«Көріпкел»
13.07.2018
1083
0

Әдеппен әзілдей білген, әзілді қадірлей білген xалықпыз ғой. Бірде Розыбакиев көшесімен төмен кетіп бара жатқанбыз. «Қалың» кептеліс болып тұр екен. Жанымда келіншегім бар. Көліктеміз. Қарасам, Төлеубек ағам Розыбакиевтегі базардан шығып келе жатыр. Қолында – оны-мұны салынған пакет. Келіншегіме: «Көптен бері әзілдемей кетіп едім, қызық болсын, ағамды қатырайын», – дедім де, Төлеубек ағаға звондадым. Кезінде Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан» спектаклінде екеуміз жақсы партнер болғанбыз. Ол кісі – Бұқар жырауды, мен Диуананы ойнаған едік. Сөйлеп жатырмын:

– Ассалаумағалайкүм, аға!
– Уағалайкүмассалам!
– Аға, xабарласып тұрған себе­бім, анау «Абылай хандағы» Бұқар­дың бір сөздері керек еді, есіме түс­пей…
Ол кісі одан бері біраз уақыт өт­­­­­­кенін, сөзін ұмытқанын айтты.
– Аға, базардан не іздеп жүрсіз? – дедім сол кезде барып.
– Әй, сен қайда тұрсың?
– Үйде отырмын, аға.
– Қалжыңдама деймін. Қай­да­сың? – деп ол кісі де қоймайды.
– Тү-у, аға, неге сенбейсіз? Үй­де­мін. Қазір ана теледидардың дауы­сын шығарайыншы, – дедім де, көліктегі радионың дауысын ай­ғайлатып қойдым.
– Аға, әлі де сенбедіңіз бе? Үйде отыр­мын. Мағжанды шақырайын ба, жоқ, келініңізді шақырайын ба?
Сендіруім керек қой енді.
– А… кел… – деп қалды ол кісі.
– Келініңіз бе? Қазір… Гүлбану! Гүл­бану! Келші, алшы, мына те­лефонды! Ағама «үйде отырмын» де­сем, сенбейді. Сөйлесші, – дедім.
Қасымда отырған келіншегім те­лефонды алды да: «Әлө, сәлемет­сіз бе, аға!» – деп еді…
Арғы жақта – үнсіздік. Қайтадан өзім тұтқаны алдым да:
– Аға, енді сендіңіз бе? Айттым ғой, үйдемін, – дедім дауысымды нық­тап.
– Онда сен менің базарда жүр­ге­німді қайдан білдің? – деп сұрады біртүрлі үнмен.
– Аға, ешкімге айтып қоймай­сыз ба…
– Нені?
– Менің көріпкелдік қасиетім бар…
– Кетші-ей!
– Енді… Онда сіздің базарда еке­ніңізді қайдан біліп отырмын?
– Ондай көріпкелдігің болса, айт­шы, менің үстімде не бар?
Менен бірнеше қадам ғана жер­де тұр ғой, айта жөнелдім:
– Үстіңізде – қара пальтоңыз, басыңызда – қара кепкаңыз…
– Аста-а-пыралла! – деді ағам. – Айтшы, қолымда не бар?
– Қолыңызда – көк пакет.
– Бекжан, мынауың сұмдық! Сен «тошна» айттың, – деді де, сөй­те тұра тағы:
– Мықты болсаң айтшы, менің көлігім қайда тұр? – деп сұрады.
Қап, біткен жерім осы болды-ау, аға­ның көлігі көзіме түспеді, қайда еке­нін де білмеймін. Сасқанымнан:
– Көлігіңіз Төле бидің бойын­да­ғы «Ару-ана» мейрамxанасының ал­дында тұр, – деп соғып қалдым. «Жын­дының айтқаны емес, санды­ра­ғы келеді» деген, сөйтсем, шы­нын­да да, ағам көлігін сонда қал­дыр­ған екен, дөп түскем ғой:
– Аста-а-а-пыралла! Ей, сен мұ­ны неғып жасырып жүргенсің? Өй, сен сұмдық адам екенсің ғой. Ойбай-ау! – деді таңданысын жасыра ал­май.
– Аға, жарайды, жақсы онда! – деп телефонды қоя салдым. Ары қарай бірдеңе деуге шамам келмей булыққанымды сездірмеуім керек қой.
Келіншегім екеуміз әбден күл­дік.
Төлеубек ағам менің «көріпкел­ді­гім» жайында шыдамай жұмыста­ғы­­­ларға айтса керек. Соны естіген соң ба екен, ертесінде Бауыржан Қап­тағаев ағам: «Ей, Бекжан деген сұм­дық тәуіп шығыпты дейді ғой, көр­медіңдер ме?», – деп мені іздеп жүр екен. Ағама болған жағдайды ай­тып беріп, біразға дейін күлкіге ке­неліп жүрдік.
Жасы жетпіске тақаса да, із­де­ніс­ке жаны әуес, тірі кеудеге жан бе­ре­тін актерлік тылсым сиқырдың бар­лық сырын меңгерген, шабыт сайы­сында талай рет ат оздырған ар­қалы актер Төлеубек ағадан үй­ренгенім де көп, әлі үйренерім де көп. Бүгін ағаммен бірге суретке түсу­дің де, француздар еліне бірге са­парлап қайтудың да сәті түсті. Аман жүріңіз, аға! Жаратқан жар болсын!

Бекжан ТҰРЫС

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір