ІЗДЕЙМІЗ. ОРАЛАМЫЗ. ЖАРИЯЛАЙМЫЗ
20.07.2018
1121
0

Алдағы сандарда есімі ұмытылып бара жатқан қаламгерлерді, кезінде мойындалған, бірақ, қайта жарық көрмеген шығармаларды, фото­суреттерді тауып, жариялап, жаңғыртып отырмақпыз. Құрметті оқырман, сіз де осы бір игілікті іске атсалысыңыз. Дегендей-ақ, міне, газетіміздің электронды поштасына бір хат келіп түсіпті. Хат иесі шығарма­лары оқырман назарынан тыс қалып бара жатқан ақын, жазушылар мен сыншы­лардың аты-жөнін атапты. Қараңыз:

«Әлімсақтан келе жатқан ха­лық мәтелі: «Өлдің – өштің». Ащы шындық. Дегенмен, елге ерекше еңбегі сіңген, тірісінде қадірлі бол­ған әдебиет, өнер, мәдениет, ғы­лым, өзге де салалардың өкіл­дері­нің есімі халық, кейінгі ұрпақ са­насында сақталғаны, жаңғырып тұр­ғаны, бек ғанибет. Тек қана өзі­ме мәлім әдебиет өкілдері ішінде есім­дері ұмыт қалды-ау деп жүре­тін тұлғалар бар. Өкініштісі, көзі ті­рілердің арасында да елеусіз, бар-жоғы ескеріле бермейтіндер жоқ емес. Фактіге ауысамыз. Дә­лел­ге жүгінейік:
1. Көзі тірісінде жылы сөз есті­мей, осы биыл 90-ның ортасында өмір­ден озған аса қарапайым, қа­ламы қарымды жазушы Апбаз Қа­­ражігітов. Өмір бойы Жез­қаз­ған­да тұрды. Әйелі, ұлы өзінен бұ­рын қайтыс болған. Құрметке лайық.
2. Төлеген Айбергенов ақын­ды­ғын жоғары бағалаған Өз­бек­стан Республикасы, Бұқара облы­сы, Тамды ауданының тумасы Өмір­зақ Қожамұратов.
3. Төлеужан Ысмайылов. Қа­зір­гі Шығыс Қазақстан облысы Аб­ралы ауданынан. Елінде музейі бар. Теодор Драйзердің «Аме­ри­канская трагедия» романын ау­дар­ған. Кезінде ғажап ақын болған. Әлі де солай.
4. Прозашы Орынкүл Тәжиева. Әйелдерден шыққан санаулы жазу­шының бірі.
5. Ақындар: Әділбек Абай­діл­данов, Ізтай Мәмбетов, Серік То­манов, Қосжан Мүсірепов, То­қаш Бердияров, Құдаш Мұқашев, ертеректе көрінген ұлты шешен, ақын қыз Раиса Қалиматова, Бауыр­жан Үсенов, Ғаббас Жұма­баев, Шәміл Мұқаметжанов, Бе­кен Әбдіразақов, Қалмақан Әб­ді­қадыров, жазушылар: Қайнекей Жармағамбетов, Тобық Жар­ма­ғам­бетов, Мағзұм Сүндетов, Саид Бая­зитов, Насреддин Сералиев, Ғаб­дол Сланов, Жекен Жұма­қа­нов, Машқар Гумеров, Фатих Ді­нисламов, Сейсен Мұқтарұлы, ала­көлдік жазушы Әлсеров, ұлты ше­шен, жазушы Исаев, Есжан Ай­­набеков, сыншылар: Қалжан Нұрмаханов, Айқын Нұрқатов, Қаратай Құттыбаев, Қажығұмар Қуандықов, Баламер Сахариев, Мұқаш Сәрсекеев, Сыдық Ал­да­бергенов, Мағзұм Тиесов», – деп жазады жоғарыдағы тізімді түзген хат иесі. Алайда ол кісі өзінің аты-жө­нін жария етпеуді сұрапты. Ша­масы, ұмытылып бара жатқан та­ланттар шоғырын арғы-бергіден хабары бар ағайын жалғастыра түс­сін деп ойласа керек. Расында, жо­ғарыдағы тізім әдеби ортаның жа­дында сақталған ақын, жазу­шы­лармен жалғаса беруі әбден мүм­кін. Біз қадірлі қалам­гер­лерімізді із­дейміз. Олардың шы­ғар­маларына қайта оралып, оқыр­ман назарына ұсынамыз. Жа­­­риялаймыз.

«Қазақ әдебиеті»

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір