Шілде
Есенғали РАУШАНОВ
Шiлде, шiлдем — шiлде айым,
Шырылдап торғай күн сайын.
Шұбар ала шешектер,
Шудаланған көк шөптер,
Жапырақтар жалпайды.
Жас қозылар марқайды,
Ұшты көкек қуалай,
Сайда пiстi таңқурай.
Құрт, iрiмшiк қайналды
Құлындар да байланды.
Iлияс Жансүгiров
«Бие сауу». 1936 жылы салынған картина. Ә. Қастеев.
Асылы, Алматының орман-тоғайларын аралас ормандар деген мақұл болар. Себебi, Алтайдағыдай самсап самырсын өскен, не Едiл-Жайықтың екi жағасын тең жайлаған таза ақ қайыңдар аралы, Көкшетаудың көп көлiн көмкере бiткен қалың қарағай мекенi мұнда жоқтың қасы. Есесiне мұнда үйеңкi, қарағаш, қарағай, қайың, тал терек, шырғанақ, итмұрын, долана… бәрi де бар, бәрi де аралас-құралас қоныстанады. Бейне түбiн қуып, түп-тұқиянын түгендесең бiр шалдың белiнен тарайтын қарға тамырлы (әлде қарғы тұмарлы ма) қазақтың өзi секiлдi. Бұрынғы шалдар «Жерiне қарай құланы, тауына қарай бұланы» деген. Бiз, екiбастан, сол шалдардан асып жаңа бiрдеңе айта алмаспыз.
Әлқисса, сол аралас орманда алты қанат, төрт қанат үй тiгердей, кейде, ат шаптырымдай ашық алаңқайлар кездеседi. Алаңқай. Ат жүргiзбес шалғын пiсiп тұр. Тал түс. Маңай меңiреу тыныштық. Тек ту төменде тас-тастың арасынан сығыраңдаған маңқа бұлақтың «әнi» талып естiледi. Ызың етiп ара да ұшпайды. Кенет, қалың итмұрынның арасынан елiктiң лағы шығып, екi құлағы селтиiп тың тыңдап тұра қалды. Үп етiп жел тұрса, шөп басы сәл қимылдаса зулай жөнелмек. Үргедек. Сақ. Қайдан шыққанын кiм бiлсiн, тосыннан жонарқасына сарышымшықтың балапаны ұшып кеп қона кеттi. Кiшкене құйрығын әрi-берi шолтаңдатып, шақырылмаған қонақты қуып тастағысы келiп, сары ауыз одан үркетiн сыңай танытпай «жонасты бойлап», әрлi-берлi жүре бастады. Екеуi де перiште. Екеуi де балапан. Сiз шiлде деген не деп сұрайсыз ғой, ә? Менiңше шiлде деген – осы. Яки, шiлденiң суретiн салу керек болса, бұдан артқан көрiнiс табылар ма?! Басқаша айтсақ, тап осы көрiнiстi басқа маусымда көре алмайсыз. Елiк лағын аяқтандырып, құс балапанын ұшыратын кез — ең қасиеттi кез, ең қастерлi ай десек, келiсесiз бе?
Шiлде – жаңа қанаттанған жас құстар үшiн «дебюттер айы». Балапан балауса әнiн концертке алғаш шығатын әншiдей қобалжып, қорқасоқтай бастайды. Бүгiн ұяңдау, ертең одан гөрi сәндiрек, келесi жұмада, тiптi, әуездiрек, сөйтiп жүргенде ата-анасындай әсем дауысты әншi боп шыққанын өзi де бiлмей қалады. Думанға толы дүние деген – осы. Жалғасып жатқан өмiр…
Балапан қанаттанатын кездегi аналық құстың жүрегiн түсiнер ме едiк, шiркiн. Қарыны ашқан, қаны кеуiп шөлдеген балапан күнi бойы бiр тынбай шүйкiлдей бередi, шүйкiлдей бередi. Шүйкiлдеген сайын ана байғұс жанын шүберекке түйiп шырқ айналады. Әрбiр құсты – шөл қысып жылаған сәбиiн ажалдан құтқармақ болып, Сафа мен Маруа атты екi таудың арасында жалаң аяқ, жалаң бас аласұрған Ажарға теңесек артық болар ма екен? Ананың үлкен, кiшiсi болмайды ғой.
Өскен сайын балапан ашқарақтана түседi.
Өскен сайын балапанға қауіп көп. Шүйкiлдеген дауысын естiп күндiз қырғи мен қаршыға, түнде үкi мен жапалақ аңдиды. «Ақырын сөйле, үй артында кiсi бар, балам» дегендi шырылдап айтып ұяны айнала ұшқан ана торғай…
Өскен сайын балапан әрнеге әуес. Ұяда тып-тыныш отырудың орнына, басын қылтитып ұшып келе жатқан әрбiр қанаттыны анам деп ойлайды. Аузын ашады, тамақ тiлейдi, Мейiрiм күтедi.
Оның ұядан ә деп ұшар кезi де ана үшiн уайымға толы кез. Әр балапанның мiнезi әртүрлi. Бiрден шарықтап әуелеп кететiн кесек бiтiмдiлерi де бар, әр бұтаға соқтығып орта жолда мертiгiп қалатын әлжуаздары да бар. Ана үшiн екеуi де қайғы.
Бұл жерде де қанатты құстарға бiзден бұрын табиғаттың өзi жәрдемге келедi.
Оған осы шiлде айының 20-жұлдызынан бастап қыран баптаған құсбегiлерге аң аулауға рұқсат берiлетiнiн қосыңыз. Ендi көп ұзамай Қаншеңгел бүркiт томағасы сыпырылмақ. Тепсе темiр үзердей тегеурiндi сұңқарлар да әлекедей жаланып шыға келмек.
Өзге айлардың отыз-отыз бiр күнде ұшығына шығып жатсақ, шiлденiң табаны күректей қырық күнге созылатын тағы бiр себебi — осы жүгiрген аң, ұшқан құс атты тiршiлiк иелерiнiң жарық дүниені бетке алып тiзгiн қағар мезгiлi болғандықтан емес пе екен? Кереметi күштi кең Құдай асықпай-аптықпай, жанұшыра, жанықпай әбден қарақанаттансын, әбден аяқтанып алсын деп тағы бiр он күндi артық қосып берген секiлдi.
Құстардың сәл ғана тыныш алған «симфониясы» қайта жандана бастаған. Бiрақ бұл осыған дейiнгi әуен емес, нақышы басқа, сазы өңге. Шәкәрiм қажы айтпақшы «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек, бұған өзгеше әуен сөз керек».
Шiлде айын құстардың жаңа жылы немесе туған айы десе қалай болар екен?!
Сұңқылдақ аққу көл бетiне тұңғыш рет көгiлдiрiн ертiп шығады. Осы суреттi көрген адам:
— Айналайын қарағым, кекiлдiм-ай,
Балапаны аққудың секiлдiм-ай, –
дейтiн халық өлеңiнiң мәнiн бiрден түсiнер едi.
Қасқалдақ қамыс арасына қашып тығылып, үркiп шығып жүрiп-ақ шұбыртып балапан ертедi. Керемет сүйкiмдi кiшкентай қара құстар қаннен қаперсiз ерсiлi-қарсылы жүзе бастайды. Қаннен қаперсiз жүзуге болмайды дегендi қанат сусылымен айтып, қысқа күнде қырық толқыған анасы өте сақ.
Тартар да сол. Мына жарық дүние есiгiн ендi ашқан балапандарының есендiгiн ойлап, ұшып-қонып, жүгiрумен күнi өтедi.
Қызғыш құс нақ 33 күннен соң ұшады. Ұшқанда кеше ғана ұяда жатқан қызылшақа балапан кәдiмгi ересек құстардай ерсiлi-қарсылы самғап еркiн ұшады. Ерте есейетiн құстың бiрi осы – қызғыш.
Үйрек пен қаздың балапан баулығанын көрудiң өзi бiр қызық. Үйрек үшiн бауырынан өрген балапандарынан өткен әрi әлсiз, әрi аурушаң, әрi нәзiк, әрi дәрменсiз ештеңе жоқтай. Құдай тағала ол балапандарды суда жүзу үшiн, ауада ұшу үшiн жаратқанын ана үйрек бiлмейтiн секiлдi. Жүзудi де, ұшуды да тек өзi, бiр өзi ғана үйретуге тиiстi. Ешкiмге сенуге болмайды. Балапандары өз бетiнше ештеңе де iстеуге жарамайды. Оларға тек қамқорлық керек. Ана үйректiң ерекше өбектеуiн осылай ғана түсiнуге болады.
Қаздың да бұдан айырмашылығы шамалы. Қаздың демекшi, табиғатта қызық-қызық оқиғалар бола бередi. 2002 жылғы 27 шiлдеде Ресейдiң «Павлоградские новости» газетi Пересодовка селосындағы бiр кiсiнiң қазы жұмыртқа басып, төрт аяқты балапан шығарғанын хабарлады. Фенологтар мұндай жәйттердiң сирек те болса ұшырасатынын жазуда. Дегенмен мына құбылысты жаман ырымға балаған үй иесi төрт аяқты қазды жергiлiктi зоопаркке өткiзiп тынған.
Бiз көкек туралы, оның өз жұмыртқасын әдетте кiшкентай таңшымшықтың ұясына салатынын айтқанбыз. Көкектiң балапаны бiр-екi күн бұрын жұмыртқа жарады да, дереу ұяластарын сыртқа теуiп, шығарып тастай бастайды. Өзi ашқарақ, өте жылдам өседi. Шiлденiң ми қайнатар ыстығында денесi өзiнен үлкен «өгей баласына» су жеткiзу – құртақандай шымшық үшiн үлкен шаруа.
Бiр таңқаларлық жәйт – ана көкек бауырынан өрмесе де туған баласының тағдыры әрi қарай не боларын көзiмен көргiсi келiп, сол маңнан ұзамайды, сырттай бақылап, айналсоқтап жүредi. Сiз бен бiздiң көкек дауысын көп еститiн кезiмiз де осы кез. Бәлкiм, ол көкектiң шақырғаны емес, тумай жатып жат болған балапанын ойлап, өксiгенi шығар. Көкек көп ұзамай жылы жаққа қайта бастайды. Баласының есен-түгел өргенiн көрген соң көңiлi жайланып, ендi кете берсем де болады дей ме екен, әлде қарақанаттанып қатар ұша бастаған перзенттерiнiң көзiне түсуге ұяла ма екен — әйтеуiр, ең ерте қайтатын құстардың бiрi — осы көкек. Әйтпесе, шiлдеде құс қайтушы ма едi?
Кейбiр халықтар бұл айды бөдене айы деп те атайды. Мұнысы құлаққа кiредi. Бұл кезде бөдене әдбен семiредi. Шығыс базарларында әр маусымның өзiне тән тағамдары болады. Бұл — «будена шурпа» дейтiн сорпаның кезi. Шөп-шаламға шылап қуырып та жейдi. Славян халықтары да шiлде айының үшiншi жұлдызын «Мефодий – переплятник» деп бөденеге бағыштайды. Және бiр сенiм бойынша осы күнi жаңбыр жауса, 40 күн бойы тоқтамайды деп қорқады.
Сенiм демекшi, халық ежелден шiлде тым ысып кетсе, алда келетiн желтоқсан айы суық болады деп есептеген.
Үшiншi онкүндiкте қайыңның ұшар басындағы жапырақтары сарғая бастаса күз ерте түседi, есесiне көктем ерте шығады, егер төменгi жапырақтары сарғайса, күз кеш түседi, қыс ұзаққа созылады.
Шық қалың түспей, шөп басы құрғап кетсе – жаңбыр жауады.
Шыршаның дәнегi шырқау басына үймелеп шықса – қыс кеш түседi, қар қаңтарда ғана жаууы мүмкiн.
Шырша демекшi, қарағайдың бiздiң Алтай қазақтары балқарағай-самырсын деп атайтын түрi бар, оның жаңғағы ерекше дәмдi келедi. Орыстар оны «тайганың наны» деп ерекше қадiрлейдi, бұл кезде сапар шексе, аңға шықса, жол азық алмайды, себебi «тайганың өзi нанын пiсiрiп күтiп тұр» дейтiн көрiнедi. Шiлденiң 17-18 жұлдызынан сол қарағайлы-самырсынды ормандарда ұзақты күн бiр тынбай тиiн жүгiрiп, әншейiнде көзге сирек түсетiн самырсын құс (кедровка) әрi-берi ұшып, ән сала бастайды. Себебi, балқарағайдың пiскен жаңғағының алғаш дәмiн тататын – осы екеуi. Самырсын құс бұған қоса осы балқарағайдың ұрығын жан-жаққа шашып, Алтайдың Алтай болуына өзiнше үлес қосатын бiрден бiр «диқан торғай», жергiлiктi ел оны шауқарға дейдi.
Қазақтың «Мәуелi ағаш майысқақ» дейтiн кезi де осы кез.
Аялы ағаш – саялы. Рас, әзiрге саялы ғана, яки жемiс ағаштары, алма, алмұрт әлi пiскен жоқ. Бiрақ, қарақаттың алмұрттан несi кем? Алхорыны алмадан кем деп кiм айтты? Қауынның әңгелек деген кiшкене түрi мен ала қарбыз қырық күнде пiседi. Жер жаңғақ гүлдеп, тамыры дән байлайды.
Сүттiгендi, халық аңызында айтылғандай, жылан жалайтын кез де осы кез.
Тау жайлаған қазақ, қырғыз бұл кезде үндiнiң қарашайы, қытайдың көкшайын сандық түбiне тастап, кептiрген шәйқурайға жұпаргүл қосып қайнатады. Әрi күш беретiн, әрi шөлiңдi қандыратын сусын осындай-ақ болар.
Табиғат бiлгiрi, тамаша ақын Iлияс Жансүгiровтiң:
Қымызын сарыкүйiктiң iшемiз деп
Албандар жайлайды екен тауды биiк, –
деп жырлаған қымыздың кезi – осы кез.
«Сүмбiледе су суық, ат семiрер құнтиып» дейтiн кез де осы шiлденiң орта шенi.
Бәрiн айт та бiрiн айт, бүлдiргеннiң жырын айт. Он екi айдың әрқайсына шөптiң атын берiп көрелiкшi, Беларусь ағайындар шiлденi жөке ағашының айы дейдi. Мұның да жаны бар. Жөке гүлдеп араларына ерекше емдiк қасиетi бар бал жинайтын тұсы – осы тұс. Бiрақ, жөке, бiздiң байқауымызша, кей жылы ерте, кей жылы кеш гүлдейдi. Биыл да, былтыр да ерте гүлдеп кеттi. Диқан өзбек мақтаның су iшетiн кезi дейдi. Бұ да жөн. Ал бүлдiрген тек шiлдеде ғана пiседi. Оны, тiптi, шөп бiткеннiң бiр орнынан қозғалмайтын темiрқазығы десе де болғандай.
– Ендеше, қарағайлы, қарағайлы,
Көп жылқы қарағайды аралайды.
Осылай жақсы – жайсаң бас қосқанда
Отырған бекер қарап жарамайды.
Бүлдiрген,
Қандай жақсы құрбылармен бiр жүрген, –
деген әннiң шiлде айында тумағанына кепiл бола аласыз ба? Немесе:
– Ағайынды өлеңiм абысынды, бүлдiрген,
Жаза тастап қамшымның сабы сынды, бүлдiрген
Тауда өскен бүлдiрген,
Таста өскен бүлдiрген.
Боласарым болмаса
Жағдайымды кiм бiлген, –
дейтiн әндегi «бүлдiрген» сөзiнiң тармақ сайын қайталануы – тәттi жидектi таңдайға басып, қайта-қайта дәмiн алып отырып шырқалған әуен секiлдi естiледi.
М.Әуезовтiң «Абай жолы» эпопеясында қазақ балаларының бүлдiргенқұмарлығын қалай әдемi суреттейдi. Тәкежан, жас мырза, өзiнiң iнiлерiне келiп тұр.
«–…Ертеңдi-кеш суды лайлағанша, тым құрыса бүлдiрген терсеңдершi! — дедi.
— Бүлдiрген?
— Қай бүлдiрген?
— Бүлдiрген қайда?
— Ей, ағатай, айтшы, – деп Оспан мен Смағұл тағы жалынды. Бала атаулының жаз болады десе, ерекше сағынатыны – бүлдiрген. …Бүлдiрген исi аңқыған, көк майса шалғыны бар, жасыл беткейде балалар жемiс терiп жатқалы көп болып едi. Күн екiндiге қарай жақындап, адыр-адырдың көлеңкесi молайып, сай-сайларда қоңыр салқын самал соға бастады», – деп жазады классик.
Марқұм ақын Жұматай Жақыпбаев шiлденiң суретiн өлеңмен өрнектегенде:
Тау бетi балқып сарыала түстерге
– Таңқурай ағып, долана пiскенде,
Сарыала құлмақ сабағын үзiлтiп,
Сәмбi талдарға орала түскенде,– дейдi.
Дәл байқаған. Дұрыс аңғарған. Таңқурай осы кезде пiседi. Құлмақ өрмек жiбiндей шұбала түседi. Саңырауқұлақтар да шiлдеде пiсе бастайды.
Осы айда гүлдейтiн және бiр ерекше өсiмдiктiң атын орыс ағайындар «лунник» дейдi. Бiз мұны «Айгөлек гүл» немесе «Ай гүл» деп атар едiк. Ай гүл десе ай гүл. Нақты айтсақ ол дәл бүгiндерi кешкi сағат сегiз жарым, тоғыз шамасында гүлiн аша бастайды. Ашқанда кәдiмгiдей сырт етiп дыбыс шығарып ашады. Сөйтiп айналасы бие сауым, бие сауым да емес, сүт пiсiрiм уақыттың iшiнде күнi бойы найзашашақтанып елеусiз ғана тұрған сидам бұталар кенет көз жауын алатын сарғалдақтар әлемiне айналады. Аула толы сары гүлдер. Алақанын айға ашқан осы бiр әдемi дүниенi қызықтаудың өзi бiр ғанибет. Сол сарыгүлдер теңiзi таң атып күн қыза бастаған сәт жиырылып, қайта жиналып, қауызына қайыра енiп кетедi. Көрген түстей дүние. Түнi бойы, түнi бойы емес-ау, осыдан жарым сағат қана бұрын дәл осы жерде сап-сары гүлдер жайнап тұр едi дегенге сенудiң өзi қиын.
Жауынгер ақын Махамбет қалай деушi едi: «Бiзге бiткен бес еркектiң буы бар». Ай гүл соншалықты нәзiк болса, андыз, әсiресе, қара андыз ғаламат қасиеттерiмен дараланады. Бiр андыздың бойында тоғыз шөптiң қасиетi бар екен. Қазақ «андызды жерде ат өлмес» деп бекер айтпаған. Андыз шiлдеде гүлдегеннен қара күзге дейiн гүлдейдi.
Бұл кезде көптеген құстар түлейдi. Керiсiнше көптеген өсiмдiктер гүлдеп, толып, пiсiп жетiп бастайды. Мойыл да соның бiрi. Алматы тауларының мойылдары биыл жылдағыдан ерте пiсетiн сыңайлы. Бiрақ бұл жыл сайын осылай болады деген сөз емес.
Бұрын айтқанымыздай, шiлде (чил) – парсының қырық деген сөзiнен шықса керек. Iлкiде шығыста «шiлде ұстау», «шiлдеге түсу» деген дiни шаралар болғаны мәлiм. Бұл да, әсте қазақ даласына кең тараған сопылық-мистикалық ағымның сүндет-атрибуттарының бiрi болса керек, мағынасы – медресе шатырхатын (дипломын) алған үздiк шәкiрт немесе дәруiш, сопы, ақын, ғұлама жер астына (қылуетке) түсiп, қырық күн бойы ешкiмдi көрмей, еш жаққа шықпай, ешкiммен тiлдеспей, жападан жалғыз отырып, Жаратқанды ғана ойлайды, таңдайына бiр түйiр құрманы басып, Жаратқанмен ғана үнсiз тiлдеседi. Мұны бүгiнгi ғылыми тiл медитация деп жүр. «Шiлдеге түсу» дегенi – осы. Оңтүстiк Қазақстан облысы, Түркiстан ауданына қарасты Қарнақ елдi мекенiндегi көне медреседе осындай «шiлде үйi» яки жер асты қылуетi әлi күнге сақталған. «Шiлдеге түскен» шәкiрттердiң көбi қырық күнге шыдай алмай, тiптi есi ауысып, жынды боп кеткендерi туралы әңгiмелер де әлi айтылады. Қырық күн шiлдесiн толық атқарғанда ақиқатқа жетедi-мыс. Бұл – бөлек әңгiменiң желiсi.
Жалпы, қырық саны туралы әңгiме көп. Әсiресе, Шығыста. Әлбетте оның iшiнде құлаққа кiретiндерi де, шындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтындары да бар. Әсте, «өткеннiң бәрi тарих емес» деген сөз – дұрыс сөз.
Шiлде – табиғаттың жан-жақты толған, толысқан, жетiлген шағы, дер шағы. Дер шағы демекшi, мұны көне римдiктер кейде ай патшасы деп те атаған. Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi
44 жылы Юлий Цезарь дүниеге келедi. Кейiн әлемдi аузына қаратқан императордың құрметiне ол туған жаздың екiншi айы «юльй» немесе «июль» аталады. Бiз пайдаланып жүрген күнпарақтағы шiлденiң аты осыдан шыққан.
Л.Н.Толстойдың «Репейник» («Ошаған») деген шағын әңгiмесi бар.
А.Чехов шiлденi асқан сүйiспеншiлiкпен суреттеген әңгiмесiн «Степь» («Дала») деп атайды.
И.Тургенев болса «Аңшының жазбаларында», «Шiркiн, шiлденiң таңдары-ай» деп таңдай қағады.
Бүгiн бiз марқұм Ә.Қастеев ақсақалдың осы айды бейнелеген бiр-екi суретiн қоса жариялап отырмыз. 1936 жылы салынған мына бiр картина «Бие сауу» деп аталады. Жарқын жаздың тамаша бiр көрiнiсi. «Жайлау» (1959), «Есiк көлi» (1959) секiлдi суреттерде де жазды бейнелейдi.
Шiлденiң тағы бiр естен кетпес суретiн ақын Нармахан Бегалиев былай суреттейдi:
Гүл-гүл дәурен бұл-бұл ұшып басыңнан,
Дәл осылай өтедi ғой, жан еркем.
Түнде сенiң күмiс күлкiң шашылған,
Шабындыққа шалғы түстi таңертең.
Таңғы ауа. Жаңа орылған шөптiң исi… Аспанда шөкiм бұлт жоқ. Жүректе аздаған мұң бар, сағыныш бар.
Өмiр сүргiң келедi.
Шiлде…
Редакциядан:
Тың тақырыптарға түрен салып, оқырман қауымды елең еткізуден талмайтын Есенғали Раушанов «Жыл он екі ай» атты эсселер топтамасын жазып қойған екен. «ҚӘ»-нің бүгінгі нөмірінде ақынның шіліңгір шілде айына жасаған «саяхаты» көрініс тапты. «Мезгіл әуендері» айдары енді «Тамыз», «Қыркүйек», «Қазан», «Қараша», т.б. болып жалғаса береді. Жыл он екі ай бірге болайық, құрметті оқырман!
Ә.Қастеев «Қарлы Алатау»