Жерұйық
Сәдібек ТҮГЕЛ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, журналист
«Астана хикаялары» сериясынан
1999 жылдың 12 қазаны күні. Күнделікті қайнаған жұмыс. Астана қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің қос телефонында бір сәтте тыным жоқ. Жан-жақтан журналистер хабарласып, бүгінгі күннің атқарылатын іс-шаралары туралы мәліметтер алуда. Негізгі шара – елорданың оңтүстік-шығыс ауданындағы жаңа саябаққа ағаштар мен көшеттер отырғызу. Оған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Үкімет мүшелері келіп қатысады. Менің міндетім – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін акредитациядан өткізіп, саябаққа жеткізу. Ол жөнінде Президент әкімшілігі баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі Иванов Александр Васильевич те айтқан болатын. Белгіленген уақытта барлық журналистерді автобусқа отырғызып саябаққа келдік. Қалалық коммуналдық- шаруашылық және «Зеленстрой» мекемелерінің жұмысшылары ағаш отырғызатын құрал-саймандарды сақадай-сай дайындап қойған. Сол күні Парламент пен Үкіметтің бірлескен мәжілісі өткізілді. Онда жаңа Үкімет басшысы болып Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды. Ол Нұрлан Балғымбаевты ауыстырды. Түскі 14.00-де Елбасы өзі бастап жаңа сайлаған Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттарын алып келді. Элита межелі орындарға барып, қолдарына күрек ұстап, бірден ағаштарды, талдарды егуге кірісті. Нұрсұлтан Әбішұлы саябақтың орта тұсындағы шұңқырға жас қайыңды отырғызып, жан-жағын топырақпен толтырды. Дайындалған ыдыспен оған су құйды. Осы сәтті күткен журналистер қауымы Ел Президентінің қасына келіп, сұрақтарын қоя бастады. Протокол бойынша брифингті реттеп, мен жүргізіп тұрдым. Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа астанамыздың айналасы жасыл аймаққа айналатынын, ал қала ішінде осындай ондаған аллеялар, сквер, саябақтар салынатынын айтып берді. Басқа да көптеген сұрақтарға жауап қайтарды. Брифинг аяқталар тұста бір тілші тосын сұрақ қойды:
– Президент мырза, аты жоқ саябақ бола ма? Осы саябақтың аты қалай болады?
– Әрине, аты болады, болғанда, ең дұрысын қоямыз. Оған Сіздер де атсалысыңыздар, ұсыныстарыңызды айтыңыздар, – деді сабырлы қалпымен Президент әлгі сұрақ қойған журналистке қарап. Сауал қойған тілші бауырда үн жоқ.
– Нұрсұлтан аға, ұсыныс бар, айтуға бола ма? – дедім мен пауза болдырмау үшін.
– Айтыңыз.
– Жаңа саябаққа «Жерұйық» деген ат лайық деп есептеймін. Заманында Асанқайғы атамыз бүкіл Сарыарқа жерін Жерұйық деп бағалаған.
– Өте дұрыс ұсыныс. Мен қолдаймын. Қолдаймын, – деп Елбасы екі мәрте қайталады. Брифинг аяқталды. Журналистер жапа-тармағай мені құттықтады. Осы әңгіме сол күні кешкілік радиодан берілді, келесі күні көптеген газеттердің бірінші бетіне басылды. Бір күннен кейін қала әкімі Әділбек Жақсыбековтың саябақтың атауы – «Жерұйық» деген өкімі жарыққа шықты. «Жерұйық» саябағының осындай да тарихы бар.