«ШУАҚТЫ ШАҚТЫҢ» ШҰҒЫЛАСЫ
20.07.2018
1881
0

Газеттің осы санынан бастап мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған авторлар мен олардың шығармалары туралы мақалалар жарияланады. Басылым талабы бойынша мақала көлемі Times New Roman 14-пен терілгенде 3,5 (үш жарым бет) беттен аспауын ескертеміз.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ


Ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Өтеген Оралбайұлының мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Шуақты шақ» атты жаңа жыр жинағы – «Тәуелсіздіктің тұғырын бекітуге туған әдебиет те қалтқысыз қызмет жасауы керек» деген мемлекеттік саясаттың сындарлы сауалына толымды жауап беретін туынды.

Ақын Өтеген Оралбайұлы осы­нау биік белестерге қалай жетті деген сауалға келсек, ол 1974 жылы ҚазМУ (қазіргі ҚазҰУ) филология факультетін бітірісімен өскен өлкесі Маңғыстау облыстық телерадио комитетінде редактор, «Коммунис­тік жол» газетінің тілшісі, «Ленин­шіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі, «Дала дидары» (қазіргі «Ауыл») газе­тінің жауапты хатшысы және Бас редактордың орынбасары, «Еге­мен Қазақстан» газеті редак­циясында бөлім меңгерушісі, ҚР Жоғары Кең­есінің депутаты болды, ал 1995 жылдан Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарады. Міне, осынау ұзақ жылғы еңбек жолы оның өнегелі өмірінің өзегі болды.
Осы жылдарда ол елінің елгезек ұлы, қайраткер азаматы болып қалыптасты. Рухани тәуелсіздігі­міз­дің тұғырын бекіту жолында жа­нашырлықпен еңбек етіп, бірне­ше от­ты жырлардан тұратын ойлы жи­­нақ­тар жариялады. Ұлттық идео­ло­гиямыздың ұстанымын ұлықта­ған ұшқыр ойлы, қиялға қанат бітіре­тін от пен жалыннан жаралған жырлар жазды. Тәуелсіздігіміздің ұлт тарихында атқарып жатқан асқаралы асулары мен ғасырларға бергісіз жаңалықтары оның қиянат­қа қас, жақсылыққа жомарт жүрек­жарды жырларынан лайықты орын алды. Жыр жазудың қиындығы мен қуанышын шығармашылық тұлға ғана түсінеді десек, ақынның ша­быт­ты да мазасыз таңы аз болма­ға­нын 1978 жылы жарияланған «Тұң­ғыш­тан» бастап кейінгі жыл­дар­дағы 14 поэтикалық жинақтары жан-жақты дәлелдеді.
Өтеген Оралбаевтың тынымсыз және үнемі ізденісте жүретін та­лант­ты ақын екендігін елге таныт­қан бұл туындыларында тәуелсіз­дігі­міздің ерен табыстары мен сая­си, тарихи, рухани еркіндік ен­шілеген ерліктеріміз де жүрекжарды шы­найылықпен жырланады. Еліміз егемендігінің нәтижесінде қол жет­кі­зілген әлемнің барлық ұлт әде­биет­терімен тереземіз тең дәрежеде шығармашылық байланыс жасап, ұлттық сөз өнерінің биік өрелі туын­дыларын өзге елге танытуда да Өтеген Оралбайұлы аз тер төккен жоқ.
Атап айтар болсақ, оның орыс, түрікмен, өзбек, қырғыз, ұйғыр, ла­тыш, бурят, тыва, ноғай, әзірбай­жан, беларусь, т.б тілдеріне ауда­рыл­­ған өлеңдері өзгеше өрнек, өзіндік қолтаңбасы бар бағалы дүниелер. Қазақ поэзиясының бүгінгі өресі мен өрісін танытуға үлес қосқан талантты ақын Өтеген Оралбайұлы елуге жуық бауырлас елдердің танымал ақындарының жырларын өз тілімізде сөйлетіп, кейінгі жыл­дарда үзіліс болған әдеби байла­нысты жарасымды жалғас­тыруға да ұлтжандылықпен еңбек етті. Айту­лы ақын, танымал журналист Өте­ген Оралбаевтың осынау еңбектері мемлекет тара­пынан жоғары баға­ла­нып, 1987 жылы Мәскеу қала­сын­да өткен Бүкілдүниежүзілік халықтар шығар­машылық байқауы­ның делегаты, 1980 жылы республи­калық «Жігер» фестивалінің және 11-ші Бүкіл­одақ­тық поэзия фести­валінің лауреаты атанды.
Қай қызметте жүрсе де, қандай жанрда жазса да ұлт үшін, ел үшін ең­бек етіп, жақсылықтың жаршысы болып жүрген ақын, публицист Ө.Оралбайұлының адал да жанкешті жұмыстары, бүкіл саналы ғұмыры өткір де, ойлы өлеңдерімен өнегелі.
«Ұстаз өз шәкіртінен адалдық, сыншылдық, ізгілік, әдімілік сияқ­ты жақсы қасиеттерді көргісі келсе, онда оның өз басында да осы қасиеттер болуы керек», – деп дана бабамыз әл-Фараби айтқандай, Өтеген ағамыздың шығармашылық өмірі де сол асыл сөздің қадір-қас­ие­тін танытатын тереңдікті таны­тады. Шын мәніндегі шығарма­шы­лық бақыттың мәні де осы пара­­сат­тылықта, әркімнің өз ал­дына игілікті мақсат қоя білуінде, өзінің бүкіл саналы өмірін де, еңбегін де елінің ертеңі үшін ар­науын­да болса керек. Олай болса, Өтеген Оралбайұлының «Шуақты шақ» атты жаңа жыр жинағының жүзден жүйрік шығып, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуының өзі үлкен жетістік, ел үшін еткен ерен еңбе­гінің жемісі десе де болады.
«Шуақты шақ» атты жинаққа ақынның соңғы жылдары жазған өлең-дастандары, тәуелсіздік тұ­сында туған туындылары еніпті. Жаңа жинақтағы өлең сөздің қи­сын­дaры, мaзмұн мен пішін мәсе­лелері, теңеу, эпитет, әсірелеу, көр­кемдеу, бейнелеу тәрізді әдеби көр­кем құрaлдaрын ұқсaтып қол­дaну шеберліктері aрнaйы сөз етуді қажет етеді. Ақынның өлең құры­лы­сындaғы жaңaшылдық, мaз­мұнды жеткізудің қaрaпaйым ұстaнымдaрынa жүгіну жақтары да тапқырлық танытады. Жыр жина­ғында мұндай жаңашыл жырлар жетерлік.
Тaлғaм тaнымы мен білімдaр­лық, кәсіби шеберлік aвтордың көркемдікті терең тaни білетіндігін бaйқaтады. Ақынның ішкі поэти­калық қуатын тaнытатын тегеурінді толғаулары өзі көрген нәрсесін, біл­­генін, бaйқaғaнын, сезініп, жүрек­тен өткізгенін жaзғaндa ғaнa осындай отты да ойлы, шынaйы да шұрайлы шығарма дүниеге келе­тінін дәлелдесе керек. Егемен еліміздің еншісіне тиесілі толымды табыстар мен ұлттық құндылық­тарымыз жыр жинақта бүгінгі еркін ой биігінен көрініп, өлең сөздің өресін танытады. Ақынның елшіл, мемлекетшіл, отаншыл сезімі бүкіл жинақтың өн бойына негізгі желі болып тартылып, оқырманның отан­шылдық сезімін оятып, ойлы да отты жыр шумақтарымен жан жы­лытады. Оған кітаптың беташар жырының өзі дәлел бола алады:
Туған елім, шуағымды шашайын,
Тамырымды – жан нұрымды ашайын.
Туың сенің биік болса – мәртебем,
Тік көтеріп болашаққа асайын, – деген жолдардағы ойлар ақынның қаламгерлік, перзенттік кредосы бо­лып жинақта жүйелі түрде бой көр­сетіп отырады. «Бақытым, ба­ғым – ел менің» деп аталатын бірін­ші бөлімде де ойлы, астарлы, сын­шыл, өзекті, өршіл ойлар ақындық қуатын айқын танытады. Ақынның азаматтық, қайраткерлік биікке шыққанына толық куә бола алатын талантты жырлары оқырманның рухани еңсесін көтеріп, жадына өшпес жазу жазғандай. Тәуелсіздік тудырған туындылардың тізіміне кіретін бұл жинақтың салмағы мен сапасы уақыттан өзінің лайықты бағасын алады деген ойдамыз. Аза­мат­тық поэзияның көркем көрінісі бар.
Парасатты поэзия поэтикасына қажетті көркемдік бейнелеу құрал­да­ры­ның кәсіби шеберлікпен қол­да­нылуы ақынның ұлттық сөз өнері­нің байлығын терең мең­герген­дігін танытады. Адамзат таби­ға­тындағы мәңгілік құндылықтар, терең дүниетаным деңгейіндегі мәйекті мәселелер, жақсы мен жаманның мәңгілік тартысы көркемдік эстетикалық талғам тұрғысынан талданып, шығар­маның шырайын ендірген. Әсіресе, әдеби тіл байлығы, тың теңеулері, көркемдік компоненттердің білгірлікпен пайдаланылуы, ой мен образ, идея мен мазмұн мәселе­ле­рінің орынды астасуы автордың таланты мен тәжірибесінің тікелей табысы деуге болады.
«…Жүгенін сылдыратты
арғы­мақ – жыр,
Шашасын шабытымның
қарғын ап жүр.
Таланттан тоқым алдым
бір шөкімдей,
Көсіліп бір шабайын,
жан құлап жүр…»,
деген өлең жолдарындағы ұлттық бояу мен тегеурінді теңеулер ақын шеберлігін танытады. Ал:
«…Шерім желдеп шығады
күй басынан,
Сақа тіктім өлеңнің құймасынан.
Бозінгенін көңілдің жетелеуге,
Ұстаймын кеп шудалы бұйдасынан, – деген жолдардағыдай көркем кестелер, сұлу ырғақтық түзілістер, шабытты шумақтар ақын кітабында көптеп кездеседі. Ойлы өлең – оқырман олжасы. Түсініп оқыған, тұшынып қабылдаған жан бұл кітаптан өзінің рухани базарлығын жаңылмай табады. Лирикалық нәзіктік, патетикалық парасат, азаматтық ақшаңқан тілек, туған жердің құдіретін ұқтыратын сезім­дер адам табиғатының талай тыл­сым құпияларын ашады.
«Ұлт ұраны – Ұлытау» атты та­рихи-этнографиялық дастанда ел­ба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың қасиетті Ұлытау төрінде, оның Әулиебұлағы басында барша отан­дас­тарына арнап мазмұны өте терең сұхбат бергені баяндалып, оның ақын жүрегіне қалай әсер еткені әде­мі әдеби тілмен, ойлы да отты жыр шумақтарымен шабыттана жырланады.
Сол сұхбаттың мазмұны кейін «Рухани жаңғыру» деп аталып, мемлекеттік идеологияның түп қа­зығына айналған ойлардың ошағы бол­уы да автордың тапқырлығын, та­ны­мын, қоғамдық-саяси қары­мын танытады. Сондықтан, ақын­ның Ұлытау туралы дастанын мем­ле­кет­тік саясаттың сындарлы ұс­тынын ұлағаттау жөніндегі әлі әзірге қазақ әдебиетіндегі алғашқы көркем-романтикалық дастан деуге болады.
Бір демнен бұйырып, бір ырғақ­пен құйылып, арғы-бергі тарихты санамалап, сараптап, бүгін мен ертең­нің арасын шындықпен жал­ғап жазылған шымыр жыр термедей төгіліп, оқырманның ой-өрісін кеңейтіп әкетеді. Ұлытаудың барша аймағы, қасиетті жерлері, өзендері-көлдері, таулары мен белдері, тарихи орындары тұтас география­лық карта түзгендей болып кес­те­лен­ген. Жер-су атаулары жеріне жет­кізіле жіктеліп, әрбір қазақ баласы оны жадында ұстайтындай кестеленген. Толғаудың алғашқы отыз үш шумағы тек қана «Ұ» әрпі­нен ғана тұрып, үзілмес үндестік та­нытуы, ассонанстық ажар беріп, оның көркемдік қуатын жоға­ры ­деңгейге көтерген.
Жүрегімді көр менің «Елім» деген,
Жаһан айтса жақсысын, көңілденем.
Туған елді жырлауға тіл берді Алла,
Осы шығар шын бақыт, өмір деген, – деп түйіндеген жыр жолдары ақынның халқына деген махаббатын мәлімдейді. Осы жинақтағы «Нығ­мет айы – наурыз» деген дастан да қазіргі күнде ұлттық салт-дәстүрі­мізді құрметтеудің айқын көрінісі. Қазір жыл сайын келетін әз нау­рызды жаңаша, рухани жағынан байыта отырып өткізу, мерекелеу жөніндегі жаңа ойларды жыр тілінде сараптайды. Ал, «Соғыс балалары» деген дастаны тылдағы қазақ балаларының жанқиярлық еңбегі мен ерлігін ерекше сомдаған көркем туынды. Дәстүр салтанаты, ұрпақтар сабақтастығы, елдік пен ерліктің үзілмес арқауы осы дастанда жақсы ашылған.
Қорыта айтқанда, «Шуақты шақ» жыр кітабы шұғыласын жаны­мызға шапағатпен шашып тұрған, шынайы шеберлікпен түзілген мар­ха­батты жинақ. Ол идеялық жағы­нан да, мазмұндық жағынан да, көркемдік жағынан да Мемлекеттік сыйлықпен аталып өтуге толық татитын еңбек деуге әбден болады.

Гүлзия Пірәлі,
филология ғылымдарының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір