақанның қыры сойылдан бетер қатты тиді. Аспандағы жұлдыздар дір-дір етті де, лезде көрінбей қалды. «.Іі-і… іздегені-ім» еңіреп барып, үзіліп кетті, қапияда қалыңның арасында жоғалды. Алға қарай ұмсынып, ұзынынан сұлап түскен Көсегені иықтан жанап қалған шоңайнаның тікенді гүлдері жабыса кеткенімен, ұстап тұра алмады, куәгер қызыл мияның жапырақтары сипап қана үлгерді…

Із жасыру үшін кроссовкасына ескі құрым киіз, шүберектерді шандып алған Ұзынқара жан-жағына ұрлана қарап, ұзап бара жатты.

 ***

Ертемен Көсеге көрінбеген соң, Әнипа әжей «қайда кеткен?» деп еді, үйдегілерден ешкім білмеді. Шайларын ішіп, жұмыстарына кетті. «Әкем-ау, бұл қайда жүр?» Бір жоққа екінші жоқ қосылды. О, тоба… Көңілін түйткіл түрткілеген әженің мазасы кетіп, не істеп, не қойғанын білмей, абыржып жүрді. Ақыры шыдамай, дүкенге барды.

  • Естідіңіз бе, апа! – деді Кербез амандықтан кейін.
  • Нені?
  • Ауылдың сыртындағы қалыңның ішінде біреу Жұмыртқаны ұрып, есінен тандырып кетіпті.
  • Ой-буу, бишара-ай, ә! Ойпырай, ешкімге қиянаты жоқ, өзімен өзі жүрген бір бала еді, қай кісәпір оны ұрып жүрген?
  • Ішкім білмейді, апа.
  • Кәзір қайда?
  • Ертеңгісін өріске мал айдап шыққан сиыршы көріпті де, тас жолға барып, машинамен кетіп бара жатқан біреуге айтыпты. Ол полицияға хабарлапты. Сонымен полиция, дәрігерлер қатар келіп, аудандық ауруханаға алып кетіпті.

Әжейдің жүрегі су етіп, буындары дірілдеді. Босағада борбиған орындықты сықырлатып, отыра кетті. Қабағы шытылып, басын шайқады:

  • Обал-ай, обал-ай. Аман болса, жарар еді. Енді кәйттік?
  • Сүйегі аман көрінеді. Дәрігерлер мен полицияның айтуына қарағанда, біреу артынан келіп ұрған.
  • Ойпыр-ай, бишарада кімнің кегі бар еді? Сұмдық-ай, сұмдық-ай. Кім болса да, құдай сазайын берер! Қой, мен ауруханаға барып келейін. Анау сусындарыңнан, шырыныңнан бере ғой, қарағым.

Бұл күні азық-түлікті түгелдей қамдап үлгіре алмаған Әнипа әжей пісірген етін, кілегей-айранын, бауырсағын алып, ертеңіне аудандық ауруханаға кетті.

***

Аяңшыл сылаңқарасын сыпылдатып, лапастың қасына Ұзынқараның жеткенін ешкім байқамады: «Өлгенде, басыңа қояр ма екен? Мә, «алтының!»

Үй күзетіп, көлеңкеде маужырап жатқан сабалақ қара кәндек ит зілді дауыстан селк етті. Ұшатын тәрелкедей шырқ айналып, зырқырап келе жатқан ақ тегештен зәресі ұшып, құйрығын бұтына қысып алып зытты.

Ұзынқара атымды мотоциклге айырбастаймын деген сылтаумен көрші ауылға кіжініп бара жатты.

***

  • Жұмыртқа деген кісі жоқ, апа, — деді медбике қыз.
  • Қалай жоқ? Кеше ғана әкетіп еді ғой ауылдан.
  • А-а, ано-оу соққыға жығылған кісі ме? Мынандай кішкентай… — қыз өз төсінің деңгейін саусағымен сызып көрсетті.
  • Иә, сол, сол…
  • Соққы бәлендей қатты емес екен. Ешқандай жарақаты жоқ. Аман-есен. Бірақ қатты қорқып, есеңгіреп қалған секілді. Жөндеп жауап бермейді. Әлсін-әлсін алдап-сулап сұрап көрді дәрігерлер. Ештеңе біле алмадық. Біресе ыңылдап, «өзің сәулем» дейді, біресе қырылдап, «ақ тегеш» дейді. Біресе өзінен өзі қорқады, көрпені басына жауып алып, төсектің астына тығылады.
  • Алда, байғұс бала-ай, ендігі көрмегенің осы еді, — әжейдің даусы бұзылып, жарықшақтанып шықты. Көз алдынан жалғыз ұлы — Көсегені айналып-толғанған әке-шешесі, қылша шөптеген, маяға әуелетіп шөп әперген, ән шырқаған ойын-тойлар… зу-зу өтіп жатты. Шәлипа көз жұмар алдында, көңілін сұрай барып, қасында отырып еді. «Мына кішкене… мүсәпір ұлымның күні қалай болар екен? Әттең-ай…» деп, сүткенжесін қия алмай, көзінен жасы бұршақтап, бұл дүниеден қиналып өтіп еді. Құдайдың ісіне не шара?

Әкесі жалпақ мұрын, даңғырлақ Серкеш еді. Сол аяғы тізеден жоқ. «Кейін іздеп келем деп, Польшаға қалдырып кеттім» деп әзілдейтін. Алдымен сол көз жұмды. Қалай жерленгенін шетпұшпақтап құлағы шалған. Әдетте әйелдер бейіт басына бармайды ғой, қызы бой бермей барыпты. Көз жасын көл етіп, жылап-сықтамай-ақ, «Ничего не поделаешь. Такова судьба. Закон жизни…» деп,  шалт бұрылып кетіп қалғанда, көргендер еріксіз тіксінген.

Қолдыаяққа тұрмай шырылдаған – кіп-кішкентай Көсеге. Алғашында еш жыламай-ақ таңдана қарап, ары-бері жүрген бала ақымның аузын кірпішпен өріп, енді топырақ тастай бастағанда, шар ете қалады:

  • Неге гөмесіңдер? Ө жерден әкем қалай шығады? Әнә жерде тамағ жоқ, су жоқ. Не ішеді? – деп шырылдап, кірпіштердің үстіне секіре бергенде, көр қазушы әлеуетті жігіттердің бірі қағып алады. Тыпырлап, жанталасқан бала уыстан шығып кете жаздаған соң, екі жігіт әзер ұстайды. Көсегенің «жібер, жіберіңдер!» деп шыңғырғаны құлақты жарып жібере жаздайды.
  • Әкемді жылан шағып алады. Жердің астында жылан бар! – деп шырылдайды бала…

Сөйткен Көсеге көз алдында өсіп еді, жігіт болғанда, мінеки. Заман мынау: біреуді асырамақ түгіл әркім өз күнін әзер көріп жүр. Мал жаятын жер қалдырмай, сатып жіберді. Кісі есігінде жүрген қайбір жақсы. Кешегі сапқоздың барын бастықтар талап алды. Суармалы, жақсы жерлер — солардікі. Жөндесе, одан әрмен бұзылатын ескі-құсқы техника мен суарылмайтын жерлерді алған жұмысшылар тақырға отырды. Байлардың құлы мен күңдері сияқты күн кешіп жүргенде, тарылмағанда кәйтеді? Біреуге кінә арту да ыңғайсыз-ақ. Әй-и, заман-ай, «көресіңді көрмей, көрге кірмейсің» деген осы да…

Әнипа күрсініп алды.

Кезінде даңғырлақ Серкеш талайға дейін бойдақ жүріп, ақыры осы Шәлипаны алып еді. Аяқ астынан ауырмай-сырқамай о дүниеге кетті. Томашадай Шәлипа не істейді, басқа түссе, баспақшыл, жылап-жылап қойды. Қызын шет тілдер институтын бітіргенше, жеткізем деп белшесінен бейнетке батқан Шәлипа ақыры ауырды. Талқаны таусылар күн таяғанда, шақыртып алды.

«Әнипа-оу, көз көргенсіңдер ғой… Бірдеме етіп, жәрдемдерің болса… Басқаларға да айта жүрерсіңдер…» деп, күш сала өтініп сөйлегенін ауырсынып, кейігендей  көзін жұмып жатты да, бір уақытта үнсіз қалды. Сөйтіп демі үзіліп еді… Әнипа әжейдің көкірегі ысып, кеңсірігі ашыды.

  • Енді кәйтпек? – Бар күшін жиғандағы сұрағы қысқа болды.
  • Алматыға психикалық ауруханаға жібермекші.
  • Айтып тұрғаның жындыхана ма?

Медбике қыз төмен қарап, кінәлі адамдай үндей алмады.

– Жарығым-ау, ең болмаса бір жақсы сөз айтсаңшы.

Жақсы лепес дәметіп, жәутеңдеген кемпірге медбике қыз не бірдеңе айтарын білмей, не кетерін білмей, мүдіріп тұрғанда, арғы жақтан екінші медбике қыз келді:

  • Сәлеметсіз бе, — ақ желеңді талдырмаш қыз басын изеп амандасты да, әріптесіне мойын бұрды. – Арай, шақырып жатыр. Сүйреп шығару керек дейді.

Біреу шынжырмен шырмап, төмен тартқандай әжейдің жүрегі ауырлап бара жатты. Қалған күшін жинап, қарсыласып бақты:

  • Не болды, қызым-ау, бірдеңе десеңдерші. Не болды, айналайын?
  • Кеше әкелген кісі есінен адасып, медбраттар әрең ұстап отыр. Жетекке жүрмей қойды. Амал жоқ, енді психбольницаға зорлап апару керек.
  • Байғұс-ай, байғұс-ай, обал болды-ау. Сап-сау адамды ұрып жындандырып, одан ықтиярына қарамай, жындыханаға тығатындай не күн туды?!
  • Жыламаңызшы, апа, жазылған соң, шығарады.
  • Қайдам, қайда-ам… Онсыз да көрмегені жоқ еді, азап шегеді десеңші. Жүрегі ұшып кетпесе нетті… Оо-ой, жарығым-ай… – ішкі дүмпудің серпінімен дауыс көтеріліп естілді де, күрт құлдилап барып өшті…

Кейін келген қыздың «Ой, апа, туысыңыз ба?» — дегенін құлағы шалып қалды. Алғашқы қыздың «Қарамайсың ба – үлкен кісі. Абайлап айтсаң қайтеді?» деп, әбігерленіп сөгіп жатқанын, асығып келген екінші қыздың сасқалақтап, ақталуға тырысқанын естіген жоқ.

Қан қысымы көтеріліп кеткен екен, укол салып, дәрі беріп,  әзер дегенде есін жиғызды.

***

Кезекші дәрігер мен медбике қыз әбігерге түсіп жатқанда, жан-жағына жатсына қарап, көздері шатынап келе жатқан Көсеге көрінді. Екі жағында – еңгезердей екі жігіт. Көсегенің қолдарын қайырып, тас қып ұстап алған. Көткеншектеп, бар күшін салып мықшыңдап, тартынғанына қарайтын емес, дедектетіп келеді. Кең дәліздің терезе жағындағы келушілерге арналған ұзынша орындықтан Әнипа әжені көріп қалып, айқай салды:

  • Анау менің апам ғой. Апа-аа, апа-аа! – Жан дауысы шығып, жылап қоя берді. Араша іздегендей тұра ұмтылып еді, екі жағындағы екі жігіт жібермеді. Кенет қайдан күш біткені белгісіз, Көсеге жұлқынып-жұлқынып қалғанда, талай ауруларды көрген тәжірибелі, қарулы жігіттер айрылып қалды.
  • Апа-аа, — Көсеге тапырақтап тұра жүгірді. – Жүр, қашайық. Апо-оу, тез, те-з….
  • Келе ғой, құлдығым, келе ғой, — кемпір ұмсынғанымен, бірден орнынан тұруға дәрмені жетпеді, — өзім үйге алып кетем, айналайын. Бергеші, бері маған….

Бірақ бәйтеректей екі жігіт оқтай атылып келіп, екі иықтан шап берді де, дереу қолдарын артқа қайырды.

  • Ап-па-аа, мені өлтіреді. Мені алып кетші ауылға.
  • Жіберіңдер, айналайындар, жіберіңдер. Өзім алып кетем.

Екі жігіт дәрігерге қарады. Ол алақандарын жайып, басын шайқады. Екі жігіт Көсегенің қолын қайырмай, білектен дұрыстап ұстады да, сүйреп алып кетті. Көсеге ышқынып айқай салды:

  • Апа-аа, қаш, қа-ааш! Сені де ұстап алады. Тез қаш, апа-а! Мыналар бізді өлтіреді.

Үрейі ұшып, жас баладай бақырып жылаған даусы аурухана дәлізін жаңғырықтырып жіберді. Екеуге бой бермей жатқанын көріп, басқа дәрігерлер, тағы біреулер көмектесуге ұмтылды. Тырбаңдауға да шамасын келтірмей, «Жедел жәрдемге» сүйретіп кіргізді. Осының бәрін көріп, жаны мұрнының ұшына келген кемпірдің орнынан тұруға дәрмені жетпей, даусы қырылдап шықты:

    – Құлдықтарым-ай, жіберіңдерші. Ауылға әкетейін. Оның не жазығы бар? Адамды аясаңдаршы…

    Екі медбике қыз не істерін білмей, қолайсызданып тұрды.

***

Әлденеше күннен кейін есін жиған Көсегенің таңданбасқа шарасы қалмады. Ақ төсекте шалқасынан жатыр. Айналасында – өзі секілді кілең біркелкі киімділер. Көпшілігі — егде кісілер.  Сосын… сосын көргені: серейген-серейген жас жігіттер, былқылдаған қыз-келіншектер барлығы ақ халат киіп алған. Әлдекімді қарсыласқанына қарамай, дырылдатып, палатадан бірі сүйреп, бірі итеріп шығарып жатты. «Укол салмаса, қоймайды» деп шаңқылдаған әйел дауысы естілді.

Содан кейінгі көргені – столдары жыпырлаған асхана. Тап-таза, әдемі-әдемі ыдыстар. Иісі мұрныңды қытықтайтын дәмді тамақтар. Қасықпен жейсің бе, шанышқымен жейсің бе, өзің білесің.

Бұл не өзі? Қайдан келді бұл жерге? Кім әкелді? Мұнда не бітіріп жатыр? Ауыл қайда? Әнипа әжей, Ұзынқара қайда?..

Ауруханаға тап болғанын Көсегенің іші сезді. Бірақ…

Бірақ неге бұлар ауырса, жатпайды? Төсекте отырған жалтыр бас біреу «мен – бастықпын, қабылдамаймын! Кетіңдер!» деп еді, оған пысқырған ешкім болмады. «Бастықты» итпісің, кісімісің демей, жанынан әркім ойқастап өтіп жатыр. Әлдебіреу белгісіз өлеңді жатқа айтып тұр. Оны тыңдаған біреу болсашы. Арбақай сары секіріп жүрсе, шілтиген шіби секілді екіншісі жылап отыр. Әнебіреу сидаң қара өзінен өзі мәз.

«Бұлардың осында емделгені дұрыс шығар. Ал мені кім әкелді мұнда, кім әкелді?» деп, басы қатқан Көсегеге бір күні, сірә, бастық болуы керек, бурыл шашты дәрігердің алдына келудің сәті түсті. Артық еті жоқ, сергек, ашаң кісі екен. Ертіп апарған майысқақ медбике келіншек пен дүңкиген еңгезердей жігітке «сабыр етіңдер» дегендей басын изеп, оң қолын жаймен көтерді. Көсегенің басынан аяғына дейін барлап, бір қарап алғаннан кейін  көзіне тура қарады:

  • Тә-әәк… – Атың кім?
  • Жұмыртқа!
  • Оу, мына қағазда Көсеге деп жазулы тұр ғой?
  • Иә, мені бұрын Көсеге дейтұғын, кәзір Жұмыртқа дейді. Шынында мен Жұмыртқамын ғой. Иә, аға?
  • Иә, шикілігіңе қарағанда, ұқсайсың, — дәрігердің жүзі жылып, жымиып алды. – Мұнда неге келдің?
  • Аға, мен өзім келгем жоқ. «Кел!» деп шақырса да, кемес едім, — деді Көсеге жаутаңдап. – Бұ жерде мен не істейім? Түк жұмыс жоқ. Босқа жата берем бе жынды ғұсап.
  • Оһо, қарай гөр! Жұмысты жақсы көресің ғой деймін, ә-ә?
  • Иә-ә, аға, мен ылғи Әнипа апамның үйіне барып жұмысын істейім. Тамақ береді сұрамай-ақ. Әрең тауысам. Түнде шөптің үстіне ұйықтайым. Әйбәт. Келіңіз, аға, шөптің үсті жылы, кең. Сізге орын жетеді. Әнипа апа әйбәт, түк ұрыспайды.

Дәрігердің екі иығы бүлкілдеп, күліп алды:

  • Әйбәт апаңның бары жақсы екен. Бопты. Мұнда енді… халың қалай?
  • Жақсы, аға. Тамағы бо! – бас бармағын шошайтты. – Бірақ Әнипа апамдыкі бұдан да жақсы. Бірақ… – Көсеге ойына әлдене оралғандай асыға сөйледі. – Бұ жердің тамағы да өте ұнады.
  • Ұнаса, осында қала бересің бе?
  • Жо-оқ, аға! Ауылды сағындым. Мына жерде жақсы екен. Сосын жаман екен!

«Не айтып кетті?» дегендей дәрігер зер сала қарады:

— Несі жақсы?

-Тап-таза, төсектері аппақ. Сынбайтын темір төсектер. Тамағы нешетүрлі екен.

— Ал несі жаман?

— Жаманы көп, аға. Ішкімді танымаймын. Қорқамын.Түтіннің, тезектің иісі шықпайды – деп Көсеге бір тоқтады.

Бала кезде өскен ауылы есіне түсіп кетті ме, дәрігер «иә-ә…» деп, басын изеді: — Сосын?…

— Сосын ит үрмейді, сиыр мөңіремейді. Бір де тауық  жоқ.

—  Поу деген… – Дәрігер күліп жіберді. – Мынау нағыз ауылдың баласы ғой. Әй, саған бұл жерде обал екен. Тағы нең бар айтатын?

— Аға, мынандай қыздар әйбат, — Көсеге толықша келген жұмыр келіншекке көзінің қиығымен жүрексіне қарады.

Дәрігер жымиды:

  • Қорықпа, айта бер. Мен отырғанда, саған ешкім тиісе алмайды.
  • Аға, бұл жер менің үйім емес қой. Жындылар көп екен. Мені мұнда кім әкелгенін білмеймін. Сұрайын десем, ешқайсысы жөндеп жауап бермейді. Тіпті, осындағылардың барлығы да жынды ғой дейім. Өңкей жындының арасында не істейм?
  • Қалай-қалай?.. – Дәрігер таңдана сұрады. – Мұндағылардың барлығы жынды емес шығар… – деді астарлы күлімсіреп.
  • Қайдағы? Мен дәрі ішкім келмейді. Жынды бомаса, мені қорқытып, дәрі ішкізе ме?! Қашайын десем, анау дәу жігіт ұстап алады. Қорыққанымнан тыныш тұрам, укол салады. Жамбасыма ине кіргізеді де: «бұл — укол!» дейді. Жылайын десем, ұра ма деп қорқам. Кейбір жындыларды ұрғанын көргем. Мыналарға айтып қойыңызшы, аға, маған уколдың керегі жоқ. Төсектен тұралмай ауырып жатқан жоқпын. Бұлар жынды бомаса, маған неге күнде-күнде укол сала береді? Маған тиіскенше, өздерінің жұмыстарын істеп жүре бермей ме?

Дәрігер де, жігіт пен келіншек те күлісіп алды. Дәрігер қуланып, терезеге қарады:

-Аналар ше? – Аулаға асфальт төсеп жатқан, қызғылтсары күртеше киген жұмысшылар мен оларға бұйрық беріп тұрған дембелше бастықты иегімен нұсқады.

Көсеге терезеге тырп-тырп басып, таяп барды да, үркіп, басын шайқады:

— Аға, мыналардың бәрі – жынды.

— Неге?

— Былтыр жаңбыр жауып тұрғасын, істейтін жұмыс бомай,Ұзынқараның үйіне барғам. «Су тасып жүргенше, мына дайын жаңбырдың суымен құм мен сементіңді шылап, аулаңа төсемейсің бе?» деп, өзім ойлап шығарған ақылымды айттым. Ол ішек-сілесі қатып күлді: «Өй, мынауың бір жынды екен ғой. Жаңбырда есі дұрыс адам семент құйып, асфальт төсеуші ме еді?» деді. Ал, мыналар қарамайсыз ба, жаңбырдың астында жүріп, асфальт төсеп жатыр.

— Да-а, сөзінің қисыны бар, ә?! – Дәрігер жымиып тұрған екі жас әріптесіне қарады. Сосын Көсегеге бұрылды. – Ал, мен ше?

Жұмыртқа түсіне алмады ма, әлде не айтарын білмеді ме, тосылып қалды.

  • Мен ше? – Дәрігер түсін жылытып, сөзін қайталады. – Мен де жындымын ба?
  • Сіз де! – Етқызумен айтып жіберіп, сасқалақтаған Көсеге тұрған жерінде қалбалақтап, құлай жаздады. — Жо-о! Жоқ, аға, Сіз кішкене… мінәндәй ғана… – Көсеге тесіле қарап, бас бармағы мен сұқ саусағының арасынан иненің жасуындай саңылау ашып, екінші қолының сұқ саусағымен нұсқады. — Міне, мінә-әндәй ғана жындысыз… Ондай іштеңке етпейді, аға, уайымдамаңыз. Дәу жынды емес, кішкен-тә-әй жындысыз. Адамдардың бәрі сондай ғой. Дажы мен де…
  • Ха-ха-ха, — дәрігер еріксіз күліп жіберді. – Мен неге «мінә-әндәй!» ғана «жындымын»?
  • Әйтпесе неге мені ауылға жібермей отырсыздар?

Дәрігер күлкісін жиып, ойланып қалды:

-Ә-әй, дегенмен осының сөзінің жаны бар. Бәріміз де аздап жындымыз. – Әріптестеріне бұрылды.  –Мына жігіттің тәртібі қалай, жүріс-тұрысы дұрыс па?

-Дұрыс-дұрыс, — десті екеуі жарыса жамырап.

— Олай болса, бұл жігітке обал. – Алтынсары ұшты қаламымен столды тықылдатты да, ескерту жасағандай салмақтап, жоғары көтерді. Дәрігердің кеуде тұсына дейін көтерілген қап-қара жуан қаламының сесі Көсегенің мысын басты. – Ауылыңа қайта ғой. Әйтпесе, бәрімізді жынды деп жүрерсің, — деп езу тартты. – Біра-ақ… – дауысы қатайып естілді. – Тыныш жүр. Ешкімге тиіспе! Біреуге тиіссең, ренжітсең, осы жерге келетініңді ұмытпа!

Ал, енді бара ғой ауылыңа. Баратын адамың бар ма?

  • Әнипа апам бар. Бірақ о кісінің келіні де жынды. Маған ылғи ұрса береді..
  • Жарар, апаң бір ретін табар. Жолың болсын.

***

Жалғыз аялдама – аядай ауылдағы жалғыз дүкеннің қасында. Қалаға немесе ауданға барып келетіндер сирек. Түске таман автобустан Көсеге жалғыз өзі ғана түсті. «Қайда, кімге барсам екен?» дегендей жан-жағына алаңдап, сәл-кем аңырып тұрды да, Дариға есіне түсіп, дүкенге беттеді. Темір есіктің түбіне таяу, алдыңғы дөңгелегі көшенің қалаға бет алатын жоғарғы жағына бұрылып, гүрілдеп тұрған мотоциклге таңырқай көз салды да, дүкенге кірді. Қағазға қиналыңқырап, бірдеңе жазып, калькулятормен есептеп тұрған Кербездің  көздері бақырайып, абдырағандай үнсіз қарап қалды да, дереу есін жиып, қаламын тастай салды:

  • О-ой, Жұмыртқа?! Өзің гелгесің бә? Сен ауырып қалды дегенді естіп, қорқып қалдық қой. Барамадық қолымыз босамай. Ұят болды сенен. Біздің қолда не бар? Өзің қалай енді… тәуір болдың ба?
  • Жо-оқ, — деді Көсеге даусын созып. — Түк те ауырғам жоқ. Кім апарғанын ұмытып қаппын, қаладағы өңкей жындылардың арасына апарып жатқызып тастапты. Тұрып алдым да, «мен жынды емеспін. Жіберіңдер!» дедім де, кетіп қалдым. Дәу дәрігер өзі жіберді. Көшеден де, автобустан да жындыларды көп көрдім.
  • Автобуста жүрген қайдағы жындылар? Ауруханадан қашып шыққан ба? – Кербездің сұрағы Көсегені қоздырып жіберді:
  • Біреулер боқтасып жатты. Тағы біреулер шопырға бостан босқа ұрсып, бірдеңе дей берді. Өңкей жындылар екенін білдім де, үндемей отырдым.
  • Құдай сақтаған екен, — Кербез күйзеліп тұрғанын сездіргісі келмей, өзін ұстауға тырысты. – Кішкене ағарып, көп-көрім болып қапсың. Осыған да шүкір. Әнипа апаңа барып амандастың ба?
  • Автобустан кәзір түстім. Айтпақшы… – «сұрасам ба, сұрамасам ба?» деп екіойлы күй кешсе де, басқа амалы қалмады. – Ана кім… қайда?
  • Дариға ма?! – Кербез жаны ашып, көңіл аулайтындай әзіл айтқысы келіп еді, зауқы соқпады. Шытыңқы қабағы жазылмай, мұңая қарады:
  • Ол да мен сияқты жұмыстан қысқарып қалды. Енді ертеңнен бастап қаңғимын, — деді көзі жасаурап. – Дүкен жекеменшіктікі. Қожайыны «қайда барсаң, онда бар!» деді керіліп. Әуелім дұрыстап сөйлеуге ерінеді. Адам ғұрлы көретін емес. – Кірпігіне ілінген мөлдір тамшыны сұқ саусағын бүгіп, сүртіп алды. – Дариғаның сөйлесіп жүрген жігіті бағана ертемен келген ійнәмаркасымен. Алып кетейін деп жатқан…
  • Қайда?! – Шошып, қатты дауыстап жіберген Көсегенің жүрегі аузына тығылды.
  • Қайда болушы еді, қалаға да. Әне, соның машинасының гүрілі…

Көсеге сыртқа атып шықты. «Ә-әй, оны нағыласың? Басқа да қыз табылар!» деп айқайлаған Кербезге мойын бұрған жоқ.

Осы сәтте шетелдік ақ машина дүкенге тиіп тұрған кең, асфальт көшенің бойымен қаланы бетке алып, сызып өте шықты. Дариғаның еркелегендей мойын бұрып, жігітке бірдеңе деп жатқанын байқап үлгірді. Өзіне өзі ие бола алмай,  аблыққан Жұмыртқа есеңгіреп, үнсіз тұрып қалды. Кенет қабағы түйіліп, көздерінде от ұшқындады. Шалт бұрылып, дүкенге кірді:

  • Матасекіл кімдікі?
  • Ұзынқараныкі. Әр жерден темір-терсек жинап, өткізіп жүр ғой сонымен. Жаңа өсі жерге бірдеңе алам деп кеп еді, ақшасын үйде ұмытып кетіпті. Кәзір гелед. Тоса тұрасың ба?
  • Матасекілді қалай жүргізеді?
  • Мәссаған! Соны да білмейсің бе? Алға итеріп, қасындағы тіреуін артқа жібермей ме?!. Сосын рөліндегі газды бұрап-бұрап жіберіп, ұшыртып әкетеді ғой әйтеуір. Өзім айдап көргем жоқ. Анық білмеймін. Оны гәйтейін деп ең? – Бейжай Кербез ішін улаған уайымнан арылуды ойлап, әңгімеге тартқысы келіп еді, Көсеге елең етпеді. Алқына жүгіріп, сыртқа шықты.

Мотоциклдің кілтипанын біліп алғанның қолма-қол пайдасы тиді,  жалма-жан алға итеріп, тіреуішін артқа жіберді де, қонжиып алды. Рульді тас қып ұстап, бұрап-бұрап, айналасын  бір қолымен шарлап итінгені сол еді, мотоцикл гүр-р етіп, атқып кетті. Көсеге шалқасынан құлай жаздап, жалма-жан  рульден ұстап үлгірді. Мотоцикл атқан оқтай зулады.

— Ә-әй, Жұмыртқа-ау, өлесің ғой! – Сүрініп-қабынып, сыртқа шыққан Кербез мотоциклін ракета сияқты ұшыртып бара жатқан әлдекімді көріп, аң-таң қалған Ұзынқараға айғай салды. – Ойбай, жүгір, жүгір! Ананы ұстаңдар. Құриды, ой-бай, құриды! Айдау білмейді.

— Е, бәсе, анау Жұмыртқа ғой. Ой, әкиің… Қайдан геп ғалды мұнда?! – Ұзынқара кіжініп, бір боқтап алды да, соңынан тұра ұмтылды.

Гүрілі көшені басына көтеріп, соңынан көк түтінді бұйралатқан мотоцикл алғашқы екпінмен ауылдың шетіне жете бергенде, кілт солға бұрылып, жолдан шығып кетті. Салдыр-гүлдір етіп, топырақты бұрқылдата тоңқалаң асып, бірнеше аунап түсті.

— Ойбай, өлді! Өлді-ау, сорлы! – Кербез сасқалақтап, екі алақанымен өз санын салып-салып жіберді. Дүкенді асығыс-үсігіс кілттеп, Әнипа әжейдің үйіне тұра жүгірді. Жақындағанша, жолшыбай көргендерге айтып үлгірді.

Әжей әбігерленіп қалды. Сөйтсе де сыр бермеуге тырысты: «Құдай сақтасын, құдай сақтасын!» дей берді. Үйде жалғыз екен, құлыптады да, кәлөшін киіп, Кербезге ілесті. «Аман болса, игі еді. Аман болса…».

Келе жатқанда, Шәлипаның баяғы сөзі қайдағы бір белгісіз қиырдан үңіреңдеген құбырдың ішімен бұралаңдап жетіп, құлағына еміс-еміс естіле берді: «Құлыншағым, маңдайыма басқан  кішкентай, жалғыз ұлым сендерге аманат… аманат… аманат…».

Бұлар келгенде, бір топ ауыл адамдары жиналып қалыпты. Қабақтары түсіңкі, не істерін білмей, состиып-состиып тұр. Секем алған Әнипа әжей дөңгелектері аспанға қарап, төңкеріліп қалған мотоциклдің қасында сұлап  жатқан Көсегеге зер сала қарады. Басы кеудесіне  ойысып, иегі алқымына тірелген. Оң жақ езуінен сыздықтап, қан шығып жатыр.

«Ойпырай, ойпырай! Шынымен… Бұ қалай? Аяқ астынан… Қараптан қарап… Шынымен өлгені ме? Өлім соншалық оңай ма еді? Ешкімнің де босқа өлгісі келмейді, бұл не? Не бұл? Қайғыдан қан жұтып кеткен қайран Шәлипа-ай… аруағыңнан ұят болды-ау. Білмедім ғой бұлай боларын. Кім ойлады…» Кемпірдің жүрегі суылдап, еріксіз тағы да Шәлипаны есіне алды. Саулы інгендей зарлап, ботасының үстіне төніп келе жатқандай. Күңіренген соның дауысы ма, әлде өзінің дауысы ма, мән беріп, парықтай алмай қалды:

— Ойбо-ой, құлыны-ем, не болды-е? Аяқ астынан бұл не? Не сұмды-еқ?!.. Көрейін дегенім осы ма еді? Жазатайым жазым болғаның ба-ай? — Дауыстап жылаған бойы Көсегенің басын сүйеп, маңдайынан иіскемекші еді, Ұзынқараның сөзі тоқтатты:

— Апа, қозғамаңызшы. Полиция бәрімізді тергеп, босқа әуре қылады. Алдымен солар тексеруі керек. Хабарлап қойдық. Жедел жәрдемге де.

Әнипа әжей еңкейіп, маңдайынан иіскегенде, жылып шыққан көз жасы Көсегенің бетіне тамып-тамып кетті. – Жарығым-ай, жарығы-еммм… — Жігіттің томпақ бетіне мөлт-мөлт тамған мөлдір тамшылар дір-дір етіп, тұрақтай алмай, төмен сырғып бара жатты.

Кемпірдің зарлап жылағаны тұрғандардың бойын шымырлатып жіберді. Ұзынқара іші-бауырын зілденіп аралаған суық леп мұздатып бара жатқанын сезінді. Кінәлі адамша басы салбырап, үндей алмай, көзімен жер шұқыды.

— Мойны үзілген сияқты. Ешкімге қиянаты жоқ, ешкімнің ала жібін аттамаған жақсы жігіт еді, — деді тұнжырап. – Қап, әттегене-ай!…- деді сосын тістеніп.

Әнипа әжейдің құлағына еңіреген Шәлипаның зары әлдеқайдан құйылып, қосыла дауыс салды:

— Көрейін дегенім осы ма еді, құдайым-ау? Не жазып еді бұл бала? Күнәсіз періште емес пе еді! Аясаң қайтеді, құдай-ау. Бір ауылға бір байғұсты қимадың ба? Сыйдырмадың ба?

— О-оой, жарығым-ай, арманда кеттің-ау. Артыңда тұяқ қалмады. Қатын әпере алмадық. Айыптымыз, шырағым, айыптымыз… Тірі күніңде «бұл да адам ғой» демедік. Құдайдың алдында не дейміз енді? Мезгілсіз сөнген шырағым-ай…

       Күтпеген өлімді ауырсынып, ешкімнің басу айтуға дәті бармады. Ойда жоқта болған опатқа өздерін кінәлі сезінгендей, Көсегені өле-өлгенше Жұмыртқа деп кемсітіп, мазақтап есіргендеріне, шапағатын тигізбек түгіл жандары ашымағандарына ыңғайсызданғандай үнсіз мелшиген. Кемпірдің зарлы жоқтауы әркімнің көкірегін ашытып, кеулей берді:

— Он екіде бір гүлі ашылмай кетті-ау. Ең болмаса, үш мүшелден аса алмады. Шәлипаның көзін көргендерден мен ғана қалып ем… Қалай өкінбейін… Мен жыламағанда, кім жылайды артында? Жоқтайтын адамы да жоқ. Қарағым-ай, қарағым-ай… Байғұс бала не қызық көрді бұ жалған дүниеде?.. Аз күлкісін де көп көрдік-ау. Жыртығыңды жамағысы келген кім бар еді? Өкінішпен өтті-ау жас өмірің.

Шәлипа қия алмай, артына қарай-қарай арманда өтіп еді. Жалғыз ұлыма көз қырларыңды сала жүріңдер. Елсіңдер, жұртсыңдар деп жылап кетіп еді. Аманатқа қиянат жүрмейді, аманатыңды ақтай алмай, арманда қалдық.  Мұны мен айтпасам, кім айтады? Бәріміз де бүгін бармыз, ертең жоқпыз…

Әнипа әжейдің бұлайша босап, егіліп жылағанын бұрын-соңды ешкім көрмеген еді. Әйелдер, қыздар көздеріне жас алып, бет орамалдарымен сүрткіштеді. Түксиген ер кісілердің кейбірі тыбыр етпей, тас мүсіндей қақиса, кейбірі жусанның ұшынан үзіп алып, үккіштей берді.

— Аманатты ақтай алмай, арманда қалған апаңды кеш, қарағым. Кеш, ке-е-еш! Не дейін, құдай-ай, не дейін… Сен өлмей, мен өлуім керек еді. Маған сен топырақ салуың керек еді. Енді ғайттім? Енді ғайтті-ем? Шәлипаға не бетімді айтам, не бетімді…

Кемпірдің ыңыранып жылағаны Ұзынқараға алыстан, айдаладан ұлығаны секілді естілді. Әлі құрыған Әнипа әжей үнсіз егіліп, бір тізерлеп, шоқиып отырып қалды.

«Дариға қоштасып кеткенде, бұлай болмас па еді? О ғыз мұның келгенін білмей қалды ғой» деп ойлаған Кербез шыдай алмады:

— Байғұс-ай, байғұс-ай… осы жаңа ғана сөйлесіп еді… Байғұс-ай… Өлгеннен басқа амалың  қалмағаны ма?  Адам екеніңді дәлелдеу үшін өстіп өлу керек пе еді? — деді ауыр күрсініп. Сосын: — Өлгенді ғана-а  адам деп сан-найтұғын за-заман болды ғой…  – дауысы төгіліп түсердей дірілдеп, екі иығы селк-селк етіп,  өксіп жылап жіберді…

***

Ағылшын тілін үйреніп, мұхит асып кеткен әпкесі жалғыз бауырының өлгенін білмеді.

Арада бір ай өткеннен кейін Әнипа әжейді ақ жуып, арулап көмді.

Екі адамынан өлідей, бір адамнан тірідей айрылған оймақтай ауыл құлазып жатты…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір