Көрші
13.07.2018
2332
0

Төлен ӘБДІКҰЛЫ


Пойызға отырарда әдетте адам­ның көңiлiнде «купеде қасыма қан­дай адам тап болар екен» деген бiр күмәндi қызығушылық тұрады. Жас­тау бiреу болса, әдемi қыз-ке­лiншектiң болғанын, ересектеулерi – әңгiмелесетiн зиялы кiсiнiң бол­ға­нын, ал қарт адам болса, тыныш­тық үшiн тiптi ешкiмнiң болмаға­нын тiлер едi.
Ал менде бұл жолы бәлендей ба­­сы ашық тiлек болған жоқ. Тек мас­күнем бiреу болып, мазамды алып жүрмесе екен деп ойладым.
Мен купеге кiргенде үстiнде шо­­лақ жең ақ көйлегi бар, шашы да аппақ, қабағы да аппақ, көзілдірікті қара торы қарт кiсi отыр екен. Ба­сын көтерiп, сәлемдескен секiлдi ерi­нiн жыбырлатты да, оқып отыр­ған газетiне қайтадан үңiлiп, менiң кiр­генiме мән бермеген сыңай та­нытты. Оның бұл қалпы менiң ал­ғаш­қы тiлегiме сай келгендей бо­лып, мен де шешiнiп, үн-түнсiз оры­­ныма жайғастым. Аллергия де­ген бәледен түнiмен ұйықтай ал­май, жол бойы ұйқымды қандырсам деп армандап келгем, жайғасқаннан кейiн қалай көзiмнiң iлiнiп кеткенiн өзiм де байқамай қалыппын. Ты­ны­сым тарылыңқырап оянып кеттiм. Аллергияға қарсы қолданып жүрген дәрiм бар едi, көршiмнен ыңғайсыз­данып отырсам да, төсекте жатқан күйiм­де басымды төмен жiберiп, мұр­ныма дәрi тамыздым.
Пойыз ашық далаға шығып, жү­рiсiн қатайта түскен екен, вагон­ның солқылы кәдiмгiдей сезiлiп тұр.
– Салқын тигiзiп алдыңыз ба, әлде аллергия ма? – дедi ол менiң үстелге қойған флакончигiме қарап.
– Аллергия, – дедiм шалқамнан жатқан күйi. – Жаз бойы маза жоқ.
– Менің немерем де осы аллер­гия­дан азап шегіп жүр. Нафтизин де­­ген бір дәріні тамыза-тамыза, ақы­ры сағат сайын тамызатын жағ­дайға ұшырады. Апырым-ай, осын­дай ауру бұрын да бар ма еді, әлде кейін шыққан бәле ме? Одан кейін укол алып тәуірленген секілді еді, қазір қай­тадан мазасы кете бастады. Опе­рация жасайтын көрінеді, оған қо­р­қып бармай жүр. Құдайдың бә­лесі екен.
Әңгімеден кейін әлдеқалай ты­нысым сәл-пәл жеңілдегендей бо­лып, басымды көтеріп отырдым.
Көршім оқып отырған газетіне қай­та үңілген еді – пойыздың сол­қы­­лынан оқу қиын болған секілді – газетін бүктеп, қасына қоя салды. Әлден уақытта аяқ жағында тұрған сөм­кесін ашып, ішінен жарты кі­тап­тың көлеміндей шағын ғана радиоқабылдағышты алды да, әлде­бір тетігін басып іске қосып, өзіне керек толқынды іздеп жатты.
Радио қақалып-шашалып, соң­ғы хабарларды бере бастады. Соңғы ха­барлар ұнамады ма, көршім тағы да басқа толқындарды іздеуге кі­ріс­ті. Дырылдаған дыбыстар менің ма­замды ала бастағандай болды. Ке­нет, ыстық шәй ішсем, аллер­гиям­ның сәл-пәл басыла бастай­ты­ны есіме түсті де, купеден шығып, про­водник келіншекке: «Шырағым, бізге шәй бере аласыз ба?» деп өті­ніш айттым. Менің қасымда жатқан адам­ның қарт кісі екенін біліп, ке­ліншек те бәйек болып қалды.
– Бара беріңіз, өзім апарып бе­ре­мін, – деген соң, мен купеме қай­тып келдім. Көршім радиосын әлі айналдырып отыр екен. Ақыры қа­зақтың күй өнері туралы бір ха­барға тоқтағандай болды. Хабарды жүр­гізуші әр сөзін безеп, «музы­ка­лық» деген сөзде орысша мәнермен «у» әрпіне екпінді баса айтып, бұл та­қырыптан хабары мол екенін біл­діргісі келгендей, ұзақ сөйлеп, ақы­ры күйдің өзіне де кезек берді-ау. Осы тұста жолсерік келіншек те бір аққұман шәй, екі стакан мен қант, қасықтарын көтеріп келе қалмасы бар ма.
Ыстық шай мен күмбірлеген күй­ден көңіліміз серпіліп қалғандай бол­ды. Күй тартылған сайын еңсең кө­теріліп, көңіліңнің сарайына жа­рық сәуле түскендей жадырап сала бе­ресің. Әлемдегі ұлы адамдардың ішін­де музыканы ұнатпағандар бо­лыпты дейді. Музыканы түсінбеуге бо­латын шығар, бірақ жаныңды тербеген әсем сазды ұнатпау мүмкін емес секілді. Тегінде ұлылар өздері ой­­лап тапқан әлдебір прин­цип­тер­дің негізінде салыстырмалы түрде айт­қан болар. Мәселен, бір даныш­пан­ның «музыка адамдарды бірік­тір­мейді, ажыратады» деген сөзі есім­де. Шынында да, көрші екеуміз әр күйді өзімізше түсініп, бөлек-бө­лек отырғандаймыз. Бірақ бұл ажы­рау ма екен? Қайта жанымызбен жа­нымыз бір құпия әлемнің ішінде, ор­тақ тебіреністің төңірегінде та­бысып жатқан жоқ па.
Үш-төрт күйден кейін жүргізуші Әбі­кен Хасеновтың «Қоңыр» күйін ха­барлады. Орындаушы Әбікеннің өзі екен.
Осы тұста қисайып жатқан көр­шім, бұдан әрі жатып тыңдауға бол­­­­майтындай, басын көтеріп ал­ды.
Домбыра шегін алғаш қаққанда-ақ баурап ала жөнелген сабырлы қоңыр әуен қан-тамырыңды бойлап ба­ра жатқандай жаныңды балқы­тып, басқа бір әлемге ала жөнел­ген­дей болады. Шертпе күйде әуен кө­біне жалғыз шекте ойналып, жо­ғарғы шекке алма-кезек ауысып оты­рады. Ал мына күйде қос үн қо­са боздап, екі шекте екі күй қатар ой­налып жатқандай әсер береді. Бә­лендей бір күрделі дыбыстар бол­маса да, сәтті табылған бір әуен қан­ша қайталаса да, мейірің қан­бай, әлі де тарта түссе екен деп ті­ле­гендейсің.
Күй аяқталды. Осы кезде көр­шім радиоқабылдағышын сөндірсін де тастасын. Мен аяқталмай қалған концерттің әсерімен екі-ұдай күйде сәл таңырқап көршімнің жүзіне қа­радым. Көршім маған мән бер­мей, төсегіне қисайып, төбеге қа­рап, үнсіз жатыр. Күйдің әсерінен айы­ға алмай жатыр ма екен деп ой­лап қоямын.
Әлден уақытта басын көтерді. Со­сын күрсінді. Содан кейін маған кө­зілдірігінің үстінен қарап:
– Адам қамыққанда, жабық­қан­да күрсінеді, – деді өзін-өзі қош­­та­ғандай басын болмашы изеп, – ал, күр­сінуді музыка тілімен жеткізе білген адамға қалай таң қалмассың?! Осы күйге «Күрсіну» деп екінші ат бер­се де болар еді.
Мен келісетінімді білдіріп ба­сым­ды изедім.
– Осы бір күйден өзімнің тағды­рым­ды көргендей болам да тұрам, – деді көршім әлдене есіне түскен­дей, төмен қарап ойланып.
– Күйдің құдіреті деген сол ғой, – дей салдым, оның сөзіне онша мән бермей.
– Ал енді мен сізге бір қызық ай­тайын, – деді ол менің сөзімді ес­­­­тімеген адамдай, – мен осы күй­дің шығу тарихының куәсі болдым.
Сол кезде барып елең етіп, көр­шім­­нің жүзіне қарадым. Қалай куә­сі болуы мүмкін, әлде Әбікеннің жа­қын туыстарының бірі ме екен? Әл­де музыка саласында қызмет істеген біреу ме екен?
Көршім «жоқ, таппадың» деген адам­ша басын шайқап, сәл ойла­нып отырды да:
– Ол кісімен бетпе-бет кездес­кен адам емеспін, – деді, осыны­сы­на өзі де қайран қалатындай бір үн­мен, бетіме аңырая қарап.
– Апыр-ай, ә! – дедім мен де таңыр­қағанымды білдіріп, әрі елі­гіп. – Сонда қалай куәсі болып жүр­сіз?
– Иә, одан бері не заман! – Көр­шім қанша уақыт өткенін іштей са­нағандай тағы да үнсіз ойланып отыр. – Сіздер ол кезді көрмеген де шы­ғарсыздар? Нешінші жылғысыз?
– Қырық екінші жылғымын.
– Ойбуу! – деп, күтпеген оқиға­ның үстінен шыққандай, көзін ж­ұ­мып күліп жіберді. – Тіпті беріде ту­ған балалар екенсіңдер ғой.
Менің «беріде туғаным» ұнап қал­ды ма, көршім сәл көңілденіп, ашы­ла түскендей болды.
– Ол бір қиын кез болатын, шы­ра­ғым. Көрмегенің дұрыс та болған шы­ғар. Біз өзі совет өкіметі орнамай тұрғанда-ақ қуғын көрген отбасы едік. Әкем елге ерке сал-серілеу бо­лып, қарап жүрмей, болыспен ай­тысып, ол аз болғандай, орыстың ұлық­тарымен шармайласып, ақыры сот­талатын болған соң, Омбыға ба­рып паналаған. Мен сол жақта жүріп, аздап орыс мектебінде оқып, ша­ла қазақтау болып жүрген кез­дерім де бар. Совет өкіметі ор­на­ған­нан кейін ол жақта да қуғын-сүргін көп болды. Аздаған малымыз бола­тын, кулак деген тізімге ілігіп, 29 жы­лы қайтадан Қазақстанға қа­шайық. Ата-анамыздың қайтыс болған кезі, мен үйленгенмін, екі ұл, екі қызым бар. Елдегі жағдай Ре­­сейден де жаман болып шықты. Кол­лективтендіру деген бәленің жү­ріп жатқан кезі ғой. Шолақ бел­сенділер ойына не келсе, соны іс­тейді. Артельге тапсыратын малың­ды сойдың деп мені түрмеге қа­ма­ды. Бір жыл шамасында босап шық­тым. Бұл аштықтың басталған кезі. Ауылыма келсем, ел босып кет­кен. Әйелім, балаларым – бәрі аш­тан өліпті… – Көршім осы тұста жы­ламауға тырысқан адамдай қа­бағын түйіп, тістеніп біршама отыр­ды. Содан кейін: – Халық жу­сап қалды ғой, – деп үлкен қасірет­пен өзін жұбатқандай болып, әңгімесін жал­ғады. – Жұрттың бәрі шамасы жет­кенше қалаға жетуге тырысып жа­тыр. Мен де сүйретіліп жүріп, әр­кімге бір ілесіп, Алматыға бет ал­дым. Әйтеуір астана болған соң, өл­тірмес дейтін секілдімін. Қаң­ғы­ған аш-жалаңаштардың ішінен Қой­шыбек атты 17-18-дер шама­сын­дағы бір жігіт маған серік бол­ды. Аштар қамап, өлтіргелі жатқан жерінен аман алып қалып ем. Адам етін жейтіндер шықты ғой, Құдай сақ­тасын. Әлгі жігіт Торғай жағы­нан екен. Әңгімесіне қарағанда, өкі­мет басында жүргендердің бірі – мұның әкесінің жақын нағашысы көрінеді. Соған жетсек аман қалар­мыз деп, әкесі екеуі жолға шыққан, әкесі жолда қайтыс болыпты. Со­нымен екеуміз бір-бірімізге серік бо­лып, пойызға жетіп, пойыздың тө­бесіне отырып, әйтеуір өлмеген қу жанды сүйретіп Алматыға жеттік. Вокзалға түнейміз. Күндіз базарға барып ұрлық жасаймыз. Енді не іс­тейміз, өліп бара жатсақ. Ақыры бір күні қолға түсіп қалып, мили­цио­­нерлер екеумізді көкала қойдай қы­лып сабасын. Әйтеуір жапқан жоқ, қоя берді. Жапқанда бізді не іс­тейді, беретін тамағы жоқ. Қор­лыққа да, зорлыққа да етіміз үйрен­ген, тірі қалсақ дегеннен басқа мақ­сат та, арман да жоқ. Ал енді Қой­шыбектің «әкемнің нағашысы» деп жүргені кім дейсіз ғой? Әліби Жанкелдин болып шықты. – Көр­шім осы тұста «қалай таң қалар екен» дегендей, көзілдірігін алып, менің жүзіме аңтарыла қарап біраз тұрды. – Содан, күнде үкімет үйінің қасына келіп, әлгі кісінің жолын тосамыз. Ішіне кіргізбейді. Аңдыған алмай қоймас деген, бір күні үкімет үйінен әудемжерде тротуармен келе жатқан әлгі кісіні көріп қалайық. Қойшыбекті итермелеп, «тәуекел, бар енді» деп қоямын. Қойшыбек жақындап барып бірдеңе деген болды. Ана кісі ошарылып, үркің­кі­рей қарап тұрып қалған, Қойшы­бек әкесінің атын, өзінің кім екенін айтқан болу керек, бұрылып жаны­на келді. Осы кезде Қойшыбектің еңіреп жылғанын көрсең. Ойпы­-
р­ым-ай, тоқтай алсайшы. Маған тіпті ана кісінің де көңілі босағандай кө­­рінді.
– Шырағым, сабыр қыл, – деді бір кезде. – Елге түскен үлкен нәу­бат қой, ешкімге де оңай боп тұрған жоқ. Менің де екі інім бар еді Қы­зыл­орда жақта, қазір қайда жүр­ге­нін, тіпті өлі-тірісін де білмеймін… – Әлекең сәл мүдіріп, сағатына қара­ды да, – Қазір асығыстаумын, жина­лысым бар, ертең сағат онда маған кел, есік алдындағыларға айтып қоярмын, – деп жұмысына кетті.
Келесі күні Қойшыбек кіріп шық­ты. Бұдан бұрын Алматының ір­гесіндегі Іле ауданына туысқан­дарын әкеп орналастырған екен, соларға жіберіпті. Қойшыбекке аз­дап ақша беріпті. Қуанышымызда шек жоқ. Айтқан жерге сол күні бар­дық. Ол жерде тіпті аштық бол­ма­ған секілді. Үй иесі толықша кел­ген қара сұр кісі бізге бәлендей рай бере қоймады. Тек, шешесі бар екен, әңгімені тыңдап отырып, Қойшыбектің әкесінің атын естіген кезде дауыс қылып қоя берсін. Содан кейін-ақ, Қойшыбекке деген көз­қарас өзгере бастады… Ұзын сөздің қысқасы, өстіп екеуміз де ­ажал­дан аман қалдық. Қойшыбек жұ­мысқа тұрып, кейінірек үйленіп, сол үйдің бір баласындай болып кет­ті.
Мен де көп ұзамай Жанкелдин­нің көмегімен Алматыдағы шойын заводына жұмысқа орналастым. Өзі бір мейлінше кішіпейіл кісі екен. Әле­кеңді айтамын. Жоғарыда жүр­ген адамдардың кішіпейіл болғаны қандай жақсы.
Одан әрі адамша өмір сүре бас­тадық. Есімізді жидық. Ел қатарына қо­сылдық. Институт бітіріп алдым. Қызметке тұрдым дегендей… Кейін үйлендім. Бәрі дұрыс секілді. Бірақ, аштан өлген балаларым мен әйелім есімнен кетпей, бір қияли ауруға ұшы­радым. Апыр-ай, кейде түн ба­ласы кірпік ілмей шығатын кезде­рім бар. Бір ойды бір ой түртіп, бір уайым бір уайымға жалғасып, есең­гіреп жынды адамдай болып жүре­сің. Содан ба, өзім де кісі киіктеніп жан баласымен араласпаймын… 1941 жылдың күзінде Петропав­ловск қаласындағы кірпіш зауы­тын­да істеп жүрген жерімнен әс­кер­ге алындым. Қырық екінші жыл­дың аяғында жараланып қай­тып келдім. Қырық үште Алматы қаласына зауытқа инженер болып жұмысқа ауыстым. Әйелім орыс ұлтынан. Жұмыста өңкей орыстар­дың арасында жүрдік. Белгілі ғой одан кейін… Әйтеуір сәті түсіп қа­ладан екі бөлмелі шағын пәтер алдық. Ол кезде қайбір үй дейсің, қа­бырғалары жұқа, әр жерінде жа­рығы бар, көршілеріңнің сөйлеген сөзіне дейін естіліп тұрады. Қай-қайдағы еске түсіп түні бойы ұйық­тай алмай жүрген кезім ғой. Бір күні қабырғаның арғы жағынан домбы­раның үні естілді. Мен өзім, қазақы тәрбиені аздау көрдім бе, әйтеуір, домбыра, ұлттық өнер жағына аса бір қызыққан емеспін. Бірақ мына бір әуен, сыздаған жүрегіме шипа болғандай, майдай жағып әкетіп барады. Жаңа шығып жатқан күй ме, әлде әлдекімнің жаңа табылған шығармасы ма, әйтеуір бұрын-соңды мен естімеген әуен.
Алғашқы бос қағыстан кейін мұңдылау бір әуен үстіңгі шекте күңі­рене, күрсініп барып аяқта­ла­ды. Бірнеше рет қайталағаннан кейін, домбыра дыбысы күшейіп, әлдебір ызаны білдіргендей, булыға шығады да, қайтадан күңіреніп, күрсіне аяқталады. Үстіңгі шекте күр­сінген саз естілгенде, біртүрлі жү­регім лүпілдеп, алқынып, өткен өмірім көз алдыма келіп тұрғандай бір күйге ұшырайын.
Содан, не керек, қабырғаның ар жағындағы домбыраны тыңдауды әдетке айналдырдым. Кейде күндіз де естіліп жатады. Әйтсе де ондай кез сирек. Негізінен түнге қарай бас­­талады. Жұмыстан келіп, шайым­ды ішіп алғаннан кейін, бас­талатын уақыты болды-ау деген кез­де екі құлағымды қабырғаның ар­жағына түрем де отырам.
Кейде алғашқы әуендердің сәл-пәл өзгеріске де ұшырап отыратын кездері бар. Шамасы, күйшінің із­деніс үстіндегі сәттері болар. Бірақ ор­та тұстағы жоғарғы шекке ауы­са­тын зарлы әуен сол күйінде, өз­гер­ген жоқ.
Рас, ара-арасында бұрыннан ес­тіліп жүрген күйлерді де тартып қояды. Оларды да тыңдайсың ғой, алайда жаңағы домбыра тіліндегі күрсіністің мен үшін жөні бөлек еді. Ақыры әлгі әуеннің туып жатқан жаңа күй екеніне көзім жеткендей болды. Бірақ бірте-бірте домбыра үні сирей бастады. Тартып отырған адам аурып қалды ма, әлде әрі қа­рай жалғастыруға құлқы болмады ма, күй аяқталмай қалды. Дегенмен, сол алғашқы бөлімді, анда санда болса да, мені зарықтырмайын де­гендей, шертіп қоятыны бар.
Бір күні базарға барсам, бір қа­зақ домбыра сатып отыр екен. Әлгі домбыраны сатып алайын. Өзімнің аздап мандолин тартатыным бар, әкем серілеу болған адам ғой, содан бірдеңе жұқты ма, әйтеуір домбы­раны ермек етіп, тартуды кәдімгідей үйрене бастадым. Бірақ құданың құдіреті, жаңағы бір қоңыр әуенді домбыраға түсіре алсамшы. Қабыр­ғаның ар жағындағы домбыраның не құдіреті бар екенін қайдам, ал­ғашқы қағыста-ақ жаныңды баурап, күңіреніп ала жөнеледі. Ал менде тықылдағандай бір дыбыс шығып, із-түзсіз жоқ боп кететін секілді.
Арада жылға жуық уақыт өтті. Күздің кезі ғой деймін, жұмыстан шар­шап келіп, кешкі шайдан кейін, көңіл күйім болмай, езіл-қожыл жатқанмын. Бір кезде қабырғаның ар жағынан мен аңсап жүрген қоңыр әуен қайтадан күңіреніп ала жөнелмесі бар ма. Апырай, қалай атып тұрғанымды білмеймін, қа­быр­ғаның арғы бетіне еніп кетердей болып, жабыстым да қалдым. Қоңыр үнге жаңа бір саз қосылған се­­­­кілді. Екі шекте қатар шыққан әсем әуен үстіңгі шекте боздап тұрып алсын. Содан кейін әлде бір өксік секілді ащылау үн шығарып, қай­тадан үстіңгі шектегі әу бастағы зарлы мұңға ұласып, күрсініп барып аяқталды. Мұндай да үндестік болады екен, тура менің қасіретімді айту үшін жаралған күй секілді. Қайдағы-жайдағы еске түсіп, әлгі жер­де отырып алып жылайын… – Көр­шім осы тұста үнсіз қалып, жы­лам­сыраған жүзін жасырғысы кел­ген­дей, басын төмен сала, қал­­та­сы­нан орамалын алып көзін сүрт­ті. Сабырға келе алмай біраз отыр­ды.
Адамның өмірінде қанша уақыт өтсе де, жазылмайтын жан жарасы бо­лады. Менің көршім кезінде сон­дай бір дауасыз уайымға шалдыққан тәрізді. Бірақ пенде бәріне үйренеді, уайым­ға да бауыр басып, жан азы­ғын­дай көріп, сол күйзелісті өзіңе өзің тілеп отыратын да кездер жоқ емес. Мен көршімнің қазіргі халі­нен осындай бірдеңені сезетін се­кіл­­дімін.
Көршім, өткен өмірін есіне ала оты­рып, осы бір қасіретпен, бір сәт­ке болса да, табысқанына риза жан­дай басын көтеріп, қызарып кет­­кен дымқыл кәрі көздерімен ма­ған күлімсірей қарады да, әң­гі­месін жалғады:
– Әйелімнің күңкіліне қарамай, рас­кладушкамды қабырғаның тү­біне қойып, аяқталмаған қоңыр күй­ді тыңдап, өзге әлемде жүрген­дей бір күй кешіп жүрдім. Домбыра үні бірте-бірте жиі шыға бастады. Күй әрі қарай жетіліп, сағаға таман түсті. Адамның бірыңғай қайғымен өмір сүре алмайтыны белгілі ғой. Қайғыны қайрат жеңеді деген. Са­ғадан шыққан екпінді әуенде адам­ның жігерін жанитын бір серпіліс бар еді. Бірақ, бір ғажабы, жаңағы қат­ты қағыстың өзінен де болмашы тәт­­ті мұңды сезгендей боласың. Кә­­зіргі орындаушыларды тың­да­саң, саға тұсты тым екпіндетіп, қуып ойнап, күйдің мағынасын өз­­гер­тіп жібереді. Алғашқы ва­риан­тында ондай жоқ болатын. Екпін болатын, бірақ қумайтын. Бұл дү­ние­де мәңгілік ештеңенің жоқ­ты­ғын, жақсы мен жаманның жаз бен қыстай ауысып отыратын фәнилік си­патын сазбен түсіндіріп, сабырға ша­қырғандай болып көрінетін. Ма­ған осы тұста Абайдың аударма өлеңін­дегі:
…Шаң шығармас жол-дағы
Сілкіне алмас жапырақ,
Тыншығарсың сен дағы,
Сабыр қылсаң азырақ, – деген жол­дар ыңғай есіме түседі. – Көр­шім осы тұста, айтып отырған әңгі­ме­сінің бағдарынан айрылып қал­ған­дай, ойланып отырып қалды. – Ә, иә, – деді содан кейін есіне түс­кендей. – Күйдің тартылу мәнері ту­ралы екен ғой. Әрине, әр кім күй­ді өз түсінігімен тартады. Қанша адам­ның осы күйді шерткенін көр­дім, бірақ мен алғаш тыңдаған вариантқа ешқайсысы жетпейді. Тіпті, қағыстың өзі сезілмейді ғой, бейне қобыз тартылып жатқандай әсер етеді.
Әй, шырағым-ай! «Тұяғы бүтін тұл­пар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» деген ғой, жарық дүниенің жүзінде төрт құбыласы түгел кім бар дейсің? Бірақ әр кімнің өз мұңы өзі­не ермек. Осы күйден өз тағды­рым­ды көрдім де, енді оны есті­ме­сем, бірдеме жетпегендей, жаным күй­зеліп, берекем қашатын болды. Бі­рақ күйі бар болғыр тағы да ая­ғы­на жетпей тоқтап қалды. Күйшінің өзі де осыны аяқтағысы келіп отыр­ма­ған секілді. Кейбір жерлерін өз­гер­тіп тартатын болды. Кім біледі, ол да мен секілді жанына жара түс­кен ойсоқты біреу шығар. Кім же­тісіп жүр дейсің… Ақыры күйдің де аяғына жеттік-ау. – Көршім тағы да күліп жіберді. – «Жеттік-ау» деп қоямын, күйді бірге шығарысып жатқандай. Апырай, толық тартып шыққанда әсері мүлде бөлек екен. Ойыңнан бір кетпейді, сырласасың да отырасың. Жалпы, мен осы күйді сах­нада тартатын күй деп ойламай­мын. Бұл оңашада отырып тартатын күй. Домбыраны бос бұрап, қатты соқпай, баяулау үнмен шерткен кез­де, көкірегіңді мұңға толтырып, боз­дайды ғой, жарықтық. Жалғыз өзің жүдеп отырғанда, жаныңа серік болатын бұдан басқа күйді, шы­ным­ды айтайын, мен білмеймін.
Иә, қазақта «Ұра берсе, Құдай да өледі» деген күпірлеу мақал бар. Ақы­ры, қоярда-қоймай тырашта­нып жүріп, мен де күйді толық үй­ре­ніп алдым-ау. Жеріне жеткізіп тар­та алмайтын шығармын. Бірақ өзі­ме жетіп жатыр. Бұрын ортама сай орыс қолдылау, орыс мінезділеу болып жүруші едім, осы күйдің ар­қа­сында қазақыланған секілді бол­дым, – деп кінәсін мойындағандай, әлде өзін өзі кекеткендей бір түрмен көршім қабағын көтеріп жымиып қойды. – Ол кезде кадрларды ойдан қырға, қырдан ойға ауыстыра беру­ші еді ғой. Қызметім көтерілгендей бо­лып, Солтүстік Қазақстанға ауы­сайын. Техниканың адамы болған­нан кейін, біздің де өз ортамыз бар. Ол ортада өнер, күй туралы әңгіме бола бермейді. Оған қиналып жүр­ген мен жоқ. Мұңдасатын жансерік күйім қасымда жүрген секілді. Үйге келіп тек соны шертемін де отырам. Уақыт – емші. Жараның сыздағаны ба­сылып, орыны ғана қалатындай, уайым да беріш боп, бірте-бірте ес­те­лікке айналады. Бірақ анда-сан­да радиодан осы күйді тың­да­ған­да, баяғыша отқа тиген балауыз­дай еріп жүре бересің. Артынан көңі­лің сергіп, әлде бір шаң-тозаң­нан арылғандай, жұбанғандай бо­лып жүресің.
Көршім әлде қалай ойланып қал­ған соң, мен әңгіме аяқталған шы­ғар деген оймен:
– Күйді түсіну үшін де парасат ке­рек қой, ақсақал, әдемі-ақ айт­тыңыз. Рахмет әңгімеңізге! – дедім.
Көршім менің ықыласыма ри­за­шылығын білдіріп, басын изеді де, «мұның қызығы әлі алда» деген адам­ша, сәл күлімсірей түсіп:
– 1958 жылдың… – деп ойланып ба­рып әңгімесін жалғады, – ұмыт­па­­сам, күз айларының бірі ғой дей­мін. Алматыға командировкаға кел­гем. Соның алдында салқын ти­гізіп алдым ба, аурыңқырап, ер­терек қайтып кетсем бе деп те жүр­гем. Әлдеқалай бір шарумен Опера жә­не балет театрының тура ал­ды­мен өтіп бара жатқанмын, бай­қай­мын, адамдар топырлап театрдың ішіне еніп жатыр, қаралы музыкаға ұқсас бірдеңе ойналып жатқан секілді. Не екенін білгім келіп, ішке кір­дім. Қоштасу рәсімі екенін біл­геннен кейін, мынандай театрға те­гін адамды қоймайтын шығар деп, лекке қосылып ілгері жылжи бе­рейін. Екінші қабатқа көте­ріл­генде көрдім, қарамен көмкерген үл­кен портрет ілулі тұр. Әйтеуір мен танитын адам емес.
Табытқа жақынырақ – алдыңғы қатарда отырғандар марқұмның жақын туыстары, дос-жарандары болу керек, әйелдер жағы төмен қа­рап, тұншыға жылауда. Әсіресе, қа­ра жамылған бір әйел бетін ба­сып, теңселе, зар илейді.
Лекпен бірге жылжып отырып, та­бытқа қойылған мүрдеге жақын­дап қалғанбыз. Бір мезгілде, Құдай сақтасын, қанша жыл бойына жа­ным­ды жұбатып, жан серік болған әлгі күйім аңырап қоя бермесі бар ма! Дыбысын тым қатты қойғандікі ме, тұла бойым қалтырап, не бол­ғанымды білмей қалдым. Есімді жи­ғандай болып, жанымда тұрған, ша­шын шалқасынан қайырған, ұзын бойлылау әдемі жігіттен:
– Мына жатқан кісі кім болады? – дедім, ортадағы табытты иегіммен нұс­қап.
Жігіт маған жақтырмағандай қа­рады. Онысы «бұл кісіні білмей­тін өзіңіз кімсіз, көктен түстіңіз бе?» дегенді білдіргендей болды.
– Бұл кісі – Әбікен Хасенов де­­­ген белгілі актер, күйші, – деді ол маған жақындай түсіп ақырын ғана.
«Күйші» деген сөзді естіген кез­де жүрегім лүпілдеп қоя берсін. Ме­нің сүйікті күйімді шығарған адам осы емес пе екен деп ойлап үл­гіргенім сол еді:
–Мына күйді естіп тұрсыз ба? – деді әлгі жігіт тағы да маған ең­кейе түсіп.
Күйдің саға тұстағы сәл екпін­мен тартатын жері ойналып жатқан. Қабырғаның ар жағында әр қағы­сын ынтыға күткен, тарыққанда тая­нышым болған, мұң шаққанда, мұңымды бөліскен, жыласам, көз жа­сымды құрғатқан осы күй емес пе?!
Әлгі жігітке не дегенімді де біл­мей­мін.
– Осы «Қоңыр» деген күйдің ав­торы ғой, – деді ол бетіме таңыр­қағандай болып қарап.
– А-а?! – деппін одан бетер таңыр­қап. Қоңыр әуенге қарап, өзім іштей қоңыр күй деп жүруші едім, ақыры аты да «Қоңыр» болып шық­ты. Қалай қайран қалмассың!
Мүрде қойылған жерге келдік. Өзі де ұзын кісі екен. Тіпті алып адам секілді көрінді. Жарықтық, жат­қан жерің жарық болғай! Тіріде жүздесуді жазбаған екен, қош­тасуыңа тап болыппын. Бірақ менің бү­кіл мұңымды, жан сырымды се­нен артық білетін адам жоқ еді. Осы күй екеуміздің ортақ тағдырымыз шығар. Бақұл бол…
Қасымдағы жігіт еңкейіп жүзіме қа­рады.
– Сіз жылап тұрсыз ғой! – деді абыржығандай бір үнмен.
Мен үндегем жоқ.
– Жаңа танымаймын деген се­кіл­ді едіңіз?
– Жоқ, танушы едім, – дедім әрең дегенде тілге келіп. – Жақсы танушы едім.
– Ой, ғажап күйші еді ғой! – де­ді жігіт көзін жұмып таңырқай. – Та­лай болдым ғой концертінде. До­мбыраны мұндай сөйлете білетін күй­шілер енді тумайтын шығар.
Қызыл пүлішке ораулы мүрде жатқан табыт пен кесек тұлғалы, мос­қал жүзді кісінің қара лента көм­керген портреті артта қалып ба­ра жатты. Есіктен шығарда соңғы рет бұрылып артыма қарадым. Ме­нен көзін алмай келе жатқан жас жі­гіт сыртқа шыққанда:
– Жақсы араласқансыздар ғой, шамасы, – деді менен сыр тартқан­дай болып.
– Көрші болып едік, – дедім.
– Ә, онда жөн екен. – Жігіт қош­­­тасқанын білдіріп маған қолын ұсын­­ды. – Қаза қайырлы болсын, аға. Көрші болсаңыз, бұл кісіні сіз­ден артық кім біледі?..
– Рахмет, шырағым, – деймін.
Шынында, өзіме де осы кезде оны менен жақсы білетін адам жоқ секілді болып көрінді.
Көршім әңгімесін аяқтап, үлкен кісілерге тән әдетпен «Иә, Алла!» деп беймәлім сиынып, жастығына қи­сайды. Бұдан кейін бәлендей әң­гімеміз жалғасып кете алған жоқ. Әлден уақытта, пойызға бірге отыр­ған кісілер болу керек, бірі – ақ шашты, аласа бойлы, көзі жы­пы­лықтаған сары шал, екіншісі – то­лықша келген, жалпақ бет, қара кө­зілдірікті жігіт ағасы – екі адам кіріп келіп, көршімнің төсегіне отыр­ды. Жақын адамдар болу ке­рек, бірін-бірі қажап, әзілдесе бас­тады. Сары шалдың құлағы естің­кіремейді екен, көршімнің айтқан сөзін жанындағы көзілдірікті кісі қайталап жеткізіп отырды. Өзі кім не айтса да, күле беретін кісі екен, бі­раздан кейін оның қызулау екенін байқадым. Содан кейін-ақ көңіл-күйім болмай, ұйықтайтын адамдай бо­лып, теріс қарап жаттым. Көңіл-күйім болмаған кезде аллергиям да кү­шейе бастайды. Өстіп берекем ке­тіп жатқанда, жаңағы қара көзіл­дірікті кісінің екі шалды, шәй әпе­рем деп, ресторанға алып кеткені жақ­сы болар ма. Олар кетісімен мұр­ныма дәрімді тамызып, көңіл-күйім қалпына келгендей болып жа­тып ұйықтап кетіппін.
Пойыздың солқ етіп тоқта­ға­нынан оянып кеттім. Көршім – жа­нында чемоданын көтеріскен мана­ғы қара көзілдірікті кісі – түсіп бара жатыр екен. Менің оянғанымды байқап:
– Ал шырағым, мен түсіп ба­рам, сау бол! – деді.
– Сау болыңыз!
Қабырғаның ар жағында тұрып жатқан күйшінің кім екенін жылдар бойы білмеген көршім секілді, мен де қасымда отырып, бар сырын ақтарған адамның аты-жөнін білмеген күйімде қала бердім.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір